Монография // Мұқанов Сәбит. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Он алтыншы том. Алматы



Pdf көрінісі
бет1/12
Дата21.01.2017
өлшемі1,7 Mb.
#2370
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

 
1
 
 
Сәбит Мұқанов. АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ. Монография // Мұқанов Сәбит. 
Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Он алтыншы том. – Алматы: 
Жазушы, 1980. – 169-391-беттер.  
 
Кіріспе орнына 
Бұл монографиялық еңбегімді 1945 жылы жазып бітірген ем. Сол жылы 
қазақ  халқының  ардақты  ақыны  Абай  Құнанбаевтың  туғанына  100  жыл 
толуына жұртшылық зор қуанышпен тойлаған болатын.  
Ақындық  шеберлігі  баршамызға  үлгі  болған  Абайды  терең  білу,  оның 
мұрасын меңгеру ісін  мен өзіме кезекті міндет тапқандықтан, көлемді еңбек 
жазумен  щұғылданып  жүретінмін.  Абай  творчествосының  халықтық  мәнін 
ашып,  оның  өлең  өрнегі  мен  кестесіне  ой  жүгірткен  еңбегім  ақынның  100 
жылдық  мерекесіне  бағышталып  шыққан  жинағына  кіріспе  сөз  болған. 
Алайда Абай жайындағы бұл еңбегім түгелдей жарияланбаған еді.  
Октябрьге 
дейінгі 
әдебиетіміздің 
саңлақтары 
жайындағы 
осы 
кітабымды  дайындау  кезінде  Абай  туралы  жазған  еңбегіме  қайта  оралдым. 
Кейбір  жеңіл-желпі  редакциялық  жөндеулермен  сол  қалпында  жариялауды 
орынды  таптым.  Абайды  зерттеу  саласындағы  соңғы  жылдары  шыққан 
еңбектерді  сөз  арасында  айтып  отыру  аздық  қылатын  болғандықтан,  олар 
жөніндегі  көзқарасымды,  келісетін-келіспейтін  жайларымды  осы  жолы 
арнайы әңгіме етуді қажет таппадым.  
Мұндай  қорытындыға  келуіме  екі  себеп  бар.  Бірінші  –  соңғы  жылы 
еңбектерге  өз  көзқарасымды  айтатын  болсақ,  бұл  еңбегіміз  көлем  жағынан 
өсіп,  пікір  таласына  көп  орын  берілер  еді.  Екінші  –  сол  еңбектердің  көбі 
өзінің  мән-мақсаты  жағынан  да,  құрылысы  жағынан  да  менің  бұл 
монографияма ұқсастығы аз екендігін байқадым. Марқұм Мұхтар Әуезовтың 
«Әр  жылдар  ойлары»  мен  «Қазақ  әдебиеті  тарихының»  екінші  томының 
бірінші кітабына жазған Абай туралы зерттеуінің құндылығын айрықша атап 
айтқанның  өзінде,  менің  бұл  еңбегім  Абайды  өз  заманымен  тұтас  көрсетуді 
көздейді.  Сондықтан  оқушылар  үшін  де,  Абайды  зерттеушілер  үшін  де 
пайдасыз  болмас  деген  оймен  бұл  монографияны  бастапқы  күйінде 
жариялауды орынды табам.  
Автор  
 
1. 
Абайды тану туралы 
 Тарихта аты қалған әрбір белгілі ақын-жазушыны кейінгі ұрпақ жақсы 
тану  үшін  екі  түрлі  материал  сақталуы  қажет.  Бірінші  –  сол  белгілі  ақын-
жазушының өзінен ауызша я жазбаша түрде сақталған щығармалары; екінші 
–  сол  белгілі  ақын-жазущымен  жақын,  тұстас,  замандас  болған  адамдардан 
ауызша  я  жазбаша  сақталған  шығармалар.  Бұл  екі  түрлі  материал 
сақталмаған  күнде,  қандай  үлкен  ақын-жазушы  болса  да,  оның  өмірін  және 
жазушылық  қызметін  толық  білу  қиын.  Ондай  ақын-жазушылар  не 

 
2
ұмытылып,  шығармалары  халық  қазынасына  айналып  кетеді  де,  не 
шығармалары  шалағай  өзгерген  түрде  тарайды.  Ыбырай  Алтынсарин  мен 
Абайға  дейінгі  қазақтың  ақын-жазушыларын  біздің  әлі  күнге  шейін  щалағай 
білетіндігіміз  сондықтан.  Бұған  бес  себеп:  соңғы  бірер  ғасырға  шейін  қазақ 
халқының  көшпелі  дәурен  сүруі,  қаласы,  мектебі  болмауы,  бірен-саран 
проценті  ғана  әлдеқалай  хат  танымаса,  жалпы  көпшіліктің  сауатсыз  болуы. 
Сауатсыз  елден  әлемді  аузына  қарататын  ақын-жазушы  шыға  қоюы  асқан 
дана болмаса, аты да көп кешікпей жоғалады.  
XVIII  ғасырдағы  Бұхар  жырау  Қалқаманұлынан  арғы  жақта  жасаған 
қазақ ақындарының ішінде ертегіге айналып кеткен Асан қайғы сияқты бірлі-
жарымдысы ғана болмаса, өзгелерінен ешкімнің сақталмауы да осыдан.  
Тарихында    ақындарының  аты-жөні  сақталған    бақытты  елдер  –  грек, 
рим,  араб,  парсы  сияқты  отырықшы  тұрмысқа  көне  заманнан  ауысқан, 
жазулары ерте шыққан халықтар. Біздің жыл санауымыздың  559 жыл бұрын 
жасаған  грек  ақыны  Солонның,    457  жыл  бұрын  жасаған  грек  драматургі 
Эсхилдің, 192  жыл  бұрын  жасаған  Луцианның  ,189  жыл  бұрын  жасаған  Рим 
драматургі  Плавттың,    15  жыл  бұрын  жасаған  Пропецийдің,  Айсадан    65 
кейін  жасаған  Рим  ақыны  Сенеканың,  102  жыл  кейін  жасаған  Марциалдың, 
ІХ  ғасырда  жасаған  парсы  ақыны  Әбілқасым  Фирдоусидің,  ХІІ    ғасырда 
жасаған  араб  ақыны  Әбу-Фирастың,  ХІІІ  ғасырда  жасаған  грузин  ақыны  
Шота  Руставелидің,  ХVI  ғасырда  жасаған  өзбек  ақыны  Науаидің  тағы 
басқалардың  өмірлері,  шығармалары  тарихта  сақталуы  –  осы  ақындарды 
туғызған халықтардың ерте сауаттануынан. 
Европада  ХІІІ  ғасырдан  басталған  Өркендеу  (эпоха    Возраждения)  
дәуірінен  кейін  қолына  қалам  ұстаған  Европа  жазушыларының  өмірі, 
шығармашылық  қызметтері  айқын.  Мәселен,  ХІV  ғасырда  жасаған  итальян 
ақыны Дантенің, ХVI  ғасырда жасаған испан жазушысы Сервантестің, XVIII 
ғасырда  жасаған  француз  ақыны  Вольтердің,  XIX  ғасырда  жасаған  орыс 
ақыны  Пушкиннің  өмірлерінде  қандай  кезеңдер  болғанын,  әрбір  жеке 
шығармалары  қандай  жағдайда  жазылғанын,  біз    өзімізбен  замандас 
ақындардай білеміз. Себебі: олардың  өздері   де (XVIII- XIX ғасыр ақындары)  
күн  сайын  басынан  кешкенін    жазып  отырған,  туған-туысқандары  да,  дос- 
жарандары да  олар туралы көрген-білгенін жаза берген. Сондықтан олардың 
өмір суреттері тарих айнасына бейнесін  айқын  түсіріп отырған. 
Осы  тұрғыдан  алып  қарағанда,  қазақтың  Абайдан  арғы  ақындары 
былай  тұрсын,    жазба  әдебиеттің  классигі  саналатын  Абайдың  өмірі  мен 
жазған  шығармаларын    тануда  да,    күні  бүгінге  шейін  біз  аса  зор 
қиындықтарға кездесіп жүрміз. 
Ең  алдымен,  Абайдың  өмірін  тануда  кездесетін  қиындықтарға  аздап 
тоқталайық. Абайдың өмірбаянын  бірінші рет жазған адам -  оның туған інісі 
Ысқақтың  баласы  Кәкітай.  Бұл  «өмірбаян»  Абай  өлгеннен  бес  жыл  кейін, 
1909 жылы шыққан Абайдың өлеңдер жинағында басылды. 

 
3
Онда  Абайдың  ата-тегі  туралы  да,    өз  өмірі  туралы  да  айтылған 
мәліметтер  өте  аз,  берілген  материалдар  тым  қысқа,  әсіресе  Абайдың  өмір 
кезеңдері туралы мәлімет жоқтың қасы.  
Абайдың  ғылыми  өмірбаянын  жасауда  бірінші  рет  негіз  салған  адам  – 
жазушы  Мұхтар  Әуезов.  1940    жылы  Алматыда  басылған    Абайдың  «толық 
жинағының  »  ІІ  томына  қосқан  оның  «Абайдың  өмірбаяны»  деген  еңбегі 
Абайдың  оқушыларын  бұрын  білмейтін  көп  мәліметпен  таныстырады. 
Абайдың  қоғамдық  және  жеке  өмірінде  болған  бірнеше  бағалы  кезеңдерді 
оқушылар бірінші рет Мұхтардың осы еңбегінен   көреді. Бұл еңбектің  және 
бір  бағалы  жағы-  еңбекке  негіз  болған  материалдарды  Мұхтар  Абайды 
көрген,  істес  болған    адамдардың    аузынан  жазып  алған.  Осы  бағалы 
жағымен  қатар,  Мұхтар  жазған  «Абайдың  өмірбаянында»  бірнеше  елеулі 
кемшіліктер де бар. Олар: 
1. 
Абайдың шыққан тегі туралы мәлімет толық емес. 
2. 
Абай дәурен сүрген кездің саяси және экономикалық жағдайлары 
жөнді айтылмаған. 
3. 
Қазақ  жазба  әдебиетінің  классигі  болуда  Абайға  көп  жәрдемі 
тиген,  Абай  үлгі  алған  философиялық,  эстетикалық,  әдебиеттік  мектептер 
туралы, әсіресе Абай ерекше арқа сүйеген орыстың ХІХ ғасырдағы қоғамдық 
және әдебиеттік пікірлері туралы жеткіліксіз айтылған. 
4. 
«Абайдың өмірбаянында» жазушылық бейнесі  толық көрінбеген. 
Өмірбаянды жазушы Абайдың  рулық тартыстардағы харекеттерін баяндауға 
көңілін  көбірек  бөліп,  жазушылық  өсу  кезеңдеріне    аз  тоқтаған.  Бұл 
кемшіліктер кейін Абай творчествосы  туралы  арнаулы жазған еңбектерінде  
толықтырылады. 
5. 
Абайдың  қай  щығармасы  қандай  жағдайда  тууын    толық 
ашпаған. 
Бұл  кемшіліктердің  біразы  Мұхтардың  «Өмірбаянды»  жазуда  
қолданған  материалдарының    жеткіліксіз  болуымен  байланысты    болуға 
тиісті.  Не  Абайдың    өзінен    қалған  күнделік  болмаған  соң,  не  Абайдың  
замандастары  жазған естеліктер болмаған соң, бұдан 41  жыл бұрын қайтыс 
болған  Абайдың  өмір  кезеңдерін,  жазушылық  кезеңдерін,  абайды  көрген 
бірен-саран адамның ауызша айтуымен толық баяндау қиын. 
 Абайдың  шығармаларын  тануда  оқушылар  мен  зерттеушілерге 
кездесетін  бір  қиындық  –  оның  шығармаларының  көпшілігнің    қай  жылы, 
қандай жағдайға байланысты жазылғандығы мәлім еместігі. 
Абайдың  өмірбаянын  жазушылардан  біздің  оқығанымыз  және  Абайды 
көргендерден  біздің  естігеніміз:  Абай  өлең  жазуға  жасынан  әуестенгенмен, 
40  жасқа  келгенше  өзін  жазушы  деп  танымағн  да,    жазушы  болам  деп 
тырыспаған.  Сондықтан  ол  40  жасқа  шейін,  әлдеқандай  бәр  көңіл  күйін 
түсіре  қалған  жағдайға  арнап,  әлдеқалай  өлең  жазатын  болса,  ондай 
өлеңдерін,  Абайды  төңіректейтін  әдебиетшілердің  бірі  -  Көкбайдың  я  сол 
сияқтылардың атынан  таратып,  өзінікі екенін жұртқа білдірмеген. 

 
4
40  жастан  кейін  жазу  жұмысына  белсене  кіріскен  және  атын  ашып 
жазған  Абайдың    қолжазбалары  бізге  жеткен  жоқ.  Абайдың  бірнеше 
қолжазбалары    достарымен,  оқудағы  балаларымен  жазысқан  хаттары  және 
өзі  жинаған  кітаптары  революция  жылдарына  шейін  сақталып,  1919  жылы  
Қызыл  Армиядан  қашып  келе  жатқан  ақ  бандылардың  ылаңынан  өртеліп 
кетіпті.  Абай  шығармалары  бізге  Мүрсейіттің  қолжаззбалары  арқылы  ғана 
жетті. 
Мүрсейіттің  кім екендігін және Абайдың өлеңдерін оның қалай жинап 
жазған  тарихын  оқушы  көпшілік  әлі  жете  біле  бермейді,  сондықтан  ол 
туралы Архам Ысқақов айтқан мына материалды бере кету қажет.  
Мүрсейіт Бікіұлы руы тобықты. Оның ішінде – Әнет. Мүрсейіттің әкесі 
–  Бікі  жасында  Құнанбайдың  қолына  көшіп  келіп,  малшысы  болған, 
Мүрсейіт Ысқақтың балаларымен бірге Жақып молдадан мұсылманша оқиды. 
Зерек, ынталы Мүрсейіт Семейдегі интернатта екі-ақ жыл оқып орысша аз да 
болса  хат  таниды  да,  аулына  қайтып  кеп,  балаларға  мұсылманша  және 
орысша сабақ береді.  
Абай  тірі  кезде,  Мүрсейіт  оның  өлеңдерін  жинаумен  шұғылданбаған, 
оған  себеп  мынау:  Абай  өзінің  қолжазбаларын  Махмуд  деген  молдаға,  өз 
баласы Мекайылға, әйелі Еркежанның інісі Сүлейменге сақтатады екен. Абай 
өлгеннен  кейін  Мүрсейіт  жинай  бастаған  және  Абай  өлеңдерін  бастару 
мақсатымен Кәкітай Ысқақов жинайды.  
Кәкітай  Ысқақов  –  Абайдың  немере  інісі  –  1870  жылы  туып,  1915 
жылы өлген.  
Кәкітайды  Абай  жақсы  көреді  екен.  Абай  1882  жылы  қыстай  Семейде 
жатып  кітапханадан  кітап  алып  оқумен  шұғылданғанда,  Кәкітай  Абайдың 
қасында  болған.  Осы  кезде  Абайдың  үйретуімен  Кәкітай  орысша  хат  танып, 
жеңіл-желпі орысша кітаптарды өз бетімен оқып, түсініп кеткен.  
Жиналған 
өлеңдерді 
Кәкітай 
Мүрсейітке 
жаздырады. 
Себебі, 
біріншіден,  Мүрсейіттің  қолжазбасы  анық  және  көркем  болады,  екіншіден, 
жыртылған  я  бас-аяғы  жоқ  қолжазбалардың  жоғалған  сөздерінің  көбін 
Мүрсейіт жатқа біледі.  
Кәкітай  1906  жылы  Абайдың  өлеңдерін  Мүрсейітке  түгел  жаздырып 
алады  да,  Омбыда  бастыру  мақсатымен  (ол  кезде  Омбыдан  жақын  қалада 
мұсылманша  шрифт  болмаса  керек)  Семейге  сатуға  екі  семіз  түйе,  екі  құр 
атты жетекке алып жүріп кетеді.  
Абай  өлеңіне  құмартқан  халық  ішінен,  оның  жинағының  басылып 
шығуын  күтпей,  Тобықтының  өз  руларынан  да,  Мүрсейіт  көшірген  Абай 
өлеңдерін  қолдаушылар  көбейді.  Осыларға  Мүрсейіт  қолында  қалған  Абай 
өлеңдерінің  бір  данасынан  көшіріп  беріп,  ақысына  бір  қой  бес  сом  ақша 
алады.  Осы  әдетпен  1909  жылы  баспадан  шыққанша,  Абайдың  өлеңдер 
жинағы  Мүрсейіттің  қолжазбасымен  көп  елге  тарап  кетеді.  Мүрсейіттің 
тарих  алдындағы  істегені  осы,  оның  қолжазбасы  қазір  Абай  өлеңдерінің 
текстология жағынан тексергенде негізгі деректердің бірі болып келеді.  

 
5
Абайдың  тұңғыш  шығармалары  жинағы  1909  жылы  Петербургта 
басылып  шықты.  Оның  жарық  көруіне  себепші  болған  Кәкітай  Ысқақовтың 
еңбегін  айрықша  атап  өтпеске  болмайды.  Омбы  мен  Қазан  қалаларында 
Абайдың  кітабын  бастыра  алмаған  ол,  көп  қиындықтарды  көре  жүріп,  1907 
жылдың  қысында  Абайдың  өлеңдер  жинағын  Петербордың  бір  баспасына 
тапсырып, көктемде еліне қайтты.  
Абайдың  жинағына  Кәкітайдың  қандай  редакция  жасағаны,  жинақты 
құрастыруда  нендей  принциптерді  қолданғанын  айтпастан  бұрын,  Абай 
өлеңін  жинау  кезінде  Архамның  есінде  қалған  мына  бір  детальды  айта  кету 
орынды,  ол  былай  дейді:  «Әкем  жинағанда,  Абайдың  көп  қолжазбалары 
жыртылған, сөздері өшкен күйінде табылды. Мынадай бір оқиға болды: 1905 
жылдың  көктемінде  әкем  мені  ертіп  Махмуд  молданың  үйіне  барды.  Ас 
даярлап жатқан кезде, Махмудта қалған Абайдың қолжазбаларын әкеп қарап 
отырса,  Абай  өлеңмен  түгел  аударған  Лермонтовтың  «Вадим»  деген 
әңгімесінің  бастапқы  екі-үш  қана  қағазы  сақталыпты.  «Өзгесі  қайда?»  деген 
әкемнің  сұрауына,  Махмуд  күйбеңдеп  жауап  бермей  отырды  да,  қазбалап 
қоймаған  соң:  «Жыртып  тастап  еді»,-  деп  Құтыш  атты  тентек  баласын 
көрсетті. Бұл қылыққа әкем қатты ренжіді де: «Абайдан көрген жақсылығың 
көп  еді.  Оның  еңбегіне  бұлай  қарауың  –  жаныңның  ашымағаны  ғой.  Сені 
жұрт  имам  дейді.  Мына  ісіңе  қарағанда,  сен  имам  түгіл  мұсылман  да 
емессің»,-  деп,  табылған  қағаздарды  қалтасына  сап,  даяр  асқа  қарамай 
аттанып кетті».  
1909  жылы  басылған  Абай  өлеңдерін  құрастыруда  Кәкітайдың  не 
принцип қолданғанын жинақтың өзі көрсетіп  тұр. Кәкітай жинақты: «Халық 
туралы»,  «Өлең  туралы»,  «Өзі  туралы»,  «Ғашықтық  туралы»,  «Ой  туралы», 
«Насихат  туралы»,  «Замандастар  туралы»  деген  бөлімдерге  бөліп,  тақырып 
жағынан  ыңғайлас  өлеңдерді  кіргізуге  тырысқан.  «Жаз»,  «Күз»,  «Қыс», 
«Аңшылық»  деген  өлеңдерді  Кәкітай  еш  бөлімге  қоспай  жеке  берген  де, 
Абайдың аударма өлеңдерін Кәкітай «Перевод» деген бөлімге сыйғызған.  
Мүрсейіттің қолжазбасында да, Кәкітай бастарған жинақта да Абайдың 
біраз  өлеңдерінің  жазылған  жылдары  көрсетілген.  Жазылған  жылдарын 
Абайдың  өлеңін  жинаушылар  өзінің  қолжазбаларын  алды  ма  немесе  сол 
өлеңдердің жазылу себебін білетіндердің айтуымен мөлшерлеп өздері қойды 
ма  –  ол  арасы  бізге  мәлімсіз.  Бізге  жеткен  материалдарға  қарағанда,  біраз 
өлеңнің жылы дұрыс қойылған сияқты да, біразы жобамен қойылған сияқты.  
Мәселен:  Кәкітай  1909  жылы  бастырған  жинақта  «Ем  таба  алмай»  деп 
басталатын  өлеңнің  аяғына  «1890  жылы»  деген  мезгіл  қойылған.  Бұл  жылы 
Абай 45 жаста. Кейінгі редакторлардың айтуынша, Абай  «Қартайдық, қайғы 
ойладық» деген өлеңді 1896 жылы 41 жасында жазған. Бұл дұрыс па, қате ме 
өз алдына бір мәселе, бұл арада айтарымыз:  Абай – өзін ерте қартайдым деп 
ойлаған кісі. 59 жасқа кеп қайтыс болған оның оригиналдық көп өлеңінен біз 
«қартайдықтың»  сарынын  үнемі  көріп  отырамыз.  Олай  болса,  «Ем  таба 
алмайды» 45 жасында жазған Абай:  
 

 
6
Жас жүрегім 
Жанды менің 
Жай таба алмай, япырым! 
Өзің оңда, 
Жақсы жолға 
Ақырын! – 
 
демесе  керек  еді,  «жас  жүрегімді»  қартайған  кезде  жазған  өлеңіне  айтпаса 
керек еді:  
 
Жас теректің 
Жапырағы 
Жамырайды соқса жел, - 
 
деп  өзін  жас  терекке  ұқсатса  керек  еді.  Қартайған  кезде  жазған  өлеңінде 
Абайдың «жапырағы қураған ескі үмітпен» дейтіні де бізге мәлім. Қартайған 
кезде  жазған  Абайдың  өлеңі,  аяғында  жазылған  жылы  тұрсын-тұрмасын, 
мазмұнынан-ақ  беп-белгілі.  Мәселен,  1895  жылы,  50  жасында  жазған 
өлеңінде ол:  
 
Жігіттік өтті көрдің бе? 
Кәрілікке көндің бе?.. 
Боталы түйе сияқты, 
Қорадан шықпай өлдің бе? – 
 
деп  жазады.  Бұл  өлеңнің  аяғына  «1895  жыл»  деген  мезгіл  көрсетілмесе  де, 
Абайдың кәрілікті мойынға алғанын оқушы өлеңінің мазмұнынан-ақ аңғарар 
еді.  Осыған  қарағанда,  жоғарыда  аталған  Абайдың  «Ем  таба  алмай»  деген 
өлеңі,  оның  45  жасында  жазған  өлеңі  емес,  одан  ерте  жазылған  өлеңі  болар 
деген  ой  келеді.    Осындай  ой  Абайдың  «Жас  өспірім  замандас  қапа  қылды» 
деген  өлеңін  оқығанда  да  туады.  Өлеңнің  аяғынлда  қойған  мезгілге  сенсек, 
Абай оны 49  жасында жазған. Содан 1жыл кейін жазған өлеңінде  «кәрілікке 
көндің  бе»  деп  отырған  Абай,  49  жасында  «Жас  өспірім  жастармен»  неге 
замандас бола қалады? Абай бұл өлеңді 49 жасында емес, одан ерте, өзі жас 
кезінде жазды ма деген ой туады.  
Абай  ғашықтық,  жастық  тақырыбына  арналған  өлеңдерінің  жылы  да 
дұрыс белгіленбегенге ұқсайды. Мәселен, «Көзімнің қарасы» деп басталатын 
өлеңнің  аяғында  «1892  жыл»  деген  цифр  тұр.  Бұл  жылы  Абай  46  жаста,  40-
тан аса «қартайдықты» аузына ала бастаған Абай 47 жасында:  
 
Жүрегім, ойбай, соқпа енді, 
Бола берме тым күлкі. 
Көрмейсің бе, тоқта енді, 
Кімге сенмең, сол шикі, - 

 
7
 
деп  торыққан  Абай  46  жасында  «Көзімнің  қарасы»  сияқты  жастықтың 
махаббат  лебізі  жалындаған  өлеңін  қалай  жазады?  Бұдан  үш  жыл  кейін 
жазған өлеңінде:  
 
Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, 
Көзбен көр де, іштен біл. 
Сүйісер жастар қате етпес, 
Мейлің илан, мейлің күл,- 
деп кеп, аяғын: 
Ол тілге едік оңтайлы. 
Қарыпсыз біліп сондайды; 
Біліп-ақ ұғып қоюшы ек, 
Енді ішіме қонбайды! – 
 
деген  кәрінің  өкінішімен  неге  бітіреді?  «Көзімнің  қарасында»  кәрілік 
өкініштің  өзі  түгіл  көңілдесі  де  жоқ.  Бұл  өлеңнің  мазмұны:  тұла  бойын 
кернеген 
жастық, 
махаббат 
«жүрегін 
лүпілдетіп», 
кеудесін 
алқындырғандықтан  «сүйегі  балқыған»  жастық  балғын  сезімін  көзге 
елестетеді.  Сондықтан  да  өдеңдерінің  көпшілігін  тақырып,  мазмұн  жағынан 
да,  сюжет  жағынан  да  бір  пікірдің  төңірегіне  құратын  Абай  «Көзімнің 
қарасы»  деген  өлеңінде,  жалпы  сарыны  ғашықтық  болғанымен,  әр 
тақырыптың  басын  бір  шолып,  өзге  өлеңдеріндегі  мазмұны  біркелкі  келетін 
заңын бұзады. Соған қарағада, бұл өлең әлдеқайда ерте, жалыны лапылдаған 
жастық шағында жазғанына ұқсайды.  
Осылар  сияқты,  Абай  өлеңдерінің  жазылған  жылын  белгілеуде, 
Абайдың 1909 жылы басылған жинағында күдік келтіретін жайттар көп.  
1909  жылы  басылған  Абайдың  өлеңдер  жинағы  1921  жыға  шейін 
қайталап  басылмады.  Қазақстанда  Совет  өкіметі  орнағаннан  кейін,  Абайдың 
жинақтары тоғыз рет қайталап басылды. Солардың ішіндегі толығы – 1939 – 
1940  жылдары  шағатын  екі  томдық.  Бұл  екі  томдықты  баспаға  даярлаған  – 
СССР  Ғылым  Академиясының  Қазақстандық  филиалы.  Редакциясын 
басқарған Мұхтар Әуезов.  
Екі  томдыққа  кірген  Абайдың  барлық  шағармаларының  қай  жылы 
жазылғаны  көрсетілген.  Бірақ  Мұхтардың  айтуынша,  бұл  көрсетулер 
жаңадан  табылған  документке  сүйеніп  емес,  Абайды  көргендердің,  әсіресе 
Абайдың баласы Тұрағұлдың «осы шығарма осы жылы жазулған болу керек» 
деген  мөлшерлеуімен  қойылған.  Сондықтан  Абайдың  шығармаларына  жыл 
қоюда, 1909 жылы жинақта Кәкітай тарапынан болған дәлсіздік, қателік әлгі 
екі  томдықта да бар. Мәселен, Абайдың «Ақылбайға» деген өлеңінің аяғына 
«1890  жыл»  деген  мезгіл  қойылған.  Өлеңде  Абай  баласы  Ақылбайға  «Оқу 
ұқпайсың, ынжықсың, тым болмаса шаруа бағуға да жарамайсың, елге масыл, 
надан бидің бірі боларсың», - деп ренжиді. Бұл жылы Ақылбай 27 жаста.  

 
8
Ақылбай  Абайдың 18 жасында  туылған тұңғыш баласы болғандықтан, 
атасы  Құнанбай  асырап  ап,  соның  қолында  өскен.  Бай  атаның  үйінде 
мұқтажсыз,  ерке  өскен  Ақылбайдың  балалық  шағында  сабақ  ұқпайтын, 
ұйқышыл, еріншек, бейғам екені рас болса керек. бірақ 1885 жылы Құнанбай 
өліп,  Абайдың  қарамағына  көшкеннен  кейін,  Ақылбай  балалық  шағындағы 
мінезін  өзгертеді,  ол  Абайға  еліктеп  өлеңдер  жаза  бастайды.  Домбыра, 
гармонь, күй үйреніп, елдегі белгілі әнші-күйшілердің қатарына қосылады, ел 
басқару  жұмысына  араласады.  Абайдың  ұсынуымен  «Генри  бай»,  «Кәрі 
жүсіп»  («Дағыстан»)  тағы  солар  сияқты  поэмаларды  жазады.  Осындай  өзіне 
әдебиет  майданында  серік  болған  баласы  Ақылбайға    1890  жылы  «Сен 
жамансың, масылсың», - деп Абайдың ұрсуына жол жоқ. Бұлай ұрысса, Абай 
әділ де болмас еді. Сондықтан бұл өлең 1890 жылы емес, 1880 жылы жазылу 
керек. 80 жылы жазылса, өлеңнің мазмұны 17 жастағы Ақылбайдың мінезіне 
дәл келеді.  
Абайдың  шығармаларын  мезгілдеу  мәселесіне  бұлайша  көбірек 
тоқталған    себебіміз:  шығарманың  қай  жылда  жазылуында  көп  мән  бар.  Бұл 
мәнді  әсіресе  Абайдың  шығармалары  тілейді.  Себебі:  барлық  оригиналдық 
шағармаларын  тұтас  алғанда,  Абай  шығармаларының  жүзден  тоқсан  тоғызы 
өзі  жасаған  заманның  шындығынан  алынып  жасалған.  Егер  сол  өлеңдердің 
қай  жылы,  не  оқиға,  не  көрініске  арналып  жазылғаны  ашылса,  Абайдың 
заманын  ұғуға  да,  өзін  ұғуға  да  жәрдемі  аса  зор  болар  еді.  Бұл  жөнде  1933 
жылы  басылған  бір  томдықтың  редакторы  Мұхтар  Әуезов  біраз  ебектер 
сіңірген,  іздеу  арқылы  кейбір  шығармалардың  сырын  ашқан.  Мәселен, 
«Болыс  болдым  мінекей»  деген  өлеңінің  (1889  жылы)  Күлембай  дегенге 
арналып  жазылғандығы  оқушыға  1933  жылы  шыққан  бір  томдықта  ғана 
мәлім  болды.  Осы  мәлім  болудан  өлеңнің  мазмұны  да,  Абайдың  бұл 
тақырыпқа  өлең  арнау  мақсаты  да,  бұрынғы  кімге  арналуы  белгісіз  кезінен 
әлдеқалай  айқындалды,  әлдеқалай  өсті.  Бұрын  «біреуден  біреу  артылса»  деп 
басталып,  кімге  арналғаны  мәлімсіз  болып  келген  өлеңнің  белгілі  ақын 
Әсетке  арналғаны  анықталудан  өлеңнің  маңызы  күшейе  түсті.  Бірақ  осы 
сияқты  ашулар  1933  жылғы  бір  томдықта  аз  айтылған  да,  1940  жылдың  екі 
томдығында көбеймеген.   
1933  жыл  мен  1940  жылда  басылған  Абай  жинақтарының  және  бір 
жақсы 
жағы, 
бұл 
жинақтарға 
шала 
басылған 
бірнеше 
өлеңдер 
толықтырылған,  бұрын  түсініксіз  басылған  сөздердің  біразы  дұрысталған. 
Абайдың  әр  жылда  шыққан  жинақтарын  және  Мүрсейіттің  қолжазбаларын 
салыстырып  отырып,  өлеңнен  қалып  қойған  жолдарды,  қалып  қойған  я  қате 
басылған  сөздерді  дұрыстауда  СССР  Ғылым  академиясының  Қазақстандық 
филиалының қызметкері Бозтай Жақыпбаевтың еңбегі де біраз.  
1939-1940  жылдары  басылған  екі  томдықта  Мүрсейіттің  әр  кезде 
жазған  қолжазбаларын  салыстырып  отырып,  Бозтай  Жақыпбаев  Абай 
шығармаларының  бұрынғы  жинақтарынан  қалып  қойған  600  жолдай  өлеңін 
қосқан.  Олардың  ішінде:  «Өкінішті  көп  өмір  кеткен  өтіп»,  «Жастықтың  оты 
қайдасың», «Күнді уақыт итеріп» деген сияқты жаңадан қосылған өлеңдер де 

 
9
бар;  «Алла  деген  сөз  жеңіл»,  «Сап-сап  көңілім»,  «Масғұт»  сияқты 
толықтырылған  өлеңдер  де  аз  емес.  сол  сияқты  жаңалықтар,  өлеңнің  кейбір 
сөздерін  дұрыстау  да  аз  емес.  Мәселен,  «Жаз»  деген  өлеңде,  бұрынғы 
«шалғыннан  жүні  қылтыңдап»  деген  жолдағы  «жүннің»  «жон»  боп 
дұрысталуы;  «жүрегім,  ойбай,  соқпа  енді»  деген  өлеңде,  бұрынғы  «жетім 
қозы  тас  бауыр,  түңілер  де  отырар»  деген  жолдардағы  «отырардың» 
«отығар»  боп  дұрысталуы;  «Заманақыр  жастары»  деген  өлеңде  «үйге  келіп 
сүйкенер»  деген  жолдағы  «үйдің»  «өре»  болып  дұрысталуы,  әрине,  өлеңнің 
мағынасын айқындауға көп көмекші боп тұр. Рас, бұл түзетулердің бәріне де 
негіз болған – Мүрсейіттің қолжазбалары.  
Абайдың  шығармаларын  ғылыми  меңгеру  мәселесінде  көп  еңбек 
сіңірген  Мұхтар  Абайдың  «Қараша,  желтоқсан  мен  сол  бір-екі  ай»  деп 
басталатын  өлеңнің  1933  жылғы  бір  томдықта  толықтырам  деп  қатеге 
ұрынған, сол қатені 1939 жылғы басылған жинақта түзетпеген.  
Бұл  өлең  –  Абайдың  барлық  шығармаларының  ішінде,  сол  кездегі 
ауылда  тап  қайшылығы  барын,  қанаушы,  қаналушы  екі  тап  барын  ең  айқын 
көрсететін өлеңі. Алты шумақты 32 жолдық өлеңнің:  
 
Қар жасауға да тоңбайды бай баласы, 
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы. 
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты 
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы, - 
 
деген  шумағының  аяғына  редактор  1933  жылғы  бір  томдықта  мынадай  екі 
шумақтыы өлең қосады:  
 
Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып, 
Бала шықса асынан үзіп-жұлып, 
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес, 
Үйген жүктің күн жағын орын қылып. 
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр, 
Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр! 
Асын жөндеп іше алмай қысылады, 
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр. 
 
Жаңадан  қосылған  бұл  екі  шумаққа  редактор  мынадай  түсіндірме 
береді:  «Осы  соңғы  екі  шумақ  1933  жылғы  баспасына  шейінгі  баспаларға 
кірмей  қалған.  Елдегі  жазбаларда  да  жоқ.  Тәңірберді  деген  ағасының 
(Абайдың ағасы. – С.М.) бала асырағанын көріп отырып айтқан» (1939 жыл. 
1 том, 111бет).  
Бұл  екі  шумақ  Абайдың  әр  кезде  басылған  ешбір  өлең  жинақтарында 
да, Мүрсейіттен қалған қолжазба жинақтарда да жоғы рас. Ол екі шумақтың 
қайдан  табылып  жүргені  бізге  мәлімсіз.  Бірақ  мәселе  –  бұрын  басылған 

 
10
өлеңге  жаңадан  қосылуда  емес,  қосылған  шумақтың  дұрыс-бұрыстығында. 
Мәселен, «Жақсылық ұзақ тұрмайды» деген өлеңге:  
 
Жел қорығыш желгек шал 
Желіп дүрып боздайды, - 
 
деген  жаңадан  қосылған  екі  жол,  өлеңнің  мазмұнын,  мағынасын  бұзып 
тұрған  жоқ,  толықтырып  тұр.  Осындай  толықтырулар  1933  –  1940 
жылдардың  жинақтарында  әр  жерде  кездеседі  және  көбі  орынды 
толықтырулар.  
Ал  жоғарғы,  «Қараша,  желтоқсан  мен  сол  бір-екі  айға»  қосылған  жаңа 
екі  шумақты  алсақ,  бұл  қосу  өлеңнің  түрін  де,  стилін  де,  мазмұнын  да, 
идеясын  да  бұзып  тұр.  Түрін  бұзатын  себебі:  жаңадан  қосылған  екі 
шумақтың көркемдігі нашар, Абайдың стиліне жатпайды; мазмұнын бұзатын 
себебі: өлеңді бұрынғы күйінде тұтас алғанда, кедей мен байдың арасындағы 
тап  қайшылығын  көрсетеді,  мына  жаңадан  қосылған  екі  шумақ  негізгі 
тақырыптан  шығып,  редактордың  түсіндірмесіне  сенсек,  жаман  байдың 
баласын  жаман  тәрбиелеуін  сөз  қылып,  басқа  тақырыпқа  ауып  кетеді; 
мағынасын  бұзатын  себебі:  өзге  өлеңдерінің  бәрінде  айтайын  деген  пікірі 
айқын,  ашық  болатын  Абайдың  мына  жаңадан  қосылған  екі  шумағында  не 
айтайын дегені, кімді жамандайын дегені көмескі; идеясын бұзатын себебіне 
кейінірек тоқталып, әуелі жаңадан қосылған екі шумақтың мағынасы көмескі 
екендігіне азырақ тоқталайық.  
 
«Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып», - 
 
деген  жолда  байдың  үйіне  кіруге  бата  алмайтын  келей  баласы  екен  деп 
жорамалдайық  (жазуда  бұл  пікір  көмескі),  сонда  байдың  үйінен  «асын  үзіп-
жұлып алып шығатын бала» қай бала? Кедей баласы ма? Байдың баласы ма? 
Байдың  баласы  болса,  неге  ол  үйінен  үзіп-жұлып  ас  алып  шығады?  Өйтетін 
ол  аш  па?  Байдың  баласы  үйдің  асын  үзіп-жұлып  ұрлағанда,  өзі  үшін  емес, 
өзін  ойнатқан  кедей  баласына  бері  үшін  жейік,  олай  болса,  ол  неге  «үйген 
жүктің күн жағына жасырынады?»  
Кедейдің я байдың баласы екені өлеңде мәлімсіз ұры баланы «әкесі мен 
шешесі аңдиды». Егер байдың баласы болса, Абай оның әке-шешесін: «Ол да 
өзіңдей  ит  болсын,  азғыр-азғыр!»  -  деп  неге  сөгеді?  Ол  Абайдың  байға: 
«Балаңды  ас  ұрлауға  үйреткен  өзің»,  -  дегені  ме?  баласын  бай  ас  ұрлауға 
үйрете  ме?  ас  ұрлайтын  байдың  баласы  емес,  кедей  баласы  болған  күнде, 
оның  әке-шешесіне  Абайдың  «ол  да  өзіңдей  ит  болсын,  азғыр-азғыр!»  -  деуі 
«кедейдің өзі де ұры» деуі ме?  
Бала байдың баласы екен дейік тағы да. Ол бала үйінен «үзіп-жұлып ас 
алып»  шыққанда,  өзін  ойнатып  жүрген  кедейдің  аш  баласын  аяп  алып 
шыққан  екен  дейік.  Олай  болса,  осы  өлеңнің  бір  жерінде:  «Жалшы  ұлына 
жаны ашып ас бермей бай», - деп, мейірімсіз байды сөгетін Абай оның кедей 

 
11
баланы  аяғыш  мейірімді  баласын  «ит»  деп  неге  тілейді?  Байға:  «Ол  да 
өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр!» - деп неге айтады.   
Жаңадан қосылған екі шумақтың соңғы екі жолы:  
 
Асын жөндей іше алмай қысылады, 
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр, - 
 
деп  бітеді.  Кім  бұл  «өңшең  жалбырлар?»  Әрине  кедейлер.  Олардың 
ұялатыны кім? Әрине, бұл киімді байлар! Байлардан олар ұрлаған асын ішуге 
ұяла ма?  
Міне,  осы  сияқты  толып  жатқан  түсініксіздік,  содан  туатын  толып 
жатқан  сұрау,  Абайдың  «Қараша,  желтоқсан  мен  сол  бір-екі  ай»  деген 
өлеңіне  1933  жылы  жаңадан  орынсыз  қосылған  екі  шумақты  оқыған  кісінің 
алдында еріксіз қаптай қалады.  
Сыртқы  түрін  алғанда,  ішкі  мазмұнын  алғанда  да  жаңадан  қосылған 
бұл  екі  шумақ  Абайдың  бұл  екі  өлеңімен  үш  қайнаса  сорпасы  қосылмайды. 
Біліп  қоссын,  белмей  қоссын,  бұл  екі  шумақты  редактордың  «Қараша, 
желтоқсан  мен  сол  бір-екі  айға»  сыналап  қағуы  дұрыс  емес.  бұл  сыналау 
өлеңнің  көркемдігін  де,  идеясын  да  бұзып  тұр,  сондықтан  1945  жылы 
басылған  Абайдың  академиялық  бір  томдығынан  1933  жылы  қосылған  екі 
шумақ шығып қалды.  
Абай шығармаларын сын көзімен меңгеру мәселесіне біраз тоқталайық.  
XIX  ғасырдың  90  жылдарында  Көкбайдың  атынан  Абайдың  «Жаз» 
және  «Болыс  болдым»  деген  өлеңдері  Омбыда  шығатын  «Дала  уәлаяты» 
газетінде жарияланған. Осы өлеңіне басқа Абайдың ешбір шығармасы өзінің 
көзі тірісінде баспасөз бетін көрмегенге ұқсайды. Абай өлгеннен кейін оның 
баспаға  шыққан  еңбектері  –  жоғарыда  аталған,  1909  жылы  Кәкітай  Ысқақов 
бастыратын жинақ.  
Абайдың шығармаларына сын көзімен берілген баға да осы жинақтағы 
Кәкәтайдың  өмірбаяндық  очеркінен  басталады.  Кітаптың  аяғына  қосылған, 
көлесі  сегіз  беттік  бұл  очеркті  Кәкітай  Абайдың  өмірбаянынан  аздаған 
мәлімет  береді  де,  бір  мәселені  тамтымақ  болады,  ол  –  Абайдың  гуманизмі. 
«Абай таза жүректілікті, таза махаббатты, таза достықты сүюші еді, қиянатқа, 
зұлымдыққа  қарсы  еді»  деген  мәселені  Кәкітай  дұрыс  қойғанымен,  осы 
мәселенің  тамырын  қаза  тереңдемей,  бетін  ғана  қалқиды.  Абайдың  еңбекті 
сүюі,  орыс  мәдениетін  сүюі  туралы  да  Кәкітай  үстірт  қана  пікірлер  айтады. 
Абайдың эстетикалық көзқарасын көрсетуде де Кәкітайдың пікірі тым қысқа. 
Әйткенмен Абайдың қалдырған алтын мұрасын игеруде Кәкітайдың очеркі – 
бірінші адым және негізінде, дұрыс адым.  
Осы  дұрыс  адымды  ілгерлету,  өркендету,    байыту  мәселесі  соңғы 
жылдарға  дейін  ойдағыдай  болмай  келді.  Кәкітайдан  кейін  Абай  туралы, 
оның  шығармалары  туралы  пікір  айтқан  –  1913  –  1918  жылдары  Орынборда 
шығатын  «Қазақ»  газетінің  маңайына  топталған  байшыл-ұлтшылдар. 
Бұлардың  алдына  қойған  мақсаты  Абайды  өздеріне  рухани  әке  ғып  алу  еді. 

 
12
Ұлтшылдыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Абайды ұлтшылдардың бұл 
жаласынан  аршып  алатын  марксшілдік  сын  қазақ  әдебиетінде  ұзақ  уақыт 
болмай келді.  
Октябрь революцисы  халыққа дұшпан барлық ағымдармен қатар қазақ 
ұлтшылдарының  да  туын  жықты,  бірақ  олардың  бір  жүйесі  түсін  бояп, 
идеологиялық  күрес  майданына  аттанды.  Осы  сапарында  олар  Октябрьден 
туған  қазақ  совет  әдебиетін  өсірмеуге,  өшіруге  тырысумен  қатар,  ескі 
әдебиет  мұраларын,  соның  ішінде  Абайды  халыққа  ұлтшылдық  рухта 
танытуға тырысты. Бұл жүйелі бояма, ұлтшылдардың арам әрекеттері ұзаққа 
барған жоқ.  
Абайдың  шығармаларына  марксизм  көзімен  қарау  соңғы  жылдарда 
ғана  өркендей  бастады.  Абайдың  қайтыс  болғанына  30  жыл  толуына 
байланысты  1934  жылы  «Әдебиет  майданы»  журналында  жарияланған 
мақалалардың  дені  ұлы  ақынның  мұрасын  зерттеу  мәселесін  мақалалардың 
дұрыс  көтерді  де,  Абайды  тану  жүйесін  белгілі  біл  жөнге  сілтеді.  Алайда 
Абайдың  туғанына  100  жыл  толу  мерекесімен  байланысты  жазылып,  әлі 
жарияланып  үлгермеген  бірнеше  еңбектер  Абайды  оқушыларға  марксизм-
ленинизм  ғылымы  тұрғысынан  танытуда  көп  жәрдем  беруге  және  ертеректе 
айтылған кейбір жаңсақ пікірді түзетуге тиісті.  
Бұл  күнге  дейін  Абай  туралы  жазылған  еңбектердің  денінде  Абайдың 
ақындық шеберлігі туралы көбірек айтылады да, ойшыл Абай туралы, қоғам 
қайрткері Абай туралы жеткіліксіз айтылады.  
Рас,  Абай  –  ең  алдыменғ  ақын  және  анау-мынау  ақын  емес,  XIX 
ғасырда жасаған дүние жүзінің ең алдыңғы қатарындағы ақынның бірі. Олай 
болса,  Абайдың  шығармаларын  талдау  арқылы,  оның  осындай  биік  бойын 
көрсету, Абай туралы әрбір салмақты пікір айтқысы келген адамның міндеті. 
Осы  міндетті  өтей  тұра,  егер  Абайдың  зерттеушісі  Абай  шығармаларының 
бірыңғай  поэтикалық  жағынан  ғана  көңіл  бөліп,  сыртқы  көркемдігін  ғана 
талдап, ішкі мазмұнын ақтармаса, ол – Абайды бір жақты ғана тану болар еді. 
Абайды  тұтас, толық көрсетпеу болар еді.   
Шығармаларының  сыртқы  көркемдігіне  аса  көңіл  бөлген  және  сол 
көркемдікі  өзіне  дейінгі  қазақ  поэзия  өнерінің  ең  биігіне  көтерген  Абай 
«Өнер  –  өнер  үшіннің»,  «поэзия  –  поэзия  үшіннің»  пікіріне  еш  уақытта 
барған  емес.  бүкіл  жүние  жүзінің  қоғамшыл,  прогресшіл  ақындарының  бәрі 
сияқты,  Абай  да  поэзияны  көркемдік  әсер  алу  үшін  ғана  емес,  қоғамды 
өркендету  үшін  қажетті  құралдардың  бірі  деп  түсінген  кісі.  Сондықтан  ол 
әрбір  шығармалардың  сыртқы  көркемдік  мінсіз,  сұлу  жасауға  тырысумен 
қатар, сол шығармаларының мазмұнында қоғамның өркендеуіне, адамдардың 
жамандардан  жиренуіне,  жақсылыққа  ұмтылуына  себеп  болатын  ақылды, 
пайдалы пікірлер айтады. Оның:  
 
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, 
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. 
Көкірегі сезімді, тілі орамды, 

 
13
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, - 
 
деуі де содан. Шығармаларының ішкі мазмұнына Абайдың қандай зор маңыз 
беретіндігі, оның  «өлеңнің  іші алтын, сырты күміс болсын» деген сөзінен де 
байқалады.  Алтын  мен  күмістің  қайсысы  бағалырақ  екенін  оқушылар  жақсы 
біледі.  Абайдың  «іші  алтын,  сырты  күміс»  деуіне  қарап,  мазмұн  мен  түрдің 
қайсысына  ерекше  мән  бергенін  де  айыру  қиын  емес.  «Іші  алтын,  сырты 
күміс» болсын дегенмен, Абай өз шығармаларының ішін де, сыртын да алтын 
ғып жазуына бұл арада ұзақ тоқталмай-ақ қояйық.  
Шығарманың  мазмұнын  Абайдың  алға  қоюында  зор  маңыз  бар.  Ол  – 
өзі  жасаған  заманның,  солардың  ішінде  өз  ұлты  –  қазақ  ақыны  және  жалпы 
қазақтың  ғана  емес,  оның  ішінде  еңбек  иелерінің  ақыны.  Біреудің  еңбегімен 
күн көретін арам тамақ атаулыға Абай дұшпан.  
«Өз  ұлты  –  қазақтың  ақыны»  деген  сөзге  сыныққа  сылтау  іздеген 
біреулер:  «Е,  ол  не  дегенің?  Абайдың  қазақтан  басқа  ұлтқа  да  жат  болғаны 
ма?»  деп  жабысуы  мүмкін.  Мұндай  күдіктің  орынсыз  екендігі  туралы  осы 
сұрауға толық әрі дұрыс жауап берген В.Г.Белинскийді  сөйлетейік.  
«Егер  суретші  өзінің  шығармаларында  адамдарды  көрсететін  болса, 
оның сол адамдары, ең алдымен, көлеңке болмай кісі болуы керек; ол кісінің 
келбеті,  мінезі,  құлқы,  өзіне  тән  әдеті  болу  керек.  Қысқасы,  ол  кісінің 
шындықтағы өзге кісілерге ұқсамайтын даралық белгілері болуы керек. Одан 
кейін,  ондай  белгілі  бір  ұлттың,  белгілі  бір  заманның  адамы  болуы  тиісті. 
Ұлттан  тысқары  адам  шын  адам  емес,  ол  ойдан  жасалған  адам.  Бұдан 
көрінетін  нәрсе:  көркем  шығарманың  ұлттық  болуы  ақынның  зорығып 
тапқын  жетістігі  емес,  шығарманың  белгілі  бір  ұлттық  болуының 
қажеттілігінен  ғана.  Сондықтан  көркемдік  жағынан  шығарма  неғұрлым 
мінсіз  болса,  соғұрлым  ол  ұлттық.  Олай  болса  ұлы  суретшіні  ұлттық 
шығарма  жазғандығы  үшін  мақтау  –  ұлы  астрономның  көбейту  есебінде 
жаңылмауын  мақтаумен  бірдей.  Шынында,  орыс  балаларының  кескіні 
орыстай  болуы  –  орыстың  кейбір  мақианарлық  жетістігі.  Әрине,  ұлт  ақыны 
болу  үшін,  ең  алдымен,  бүкіл  ұлттың  рухына  бейне  бола  аларлық  ұлы  адам 
бола  білу  керек.  Бірақ  бұл  арада  ескерте  кетуге  тиісті  мәселе:  ұлы  ақынды 
ұлт  жасамайды,  оны  ұлт  ақыны  ғып  ұлы  талант  жасайды;  бір  адам  жаңа 
туыпты  деген  хабар  естілгенде,  оның  қолы,  көзі  бар  ма  екен,  неше  аяғы  бар 
екен, мүйізі, құйрығы жоқ па екен деп ешкім сұрамайды. Егер ол адам болса, 
көзі,  қолы  бары,  аяғы  төртеу  емес,  екеу  екендігі,  мүйізі  мен  құйрығы 
жоқтығы  өзінен-өзі  белгілі.  Көркемөнерде  де  сондай:  егер  шығарма  көркем 
болса, оның ұлттық екені өзінен-өзі белгілі. Бұлай болмаған күнде ол көркем 
шығарма  болмайды...  Гётенің  «Фаусы»  -  дүниелік,  жалпы  адам  баласындық 
шығарма,  солай  бола  тұра,  оны  оқығанда,  бұл  немістің  ғана  фантазиясынан 
туған  шығарма  екенін  көресің.  Ал  Байронның  «Манфредінің»  «Фаустың» 
желі  есетіні  ап-айқын,  бірақ  сонда  да  герман  рухының  исі  шықпайды. 
Шекспир  өзінің  драмаларында  ағылшынды  ғана  көрсетпейді,  французды  да, 
немісті  де,  итальянды  да,  римдіктер  мен  гректерді  де  көрсетеді.  Сөйте  тұра, 

 
14
оның  шығармаларын  оқысаңыз,  мұндай  драматург  Англияда  ғана  туғанын 
ұғасыз» - («Шығармалар жинағы», 1914 ж., 923беттер).  
Белинскийдің бұл дұрыс пікірінен осынша ұзақ мысал алғанда айтайын 
дегеніміз:  Абай  –  сөз  жоқ,  ұлттық,  қазақ  ұлтының  ақыны,  бірақ  тар 
мағынасындағы  ұлт  ақыны  емес,  кең  мағынасындағы  ұлт  ақыны,  яғни 
шығармларында  өз  ұлты  қазақтың  тұрмыс  шындығын  ашу  арқылы,  ол  өз 
заманындағы  жалпы  адам  баласының  тұрмысына  тән  шындықтарды  да 
ашады,  себебі  –  қазақ  ұлтының  тағдыры  өзге  ұлттардан,  әсіресе  Россиядағы 
ұлттардан  бөлек  тағдыр  емес,  бірге  тағдыр.  Қазақ  –  жалпы  адам  баласының 
бір бөлшегі, сондықтан оның тіршілігіндегі жақсылық, жамандықтардың бәрі 
өзге ұлттарда да бар. Ендеше Абайдың қазақ тұрмысындағы жамандықтарғы 
қарсы  шығуы  –  сол  замандағы  жалпы  адам  баласының  тұрмысындағы 
жамандыққа қарсы шығуы.  
Өз  заманының,  өзімен  замандас  қазақтардың  ақыны  болғанмен,  Абай 
заманының  да,  замандастарының  да  барымен  қанағаттанбайды  және  ол 
сияқты  прогресшіл  ақынға  қанағаттануға  болмас  та  еді,  себебі  –  XIX 
ғасырдағы  жалпы  қазақ  елінің,  оның  ішінде  еңбекші  жүйесінің  тұрмысы 
шаруашылық  жағынан  да,  мәдениет  жағынан  да  өте  төмен.  Осында  төмен 
халді  көрген  Абай  қазақ  еліне  ақыл  айтып,  бастап,  қазақты  Россиядағы 
мәдениеті  ең  жоғары  халық  –  орысқа  жеткізгісі  келеді.  Орыс  халқының 
мәдениеті  қазақтан  жоғары  екенін  көрген  Абай  «сен  ілгері  кеттің»  деп 
орысқа  күндеп,  жек  көріп  қарамайды,  жақсы  көре,  сүйсіне  қарайды. 
Сондықтан  ол  қазақ  халқын  орыс  мәдениетіне  тартқанда,  мәдениеттендіріп 
алып,  қазақты  орысқа  қарсы  қоюды  тілемейді,  екеуін  ағайындастыруды, 
бауырластыруды тілейді.  
Бұл  әдемі,  прогресшіл  ойына,  Абай  өле-өлгенше  жете  алмайды,  жете 
алмауына не себеп болғанын оның мына өлеңі көрсетеді:  
 
Атым адам болған соң, 
Қайтып надан болайын. 
Халқым надан болған соң, 
Қайда барып оңайын. 
 
Арманына  жете  алмаған  Абай  надандықпен,  әділетсіздікпен  еш 
уақытта  келісімге  келмейді.  Күресіп,  надандық  пен  әділетсіздік  жеңдірмеген 
соң, болашақ ұрпаққа:  
 
Жүрегімнің түбіне терең бойла, 
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. 
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, 
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! – 
 
деген өтінішін айтады.  

 
15
Абайдың  шығармаларындағы  осындай  қоғамдық  сарындарды,  күресті 
айтпауға бола ма? Абайдың не надандық, не әділетсіздікпен келісе алмауын, 
солармен  күрескенде  нендей  әдіс  қолданғанын,  не  нәрсеге  күші  келгенін,  не 
нәрсеге  күші  келмегенін,  күші  келмеуге  нелер  бөгет  болғанын  талдамауға 
бола  ма?  Бұларды  талдамаса  зор  ақындығымен  қатар  ойшыл,  қоғам 
қайраткері болған Абайдың бойы көріне ме? Әрине, көрінбейді.  
Абайды  зерттеуде,  тануда,  қазақтың  сыншыл  пікірінде  жетімсіз  боп 
келе жатқан жағы осы.  
Абай  –зор  кісі.  Ол  –  зор  ақын  да,  зор  ойшыл  да,  зор  қоғамшыл  да,  зор 
күресшіл  де.  Оның  осы  бейнелерін  түгел  қамту,  әрине,  оңай  міндет  емес. 
сондықтан  Абайды  толық  зерттеу,  толық  ұғу  –  бір  жылдың  я  бір  ұрпақтың 
ғана  міндеті  емес,  көп  жылдардың,  көп  ұрпақтардың  міндеті.  Әйткенмен,  әр 
ұрпақ өз қолына түскен материалға сүйене отырып, өз ой-өрісі жеткен пікірді 
айтуға міндетті.  
Оқушылардың  алдына  ұсынып  отырған  менің  бұл  еңбегім  әдебиеттегі 
рухани  атамыз  Абайдың,  оның  еңбектерін  сүйіп,  оқушы  халықтың  алдында 
Абай  туралы  біраз  жылдан  бері  жиналып  қорытылған  пікірді  айту 
мақсатымен жазылды.  
Абай  және  оның  шығармалары  туралы  көпшілік  алдында  менің  алғаш 
ауыз  ашуым  –  1923  жыл.  Сол  жылы  «Еңбекші  қазақ»  газетінің  69  санында 
«Қара  тақтаға  жазылмаңдар,  шешендер»  деген  мақаламда  мен  Абайды 
«байлардың  Абайы  –  біздің  Абай  емес»  деген  пікірді  айтып  шықтым.  Абай 
жөнінде  қате  пікір  айтуыма,  сол  мақаланың  шығуына  не  жағдай  себеп 
болғанын мен 1942 жылы басылған «XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің 
тарихынан очерктер» деген кітабымда (10, 11 беттер) айтқам.  
Бұл  еңбек  монографиялық  сипаттама  болуға  тиісті.  Мақсатым: 
Абайдың ата тегін де, өз өмірім де, ақындық таланты мен шеберлігін де, оқу-
білімін  де,  жалпы  адамдық,  өз  ұлтының  пікірлерін  де,  өміріндегі, 
шығармаларындағы  күшті  я  әлсіз  жақтарын  да  түгел  қамту.  Бұл  мақсатқа 
автордың қаншалық жеткендігін көруші-оқушы көпшілік.   


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет