М.Өтемісов атындағы БҚму ғалымдарының ғылыми еңбектерінің сериясы / Тарих



жүктеу 1.64 Mb.
Pdf просмотр
бет9/15
Дата22.12.2016
өлшемі1.64 Mb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15

1771 жылы түпкілікті шешілді.
Бас  хандыққа  сайлану  барысы    мұрағат  құжаттарында  толық  
көрініс  таппағанымен  оған  белгілі    хан,  сұлтандар    мен  беделді  би-
батырлардың қатысқандығын, олардың бірауыздан келісімге келгендігін 
болжауымызға  болады.  Абылайдың  жанында  жүрген    Әбілмәмбет 
ұлдары Болат, Әбілпейіз хандар да түсіністік танытып, әкелерінің әркез 
Абылайды қолдаған аманатын іс жүзіне асырды. Ел ішінде Әбілпейіз 
оғаш мінез көрсетті деген қаңқу сөздер болғанымен, жеме-жемге кел-
генде ол тау қырғыздарының бір ұлын хандыққа шақыру ұсынысына 
Абылайсыз шеше алмайтындығын алға тартып, оларды кері қайтарған. 
Ал Кіші жүзден Қайып хан, Ерәлі, Айшуақ және т.б. сұлтандар Абы-
лаймен  бірге  талай  рет  көршілес  халықтармен  талас  мәселелерді 
бірлесе бейбіт түрде, кейде қарумен шешті. Ресей мойындаған Нұралы 
ханға келсек мұрағат қорларында оның Абылайға байланысты қарсы  
іс-әрекеттерін  дәлелдейтін  бірде-бір  құжаттың  кездеспегенін  атап 
өтуіміз қажет. 1772 жылы қыркүйек айында Нұралы хан Абылай ханға 
Қабылан  сұлтанын  жіберіп,  қазақ  даласындағы  қалмақ,  түркімен 
тұтқындарын Ресейдегі қамаудағы қазақтармен алмастыру мәселесін 
талқылап келісімге келген.  Мұндай ішкі келісімді есепке алмастан  
тарихымызда абылайды Әбілқайырға, Әбілқайырды Әбілмәмбет 
пен Бараққа, нұралыны Қайып пен абылайға қарсы өзара айдап 
салулардың орын алғандығы белгілі. Мұның барлығы қазақ та-
рихына әбден сіңіп алған ел игілерін бір-біріне қарсы қою, үнемі 
бірін  ұлықтап,  бірін  аласартып,  қолдан  жау  жасау  кешегі  орыс 
империясының қазақты бағындыруда қолданған, жемісін де бер-
ген қитұрқы саясаты еді. ел ішіндегі бірлік болмаса, халқының өз 
хандарына сенімі қалыптаспаса, бүгінгі қазақ мемлекетін, оның 
ұлан-ғайыр жері мен байлығын кім сақтады ?  
Өз заманында А.И. Левшин «Абылай тәжірибесі, ақыл-айласы 
жағынан  болсын,  қол  астындағы  халқының  саны,  күші  жағынан 
болсын,  сондай-ақ  өзінің  Ресей  патшалығымен,  Қытайдың  бөгде 
ханымен  жүргізген  тапқыр,  шебер  қатынастары  жағынан  бол-
сын  өз  тұсындағылардың  бәрінен  де  басым  еді.  ол  ұстамды,  до-
сына  мінәйім  мінезді,  жауына  қатал,  қаҺарлы  кісі  еді.  Сондықтан 
жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді» дегенді(Левшин А.И. описание 
киргиз-казачьих или киргиз-кайсакских орд и степей.-СПб.,1832, т.1. 
–С.264).  Бір  сөзбен  түйіндесек,  Абылай  қалың  жұрты  мойындаған  
Бас ханы болды, өле-өлгенше оны дәлелдеп өтті. оған Ресей қайта-
қайта  тықпалаған,  өздері  бекітіп,  орыс  патшасының    «айрықша 
белгімен  марапаттаған»,  жалақыға  отырғызып,  орыс  шенеунігі 
қатарына  қосқан,  «аты  жазылған  қылыш,  бұлғын  ішік  пен  су-
сар  бөрікті»  хандық  дәреже  керек  те  емес  еді.  Абылайға  әрдайым 
халқының сенімі, жұртының үмітін ақтағаны, қазақ елінің іргесінің 
беріктігі, мелекеттілігінің мәңгілігі қымбат еді. Сондықтан да қазақ 
даласынан «Абылай екіүшты саясат ұстанып, түрлі айла-шарғымен 
түлкі-бұлаңға салуда. Патша тарапынан берілген хандық белгілерді 
қабылдауға  ниет  те  білдірмейді»,  «Ресей  жағына  аяғын  баспай 
отыр» дегендер жетіп жатты. орыс патшасы 1779 жылы 4 қазанда 
құпия түрде орынбор губернаторына «орта жүз ішінде Абылайдың 
беделін  түсіру  үшін,  оған  «бақталас»  біреуді  іздеп  тауып,  ондай 
адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн» деген жарлығын 
жолдады (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен 
материалдардың жинағы (Құраст. З.С. Тайшыбай). -446 б.). 
Абылай  Ресейдің  жымысқы  арандату  тәсілдерін  Әбілқайыр 
өлімінен  жақсы  білетін.  Мұны  қатаң  есепке  алған  ол  Ресейге  үнемі 
батыры  Құлсарыны  жіберіп,  шекарадағы  жағдайды  анықтайтын. 
1778  жылы  мамыр  айында    Абылай  атынан  ұлы  Тоғым  сұлтан,  дат 
Қарабатырұлы және т.б. орыс патшасының қабылдауында болды.  Ба-
сты мақсат Ресей көздеген  «орыстарға бағыныштылық емес» керісінше 

120
121
өзара тиімді байланыстарды дамыту және талас мәселелерді шешу бо-
латын. Әрине Абылай өз ойларының  көздегендей нәтиже бермейтінін 
білмеді дей алмаймыз. Соның ішінде әскери көмек, шекарадағы күш 
көрсетулер т.б. Соған қарамастан екі жақты байланыстар қай уақытта 
да  тиімді  болды.  Саяси,  экономикалық  байланыстар  Қытаймен  де 
жалғасты.   1780 жылға дейін Қытайға Әбілмәмбет хан 4, Абылай хан 
12, Әбілпейіз 6 рет елшілерін жіберген. Сөйтіп Абылай хан 1780 жылы 
күзде  қайтыс  болғанға  дейін  екі  алыптың  ортасында  өзіндік  қазақы 
саясатты жүргізіп,  оны өзге де көршілес халықтарға толық мойындата 
білді.
Қорыта  келгенде,  алдыңғы  буын  ағалар  жолымен  бүгінгі  Қазақ 
мемлекетінің  ұлан  ғайыр  территориясын  сақтап,  ата-бабасының 
ұрпағына  аманаттаған  бірлігін  қастерлеген  абылай  хан    әлемдік 
деңгейдегі тарихи тұлғалар қатарынан орын алады. оның сараб-
дал саясаткерлігі өз заманының тынысын да, ағысын да, даму барысын 
да терең түсінуімен айқын.
жарас мерген және азаттық үшін күрестегі 
ұрпақтар сабақтастығы*
Бүгінде  тұлғалар  тарихы,  олардың  қоғамдық-саяси  қызметі, 
еліне  сіңірген  еңбегі  тәуелсіздікке  қол  жеткізуімізбен  ерекше 
қызығушылық  туғызды.  Әрине,  күні  кешегі  ХХ  ғасырдағы  таспаға 
түскен  тұлғалар  туралы  жазу,  олар  туралы  замандастарын  сөйлету 
қиын шаруа емес. Өйткені олардың барлығы халық жадында. Ең ба-
стысы – олар туралы мұрағатқа түскен құжаттар баршылық. Ал ХХ 
ғасырға дейінгі ұлтымыздан шыққан қайраткерлер тарихын қалпына 
келтіру, олар туралы нақты мұрағаттық құжаттарды табу оңай шаруа 
емес. Тарихшы-ғалым үшін міне, осы арада ең қиын міндет жүктеледі. 
Қазақ тарихындағы ел басқарған Әбілқайыр хан, Абылай хан, Жәңгір 
хан,  Бөкенбай  батыр,  Есет  батыр,  Сырым  батыр,  Жоламан  батыр, 
Махамбет, Исатай т.б. өздерінің қайраткерлігімен және көршілес ел-
дермен  түрлі  қарым-қатынасқа  түсуімен  өзге  елдердің  мұрағаттық 
құжаттарына түсіп, бізге жетіп отыр. Ал олардың замандастары ара-
сында  бірлесе  жүріп  елін  қорғаған,  қасық  қаны  қалғанша,  ұлтына 
адал  болған,  атамекен  жерін  тастамаған,  қазақтығын  ұмыттырмаған 
есімдері  бізге  жеткен  тұлғалар  қаншама.  Міне,  осындай  даңқты 
бабаларымыздың  өмірі  мен  қызметін  зерттеу,  шындық  тұрғысынан 
өскелең ұрпаққа жеткізу тікелей тарихшының міндеті. Кеңестік билік 
тұсында  атадан-балаға  жеткен  шежіреміз  біраз  бұрмалаушылыққа 
түсті. Коммунистік идеология кешегі заманның қалдығы ретінде оны 
ұмыттырып,  ұлтымыздың  өткеніне  балта  шабуға  талпынды.  Бірақ 
халқымыз өзінің бақыты үшін күрескен, қызмет еткен бабасы ерлігімен 
ұрпағын ертеңгі азаттық үшін тәрбиелеп, сол  арқылы тарихта қалған 
ұлдарын  ешқашан  ұмытқан  емес.  Тарихта  аты  аңызға  айналған 
тұлғалар  қатарында  Кіші  жүз  Әлімұлдарының  шекті  руының  қабақ 
бөлімінен Жарас мергеннің өзіндік орны бар. Кіші жүз шежірелерін 
жазған тарихшылар – С.Толыбеков, Х.Маданов, Х.Табылдиев [Мада-
нов Х. Кіші жүз шежіресі. Алматы, 1993., Табылдиев Х., Қалмұратов 
А.  Кіші  жүз  рулары.  Алматы,  1994.]  т.б.  Жарас  Пұсырманұлының 
ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүріп, Әбілқайыр, Есет, Бөкенбай, Батыр, 
Қайыптармен  замандас  екендігін  жазып  дәлелдеді.  Яғни,  мергеннің 
осы  дүрбелең  кезеңдегі  тарихи  оқиғалардың  бәріне  қатысқандығы 
тарихи  шындық.  ХҮІІІ  ғасырдың  басында  Жарас  мерген  бабалары 
негізінен Сырдария бойында тұрақтап, Қазақстанның батыс өңірінде 
еркін көшіп қонған. Бұл кезеңде шектілер Әбілқайыр ханға бағынып, 
оның  негізгі  тірегі  болатын.  Мұрағатта  сақталған  бір  құжатта  орыс 
үкіметі «Азия керуендерінің қауіпсіз жүруі үшін қазақтардың мықты 
руларының  старшындары  мен  старшын  балаларынан  жылына  төрт 
адамды,  әсіресе,  солардың  ішінде  шекті  руынан  ұстап  қалу  қажет» 
деп  анық  жазылған.  Құжатта  одан  әрі    «өйткені  шектілер  -  бүкіл 
қазақ ордасындағы бірінші әрі ең мықты ру. Бүгінге дейін орынборға 
тонауға ұшырамай келген керуендер болса, онда олар тек шектілердің 
қорғауымен келгендер» делінген [РИССМ. 122қ., 122/2т., 1763-1775, 16 
іс, 29-30п.]. олар оңтүстіктегі Бұхара, Хиуа хандықтарымен де қарым-
қатынас орнатып қана қойған жоқ, оңтүстіктегі шекарамыздың қорғаны 
бола білді. Мұны Әбілқайыр хан да жете түсінді. ХҮІІІ ғасырдың ба-
сында батыста қалмақ, казак-орыстардың, солтүстікте башқұрттар мен 
казак-орыстардың, оңтүстікте хиуалықтардың, шығыста Жоңғарияның 
үздіксіз  шабуылына  тап  болған  шақта  Жарас  мерген  өзге  де  белгілі 
тұлғалармен бірге ел қорғанына айналды. оның, ата-бабасынан өрген 
ұрпақтардың  1710  жылғы  Арал  маңындағы  Қарақұмда  өткен  Кіші 
және орта жүз рулары қатысқан халық кеңесіне қатысқаны анық. ХІХ 
ғасырда қазақ даласына керуен бастап барған Я.П.Гавердовский жаз-
басы арқылы халық аузынан алынған Қарақұм кеңесінің еліміз үшін 
*Мақала  «Ақтөбе»  газетінің    2008  жылғы  29  мамырдағы  санында 
жарияланған.

122
123
қандай маңызы болғандығы қазіргі кезеңде толық дәлелденді емес пе? 
Қарақұм кеңесінде осы маңды мекендеген шекті Пұсырманнан өрген 
ұрпақтар бірауыздан қазақ жауларына қарсы бірлесу ұранын қолдап, 
Әбілқайыр хан мен Табын Бөкенбайды өздеріне басшы қылып сайла-
ды. Міне осыдан кейін қазақ батырлары елдің еңсесін көтеріп, жауды 
жеңуге  серт  байласты.  Тарихтан  осыдан  кейінгі    шайқастарда  қазақ 
батырларының  жеңіске  жеткендігі  белгілі  болады.  Жарас  мергеннің 
бабасы  Пұсырманда  1726  жылғы  Бұланты,  Білеуті  шайқастарына 
қатысқан. Ал сол заманда әке қатысқан шайқасқа ер жеткен ұлдарының 
өзгелермен  бірге  қару  алмауы  мүмкін  еместігін  ескерсек,  Жарас  та 
сөзсіз қазақ сарбаздары қатарында болды. Мұның барлығы сөз жоқ, 
атадан  балаға  дарыған  батырлықтың,  еліне  деген  сүйіспеншіліктің 
сабақтастығы  деп  білген  жөн.  Жарастың  анасы  тарихта  аты  қалған 
адайдың  батыры  Атақозының  апасы  екен.  Атақозының    Жайық 
бойындағы  казак-орыстардың  озбырлығына  қарсы  талай  рет  атқа 
қонғандығы мұрағат қорлары арқылы белгілі. оның Сырым бастаған 
ұлт-азаттық қозғалыс кезінде де қазақ мүддесін көздеп, орыс үкіметі 
саясатына ашық күрескендігі көпке үлгі болып қалды. олай болса, Жа-
расты өз жұрты да, нағашы жұрты да оны болашақ ел қорғаны ретінде 
тәрбиелеп өсірген. 
Жарас мерген ХҮІІІ ғасырдың І жартысында  азаттық күресте шекті 
руының ұранына айналған Бақтыбай Төлесұлымен қоян-қолтық арала-
сты. Тағы да шежіреге арқа сүйесек, шекті Қабаққа Бақтыбай немере 
болса, ал Жарас шөбере болып келеді. Бақтыбай атауы мұрағатта 1730 
жылдардан кейін атала бастайды. Әсіресе, оған патша үкіметі қазақ да-
ласына А.И.Тевкелев елшілігінен кейін назар аударған. Біртұтас қазақ 
мемлекеттілігін  сақтап,  қыспақта  қалған  елін  құтқару  мақсатында 
Ресеймен  әскери  одақ  құруды  жоспарлаған  Әбілқайырдың  Ресейге 
жіберген  елшілері  елге  келгеннен  кейін    ішкі  қарым-қатынас  едәуір 
қиындады.  Әбілқайыр кеңсесінде Ресей патшайымына жазылған хат 
орыс  шенеуніктерімен  арнайы  бұрмаланып,  хат  мәтініне  бодандық 
тіркестері енгізілді. 
Бүгінде  тарихшы  А.Исин  түп  нұсқаның  империя  ыңғайына  сай 
өзгергендігін  дәлелдеп,  «Абай»  журналының  2001  жылғы  №  2  са-
нында жариялаған-ды. Өкінішке орай, әлі күнге дейін осы аударманы 
толық  пайдалана  алмай  келеміз.  Ғалымның    “Әбілқайырдың  Ресей 
патшалығына - империя астанасына елшілері арқылы жіберген хаты 
қандай?”,-деген сұрақты қоя отырып, оған  “Хан Ресей империясына 
жеңіл  түрде  мойынсұну  есебін  қазақ  пен  башқұрттың  арасында  Ре-
сей  құзырымен,  бейбіт  орнату  мүддесімен  шебер  байланыстырған. 
Өйткені, естек-башқұрттар – Ресей қол астындағы ел. Бұрынғылардың 
саяси дәстүрімен хат жүзінде Әбілқайыр “баш салады” (“бас иеді”), 
“Ұлұғ падша хазіретінен”, “пана” іздейді. Хан сөздері ұстамды, белгілі 
бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі 
де,  құрмет  көрсетуі,  сыпайы  сөз  саптауы,  мүдделі  ісі  де  үйлесімді, 
салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей 
патшалығына ашық мойынсұну, құлдана сөйлеу деген байқалмайды”, 
- деген тұжырымын біздіңше, барлығымыз бірауыздан қолдауымыз ке-
рек (Исин А. Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс //Абай. 2001 
№2-41-44бб.). Әбілқайырдың  өмірлік ұстанымының өзі бодандыққа 
қайшы  және  оның  өле-өлгенше  жүргізген  саясаты  қазақ  бодандығы 
дегенді жоққа шығарады. 
Міне сондықтан да  А.И.Тевкелев бастаған орыс елшілері ханға 
келгенде,  қазақ  даласы  тағы  бір  бұлқынды.  Өйткені  азаттық  рухта 
тәрбиеленген халық үшін бодандық, орысқа бағыну ақылға сыйымсыз 
еді.  1731  жылы  қараша  айында  хан  Арал  маңында  тұрақтаған  тұста 
шекті Сырлыбай елшілер  құрамындағы  башқұрт батыры Таймасты 
қолға түсірді. Башқұрт батыры содан 24 қарашада Бөкенбай батырдың 
араласуымен тұтқыннан босатылды. Араға уақыт сала, 1732 жылдың 
басында Бақтыбай батыр 150 адамымен  Хиуаға бара жатырған пол-
ковник Гарбер бастаған орыс керуенін қоршауға алды. Кейін Бақтыбай 
Батыр  сұлтан  мен  Тәңірберді  старшынның  араласуымен  Гарбер 
керуеніндегі жүктің жартысын алып, босатуға келіскен. Мұны естіген 
Әбілқайыр  хан    өзге  де  би-батырлар  Батыр  сұлтанға  қатты  реніш 
білдіреді.  Бақтыбай  батыр  қалмақ,  түркімендермен  соғыста  да  көзге 
түсті. Кейін Әбілқайырдың саясатының дұрыстығына көзі жетті. 1748 
жылы тамыз айында Әбілқайыр өлтірілгеннен кейін, оның жанұясына 
келіп, қолдау көрсетті [Казахско-русские отношения в ХҮІІІ-ХІХ ве-
ках  (Сборник  документов  и  материалов).-Алма-Ата:  АН  КазССР, 
1960.  С.57-89].  Мәселен,  1748  жылы  21  қыркүйекте  Нұралы  сұлтан 
жанына Кіші, орта жүздің беделді 104 адамын ертіп, анасы Бопайға 
келді.  оның құрамында шекті Бақтыбай да болатын. Ал осы жылы 
5 қазанда Нұралының орыс патшасына жолдаған  хаттарының бірінде 
шекті билері құрамында Бақтыбай да аталады [КРо-І, С.410, 426, 517]. 
Сәл осыдан бұрын 6 шілдеде орск қорғанына А.И.Тевкелевпен кез-
десуге бір топ шекті руының өкілдері келді. олардың ішінде Қара ба-
тыр, Бейімбет батырдың ұлы Шығырбай, Бақтыбай батырдың баласы 
Асан және шекті руының құрметті ақсақалы Пұсырман болған. орыс 
деректері «кощей Бусурман» деп жазады. Қазақ-орыс сөздігінде «кощей 
- Қыдыр немесе ұзын бойлы арық адам» деп аударылған. Қайткенмен 
де  А.И.Тевкелевпен  кездесуге  елдің  құрметті  адамы  баратындығы 
түсінікті.  осы  кездесуде  Қара  батыр  Петербургте  әскерде  ұсталған 

124
125
Бақтыбайдың баласы дәулетбайды босатуын өтінді. Кездесу соңында 
Қара  батыр,  Асан  батыр,  Шығырбай  батыр  және  Пұсырман  түрлі 
марапатқа ие болған. Міне, осы әңгімедегі шекті Пұсырман Жарастың 
әкесі де болуы мүмкін. осы арада шежіреде «Қыдырды екі рет көрген» 
деген  аңыздарды  да  еске  түсірген  жөн.  Мұрағат  дерегін  жариялаған 
материалдар жинағындағы есімдер көрсеткішінде неге екені белгісіз, 
анық шекті деп жазылғанына қарамастан, Пұсырман Кедейұлы дей от-
ырып, оны шөмекей руына жатқызады [История Казахстана в русских 
источниках  ХҮІ-ХХ  веков.  ІІІ  том.-Алматы,  2005.  С.187-188].  Яғни, 
бұл арада ойланатын мәселелер баршылық.  
Әбілқайыр  хан  өлтірілгеннен  кейін  көп  ұзамай  Нұралы  ханмен 
қатар Батыр Қайыпұлы да хан болып көтерілді. 1748 жылдың соңғы 
айларындағы  осындай  саяси  оқиғаға  шекті  руының  біраз  адамдары 
қатысқан. Мәселен, Қарабай Аталық, Боранбай, Қалыбай, Жаңбыршы, 
Тұттыбай,  Қарабас  т.б.  [ороММ.  3қ.,  1т.,  18-іс,  288-311пп.]  Біздің 
ойымызша, осы тізімдегі Қалыбай, Қарабастар - Жарастың ағалары, 
Пұсырманның балалары болса керек. 
1750  жылы  5  маусымда  шекті  Бейімбет  батырдың  қайтыс  бо-
луына  байланысты  берілген  аста  Бақтыбай  би  Есет  тарханмен  бірге 
болған. Аста шекті руының өзге де белгілі адамдары да болып, елдің 
ішкі-сыртқы жағдайын талқыға салған. Қай уақытта да, ел игілері үшін 
басты мақсат қазақтың бірлігін сақтау, оның ұлан-байтақ территория-
сын қорғау болып қалды. Міне, сондықтан да Шектілер, соның ішінде 
Пұсырманнан тараған ұрпақтар Кіші жүздегі беделді Әбілқайыр хан, 
Батыр сұлтан, кейін Нұралы хан, Қайып хандармен бірлесе отырып, 
мемлекеттік  мәселелерді  шешуге  араласты.  Кей  жағдайда  шектілер 
Нұралы  хан  саясатына  деген  наразылығын  ашық  білдіріп  отырған. 
Мәселен, 1753 жылы жазда Нұралы хан бұйрығымен Хиуалық керу-
ендер  тоналғанда,  Батыр  хан  мен  Бақтыбай  би  Нұралыны  қазақтар 
Кеңесіне шақырып, тонау себептерін түсіндіруін талап еткен. Тарих-
шы  в.в.вельяминов-Зерновтың  анықтауынша,  орынбор  әкімшілігі 
арнайы  тілмәш  Я.Гуляевті  Нұралыға  жіберген.  Мәселені  жан-жақты 
талқыға салған хан көп ұзамай тонауға тыйым салған. осы жылы Батыр 
хан мен Шекті билері Мойнақ, Бақтыбай, Айдарғали, ақкесте Әжібай 
т.б. Нұралыға Қаракете Сарыбаш, Қаракесек досқұлдың баласын елші 
ретінде  жіберген.  олар  Нұралыға  Ресейдің  Бақтыбай  бидің  баласын 
әлі күнге дейін босатпағанын, енді оған қоса Алтайдың баласын қолға 
түсіргенін хабарлап, орыс әкімшілігі саясатын анықтауға талпынған. 
ол  турасында  Нұралы  хан  1753  жылы  25  тамызда  И.И.Неплюевке 
жазған хатында көрсетеді [вельяминов-Зернов в.в. Исторические из-
вестия о киргиз-кайсаках и сношениях России с Средней Азии со вре-
мени кончины Абулхаир хана (1748-1765). // оренбургские губернские 
ведомости. 1753, №25, С.149-150, №26, С.153; РИССМ. 122қ., 122/1 т., 
175-1754, 1-іс, 15-17п.]. 
Ресейдің отарлауына қарсы болған Сырым бастаған ұлт-азаттық 
қозғалыстарда да шектілер – Жарас мерген бауырлары аса белсенділік 
танытты.  Мұрағат  деректері  олардың  Сырымды  қолдағанын 
айғақтайды.  Мәселен,  1793  жылы  күзде  тілеу-қабақ  шектілер  орыс 
шебіне соққы беріп, Кундров слободасынан 200 жылқы қуып алған. 
Қазақ  сарбаздарының  басшысы  Бесті  батыр  болған  екен.  Ал  қолға 
түскен тұтқындарды тілеу-қабақ биі Боздаққа, кейін Сырым батырға 
жіберген [ҚРоМА, 4қ., 1т., 197-іс, 115-119пп.]. ХҮІІІ ғасырдың соңғы 
ширегі мен ХІХ ғасырдың басында Жарас мергеннің немере інілерінен 
Сарышоңай Алыбайұлының аты жиірек аталады. Сарышоңай би 1797 
жылы  8  тамызда  ашылған  хан  кеңесі  құрамына  енгендігі  тарихтан 
белгілі. Сәл кейін Сарышоңай Сырым, Қаракөбек, Жанназар, Көккөз, 
Сұлтанбек, Қаратайбек, Сопыралы, Азына, Тілеп билермен бірге Ре-
сей Коммерция министрі Н.П.Румянцевке құпия түрде хат жолдады. 
Хатта  соңғы  жылдардағы  башқұрттар  мен  казак-орыстарының  және 
генерал-губернатор  Н.Н.Бахметевтің  озбырлығы  ашық  жазылған. 
1800 жылы Шектілер орск қорғаны маңында башқұрт-меер әскерінің 
жүзбасы  Нигметулла  Абубакировті  қолға  түсіріп,  ел  ортасына  қарай 
әкеткен. онсыз да шекарада шиеленіскен жағдайды ушықтырмау үшін 
Сарышоңай  мен  Сырым  келісе  отырып,  тұтқынды  босатып,  Бөкей 
сұлтанға, одан орал қаласына аттандырған [ҚРоМА. 4қ., 1т., 205-іс, 
15п.]. 1803 жылы Сарышоңай, Мұсылман би бастаған Шектілер орын-
бор, Хиуа, Бұхара бағытындағы сауда-саттықты Қайыпұлы Әбілғазы 
хан  басшылығымен  шебер  үйлестіріп  отырды.  осы  тұста  шектілер 
15 000 түтін деп көрсетіледі [Материалы по истории Казахской ССР. 
Т.ІҮ (1785-1828гг.).-Москва. Изд.АН КазССР, 1948. С.515]. 1806 жылы 
да  Сарышоңай  кеңесте  хан  кеңесшісі  қызметін  жалғастырды.  осы 
жылы  қараша  айында  Сарышоңай,  хан  кеңесі  заседателі  Шығайбай, 
Мұсылман  билер,  орынбор  губернаторы  Г.С.волконскийге  Жантөре 
ханның  Кеңеске  қатыса  алмағандығын  хабарлады.  Шиеленісті  1807 
жылы Сарышоңай мен Мұсылман би Қаратай сұлтанмен бірлесе оты-
рып, қазақ даласына шыққан орыс әскерлерін кері қайтаруға күш сал-
ды. Кейін де Сарышоңай мен Мұсылман би қазақ-орыстар арасындағы 
талас-тартыс мәселелерді шешуді жалғастыра берді. Міне осы дерек-
тен кейін Сарышоңай есімі 1812 жылы Шерғазы хан кеңесін құрған 
кезеңде аталады. осы жылы қайтыс болған кеңесші Сарышоңай ор-
нына  Төртқара  руынан  Сапақ  Боранбаев  ұсынылды  [Мұқтар  Ә.Қ. 
Азаттық  таңы  жолында.  Алматы,  2001].  Кейін  Сарышоңайдың  ба-

126
127
ласы  Қазым  Арынғазы  ханның  жанынан  табылды.  Міне  мұрағатта 
сақталған мұндай деректер ХҮІІІ ғасырдағы Жарас мергеннің, оның 
бауырларының қазақ тарихында қалдырған терең іздерін айғақтайды. 
Ізденіс алда деп есептеймін. 
алыбай Қосакөзұлының 
өмірі мен қызметі*
Қазақ  тарих  ғылымындағы  күрделі  мәселелердің  бірі-
тұлғаларымыздың қоғамдық-саяси қызметін саралау екендігі белгілі. 
Өйткені кешегі ХХ ғасырды айтпағанның өзінде, оған дейінгі негізгі 
дерегіміз  ата  шежіре,  атадан  балаға  жеткен  ауыз-екі  әңгімелер.  Ал 
олардың  көпшілігінің  өзгеріске  ұшырап,  әр  түрлі  алып-қосулар 
болғандығын  ешкім  жоққа  шығара  алмайды.  Міне  сондықтан  да, 
тарихшы-ғалымдар  мұрағат  деректеріне  арқа  сүйеп,  одан  табылған 
әрбір  дерекке  аса  назар  аударады.  дегенмен  оның  да  кей  жағдайда 
сан  құбылып,  асыра  мадақталып,  не  датталып  жататыны  тағы  бар. 
Біздіңше,  бұл  арада  ғылым  үшін  де,  ғалым  үшін  де  басты  ұстаным 
ақиқаттылық,  шынайылық  ертеңгі  ұрпақ  алдындағы  жауапкершілік 
басты қағидаға айналуы тиіс. 
Сонымен XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қиын-қыстау 
кезеңде  Қазақстандағы  саяси  оқиғаларға  белсене  қатысқан  Алы-
бай  Қосакөзұлы  да  Ресейдің  Сыртқы  істер  мұрағатында,  орынбор 
мұрағатында қатталған құжаттардан табылып отыр. оның туған және 
өлген жылдарын анықтау мүмкін болмаса да тұлғаның Кіші жүз ханы 
Әбілқайыр,  Нұралы  жанынан  табылуы  көп  нәрсеге  жауап  берген-
дей. Ата шежіреде оны 1690 жылдары дүниеге келген деп есептейді. 
ол  кезеңде  Алыбай  тараған  әлімұлының  кете  рулары,  соның  ішінде 
Ақкетелері  өзге  қазақ  руларымен  Хиуа,  түркімен,  Еділ  қалмақтары 
ортасында,  Каспий  теңізі  жағалауларында,  Жайық  өзені  бойларында 
еркін көшіп қонған. 1790 жылы Кіші жүзге әскери тапсырмамен кел-
ген полковник Бентам  Әлімнің Ақкетелерін 1000 түтін деп көрсете 
отырып,  Сырдария  бойында,  Тереңөзек  өзенінде,  Звериноголовск 
қорғанынан 20 күндік жерде мекендейді деген анықтамасын ұсынған. 
Ал  ХIХ  ғасырдың  I  жартысында  зерттеуші  Л.  Мейер  кете  руын  9 
бөлікке  бөліп,  жазда  ойыл  өзені,  Каспий  теңізі  маңында  жайлайды 
деп белгілеген. орыс мұрағатында Кіші жүз руларының тізбесі алғаш 
рет аудармашы М. Тевкелев қолымен тапсырылған. ол әлімұлдарын – 
шекті, қаракесек, шөмекей, төртқара, қаракете, қарасақал деп жіктеп, 
Әбілқайыр ханға, 12 ата байұлдарын Нұралы сұлтанға бағындырған. 
Сонымен аталған рулар заманында Әбілқайыр ханға негізгі тірек 
болды. ол кезеңде кете руларынан XVIII ғасырдың алғашқы жарты-
сын  зерттеушілер  Әжібай  би,  Алтай,  Арал  батырларды  атайды.  Ал 
олар  Алыбай  Қосакөзұлына  шежіре  бойынша  Тойқожаның  (Ақкете) 
Тұрсынбайынан қосылатын аталастар. Әжібай би мен Арал батыр Бол-
пыш биден өрбісе, Алтай батыр Ебескі батырдан тараған. 
орынбор мұрағатындағы деректерге арқа сүйесек алғаш рет Ал-
тай батыр есімі 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға келген орын-
бор  экспедициясының  бұрынғы  суретшісі  ағылшын  джон  Кэстль 
жазбасында  аталады.  Жазбаға  сенсек  Әбілқайыр  хан  тапсырмасы-
мен Алтай батыр бір топ би, батырлармен бірге орынборға аттанған 
елшілер құрамына енгізілген. Міне бұл арада белгілі жазбаға алғы сөз 
жазған  тарихшы  К.Л.  Есмағамбетов  «Бұлардың  (елшілердің  -  Ә.М) 
ішінде Байбекті қоспағанда, тарихи құжаттарда Алтай батырдың есімі 
жиірек  кездеседі.  ол-Кіші  жүздің  ақкете  руының  биі  (XVIIғ.). 
1742 жылы қазақ және қалмақ арасында бір ұрпаққа дейін, яғни, сол 
кездегі «еңбектеген баланың еңкиген кәрі болуына дейін» соғыс ашпау 
туралы бітім жасауға қатысады» деп анықтаған-ды.
Бұл тарихи келісім 1742 жылы көктемде жүзеге асқан. ол тура-
сында Әбілқайыр хан мен Есет Көкіұлы орынбор комиссиясына ха-
барлады. Келіссөзге Кіші, орта жүздің беделді тұлғаларын Әбілмәмбет 
хан, Барақ сұлтан, Есет Көкіұлы, Жәнібек Қошқарұлы, Алтай батыр 
қатысқан.  осындай  қазақ  үшін  шешуші  кезеңдерде  Алтай  жаны-
нан Алыбай көріне білді деуімізге әбден болады.  оны сол кезеңдегі 
құжатты  қаттағандар  Алыбай  жасауыл  деп  анық  хатқа  түсірген. 
Әбілқайыр ханның жасауылдарын көріп, оларды ханның  адъютанты 
деп те атаған дж. Кэстль Алтаймен бірге болған Қалыбек жасауылға 
«Сөзі пруссиялықтардың ежелден келе жатқан өлшеміне лайық әскер 
тәртібіне сай қысқа болса, дене бітімі жағынан сол қайран заманның 
нағыз үлгісі еді; бүкіл тыртиған бойы сүйек пен тері; тартылған терісі 
аузын  жабуға  жетпей,  тістері  ырсиып  тұратын,  епті  және  шапшаң 
қимылды  жасауыл»  -  деп  сипаттама  берген-ді.  (джон  Кэстль 
1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы.- 
Алматы: Атамұра, 1996. -32 б.) орыс тілінде Алыбайға тіркелген «еса-
ул» - жасауыл дегеннің өзі түрік тілінен аударғанда - басшы мағынасын 
*Мақала  «Жасауыл  Алыбай  (Алыбай  Қосакөзұлы  туралы  айғақтар)» 
тақырыбында  « Егемен Қазақстан»  газетінің 2010 жылғы   25 қыркүйегіндегі 
санында жарияланған.

128
129
береді.  олар  әскери  басшының  көмекшісі  дегенді  де  білдіреді.  Бір 
кезеңде Шыңғыс ханның ұлы Шағатай да «екінші жасауыл» аталған. 
Яғни, Алыбайдың Әбілқайыр заманында жасауыл лауазымына жетіп, 
ханның  сеніміне  ие  болуы  оның  әскери  қабілеті  мен  батырлығын, 
қайсарлығын дәлелдейді. 
Алтай, Алыбай батырлар қазақтың белді батыры Есет Көкіұлымен 
сенімді  қарым-қатынаста  болған.  орынбор  мұрағаты  құжаттарында 
олардың  есімі  үнемі  қатар  аталып,  қазақ-орыс  қатынастарын  рет-
теуге  бірлесе  белсене  қатысқаны  айтылады.  оның  бір  сыры  елінің 
бірлігі  мен  тыныштығын  өмірлік  мұраты  деп  түсінген  тұлғалардың 
биік парасаттығында жатса, екіншісі өзара сыйласқан «мың жылдық 
құдандалықта»  жатыр.  Тағы  да  ата  шежіреге  арқа  сүйесек  Есет 
батырдың  анасы  Назым-Болпыш  бидің  қызы,  Әжібай  бидің  апа-
сы. Яғни, Есет батыр-дәстүр бойынша  Алтайға, Алыбайға да жиен. 
Кейін Әжібай би өзінің апасынан туған жиені Есет батырдың Ботагоз 
атты  қызын  ортаншы  баласы  Барсайға  1739  жылы  айттырып,  сүйек 
жаңғыртады. 
Әжібай  би  де  Ресеймен  байланысында  Алтай,  Арал  батырлар-
ды  үнемі  еске  алып,  олардың  қазақ-орыс  сауда-саттығындағы  ролін 
атап  өтетін.  Мәселен,  1747  жылы  10  мамырдағы  орынбор  губерна-
торы  И.  Неплюевке  жолданған  хаттан,  орыс  әкімшілігінің  Әжібай 
биге  екі  жақтан  сауда-саттықты  дамыту  үшін  Құттыбай  батыр  мен 
Қозыбекті жібергенін байқаймыз. 1747 жылы желтоқсанда Әжібай би, 
Алтай, Арал батырлармен бірге Алыбай да Жем өзенінен әрі Көктөбе 
мекенінде,  Есет  тархан  Қаркүн  мекенінде  қыстаған.  осы  кезеңде  И. 
Неплюев Хиуа елшісі Әджи - Мухаммед-молла Тұрсыновты ақкете би, 
батырлары қолдауымен Хиуаға жіберген. 
1748  жыл  орынбор  әкімшілігінің  құйтыртқы  саясатымен  ел 
ішіндегі  ішкі  қарым-қатынас  айтарлықтай  шиеленісті.  оған  Батыр 
сұлтанның түрлі әрекеттері, Барақ сұлтанның Әбілқайыр ханға қарсы 
айла-шарғылары  өз  әсерін  тигізді.  Елдегі  қалыптасқан  жағдайды 
ханның 1748 жылы маусым айында өткізген кеңесі  ашық көрсетті. 500-
ге жуық Кіші, орта жүздегі сұлтан, би, батырлар жиналған  кеңесте  
Әбілқайыр хан  «Ресеймен қарым-қатынастағы басты мақсатым өзім 
үшін емес, бүкіл қазақ халқының пайдасы мен тыныштығы үшін  жа-
салды»- деп ағынан жарылды (КРо-I. С 389-391).
Көп  ұзамай  1748  жылы  1  тамызда  Әбілқайыр  хан  өлтірілді. 
Мұндай жағдайда басты мақсат ішкі бірлікті сақтап, ел билеген сұлтан, 
би батырлардың келісімімен жаңа хан сайлау болатын. Таққа басым 
көпшілікпен Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы сұлтан ұсынылды. осы 
сәтте, алдымен әркез Әбілқайырды қолдаған әлімұлдары белсенділік 
танытты. Мәселен, 1748 жылы 5 қазандағы Ресейдің Елизаветта пат-
шайымына  жолдаған  хатында  Нұралыға  орта  жүз  арғын-  шақшақ 
Жәнібек  тархан,  Керей,  Наурыз,  Шақшақ  Қойсары  билермен  бірге 
әлімұлдарынан – шөмекей, қаракесек, шекті, төртқара, кете руларының 
беделді  тұлғалары  қатысты.  Соның  ішінде  кете  руынан  Алтай  би, 
Жұлдыз батыр т.б. көзге түседі (ороММ 3 қ., 1т., 18 іс, 177п.). Көп 
ұзамай  Нұралыда  өткен  Кеңестерде  Жәнібек,  Есет  тархандар,  Кете 
Алтай билер Әбілқайыр ұлдарына тағы да қолдау көрсетті. 1748-1749 
жылы қыста Жем, Қаракөл аралығын қыстаған Әжібай, Алтай, Арал, 
Алыбай,  Есет  тархан  елінің  малын  Бұхар  беттегі  қыстық  азықтың 
жоқтығына  байланысты  орынбор  әкімшілігінен  Жайықтың  Самар 
бетіне  жіберуін  өтінді.  Ал  келісім  жүзеге  аспаған  тұста  қаңтар  айы 
аяғында қазақтар малдарын күшпен Еділ-Жайық аралығына өткізді.  
Кіші жүз ханы Нұралының ұйымдастыруымен үлкен кеңес 1749 
жылы  3  тамызда  өтті.  оны  көзімен  көріп,  жазбаға  түсірген  капитан 
А.  Яковлев  «Әбілқайыр  асына  200-дей  атақты  би,  батыр,  тархандар 
қатысты» - деп анықтап, барлық тұлғалардың тізімін жасады. 
Кеңес алдында дәстүр бойынша әр елден келген балуандар күш 
сынасып,  ат  жарысын  ұйымдастырған.  Түскі  астан  кейін  жиынға 
келген  ел  игілері  жазық  далаға  шығып,  біріншіден,  Әбілқайыр  хан-
ды  өлтірген  Барақтың  соңына  осы  айда  түсер  әскер  жинап,  сұлтан 
паналаған  Түркістанға  Нұралы  хан  бастауымен    аттану;  екіншіден, 
Жоңғар қонтайшысына Әбілқайырдың қалмақ әйелінен туған қызын, 
яғни,  Нұралы  қарындасын  беру;  үшіншіден,  қазақ-орыс  арасындағы 
тұтқындарды алмастыруды іс жүзіне асыруды талқыға салды. Мұндай 
маңызды  мәселелерге  әлімұлдарынан  шекті,  төртқара,  қарасақал, 
шөмекей  кете,  байұлдарынан  –  алаша,  ысық,  адай,  жетірудан-  тама, 
табын  рулары,  орта  жүзден  17  адам,  соның  ішінде  Жәнібек  тархан, 
Қожаназар  батырлар қатысты. А. Яковлев жасаған тізімнен кете руы-
нан Алтай би, Алыбай жасауыл, Арал мырза, Жорас батыр, Тонқашы 
би, Түнжолы би, Ризап би, Таңқы би, Сарт мырзаны, тама руынан Есет 
тарханды,  адай  руынан  белгілі  Мырзатайды,  т.б.  кездестіреміз  (Ав-
ПРИ ф 122, оп 122/1, 1749, д4). А. Яковлев жиналған қазақтар қазақ-
жоңғар  қарым-қатынасын  реттеп,  олардың  қолындағы  тұтқындарды 
қайтаруды,  ол  үшін  Қарабай  сұлтан  мен  2-3  атақты  старшындарды 
елші ретінде жіберуді және Жоңғар қонтайшысынан Барақ сұлтанды 
қолға түсіруге көмектесуін өтінді деп толықтыра түседі. 
Ақкете  Алыбай  Нұралы  ханның  1749  жылғы  өз  жанындағы 
сенімді азаматтар тізімінен де көрінді. Мәселен, осы жылғы орынбор-
да өткен қазақ-орыс кездесуінде Кіші, орта жүзден өз жанына ерген 72 
адамды жазып көрсеткен. Есет, Жәнібек тархандар, Шақшақ Бөкенбай, 

130
131
Жағалбайлы Серке батырлар қатарында ақкете Алтай батыр, Босты-
бай  би,  Алыбай  жасауыл,  Әжібай  би  баласы  Әкім  батыр,  ожырай 
кете Текелі батыр, кете досқали батырлар аталады (ороММ, 3қ. 1 т. 
22 іс). Әрине бұл арада басты құрмет Әбілқайыр хан серіктері Есет 
пен Жәнібек тархандарға жасалды. Ал Әжібай би атауы осы кезеңнен 
бастап  мұрағат  құжаттарында  кездеспеді.  Соған  қарағанда  би  1749 
жылдың алғашқы жартысында қайтыс болған сияқты. 
1750  жылдардан  кейін  кете  рулары  Нұралы  хан  інісі  Ерәлі 
сұлтанға  бағындырылды.  Мұның  өзі  Әбілқайыр  заманындағы 
әлімұлдарының  тікелей  ханға  бағынғандығын  жоя  бастады.  Нұралы 
жаңа жағдайда Жайық бойында көшіп-қонған байұлдарына арқа сүйей 
бастағандығын дәлелдеді. оған қоса хан ел ішінде беделді би, батыр-
лармен  де  ақылдасуды  екінші  қатарға  шығарды.  ол  турасында  1785 
жылы Сырым бастаған ұлт-азаттық күрес жүріп жатқан кезеңде қазақ 
билері «Нұралы ел билеген алғашқы 8 жылында әке жолымен жүрді. 
Содан кейінгі 30 жыл бойы атақты старшындармен кездесуді қойып, 
халық жағдайын ойлауды ұмытты» деп ашық жазды (вяткин М.П. Ба-
тыр Сырым. М.-Л. , 1947, с.165).
Бұл  жағдай  1755  жылы  Батырша  бастаған  башқұрт  халқының 
Ресейге  қарсы  ұлт-азаттық  күресі  кезеңінде  анық  көрінді.  Жеңіліске 
ұшырап,  жазалаудан  қашқан  50  000  башқұрт  Кіші,  орта  жүздерге 
ағылды.  Мұндай  жағдайды  аса  шебер  пайдаланатын  И.И.  Неплюеев 
екі халықтың бірігуінен қауіптеніп, қазақ-башқұрт арасына май құйды. 
оның арты қазақ руларының өзара талас-тартысына ұласты.  Содан 1756 
жылы тамызда Елек қорғанында Кіші жүз ханы Нұралы бастауымен, 
белгілі би, тархан, батырлар Есет Көкіұлы, Алданазар, Төлебай, Қошқар, 
Жарқын, т.б. 100-ден аса қазақ қатысқан Кеңес ұйымдастырылды. Кеңес 
соңында қазақ - орыс қарым - қатынасын шиеленістірмеуді көздеген ел 
игілері «қазақ даласындағы башқұрттарды Ресейге -  патша үкіметіне 
қайтаруға шешім қабылдаған» (Чулошников А.П. восстание 1755 г. в 
Башкирии.  М-Л.,  1940.  с.90,  102).  Нұралы  хан  башқұрттарды  толық 
шығаруды ұйымдастыруды Ерәлі сұлтанға жүктеді. Бірақ қазақ рула-
рына тарап кеткен башқұрттарды шығару оңай шаруа емес еді. Өйткені 
бастапқы кезеңде шығарылған башқұрттар И.И. Неплюевтің жасырын 
нұсқауымен, шекарадағы орыс әскерлерінің қолдауымен қазақ рулары-
на, соның ішінде кете, шекті, қаракесек руларының ауылдарына шабу-
ыл жасауға кірісті. орынбор губернаторы өз жазбасында «Мен (И.И. 
Неплюев) екі халықты біржолата араздастыру үшін, өз аудармашыла-
рым арқылы башқұрттарға «генералға бармаңыздар, егер өздерің жи-
налып қазақтарды тонасаңдар, сіздерден ештеңе артық сұралмайды» 
деп  жеткіздім.  Содан  башқұрттар  қуана  жиналып,  топ-топ  болып 
Жайықтың  дала  бетіндегі  қазақтарға  аттанды.  Сол  кезде  мен  әскери 
шептегі басшыларға башқұрттар әрекеттерін көрмеген болыңдар де-
ген құпия нұсқау бердім» деген ойларын жасырмады. Нұралы ханның 
өзі осындай талас-тартыс кезеңінде  кете, шөмекей, жағалбайлы руы 
қазақтары қаза тапқандығын орынборға хабарлады. Елдегі шиеленісті 
тоқтатып, бауыр халықтардың ара-қатынасын реттеу үшін Ерәлі сұлтан 
хан тапсырмасына байланысты қазақ руларының беделді тұлғаларына 
хабар салды. Содан 1757 жылы 26 шілдеде Ақкете руынан Әжібай би 
ауылынан 14 башқұрт  орынборға қайтарылды. оны ақкете Алыбай, 
Ертай, Шалдық (Жәдік болуы мүмкін - Ә.М.), ожырай кете Арсылан-
бек т.б. ұйымдастырды. Кейін орынборда жүргізілген тергеуде Ноғай 
жолы  Үсерген  болысының  Мүталипов  ауылының  башқұрты  Елдаш 
Абдрахманов  берген  жауабында    «Мен  Кувате  старшын  бастауымен 
қазақ ордасында ақкете руындағы Алыбайда тұрақтадым, кейін оның 
рұқсат етуімен орынборға жіберілдім. Бүгінде оның қолында қызым 
қалды. Ал әйелім 1755 жылы елге келді» - деп хабарлады (АвПРИ. Ф 
122/1. 1757г. д.4).
дегенмен башқұрттар мәселесінде қазақ рулары Ресеймен байла-
нысты шиеленістіре бермей, өздерінің жайылым мәселелерін шешуге 
ұмтылғанын  да    байқаймыз.  Өйткені  Еділ-Жайық  аралығын  қыстау, 
Жайық бойында еркін көшіп-қону байұлдары, әлімұлдары, жетірудың 
бірден – басты талабы еді. Мұны Нұралы хан арқылы шеше алмаған 
тұста, әсіресе, шекті, шөмекей, алаша, қаракесек, төртқара, кете рула-
ры рұқсатты күшпен тартып алуға ұмтылды. Тарихшы Н. Бекмаханова 
олар хан қолдауын күтті. «Өйтпеген жағдайда аталған рулар өздерін 
ханға бағынышты адам ретінде емес, ордалық  деп санайтындықтарын 
айтып сес көрсетті, ауылдарды тонауға жинала бастады» - деп тарқата 
түседі (Н. Бекмаханова  Көктемір туралы аңыз. – Алматы, 1983, 32б.). 
Мұндай ашық қарсылыққа қарамастан өз қаруы мен әскеріне сүйенген, 
қайтсе де қазақты біржолата мойын ұсындырып, жуасытып, момын елге, 
өз  боданына  айналдыруды  көздеген  Ресей  1756  жылы  2  қыркүйекте 
«Жайықтың ішкі бетіне өткізбеу» туралы жарлық шығарып, доннан 
орынборға  келген  3000  казак-орысты  пайдалануға  рұқсат  етті.  Ал 
1759 жылы 2000 жуық өзге де әскери күштер тартылды. 
Міне  осындай  кезеңде  Алыбай  Қосакөзұлы  ел  алдына  шығып, 
халқы алдындағы абырой беделімен көпшілік құрметіне бөленді. Кіші 
жүздің ханы Әбілқайыр, Нұралы, Ерәлі сұлтандармен, өзге де би,  ба-
тыр,  тархандармен  қазақ  өмірінің  күрделі  мәселелері  –  қазақ-орыс, 
қазақ-жоңғар,  қазақ-башқұрт  қарым-қатынастарын  реттеуде  көзге 
түсіп, Ресей мұрағаттарында хатталуы оның өз заманында елі таныған 
азамат деңгейіне көтерілгендігін дәлелдейді. оған жоғарыдағы тарихи 

132
133
құжаттар мен саяси оқиғалар куә. Өкінішке орай мұрағаттық құжаттар 
тұлғаның 1757 жылдан кейінгі өмірі мен қызметі туралы еш сыр аш-
пайды. Соған қарағанда ол ақкете руындағы Арал, Алтай, Жұлдыз ба-
тырлар сияқты дүниеден өтсе керек. 
одан  тараған  ұрпақтар  ішінен  XVIII  ғасырдың  II  жартысында 
тек  қана  Елшібек  аталады.  ол  шежіре  бойынша  Алыбайға  шөбере 
болып  келеді.  Яғни  Алыбай  –  Малдыбай-Табылды-Елшібек  тараған. 
Елшібектің көзге түскен кезеңі Сырым бастаған 1783-1797 жылдардағы 
ұлт-азаттық күрестің екінші жартысы. Мұрағаттық құжат бойынша ол 
1794 жылғы 4 қаңтардағы Сырым бастаған 184 би, батыр, өзге  де елге 
белгілі тұлғалардың II Екатеринаға жазған тізімнен көзге түседі. Хатта 
орыс-казактарының  қазақтарға  жасаған  озбырлығы  ашық  жазылған. 
Соның ішінде атақты ысық Қаратау бидің, ақкете Көккөз бидің, ала-
ша Сопыра тарханның, беріш Бөдене бидің т.б. ауылдарына жасалған 
орыс-казактар  шабуылының  қаншалықты  озбырлығы  анықталады. 
Хатқа Елшібек ақкете дербісәлі батырмен бірге қол қойған. 
Сырым  бастаған  азаттық  күресте  ақкетелерден  оның  жанында 
айрықша Көккөз Құндыбаев (деректе солай жазылған - Ә.М.) атала-
ды. онымен қатар ақкете Наурызәлі батыр, ожырай кете Өтен батыр, 
Құтылыбай, кетелер Тілеп батыр, Қараман, Ақжігіт, Козбей мырза, Елек-
бай Танбайұлы, т.б. есімдері кездеседі. Ал кете Базарби Құдайбергенов 
1786 жылы орынбордағы шекаралық сотқа мүше болып та сайланды. 
Ақкете  Наурызәлі  батыр  біздіңше,  атақты  Арал  батырдың  баласы. 
ол 1791 жылдан бастап Жайық бойындағы орыс-казактарына қарсы 
қарулы  әскерді  басқарды.  Атаман  донсков  осы  жылы  Наурызәлінің 
жанында ожырай кете Өтен батыр, Құтылыбай  бар деп көрсетті. оны 
маусым  айында  молда  Абдул  Фетих  Абдул-Салимовта  орынборға 
хабарлады, «Кете Наурызәлі, Табын Елекбай, Бармақ, Беріш Мамын-
бай Сары, Есентемір, Мыңбай батыр 500-600 адамды жинап, Сырым-
мен орыс шептерін шабуға келісті»- деп толықтырады  (вяткин М.П. 
С.299). 
Сырым  бастаған  ұлт-азаттық  күрес  кезеңінде  ақкетелер  ішінен 
Көккөз би ерекше беделге ие болды. Мұрағат деректері 1789 жылы-
ақ оны ақсақал жаста деп көрсеткенімен, Көккөз би барлық кетелер 
атынан  ортаға  шығып,  қазақ  даласындағы  сол  кезеңдегі  ең  беделді 
би  деп  Сырым,  Қаратау,  Бөдене,  Қаракөбек,  т.б.  бірге  қазақ-орыс 
қарым-қатынасындағы барлық мәселелерді шешуге ат салысты. оның 
қолтаңбасы  Сырым  батыр  жазған  хаттардың  астында  бүгінге  дейін 
сақталған. 
Бұдан  шығатын  қорытынды  Әжібай,  Алтай,  Арал,  Алыбай, 
Жұлдыз  т.б.  мұрағат  арқылы  аттары  мәңгіге  хатталған  тұлғалардың 
қазақ  елінің  тәуелсіздігін  сақтау  жолындағы  істерін,  кейінгі  ұрпақ 
абыроймен  атқарды.  ол  бүгінгі  ұрпақ  үшін,  бабалар  аманаттаған 
азаттықты  қастерлеп,  қадірлеу  үшін,  оны  мәңгілік  сақтап,  ұрпақтан-
ұрпаққа жалғастыру үшін аса маңызды. 


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет