М. Әуезовтің мақалалары



Дата25.11.2022
өлшемі23,95 Kb.
#52496

М. Әуезовтің мақалалары
М.Әуезовтің мақалаларының дені 20-жылдардағы белгілі бір тарихи әлеуметтік жағдайларға байланысты жазылғанымен, автордың дүниетанудағы таным еркіндігі бұл мақалалардың ғұмырын өміршең еткен. М.Әуезов “Қазақтың өзгеше мінездері” атты мақаланы Ж.Аймауытовпен бірігіп жазған. Алаштық тұғырнамамен Семейде шығып тұрған “Сарыарқа” газетінде 1917 жылы Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезовтің екеуара пікірлесуінің нәтижесі “Адамдық негізі – әйел” атты мақала болып басылған. Мақаланы аңдап оқыған кісі сұхбат ізін байқайды, онда Абай дүниетанымының сілемі аңғарылады. М.Әуезов «Өз жайымнан мағлұматында» осы мақала туралы былай деп мәлімет береді:“Ең алғашқы баспаға шыққан статьям “Сарыарқа” газетіндегі: “Адамдық негізі — әйел” деген нәрсе еді. Бұл анығанда менің жалғыз өзімдікі емес, Тұраш екеуміздікі болатын. Негізгі пікір сонікі еді, мен соның пікірімен жаздым. Мақаланы бергенімізде ешқайсымыздың колымыз жоқ еді. Басқармадағы Сәбит Дөнентай баласы ма, болмаса Сапарғали Әлімбеков пе біреуі мен әкеп берген соң, “семинарист – Әуезов” деп аяғына қол қойып жіберіпті”.
Мақалада жаңаша ұлттық ойлаудың көрінісі қылаң береді, адамзат дамуының кезеңдеріне баға бере келе: “Үйлік ұйымның басын құраған – әйел” деген пікір айтылады. “Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы” делінеді де, оларға түсініктеме береді. “Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл – инсаният, яғни адамдық жолы. Бұлар бұрынғы Толстой сықылды хакимдердің айтуында, екінші марқұм әкеміз Абайдың: “әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың” деген мақалы да, һәм пайғамбар саллаллаху галейкум уассаламның: “Адамның жақсысы адамға пайдасын тигізген” деген хадисі де көрсетеді” Әуезов басқа жазбаларының ешқайсысында “марқұм әкеміз Абай” деген тіркесті қолданбаған. Бұл – Тұрағұлдың сөзі, Мұхтардікі – әңгімені сұрақ арқылы қоздатып отырған сөз. Дәстүрлі адамдық жолдан таймауды, жақсы мен жаманды айыра білуді мақала мансұқтап тұр. Адамзаттың өнері өсіп аспанға құс болып ұшуды, суда балық болып жүзуді, отарба, кеме жүргізуді үйреніп жатыр, осы өнерге ілесе адамның адамгершілік құлқы өсті ме, оған баулитын кім?! Мақала осы сұраққа жауап іздейді. “Адам баласы бір үлгі біреуден аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды дейді. Бұған қарағанда біздің ой, буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол – анамыз. Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз” дей келе, қазақ әйелдерінің дүниетанымын кеңейтуді кезек күттірмес мәселе қатарына апарады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары әр жанрда жазған шығармаларында қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігіне өзгеріс керек екенін жазып жатты. Ескіліктен есе қайтарудың жолдары тәрбиесіз, білімсіз шешілмейтінін айтты. Мақала арқылы Әуезов қазіргі қазақ әйелдері балаларына қандай тәрбие беру халінде екеніне ой жүгіртеді: “Әуелі, ана балаға байлық, барлықтың өзіңде болғандағы бағасы, дәмі қандай, өзгеде болғандағы көзге күйіктің пайдасыздығы қандайын үйретеді. Онан соң өзің ретті құрбының өзіңе қатарласа алмай қалып жүргені жақсы деп үйретеді. Және неше түрлі өзінің ауданы аз, түрсіз, қараңғы ойына кіретін жаман мінезінің бәрін баласының сіңіргіш жүрегіне жұққызады, бұдан кейін әр бала қызғаншақ, өзімшіл, мақтаншақ, пайдакүнем, сұмырай мінездерді ойына артып алады”. Бала өсіп әке ақылына құлақ салған кезде: “әлгіндей түрлі тағылым көрген балаға көбінесе жұқпай кетеді”. Үйден шығып құрбы арасына кірген баланың да еститіні, көретіні – сол. Олар да “баланың шыққан анасындай аналардың қолынан шыққан”.
Қазақ әйелдерінің халін түземей ел ертеңі түзелмейтінін мақала ашына жазады: “…әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе”.
Бұл сөз – ұрпағының тәрбиесі мен білімі мықты халықтың болашағының жарқын болатынын, ең негізгі тәрбиеші ана болса, қазақ аналары ұрпақ тәрбиесін ақсатпай, мағыналы ғұмырға себепші болу үшін бұдан әрі бұлай өмір сүруге болмайтынын сездірген, рухани сілкініс сөзі. Болашаққа адым ниетке байланысты жазылатынын, қисын сонда табылатынын сездірген салмағы батпан сөз. Аналардың ой ниеті мен сөз ниетін түзеу – қазақты қайтіп басқалармен теңестіреміз, - деген арда ұлдардың жанайқайы мен мың бір уайымының мұңы.
1917 жылы Семейде “Сарыарқа” газетінде “Қайсысын қолданамыз?” деген мақала жарияланды, бұл – М.Әуезовтің баспа жүзіндегі өз атынан жарияланған тұңғыш сөзі еді. Автор ұлт пен мемлекет тағдыры үшін көкейкесті мәселе тілде, тіл арқылы білім беруде екенін баса айтады. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді іске асыру өзекті мәселе екені сөз болады. Тілді шұбарлау арнаулы аталымдарды реттеуден туындап жатқанын ескертеді. Қазақтың әдеби тілінің бүтіндік қалпын сақтау туралы қоғамдық пікірін аңғартады. Ғылым тілі бірізділікке салынуы керектігін айта келе: “Әркім әр жерде өз машықты жолымен төпей берсе”, істе ешқандай береке болмайтындығын ескертеді. Алғашқы лебізінің өзінен Әуезов елдікті мүдделеп, егемендікті мұрат еткен.
1917 жылы жазылған “Оқудағы құрбыларыма” мақаласынан да алаш рухының самалы еседі, бұнда да қазақ оқығандарына арналған жүрекжарды сөз өрілген. Автор қатарластарын жолбасшылық нұсқау сауалдармен қамшылайды. Оны толғандырған сұрақтар: “Оқыған жастар халық үшін қандай қызмет жасауы керек? Бүгін шәкіртке не істесе рауа? Қазақ интеллигенті ұмтылар кемер, барар жайлау қайсы?” Оқырман ойын осы сұрақтармен жетелеп әкеліп, қазақ жастарының намысын оятуды мақсат тұтып, “адамшылықтың жолына салып, ақтыққа жұмылайық” деп оқудағы құрбыларының ұраншысы болады.
М.Әуезов “Қайсысын қолданамыз?” атты мақалада көтерілген тіл, оқулық туралы мәселеге бір жылдан соң қайта қайрылып “Ғылым тілі” деген мақала жазған. Бұнда да қазақ болашағының зәру мәселелерін қадап айтады. Өз тілінен гөрі басқа тілді мансұқтаудың опындырар өкінішіне мысалдар келтіреді: “Ерте уақыттағы жапон басшыларының ойланбағандығынан, өз оқуларын қытай оқуына араластырып алып, өз оқуын өзінікі қылып әкете алмағандығынан керексіз бір нәрсе жамап алып отыр. Міне, осындай халге қазіргі бетімізбен жүре берсек, біз де бір күні ұрынатын секілдіміз”. Келелі кеңестің дәйектелуі ойланарлық дүние. Әуезов қазақ тілінің сөздік қорын жетілдіріп, түлете жаңартуды, байырғы тілдік қорды сарқа пайдалануды, әлемдік жаңа ұғымдардың керектілерін алуды, үйлестіруді жақтайды.
“Философия жайынан” деген мақаласында ойлау туралы ойлауға шақырады. Аристотель, Бэкон, Декарт, Кант ілімдерін айта келіп, Канттың парасат туралы пайымына ден қоятынын да білдіріп кетеді. М.Әуезовтің қазақ әдебиетінің дамуы мен толысуын нысана еткен Ташкенттегі “Шолпан” журналында басылған “Қазақ қалам қайраткерлеріне ашық хатында” әріптестерін қоғамда болып жатқан оқиғаларға уақтылы үн қосуға, келешекте жазғандарын баспасөзге ұсынып қаламдарын ұштауға үндейді. Баспасөз көркемдікті мансұқ ететін, жазушылардың көркем дүниелерін бағалайтын жағдайға бет бұруы керек екенін меңзей жазады.
М.Әуезовтің ХХ ғасырдың 20-жылдары жазған әдеби сын мақалаларына тоқталғанда жазушының “Қоңыр”, “Телғара”, “Арғын”, “Жаяу сал” деген бүркеншік аттарды пайдаланғаны байқалады. “Екеу” деген бүркеншік аттың М.Әуезовке де қатысы бары туралы әр түрлі пікірлер айтылуда.
Қазақ баспасөзінде “Екеу” деген бүркеншік атпен әдебиетке қатысты бірнеше мақала жарық көрген. Олар: “Абайдың өнері һәм қызметі”, “Абайдан соңғы ақындар”, “Көркем әдебиет туралы” Мақалалардың авторын кейбір зерттеушілер Ж.Аймауытов пен М.Әуезов десе, кейбірі Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов деген болжам айтады. Сәбит Мұқанов “Еңбекші қазақ” газетінің 1927 жылғы 223, 224 — сандарында “Байдың толғағы” деген мақаланы “Екеудің” “Көркем әдебиет туралы” мақаласына жауап ретінде жазып, мақала авторларын Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов деп көрсетеді. Д.Қамзабекұлы “Жүсіпбек пен Мұхтардың (“Екеу”) бірлесіп жазған алғашқы мақалаларының бірі – “Қазақтың өзгеше мінездері” 1917 жылы Көлбай Төгісұлы басқаратын “Алаш” газетінде (Ташкент) жарияланды” дегенді айтады.
“Алқа” үйірмесінің Мағжан жолдаған “Табалдырық” бағдарламасымен қалай танысқаны туралы Жүсіпбек Аймауытов түрме тергеушісіне берген жауабында “Екеу” туралы: “Екеу” деген бүркеншік атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелері – Байтасов Абдолла мен Даниял Ысқақов. Соңғы адам үйірменің бағдары талқыланған мәжіліске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкін. Мақаланы мен қолжазба түрінде оқыдым, оны маған Ташкенттегі жоғары оқу орындарының не рабфактың бірінде оқып жүрген шымкенттік студенттердің біреуі әкеп берді. Оған дейін мен Ташкентке барғанмын, сонда Абдолла Байтасовпен де, Даниял Ысқақовпен де кезіктім, олар маған: “Еңбекші қазақ” газетінде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты біз де мақала жазуды ойластырып жүрміз” – деді. Тұрсын Жұртбай: “…осы уақытқа дейін “Екеу” деген бүркеншік атпен жазылған әдеби мақалаларды Әуезовке теліп келді. Ал мына жауапта Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов та сондай бүркеншік атты пайдаланғаны дәлелді түрде көрсетілген”, - дейді. Дандай Ысқақов авторлардың кім екендіктері әлі де дәлелдей түсуді қажет ететіндігін ескертеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет