М.Өтемісов атындағы БҚму ғалымдарының ғылыми еңбектерінің сериясы / Тарих



жүктеу 1.64 Mb.
Pdf просмотр
бет7/15
Дата22.12.2016
өлшемі1.64 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15
 хан елдің оңтүстіктегі қазақ-парсы қарым-
қатынасын  реттеу  бағытында  жұмыс  жасап,  қазақ-орыс  келіссөзіне 
қатысуды  жөн  көрмей,  өзге  ел  игілеріне  жол  берген.  оның  атынан 
ұлдары Нұралы, Ерәлі сұлтандар Ресейдегі келіссөзге қатысты. Кез-
десуден соң 1740 жылдың күзінде Ерәлі сұлтан орта жүздегі Керей 
руы қазақтарының ханы болып сайланды. Кейін анықталғандай оған 
Жәнібек батыр, Абылай сұлтандар қолдау көрсеткен. Қалыптасқан ішкі 
бірлікті қазақтардың түркімендер, қалмақтар, жоңғарлар бағытындағы 
саясаты да анық көрсетті. оған Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар да, 
Нұралы, Ерәлі, Абылай, Барақ сұлтандар да, Бөкенбай, Есет, Жәнібек, 
Бөгенбай батырлар да мүдделілік танытты. Мұрағаттық құжаттар бой-
ынша  бірде  түркімендерге  қарсы  Барақ  сұлтан  мен  Есет,  Бөкенбай 
батырлар  аттанса,  келесі  жолы  барлығы  қазақ-қалмақтың  атақты 
«еңбектеген баланың еңкейген кәрі болуына дейін соғыс ашпау тура-
лы» бітім шартына  (1742 жылы) ат салысты.
Әбілмәмбет  хан  үшін  XVIІІ  ғасырдың  40  жылдарындағы  басты 
мәселе шығыстағы азулы көршісі Жоңғариямен сенімді қарым-қатынас 
орнату, атамекені мен қазағын сақтау болатын. Өйткені жоңғарлардың 
1739 жылы көктемдегі 24 мың, 1739-1740 жылдың қысындағы 30-35 
мың, 1741 жылы қыста тағы да 30-35 мың әскермен жасаған жойқын 
шабуылының негізгі салмағы орта, Ұлы жүздерге тиді, Ертіс – Есіл 
өзендері аралығындағы Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан қарамағындағы 
қазақ рулары зор шығынға ұшырады. Қазан губерниясы шенеуніктері 
1740 жылы-ақ орта жүз қазақтарының мал-жандықтарын қалдырып, 
Жайық өзені мен Сырдарияға дейін шегінгенін патша үкіметіне хабар-
лайды (22). 
1741  жылғы  ақпан,  наурыз  аралығындағы  жоңғар  шабуылы 

84
85
кезінде Абылай сұлтан қолға түсті. Қалыптасқан жағдайда ел игілері 
Жоңғарияның шабуылын тоқтатып, Абылайды құтқарудың жолдарын 
іздестіре бастады.  
Абылаймен бірге мыңдаған қазақтар мен ел ішіндегі торғауыттар 
Жоңғарияға әкетілді. 1741 жылы 1 маусымдағы Ямышевск қорғанының 
подколковнигі  Зориннің  Тобольскі  комендантына  жазған  хатында  
Септен  нойон  бұл  кезеңде  Жоңғарияға  оралып,  3000-ға  жуық  адам-
ды  тұтқындап  кеткендігін  өзіне  келген  жоңғар  Урчудзжун  Гаязаттан 
естігенін  хабарлаған. Құжатта аты-жөні белгісіз қазақтың қалмақтарды 
жол  бастап  шығып,  қырғынға  ұшыратқаны  да  жазылған.  осын-
дай  құжаттарды  пайдаланған  тарихшы  К.  Абуев  қазақтар  жеңілісіне 
Әбілқайыр ханды кінәлап, ол «жеке пайдасы мен билігінің мәселелерін 
көбірек  ойлап,  елді  біріктіруге  күш  салмады,  ал  Әбілмәмбет  хан 
қалыптасқан  жағдайға  еш  әсер  ете  алмады,  өзі  Ресей  шебіне  жақын 
Кіші жүз иелігіндегі жерлерге көшіп алды» (23) деген қорытындыға 
келеді.  Біздіңше,  бұған  еш  негіз  жоқ.  Өйткені  мұрағаттық  құжаттар 
Әбілқайырдың елдің оңтүстігіне Нәдір шахтан төнген қауіпті реттеу 
үстінде болғандығын дәлелдейді. Нәдір 1741 жылғы жоңғар шабуылы 
қарсаңында оңтүстік Азияның біраз бөлігін, соның ішінде қазақтармен 
көршілес Бұхара мен Хиуаны, түркімендерді бағындырған еді. Мұндай 
жағдайда Әбілқайырдың қауіпті парсы бағытынан кетуі мүмкін емес. 
Ал жоңғар бағытындағы негізгі күш Әбілмәмбет хан төңірегіне топта-
сты. Бұл соғыста тағы да жоңғар қаруының күші мен әскери тактикалық  
шеберлігі шешуші роль атқарды. 
Қазақтар  жеңіліске  ұшырағанымен  жоңғарлардың  елді  тұтастай 
бағындыруына жол берілмеді. Мұның арты өзара келіссөздерге ұласты. 
Алдымен  Әбілмәмбет  хан  иелігінен  1741  жылы  жаз  айларында  уақ 
руынан  Ақшора  бастаған  елшілік  Қалдан  Церенге  аттанды.  Авторы 
белгісіз «Абылай хан» дастанында:
Әкетіп Абылайды байлап мықты,
Алдына Қалдан ханның алып жетті. 
Әкетті Абылайды деген хабар,
Ілезде бүкіл елге тарап кетті.
Естіген Әбілмәмбет сұм хабарды,
Үһілеп хан ордада қайғыланды.
Өлтірмей не алса да қайтарсын деп, 
Қалданға әтей арнап елші салды 
-  делініп,  Әбілмәмбет  хан  атынан  «біткенше  еркек  кіндік 
соғысамыз» (24)
 деген жолдар қосылады. 
1742  жылы  қаңтардың  басында  Амударияға  жақын  жерлер-
де  қыстаған  Әбілқайыр  ханға  жоңғар  елшілері  Қашқа  және  Баранг 
нойондар  арнайы  келіп,  Қалдан  Цереннің  қазақтардан  аманат  талап 
еткендігін хабарлайды. 10 қаңтарда жоңғар елшілерімен кездескен по-
ручик  д.Гладышев  олардың  Әбілқайырдың  1740  жылы  Жоңғарияға 
жіберген Құтылымбет батыр бастаған елшілігінің жалғасы екендігін, 
Қалданға  Әбілмәмбет  хан,  Барақ  сұлтан,  Жәнібек  батырдан  елшілер 
келгендігін анықтаған. Бұған қоса Әбілмәмбет, Барақтың Әбілқайыр 
ханмен ақылдасуға өз адамдарын жібергені де белгілі болды (6, С. 195-
196).
Келіссөз барысында Қалдан Цереннің Әбілқайырдан ұлы Айшуақ 
сұлтанды  жанұясымен,  төртқара  Қаратоқа  би  баласы  Мырзагелдіні, 
шөмекей Жайылған бидің бауыры Айтбай батырды, шекті Мөңке би 
баласы Ерназарды, Баймұрат би баласы Өтейді, таз Байысқұл би ба-
ласы  Түлкібайды,  алаша  Байсау  немересі  Қойсары  мырзаны,  алтай 
Тойғыл  би  баласы  Қабландыны,  қарасақал  Тілеуберді  баласы  Ерна-
зарды,  қаракесек  Қоңыр  батыр  баласы  Көшімді  сұрағаны,  әрбір  100 
түтіннен бір қарсақтан төлеу, көшіп-қонуды реттеу мәселелерін талап 
еткендігі  жеткізіледі.  Мұндай  хабар  1742  жылы  15  мамырда  қазақ 
арасында болған ағылшын көпесі Гоктың орынбор кеңсесіне жазған 
мәлімдемесінен де көрінеді. Гок Батыр сұлтанға 14 сәуірде Қалдан Це-
реннен келген елшінің Әбілқайыр ханға әкелген грамотасымен, онда 
қойылған  5  талабымен  танысқан.  Қойылған  талаптар  төмендегідей 
болатын:
1. Әбілмәмбет хан, Батыр сұлтан т.б. ел билеушілер, бас старшын-
дар Түркістанға көшіп келсін; 
2.  Әбілқайыр хан т.б. балаларын аманатқа жіберсін;
3. орта, Кіші жүздің әрбір түтінінен  бір-бірден қарсақ жинап, оны   
Жоңғарияға жөнелтсін; 
4.Батыр  сұлтан  неліктен  Қарасақалмен  бірге  Жоңғария  иелігіне 
соққы берді, соны түсіндірсін; 
5.Ресей - Хиуа - Ташкент сауда жолдары қорғалсын. 
Қонтайшының елшілері егер бұл талаптар орындалмаса жойқын 
шабуылдардың жалғасатындығын ескертуді ұмытпаған (25).
Аманат  мәселесі  Әбілмәмбет  хан  елшісі  Ақшораның  жоңғар 
билеушілерімен  болған  келіссөздерінде  де  қойылды.  Қонтайшы 
Әбілмәмбет ханға «қазақ арасында Қонтайшының ұлы Шуна батыр-
мын деп өзін-өзі жалған атап жүрген Қарасақалды» кейін қайтарудың 
маңыздылығын  ескерткен.  Елші  қазақтар  «бас  қосып  кеңесеміз, 
ақылдасамыз, жауабын береміз. Ел бытыраңқы, бір шеті орынборға 
таяу, жинала қоюы қиын, ақылдаспай жауап бере алмаймыз» деп жауап 
қайтарған.

86
87
Ақшора батыр бастаған қазақ елшілері жанына 3 жоңғар елшісін 
ертіп,  Әбілмәмбет  ханға  1742    жылы  көктемде  оралып,  Қалдан  Це-
рен талаптарын жеткізеді. Содан көп ұзамай орта, Кіші жүздегі 1500 
жуық,  ел  игілері  жиналып,  арнайы  кеңес  өткізеді.  Біздіңше,  осы 
кеңеске  қатысушылар  жауды  тоқтатып,  тұтқынға  түскен  қазақтарды 
қайтарып, атамекенді сақтаудың барлық жолдарын талқылаған. Кеңесте 
Әбілқайырдың  Ресей  саясаткерлерін  пайдалану,  Әбілмәмбеттің  ама-
натты жіберу туралы ойлары ішкі айтысты тудырса да қалың көпшілік 
хандардың  тәуекеліне  сенім  білдірді.  Ресей  орта  жүздің  аманатты 
жіберу туралы шешіміне еш ықпал ете алмаса да, бірден оған қарсы 
әрекеттерге кіріседі. Алдымен, Әбілмәмбет ханға аудармашы Р.Уразин 
1742  жылы  7  маусымда  арнайы  нұсқаумен  аттандырылды.  Нұсқауда 
Әбілмәмбет хан мен ел игілерін орскіге кездесуге шақырып, аманат 
төңірегіндегі ойларын анықтап, оны тоқтатуға күш салу қажеттігі анық 
жазылған. Қалыптасқан жағдайда 1742 жылы 23 маусымда орыс пат-
шасы Елизавета да Әбілмәмбет ханға хат жолдап, 1741 жылы Ресейге 
жіберілген  хан  елшілері  Әйтім  Баймұрат  батырды,  Қарабас  батыр-
ды, Болат батырды, Қараман батырды кері қайтарғанын алға тартып, 
орынбордың жаңа басшысы И.И.Неплюевпен тығыз қарым-қатынас 
орнатуға шақырады (6, С. 186, 216-218).
Ресей  саясаткерлерінің  түрлі  айла-шарғыларына  қарамастан, 
Әбілмәм-бет  хан  өткен  кеңес  шешіміне  сәйкес  тамыз  айында  өзінің 
екінші  ұлы  Әбілпейіз  сұлтанды  Нияз  батырмен  бірге  Жоңғарияға 
аманатқа жібереді. Кейін Р.Уразин Әбілмәмбеттің Ресейдің ешқандай 
үйіп-төккен уәдесін қабылдамай, «өзінің ұлын жоңғарға аманатқа емес, 
інісі Абылайды көріп, оны босатып әкелуге, қазақтар мен жоңғарлар 
арасында тыныштық орнатуға, қоныс-жайылым мәселелерін шешуге 
жібердім», «Галден-Церен бұрынғы жерлерімізді – Түркістан қаласын, 
оған тағы 32 қала қосып бермек»,-деп ойын ашық айтқанын мойын-
дайды (6, С. 124-125). 
Әбілмәмбет  хан  орынборға  жаңа  тағайындалған  басшы 
И.И.Неплюев бастаған Ресей саясаткерлерімен өткен 1742 жылғы 23-
30 тамыздағы қазақ-орыс келіссөзіне қатыспады. Жалпы қазақ атынан 
Әбілқайыр  ханның  жанында  Кіші  жүзден  83,  орта  жүзден  68,  Ұлы 
жүзден  4  ел  игісі  болған.  Кездесу  барысында  Әбілмәмбет  иелігінде  
Жоңғариядан елші жүргендігі белгілі болды. Біздіңше, нақ осы кезеңде 
Әбілмәмбет  хан  қазақ  аманатын  Жоңғарияға  жіберген  сияқты.  Хан 
өзі орскіге келмесе де немере інісі Абылайдың бауыры Сұлтанбекті, 
арғын  Жәнібек  тарханды,  көптеген  арғын,  керей,  уақ  руларының 
белді  тұлғаларын  жіберген.  Кездесуге  Әбілқайыр  ханмен  бірге  кел-
ген Қалдан Церен елшілері Қашқа мен Баранг «келіссөз бастау керек. 
Өйткені, жоңғардың ханы «атынан ері сынғанша» қазақты шаба береді» 
деп Жоңғарияның түпкі мақсатын   жасырмаған. Кездесу барысында 
Әбілқайыр хан, Жәнібек тархан, Сұлтанбек сұлтан Абылайды босату 
мәселесін көтерген. Көп ұзамай Ресей Жоңғарияға майор К.Миллердің 
жанына  Ерәлі  сұлтанды  қосып  аттандырады  (6,  С.  229-252).  деген-
мен Ресей өзінің дегеніне көнбеген Әбілмәмбетті арандатуға да күш 
салды. И.И.Неплюев 1742 жылы 18 қарашада Сыртқы істер алқасына 
жазып мойындағандай, оның Әбілмәмбеттің өзін орскіге келсе ұстап 
қалуды жоспарлағаны, ханның ұлдарын қолға түсіруді көздегені, тіпті 
Әбілқайыр мен Жәнібек тарханды Әбілмәмбетті «тыныштандыруға» 
пайдалануға ұмтылғаны белгілі болды. И.И.Неплюев «Аманатқа бала-
сын алу дегеніміз сол арқылы тек хандарды ғана емес, сұлтандарын 
да, бүкіл халқын да тізгіндеп, ұстап отырудың ең дұрыс жолы болып 
табылады.  Әбілқайыр  ханның  ұлын  аманатқа  ұстап  отырғанымызда, 
осыған  көзіміз  әбден  жетті.  Сонда  Әбілқайырды  ауыздықтағандай 
Әбілмәмбет  ханды  да,  қылп  еткізбей,  айтқанымызды  істетіп  отырар 
едік, мынадай қиын жағдайға қалмас едік» (12,122-129б.) деп ағынан 
жарылады. Міне нақ осы мұрағаттық деректер орыс,  кеңестік  тарих-
намада  қалыптасқан  «Әбілқайыр  хан  орынбор    Әбілмәмбетті  ұстап 
алуды жоспарлауда» деген әңгіме таратып, орта жүз ханын қазақ-орыс 
келіссөзіне  қатыстырмады,  мақсаты  Әбілмәмбетті  өзіне  бағындыру 
болды деген пікірлердің еш негізсіз екендігін толық талқандайды.
Жоңғар  нойоны  Сары-Манджа  1743  жылы  1  ақпанда 
И.И.Неплюевке «Тәуке хан немересі Әбілмәмбет хан ұлын аманатқа 
берді, оны Барақ сұлтанның ұлы ауыстырмақ»(25, С. 83-84)- деп қазақ-
жоңғар келіссөздерінің әлдеқашан басталып кеткендігін хабарлайды. 
Міне  осы  Сары  Манджа  К.Миллер  бастаған  орыс  елшілерін 
жоңғар шебінен өткізбей, келіссөзді Қалдан Церен атынан өзі жүргізіп 
кейін қайтарды. К.Миллер елшілігі орскіге 1743 жылы 14 маусымда 
оралды.  орыс  және  кеңестік  тарихнамада  К.Миллер  елшілігін  асы-
ра  бағалап,  оның  қорытындысында  «Абылай  тұтқыннан  босатыл-
ды» делінген пікір қалыптасқан. оны бүгінгі қазақстандық тарихшы 
И.Ерофеева  да  қолдап,  орыс  мұрағатынан  алынған  деректерді  алға 
тартады(10,С.342).  Ресей  елшілігінің  сапарын  асыра  бағалаушылар 
қонтайшының негізінен аманатты талап еткендігін, оны қазақтардың 
орындап, екі жақты келісімнің жүзеге асқандығын елемеуге тырысады. 
Егер Әбілқайыр, Әбілмәмбет хандар, қазақтың сұлтан, би, батырлары 
бірігіп мәселені шешудің жан-жақты жолдарын қарастырмаса, Абылай 
елге қайтар ма еді?
Сонымен  Әбілмәмбет  хан  атынан  барған  атығай  Жәпек  батыр 
бастаған  елшілер  Абылай  сұлтанды  босатып,  1743  жылы  маусым 

88
89
айы соңында елге оралған. Мұны естіген И.И.Неплюев «ел ішіндегі 
сөздерге қарағанда Әбілмәмбет жоңғар билеушісіне өзінің ұлын беріп, 
тым жақындасып кеткенге ұқсайды. Жоңғарлардың уәдесінен басы ай-
налып қалғаны соншалық, айырыла алмайтындай»(12,132-133 б.)- деп 
патша үкіметін хабардандыруға мәжбүр болады.
«Абылай хан» дастанында:
Абылай аман-есен елге қайтты,
Құр қайтпай ханның қызын ала қайтты.
Алдынан Әбілмәмбет өзі шықты
Басынан кешкен істі түгел айтты.
Сол кезде Әбілмәмбет ханның басы,
Қуанды жасарғандай хан ордасы.
Үш жүзге тұтас түгел хабар жолдап, 
Айтылды ұлан-асыр той жобасы
– делінеді. Әбілмәмбет хан саясатын жүзеге асыруда Малайсары 
батыр  да  айтарлықтай  көмек  көрсеткен.  ол  Жоңғарияға  жіберілген 
Әбілпейіз сұлтанның, Нияз батырдың ұлының жанында болып, Абы-
лай  мен  оның  жанындағы  қазақтарды  елге  қайтарып,  қазақ-жоңғар 
келіссөзінің сәтті аяқталуына барын салды.
Елге  оралған  Абылай  сұлтан  Әбілмәмбет  ханның  қолдауымен 
арғындар ұлысын басқаруға кіріседі. 1743 жылы 20 желтоқсанда Сібір 
губерниялық кеңсесіне Абылайдан «өзіне және ағалары Әбілқайыр мен 
Әбілмәмбет  хандарға орынборда  сауда  жасауға  рұқсат  берілсе  екен, 
арнайы өз жолымызбен барып көп сауда жасауға болар еді»(6, С.312-
313)  деген мәтінде хат келіп жетеді. Хаттан  Абылайдың Әбілқайыр 
мен Әбілмәмбетке ерекше құрметпен қарап, ағалар жолын сыйлағанын 
байқау қиын емес.
Сонымен көптің қолдауымен Әбілмәмбет хан Абылайды қайтарып, 
қазақ-жоңғар қарым-қатынасы тарихының жаңа бетін қалыптастырды. 
Абылай көптеген жоңғар билеушілерімен сенімді байланыс орнатса, 
алыс-берісте жүрген елшілер елді таныды. дегенмен Әбілмәмбет хан 
жоңғар  билеушісі  сұраған  Қарасақалды  оларға  беруді  түрлі  сылтау-
лармен соза берді. Қарасақалдың өзі Башкириядағы 1740 жылғы Ре-
сейге қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы болатын. 
Күрес  жеңіліс  тапқан  соң  1740  жылы  мамыр  айында  ол  орта  жүзге 
өтіп,  қазақтардан  пана  тапты.  Содан  бастап  ел  ішінде    Қарасақал  
Қалдан Цереннің туған інісі Шуна екен деген әңгіме тарала бастады. 
Әбілмәмбет пен Абылай Ресейдің Қарасақалды қайтару талабына «ол 
Ұлы жүзге Барақ сұлтанға бағынады», «ұстап беруге жұмыстанамыз» 
деген сылтаулармен жауап қайтарса, енді бірде Әбілмәмбет хан, Барақ 
сұлтан,  Нияз  және  Жәнібек  батыр  қазақ  даласында  жүрген  башқұрт 
К.Мергеновке «Қарасақалды ұстау мүмкін емес» деп бір ауыздан ойла-
рын бүкпесіз мәлімдеген (14, С.480). осындай жағдайда Шуна есімін 
пайдаланғаны үшін Қарасақал соңына Қалдан Церен түсті. Өйткені бір 
кезеңде ішкі билікке таластан кейін Шуна Жоңғариядан қашып, Еділ 
бойына кеткен-ді. Біздіңше, қазақ билеушілері Шуна атауын иеленген 
Қарасақалды Қалдан Церенге қарсы пайдаланып, Жоңғария билігінің 
ішкі мәселесіне араласуды көздеген болуы керек. Жоңғариядағы кейінгі 
оқиғалар мұның жүзеге асқандығын дәлелдейді. осы Шунаны ұстауда 
Қалдан  Церен  Барақ  сұлтанға  да  үміт  артты.  Өйткені  аманаттағы 
Әбілпейізді болашақта Барақтың баласы ауыстыруы тиіс болатын.
1744  жылы  көктемде  кеңес  шешіміне  сәйкес  Жоңғариядағы 
аманаттағы Әбілпейіз Әбілмәмбетұлының орнына Барақ ұлы Шығай 
сұлтан  аттанды-рылады  (26).  Барақ  сұлтан  ұлын  жібере  отыра,  оны 
тездетіп кейін қайтарудың жолы «Қарасақалды ұстап, Қалдан Церен-
ге жіберу» деген тоқтамға келген. Барақ сұлтанның «Қарындасымды 
саған қалыңдыққа берем» деген шақыруының астында ұстап алу жо-
спары жатқанын сезген Қарасақал қаракесек-арғын рулары иеліктеріне, 
Қазбек би мен Қабанбай батыр қарамағына кетіп үлгерген (27). деген-
мен,  Абылайтанушы  К.Абуевтің  пікірінше,  Барақтың  Қонтайшының 
сеніміне кіргендіктен, Шығай сұлтан көп кешікпей әкесіне қайтарылған 
екен (23, С.97). 
1744 жылы Әбілмәмбет хан біржолата Түркістанға көшті. оның 
әр  қадамын  бақылап  отырған  орынбор  кеңсесі  «1745  жылы  жаз-
да  Әбілмәмбет  хан  Түркістаннан  орынборға  қарай  жақындап  келіп, 
И.И.Неплюевпен  байланысқа  шықты.  Өзінің  көшу  себебін  «құдайға 
құлшылық ету» деп түсіндіргенімен, күзде орнына ұлы Болат сұлтанды 
қалдырып, кері көшіп кетті» деген қорытындыға келді (19, С. 81). 
Әбілмәмбет  Түркістаннан  солтүстікке  қарай  келіп,  Ресеймен 
байланысқа қайта шығу себебін И.И.Неплюев 1745 жылы 29 шілдеде 
Сыртқы  істер  алқасына  «ол  Түркістанға  жоңғарлардың  алдарқатып, 
ол  жерлердегі  бірнеше  қалаларды  береміз  деген  уәдесіне  сеніп,  аз 
уақыт тұрып көріп, кері қайтты. ол жерлер бұрын Әбілмәмбет атала-
рына бағынған болатын. Хан Түркістанға келген соң Қонтайшы оны 
өзіне шақырды. Содан хан алданғанын сезіп, Жоңғарияға баруым үшін 
елге барып, кеңестің рұқсатын алуым қажет деп орта жүзге қайтқан», 
-  деп  түсіндіреді.  И.И.Неплюевтің  еш  дәлелсіз  жазған  хабарын 
Әбілмәмбеттің көп ұзамай Түркістанға оралуы жоққа шығарады. Кейін 
орынбор  басшылығы  «Әбілмәмбет  хан  Қалдан  Церенмен  кездесуге 
кетті» деген де хабар алып, оның артынан Сақмар казагы М.Асановты 
жібергенімен орыс елшісі ханмен кездесе алмаған. осы жолы М.Асанов 

90
91
ханның саясатынан Ресейге қарсы ешқандай қарсылық таппағанымен, 
Әбілмәмбеттің  өзіндік  саясат  жүргізіп,  «бодандық  туралы»  ауызға 
алмағандығын орынборға ашық хабарлады (6, С.317, 325). 
Әбілмәмбеттің  ендігі  жағдайда  жоңғар  Қонтайшысымен  өзі 
тікелей байланысқа шығуы, Түркістанға орнығып, Ташкентті қайтаруға 
жұмыстануы,    Абылай  сұлтанның  орта  жүзге  хан  сайлануы  қазақ 
билеушілерінің  ішкі  бірлігін  дәлелдейді.  орыс  үкіметі  Әбілқайыр 
мен Әбілмәмбетті бір-біріне қарсы қойып, оларға жіберген елшілері 
арқылы  түрлі  арандатулар  жасағанымен  қазақ  үшін  ел  тұтастығы 
қымбат  екендігі  анық  байқалды.  Әбілқайыр  ханның  жоңғармен 
келіссөзді үнемі назарда ұстауы, елшілерінің Иранға, аманатының Ре-
сейге, Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтанның аманатының Жоңғарияға 
жіберілуінің  өзі  қиын-қыстау  кезеңде  елдің  бірлігін,  территориялық 
тұтастығын сақтап қалудағы шешуші қадамдар болатын. 
1745  жылы  қыркүйек  айында  Қалдан-Церен  қайтыс  бол-
ды.  Жоңғарияда  басталған  ішкі  талас  нойондардың  сыртқы  сая-
сатын  әлсіретті.  Соған  қарамастан  Әбілмәмбет,  Абылай,  Барақ 
екі  ортадағы  байланысты  дамытуға  күш  салады.  Мұны  көре  тұра 
И.И.  Неплюев  қайткенде  де  ішкі  бірлікті  бұзуға  жұмыстанды.  Бұл 
кезеңде Әбілқайырұлы Ерәлі сұлтан Абылаймен іргелес қоныстанып, 
Әбілмәмбет ханмен Түркістан маңында көшіп қонады (6, С. 370). 
Түркістанда  Әбілмәмбетпен  қатар  Сәмеке  ханның  үлкен  бала-
сы Сейіт те хандық құрады. ол оңтүстіктегі қоңырат руын басқарып, 
Қалдан  Цереннің  сеніміне  ие  болып,  хан  ретінде  мойындалған-ды. 
Жоңғарияның батыс шекарасындағы әскери қолбасшы Сары Манджа 
да қазақ билеушілерінің бәрімен жеке таныс болды деуімізге болады. 
оның мойындауынша Қалданға бас имеген Әбілқайыр хан ғана қалған. 
Кейін  нойон  «Әбілқайыр  хан  бізге  қарсы  көптеген  әрекеттер  жаса-
ды.  14  жыл  бұрын  оның  ұлысын  талқандап,  әйелі,  балаларын  қолға 
түсіргенбіз. Сол кезде оның бізге мойынсұнып, енді жоңғарларға ша-
буыл жасамаймын, баламды аманатқа берем дегеніне сеніп жанұясын 
қайтарғанбыз,  бірақ  ол  уәдесіне  тұрмады»  деп  мойындауға  мәжбүр 
болған (20, С. 118-119). 
Сары  Манджа  нойон  1745  жылы  көктемде  Ташкенттегі  Төле 
биге  кездесуге  келіп,  қаза  тапқан.  Қазақ-жоңғар  қарым-қатынасын 
зерттеуші в.А.Моисеев «Жоңғар феодалдары мен қазақ  билеушілері, 
Сары Манджа уланып өлген деген сенімде болды»  деген қорытынды 
жасайды (28). 1744-1745 жылдары Әбілмәмбет хан Абылай сұлтанның 
көмегімен  Түркістандағы  немере  інісі  Сейіт  ханның  түрлі  арандату-
ларын тоқтатты. Ал Сейіт қайтыс болған соң Әбілмәмбет қарамағына 
Түркістаннан басқа Сауран, отырар, Созақ т.б. қалалар өтеді. 
Сөйтіп Әбілмәмбет хан ата-бабаның мекені Түркістанға орнығып, 
қазақ елінің оңтүстік-шығысындағы саяси-экономикалақ мәселелерді 
шешуді қолға алады. дегенмен оның осы кезеңнен 1747 жылғы маусым 
айына  дейінгі  аралықтағы  қоғамдық-саяси  қызметі  туралы  деректер 
кездеспегенін  атап  өтуге  тиіспіз.  Керісінше,  бұл  кезеңде  Әбілқайыр, 
Абылай хандар, Нұралы, Барақ сұлтандар орыс кеңсесіндегі құжаттарда 
толық көрініс табады. Ресеймен қарым-қатынасы әбден шиеленіскен 
Әбілқайыр  ханға  сол  тұста  орыс  саясаткерлері  Барақ  сұлтанды  ай-
дап  салады.  1747  жылы  көктемде  Барақтың  Санкт-Петербургте  пат-
ша  сарайына  барып  қайтқан  немере  інісі  Ескендір  сұлтанды  ертіп 
келген  М.Арапов  орыс  жоспары  бойынша  Әбілқайыр  ханның  Ре-
сейге  қарсы  саясатын  толығымен  түсіндіреді.  Тіпті  осындай  кезде-
суде  болған  кейбір  қазақтар  «Барақ  сұлтан  тікелей  Әбілқайыр  ханға 
барып,  Ресейге  қарсы  теріс  қылықтарын  тоқтату  керектігін  айтсын» 
деген ұсыныс білдірген. Содан Барақ сұлтан сенімді адамдарын И.И. 
Неплюевке  аттандырған  (6,  С.357-361).  Барақ  сұлтанның  осынша 
белсенділігіне  Әбілмәмбет  ханның  көзқарасын  анықтау  мүмкін  бол-
мады. дегенмен Әбілмәмбеттің 1747 жылғы 4 маусымдағы И.И. Не-
плюевке жазған хатынан  өзінің  Барақпен сенімді қарым-қатынаста 
екендігін  хабарлағаны  белгілі.  Сонымен  бірге  хаттан  Әбілмәмбеттің 
негізгі саяси бағыты Жоңғария мемлекеті болғандығын аңғарамыз (6, 
С.357). Кейін Әбілмәмбет 1748 жылы шілде айында атығай Байназар 
Бекболатов  пен  сарыжетім  шақшақ  Шамаметті  орынборға  жіберіп, 
А.И.Тевкелевке  жолықтырған.  А.И.Тевкелев  Байназарды  әңгімеге 
тартып, Әбілмәмбеттің Ресейден алыстап көшу себебін сұраған. Бай-
назар  оның  себебін  саудамен  байланыстырып,  солтүстік-шығыста 
сауда-саттық    дамымаған  деп  түсіндіреді.  Әңгіме  барысынан  белгілі 
болғандай  Әбілмәмбеттің  жоңғарлармен  байланысы  өзара  сенімде 
дамыған  екен.  Кейін  жоңғар  елшілерінің  Барақ  сұлтанның  баласын 
қайтадан аманатқа жіберуін талап еткендігі белгілі болады (29).
Көп ұзамай И.Неплюевтің арандату саясаты толық жүзеге асады. 
Губернатордың Азия бағытындағы жоспарына басты кедергі жасаған 
Әбілқайыр  Барақ  сұлтанның  қолымен  өлтіріледі.  Тамыз  айында  аса 
шеберлікпен ұйымдастырылған қанды оқиғадан кейін Барақ қаракесек-
арғын рулары арасынан Түркістанға қарай Әбілмәмбет иелігіне қарай 
үдере көшеді. П.И.Рычков Барақ сұлтан Ташкенттен И.И, Неплюевке 
хат  жолдап,  өзінің  «келер  көктемде  Әбілқайыр  ұлдарына  келіп,  құн 
төлейтіндігін хабарлады» деп жазады (19, С.91).
Әбілқайыр  хан  өлімі,  сөз  жоқ,  барша  қазақ  қоғамына  әсер  етті. 
Мұрағаттық  деректер  арқылы  XVIІІ  ғасырдың  І  жартысындағы  аса 
беделді  Төле,  Қазыбек  билердің,  Бөгенбай,  Есет,  Жәнібек,  Қабанбай 

92
93
батырлардың, Абылай сұлтандардың Барақтың қылмысын қолдамай, 
оны  жоңғар  иелігіне  жібермей,  ішкі  бірлікті  бұзбай  билер  сотына 
жүгінуі  дәлелденгенімен,  Әбілмәмбеттің  ұстанған  саясатын  тағы 
да  анықтау  мүмкін  болмады.  1748  жылы  20  қарашада  казак  атама-
ны  Смайыл  молла  Әбдіразақовтың  «Барақ  жанында  Әбілқайырды 
өлтіруге көмектескендер ғана қалған» деген түйіні толық шындыққа 
сай келеді. Қазақтар арасындағы жағдайды анықтаған И.И. Неплюев 
Сыртқы істер алқасына «Барақ ... қылығының салдарынан орта жүз 
арасындағы тепе-теңдік бұзылып, Әбілмәмбет мүлде әлсіреп қалды» 
деген қорытындысын хабарлады (6, С. 392-403). дегенмен мұрағаттық 
құжаттардан Әбілқайыр ұлдарының Әбілмәмбет ханға қарсы жасаған 
саясаттарын да кездестіре алмадық. Соған қарағанда Әбілмәмбет хан 
да ел игілерімен бірауызды болған деуге толық негіз бар.  
1749  жылдың  шілдесінде  орынборда  болған  Жәнібек  тархан: 
«Әбіл-мәмбет хан Түркістанда, ал оның жанында болған Барақ сұлтан 
қазір өзінің зұлымдығына байланысты жоғалды», - деп мәлімдеген (6, 
С.469).
оның  үстіне  Әбілмәмбеттің  екінші  ұлы  Әбілпейіз  Нұралының 
қызын  алып,  өзара  құдандаласып  та  үлгерген-ді.  Мұның  барлығы 
Әбілмәмбет ханның қазақ қоғамында өзіндік орнын айғақтап, саясаткер 
ретінде  Ресей,  Жоңғар  мемлекеттерімен,  оңтүстіктегі  хандықтармен 
Әбілқайыр  ханмен  қатарлас  байланыс  орнатып,  үлкен  беделге  ие 
болғандығын  көрсетеді.  ол  Әбілқайыр  хан  өлгеннен  кейін  қазақ 
даласындағы басым көпшілік мойындаған тұлғаға айналады. 
Сонымен  жоғарыдағы  Абылайдың  хатына  сүйенсек,  нақ  осы 
кезеңде Әбілмәмбет қазақтың бас хандығына сайланған. Әбілмәмбет 
Нұралы, Абылай хандар мен өзге де жас сұлтандарға бас хан ғана емес, 
сонымен бірге олардың немере ағалары, хандар әулетіндегі ең үлкені, 
ақылшылары болып қалады. 
Әбілмәмбет хан  Түркістанда түрақтағанымен елдің солтүстігіндегі 
жағдайды  өз  бақылауынан  шығармаған.  оны  ескерген  орынбор 
кеңсесі орыс елшілеріне «Абылай сұлтанды Әбілмәмбет орнына хан 
сайлауға болмайды. Себебі Әбілмәмбет орта жүзде үлкен беделге ие, 
оны бекерден-бекер үркітуге болмайды», - деген нұсқау тапсырады (6, 
С.603).
  XVIІІ  ғасырдың  50  жылдары  Әбілмәмбет  Абылаймен 
бірлесе  Жоңғариядағы  нойондар  саясатына  ықпал  жасай  бастады. 
Жоңғариядағы  төңкерістер  мен  ішкі  қырғын  әсерімен  Абылай  ханға 
жақсы таныс даваци мен (қазақтар дауашы дейді - Ә.М.) Әмірсана ной-
ондар жеңіліс тауып бақлы керей рулары арасына қашып келеді. Мұндай 
хабарды  естіген  Ресей  И.И.  Неплюевке,  А.Тевкелевке,  И.Крафтке 
құпия жарлық жолдап, жоңғарларды Абылайдан орынборға жеткізуді 
ұйымдастыруды  тапсырған.  Жарлықта  «даваци  алдағы  уақытта 
Жоңғарияға билеуші болып кетуі мүмкін, сонда қазақтарды өзіне тар-
тып алады, бұл дегеніміз Ресейдің мүддесіне кереғар келеді»(12, 201 
б.) деп ашық жазылған. 
1752  жылы  жазда  жоңғар  билеушісі  Лама-доржи  Абы-
лай  ханға  елші  жіберіп,  нойондарды  қайтаруды  талап  етеді.  Со-
дан  осы  жылы  күзде  Ұлытауда  орта,  Кіші  жүз  қазақтарының  ар-
найы  кеңесі  ұйымдастырылады.  Кеңеске  қатысқан  Әбілмәмбет  хан 
жаңа  шиеленістің  алдын  алу  үшін  нойондарды  Жоңғарияға  қайтару 
қажеттігін алға тартқанымен, Бөгенбай батыр, даут тархан (Жәнібек 
батыр ұлы - Ә.М.), Жапақ батыр, Әбілқайыр хан ұлы Ерәлі сұлтан т.б. 
Абылайдың  «нойондар  қазақ  үшін  пайдалы»  деген  дәлеліне  қолдау 
көрсеткен. 
Кеңестен кейін Абылай хан Лама – доржиге «нойондар қазақтарға 
өз еріктерімен келді, сондықтан дәстүрімізге байланысты оларды бере 
алмаймыз», - деп елші аттандырған (30). Мұның арты жаңа соғысқа 
әкеледі. 20 мың әскерді аттандырып шекарадағы қазақ руларын шапқан 
нойондарға қарсы жорыққа аттанған Абылай хан бастаған қазақ қолдары 
в.А. Моисеевтің пікірінше, жеңіске жетіп қана қойған жоқ, бұған қоса 
Жоңғарияның билігіне араласуға мүмкіндік алады. Көп ұзамай Лама-
доржи  өлтіріліп,  даваци  Жоңғария  тағына  отырады.  даваци  заңды 
мұрагер ретінде «қазақтармен тату-тәтті тұрамыз» деп бірден Абылай 
ханға елшілік аттандырған. Мұндай өзгеріс 1753 жылы күзде болған-
ды. Бірақ көп ұзамай даваци мен Әмірсана арасында күрес бастала-
ды. 1754 жылы жеңілген Әмірсана Қытай асып, 1755 жылы көмекке 
Қытай  әскерін  алып,  10  мың  қолмен  Жоңғар  хандығын  талқандады. 
Тарих сахнасынан Жоңғарияның кетуі қазақ-қытай арасындағы ресми 
қарым-қатынастың басталуына жол ашады. ол алдымен Әмірсананың 
Цин патшалығының қудалауына байланысты қазақ жерін паналауына 
тікелей қатысты еді. 1757 жылы 28 шілдеде Әмірсана  Семипалатинск 
қорғанына  кеткеннен  кейін,  Әбілмәмбет  пен  Абылай  шекарадағы 
қытай әскерлерімен келіссөзді жүргізуді Әбілпейіз сұлтанға жүктейді. 
Бейбіт келісім мен еркін сауда-саттықты алға тартқан Әбілпейіз сұлтан 
ұсынысын  қабылдаған  қытайлықтар  өз  елшісі  даликаны  Абылайға 
жіберген (23, С.127). Елшіні оң қабылдаған Әбілмәмбет те, Абылай да, 
өзге ел игілері де Жоңғарияның келмеске кеткенін түсініп, Цин патша-
сына өз елшілерін жіберу қажет деп табады.
1757  жылы  30  тамызда  Әбілмәмбет  ханның  ұлы  Әбілпейіз  бен 
Абылай  хан  алғашқы  қазақ  елшілерін  Қытайға  аттандырады.  Қазақ 
елшілері  Цин  патшасына  «Тарбағатай  біздің  бұрынғы  көшіп-қонып 

94
95
жүрген жеріміз еді. Өзіңіздің ілтипатыңызды білдіріп, осы жерді бізге 
берсеңіз»  деп  шекара  мәселесін  қозғаса,  қытайлықтар  Әмірсананы 
қайтаруды  талап  еткен.  Кейін  Қытай  талабына  Абылай  «Әмірсана 
біздің елде емес» (31) деп жауап қайтарған Қытай әскерлері Әмірсананы 
қанша  іздегенімен  таба  алмады.  Бірде  олар  шекарадағы  Әбілпейіз 
сұлтанмен кездескенде ол да «Әмірсананы іздеп ат сабылтып жүрмін» 
- деп Абылайдың тапсырмасын  орындап жүргендігін хабарлаған. 
Қытайлықтар Әмірсананы іздеуді сылтаулатып, қазақ билеушілері 
туралы ақпарат жинаған. олар «1758 жылы күзде орта жүзде бір хан 
болған, ол Есім хан деп аталады, оның ұлы Жәңгір хан деп аталады. 
Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан деп аталады. Тәуке ханның ұлы Болат хан 
деп аталады, Болат ханның ұлы Әбілмәмбет хан деп аталады. Қазіргі 
таңда Әбілмәмбет хан билік етіп отыр. Әбілпейіз - Әбілмәмбеттің ұлы, 
қазір  сұлтан  лауазымын  атқарады.  Абылай  -  Әбілмәмбеттің  аталас 
бауырларының ұлы, хан тағына отырмаған-дықтан ол да сұлтан болып 
табылады, ол армия бастап шекаралық аймақта бекінген» деп жазған. 
деректе  олардан  басқа  Жолбарыс  ханның  ұлы  Әбіліз  хан,  Махмұт 
ханның ұлы Ханбаба хан, Әбілқайыр ханның ұлы Нұралы хан, Қайып 
ханның ұлы Батыр хандар аталады (31, 67 б.).
XVIІІ ғасырдың 50 жылдарының аяғындағы қазақ билеушілерінің 
ішкі қарым-қатынасы туралы мол деректі 1758 жылдың аяғы мен 1759 
жылдың  басында  қазақтарға  келген  қытайлық  Наван  елшінің  хатта-
рынан  кездестіреміз.  Наван  жанына  11  елшіні  ертіп,  Абылай  ханды 
іздеп  шығып  жолда  Әбілпейіз  сұлтанмен  жолыққан.  Сұлтан  саудаға 
адам  жіберуді  Абылайдың  өзі  шешетінін,  Әбілмәмбет  ханның  қазір 
осы бағытқа келе жатқанын хабарлаған. Кейін елшілер Әбілмәмбеттің, 
Абылайдың, Ханбабаның Қазыбек бидің ауылында болатын кездесу-
ге келуді жоспарлағанын естіп, осы жерден күтіп алуды ұйғарған. Бір 
қызығы қытай елшілері 1 айға жуық уақыт күткен. Соңында шыдам-
дары  таусылып,  Нұра  бойындағы  Қорғалжын  мекеніндегі  Нияз  ба-
тыр қонысындағы Әбілмәмбет ханға өздері келеді. Сізді Түркістанда 
тұрады  дегенді  естіп  едік?  деген  елші  сұрағына  хан  «Мен  әдейі 
Сіздермен  кездесейін  деп  келдім,  Абылай  –  менің  інім.  Әбілпейіз  – 
менің  ұлым.  олар  менің  тапсырмам  мен  бұйрығыма  қарсы  шығады 
дейсіз бе? Әрине, мен де өзімнің інім мен ұлымның игі бастамасын 
бұзбаймын  ғой.  Сіз  маған  Абылайға  жіберген  хатты  көрсетіп  отыр-
сыз – бұл өте жақсы. оның мәтінін барша қазақ жұртына жеткізейін» 
деп  жауап  қайтарады.  Құжаттан  байқағанымыздай  ханға  Түркістан 
төңірегіндегі  Ташкент,  Бескент,  ордасарай,  Қарамұрын,  Сайрам, 
Шымкент,  Қарабұлақ,  Маңкент,  Иқан,  Ташанақ,  Қарнақ,  Сауран, 
Қарашық,  Аққорған,  Үзкент,  Созақ,  Қазақдыжолық,  Құлантөбе, 
Қошосар, Мұхаможын, Жанкент сынды жерлер бағынған. Араға уақыт 
сала  Ханбаба  ауылында  болған  Наванға  Әбілмәмбет  пен  Абылай 
хандар келген. осында барша жаңалықты естіген Абылай елшілерге 
«Әбілмәмбет менің ағам болғандықтан, барлық іс соның айтқаны бой-
ынша жүреді, мен оның айтқан – тапсырғандарына мойынсұна-мын»,- 
деп мәлімдейді. Кездесу соңында сауда-саттықты жалғастырып, елші 
алмасуға қол жеткізіледі. Кейін Абылай бауыры орыс сұлтан, досай, 
Ақтамберді  батырлар  Наванға  еріп  Қытайға  аттанады.  Әбілмәмбет 
елшісі  орыс  сұлтан  1759  жылы  ақпан  айында  Пекинде  болып,  Цин 
патшасымен кездескен (31, 69-92 б.).
Қытай  патшасы  қазақ  елшілерін  ерекше  жылы  қабылдап,  зор 
құрмет  көрсетіп,  1759  жылы  9  наурызда  Әбілмәмбет  ханға  хат  жол-
дады. Патша хатында Ресейдің де, Қытайдың да қазақ елінде өзіндік 
саясаты барлығы анық жазылған. Хаттан «орыстармен қарым-қатынас 
орнатсаңыздар да, сіздермен жауласпаймыз. Адал ниет білдіргендеріңіз 
үшін демеуші болып, әрқашан шексіз бақ – дәулетке кенелуіңізді үміт 
етеміз» деген жолдарды оқуға болады.
Сөйтіп  қазақ  елі  Жоңғар  хандығы  жойылғаннан  кейін  екі 
алыптың  –  Ресей  мен  Қытайдың  ортасында  қалды.  Ресей  қаншама 
күш  салғанымен  Әбілмәмбет  пен  Абылайдың  Қытаймен  байланы-
сына  кедергі  жасай  алмады.  Тілмәш  М.Араповтың  анықтауынша, 
Әбілмәмбет  Қытайдың  әскери  күштерін  кері  қайтарып,  сенімді 
қатынас орнатқан соң  Абылайға Ресеймен де байланысты үзбей, елші 
алмасып,  қарым-қатынасты  жалғастыруды  тапсырған  екен  (12,  272, 
275 б.). Мұның өзі тағы да ел игілері арасындағы бірлікті көрсетеді. 
1760 жылы 18 шілдеде  Ресей Сыртқы істер алқасы қазақ даласынан 
келген  барлық  ақпараттарды  талдап  «Әбілмәмбет  хан  өзі  Түркістан 
қаласында тұрса да, жаз айларында Алтай-Арғын руына келеді, сонда 
бірталай уақыт болып, Абылай шеше алмайтын мәселелерді шешіп от-
ырады. Әбілмәмбеттің Болат және Әбілпейіз деген ұлдары бар. Болат 
Алтай-Арғынды,    Әбілпейіз  Қаракерей-Найманды  билейді.  Абылай 
сұлтан Әбілмәмбеттің айтқанын бұлжытпай орындайды екен, демек, 
мұндай жағдайда орта жүзге Әбілмәмбет хан тірі тұрғанда тағы бір 
хан тағайындаудан келер еш пайда жоқ» деп мойындауға мәжбүр бо-
лады (6,  С. 607-610).
Әбілмәмбет  ханның  Түркістандағы  саясаты  барлық  қазақ 
билеушілері тарапынан бірдей қолдау тапты десек артық айтқандық бо-
лар еді. XVIII ғасырдың 50 жылдарының аяғындағы орыс деректерінен 
Әбілмәмбеттің  немере  інісі  Сәмеке  ханның  ұлы  Есім  ханмен  арасы 
біраз  шиеленіскенін  байқаймыз.  Құжаттарды  саралаған  И.Ерофеева 
«Есім Түркістан үшін күресте Әбілмәмбет ханды 1758 жылы қаладан 

96
97
қуды.  Содан  1762  жылы  Абылай  хан  мен  Қазыбек  бидің  араласып, 
екі  жақты  табыстыру  нәтижесінде,  Әбілмәмбет  кейін  оралып,  қала 
билігін  екіге  бөліп  алды»  деген  қорытынды  жасайды  (32).  Енді  бір 
зерттеушілер  «1761  жылы  Әбілмәмбет  ханның  Есіммен  Түркістан 
билігі  үшін  таласының  соңы  оның  ұлы  Әбілпейіз  сұлтан  иелігіне 
көшуіне әкелді. 1762 жылы көктемде Қаракесек руындағы Қазыбек би 
ордасында екі тұлғаның өзара келісімі жүзеге асты», - деп есептейді 
(30,  С.  100).  Қазақтар  арасындағы  барлық  жағдайға  қанық,  оған  өзі 
тікелей араласып жүрген атығай руынан Құлсары батыр 1761 жылы 
19 қарашада орыс кеңсесіне «қазақтың орта жүзінің ханы Әбілмәмбет 
бұрынғысынша  Түркістанда  тұрып  жатыр.  Өткен  1761  жылдың  жа-
зында  кейбір  қазақтардың  кеңесімен  Әбілмәмбет  хан  Түркістандағы 
бұхаралықтарды  жинап,  оларға  түрлі  мата  мен  былғары  төлеп  тұру 
жөнінде  айтқан  екен.  Бірақ  артынан  бұхаралықтарға  аяушылық 
білдіріп, ауыртпалық түсірмеу үшін, қазақтардың олардан алым-салық 
алуына  тыйым  салған.  Бұған  наразы  болған  қазақтар  Әбілмәмбетті 
Түркістаннан кетіріпті. Алайда ол өзіне жақтас қазақтардың және өз 
ұлдарының көмегімен Түркістанға қайтып барып, сонда жақсы жай-
лы  тұрып  жатыр»,  -  деп  түсіндірген  (12,  331  б.).  Біздіңше,  Құлсары 
батырдың  сөзіне  толық  сенуімізге  болады.  Яғни,  негізгі  мәселе 
бұхаралықтарға  қатысты  туындаған  және  Әбілмәмбет  И.Ерофеева 
жазғандай Түркістаннан ұзаққа кетпеген. 
1761 жылдың күзінде Әбілмәмбет хан Сайбек бастаған елшілерін 
Қытай  патшасына  жіберген.  1762  жылы  наурыз  айында  патша 
қабылдауында болған Сайбек арқылы қытайлықтар Әбілмәмбет ханға, 
Әбілпейіз,  Сәнияз,  Ханқожа,  Болат  сұлтандарға  жолдаған  хатында 
өзара сенім мәселесін айрықша көтерген.
Араға уақыт сала Абылай хан дәулеткерей сұлтанды Қытайға ат-
тандырса, онымен қатарлас Кіші жүзден Нұралы ханның елшілері де 
Қытайға  қарай  жолға  шығады  (33).  Қытайлықтар  бұл  елшіліктердің 
мақсаты «сый-сияпаттар алу» деп анықтағанымен қазақтар үшін ба-
сты мәселе ішкі бірлікті дәлелдеу, Әбілмәмбет пен Абылайдың сыртқы 
саясатына  қолдау  көрсету  болатын.  Өйткені  бір  кезеңде  Абылайдың 
Қытай  патшасына  «Қазақ  өз  ішінде  үш  жүзге  бөлінеді.  Мен  орта 
жүздің  ханымын.  Кіші  жүз  бен  Ұлы  жүзді  де  менің  тумалас  бауыр-
ларым билейді»,- деген хабарының жай айтылған сөз еместігі, оның 
нақты іс-шарамен дәлелденгені еді (33, 157 б.).
Әбілмәмбет пен Абылай 1763 жылы тағы да орыс сұлтанды Пе-
кинге бағыттап, Кенже батырды туыстарымен аманатқа жібереді (34). 
орыс сұлтанға қазақ-қырғыз арасындағы шиеленіскен қарым-қатынасқа 
Қытайдың  қаншалықты  қатысы  бар  екендігін  анықтау  жүктеледі. 
Башқұрт Шүкір жазбасына сенсек «Қытайға қараған қырғыздар Іледегі 
қазақтарға  үш  мәрте  шабуыл  жасап,  ауылдарды  тонап-талап  кеткен. 
Қырғыздар  көп  қазақты  тұтқынға  алған.  Қырғыздардың  қазақтарға 
жасаған  осы  шапқыншылығы  жөнінде  Әбілмәмбет  хан  Абылайға 
өзінің ұлы Болат сұлтан арқылы хабар салып, «қырғыздарды шауып 
қайт  деген  тапсырма  беріп»  барша  қазақты  көтерген.  Ал  Әбілпейіз 
сұлтанға шекарадағы қазақтарды болашақ соғыстан сақтау үшін Абы-
лай иелігіне көшіруді міндеттеген ( 6, С. 667-669).
Қытайдың  қазақпен  көршілес  қырғыз,  бұхара,  қоқандықтармен 
араласып, олардың сыртқы саясатына ықпал жасай бастауы ел игілерін 
толғандыра  бастады.  Өйткені  Қытайдың  «жұмсақ»,  «алдап  арбау» 
саясатының арты бір атаның балалары түркі тілдес халықтарды бір-
біріне айдап салумен аяқталатын. Міне, осы кезеңде тарих сахнасы-
на  барша  мұсылмандарды  қорғаушы  Ауған  шахы  Ахмет  көтеріліп, 
Қытайға  қарсы  ашық  соғыс  жариялады.  Қазақты  өзіне  тартуды 
көздеген  Ахмет  шах  Әбілмәмбет,  Абылай,  Нұралы  хандарға  хабар 
салады.  Ахмет  шах  хаттары  Әбілмәмбет  хан  арқылы  өзге  хандарға 
жеткізіледі. Әбілмәмбет ханның хатшысы Бабазян арқылы Абылайға 
жеткен хаттан шахтың мұсылмандарды қорғау үшін Қытай патшасы-
на елші жіберетіні белгілі болады. Расында да 1763 жылдың басын-
да  ауған  елшілері  Қытайға  жетіп,  олардың  Жоңғария  мен  Шығыс 
Түркістанға  шабуылдарының  себептерін  түсіндіруін  талап  етеді. 
Ауған шахының бұл саясаты Қазақстан мен орта Азия халықтарының 
қолдауына ие болады. Содан күн тәртібіндегі Ауған – Қытай соғысы 
бола қалса қазақтардың саясатын анықтау мақсатында Әбілмәмбет хан 
Түркістанға  барша  қазақтың  игілерін  жинауды  бұйырады.  Құлсары 
батыр  1763  жылы  қыркүйекте  орыс  кеңсесіне  Түркістанға  шамамен 
6000  адам  жиналып,  болашақ  саясатын  талқыламақ  дегенді  хабар-
лайды. Кейін орыс сұлтаннан белгілі болғандай қазақтар Ахмет шах 
ұсынысын қолдаған екен (30, С. 104-105). Ахмет шахтың батыл саяса-
ты мен оны қолдаушылардың барлығы Қытайдың саясатына әсер етсе 
керек,  ол  Қазақстанға  байланысты  көзқарастарын  біршама  тежеген. 
Мұның өзі Әбілмәмбет пен Абылайдың көршілес халықтарға байла-
нысты саясатын ашық жүргізуге жол ашты. 
Қырғыздар  шекарадағы  қазақ  ауылдарын  шауып,  адамдар-
ды  тұтқындап  әкетіп  жатса,  қоқандықтар  Ердана  би  бастауымен 
Түркістанның  Ташкентпен  байланысына,  сауда-саттықтың  дамуына 
кедергі жасады.
Жоңғарлардан  босаған  жайылымдарға  қазақ-қырғыздың  тала-
сы ол жерлерді басып алған Қытайдың ара ағайындық роль атқарып, 
өз  билігін  жүргізуіне  әкелді.  Өйткені    қазақ,  қырғыздар  Қытайдан 

98
99
көмек  сұрап  бірнеше  рет  елші  жібергенімен,  алып  ел  әліптің  ар-
тын  бақты.  Қытайлықтар  Әбілмәмбет,  Абылай  хандарға  қырғызды, 
қоқандықтарды «менің пақырым, маған қарайды» деуден аса алмады. 
Соған қарамастан Әбілпейіз сұлтан қол бастап қырғыздар шабуылына 
жауап ретінде соққы беріп, 100-ден аса адамын тұтқындап алып келген. 
Қазақ-қырғыз байланыстары тарихын зерттеуші А.Махаева «Қырғыз 
биі ормамбет «Судың түбін шым бітіреді, даудың түбін қыз бітіреді», 
- деп қызы Тұмарды Әбілпейізге береді. Әбілпейіздің осы Тұмар ха-
нымнан сүйген балалары - Көгадай, Сәмек, Жабағы кейін Абақ керей 
билерінің  сұрауы  бойынша  керейлерге  төре  болып,  ел  басқарған»,  - 
деп түйіндейді (35).
Қырғыздарға  қарсы  жорықтарды  Абылай  хан  мен  Әбілпейіз 
сұлтан 1765, 1766 жылдары да жалғастыра түсті. Қырғыз ғалымдары 
қанды шайқастардың бірінде Абылай хан қолға түсті, оны  тек 3 ай-
дан соң қырғыз ханы Жайыл босатты деп те жазып жүр (36). дегенмен 
мұндай тұжырымды мұрағат деректері дәлелдемейтіндігін баса айтуға 
тиіспіз. 
1766  жылы  қазақтар  қырғыздың  Қаработа  биімен  келісімге  қол 
жеткізіп,  бидің  ұлын  бас  қылып,  бірнеше  түтінді  ертіп,  тұтқындағы 
қазақтарды босатып алады (37). Міне осындай нәтижеден соң Абылай 
хан Ердана биге қарсы аттанды. Жорық алдында Абылай дәулеткерей 
сұлтанды Қытай патшасына жіберіп, «мына екі ел – бұрыттар мен Ерда-
на бірлесе біздің Ұлы жүзді тонап кетті. Алдағы жылы біз бұрыттарды 
барымталадық. Кейін екі жақ бітімге келсек деген ниетпен бір-бірімізге 
елші жібере бастадық. Тек Ердана ғана бізге толассыз шапқыншылық 
жасап жатыр»,- деп өзінің соғыс жариялау себебін түсіндіріп, тағы да 
әскери көмек сұрайды (31, 104 б.). 1767 жылы 20 қазанда Қытай пат-
шасы Абылайға «Сіз менің мәңгілік жарылқауымда боламын десеңіз, 
жұртымызбен  де  тату  болыңыз»  деген  жолдармен  жауап  қайтарып, 
дәулеткерей сұлтанды шығарып салады (33, 376 б.). Мұндай жауапқа 
қарамастан Абылай араға уақыт сала Ердананы бағындырады.
Міне  осындай  қилы  тарихи  оқиғаларда  Әбілмәмбет  хан    қазақ 
үшін, оның ертеңгі болашағы үшін болған шешуші тарихи текетіресте 
– батысы мен шығысындағы, солтүстігі мен оңтүстігіндегі маңызды 
барлық түйінді мәселелерде ойып тұрып өз орнын алды. 
ол  XVIІІ  ғасырдың  70  жылдарына  дейінгі  ұлан  байтақ  терри-
торияны  иеленіп,  айналадағы  Ресей,  Иран,  Жоңғария,  Қытай,  Ауған 
елдерімен  болған  қарым-қатынаста  ұлт  мүддесін  жоғары  қойып, 
қазақтың бірлігін сақтауда көзге түсті. Өз заманында жаулап алушылық 
саясатты  ұстанған  елдер  Әбілмәмбетті  Әбілқайыр  ханнан  кейінгі 
қазақтың бас ханы ретінде таныды. оның тікелей қатысуымен Жоңғария 
түпкілікті  жеңілді,  Қытай  қазақты  таныды,  оңтүстік  қалалар,  соның 
ішінде Түркістан кері қайтарылып, қазақтың астанасы ретінде қайта 
түледі. Ресей, соның ішінде И.И. Неплюев Әбілқайырды тарих сахна-
сынан кетіргенімен, Әбілмәмбет пен қазақтың өзге хан, сұлтандарының 
арасында  арандату  саясатын  жүргізе  алмады.  Керісінше  Әблімәмбет 
хан қазақтың ендігі үміті Абылайды қолдап, орта жүз ханы етіп қана 
қоймай, оның төңірегіне барша төре тұқымдарын, би, батырларды жи-
нады, көзі тірісінде түбінде барша қазақ мойындайтындай тұлға ретінде 
тәрбиеледі. оның айқын дәлелі Абылайдың жоғарыда келтірілген 1767 
жылғы  14  желтоқсандағы  хаты  бола  алады.  Яғни,  Әбілмәмбет  қазақ 
хандарының ішінде алғаш рет көзі тірісінде билікті лайықты тұлғаға 
берген бірінші және соңғы хан. «Абылай хан» жырындағы:
Айтады жасы алпыстан өткендігін, 
Азайып ақыл-қайрат кеткендігін,
Хан бол деп Абылайға айтқан серттің, 
Мөлшерлі күні бүгін жеткендігін
Төрімнен көрім жуық енді менің,
Кенелттің тірі келіп, толды кемім.
Тірі күнде берейін өз қолыммен,
Мінеки, хандық мұрам болсын сенің, - деген жолдармен анықтап 
ұғындыруға болады (24, 218 б.). Өлең жолындағы «Тірі күнде берейін 
өз қолыммен, мінеки, хандық мұрам болсын сенің» деген соңғы жолда-
ры Абылайдың 1767 жылғы хатымен де үндесіп тұрғандай. Әбілмәмбет 
хан есімі орыс деректерінде соңғы рет 1768 жылдың желтоқсанында  
аталады.  ол  бойынша    орта  жүзден  барлаудан  оралған  К.  Юсупов 
пен У.Аслаев 1768 жылы 27 қарашада орынборға келіп, Әбілмәмбет 
ханның  амандығын  жеткізеді  (38).  Содан  кейін  ол  туралы  деректер 
мұрағат  қорынан  кездеспейді.  Қытай  деректемелерінде  1768  жылы 
Әбілпейіз  «қазақтың  ел  ағасы»  ретінде  атала  бастайды  (30,  379б.). 
Соған қарағанда Әбілмәмбет хан  1768 жылдың соңында немесе 1769 
жылдың  басында  қайтыс  болғанға  ұқсайды.  оны    1769  жылы  Цинь 
патшалығынан Әбілмәмбет асына 200 тұяқ жылқы ақтық салып, ар-
наулы адамдардың жіберілуімен анықтай түсеміз (39). 
Әбілпейіз  1772  жылы  қыркүйекте  Қытайға  жолдаған  хатында 
«Әбілмәмбет ханның бар кезінде, Ташкент жақтан бізге керектілердің 
барлығы келуші еді, екі-үш жыл болды, қырғыз жабылды да әрі-бері 
жүргелі болмай қалды» (31, 117б.) - деп атап өтеді. 
Сонымен  Әбілмәмбет  хан    дүниеден  өтіп,  артына  өз  ісін 
жалғастырар Абылай ханды, ұлдары Болат, Әбілпейіз, Тәуке, Әбілтек 
т.б.  қалдырды.  Үлкен  ұлы  Болат  хан  кейін  орта  жүздегі  арғын, 
қоңырат,  Ұлы  жүздегі  Сары  үйсін  руларын  биледі.  ол  да  әке  ізімен 

100
101
Түркістанда  тұрақтап,  Абылаймен  байланысын  үзбей,  ханның  1779-
1780  жылдардағы  қырғыздарға  қарсы  жорықтарын  қолдады.  1780 
жылы Абылай хан қолға түсірген қырғыздың атақты билерінің, ішінен 
3  отбасын  осы  Болатқа,  2  отбасын  Әбілпейізге  жібереді.  Қырғыз 
отбасыларының  барлығы  орынбор  генерал-губернаторы  генерал-
поручик И.А.Рейнсдроптың анықтауынша лайықты дәрежеде ұсталған 
екен (20,  С.140).
орыс деректері Болат ханмен бірге Түркістанда бір мезгілде Сәмеке 
ханның кіші баласы Есімнің де хан болғандығын дәлелдейді. 1796 жылы 
жаз  айларында  Ташкентке  барып  қайтқан  сержант  А.Безносиковтың 
хабарлауынша  Тәуке ханның немересі Есім Сәмекеұлы мен шөбересі 
Болат  Әбілмәмбетұлы  Түркістанда  өздерінің  қатыгездіктерімен  аты 
шыққан  екен.  олар  өзара  теке-тірес  болған.  Содан  Есім  хан  Бұхара 
билеушісі Шахмұрат биден көмек сұрап, оның қарамағына өткен. Бұл 
қателігін Есім хан кеш түсінген екен ( 20, С.162). Шамамен 1798 жыл-
дардан  кейін  Болат  ханның  билігі  үлкен  ұлы  Тоғым  сұлтанға  өткен. 
Тоғым арғын руының қуандық бөлімінің алтай бөлімшесін басқарып, 
жаз айларында Нұра, Өлеңті өзендерін, қыста Баянауылды жайлаған. 
ол қытайлықтармен байланыс орнатып, олардың «ван» дәрежесін ие-
ленген. 
Әбілмәмбеттің  екінші  баласы  Әбілпейіз  сұлтан  хандық  таққа 
жетпегенімен, ел ішінде, Ресей, Жоңғария, Қытай билеушілері алдын-
да айтарлықтай беделге ие болған. Әбілпейіз әке аманатын арқалап тек 
сыртқы  саясатта ғана емес, әскермен ел қорғауда да көзге түскен. де-
генмен Құрманғали Халидұлы «Әбілфейіз хан» еңбегінде «Әбілфейіз 
ханның  өзінің  не  Россиямен,  не  Жүңгөмен  байланыс  жасағандығы 
мәлім  емес.  Жұмыртқа  басқан  тауыққа  ұқсап  бала  көбейтіп,  оларды 
ел-елге таратып, төре сайлаумен өткеннен басқа атағы шыққан емес» 
деп бағалайды (24, 355 б.).  Алайда бұл пікірді жоғарыдағы мұрағат 
деректері  толық  жоққа  шығарады.  Өйткені  Әбіпейіздің    алдымен 
Жоңғария  елшілігі,  кейін  Қытаймен  болған  келіссөздерді  басқаруы, 
шекарада  әскери  қол  бастап,  соғыстарға  қатысуы  тұлғаның  өмірдегі 
белсенділігін дәлелдейді.
Қорыта келгенде Әбілмәмбет Болатұлы қазақ тарихында өзіндік 
орыны  бар,    қиын-қыстау  ,  аласапыран  заманда  ел  алдына  шығып, 
халқын  сақтауда  өлшеусіз  үлесін  қосқан  атасы  Тәуке,  немере  бауы-
ры  Әбілқайырдың  азаттық  ұранын  жалғастырған  тұлға.  оны  туған 
халқына қайтару отандық тарихтың өзекті мәселесі десек, ал сіңірген 
еңбегін зерделеп көпшілікке жеткізу -тарихшының міндеті.
 


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет