Ұлтты ұйыстыратын рухани мекеннің қайта түлеуіне 1 жыл! «Түркістанды түбі бір түркі елдерінің мәдени және рухани орталығына айналдыратын боламыз!»



Дата06.01.2022
өлшемі19,57 Kb.
#15465

Эссе

Ұлтты ұйыстыратын рухани мекеннің қайта түлеуіне 1 жыл!

«Түркістанды түбі бір түркі елдерінің мәдени және

рухани орталығына айналдыратын боламыз!»

(Н.Ә.Назарбаев)

Екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған шежірелі шаһар ұлтты рухани ұйыстыратын қасиетті орталыққа айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 19 маусымдағы Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, облыс атауы қасиетті қала атымен қайта аталды. Ал Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала статусын сыйлаған Елбасы екі бірдей қаланы қайтадан жаңадан түлетті.

Міне, қасиетті мекен облыс орталығына айналғалы бір жыл да толып қалыпты. Осы жылдың ішінде атқарылған істер ауқымы қандай? Осы сауалға өз ойымды тізбектеп, мақтанышпен ой бөліспекпін...

Біріншіден, әр қазақтың жүрегінің төрінде тұратын шаһар түбі бір түркі елдерінің мәдени, рухани орталығына айналып отыр. Оған дәлел - жақында ғана ұйымдастырылған «Түркістан – Түркі әлемінің бесігі» Халықаралық конференциясы. Бұл жиынға менің де анам қатысты. Ол – мұғалім. Көптеп бері зерттеп жүрген ұлы ойшыл-ағартушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасы туралы баяндамасын ұсынған болатын. Сол үшін осы жиынға арнайы шақыртылып, көршілес түркі елдерінен келген қадірменді қонақтармен кездесіп, ой бөлісіп, киелі жерлерді аралап, қаланың жаңғырып түлеп жатқанын айтып келді. Мені осы кезде мақтаныш сезімі еріксіз биледі. Демек, бұл орталықта әлі де талай осындай сүбелі басқосулар болатыны сөзсіз.

Екіншіден, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбек «Халықты ояту үшін тарихты ояту керек» деп айтқандай, «Ұлы даланың Ұлы есімдерін» ұлықтау үшін Елбасы тың бастамаларды көтеруде. Атап айтсақ, Яссауи, әл-Фараби ілімін тереңінен зерттеу, сондай-ақ, осы түркі топырағында өз білімімен даңқты болған тарихи тұлғалардың еңбегін зерттеу жобалары қарқынды іске асуда. Оған дәлел – жыл сайынғы өтілетін Халықаралық Ясауитану оқулары. Олай дейтінім, біздің мектептің маған үлгі болған үздік оқушысы Сайып Назым үш жыл қатарынан осы оқуға қатысып, биыл жүлделі ІІІ орынды иеленгені - бүкіл мектеп оқушыларына Ясауи мұраларына деген қызығушылықты оятты. Ясауи хикметтерін жүрегімен қалап оқыған адам ғана оны жатқа айта алады. Міне, қаншама ғасыр өтсе де, ұлы баба мұрасы біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады.

Үшіншіден, жаңарған Түркістан – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Не үшін? Себебі, ендігі мақсат - Түркістанды дамыту, әлеуетін арттыру, экономикасын көтеру, туризм және инвестицияны дамыту болып табылады. Бүгінде инвес­торлар, туристер, шетелдік компаниялар көптеп келіп, өңір халқының әл-ауқаты жақсарған. Ең бастысы, халықтың саны жыл сайын өсіп, қаланың дәрежесі де жылдан-жылға артады.   Өз ойымды мына бір әңгіме желісімен қорытындыламақпын:

Бірде шығыс әміршісінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып:

– Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? – деп сұрайды. Сонда ол:

– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, − деген екен.

Көреген Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы тегін емес. Ол жастарды үнемі қолдап келеді. Осы орайда, облыс оқушыларына арнайы ұйымдастырылған «Облыс тарихы» керуен-шеруіне қатысу бақыты бұйырғанына қуанамын. Өз өлкемнің киелі орындарын, ұлы ғұламаларын, тарихи әфсаналарын тереңірек зерттеп-тануға мүмкіндік тудырған ұйымдастырушыларға алғысым щексіз. Сондай-ақ, жаңа мүмкіндіктерге жолы ашылған жаңарған Түркістан қаласын көру де, өз елімнің патриоты ретінде мен үшін үлкен мақтаныш. Шамшырағың қайта жанған көне шаһар, жаңғыра бер! Асқақтай бер! Көркейе бер!


Шаймырза Айяулым Талғатқызы

№11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясының



9 сынып оқушысы

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет