Министерство образования и науки республики казахстан


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚЫТУДЫҢ БІРІЗДІ



Pdf көрінісі
бет8/90
Дата22.12.2016
өлшемі15,08 Mb.
#127
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   90

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚЫТУДЫҢ БІРІЗДІ

-САТЫЛЫ БАҒДАРЛАМАСЫН  

ЖАСАУ 

–  МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ 

 

Тілешов  Е.Е.

 

«Руханият» орталығының директоры, 

Астана қ., Қазақстан alashier@mail.ru 

 

Қазақстан  Республикасында  Конституция  бойынша  мемлекеттік  мәртебеге  берілген 



қазақ тілінің сол мәртебелі орнына іс жүзінде орнығуы жайындағы пікірлердің айтылғанына 

да біраз жылдардың жүзі болды. Бірақ сөз көп болғанымен, іс айтарлықтай ілгері жылжымай 

отыр.  Өзінің  төл  мемлекетінде  қазақ  тілінің  жағдайы  осы  қалпында  қала  берсе,  әлі  талай 

әңгімеге  арқау  болмақ.  Қазақ  тілін  күрт  дамытуға  оның  өзге  тілмен  қосарланған  заңдық 

жағдайы мүмкіндік бермейді. Совет заманында бірнеше ондаған жылдар бойы Қазақстанның 

басты  тілі  болып  үйреніп  қалған    орыс  тілі  –  тіл  бәйгесінде  қазақ  тіліне  орын  берер  емес. 

Қағаз  жүзіндегі  қазақ  тілінің  мемлекеттік  мәртебесі  аш  адамға  тағам  толы  дастарханның 

суретін  сыйлағанмен  бірдей.    Аш  адам  сол  суретке  қарап  дәметумен  не  күдерін  үзбей,  не 

тағамға  қолы  жетпей  сарылып  отыра  бермек.  Біздегі  тілдің  жағдайы  да  осының  керіндей. 

Бірақ қазақ тілі де ең болмаса орыс тілінің, Ресейдегі демей-ақ қояйық, Қазақстандағыдай-ақ 

бақытын  көре  алмай-ақ  қойды.  Ең  жоғары  деңгейдегі  жиналыстардың,  ең  көп  таралатын 

газет-журналдардың,  әрбір  үйдегі  теледидардың  төрінен  ақ  аюдай  жайғасқан  орыс  тілін 

көресің. Сол, өзіміздің емес өзге мемлекеттің тілі – орыс тілінің дамуына, орыстан гөрі қазақ 

аянбай  үлес  қосуда.  Халқымыз  жалпы  қазақстандықтардың  жартысын  құрағанда  да,  енді 

міне орыстан үш есе артып жетпіс пайызға жуықтағанда да ана тіліміздің көсегесі көгеретін 

түрі  көрінбейді.  Қазақстанда  сонау  қайта  құру  кезеңінен  бері  тіліміздің  мәртебесі  туралы 

толассыз  әңгіме  басталып,  ол  бітер  емес.  Талай  ақылды  бас  талай  ақылды  сөздер  айтты. 

Солардың  ең  маңыздылары  ескерілмей-ақ  келеді.  Мәселен,  Конституцияға  өзгеріс  енгізу, 

мемлекеттік  тіл  туралы  арнайы  заң  қабылдау,  мемлекеттік  қызметкерлерді  міндеттеу  деген 

сияқты жағдайды түбегейлі өзгеріске бастар шаруалар атқарылмады. Жаңа мемлекет құрған 

соң ең алдымен отарсыздану (деколонизация) саясаты жүргізілуі тиіс еді. Осы саясаттың ең 

пәрмендісі  барша  азаматтарымызды  мемлекеттік  тілде  қарым-қатынас  жасауға,  қызмет 

істеуге  міндеттеу  болатын.  Кешегі  отарлық  санадан  арылмаған  психологиямыз  бізді  ірі 

ұлттық шараларға бастатпай отыр. Сондықтан да тіл мәселесінде жалтақтық орын алуда. Сол 

себепті де қазақ зиялыларының көпшілігі  саяси-құқықтық тұрғыдан тіл мәселесі таяу арада 

шешілетініне үлкен күмәнмен қарайды. Жағдай солай. Сонда тәуелсіз Қазақ елі бола отырып, 

осы  мемлекетті  құраушы  бірден-бір  басты  ұлттың  тілі  қағажу  көре  бере  ме?  Біздің 

ойымызша,  бұлай  жалғаса  бермеуге  тиіс.  Тілдің  иесі  де,  киесі  де  бар.  Мың  жыл  бытырап 

жүрген  әлдебір  халық  сияқты  тілімізді  тірілтейін  деп  отырғанымыз  жоқ.  Құдайға  шүкір, 

тіліміз тірі, сөзіміз қазыналы, жұртымыз аман, атамекен өзіміздікі, еліміз егемен, тарихымыз 

терең, дәстүріміз жоралы. 

Қазақ  тілі  –  шектеуге,  көпе  көрнеу  екінші  қатарға  ысыруға  бола  беретін  болымсыз 

мүлік, қажетсіз қазына емес. Ұлт дүние дидарын танып, сан мың құбылысқа атау береді, ой 

қорытады. Оны – ұлттың  тілі дейміз. Сондықтан да тіл – сол халықтың дүниені таңбалаған 

құралы,  дүниетанымы жинақталған  аса  құнды  қазынасы.  Тілдің  иесі  –  кешегі  қазақ,  бүгінгі 

қазақ  һәм  болашақтағы  қазақ.  Бәріміздің  ғұмырымыз  өлшеулі.  Тілдің  ғұмыры  уақыттың 

өзіндей  мәңгілік.  Тіл  халықтың  мәңгілік  халық  болып  қалуының  рухани  айғағы.  Тіл  – 


 

55 


өткеннің  аманаты,  бүгіннің  абыройы,  ертеңнің  кепілі.  Сондықтан  да  оны  уақытша  да,  ұзақ 

уақыт  та  қыспақта  ұстауға  болмайды.  Одан  тілден  бұрын  өзіміз  ұтыламыз.  Осыны  түсінуге 

тиісті  кісілер  тезірек  ұғынғаны  абзал.  Алаш  баласы  аман  болса,  қазақ  тілі  түбі  салтанат 

құрады. Қазақ тіліне және бір тілді қосарламай-ақ, оның өзін жеке  дара шапқызуға  болады. 

Өз елінде қазақ тіліне аға тіл де, атқосшы тіл де керек емес. Қазақтың сөзі – қай замандағы да 

қазақтың да, Қазақстанның да ел қатарлы, жұрт құрлы өмір сүруіне толығымен жарайды. Тек 

жарата  білсек,  тіл  тағдырын  тұсауға  салмасақ.  Қазақ  тілі  қазақ  тұрмақ,  Қазақстанның  суын 

ішіп,  ауасын  жұтып  жүрген  қай  халықтың  болмасын  баласына  да  жат  емес.  Соларды 

Қазақстанның толық азаматы ететін де сол қазақтың тілі. Қасиетті тіліміз арқылы еліміздегі 

қай  ұлтты  да  бауырымызға  баса  аламыз.  Біздің  тілімізді  түсінбей,  тілімізді  ұқпаған  соң 

рухымызды  сезе  алмаған  ұлттың  туғанымыздай  болып  кетуі  қиын.  Түп  атасы  басқа 

Пушкиннің,  Лермонтовтың,  Гогольдің  орысқа айналып  кетуі  сол  орыс  тілінің  арқасы,  орыс 

сөзінің  құдіреті.  Міне,  осындай  тіл  құдіретін  Қазақстандағы  қазақ  та,  орыс  та,  украин  да, 

ұйғыр  да,  неміс  те,  татар  да,  шешен  де  басқалар  да  сезінуі  тиіс.  Өзіміз  сезіндіре  алмасақ, 

қандастарымыздың өзі сезіне алмаса, кімге тұлға болмақпыз?! Қазақстандық бірліктің басы – 

қазақ  тілі.  Оны  Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев  та  арнайы  айтқан  болатын.  Осындай  бірлікке 

жеткізер тіліміздің ертеңі үшін қолданыстағы заңдарға өкпе айтқанымызбен, олардың біздің 

өкпе-назымыздан  дұрысталып  кетерін  күтпестен-ақ  амал  қарастыруымыз  қажет.  Біздің 

ойымызша, мұндай амал – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде жаппай оқыту жүйесін нәтиже 

берерліктей  жолға  қоюмен  тікелей  байланысты.  Өйткені  оқыту  мәселесі  жүйесіз,  нәтижеге 

емес, әйтеуір оқыту үшін болғандықтан жылдан-жылға мемлекеттік тілді меңгермегендердің 

саны  азаяр  емес.  Сондықтан  да  мемлекеттік  тілді  үйретудің  Үкімет  тарапынан  бекітілген 

арнайы  мемлекеттік  бағдарламасы  қабылдануы  қажет-ақ.  Онсыз  бұл  қалыппен, осы  аяңмен 

қазақ  тілі  өзінің  шынайы  мәртебесіне  қона  алмайды.  Тіл  саясатында  бетбұрыс  боларлық 

пәрменді  шаруалар  дер  кезінде  қолға  алынбағандықтан  да,  халықтың  тілге  деген  сенімін 

сейілтіп  алдық.  Қазақстан  азаматтарының  мемлекеттік  тілге  сенімі  берік  болса,  әлі  күнге 

дейін  өзгелерді  айтпағанның  өзінде  жүз  мыңдаған  қазақ  ата-анасы  балаларын  орыстілді 

мектепке  бермес  еді.  Тілдің  ертеңіне  сенсе,  барша  халық  барлық  орындарда  мемлекеттік 

тілде сөйлер еді. Халықтың мемлекеттік тілге сенбеуіне күніне мың, миллион  мысал табуға 

болады.  Мәселен,  Португалияның  астанасы  Лиссабонда  екі  португал  грек  тілінде, 

Испанияның  астанасы  Мадридте  екі  испан  орыс  тілінде,  іргеміздегі  туысқан  ел 

Өзбекстанның  астанасы  Ташкентте  екі  өзбек  неміс  тілінде  сөйлеседі  десе  нанасыз  ба, 

әлбетте,  сенбейсіз,  тіпті  мұндай  сөзге  күлуіңіз  де  мүмкін.  Ал  Қазақстанның  бас  қаласы 

Астанада  мыңдаған,  он  мыңдаған,  тіпті  жүз  мыңдаған  қазақ  Құдайдың  құтты  күні  орыс 

тілінде сөйлесе береді. Бұған ешкім таң қалмайды, өйткені оған ет те, құлақ та үйренген. Бұл 

қазақ  тілін  елемеудің,  оның  келешегіне  сенімсіздікпен  қараудың  күнделікті  мысалы.  Біз  ең 

алдымен  халықтың  санасын  қазақ  тіліне  бұруымыз  керек.  Сенім  санадан  өрістейді.  Бүгінгі 

жағдайда  осындай  сенім  шарасы  тілді  үйретуге  ерекше  мемлекеттік  маңыз  беруден 

басталмақ.  

Қазақстан  Республикасында  мемлекеттік  тілдің  қолданыс  аясын  кеңейту  –  оны 

оқытумен  тікелей  байланысты  екендігі  әлдеқашан  белгілі  болғаны  ақиқат.  Қазақ  тілін 

үйретіп  жатқанымызға  жиырма  жылдың  жүзі  болды.  Бірақ  арнайы  мән  беріп  оқығандар 

болмаса он  мыңдаған,  тіпті  жүз  мыңдаған орыс  сыныптарындағы оқушылардың, орта және 

жоғары оқу орындарындағы студенттердің, мемлекеттік қызметтегі ересектердің  ең болмаса 

ауызекі  тілді  үйренбегені  бәрімізге  де  белгілі.  Тілді  үйренгісі  келмейтіндер  алдымен  қазақ 

тілін қиын тілдердің қатарына енгізіп қойды, содан соң «оқу құралдары жетіспейді»  деді,  ол 

сылтау  шешіліп  еді  «оқыту  әдістемесі  нашар»  дегенге  шықты.  Әйтеуір  тілді  үйренуге 

ниеттері оянбады, бүйрегі бұрылмады, «осы елдің азаматымын ғой» деп жүректері жібімеді. 

Бірақ осындай сылтаулармен қарсыласып жүргендер совет заманында ешқандай әдістемесіз, 

оқу  орталықтарынсыз-ақ    қажет  болған  соң  миллиондаған  қазақтардың орыс  тілін  меңгеріп 

алғандығын  қаперлеріне  алғысы  келмейді.  Мәселе  оқытушыға  немесе  әдістемеге  тіреліп 

тұрған жоқ. Өзге ұлттарға «Қазақстан Республикасының азаматы болған  қазақ тілін білу соң 



 

56 


азаматтық парызың» деген үгіт те, қандастарымызға «сенің ана тілің ғой, сондықтан оны білу 

перзенттік  борышың»  деген  насихат  та  әсер  еткен  жоқ.  Елбасының  қазақ  тілінің  қолданыс 

аясын  кеңейтуге  байланысты  жиырма  жыл  бойы  айтып  келе  жатқан  ой-пікірлері  де, 

тапсырмалары да өзгені былай қойғанда жоғары лауазымды қызметкерлердің ілуде біреуіне 

болмаса  ықпал  ете  алмады.  Ал  мәселенің  саяси-құқықтық  жағына  келсек,  онда  Қазақстан 

Республикасының  Конституциясы  да  «Қазақстан  Республикасындағы  Тіл  туралы»  заң  да 

азаматтардың  мемлекеттік  тілді  білуін,  осы  тілде  жұмыс  істеуін  міндеттемейді.  Өйткені  іс 

жүзінде  қостілділік  принцип  сақталып  отыр.  Әрбірден  соң  көп  жағдайда  қазақ  тілі  тең 

дәрежелі  қос  тілдің  біреуі  де  бола  алмай  қалған  жағдайы  бар.  Сонда  біздің  елімізде  қазақ 

тілінің  қолданыс  аясын  дамытудың,  арттырудың  жолы  қандай,  тәсілі  неде?  Осы  сұраққа 

әрбір қазақ зиялысы, тіл төңірегінде жүрген  қазақ азаматы жауап іздейді ғой деп ойлаймыз.  

Бүгінгі  заңнама  шегінде  біз  мемлекеттік  тілді  дамытудың  бір  ғана  пәрменді  тетігін 

жасай  аламыз.  Ол  –  тілді  үйренуді  міндеттілікке  айналдырумен  байланысты.  Мемлекеттік 

тілге деген қажеттілік пен сұранысты біз қазіргі кезде тіл үйретуді мемлекеттік деңгейде мән 

беру арқылы осылай шеше аламыз. Қазіргі заң да, тілге қатысты басқа да құжаттар да қазақ 

тілінің  бірден  өрістеп  кетуіне  жол  ашып  бере  алмайды.  Оларға  салсақ,  жүз  кедергі,  мың 

себеп  табылады.  Сондықтан  да  заңның  да,  заңды  орындаушылардың  да  шамы  мен  шабына 

тимей-ақ,  тіл  үйретуді  жүйелі  жолға  қоюға  шынайы  бетбұрыс  жасау  амалына  көшкен  жөн. 

Және  мұндай  бетбұрыс  бір-екі  жылдың  ішінде  болғаны  дұрыс.  Биылдан  бастап  па,  келесі 

жылдан бастап па мемлекеттік тілді үйретудің міндеттелетін жаңа жүйесіне көшуіміз керек. 

Бұл  істі  сөзбұйдаға  салып,  ұзын  арқан,  кең  тұсауға  матамай,  одан  ары  кешіктірмей 

жеделдеткен абзал.  

 Елімізде  бүгінгі  күнге  дейін  мемлекеттік  тілді  үйретудің  баршаға  ортақ  стандарты, 

тұжырымдамасы,  бағдарламасы  жасалынбағандықтан  да  тіл  үйрету  балабақшада  өзгеше, 

мектепте  бөлек,  жоғары  оқу  орындарында  басқаша,  ересектерді  оқытуда  да  әртүрлі 

бағыттарда  болуда.  Яғни,  балабақшадағы  бүлдіршін  мен  бастауыш  сынып  оқушысынан 

бастап,  ересек адамға дейінгі аралықты қамтитын желілі, жүйелі бағдарлама жасалынбаған.  

Үкімет  тарапынан  бекітілген  осындай  арнайы  мемлекеттік  бағдарлама  болмағандықтан  ол 

балабақшада  да,  мектепте  де,  арнаулы  және  жоғары  оқу  орындарында  да,  мемлекеттік 

қызметте  де  белгілі  бір  түпкі  нәтижеге  бағытталған  мақсатты  түрде  оқытылмайды.  Осыдан 

барып,  қазіргі  оқыту  еш  нәтиже  бермеуде  және  осы  күйінде  бере  де  алмайды.  Сол  себепті 

Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері 

жөніндегі  агенттік  бірлесіп  дайындаған  Үкімет  тарапынан  бекітілетін  қазақ  тілін 

үйретудің  баршаға  ортақ  бірізді  –  сатылы  бағдарламасы  қабылдануы  тиіс.  Ол 

бағдарламада  балабақша  –  мектеп  –  колледж  –  жоғары  оқу  орны  –  мемлекеттік  қызмет 

тізбегі  бойынша  дайындалады  да,  осы  бағдарламаға  сай  оқу  құралдары  жазылады.  Тілді 

білудің  деңгейлері  белгіленеді.  Әр  салаға,  деңгейге  байланысты  фонетикалық,  лексикалық, 

грамматикалық, қатысымдық минимумдар белгіленеді.  Ілгеріде  аталған тізбектер бойынша 

арнайы  үлгідегі  сертификат  беріледі.  Оқушы,  оның  ата-анасы,  студент,  мемлекеттік 

қызметкер  міндеттелген  көлемде  тілді  меңгеріп  шығады  да,  аталған  сертификатты  алу 

арқылы  келесі  сатыға  өтеді.  Міне,  осы  жерде  тіл  үйренуші  мемлекеттік  тілдің  қажеттілігін 

сезінеді,  тіл  білу  деңгейін  көрсететін  сертификатты  талап  ететін  болған  соң  әрбір 

мемлекеттік  тілді  білмейтін  адам    оқуға  түсу  үшін  де,  қызметке  орналасу  үшін  де 

мемлекеттік  тілді  меңгеруге  тырысады.  Бұл  жоғарыда  айтқанымыздай,  Қазақстанда 

мемлекеттік  тілді  меңгеру  қажеттілігін  арттыратын  күшті  тетік  болмақ.  Өйткені,  біз 

азаматтардан  мемлекеттік  тілді  меңгеруді  осы  жол  арқылы  ғана  талап  ете  аламыз.  Өйткені 

қазіргі  кезде  саяси-құқықтық  тұрғыдан  мемлекеттік  тілді  білуге  міндетті  деген  талапты  қоя 

алмаймыз. Сонда ғана тілді оқыту нәтиже бермек. Осыдан барып қазақ тілін үйрету саласы 

белгілі  бір  жүйеге  түседі,  оқу  орындары  мен  ересектерге  тіл  үйрететін  орталықтардың 

жұмыстары  үйлестіріледі,  мемлекеттік  тілді  үйретудің  әдістемесі  жетіліп,  жаңа  сатыға 

көтеріледі.  Өйткені  бірізді  -сатылы  бағдарлама  әр  деңгейге  арналған  оқу-әдістемелік 

құралдарды,  тұтас  кешендерді,  мультимедиалық  бағдарламаларды  дүниеге  әкеледі.  Яғни, 


 

57 


бұрынғыдай 

әркім 


әр 

жерде 


өз 

білгенін 

емес, 

тілді 


оқытудың 

мемлекеттік 

тұжырымдамасына,  стандартына,  типтік  бағдарламасына  сай  белгілі  бір  жүйеге  құрылған, 

нәтижеге  бағытталған,  мақсатты  жұмыстар  атқарылады.  Сонда  қазақ  тілін  үйрету 

әдістемесінің кенжелеп қалғаны емес, кезі келіп, кезеңі туғанда қажетті, мәнді жұмыстарды 

атқара    алатындығы  байқалады.  Бізде  осындай  ауқымды,  мақсатты  жұмыстар  жүргізуге 

дайын  отырған  ғалымдар  баршылық.  Олар  бүгінгі  күннің  өзінде  өз  саласында  мардымды 

жұмыс, татымды шаруа, нәтижелі істер атқаруда. Мәселен, Ә.Жүнісбектің, А.Алдашеваның, 

Т.Аяпованың,  Қ.Қадашеваның,  З.Күзекованың,  З.Ерназарованың,  К.Жақсылықованың, 

Ш.Құрманбаеваның  оқу-әдістемелік  дүниелері,  тілді  оқытудың  теориялық  мәселелерін 

зерттеп  жүрген  Б.Хасанұлының,  Ф.Оразбаеваның  зерттеулері  Астанадағы,  Алматыдағы 

орталықтардың,  Батыс  Қазақстандағы  «Ағартушы»  орталығының,  Қарағанды,  Алматы 

облыстық орталықтарының  ізденістері  -  қазақ  тілін  үйрету  әдістемесі  саласының  әжептеуір 

өскендігін  және  өз  салаларында  қандай  да  болмасын  іргелі  шаруалар  атқаруға  дайын 

екендігін  көрсетіп  отыр.  Сондай-ақ,  қазақ  тілін  мемлекеттік  тіл  ретінде  оқыту  практикасын 

жетік  меңгерген  мыңдаған  мұғалімдердің  шоғыры  да  қалыптасты.  Егер  Үкімет  бірізді-

сатылы  бағдарлама  жасауды  үлкен  мемлекеттік  деңгейде  қолға  алса,  онда  мамандар  бұл 

ауқымды істі еңсеретініне күмәнданбаймыз.  

Қазіргі кезде қазақ тілі оқытудайын-ақ оқытылуда. Біздің есебімізше, орыс тілінде білім 

беретін  орта  мектептердің    өзінде  І-ХІ  сыныптарда  1600  сағаттай  қазақ  тілі  оқытылады. 

Оның  500-дей  сағаты  бастауышта,  800-ден  астамы  орта  буында,  қалғаны  жоғары 

сыныптарда.  Бұл  аз  емес.  Міне  осы  бар  сағатты  сақтай  отырып-ақ,  бағдарламаны  жаңаша 

құру,  бағдарламаға  сай  оқулықтар  дайындау  арқылы  айтарлықтай  нәтижеге  жетуге  болады. 

Жаңағы  айтқан  1600  сағат  көлемінде  алсақ,  әр  сабақта  оқушы  2-3  сөзден  үйренді  дегеннің 

өзінде 3 500-5000 сөз үйренеді екен. Әдіскер ғалымдардың айтуынша, бір тілде ойын толық 

жеткізу  үшін  3000-3500  сөз  қажет  екен.  Ендеше  қазақстандық  оқушының  қазақ  тілін 

меңгеруге  толық  мүмкіндігі  бар.  Алайда,  мектептегі  жүйе,  оқу-әдістемелік  құралдардың 

сапасы мұндай нәтижеге апармай отыр. Яғни түбірлі өзгеріс қажет екендігін тәжірибенің өзі 

айғақтауда. Біздің мұндай «тәжірибеге» төзе беруімізге болмайды. Тілді үйрету де, үйрену де 

мемлекеттік  іс  деп  жариялануы  тиіс.  Сонда  ғана  тіл  білмейтін  балалардың  өздері  де,  ата-

аналары  да  мемлекеттік  тілдің  маңызын  шын  сезінбек.  Біздің  ойымызша,  мектепте  тіл 

үйретуді бес деңгейлік жүйеге көшіру қажет. Бірінші деңгей – 1-2 сыныптар; екінші деңгей -

3-4  сыныптар;  үшінші  деңгей  –  5-7  сыныптар;  төртінші  деңгей  –  8-9  сыныптар;  бесінші 

деңгей – 10-11 сыныптар. Әр сыныптар бойынша фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, 

қатысымдық  минимумдар  ойластырылып  түзіледі.  Әр  деңгей  бойынша  емтихан 

тапсырылып, сертификаттар беріледі. Сонда оқушы да, тіл үйретуші пән мұғалімі де, мектеп 

басшылығы  да,  білім  басқармасы  да,  тиісті  министрлік  те  мәселеге  ерекше  маңыз  береді. 

Бұларға қоса баланың жақсы білім алуына ең  мүдделі болып отырған ата-ана айрықша мән 

берер  еді.  Бүгінгі  таңда  ата-аналардың  өз  балаларына  жақсы  білім  беруге  деген 

құлшынысы мықты. Бүгінгі ата-ана баласының сапалы білім алуына аса мүдделі. Біз қазақ 

тілін  дамыту  саясатында  ата-аналардың  осындай  құлшынысын  дер  кезінде  оң 

пайдалануымыз  керек.  Егер  мектептегі  қазақ  тілін  үйретудің  әлгіндей  жүйесін  берік 

қалыптастырсақ, онда тілге деген барша қазақстандықтардың сенімін түпкілікті бекітер едік. 

Бұдан  ары  мектеп  бітіруші  түлектердің  көпшілігі  орта  арнаулы  оқу  орындарына  немесе 

жоғары  оқу  орындарына  барады.  Тіл  үйретудің  алтыншы  деңгейі  осындай  оқыту 

орындарына  арналуы  тиіс.  Мұнда  да  мемлекеттік  тілден  арнайы  емтихан  тапсырылып, 

сертификат  беріледі.  Оқу  бітірген  жас  азамат  одан  әрі  қызметке  орналасады.  Міне  осы 

қызметте  ол  қазақ  тілінің  жетінші  деңгейін  игеруі  тиіс.  Алтыншы,  жетінші  деңгейлер 

салалық  деңгейлер  болып  есептеледі  де,  студенттің  немесе  қызметкердің  мамандығына 

байланысты оқытылады. Мұндағы оқу мерзімі екі жылдан аспауы тиіс. Егер осы ұсыныстар 

жүзеге  асса  онда  жасы  24-25  тегі  барлық  қазақстандық  қазақ  тілінде  еркін  сөйлеу 

мүмкіндігіне, қажет десеңіз, бақытына ие болады. Бұл біздің жалпы ұсыныстарымыз. Жұмыс 

барысында оларды толықтыру, жетілдіру біз мән бермеген осы мәселеден туындайтын басқа 

да  оңтайлы  шараларды  жүзеге  асыру  –  уақыттың  шаруасы.  Орайында  толықтырыла, 

дамытыла берер. Мәселе, бұл ауқымды мемлекеттің  болашағы үшін, елдің тұтастығы үшін, 



 

58 


халықтардың  бірлігі  үшін  жасалуға  тиісті  мемлекеттік  істің  кешеуілдемеуінде.  Мұндай 

маңызды жұмысты атқаруға Қазақстанның әлеуеті де, ғалым-әдіскерлердің, оқытушылардың 

білімі  де,  білігі  де  толық  жетеді.  Мәселе  жоғарыдан  берілер  орайлы  пәрменде.  Мәселенің 

мемлекеттік  маңызы  болған  соң  ондай  пәрмен  берудің  қиындығы  бар  деп  ойламаймыз. 

Соңғы жылдары тілге қомақты қаражат та бөлініп отыр. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын 

Үкімет  «Қазтест»  жобасын  қаржыландыруды  қолға  алды.  Осыдан  бірер  ай  бұрын  «Нұр-

Отан»  партиясының  ұйытқы  болуымен  «Қазтестің»  жұмысына  байланысты  Астанада 

дөңгелек  үстел  өткізілді.  Мұнда  осы  жобаның  қажет,  қажет  еместігі  жөнінде  пікірталасқа 

барыстық.  Бірақ  оқыту  жүйесі  жасалынбай  тұрып,  алдымен  тіл  білмейтін  тұрғындарды 

арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында оқытып алмай жатып, олардың тілді  білу деңгейін 

бағалайтын  ауқымды  жобаны  іске  асырудың    қажеттілігі  қалай  екен  деген  ой  тұрды 

көкейімізде. «Қазтест» сияқты жоба қажет. Бірақ қандай да болмасын тест, негізінен алғанда, 

нәтижені  бағалау  үшін  жасалуы  қажет  шығар.  Осы  «Қазтестке»  қатысты  дөңгелек  үстелде 

оны  дайындаушылар  американ,  француз,  неміс,  түрік  тілдерін  білу  деңгейін  бағалайтын 

тестердің  тәжірибелерін  саралағандықтарын  айтты.  Шетелдің  тәжірибесін  білген  жөн. 

Алайда  ол  елдердегі  тілдік  ахуал  мен  Қазақстандағы  тілдік  ахуалдың  айырмашылығы 

Балқаш  пен  Викторияның,  Алатау  мен  Альпінің,  Қарағанды  мен  Калифорнияның 

айырмашылығындай  емес  пе?!  Бізде  TOIFEL  жүйесін  көлденең  тарта  беру  сәнге  айналды. 

Бұл жүйе – сол елдің өз тұрғындары үшін емес (бұл елдің азаматтарының бәрі мемлекеттік 

тілін жетік біледі), сырттан келген жұмыс күші үшін істелген жүйе.  Айырмашылық бар ма? 

Әрине,  бар.  Бізде  бір  қызығы  –  өзіміздің  ішкі  даму  ерекшеліктерімізді  ескермей,  беделді 

мемлекеттердің нақ біз үшін қажетті, қажетсіз тәжірибелеріне жүгіну мен жүгіру бар. Сыртқа 

тұра жүгірмес бұрын өз жағдайымызға үңіле түсуді ұмытпасақ екен. Шетелдік тәжірибелерді 

сараптаған жөн десек те, алдымен өз жағдайымыздан шығу керек. Бүгінгі күнде мемлекеттік 

тілді білудің жалпықазақстандық деңгейін анықтау қиын, себебі – жалпықазақстандық оқыту 

жүйесі  орнықпаған.  Егер  біз  айтып  отырған  бірізді-сатылы  оқытудың  жүйесі  жасалынса, 

онда  соған  орай  тіл  білу  деңгейін  бағалайтын  механизм  өзінен-өзі  табиғи  түрде  дүниеге 

келмек.  

Қазіргі  Үкімет  мемлекеттік  тілді  оқытудың  осындай  жүйелі  жолын  қалыптастыруға 

ықпал  етсе,  мемлекеттік  тілге  байланысты  көптеген  түйінді  мәселелер  шешілген  болар  еді. 

Бұған  Білім  және  ғылым  министрлігі,  Мәдениет  министрлігі,  Мемлекеттік  қызмет  істері 

жөніндегі  агенттік  жұмылдырылып,  әдістеме  саласындағы    ғалымдар  топтастырылып,  ең 

алдымен  осы  бағдарламаны  Үкімет  тарапынан  бекіту  қажет.  Сонда  ғана  қазақ  тілін  үйрену 

жүйелі,  ең  бастысы  нәтижелі  жолға  қойылады.  Онсыз  әркім  өз  бетімен  оқытудан  жаппай 

халықты үйрету мүмкін емес. Қазақстанда мемлекеттік тілді оқып-үйренудің  бірізді-сатылы 

бағдарламасы жасалса, тілді үйренушілер мемлекеттік үлгідегі сертификат алуға мүдделілік 

танытар  еді.  Міне  осы  мүдделілік  қажеттілікке  айналады. Өйткені олардың тіл  білу  деңгейін 

көрсететін  сертификат  сыныптан  сыныпқа  көшуіне,  мектеп  бітіруіне,  оқуға  түсуіне,  қызметке 

орналасуына  ықпал  етеді.  Егер  осы  жүйені  орнықтырсақ,  онда  мемлекеттік  тілге  байланысты 

ондаған жылдар қордаланған өзекті мәселелер шешімін тапқан болар еді.  

Ерте  ме,  кеш  пе  мемлекеттік  тілді  үйретудің  бірізді-сатылы  бағдарламасы  жасалады, 

мүмкін  ол  басқаша  аталар,  мәселе  онда  емес.  Өзінің  мемлекеттік  тілін  миллиондаған 

азаматтар  білмейтін,  тіл  білмей-ақ  мемлекеттік  қызметте  жұмыс  істей  беруге  болатын  елде 

түптің  түбінде  мемлекеттік  тіл  қажеттілік  пен  міндеттілікке  айналары  хақ.  Бұл  сол 

мемлекеттің  қалыпты  өмір  сүруі  үшін  маңызды    стратегиялық  қажеттілік.  Мұны  неғұрлым 

тезірек  түсіне  отырып,  жай  ғана  түсініп  қоймай,  әрекетке  көшер  күнді  жақындатқан  жөн. 

Тілдерді  қолдану  мен  дамытудың  2001-2010  жылдарға  арналған  бағдарламасы  Қазіргі 

таңдағы тілге қатысты заңнамаларды ой елегінен өткізсек, Қазақстанда тілді дамытудың одан 

басқа  шешуші  тетігі  жоқ  екендігіне  көзіңіз  жетеді.  Мемлекеттік  тілді  үйренудің  бірізді-

сатылы жүйесін қалыптастырып, іске асырсақ, біз мемлекеттік тілді міндеттейтін жүйеге қол 

жеткіземіз. Осыдан барып түптің түбінде қазақ тілі – мемлекеттік қызметтің де, биліктің де, 

баланың да, баршаның да тіліне айналады.  Баршамыздың күткеніміз де осы емес пе, ағайын!  

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   90




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет