Мезгіл мәнді тұРАҚты тіркестердің мағыналық ерекшеліктері



Pdf көрінісі
Дата06.03.2017
өлшемі165,62 Kb.
#8229

МЕЗГІЛ МӘНДІ ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДІҢ МАҒЫНАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 

Б.С.Әбдуова, ф.ғ.к., доцент 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ., Қазақстан 

Қазақ тілі мен әдебиеті. №5 2010 

 

Аннотация.        Фразеологизм имеет довольно широкое употребление в языке и, 

как  образная  характеристика  времени  и  процесса  его  протекания,  чаще  встречается  в 

своей номинативной (основной) форме. Понятие времени напрямую связано с концептами 

событий,  движения,  пространства.  Фразеологизм,  относящийся  к  разряду  бытовых, 

образовался 

на 


основе 

народного 

измерения 

времени. 

Порядок 

времени 


дифференцируется  с  прохождением  событий  раннее  или  позднее.  С  точки  зрения 

философии  время  в  тесном  контакте  рассматривается  с  пространством,  движением  и 

бытием.  В  связи  с  тем,  что  понятие  пространства  сформировалось  раньше,  чем  понятие 

время,  оно  рассматривается  едино  с  понятием  движения.  Значение  времени  находит 

отражение в названиях движения (беспрерывность, связанность). 

 

Кілт сөздер: Мезгіл, уақыт, етістіктің шақтары, тұрақты тіркестер 

 

 



      Іс-әрекеттің, амалдың, қимыл-қозғалыстың мезгілін анықтау жолдары қазақ тілінде әр 

түрлі  болып  келеді.  Бірақ  олардың  кез-келгені  халық  тұрмысымен,  оның  өмір    сүру 

тәсілдерімен  қабысып  жатады.  Қазақ  тілінде  мезгілді  білдірудің  қалыптасқан  тұрақты  

көрсеткіштері  бар.  Мезгілдік  ұғымды  білдіретін  тұрақты  тіркестердің  өзін  былайша 

топтастыруға болады: 

1)  Табиғат  құбылыстарын,  ауа  райын  білдіретін    тұрақты  тіркестер:  қар  кете,  сең  жүре, 

қарашаның  суығында  (1986  жылы  Алматы  қаласында  болған  қазақ  жастарының 

желтоқсан оқиғасына байланысты тілімізде 86-ның ызғарында, желтоқсан желі, желтоқсан 

ызғарында деген тіркестер еніп, тұрақты қолданысқа кірді), жер қарада, қара суықта, сең 

сөгіле, мұз қата, т.б.   Бұл тіркестердің көбі жыл сайын белгілі бір мерзімде қайталанып 

келіп отыратын құбылыстар болғандықтан, қимыл, әрекет мерзімін көрсетеді. 

2) Шаруашылық, кәсіптің жыл сайын бір мезгілде қайталанып отыратын түрлерін білдіру 

арқылы қалыптасқан тұрақты тіркестер:  қой қоздағанда, мал төлдегенде, егін науқанында

сабан  тойда,  мақта  терімде,  жиын-терім  кезінде,  т.б.  Күнделікті  шаруашылық  кәсіпке 

байланысты да қалыптасқан тұрақты тіркестер мезгілді нақты көрсете алады: мал өргенде, 

қозы  ағытарда,  мал  өрістен  қайтқанда,  бие  байларда,  мал  қоралана,  т.б.  Тілімізде 

«қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» дейтін мақалдың бірінші мағынасы жұмыстың ең 

бір қауырт кезінде өзге шаруаны қоя тұрып, негізгісін аяқтауға меңзесе, екінші мағынасы 

уақыттың (қойдың өрістен келуі – кешкі мезгілдің баламасы) әр сәтінің өзіндік атқарылуға 

тиісті жұмыстарының барлығында. Табиғатпен, мал шаруашылығымен етене байланысты 

халқымыз үшін мезгілді білдірудің осындай қалыптасқан үлгілері өте көп.    Мұндай тәсіл 

көп  халықтың  тілінде  де  бар.  Қандай  халық  болса  да,  мезгілді  өзінің  күн  көріс  кәсібіне 

байланысты айқындап белгілеп отырған. 

3) Уақытқа тән айырым белгі, қасиет, сын-сипат арқылы пайда болған тұрақты тіркестер: 

көз  байланбай  тұрғанда,  таң  сәріде,  апақ-сапақта,  сібірлеп  таң  атқанда,  түс  ауа,  бесін 

ауғанда, ымырт жабылғанда, т.б. 

 4)        Қимыл  арқылы  мезгілдік  ұғымды  білдіріп,  сөйлемде  мезгіл  пысықтауыш  болатын 

мынадай  тұрақты  тіркестер  бар:  көзді  ашып-жұмғанша,  қас  пен  көздің  арасында,  қас 

қаққанша,  қалт  еткенде,  ет  пісірім,  шай  қайнатым,  бір  бие  сауым,  т.б.  Осы  келтірілген 

тұрақты тіркестердің көбісінің мезгілдік мән алып, мезгілдік қатынаста жұмсалуын нақты 

мағыналы  сөздің  абстракцияға  айналуы  деп  түсіну  керек,  яғни  конкреттіліктен 

абстракцияға  айналу  процесі  жүрген.  Әуел  баста  қимылды,  табиғат  құбылыстарын, 

кезеңге тән сын, сипатты, көлем мен объектіні білдіретін тіркестер қолданылу процесінде 


өздерінің конкретті мағыналарынан ажырап, абстрактілі ұғым, мезгілді білдіруге көшкен. 

Бұндай  қолданыстар  мезгілді  білдірудің  халық  тілінде  бұрыннан  қалыптасқан  амал 

екендігіне дәлел бола алады. 

      Қазақ  тіліндегі  уақыт,  мезгіл  өлшемдерін  білдіретін  тұрақты  тіркестерді  саралап 

қарасақ,  көп  мәліметтер  назарды  аударады.  Бұрындары  ата-бабаларымыз    уақытты 

сағатпен  өлшемей-ақ,  секунд,  минут,  сағат  өлшемдерін  шамалап,  дәл  болжай  білген. 

Мысалы,  секунд  –  демнің  арасында,  қас  қаққанша,  ауыз  жиып  алғанша,  қас  пен  көздің 

арасында  деген  сияқты  образды  тіркестермен  берілген.  Көрнекті  ғалым  Ә.Қайдар 

фразеологизмдерге  қатысты  еңбегінде    тұрақты  тіркестердің  мағыналық  сипатын 

ажыратып, қолданыстағы ерекшеліктеріне тоқталады:  

      «Көзді ашып-жұмғанша» – здесь быстротечность событий ассоциируется с быстрым 

движением глаз – моментальным их открытием и закрытием,  что приравнивается к долям 

секунды.    Естественно,  это  аллегорическое  представление,  присущее  приемам  народной 

метронимии  времени,  однако  оно,    абстрагировавшись  от  первичной  своей  основа 

(движение  глаз),  употребляется  обобщенно  и  выражает  понятия  «быстро»,  «скоро», 

«незаметно», «моментально», «в мгновение ока» и др.  

     Фразеологизм  имеет  довольно  широкое  употребление  в  языке  и,  как  образная 

характеристика  времени  и  процесса  его  протекания,  чаще  встречается  в  своей 

номинативной  (основной)  форме.  Мыс:  көзді  ашып-жұмғанша,  жылдам  хабар  алғызды». 

[1,  179]  Академик-ғалым  ашып  көрсеткендей,  мезгіл  мәнді  тұрақты  тіркестер  уақыттың 

өтуі  мен  белгісіне  қатысты  бейнелі  қолданысқа  ие  болып,  тілдің  поэтикалы  сипаты  мен 

экспрессивті қуатын  әсерлей түседі.   Сол секілді, әсірелеу мақсатымен де қолданылатын 

кейбір  тұрақты  тіркестер  болған  оқиға,  амал,  әрекеттің  жылдамдығын    танытуға  ықпал 

етеді:  Басы  жастыққа  тиісімен  қор  ете  қалды,  аяқ  астында    таппай  қалу,  Шу  дегеннен 

көрінер сұлу артық (Абай), хабар құлағына тиісімен, жылдам жиналу т.б.   

     Болымсыздық жұрнағы арқылы жасалған тұрақты тіркестер де мезгілдік мағына беріп, 

іс-әрекет,  оқиғаға  баға  беруші  көзқарас  қалыптастырады:  кірмей  жатып,  төр  менікі  деу, 

бесіктен  белі  шықпай  жатып  қағыну,  аузынан  ана  сүті  кеппей  жатып  бұзылу,  асатпай 

жатып,  құлдық  деу,  т.б.  Бұл  фразеологизмдер  де  шартты  түрде  жылдам,  тез  болған, 

болатын әрекет, қимыл, оқиғалардың мезгілдік қатынасын танытады.    

5)

 

Аспан  денелерінің  қозғалысын  жіті  бақылап,  қадағалаудың  арқасында  ата-



бабаларымыз  тәулік, апта, ай, жыл мерзімдеріндегі уақыттық өлшемді дәл, нақты болжап 

білген.  Әсіресе  таңның  ату  көрінісіне  байланысты  қалыптасқан  тіркестер  сағаттың 

мөлшерін  дұрыс  білдіре  алған:  таң  атпай,  ел  тұрмай,    таң  қараңғысында,  таң  білінер-

білінбесте,  таң  сыз  бергенде,  бозторғай  шырылдағанда,  таңғы  намазда,  таң  құлан 

иектенгенде, таң бозынан, елең-алаңда, т.б. Аталған тұрақты тіркестердің кейбірі нақтылы 

іс-әрекетпен  байланысты  мезгілді  танытса,  кейбірі  бейнелі,  образды  сипаттағы  сөздік 

қолданыстар  негізінде  қалыптасқан:  құлан  иектеніп  атқанда,    арайлап  атқанда,  асықпай 

атқанда, таңғы тәтті ұйқыда, т.б.  

6)

 

 Ал  енді  таң  аппақ  боп  атқаннан  кейінгі  уақыт  мерзімі  күннің  қимыл-қозғалысы 



арқылы өлшенеді: күн шығар алдында, күн шыға, күн арқан бойы көтерілгенде, күн найза 

бойы көтерілгенде, сәске түсте, тапа-тал түсте, шаңқай түсте, күн тас төбеге келгенде, түс 

ауа, түс еңкейе, күн ұясына бата, күн бата, т.б. Бұлардың бәрі таң атқаннан кеш батқанға 

дейінгі  мерзімді  білдірсе,  келесі  топ    кешкіліктен  түнге  дейінгі  уақыт  арасын  қамтиды:  

кеш түсе, ақшам жамырай, екі кештің арасында, ел орынға отыра, көз байлана, қас қарая, 

қызыл  іңірде,  жеті  қараңғы  түнде,  ел  шырт  ұйқыда  жатқанда,  ел  ұйқыға  кеткенде,  т.б. 

Келтірілген  фразеологизмдердің    дені  физикалық  уақыттың  мезгілін  дәл  бермегенмен, 

жалпы  тұрмыстағы  уақыт  ағымын  жік-жікке  бөліп,  біршама  дұрыс    танытуымен  де 

ерекшеленеді.   Осылардың біразын академик Ә.Қайдардың пікірімен толығырақ түсіндіре 

кетейік: 



      «Ел аяғы басылғанда» - фразеологизм, относящийся к разряду бытовых, образовался 

на  основе  народного  измерения  времени.  Этот  период    суток  соответствовал,  в 



зависимости от времени года, 7-8 часам вечера, сумеркам.  После этого периода наступает 

время    -  ел  орынға  отырғанда    -  соответствущее    8-9  часам    вечера.      Так  казахи 

определяли    свое  время  и  временные  промежутки    в  течение  суток,    когда  они  не 

пользовались настенными или ручными часами. [1,113]  

   Тілімізде «түн баласына көз ілмеу» деген тұрақты тіркес бар. Бұл түн ұйқысын төрт 

бөлу  фразеологизміне  синоним  бола  алмайды.  Түн  ұйқысын  төрт  бөлу  тіркесінде 



ұйықтау,  алайда  ол  ұйқының  тым  мазасыз,  шала-шарпы  болуына,  бір  кедергілерге 

байланысты  дұрыс  ұйықтамауына  меңзеу  бар  да,  түн  баласына  көз  ілмеу  тіркесінде 

мүлдем  ұйықтамау,  ұйықтауға  әлдебір  бөгеттің  барлығына  тұспал  бар.  Бұл  тіркес  атар 

таңды көзбен атқару фразеологизміне синоним болады.  Осындағы  түн баласы – ерекше 

тілдік  қолданыс.  Өйткені,  түн  және  бала  -  өзара  шартты  тіркесім,  синкретті  амал,  яғни 

мағыналары  алыс,  бір-біріне  тіркеспейтін  сөздерді  әсерлі  ету  мақсатымен    тіркестіру  – 

тілімізде кездесетін тілдік әдіс.  

  Тіліміздегі  мезгіл  мағынасын  білдіретін  тұрақты  тіркестермен  қатар,  авторлық 

қолданыстағы  окказионал  фразеологизмдердің,  суреттеу  тәсілімен  берілетін  көркемдік 

мезгілдердің шығарма тілін әрлендіру мақсатында жұмсалу мүмкіндігі өте көп. Мысалы:  

«Осы кезде: ай Алтайдың ар жағында бір жамбастап жүзген шақта, бергі бетте ұйықтаған 

қара  мысықтай  қорқынышпен  қарауытқан  дел-сал  суық  мезетте,  үркер  төбеден 



әлдеқашан  ауып,  енді  көп  ұзамай  таң  жұлдызы  туар,  сәресі  ішер  сәтте,  ұйқы  мен 

ояудың, өлі мен тірінің екі  ортасында шөкелеп отырған  Аманның қасына он жасар  Бала 

келді».  (О.Бөкей.  Сайтан  көпір)  Алынған  үзіндіде  физикалық  уақыттың  өлшеміне 

ыңғайлас келетін  үркер төбеден ауғанда, таң жұлдызы туарда, сәресі ішер сәтте дейтін  

халықтық  тұрақты  тіркестерге  қоса,  көркемдік  мезгіл  жасауға  қызмет  ететін  авторлық  

...айдың  бір  жамбастап  жүзген  шағы,    ...қорқынышпен  қарауытқан  дел-сал  мезеті    және  

физикалық  уақыттың  да,  көркемдік  уақыттың  да  мерзіміне  емес,  адамның  жан-

дүниесіндегі,  бітім-болмысындағы,  қалып-тұлғасындағы  белгілі  бір  мезгілдің  белгісін 

білдіретін  ұйқы  мен  ояудың,  өлі  мен  тірінің  екі  ортасында  дейтін  тұрақты  тіркестер, 

бәрі-бәрі  ұжымдаса  келе,  екі  кейіпкердің  кездесу  уақытын  білдіруге  «атсалысып  тұр». 

Ортасы  көмекші  есімі  негізінен  көлемдік,  кеңістік  ұғымды  берсе  де,  жатыс  септігін 

қабылдап,  мезгілдік  қызметте    жұмсала  алады.  Бұндай  қолданыста  олар  іс-әрекеттің 

болып  жатқан  мезгіл-мерзімінің  тұтас  уақытын  емес,  белгілі  кезеңін  ғана  қамтиды. 

Мұндай  еселене  келген  мезгілдік  көрсеткіштерді  түрлі  тілдік  тәсілдермен  жеткізу  – 

шығарманың  экспрессивтік-эмоционалдық  бояуын  қалыңдатып,  мағыналық  әсерін 

күшейтеді.      

   Тәуліктегі  уақыт  мерзімі  жік-жікке  бөлінгенде,  жыл  мезгілдері  де  маусымға,  әр 

кезеңге  жіктеліп  отырған.  Мысалы,  көктем  –  қар  еріп  жатқанда,  сең  жүргенде,  көктем 

шыға, ұзын сарыда, жуанның жіңішеріп, жіңішкенің үзілер кезінде, құралайдың желінде, 

жаз  –  ел  жайлауға  көшкенде,  жер  аяғы  кеңігенде,  жаз  ортасында,  қырық  күн  шілдеде, 

жаздың  аптап  ыстығында,  күз  –  орақ  кезінде,  сабантойда,  күзек  алып  жатқанда,  күздің 

қара суығында, қыс – соғым сойып жатқанда, ақ қар, көк мұзда, ел қыстауға қонғанда, т.б. 

Аталған тұрақты  тіркестердің бәрі де жыл мезгілдеріне қатысты қолданылып, айлар мен 

уақыттық  циклдың  баламасы  ретінде  қазірге  де  жалғасып  келеді.  Әсіресе,  көркем 

әдебиетте,  образды,  бейнелі  ой  қажет  етілетін  шығармашылық  жұмыста,    бұхаралық-

ақпарат құралдарының мәтіндерінде де жиі қолданылатын тілдік элемент ретінде  бұндай 

мезгіл мәнді тіркестер өміршең болып қала бермек. Бұлардан басқа тағы бір топты адам 

жасына қатысты поэтикалы мазмұндағы мезгіл мәнді тіркестер құрайды. Оларға: балалық 

шағында, ес жиып, етек жапқанда, бір мүшелге толғанда, мектеп қабырғасында жүргенде, 

кәмелетке толғанда, оң мен солын танығанда, ат жалын тартып мінген шақта, орда бұзар 

жасында,  қырықтың  қырқасында,  ердің  жасында,  самайын  ақ  шалғанда,  алпыстың 

асқарында,  сексеннің  сеңгірінде  деген  сияқты  метафоралы,  айшықты  тіркестер  жатады. 

Бұлардың  ішінде  адамның  өмір  сүру  кезеңіндегі  түрліше  сатылардың    параллельді 

құбылыстардың  белгісіне  сүйене  отырып,  ауыспалы  мағынада  қолданылуы  –  көркем 



шығармаларда  жиі  пайдаланылатын  тәсіл.  Мысалы,  сары  ауыз  шағында  (балалығы 

тарқамаған  кезде),  жер  ортасына  келгенде  (жігіт  ағасы  болған  кез),  базары  тарқағанда 

(қарттықтың белгісі), зауал шағында, т.б. тіркестер  перифразаланған тұрақты тіркестердің 

қатарына жатады. Перифраза дегеніміз – көркем сөз мәдениетiнiң күрделi дамуын, бейнелi 

тiркестiң  поэтикалық  табиғатын  көрсететін  тәсіл.  Перифраза  –  қандай  да  бiр  ұғымды  өз 

денотатынан  тыс,  басқашалап,  бiрнеше  суреттермен  сипаттау  әдiсi,  яғни  қандай  да 

болмасын,  заттың,  құбылыстың,  мезгілдің,  іс-әрекеттің  бір  белгісіне,  қасиетіне  қатысты 

суреттеліп,    өз  аты  аталмай,  оны  басқаша  етiп  атап,  суреттеп  түсiндiру  әдiсi.    Мысалы, 

адам  өмiрiн  ұзақ  көш  деп  атаса,  мұнда  адам  өмiрiнiң  көш  сияқты  жылжу,  iлгерi  басу, 

күннен  күн,  жылдан-жыл  өткiзу  тәрiздi  белгiсiн  көш  сөзiмен  көрсетiп,  суреттеп,  өзге 

сөздермен  атап  тұр.  «Перифраз  құбылысын  тануда  көзқарастар  бiркелкi  емес.  Бiреулер 

белгiлi  бiр  ұғымды  әдеттегi  (тiлдегi  қолданыстағы)  бар  атаудан  өзгеше  сөздермен  (не 

сөзбен)  аталғанның  бәрiн  перифраз  деп  таныса,  ендi  бiр  зерттеушiлер  мұнда  екiншi 

атаудың (орысша "вторичная номинация") арнайы жасалу жолы (амалы) барын көрсетедi, 

ол амал бiр нәрсенi  (затты, құбылысты, iс-әрекеттi,  абстракт ұғымды), оның бiр белгiсiн 

көрсетiп,  яғни  астарлы  айтқанда,  сол  белгiнi  танытатын  сөздi  келтiрiп,  суреттеп  атауды 

жүзеге  асырады»  [2,67]  деп  түсіндіреді  белгілі  ғалым  Р.Сыздық.    Біз  перифразаланған 

тұрақты  тіркестер  деп  келтіргенімізде  белгілі  бір  ұғымның  астарлы,  суретті  белгісіне 

байланысты    алынған  қолданысын  назарда  ұстадық.  Осы  тұста  тағы  да  ғалым 

Ә.Қайдардың анықтамасын бере кеткеніміз жөн: 



      «Зауал шақ» – фразеологизм, восходит к выражению, входящему в группу народный 

метронимии,  где  определяет  промежуток  времени  –  сумерки,  период,  когда  солнце 

заходит за горизонт и постепенно наступает темнота.  Фразеологизм построен на основе 

сравнения  вечерного  времени  суток  с  периодом  жизни  человека,  его  преклонным 

возрастом».  [1,160]  Академик-ғалым  бұл  жерде  фразеологизмдердің  параллель 

құбылыстарды салыстырудан шыққан перифразалық негізін ашып көрсетеді.  

      Бұлардан  басқа  да  көптеген  мезгіл  мәнді  тұрақты  тіркестер  заманның,  айтулы 

кезеңдердің  ерекше  тарихи-әлеуметтік  жағдайларына  байланысты  шыққандығымен  де 

ерекшеленеді.        Тарихи  кезеңдердің  белгісін  танытатын  нәубет  жылдары,  ақтабан 

шұбырындыда,  ашаршылық  жылдары,  зобалаң  тұста,  қуғын-сүргін  жылдары,  алаш 

қозғалысы кезінде, ұлы төңкерісте, сталиндік қырғында, тоқырау жылдарында, қайта құру 

тұсында,  «құрғақ  заң»  тұсында,  тың  игеру  жылдары,  тәуелсіздік  алғанда,  астана 

ауысқанда,  т.б.  тіркестер  нақты  жылдардың,  белгілі  кезеңдердің  мезгілдік  ұғымын 

білдіреді.  «Құбылыс пен өзгерістің, қозғалыс пен әрекеттің, т.б. процестердің бірінен соң 

бірі  болуы  арқылы  мезгіл  айқындалады.  Тіл  мезгілді  әртүрлі  жолмен  айқындайды. 

Мезгілді  білдіретін  сөздер  мен  сөз  тіркестері  осы  объективті  құбылыстың  көріну  тәсілі 

болады»  [3,34]  дегендей,  мезгіл  мәнді  тұрақты  тіркестердің  ойды  тура  және  ауыспалы, 

бейнелі әрі суретті, әсерлі және көркем беретін мүмкіндігі шексіз.  Тілімізде «қыз-қонақ»,  

«қыз  бала  –  жаттұрттық»  деген  метафоралар  бар.  Қыздарын  әлпештеп,  иба  мен  әдепке,  

сыпайылыққа  баулитын  халқымыз  қызын  оң  жаққа,  ұлын  сол  жағына  отырғызатын 

болған. Осы ұлттық болмыстан шығатын тұрақты тіркес оң жақта отырған кезінде дейтін 

мезгілдік  ұғымды  беріп,  перифразаланады.  Тұрақты  тіркестердің    көркем  әдебиетте 

мезгілді білдіру тәсілі сан алуан. Белгілі жазушы Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» атты 

повесінде  халықтық  және  авторлық  фразеологизмдердің  көптеген  үлгісі  мезгіл  ұғымын 

көркем жеткізеді: «Дегенмен, «обал-ақ болдыны» бұдан былай қара жер қойнына алғанша 

естіп  өтерін  ол  шақта  Аспан  қайдан  білсін  жазған...    Ол  өзін  қырық  күннен  соң  көзін 

ашып,  алғаш  рет  жарық  көрген  сәбидей  таңырқаңқы  сезінді.  Бірақ  күн  өткен  сайын 

қоңырауламай  қоңырлап  басталған  сезімдері  жүз  жылда  жалғыз-ақ  қайталанар  ұлы 

достыққа, бәлкім махаббатқа ұласып, толған айдай толысып келе жатқан. Түптің түбінде 

қартаярсыз, ажалыңыз жетіп өлерсіз, бірақ мен сонда да жасай беремін». 

      Тұрақты  тіркестер  сөйлемнің  мезгілдік  аясын  кеңейтуде,  тарылтуда,  нақтылауда 

ерекше қызмет атқарады. Қимыл атаулының шындық өмірде жасалуы белгілі бір мезгілге 



қатысты болады. Мезгіл ұғымын білдіретін тұрақты тіркестер қимылдың жасалу мезгілін  

дәлме-дәл де, шамамен де,  белгілі уақыт арасында да, әр түрлі мезгілді де білдіре алады. 

Тұрақты  тіркестердің  енді  біразы  конкретсіз  мезгіл-мерзімді  білдіріп,    сөйлемнің  тұтас 

мағынасына семантикалық нақтылықты шартты түрде ғана үстемелейді.  

  

Пайдаланылған әдебиеттер: 

 

1.Кайдар А. Тысяча метких и образных выражений. Астана: Білге, 2003 

2. Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы: Санат, 1995 

3.  Күзекова  З.  Мезгіл  пысықтауыштар.  //Фил.ғ.канд.  ғылыми  дәр.алу  үшін  дай. 

диссертация. 1995. 

4. Бөкей О. Шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1985   



 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет