М.Қанабекова



Pdf көрінісі
бет14/131
Дата06.09.2022
өлшемі2.23 Mb.
#38512
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   131
Стилистикалық қате көп жағдайда тілдік талғамның, 
сөйлеу мәдениетінің төмендігінен болады. Тілдік талғам – тілді 
үйрену, жаттығу арқылы қалыптасатын қасиет. Стилистикалық 
қатенің өзге қате түрлерінен басты ерекшелігі де осында – 
тілдегі сауаттылықтың төмендігі мен стильдік дағдының қа-
лыптаспауында. Сол себептен де стилистикалық қатенің бол-
мауын қадағалайтын стилистикалық норма тілдің қатысымдық 
сапаларының қатарына жатады. 
Тіл ғылымында стилистикалық сауаттылықтың сатылары 
мен соған байланысты болатын стилистикалық қатенің түрлері 
шартты түрде былайша топтастырылады: 
1) қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын, стилистикалық ре-
сурстарын толық меңгермеудің салдарынан болатын стилисти-
калық қателер; 
2) тілдік-стилистикалық талғамның төмендігінен болатын 
стилистикалық қателер; 
3) функционалды стиль нормаларының сақталмауынан не 
жете меңгермеуден болатын стилистикалық қателер. 
Мәселен, функционалды стиль нормаларынан ауытқыған 
жайттар, яғни әр стильдің өзіндік белгісін, стильдік бояуын жете 
танымаудан кететін қателер: ...синтаксистік қайталамалар да –
мәтіннің көркемдік жүгін «бір кісідей» көтеретін тәсіл; рито-
рикалық сұрақтардың да шығарманың «құлақ күйін келтіріп» 
тұратыны белгілі, оны еркіне жіберіп қарап отыруға бол-
майды; Немесе тіл заңдылығы бойынша арнаулы, арнайы бір-
ліктерінің сөз қолданыста өзіндік айырмашылық, өзгешеліктері 
бар екендігі белгілі. Арнайы сөзі негізінен, сөйлем құрамында 
баяндауыш қызметіндегі етістік сөздермен ғана тіркеседі, ал 
арнаулы сөзі зат есімдермен қатынасқа түсіп, тіркеске енеді: 
арнайы жабдықталды; арнаулы жабдықтармен қамтамасыз 
етілді. Мысалы: Қарағандыдан арнайы ұшақпен Ислам-Абадқа 


жеткізілуі тиіс жүк тиісті орнына тапсыру жұмыстарын 
Сыртқы істер министрлігі үйлестіреді, дұрысы: Қарағандыдан 
арнаулы ұшақпен Ислам-Абадқа жеткізілуі тиіс жүкті тиісті 
орнына тапсыру жұмыстарын Сыртқы істер министрлігі 
үйлестіреді.
Қазақ тілінің заңдылығы бойынша тұйық етістік тұлғалы 
сөзге жатыс септігі жалғанғанда, қимыл, іс-әрекеттің созың-
қылығын, жалғасып жатқандығын білдіреді: өркендеуде, жина-
луда, тәжірибе жүргізілуде, ақпараттар таратуда, зерттелу-
де, жариялануда, т.б. және ол жалғау болымды етістікке ғана 
қосылады, ал оның болымсыз етістікке жалғануы – тіл заң-
дылығына қайшы, себебі мұндайда істің әрі қозғалуы немесе 
жылжуы, созылуы байқалмайды. Публицистикалық стильдің 
теледидар тілінде бұл құбылыс жиі ұшырасады: ...бұл іс процесі 
толық ашылмауда; ұйым мекемелерінде тиісті шаралар қол-
данылмауда; әлі жанармай тиісті орынға жеткізілмеуде; 
қосалқы бөлшектер табылмауда, т.т.; 
Журналистерге мақала жазуда оның қандай да бір ақпа-
ратты алу не беру еркіндігін шектеу кездеседі десе де, 
қазақстандық журналистердің айтуынша, Қырғызстан мен 
Қазақстанда либералды журналистика дамуда, дұрысы: Жур-
налистерге мақала жазуда оның қандай бір ақпаратты алу не 
беру еркіндігін шектеу кездеседі дегенмен, қазақстандық жур-
налистердің айтуынша, Қырғызстан мен Қазақстанда либе-
ралды журналистика дамып келеді. Келтірілген деректерден 
көбінесе тіл заңдылығын теориялық тұрғыдан терең меңгермеу 
салдарынан кеткен стилистикалық қателер екендігі байқалады. 
Сондықтан да қарым-қатынастың қандай аясында болмасын, тіл 
бірліктерін жұмсауда лингвостилистикалық сауаттылықтың 
болуы шарт, тілдік заңдылықтардың, норма табиғатының ерек-
шеліктері бұзылмауы қажет. Демек, стилистика ғылымының да 
өзіндік табиғатын айқындайтын, өзіне тән ерекшеліктерін та-
нытатын ұғымдары мен категориялары орнығып қалыптасқан. 


 Сұрақтар: 
1. Стилистика – күрделі ғылым саласы дегенге түсінік беріңіз. 
2. Стилистиканың зерттейтін мәселелері. 
3. Стилистиканың жалпы тіл білімінде, оның ішінде қазақ 
тілінде зерттелу дәрежесі. 
4. Стилистиканы оқытудың әдістері. 
5. Стилистиканың дәстүрлі салалары. 
6. Стилистиканың қазіргі даму бағыттары. 
7. Прагмастилистиканың қарастыратын мәселелері. 
8. Дискурс және мәтін, өзіндік ерекшеліктері. 
9. Стилистиканың негізгі ұғымдары мен категориялары. 
10. Стиль дегеніміз не? Бұл ұғымға қатысты тіл мамандарының 
ой-пікірлері. 
11. Стильдің негізгі қызмет түрлері. 
12. «Функционалды стиль» терминінің қазақ тіл білімінде түсін-
дірілу үрдісі, ғалымдардың оны қазақша беру әрекеттері. 
13. Стиль түзуші экстралингвистикалық және прагматикалық 
факторлар, олардың арақатынасы.
14. Стилистикалық норма мен тілдік норма, коммуникативтік 
норма, өзіндік белгілері, арақатынасы. 
15. Стилистикалық қате мен лингвистикалық қате, өзіндік айы-
рым ерекшеліктері. 
16. Тілдік құралдардың стильдік бояуы, оның түрлері. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   131




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет