Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына әлеуметтік психологиялық Қолдау көрсету жолдары



Дата30.05.2022
өлшемі23,62 Kb.
#35925

« Денсаулық – зор байлық »
мүгедектер қоғамдық бірлестігі

Баяндама
Тақырыбы: «Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына әлеуметтік психологиялық қолдау көрсету жолдары»

Орындаған: Озумбекова З.А.


2022ж.
МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА


ӘЛЕУМЕТТІК - ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖОЛДАРЫ

Отбасында мүмкіндігі шектеулі баланың дүниеге келуі, бірінші кезекте ата-анасына өте ауыр соққы болады. Мұндай сәттерде ата-аналар арасындағы қарым-қатынастар шиеленіседі, кейбір жағдайларда ата-аналар ажырасады тіпті баладан мүлдем бас тартуы да мүмкін. Мүмкіндігі шектеулі баланың дүниеге келуі барлық ата-анаға бірдей әсер етпеуі мүмкін. Алайда басым көпшілігін күшті психологиялық күйзеліске ұшыратады, сөйтіп психиканың бұзылуына әкеліп соқтырады.


Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасында өз кезегінде толып жатқан проблемалар туындайды: дамудағы кемістіктің қандай көріністе кездесетіні туралы мағлұматтың болмауы, баланың болашақтағы дамуы туралы болжай алмауы, өздері қамқорлық жасай алмайтын уақыттағы баланың тағдыры үшін алаңдау; ата-аналардың психологиялық дезадаптациясы; мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеуден бас тарту мен баланы мемлекеттік мекемеге орналастыру туралы шешім қабылдаудағы сергелдең сондай-ақ, баланың тууымен қатар материалдық және әлеуметтік проблемалар да пайда болады. Отбасы мен қоғам арасындағы қарым-қатынас қиындайды. Егер мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік және моральдық-психологиялық қолдау жеткіліксіз болса, мұндай жағдаяттар өрши түсуі мүмкін. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі баланы үй жағдайында тәрбиелеу туралы ата-аналарды сауаттандыру жұмыстары жүргізіледі, арнайы әдебиеттермен қамтамасыз етіледі. 
Дамуында қандай да бір ауытқуы бар бала өсіріп отырған барлық ата-аналардың мінез-құлқының бірнеше түрін ажыратады:
- Ата-ана баланы оның кемістігімен бірге қабылдауы – баланың кемістігін қабылдайды, адекватты бағалайды және балаға шынайы адалдық көрсетеді, оның кемістігіне деген жағымсыз көзқарас немесе өзін де, баланы да кінәлау сезімі болмайды.
- Теріске шығару, мойындамау реакциясы – баланың кемістігі мен мүмкіндіктерінің шектелуі теріске шығарылады, сондықтан баласының қабілетінің жоғары болуын талап етеді.
- Шектен тыс қорғау реакциясы – бұл тым күшті қамқорлық жасау, балаға аяныш сезімімен қарау және шектен тыс жақсы көру. Баланың орындайтын істерін өздері орындайды, нәтижесінде бала өздігімен әрекеттенуге дәрменсіз, өмір бойы инфантильдік деңгейде қалып қояды.
- Баладан жасырын бас тарту, шеттету – бұл жағдай ұят болып саналады. Ата-аналар өздерінің жиреніш, жеккөрініш сезімдерін шектен тыс қамқорлықпен жасырады.
- Баладан ашық бас тарту, шеттету – мұнда ата-аналар өздерінің жауығу, жеккөру сезімдерін жасырмайды. Ата-аналар өздерінің бақытсыздығына қоғамды, дәрігерлерді, мұғалімдерді кіналайды, балаға да оның кемістігіне де адекватты емес көзқараспен қарайды. 
Шектен тыс қамқорлық (протекция) пен бас тарту, жасырын немесе ашық шеттету – мұның барлығы ата-ананың теріс реакциялары, бұлар баланың дамуын тежейді немесе дамуға кедергі жасайды. Мұндай отбасыларына психологиялық қолдау қажет, сондықтан мұнда әлеуметтік қызметкерлер, арнайы мамандар үлкен роль атқарады.
Мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-ана үшін теріс эмоциональдық сезімдер туғызып қана қоймайды, ол отбасының үйреншікті тұрмысын, өмір сүру жағдайын өзгертеді, отбасындағы басқа балаларға деген көзқарас пен олармен қарым-қатынасты да өзгертеді. Кейбір отбасылар ел көзіне түспеуге тырысып тасаланады, аяушылыққа немесе мазаққа тап болудан қорқады, басқа туыстарымен қарым-қатынастарын шектейді. Мұның барлығы қоғамның мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдауға дайындық деңгейіне байланысты, қоғам әлі де бұған әзір емес. Қоғам қоғам болғалы дені сау адамдар мен даму мүмкіндігі шектеулі балалар арасында болатын «психологиялық бөгет» әлі де түбегейлі өшкен жоқ. Бұл жағдайдан адамдардың моральдық қатігездігі арта түседі, өзге адамдардың бақытсыздығы мен қасіретіне деген сезімталдық жоғалады.
Мүмкіндігі шектеулі бала дүниеге келгеннен кейін оның тәрбиесіне отбасының әрбір мүшесі жауапты болуы тиіс. Сондықтан, мұндай отбасыларға арнайы педагог мамандардың, соның ішінде дефектолог, психолог, әлеуметтік-педагогтардың көмектері ауадай қажет. Мүмкіндігі шектеулі балалар ерекше көңіл бөлуді, арнайы тәрбиелеу мен оқытуды талап етеді. Оның отбасындағы қарым-қатынасын және өзі қатарлас балалармен араласуын анықтау, олармен бірдей деңгейде араласуына мүмкіндік туғызу, білім деңгейіне сай оқыту және қоғамның болашақта өз-өзіне сенімді азамат етіп тәрбиелеу үшін педагог мамандар ата-аналармен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен тығыз байланыста болуы керек. Тек осы жағдайда ғана, мүмкіндігі шектелген балалардың өздерін қоғамның толыққанды азаматы ретінде қабылдауына жағдай туады.
Қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әртүрлі дәрігерлік-әлеуметтік мекемелер мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері т.б. қызмет етеді. Аталған мекемелердің қызметі үш негізгі мәселені қамтиды. Бірінші орында – білім бағдарламасын меңгеруде қиындық көретін балаларға көмек беру; екінші орында – әр баланың ерекшелігіне қарай дара психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік, дәрігерлік, заңгерлік қолдау жасауды жүзеге асыру; үшінші орында – білім беру мекемелерінде баланың дамуына ықпал ететін анағұрлым қолайлы жағдайлар туғызу.
Психологиялық қызметтің құрылымдық буындары Қазақстан Республикасындағы әрбір білім беру мекемесінде бар (балабақшалар, әртүрлі типті мектептер, балалар үйлері, интернаттар, орта кәсіптік оқу орындары, жоғары оқу орындары т.б.).
Ата-аналарды оқыту отбасындағы баланы тәрбиелеуге байланысты білімдер мен дағдылар туралы ақпараттарды тарату мақсатындағы жүйелі және мақсатты жұмыстардың бірі болып табылады. Педагогика ғылымында ата-аналарды оқытудың екі маңызды міндеті қарастырылған. Олар:
1) бала тәрбиесіне қажетті, педагогикалық білімдерді жинақтау;
2) өзін-өзі тәрбиелеу, ата-аналарға өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалауға көмектеседі, балаға деген сенімділік пен дұрыс ұстанымды қалыптастырады .
Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-наларымен жұмыс істеудің бірнеше бағдарламалары жасалған. Бірінде – барлық күш бала мінез-құлқын түзетуге бағытталса, басқалары – оның ақыл ойының дамуына арналған. Ата-ана тәрбиесінің жалпы бағдарламаларына тән нәрсе, балалардың әртүрлі міндеттерді шешу кезінде, айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауда, әртүрлі жағдайларда мінез-құлықтың түрлерін таңдағанда оның дербестігін кеңейтуге ұмтылу болып табылады.
Әр түрлі арнайы бағдарламалар баланың тілін дамытуға, оның танымдық және әлеуметтік дағдыларын, қоғамда өзін-өзі дұрыс ұстай білуін, яғни баланың тұлғасын дамытуға, әлеуметтік біліктілік пен мінез-құлқын бейімдеуге бағытталған.
Ата-анаға көмек бағдарламалары өзінің ерекше бағасын ақыл-ойында кемістігі бар балалардың отбасымен жұмыс істеген кезде алады. Аталған бағдарламалардың мақсаты төмендегідей болып табылады:

  • ата-анаға жоғары дәрежедегі психологиялық көмек көрсету;

  • ата-анаға баласын тәрбиелеу мен оқытуда белсенді әрекет жасау үшін керекті жағдайлар туғызу;

  • баланың дамуына қолайлы отбасылық жағдайлар жасау мақсатында жақын туыстарына көмек көрсету;

  • ересектер мен олардың балалары арасында дұрыс қарым-қатынас қалыптастыру.

«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында және Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында республиканың 14 қаласында ата-аналарға арналған «Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын сақтау» бойынша сабақтар өткізілуде, - деп хабарлайды бұқаралық ақпарат құралдары.
«Ата-аналар мектебі» тренингтерін өткізудегі басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі балаларды күту бойынша ата-аналардың дағдыларын, олардың әлеуметтік, бала ауруының қауіпті белгілеріне, өз-өздеріне көмек көрсету әдістеріне бейімделуін жақсарту, денсаулық сабақтарын өткізу, - дейді Алматыдағы жоба үйлестірушісі Е. Колмогорова .
Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік реабилитация жасауды оның өзінен емес ата-анасынан бастаған дұрыс, нақтылап айтқанда олардың даму мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеуге деген психологиялық даярлығын қалыптастырудан бастаған жөн.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет