О ббк 83. 3 (5 Қаз) б 20 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті



жүктеу 2.76 Mb.
Pdf просмотр
бет11/24
Дата28.12.2016
өлшемі2.76 Mb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24

2. ЕГІН ЕГУ
Осы  күнгі  егіп  жүрген  астық  шөптері,  мысалы,  бидай, 
тары,  қарабидай,  арпа  –  бәрі  де  бұрынғы  кезде  ешкім  ек-
пей,  өздігінен  шыққанмен,  бұл  күнде  еш  жерде  шықпайды. 
Екпей  шығатын  тұқымдары  таусылып  бітіп,  ексе  шығатын 
тұқымдары ғана сақталған. Бұлар егуге сүйеніп, дағдыланып, 
екпесе,  шықпайды  да  һәм  еккенде  де  өсуі  күй  талғайды. 
Жерді жыртпай, тырмаламай, егін егуге болмайтынын әркім 
біледі. Тұқым шашатын орын дайарламай, сұрып жерге ешкім 
тұқым шашпайды. Бірақ егіншілердің көбі жыртса, тырмала-
са, сонымен егін жұмысы тамам деп біледі. Қандай жерге қай 
астықты егу, қашан һәм қанша рет жырту, тырмалау, қысқасы, 
егін  жақсы  шығуына  жырту  мен  тырмалаудан  басқа  қандай 
білім керек – оны егіншілердің көбі білмейді. Ол білім: еккен 
тұқымға  не  керек  екендігін  білу,  оған  не  нәрсе  пайдалы,  не 
нәрсе зарарлы екендігін білу. Шашқан тұқым жас бала, малдың 
жас төлі сияқты, орны жайлы, тамағы тоқ болса, жақсы өседі. 
Жерді жырту, тырмалаудағы мақсат тұқымға орын жайғастыру, 
неғұрлым  жақсы  жыртылса,  тырмаланса,  соғұрлым  шашқан 
тұқымға  жайлы  болмақшы.  Өйткені  тұқымның  тамыры  та-
ралып,  бойы  көтерілу  үшін  жолында  бөгет  болмасқа  керек. 
Олай болу үшін жер қатты болмай, босаңқы, болбыр боларға 
керек.  Жердің  босаңқы,  болбыр  болуы  жақсы  тырмалаудан. 
Тұқым  түскен  жерден  ас  болатын  заттар  табыларға  керек, 
ол  заттарды  жіберіп,  ас  қылатын  топырақтың  ішінде  ылғал 
боларға  керек.  Иағни  тұқым  шашатын  жердің  топырағы 
дымқыл  боларға  керек.  Егін  еккен  жерде  басқа  жат  шөптер 
болса,  олар  егіннің  жерден  алатын  тамағына  ортақ  болып, 
егінді ашықтырады. Олай болмас үшін егін еккен жерді жат 
шөптерден ада қылу керек. Тұқым жиі шашылса, тамақ жет-
пей, онда егін ашығады. Олай болмас үшін әр жердің түріне 
қарай мөлшерден тысқары жиі шашпасқа керек. Тұқым толық 
жақсы болса, егін де толық жақсы шықпақшы. Олай болған 
соң, тұқымның таңдап, жақсысын алып шашу тиіс.
Егін  жақсы  шығуға  осындай  шарттар  бар  екенін  егінші- 
лердің көбі-ақ білетін де шығар, бірақ ол шарттарын орнына 

211
келтіріп егін егушілер аз. Сондықтан жері бірдей бола тұрып, 
егіндері бірдей шықпайды. Мысалы, қазақтармен қатар еккен 
орыс егіндері көбінесе қазақ егіндерінен жақсы шығады. Ол, 
әуелі, орыстардың қазақтардан гөрі егін жақсы шығатын шарт-
тарын артық білгендігінен, екінші, ол шартарын қазақтардан 
гөрі  көбірек  орнына  келтіріп  еккендігінен.  Түрлі  жерге 
түрліше егін шығуы жеріне қарай, бірдей жерге бірдей егін 
шықпау, әрине, егуден болмақшы. Егін жақсы шығуына керек 
шарттар көп. Олардың ішінде шаруаның қолынан келетіндері 
де, келмейтіндері де бар. Келмейтіндерін істе деп ешкім айт-
пайды, келетіндерін істеу егін егушілердің әрқайсысына тиіс. 
Мұнан былай егін жақсы шығуына нені біліп, не істеу керек 
еккендігін  егін  ғылымында  айтылған  сөздерден  теріп  алып, 
жазып тұрмақшымыз.
1913 ж. 

212
3. ШАРУА жАЙЫНАН
Қазақ  жеріндегі  шаруалық  –  мал  бағу  мен  егін  егу.  Мал 
бағу қазақтың көптен істеп келе жатқан ісі, ата кәсіп. Мал бағу 
жайын ешкімнен үйренбей-ақ, өзіміз де білеміз деп жүр. Қазақ 
мал  бағу  жайын  білмейді  деп  бізде  айтпаймыз.  Бірақ  білім 
дәрежесі неше қабат. Қазақтың мал ұстау турасындағы білімі ең 
төмен қабатында. Қазақтың бұл білімі жердің молшылығында 
ғана білім болып жүр. Жер тарылса, бұл білімімен мал бағып 
күн көруге болмайды.
Қазақ  егін  егуге  кіріскелі  де  біраз  жыл  болды.  Егін  тура- 
сындағы білімді де қазақтар біліп болдық деп жүр. Егін жайын-
да ешкімнен үйрене қойатын емес.
Біздің  қарауымызша,  егін  турасындағы  білімі  де  мал 
турасындағы  білімі  сыйақты  жердің  молшылығында  ілім 
болып  жүр.  Жер  азайса,  ол  біліммен  алыс  кетпейтін  болар. 
Қазірінде  қазақтардың  сұрып  жерлерді  еркінше  жыртып,  со-
ныдан соныға түсіп отырғанда мұжықтан егіні төмен шығады. 
Ол  жер  дәрежесінің  төмендігінен  емес,  білім  дәрежесінің 
төмендігінен. Қазақтың көбі егін жайынан: егін егуге жер жыр-
ту, тырмалау, тұқым шашу керек екендігін ғана біледі. Осымен 
егін  білімі  тамам  деп  ойлайды.  Қашан,  қалай  һәм  қанша  рет 
жырту керек, қалай етсе шашқан тұқымға жер жайлы болады, 
не нәрсе оған зарарлы, не нәрсе пайдалы, пайдалы нәрселерден 
пайда  тийіу  үшін,  зарарлы  нәрселерден  зарар  келмес  үшін 
не  ісиеу  керек  –  ол  жағынан  қазқтың  білімі  тіпті  нашар.  Ол 
білімнің нашарлығы қазір жердің молшылығында сезілмейтін 
шығар, жер таршылыққа айналса, тез-ақ сезілер. Аз жерді осы 
күнгі  қалпында  тұтына  бастаса,  жерін  тез-ақ  тоздырмақшы. 
Тозған жер жаңарып жетілуіне қазақ даласында 15-20 жыл ке-
рек. Қала боламыз деп ер басына 15-тен жер алғандар бұрынғы 
молшылық  қалыппен  ексе,  оған  өлшеулі  жері  шыдар  ма? 
Жерінің бәрін тоздырып алып, ол жер түзеліп жеткенше 15-20 
жыл жел оба ма?
Бұл сөзді қала боламыз деп өлшеулі жер алған қазақтардың 
кейбір ісінен қабар алып жазып отырмыз. Әуелі, қала болудың 
мәнісі не екенін білмей, көптің дүрмегімен кіріп қалып, енді не 
екенін көзімен көрген соң, адасқанын біліп, қалай бетін түзерін 
біле алмай жатқандар бар көрінеді. Қала боламыз десе де, мал-
сыз күн көре алмайтын болған соң, мал бағуға қалаға деп өлшеп 

213
берген жер жетпейтін болған соң, істейін деп жатқан амалдары 
мынау:  екі-үш  утшасток  қосылып,  жерлерін  біріктіріп,  бірін 
қыстау бірін жайлау істемекші-міс.
Бұлары  әншейін  далбаса  ғой.  Адасқанын  байқаған  соң 
абдырағанынан істейін деп тұрған іс қой. Әйтпесе, он бес де-
сетинадан  ұлтарақтай  жерлерді  құрастырып,  жайлау,  қыстау 
дегенмен, есебі байағы бір он бес қой. Қалай қарай тартсаң да 
жер созылып, молаймайды ғой.
Әуелі,  малсыз  күн  көре  алмайтын  болғанда,  «сау  басыңа 
сақина тілеп алмасқа» керек еді. Қала болу не екенін білмей 
барып,  торға  түсіп  қалсаң,  ендігі  істейтін  іс,  біздің  ойлауы-
мызша, бұрынғы «жайлау» деген атты жоқтау болмасқа тиіс. 
Өткен – өтті, іздегенмен, таптырмайды, қуғанмен, жеткізбейді. 
Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу тиіс. Ен-
дігі істейтін іс утшастоктарды құрастырып, мынау жайлау, мы-
нау қыстау деп ат қойып, құр көңіл жұбату емес. Көрпең қысқа 
болса,  көсілуге  жетпейді,  созғаныңмен  молаймайды.  Көрпе 
жетсін  десек,  істерлік  жалғыз-ақ  амал  бар:  көсілуді  қойып, 
айақты жийіу. Сондай-ақ, аз жерге істер жалғыз-ақ амал бар: 
жердің тапшылығына істейтін амалға түсу керек. Ол амал – аз 
жерден көп жердің пайдасын шығара білу. Олай етуге бұрынғы 
мал бағу мен егін егуге жарап жүрген білімдеріңнен басқарақ 
білім керек. Ол – көп малдың есесіне аз малдың асылын ұстап, 
толықтыратын  білім,  аз  жерді  аздырмай,  көп  жердің  орнына 
тұтынатын білім. Бұл екеуі де қазақ қолданып көрмеген білім-
дер.
Малдың асылын ұстау үшін қазақ қолындағы малын асыл-
дандыру  керек,  асыл  малдың  ішінде  қазақ  жерін  жерсінетін, 
жерсінбейтіндері болады. Оны да білу керек. 
Аз  жерді  аздырмай,  көп  жер  орнына  тұтыну  үшін  асыл 
малға керек білімнен де көбірек білім қажет. Бірақ сол білімнің 
бәрі де білгісі келген адамдарға табылатын білім. Білім үшін, 
әуелі, керек қылу шарт, екінші, жаһат ету шарт. Бұл жоғарыда 
айтылған сөз қазақтың бәрі үшін, әсіресе арасындағы қала бо-
ламын деп, қамытқа басын сұғып қалып, қайта шығара алмай, 
абдырап  тұрғандар  үшін.  Аз  жерге  істейтін  амал  жалғыз-ақ 
осы.
Егін егу, мал бағу жайын жақсы білетін адамдардың сөздерін 
мұнан былай әр уақыт газетаға жазып тұрамыз.
1913 ж.

214
4. АУРУ жАЙЫНАН
Басқармаға келген кейбір қаттарда: пәлен адам, пәлен жыл-
дан  бері  ауру,  жақындағы  докторлар  жаза  алмады,  алыстағы 
докторлардың  жақсысын  қайдан  табуға  болады  дейді.  Ауру 
адамның түрлі жерінен жабысады. Олай болған соң, олардың 
емі де түрлі болмақшы. Неше түрлі аурудың түрінің бәрін тегіс 
жақсы білетін докторлар сирек болады. Көбі азының емін ғана 
жақсы біліп, көбінікін нашар біледі.
Шет жерлерде, кішкене қалаларда аурудың әр түрін жақсы 
білетін докторлар болмайды. Ондай жерлерге орын таба алмаған, 
оңбаған, қай-қайдағы жаман барады. Үлкен шаһарларда жақсы 
докторлармен қатар, дәрігерлік ете алмайтын нашарлары тайып 
шетке шығып кетеді. Сол себепті жақсы доктор іздейтіндер зор 
шаһарлардан іздеу керек. Ондай шаһарларда докторлар біреу-
екеу емес, әлденешеу болады. Іздеп келген аурудың еміне бірі 
болмаса, бірі жетік болып шығады. Ауқаты кемдер екі бастан 
алыстан  доктор  іздей  алмайды,  ауқаттылар  жанынан  малын 
айамайтын болса, істейтін іс мынау: әуелі, зор шаһардың біріне 
барып, науқас адамын көрсету, не ауру екені анықталып болу; 
оны білмей тұрып, пәлен доқторға емдет деп айтуға болмайды. 
Ауруды анық таныған соң ғана ол ауруға пәлен доктор жақсы 
деп  көрсетіп,  жөн  сілтеуге  болады.  Ол,  доктор,  бәлки,  сол 
шаһардың өзінен табылар, онан табылмаса, басқа жерден табы-
лады. Бірақ не ауру екенін анық білмей тұрып, пәлен докторға 
емдет деп ешкім айта алмайды. Ауру жабысқанына көп жыл 
болып ескірсе, оны емдеуге де көп уақыт керек. Көп емдетуге 
қазақтың көбі төзбейді. Тәуір бола бастаса, жазылғандай көріп, 
емдетуден қаша бастайды. Емдеу тоқтаған соң, жеңіліп, әлсіреп 
келе  жатқан  ауру  қайтадан  күшейе  бастайды.  Қазақтың  көбі 
неше жылдан бері орнығып, бойға сіңген ауруға бірер сауыт 
дәрі алып тұтынып, сонымен ауру жазыла қоймады дейді. Олай 
дейтіндері аурудың мәнісін білмегендіктен. Қазақ дәрігерлері 
ауруды бірден жойамыз деп күшті дәрі береді. Онысы ауру мен 
дене арасында не қикмет бар екенін білмейтіні.
Ауру – денеге зарарлы нәрселерден болатын бүліншік. Ол 
зарарлы  нәрселерді  микіроб  дейді.  Микіроб  денеге  орнап, 

215
көбейе бастаса, тәнге зарар келтіре бастайды. Тәннің қалыпты 
істеп тұрған істерін бұзып, бүлдіріп, денеге зарарлы улар жайа 
бастайды.  Қысқасы,  зарарлы,  микіробтар  дененің  дұшпаны, 
жауы. Микіробтар көп, олар дем алатын ауамызда да, ішетін 
суымызда да, жейтін тамағымызда да болады. Өздері көбейгіш, 
өсімтал  келеді.  Жайлы  орын  тапса,  тез  өсіп  өнеді,  олардан 
құтылу қиын, күтініп, қарсы қару жұмсап, жеңдірмес ғана ша-
расы бар. Жау тиерін білгенде қандай күтінеді, бұнан да сон-
дай күтіну керек. Жаудан күтінгенде жолына кедергі болғандай 
қорғандар тұрғызады, қарсы қару қылғандай мықты әскерлер 
қойады. Ауруға да соны істеу керек.
Құдірет  денеге  зарарлы  нәрселерді  жаратқанда,  олардан 
қорғайтын, денеге достығы бар, пайдалы нәрселерді де жаратқан. 
Тәнімізді зарарлы нәрселерден қорғау үшін теріден қорған жа-
сап қойған, ол бүтін тұрғанда микіробтар онан өтіп зарар кел-
тіре алмайды. Зарарлы микіробтарға қарсы пайдалы микіроб-
тар  жаратқан,  олардың  жайатын  уына  қарсы  басытқыларын 
жаратқан. Құдіреттің ісінің бәрі оңды, бәрі жөнді. Жөнді істі 
жөнсізге айналдыратын кінә өзімізден. Зарарлы микіробтарға 
тәнімізге  кіруге  жол  ашып  беретін  өзіміз.  Денемізді  нашар 
ұстап, ауруға алдыратын өзіміз. Тән қаруын мықтасаң, сырттан 
кірген ауру микіробтары оңайлықпен орнығып, тыныш өсіп, өне 
салмайды. Тән мен микіроб арасындағы соғыс – күнде болатын 
соғыс. Тән жеңіп отырса, бізге сезілмей кете береді, микіроб 
жеңіп, тәнді ауру басқан кезде ғана білеміз. Сонда ғана денеміз 
сау  еместігін  біліп,  дертке  ем  іздей  бастаймыз.  Емнің  асыл 
түбі – ауруды аздырып, тәнді күшейту, иағни ауру мен дененің 
алысқан жерінде дене жағына болысу; ауруды әлсіретіп, жеңіп 
беру. Ол мақсат науқас адамды бағумен һәм дәрі берумен та-
былады. Дәрінің көбі улы нәрселерден жасалады, улы заттар 
мерзімді өлшеуімен жұмсалса, тәнге пайдасы тиеді, өлшеуінен 
асса,  зарарлы.  Қазақ  дәрігерлері  аурудың  тұқымын  бірден 
құртамыз  деп,  дәріні  науқастарға  күшті  қылып  береді.  Оның 
пайдасы мен зарары бірдей: күшті дәрі микіробты әлсіретуге 
жақсы  болғанмен,  тәнге  жайсыз  болады.  Дәрі  жайсыз  бол-
са,  тән  азады.  Тәннің  жүдегені  емдеудің  ..............(оқылмады 
– Құрастырушы.) мағынасына хылаф келеді.

216
Берген  дәрі  тәнге  пайдалы  болып,  микіробтарға  жайсыз 
болса,  пайдасы  бар.  Ғылымды  дәрігерлердің  емдеуі  солай 
болады.  Докторлар  дәріні  дертті  әлсірету  үшін  беріп,  тәнді 
күшейту үшін аурудың бағуын жақсылайды. Емдеу жұмысында 
дәріден  де  гөрі  бағуда  көп  мағына  бар.  Бағуын  келістірмей, 
дәрінің күшімен ауруды жазуға болмайды, дәрі бермей, бағуын 
келістірумен жазуға болады. Докторлардың көбі дәрімен емес, 
бағумен жазады. Бағым жақсы болса, тән күйлі болады, күйлі 
тән күшті болып, ауруды жеңеді. Бағымның жақсы болуына ке-
рек нәрселер: жағымды тамақ, жайлы орын, таза ауа. Бұлардың 
мәнісін қазақтың оқымаған, дәрігерлік ғылымынан қабары жоқ 
емшілері қайдан білер? Докторлар, фелідшерлер қазақ ішінде 
аз, жоқ есебінде. Қаладағы докторларға емдетуге уезд басына 
бір ғана ауруханадан болады, онда 10 шақты ғана орын болады, 
ол  орын  қайсысына  жетер?  Пәтерде  тұрып  емдетуге  көбінің 
ауқаты көтере алмайды, көтерсе де, шығынын көпсінеді. 
Сондықтан қазақ обылыстарында земство ашылып, денсау- 
лық  жұмысы  жөнделгенге  шейін  елдегі  емшілерге  емдетпей 
қазақтардың шарасы жоқ. Қазақтардың емшілерге емдетіп жүр- 
гені  докторлардың,  фелідшерлердің  қазақ  арасында  кемдігі, 
жоқтығы. Тіпті, емдету керек емес десек, ол басқа сөз; емдету 
керек десек, елдегі емшілерге емдетпеңдер деп қазірінде айта 
алмаймыз. Емдетіңдер, бірақ талғап емдетіңдер. Оқымағанмен, 
«Құдай  еңсесіне  құйған»  дегендей  жақсы  емшілерде  бар 
шығар. Оқыған дәрігердің арасында не ауру екенін айыра ал-
майтын  докторлар  толып  жатыр.  Ауруды  танымаған  доктор 
әліпте ол ауруды емдеуді де білмейді. Қазақ арасында жақсы 
сынықшылар бар, жақсы оташылар бар, олар болғанда, жақсы 
емшілердің де болуы ықтимал.
«Бәрін айт та, бірін айт, сөздің тұрар жерін айт» деген сөз 
топшысында айтарлық мынау: Әуелі, аурудан күтіну үшін не 
керек,сол жағынан қалық қабардар болуға керек. Екінші, ауру-
ды әлі бар адмдар, алыста да болса, докторларға емдету керек, 
әлі жоқтар ел ішіндегі емшілерге емдетпей шарасы жоқ.
Үшінші,  қазақ  емшілері  күшті  дәрімен  аурудың  тұқымын 
құртамыз деп ойлайтын пікірлерін тастау керек, оның пайда-
зианы бірдей екені жоғарыда айтылды ғой. Және де қазақ ем-

217
шілері иа пышақ жұмсаудан тиылу керек, иа пышақпен тілген 
жердің жарасы жазылғанша оны микіробтан қорғау керек. Оны 
қорғау үшін докторлар күн сайын дәрімен тазартып жуып, ора-
уышын жаңалап отырады. Оны қазақ пышақшылары істей ал-
майды. Жараға микіроб түссе, пышақтан қағынды дейтін сонда 
болады, ол бек қауіпті іс.
Төртінші, қазақтың дәрігер ғылымын оқыған адамдарды ау-
рудан күтіну жайынан һәм жеңіл-желпі емдер жайынан жазып, 
елге ұсақ кітапшалар таратса екен. Көбіне қазақ ішінде жеңіл-
желпі аурулар зор ауруға ұласып кетеді.
1913 ж.

218
5. БАС ҚОСУ ТУРАСЫНДА
Бас қосу керек деген мәселені жыл басында «Айқап» жур-
налы қозғап еді. Сол «Айқаптың» 10-шы нөмірінде Р.Марсеков 
мырза да бас қосу керек дейді. Темір уезінен үш кісі: Жұбекен 
Тілеубергенов, Омарғали Хангерейұлы, Сауырбай Тоқбайұғлы 
бас қосу турасындағы пікірлерін жазып, «Қазаққа» басуға жі-
беріпті.
Олар да бас қосу керек дейді. Біз бұл турасындағы басқа- 
лардың пікірін басудан бұрын, өз пікірімізді айтып өтуді мақұл 
көрдік. 
Бас қосуды біз де керек нәрсе дейміз. Керек болса да, бас 
қосалық деп айта алмаймыз: кейбір істі істеу керек бол тұра, 
істеуге болмайды.
Бас  қосу  қазір  сондай  істің  бірі.  «Істейміз»  деп  бастасақ, 
онан  келтірер  пайдамыздан  зарарымыз  он  есе  зор  болуы 
ықтимал.  Міністірдің  кешегі  бұйырығы  естеріңізде  бар  ма? 
Қазаққа  қандай  ілтипат  бөлген?  Бас  қосу  жұмысына  қалай 
қарамақшы?
Мұны  ескеру  керек  емес  пе?  Бас  қосудың  орнына,  басы-
мызды сақтарға орын таба алмай жүрмелік. От пен суды қазақ 
тілсіз жау дейді. Оларға қосарлық үшінші тілсіз жау бар, оны 
да ойлау керек.
Біз  кірсіз  пікір,  таза  амалмен  жұмыс  істеу  үшін,  мысалы, 
мұң-мұқтаждарымызды  кеңесіп,  дертімізге  ем  қарап,  ісімізге 
жөн қарап, жоғымызды іздеуге, барымызды сақтауға ақылдасу 
үшін  жыйыламыз  дерміз;  басқалар  оған  не  мағына  беріп, 
не  көзбен  қарар?  Өзгелер  бас  қосуымызға  сенімсіз  көзбен 
қарайтын  болса,  оларға  көмекші  өзімізден  табылар.  Ағашты 
кесетін  балта,  балтаның  сабы  ағаш.  Соның  мысалы  басқа 
нәрселерде де бар. Адал кәсіппен күн көре алмайтын, иа арам 
жемесе  басы  ауыратын  иттер  қай  жерде  де  болса  табылады. 
Айтпағанды айтты деп, етпегенді етті деп оттайтын қайуандар 
әсіресе  біздің  қазақта  көп.  Былтыр  ноғайларға  жұмысымыз 
түсіп  барғанымызда:  «Орынборда  5-6  қазақ  бар.  Оның  жар-
тысы  шағымшы,  тыңшы»,  –  деп  бізді  ұйалтқан.  Оны  айтқан 
ноғайдың ортан қолдай адамының бірі. Білмей, сезбей, босқа 

219
айтар  ма?  1907-ші  жылғы  Надиров  жыйған  кеңесте  де,  онан 
соң Қарқаралы істерінде иттік қылған қазақтар болмады ма? 
Осының бәрін көре, біле тұрып, күкіметтің сенбестік көңілін 
байқап тұрып, «бас қосалық деп едік» деп, әуелі, сұрап, рұқсат 
алуымыз қыйын. Екінші, тыныш отырып тыңғылықты жұмыс 
істеп,  аман  елге  қайтуы  екіталай.  Қайтса  да,  қарақшылы 
түйедей болып қайтуында шәк жоқ.
Қане,  осыған  ерлік  етіп  жыйылатын  қазақ  табыңдаршы! 
Қакімдер  шақырса,  таласып  барар,  ол  шақыруда  қорқыныш 
жоқ.  Біздер  шақырсақ,  «әлдене  істейін  деп  жүр»  деп,  қорқа 
соғады. Өзі үркіп тұрған жұртты үркітуге ықтималы бар кез-
де бас қостырамыз деп, әлдеқалай бола қалса, онан соң ондай 
жұмыстан бездіріп алып жүрмелік. Нақ осы кез бас қосу қанша 
керек болғанмен, бас қосуға қолайлы кез емес.
Біз шаруа кеңесіне жыйылсақ та, құбыжығы бар шығар деп, 
сенімсіз  көзбен  қарайтын  кез;  солай  болған  соң,  бас  қосуға 
рұқсат  берсе  де,  кеңесті  орыс  тілінде  құру  керек  деп  шарт 
қойыуға ықтимал. Орысша пікірін түгел айта алатын қазақтар 
жыйылса  –  жақсы,  ондай  қазақтар  келе  алмаса,  тілсіз  кеңес 
құрылмақшы.  Орысша  білетін  қазақтардың  ілуде  бірі  болма-
са, көбі қызметте, ат сықылды арқандаулы. Қазықтан босанып 
келе алар ма?
Іске қарасақ, оның түрі әсіресе орысша білетін қазақтарды 
керек қылатын көрінеді. Жыйылғандар кұр сан көбейту емес, 
жұмыс істей білетін, жол айтып, жөн сілтеуге жарайтын білімді 
көсемдер  болмақ  керек.  Жалғыз  қазақ  қалқы  емес,  басқа 
жұрттардың  да  жай-күйімен  таныс,  басқа  жұрттардың  ісінен 
үлгі табарлық мағлұматы мол кісілер болуы тиісті. Ондай адам-
дар  оқыған  адамдардан  шықпақшы.  Білімнің  тарауы,  саласы 
көп. Солардың бір тарауын жақсылап жете білген адамдардан 
сиезде ең аз болғанда бір-бірден адам боларға керек, мысалы, 
иіуріст, дәрігер, мал дәрігері, інженер, агроном, теқниктер, ут-
шителдер,  мұғалімдер.  Бұлардың  мұғалімдерден  басқалары 
орысша оқығаннан табылмақшы. Бұлар бас қосуға келе алар 
ма? Олардың келуіне қазіргі күйде ерлік пен жомарттық қабат 
керек. 

220
Ал бұлар келе алмады. Көбі оқымаған жабайы қазақтардан 
жыйылады, ішінде бірен-саран оқығандары, білімділері болды. 
Олардан оқымағандары істеуге керек жұмыс бар екенін, ізде-
уге тиісті жоқ бар екенін білді де, бет-бетіне елдеріне тарасты. 
Мұнан  еш  нәрсе  өнер  ме?  Жұмыс  қолға  алып  істесе  бітпек-
ші,  жоқ  артынан  қалмай  іздесе  табылмақшы.  Айтқан  айтқан 
жерде  қалып,  үйлеріне  барып  теңкиіп-теңкиіп  жатып  алса, 
жұмыс өзінен-өзі істелер ме? Сиезге жыйылған адамдар елге 
қайтқанда, сиезде керек деген жұмысты қолға алып, тастамай 
істеп, басқаларға басшылық етіп, өнеге көрсететін болса екен. 
Сонда сиезден мағына шығады. 
Ол  болмаса,  құр  сиезге  жиылып,  «анау  керек,  мынау  ке-
рек, олай істеу, былай істеу тиісті» дегеннен еш нәрсе өнбейді. 
Қалықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге 
түсетін.  Жұрт  жұмысы  құмырысқаның  илеуіндей  жұмыс 
сыйақты.  Құмырысқаша  жабыла  тынбай  істесек  өнеді.  Бірі 
оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырысқа болмай-
ды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырысқа 
бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін 
апарып салады. Ұлтын керек қылып, қалыққа қызмет етемін де-
ген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап 
тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы. 
Қазақтың іс қолынан келмейтіндеріне сөз жоқ, іс қолынан ке-
летіндері де қарап жатыр.
Осы  күні  қазаққа  керек  нәрсенің  көбі  әркімге-ақ  мағлұм. 
Қазаққа не керек екенін белмегеннен істей алмай тұрған адам 
жоқ. Қазақ керегі айтылып жатыр әм айтылар да. Жұртқа ке-
регін  білетіндер  көп,  істейтіндер  аз.  Білушілеріміз  білгені-
мен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, 
оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, 
ерушілер де көбейер еді. 
Біреу  жұмыс  қылайын  десем,  тұрған  жерім  жаман  дейді, 
біреу  маңайымдағы  елім  жаман  дейді.  Бұлардың  бәрі  де  бос 
сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істе-
уге болады.
Ырасын айтқанда, біздің қазақ балаларының жұрт жұмысын 
істеу әдетінде жоқ. Көбіміз ондай жұмысқа бөлерлік уақытты 

221
карта ойынына жұмсағанымызды қызықтырақ көреміз. Сондық- 
тан ойыншымыз – көп, жұмысшымыз – аз. 
Сөздің  қысқарып  тынарында  айтарымыз:  бас  қосуға 
бұл  күнде  қолайсыз  шақ,  оны  басқа  кезге  қарата  тұру  керек. 
Қазақтың керегін өзге жолмен сөйлесе тұралық, бұрынғыдай 
емес, қазақта қазірінде бір журнал, бір газета бар. Сыйғанынша 
солар  арқылы  кеңеселік,  сыймағанын  қатпен  сөйлесуге  де 
болады.  Сиезде  сөйлесіп,  кеңескенменен,  түбі  барып  істеу-
шілерге  тіреледі.  Ісімізді  істеушілер,  жоғымызды  іздеушілер 
көбейсе,  ойлаған  пікір,  көздеген  мақсат  жан  бітіп,  тірілмек-
ші. Әркім қолдан келгенін сүр сақтап, түбінде үйіп-төгіп бір 
молықтырамын демей, аз-көбіне қарамай істей беруге әдеттенсе 
екен.  Қазақ  керегінің  көбі  әркімге-ақ  мағлұм  ғой;  біз  кейін 
қалған қалық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан 
кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. 
Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға 
бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек. 
Менің сиез турасындағы бұл сөзім көбіне құр тартыншақтық, 
сары уайым боп көрінер. Солай көрінсе де, ойым сол. Айтқа- 
нымды  тексеріп,  адасқанымды  көрсетіп,  бас  қосу  мәселесін 
қайта  қорғап  басшылық  ететіндер  болса,  қосшылық  етіп, 
көмегінде болуға мен дайын.
1913 ж.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет