О ббк 83. 3 (5 Қаз) б 20 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті



жүктеу 2.76 Mb.
Pdf просмотр
бет13/24
Дата28.12.2016
өлшемі2.76 Mb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   24

10БІлІМ жАРЫСЫ
Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыс-
та бәйгеге түсе алатындар білімділер, зейінділер. Оларға бәйге 
тігіп, жарысатындар бай адамдар иа обшестуалар. Бәйге тігу, 
жарыс  істеу  біздің  қазақта  да  бар.  Қазақта  бай  адамдар  иа 
қуаныш нәрсеге той істеп, ат шаптырады, иа өлген адамына ас 
беріп, ат шаптырады. Байлығына қарай, адамдығына қарай ас 
пен тойдың үлкен де, кішісі де болады. Зорлығы бәйгеге тіккен 
малынан гөрі, шақырған елдердің санынан, сойылған малынан 
байқалады.
Тойдан көбіне ас зор болады. Асқа сойылған малды, шай-
қантына шығатын пұлды, ішілетін қымызды, тігілетін бәйгені 
ақшаға аударып есептегенде, зор астарға талай мың жұмсалады. 
Соның бәрі жұрт жиылып, бір-екі күн ішіп, жеп кету үшін істе-
леді. Не жұртқа келер онан пайда жоқ, не ас берушіге тиер сау-
ап жоқ, құр далаға кеткен бір мал болады да қалады. Ақылдың 
ауанымен  санағанда,  астың  шын  мағынасы  босқа  мал  шашу 
болып шығады. Ат шаптырып, ас берді деген бес-он жылға ат 
қалады.  Қазақ  жомарттығының  түрі  һәм  оның  ақырғы  тиімі 
осы.
Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның мағынасы 
да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше ұлыс ел жиылып, 
бір-екі  күн  дуылдап,  ет  жеп,  қымыз  ішіп  кету  үшін  ғана  жа-
салмайды, бүтін ұлт иа дүниадағы бүтін жұрт үшін һәм көпке 
қаларлық іс үшін істеледі. Дүниада күн көріп, тіршілік етудің 
ауырын  жеңілту  үшін,  жеңілін  рақатқа  айналдыру  үшін  істе-
леді. Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын 
азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, 
өнер  артылған  сайын  дүниада  бейнет  кемімекші.  Осыған 
ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бір-
ге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол 
істердің бірі – білім жарысы. 
Білім жарысы дегеніміз: бай адам пәлен мың ақшаны бәйгеге 
тігеді де, мәлім етеді – осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі ала-
ды деп. Мысалы: пәлен ауруға ем тапқан иа пәлен ғылымнан, 

236
иаки өнерден жаңа жол тапқан, иа пәлен турасында жазып, кі-
тап шығарған адамдарға беріледі дейді. Ал бәйге тігілді. Енді 
ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді, білім 
бәйгесі  болған  соң,  білімділер  бәйгеге  қосылады.  Бәйгеден 
дәмесі бар білім жүйріктері бірінен-бірі озуға жүйріктігін айап 
қалмайды.  Тап  дегенді  табуға  ойланады,  істе  дегенді  істеуге 
қарманады. Ақырында әркім істегенін, тапқанын сынға жібе-
реді.
Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді ғалым адам-
дар  болады.  Бұлар  қарап,  сынап  бәйге  кеседі.  Еуропада,  мы-
салы,  Нобелепский  білім  жарысы  бар.  Бұл  жарыста  бәйгені 
ғылым ауданында иа әдебиет ауданында еңбек етіп, озған адам 
иа  соғысқа  қарсы  һәм  қалық  арасын  жақындастыруға  пікір 
жайған адамдар алмақшы.
Жылда Раждестуо мейрамының алдында шіуед жұртының 
Стокголім шаһарында білім жарысынан озғандарға бәйге ата-
лады.  Өткен  1912-нші  жылы  Нобелл  бәйгелерін  алған  адам-
дар:  1)  Инженер  Дален  –  ғылым  қикметінен  көрсеткен  үздік 
біліміне алды. 2) Профессор Каррел –дәрігерліктен көрсеткен 
үздік біліміне алды. 3) Неміс жұртының атақты драма жазғыш 
жүйрігі Гауыптман – әдебиет жүзінде үздік біліміне алды. 4) Са-
батиа. 5) Гренкер - пырантсуз ғұламалары, ғылым қикметінен 
көрсеткен үздік білімдеріне алды.
Осылардың  һәм  басқалардың  жылда  озғанда  алатын  бәй- 
гелері шіуедтің Нобелл деген бір инженерінің білім бәйгесіне 
деп шығарған 18 мілійон ақшасы.
Осындай жұртқа пайдалы, үлгі аларлық жақсы істі жұрттың 
құлағына  салып,  біздің  айтайын  деп  отырғанымыз  мынау: 
білім  жарысын  істеу  әр  жұрттың  қолынан  келетін  іс.  Істейін 
десе, қазақтың да қолынан келеді. Европадай зор істеуге бол-
маса, бойымызға шағындап, «сабасына қарай піспегі, мұртына 
қарай іскегі» дегендей етіп істеуге болады.
Еуропада ғылым, өнер толық, қазақта олардың жұрнағы да 
жоқ. Олар асқанның үстіне асу үшін істеп отыр, біздер жұрнағы 
болу үшін істеу керек. Мың жылқысы бар байлар оның үстіне 
мал аз дегенде, бір аты жоқ жарлы мал аз демей, қарап оты-

237
руы дұрыс па? Ғылым, өнер турасында біздің жайымыз да сол 
жарлының  қалі  сықылды.  Ғылымның  жаңа  жолын  табуға  із-
демек түгіл, тапқан ғылымға қолымызды жеткізерлік бізде еш 
нәрсе жоқ. 
Жұртқа  ғылым  үйретумен,  көрумен,  білумен  жайылады. 
Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасына білім жайылуына, 
әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек, екінші, білім 
тарататын  кітаптар  жақсы  боларға  керек  һәм  қалық  арасына 
көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер бола-
тын істің бірі – білім жарысы.
Білім  жарысының  басқадан  артық  бір  жері  мынау:  бұған 
шығарған  ақша  далаға  кетпей,  көздеген  мақсатқа  тура  ти-
еді.  Егін  салсаң,  шықпай  қалып,  босқа  шығындау  ықтимал, 
білім  бәйгесінен  пайда  болмаса,  шығын  болмайды.  Пайда-
сы  боларлық  істі  істемей,  бәйгеге  ешкім  қол  созбайды.  Со-
лай  болған  соң,  бұған  шығарған  ақша  босқа  кетуге  тіпті 
орын  жоқ.  Еуропа  байлары  мұндай  іске  ақшасын  басы  бүтін 
қиып, жомарттық етеді. Ақшасын пайда қылып, сонымен ма-
лын көбейтуге шығармайды, әуелден-ақ жұрт үшін, көп үшін 
қайтпас қайыр құрбаным деп шығарады. Қазақ байлары білім 
бәйгесіне ақшасын басы бүтін шығармасын, өзіне қайтаратын 
етіп бәйгеге тіксін. Оны былай етуге болады: жоғарыда айтылды, 
білім жарысы қазақ арасына білім тарататын кітаптар шығаруға 
болсын деп. Білім түрлі болады. Білімнің әр түрін бірдей жақсы 
білетін адамдар аз болады. Бір түрін жақсы білетіндердің та-
былуы қиын емес. Докторлық ғылымын оқығандар денсаулық 
жайынан  керек  кітаптар  жазуға  мүмкін  нәрсе;  шаруа  жайын 
оқығандар  шаруа  жайынан  қазаққа  керек  жақсы  кітаптар 
жазуға мүмкін нәрсе; оқыту жайын жақсы білетіндер мектеп 
кітаптарын  жақсылап  шығаруға  мүмкін  нәрсе;  әдебиет  ауда-
нында жүйріктер халықтың қылығын, құлқын түзетуге керегі 
бар  жақсы  романдар  оғайри  сондай  сөздер  шығаруға  мүмкін 
нәрсе. Осындай кітаптарға бәйге тігілсе, ол бәйге нағыз жақсы 
шығарған ғана кітаптарға берілсе,тігілген бәйгеге қарай бәйге 
берілген кітапты бір иа екі рет бай бастырып, ақшасын өндіріп 
алатын болса, сонан кейінгі бастырулары жазушының өз еркіне 

238
берілсе, осы шартпен білім жарысы, істелсе, әуелі, бәйге тігу-
ге жомарттық көп керек болмас еді: неге десең, сынаудан өтіп, 
жақсы деп бәйге берілген кітап өтпей қалады деп қауіптенуге 
орын  жоқ.  Екінші,  жазушыға  да  қолайлы.  Шығарған  кіта-
бы жақсы болса, еңбегіне тиісті даяр ақшаны алып, онан әрі 
жақсы  кітап  шығаруға  кірісер  еді.  Еңбегіне  ақысы  татымды 
болған соң, ол өзін сол жұмысқа алаңсыз жегер еді. Әр жерден 
сондай жазушылар шықса, білім жұмысын айдап алға бастыр-
май қоймас еді.
Бәйге  тігушіге  де,  бәйге  алушыға  да  тынышты,  жұрттың 
білім  турасындағы  істерін  алға  сүйреуге  қолайлы  һәм  нағыз 
керек жолдың бірі, біздің ойымызша, осы. Бұған басқалар һәм 
байлар, не айтасыздар? 
1913 ж.

239
11. БІлІМ жАРЫСЫ хАҚЫНДА
Әлмен Әзірмәмбет ұғлы жазады: «Қазақтың» 16-ншы нөмі- 
рінде  білім  жарысы  оқылды,  оқылса  да,  байлардың  көңіліне 
тоқылған жоқ. Сөз дұрыс, түсінуші кем. Біздің байлар ақшаны 
болыстыққа  шашады,  әкесі  өлсе,  атаусыз  қалады  деп,  ат 
шаптырып,  ас  береді.  Бұларға  шыққан  мал  орынсыз  далаға 
шашылғанмен  тең.  Байағыдан  байларымыз  малын  жау  мен 
жұтқа,  дау  мен  партиаға  уыстап  шашса  да,  қалық  пайдасы, 
ғылым талабы деген жолға өте сараң, мырзалықтары өз баста-
рынан артылмайды. 22-нші нөмір «Қазақта» ақсақал Ақымет 
ишан Оразаевтың басшылығына риза болдық. Білім жарысына 
бәйге тігемін деп жар шақырарлық кісі қазақта да бар екен-ау 
деп».
Әлмен мырза бұл сөздерді жазғаннан кейін білім жарысы 
қақындағы  өз  ойын  айтады.  Оның  ойынша:  «Білім  жарысы-
на  бәйге  тігетін  байлар  шығатын  емес,  онан  да  талапкерлер 
«Қазақ» газетасы арқылы бір сомнан жинасақ, екі-үш жылдың 
ішінде бірнеше мың сом болмай ма, сонан кейін білім жарасы-
на түсетін қаламы жүйріктер шықпай ма, сыншылар лайықтап 
қарап, бәйгені үлестіріп бермей ме?» – дейді. Әлмен мырзаның 
бұл ойы оқушыларға қанша ұнарын өздері біледі, біздің ойы-
мыз айтылып еді.
Білім  жарысы  қақында  Досмайыл  қажы  Қашқынбай 
ұғлынан бір қат келді. Бұл кісі: «Жағрапиа кітабын осы жылдың 
айағына  шейін  жазып  бітіруге  майданға  түсеміз,  жағрафиа 
жазушылар  жарысқа  шықсын»,  –  дейді.  Досмайыл  қажының 
бұл туралы азырақ қата түсінгендігі бар ма деп ойладық. Се-
бебі, білім жарысына қосылғандар тілесе, не қақында жазуға 
ерікті, жағрафиа жазушылар бір бөлек, тарих жазушылар бір 
бөлек, оқу кітабын жазушылар бір бөлек жарысу шарт емес, 
кім нендей кітап жазса да, сыналғанда әр кітаптың өз алдына 
артықшылығы көзделеді.
1913 ж.

240
12. ОҚЫТУ жАЙЫНАН
Таһир Жомартбаев сұрайды: «Әуелі қазақша оқытуға керек 
кітаптар дайар ма? Дайар болмаса, ноғайша кітаптарды аламыз 
ба? Олардың қайсысы жақсы?» – деп. Екінші, «Ноғайлардың 
тәртіпті мектептерінде тұтынып жүрген пыроғырамаларын сол 
күйінде аламыз ба? Иаки қазаққа лайықтап, ыңғайлаймыз ба?» 
– деп.
Бұл күнде қазақша оқуда кемшілік көп. Әуелі, оқу құралы 
кітаптар  жоқ.  Ноғайша  оқу  құралдары  қазаққа  үйлеспейді. 
Екінші, қазақ мектебіне түзелген пыроғырама жоқ, онсыз оқу 
бір жөнен шықпайды. Үшінші, бала оқыту ғылымынан хабар-
дар мұғалімдер аз.
Осы  үш  кемшіліктің  үшеуі  де  есімізден  тастамай,  ойлап 
жүрген нәрселердің ең басы. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы 
түзелмей, жұрт ісі түзелмейді. Оқу ісін түзеуге көп нәрсе керек, 
оның бізде бұл күнде бірі де жоқ. Ай мен күндей, әмбеге бір-
дей білім – көп ортасындағы мүлік, онан сыбаға ала алғандар 
алып жатыр, ала алмағандар құр қалып жатыр. Сол құр қалып 
отырғанның бірі – біздің қазақ. Құр қалғанын қазақтың өзі де 
сезіп, баласын оқытуға, білім үйретуге ықылассыз емес, бірақ 
жаңадан  басталған  жұмыс  тәртіпке  түсе  алмай  жатыр.  «Қос 
жүре түзелер» деген, түбінде түзелмей қалмас, түзетуге жұрт 
азаматы қам қылса. Оқуды керек қыла бастағаны – жұртқа ес 
кіре  бастағаны.  Халықтың  есі  енуі  баланың  есі  енуі  сиақты: 
бірте  –  бірте,  ақырындап  болмақшы.  Аспанда  құстай  ұшып 
жүрген, теңізде балықтай жүзіп жүрген, жылдық жерден сағатта 
хабар  алып,  жүз  шақырым  жерлерден  ауызба  –  ауыз  сөйлеп 
отырған жұрттар сол күйге бірден емес, бірте – бірте жеткен. 
Барамын деген жерге, бетің түзу болса, тоқтамасаң, барасың. 
Жұрт  жұмысы  да,  беті  түзу  болса,  аз-аздап  ілгері  басқызып, 
оны  қозғаушылар  болса,  көңілдегі  жеріне  жетеді.  Сол  жұрт 
ісінің бірі – оқу. Оқуды керек қылмай жүрген қазақтар оқу ке-
рек нәрсе екенін бұл күнде білмей тұрған жоқ, бірақ оқудың 
жөнді  болатын  мәнісін,  ретін  білмейді.  Көбіне  оқытты  деген 
құр аты болса, соған қанағаттанады. Қалай оқытып, не білдіріп 
жатқанымен жұмысы жоқ. Екі жыл, үш жыл оқып қат таныма-
са да, баланың ата-анасының ойына кіріп шықпайды.

241
Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі; бірі ақшаға, 
бірі  құралға,  бірі  мұғалімге.  Осы  үш  тіреуі  бірдей  тең  бол-
са,  оқу  қисаңдамай,  ауытқымай,  түзу  жүреді.  Ол  үшеуі  тең 
болмағандағы оқу жұмысы аумалы жүк сиақты, орнықсыз. Жүгі 
ауған көштің жүрісі өнбейді. Орнықты оқу болмай, қалт-қалт 
етіп оқытқан оқу білім үйретіп жарытпайды. Жоғары айтылған 
оқу жұмысының үш тіреуі де біздің қазақта бұл күнде сай емес. 
Бірақ бірте-бірте сайлы болып, жөнделер деп үміт етеміз.
Әуелгі тіреу – ақша, ол жұрттан шықпақ. Қазақ оқу керек 
екенін  біле  бастады,  баласын  оқытпайын  дейтін  қазақ  жоқ. 
Бірақ  жұрт  баласын  жұрттық  қылып  жұрт  үстінен  оқытатын 
дәрежеге  қазақ  әлі  жеткен  жоқ.  Әркім  өз  баласының  ғана 
оқығанын  ойлайды.  Әр  баланың  басын  қосып  құраса,  бәрі 
жұрт баласы болатындығын, ол жұрт баласын оқыту жұрт мін-
деті екендігін айыратын ес қазаққа әлі кірген жоқ. Мұны білер-
лік қазаққа ес кіргенше оқудың ақша жақ тіреуі орнықты бол-
майды. Екінші тіреуі – оқуға керек құралдар. Ол құралдардың 
ішінде ең қымбаты – оқу кітаптары. Оқу құралдары сайлы бол-
маса, оның ішінде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды 
болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспап-
сыз шебер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала 
оқыта алмайды.
Сондықтан қазақта оқу құралы кітаптар болмаса, ноғай кі-
таптарымен  оқытпасқа  шара  жоқ.  Қазақ  балаларын  ноғай  кі-
таптарымен оқытуда қолайсыздық, кемшілік көп, бірақ амал-
сыз ол кемшіліктермен келісеміз. Ноғай кітаптарымен оқытқан 
соң,  олардың  пыроғырамаларын  алмасқа  да  болмайды. 
Пыроғырамасын қазаққа ыңғайлаумен, қазақша құралдар сай 
болмаған соң, пыроғырамма бір жаққа, оқу екінші жаққа – еке-
уі екі жаққа кетеді. Пырғырамада керек деген нәрселердің бірі 
болмаса да, көбі оқу құралдарынан табыларға керек. Ноғайдың 
тәртіпті мектебіндегі пыроғырамасын ала тұратын болған соң, 
оқу кітаптарын да сол тәртіпті мектептерінен аларға тиіс.
Оқудың үшінші жағының тіреуі – мұғалім. Жақсы мұғалім 
мектепке жан кіргізеді, басқа.........кемшілігі болса, мұғалімнің 
жақсылығы жабады, біліндірмейді. Мұғалім нашар болса, сайлы 
мектепте отырып сабақ бере алмайды. Мұғалімдік оңай нәрсе 

242
емес. Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен 
оқыта  білетін  мұғалім  керек.  Оны  білмейтін  мұғалімдер 
тәртіппен  жасалған  оқу  құралдарын  тәртіпсіз  жасалған 
құралдар орнында тұтынады. Усулды құралдарды бұл сиақты 
тұтынса,  усулды  құрал  шығарғанда  не  мағына  бар?  Усулды 
құралдар балаларға оқуды жеңілту үшін шығарылады. Оқыту 
жайын  білетін  мұғалімдерге  тәртіпті  құралдармен  оқытқанда 
өзіне де, балаларға да оқу жұмысы оңай болады, екі жағы да 
қиналмайды.  Оқыта  білмейтін  мұғалімдер  оқу  жұмысының 
салмағын балаларға ғана артып, өзі, «Әй оқыңдар!» деп, ты-
ныш отырады. Ондай оқу мұғалімге тыныш екені рас, оқудағы 
мақсатты  нәрсе  мұғалімнің  тыныштығы  емес,  балалардың 
білім үйренуі ғой. Оқыта білмейтін мұғалімдердің белгісі осы 
– « Әй оқыңдар!», бұлардан балалар білім үйреніп жарымайды. 
Бұлардан басқа усул жадид мұғалімдері бар. Бұлардың өздері 
де екі түрлі оқытады: біреулері усул мадие, біреулері усул со-
тие жолымен, бұл екеуінің жақсысы – усул сотие жолы. Оны 
бірақ жақсы білетін мұғалімдер аз, сондықтан көбі – усул ма-
диеменен оқытатындар да оқуды екі түрлі бастайды. Біреулері 
төте қаріптен бастайды. Біреулері дыбыспен жаттықтырғаннан 
кейін, балаларға қаріп көрсетеді. Бұл екеуінің абзалы дыбыс-
пен жаттықтырғаннан соң қаріп көрсету, усул сотие тәртібінің 
негізі – дыбыспен жаттықтыру. Оны дұрыстап, орнықты етіп, 
істегеннен кейін, онан арғы оқу, жазу жұмысының бәріне сол 
тіреу болады. Бірақ қазіргі бір зор кемшілік – мұғалімдердің 
көбі  дыбыспен  жаттықтыру  жөнін  білмейді.  Білмеген  соң, 
онан, қашады. Төтелеп қаріптен бастағанын оңай көреді. Оны-
сы дұрыс емес. Рас, дыбыспен жаттықтыруға білім көбірек ке-
рек, ондық оқыту, жазу жұмысына онан келетін жеңілдік көп. 
Мұғалімдердің көбіндегі кемшілік – қазақ сөзіндегі дыбысты 
айыра білмейтіндік. Ол кемшілік түзелместей нәрсе емес. Оны 
жоғалту  оңай.  Ол  жоғалмай  тұрғанда,  усул  сотие  жолымен, 
әсіресе дыбыспен жаттықтырып бала оқыту қиын. Сондықтан 
мұғалімдер қазақ тіліндегі дыбысты жақсы білерге керек. Оны 
өздері  сөзді  айыра  –  айыра  үйренуге  болады.  Онымен  біле 
алмағандарын білетіндерден үйрену – ол үшін көп болса бірер 
жеті бөлер.

243
Сөздің тұрар жері мынау: қазақ мектебінде оқытатын қазақ 
тілінде әліппелерден басқа қазір кітап жоқ. Бірақ олардың бәрі 
де болады. Қазақ мектебінде оқу үш жылдық болуы қолайлы. 
Сол  үш  жылға  керек  кітаптар  шығуына  талап  етіп  жатырған 
адамдар бар. Олар шыққанша мұғалімдер де өз тарапындағы 
кемшілік  жерлерін  толықтыруға  қам  қыларға  керек.  Екін-
ші,  мұғалім  алатын  қазақтар  жоғарғы  айтылған  түріне  қарай 
мұғалім  аларға  керек.  Өзі  тыныш  отырып,  «Әй  оқыңдар!» 
деген  мұғалімдерге  жоламасқа  керек.  Олардан  балалар  еш 
білім үйренбейді. Оқырлық шағы зайа кетеді. Олардан басқа 
мұғалімдердің  арасында  таңдау  усул  сотие,  оның  ішінде  де 
дыбыспен  жаттықтыра  білетін  мұғалімдерге  түсерге  керек. 
Усул сотиелік табылмаса, усул мадиеліктерді алу керек. Жақсы 
мұғалім  табылғаннан  кейін,  мектепке  керек  құралдардың 
бәрін сайлап беру тиіс. Дүкенсіз ұста еш нәрсе істей алмайды, 
мұғалімдер де, қандай жақсы болғанмен, құралсыз балаларды 
оқыта алмайды.
1913 ж.

244
13. ОРЫС «МЕЙІРМАНШЫлЫҒЫ»
Орыс қол астына панаулаға келген 1000 үй Қытай қазағының 
мынадай айанышты халін депутат Некрасов «Денн» газетасы-
на жазады.
Алтай  тауының  монғол  бетіндегі  қазақтар  мен  монғол 
төрелерінің  арасында  үлкен  жанжал  шығып,  11  төре  өліпті. 
Мұнан  кейін  монғолдар  қазаққа  қарсы  әскер  аттандырыпты. 
Қазақтар қорыққанынан, 1000 үй 120 мың малымен орыс қол 
астына қашып тығылып, орыс күкіметіне арыз береді, бізді қол 
астына  алсаң  деп.  Қазақтардың  бұл  арызы  Петерборға  жет-
кеннен  кейін  арыздары  айақсыз  қалдырып,  өздерін  монғолға 
қайтаруға  бұйрық  шығарған.  Қазақтар  еркімен  монғолға 
қайтпайтын болған соң, оларды зорлықпен көшіруге әскер жі-
берген. Осы күні шекарада монғол әскері қазақтардың қайтуын 
күтіп  тұр.  Олар  әліпте  кек  алмақшы  һәм  басқа  патшалыққа 
қашқаны үшін жазаландырмақшы. Енді бейшара қазақтардың 
қаны төгілмей, мал-мүлкі шабылмай, қалай аман қалар.
Некрасов  айтады:  монғол  төрелері  бізге  сонша-ақ  қымбат 
па, олардың кегін қайтару үшін бірнеше мың қазақты құрбан 
қыларлық.
ОМСКІ – бізге жазады, биыл ондағы орта дәрежедегі селіс-
кокозиайыстуенный  ышколаға  Мұқтар  Саматов  деген  қазақ 
баласы кірген екен. Ол бұрын Семейдегі 4 класты городской 
ышколды  бітіріп,  Омбыға  тілеген  ышколына  кіруін  кірсе  де, 
«өз  күшіңмен  оқисын»  деп,  қазынадан  орын  бермепті.  Бұл 
баланың ата-анасы өте кедей болғандықтан, осы күні ышколға 
төлейтін 65 сом һәм пәтер, тамағына берерлік бір тиын ақшасы 
болмай, мұқтаждықтың зарын шегіп тұр, өзі тәуір оқиды, бірақ 
ақшасыздықтан амалсыз ышколадан шығып, қаңғырып қалуға 
тақалып тұр екен. Біз газетамыз арқылы Мұқтар Саматовқа ең 
болмаса бір жылдық оқуына жеткендей жәрдем жыйуға жақын 
арада Орынбор губернаторынан рұқсат алмақшымыз.
1913 ж.

245
14. «АңДАСПАҒАН МӘСЕлЕ» ТУРАСЫНДА
Ноғай  бауырлармыздың  газеталарының  арасында  қазақ 
жайына көбірек көңіл һәм орын бөлетін «Уақыт» газетасы.
Қазақ  туралы  естілген  хабарлар,  істелген  істердің  көбі 
«Уақыт»  газетасына  басылып  һәм  олардың  ішіндегі  маңыз- 
дылары турасында газета пікірін де айтып тұрады. Сондықтан 
«Қазақ» газетасы қазақ мәселесі турасында «Уақыт» газетасы-
мен бір жөннен сөз шығаруға, арадағы аңдаспаған мәселелерді 
ашып,  саралап,  анықтауды  өзінің  міндетінің  бірі  деп  біледі. 
Қазіргі  қазақ  мәселелерінің  ең  зоры  –  жер  мәселесі.  Бұл 
–  қазақтың  тірі  иа  өлі  болу  мәселесі.  Бұл  турасында  түсініп 
жетпей қаталасып, қазақты теріс жолға салғанымыз 5 мілійи-
он  адамның  обалын  мойнымызға  жүктегеніміз.  Сондықтан 
бұл  турада  қазаққа  ақыл  айтқанымыз,  қазақты  һәм  басқалар 
да қата ұқпастай етіп, анықтап ашып сөйлегеніміз абзал. Ф.К: 
әпенденің  жазған  сөзінде  аңдаспай  жүрген  нәрселердің  көбі 
анықталды,  ашылды.  Әлде  болса  бүркеуірек,  көмескі  тұрған 
сауал  бар.  Соны  ашсақ,  арадағы  аңдаспаған  мәселе  аңдалып 
жетер  еді.  «Уақыт»  қала  бол  дегенде,  қай  түрлі  қала  болу 
жайын ашып айтпайды. Ол ашылмаған соң, қазақтар қала бо-
луды 15 десетинадан жер алып, егін нормасымен қала болу деп 
ұғады. Егерде «Уақыт» 15 десетинадан жер сұрап алып, егін 
нормасымен қала болуды айтса, онда азырақ сөйлесуге қажет 
болады. Олай болмай, жердің түріне қарай мал бағарлық жер-
де бағатын, егінге жақсы жерде егін егетін қала болуды айтса, 
онда олай қала болуды біз ұнатамыз һәм «Айқап» жорналының 
1911-нші  жылғы  4-нші  нөмірінен  бастап  айтып  һәм  «Қазақ» 
газетасы жүзінде тұтынып келе жатқан жолымыз. Біз қазаққа 
қала болма демейміз. Жақсы жеріңе жыйылып, қалаңды сал, 
мешітіңді орнат, мектеп, медресеңді аш, рұқсатсыз неге қала 
болдың деп ешкім айтпайды дейміз. 15 десетинамен қала бола-
мын десеңдер, күн көре алмайсыңдар дейміз.
Қазақтар һәм біздер қата аңдамас үшін «Уақыт» газетасы-
нан өтінеміз: қазаққа қала бол дегенде, қай түрлі қала болуды 
айтады, мүмкін болса ашып айтса екен. 
1914 ж.

246
15. ДОСМАЙЫл ҚАжЫҒА АШЫҚ хАТ
Досмайыл  дегенді  біз  білмеуші  едік.  Былтыр  газета 
шыққаннан кейін басқармаға хат жазып: «Маған тегін газета 
жіберіп тұрыңдар, менің де керегім болар», деп молдалығын 
айтқан соң, «қолы қысқа, ақ-қараны айыратын бір үлкен кісі 
шығар» деп, бұ күнге шейін босқа газета жіберіп тұрдық, Газетаға 
жіберген кей сөздері жарамсыздықтан баспағанымызда, бізге 
ұрсып, жекіп хат жазушы еді. Оның бәрін еш нәрсе емес екен.
Осы пеуіралдың 19-нда Досмайылдан бір хат алдық. Хатын 
оқып шыққанан кейін көзімізге набадық. Қажы, молда, ақсақал 
жазды дерлік емес. Бұрынғы хаттарынан өзі «қажы ақсақал До-
смайыл» деп қол қойыушы еді, оның үстіне, молда екендігін 
де  сездіруші  еді.  Мұндағы  сөзі  кісіге  айтуға,  қағазға  жазуға 
боларлық  емес.  Қазақ  тілінде  бар  әдепсіз,  көргенсіз,  ылас 
сөздердің бәрі осында.
Сол  күні  кешке  Орынбордағы  бір  жорналдың  маһырары 
бізге,  біздің  жайымызға  жазған  бір  хат  берді:  «Мынаған  не 
айтасыңдар, Досмайыл қажыдан «сыпайы» тілмен жазған бір 
қат алдым», деп. Оқып қарасақ, бұл алғашқы хаттан да сОрақы. 
Бұл хатты да жауып қойдық.
Үш  күннен  кейін,  20-ншы  пеуіралда  Упадағы  медресе 
«Ғалиа»  шәкірттерінен  тағы  бір  қат  келді.  Бұ  да  Досмайыл 
қаты, біз туралы жазған. Бұ да «Досмайыл тілінде» жазылған.
Енді  ойға  қалдық:  Досмайылдың  мұндай  қаты  көп  жер-
ге,  көр  кісіге  тараған  боларға  керек,  оның  бәрі  бізге  жіберіп 
тұрмас,  бұл  бізге  неге  қызықты,  өзінен  сұралық  деп.  Соның 
үшін осы ашық қат жазылды.
Досмайылдың тілімен жазуа болмайды, зор қиыншылықпен 
болса да, әдепсіз сөздерін қазақшаға аударып, оқушылардыкөп 
зарықтырмай, тезірек «тәбәрік» қаттың мағынасын білдірелік. 
«Қазақтың» 45-нші нөмірінде біз жылдық есебімізде «Қазақ» 
жазушыларын жұртқа жариа қылғанда, Досмайылды жазбап-
пыз. Оның «бір жыл бойынша арымай-талмай еткен қызметін» 
ұмытқанбыз. Слның үшін ол бізге ашуланған. Бірақ оның от 
басында отырып, күлін сабап ашуланғанын кім білер еді, кім 
тыңдар еді. Сөзін ұтымды, толымды көрсету үшін өзіне серік із-

247
деген. Серікті қалай ілзеген. Қалай іздеді деңіз? «Қазақ» газета-
сын көркейткен молдалар мен шәкірттер еді. «Ьіздің атымызды 
жазбай,  орыстың  сорпасын  ішіп,  шошқаның  жілігін  кемір-
ген  орысша  оқығандардың  дәрежесін  көтерәп,  мұсылманша 
оқығандарды мазақ қылды», – деп, мұсылманша оқығандарға 
бізді  шағыстырып,  жел  бергісі  келеді.  «Бір  жылдай  тіл  һәм 
пұлмен тоқтаусыз қызмет етіп едім, жәрмеңкелерде арық, қара 
байтал,  шабан  торымен  жүріп  еңбек  қылып  едім,  ақырында, 
жүзі қаралар, Құдай ұрғандар қадірімді білмей, түзенат.... ты», 
– дейді. Мұнан кейін орысша оқығандардың бірін қалдырмай 
«сыпайы»  сөзбен  сөгеді:  «Ұшан-теңіз  докторлар  кім  еді, 
маржалардың  «ауруын»  тазатқаннан  басқа?!  Адуакаттар  кім 
еді, екі адамды дауластырып, теспей қанын сорғаннан басқа?! 
Пәлен кім еді, түген кім еді... Байтұрсынов, Алдиаров, Сейда-
лин, Бөкейханов, Дулатов, Қасболатов, Шаһкерім, докторлар.... 
жазбасын, олардың сөзі бізге керек емес», – дейді. Бұлардың 
көбімен таныс болмаған соң, олардың оқуын, ғылымын, кәсібін 
сөгеді. Әдепсіздікке, надандыққа шара бар ма?!
Денсаулығы  шүбәлі  бір  кісінің  сөзін  газетаға  басқанымыз 
үшін  оқушылар  ренжір  деп  ойлаймыз.  Досмайылдың  бар 
әдепсіздігі  жоғарыда  жазылған  ғана  болса,  елең  қылмас 
едік.  Оның  төменгі  сөздері  бізді  еріксіз  жауап  бергізеді. 
Досмайылдың қатындағы бізге қойып отырған бәлесін былай 
бөліп һәм соларға жеке-жеке жауап береміз.
1.  Досмайылдың  аты  жазушылардың  арасында  жоқ,  оның 
қызметі айтылмаған екен. Бұған біздің жауабымыз мынау: біз 
45-нші нөмір «Қазақта» жазушылардың атын жазғанда 16 кісіні 
атап,  «һәм  басқалар»  дедік.  Жалғыз  бізде  емес,  өзге  білімді 
жұрттарда да газетаға жазушыларын көрсету бар, бірақ түгел 
жазуға  міндетті  емес.  Ешкім  Досмайылша,  «мені  жазбадың» 
деп,  өкпелеу  жоқ.  Біз  бұл  16  кісінің  атын  атасық,  бұлардың 
көбі  газетаға  тоқтаусыз  керекті  мәселелер  туралы  жазып 
сыналғандар,  кейбіреулері  аз-көп  жазса  да  тәуір  жазғандар. 
Бұларды  ғана  атаумен  қазақтың  өзге  білімділерін  керексіз 
қылғандық шықпайды, білген адам бұлай да жорымайды да.
Рас, күздігүні Досмайыл екі жәрмеңкеде, бірінде 20 сом, 
бірінде 115 сом 71 тиын жіберген еді. Біз ол туралы басшылық 

248
етуші Досмайыл қажыға да, ақша беруші ел кісілеріне де дер 
кезінде тәңірі жарылқасын айтқанбыз («Қазақ» нөмірі 32 һәм 
40).
2.  «Орысша  оқығандарды  көтеріп,  мұсылманша  оқыған- 
дардың  атын  жазбай,  масқара  қылды»,  –  деп,  Досмайыл  қа- 
зақ  оқығандарының  арасына  жік  салғысы  келеді.  Аттары 
аталған 16 кісінің төртеуі мұсылманша оқығандар. «Қазаққа» 
жазушылардың  4-тен  бірі  мұсылманша  оқығандар  болғанда, 
үштен  бірі  орысша  оқығандар  екендігі  газетаны  басқарып 
тұрған  бізге  белгілі,  мұны  оқушылар  да  байқайтын  шығар. 
Досмайылдан басқа, «мені атамадыңдар» деп бұртиған ешкім 
болған жоқ.
Біздің  мұсылманша  оқығандар  туралы  қандай  пікірде 
екендігіміз  солардың  өздеріне  де  белгілі.  «Қазақтың»  18-
нші  нөмірінде  Досмайыл  шәкірт  біткенді  кекетіп-мұқатып, 
өзі  шәкірт  күнінде  көп  нәрсе  бітіргендей,  орынсыз  міні-
генде,  «Қазақтың»  21-нші  нөмірінде  оған  жауап  қайтарып: 
«Қазақ  шәкіртерін  орынсыз  сынамау  керек,  әуелі  оларды 
мұқтаждықтан құтқарып, жәрдем беріп оқытып, оларға сонан 
кейін  өкпелеу  керек»,  –  деп  жазған  Қыр  баласы,  басқармаға 
белгілі, Досмайыл сөгіп отырған орысша оқығандардың біре-
уі  еді.  Досмайыл  алаламаса,  қазақ  баласын  орысша  оқыған, 
мұсылманша оқыған деп ешкім екіге бөлмейді. Осы күні қай 
оқу болса да қолға түсуі мұң болып тұр. «Орысша» деп жұрты 
үркітетін заман өткен.
3.  «Айқап»  жорналынан  молдалар  һәм  шәкірттердің  бетін 
аударған мынадай кек емес пе еді», – дейді (Бұл да өзгертілмеген 
өз сөзі).
Досмайылдың  мұндай  жаман  ниетпен  қызмет  еткелі 
жүргенін  білгеніміз  жоқ.  «Айқап»  та  «Қазақ»  та  жұртқа  бір-
дей  пайда  келтіру  үшін  шығып  тұр  еді.  Бірін  ақсатып,  білін 
көтеруден оған қанша пайда бар еді? Осылай қыл деп әлде онан 
біз өтіндік е?
Екінші,  Досмайылдың  лепіруіндей-ақ,  молдалар  мен 
шәкірттерге  ол  қанша  мұрындық  екен?  Досмайыл  айтыса, 
жөңкіле жөнелетін қанша молда, қанша шәкірт бар екен?

249
4.  «Упадағы  медресе  «Ғалиа»  шәкірттерінің  «Қазақ»  бас- 
қармасына  тапсырған  мың  екі  жүз  сомдық  кітабын  Байтұр- 
сынов пен Дулатов пайдаланып жатыр. Ишанғали Арабаевтан 
олар алдап сатып алыпты, кедей шәкірттердің қақын екі жер 
аударылған  мен  Арабаев  жемекші  ме,  мен  соңына  түсемін», 
– дейді. 
Рас, былтыр, Упа шәкіттері «Қазақ» басқармасына үш түрлі 
кітап  тапсырды  («Бала  тұлпар»,  «Өрнек»,  «Тумыш»),  бірақ 
бұлардың сомасы Досмайыл айтқандай 1200 сом емес, біз пайда-
ланып отырғанымыз жоқ һәм оларды бізге ешкім сатқан да жоқ. 
Шәкірттер бізге Упадан ол кітаптарды жібергенде, Ишанғали 
Арабаев қырғыздың Алатауында еді. Бізге тапсырылған кітап 
өз бағасымен екі жүз сомдық һәм ақшаладай жіберген 47 сом 
– 247 сом. Бұл кітаптардың 78 сом 80 тиындығы әлі өткен жоқ, 
басқармада.  Сатылғандарынан  түскен  ақша  45  сом  98  тиын 
кітапшыларға, комиссиаға берілді, әлі ақшасы алынбаған кітап 
40 сом 72 тиындық. Бұл кітаптардың сатылғаны һәм комиссиаға 
берілгенлерінен  30  протсенті  кем  есептеледі.  Шәкірттерден 
бұрын  алған  кітаптары  үшін  басқармаға  тапсырылған  несие 
ақшалары  40  сом  4  тиын,  бірақ  мұның  ішінде  Досмайылдан 
иа оның баласынан бір тиын келген жоқ. 247 сомды Досмайыл 
қалай 1200 сом қылып жүр? Арабаев бізге қалай сатып жүр? 
Кедей шәкірттерді біз қалай жем қылып тұрмыз? Мұның бәрін 
енді Досмайыл ыспат ереге керек. Досмайылдың 1200 сомды 
«екі айдалған жеп жатыр» деп жындануының мәнісін білмей-
міз. Упадағы қазақ шәкірттері, біздің бұл жазғанымызда қата 
бар десе, Досмайыл сөзінің мыңнан бірі рас десе, айтсын. Бұл 
кітаптарда шәкірттер «Қазақ» басқармасына басы бүтін берген 
жоқ, өздерінің үнемі тұратын жері болмаған соң (жаз елде, қыс 
оқуда болып), басқармаға аманат тапсырған.
Біздің бұл кітаптармен пайдаланып тұрғанымыз сол: бұларды 
сатып,  посылка  қылып  тігіп,  поштаға  апарып,  есеп-қисабын 
жеке дәптерге жазып, несиелерін жинап машақаттанып, аз да 
болса өзге жұмыстарымыздан қалатын сағаттар болады.
5. «Байтұрсынов пен Дулатов оқу кітаптарын шығармасын, 
қазақ баласының тілін бұзады, маған арабша, иранша, латын-
ша, слауианша бәрібір, қазақша деген қайдан келді», – дейді. 

250
Бұл тілдерге Досмайыл жетік болғанмен, біз білмейміз, соның 
үшін қазақша жазамыз. «Қазақ тілі қазақ балаларын бұзады» 
дегенді  жалғыз  Досмайылдан  есітп  отырмыз.  Досмайыл 
тоқтатсын дегенге тоқтата алмаймыз, біз Досмайыл үшін емес, 
қалыың қазақ үшін шығарып жатырмыз. Қазақшаның қайдан 
келгенін Досмайыл білмесе де, өзгелер біледі.
6. «Екі жер аударылғанмен емле хақында «Айқап» арқылы 
сөйлесемін»,  –  дейді.  Емле  мәселесін  Досмайыл  бүгін  естіп 
отыр  ма  екен?  «Айқап»  арқылы  деп  бізді  шошытқысы  ке-
леді. Емле мәселесі 3 жыл мұнан бұрын «Айқапта» басталған. 
Сондағы жазушылар да біз болатынбыз. Сонан бері Досмайыл 
қайдажүрген? Өкпелеген күні елден безіп, біздің ісімізден де 
безіп отыр. Досмайыл ойласа керк, орысша оқығандарды жаман-
дап, мұсылманша оқығандарды желіктірсем, бұларға дұшпан 
болар;  «Айқапты»  жақтасам,  ол  әлгі  дұшпандыққа  құрал  бо-
лар деп. Жоқ. Досеке, адаспа! Бізге сенен мұсылманша оқып 
жүргендер де, «Айқап» та мың есе жақын, мың есе қымбат.
7. «Ғабдулғазиз Мусиннің атын «Қазаққа» жазып отырған 
себебі  –  Мамановтың  жәрдем  ақшасын  өздеріне  жібергені 
үшін» дейді.
Досмайыл  жұрттың  бәрін  өзіндей  көреді  ғой,  азын-аулақ 
ақша  жиып  жіберсем,  атағымды  алты  Алашқа  жайып,  үнемі 
мақталармын  дейтін.  Ғабдулғазиз  арқылы  бізге  келген  Ма- 
мановтардың  ақшасын  9  оқушы  қазақ  балаларына  бердік, 
солардың біреуі ғана орысша оқыған, қалған сегізі медреселер-
дегі шәкіртер («Қазақ» нөмірі 46, 47 һәм 50). Досмайыл аузына 
келгеніннеге  ірікпей  сөйлейді,  біз  мұсылманша  оқығандарды 
шет көріп, масқаралау жолында болсақ, 8 шәкіртке береміз бе? 
«Қазақ» басқармасы кімге берсе де ерікті еді, ақша иесінің тап-
сыруы бойынша.
8.  «Екі  айдалғанды  губернаторға  көрсетермін»,  –  дей-
ді.  Біз  сенің  арық  қара  байталың  мен  шабан  торыңды  ұрлап 
айдалғанымыз  жоқ.  Біздің  айдалғанымызды  губернатор  да, 
жұрт та біледі һәм бұл күнде де істеп отырған жасырын ісіміз 
жоқ. 
Ноғайлардың доносшы Ешіми молдасының газеталарға жа-
зылып аты шығып еді. Саған да атақ керек қой, көрсете бер!
1914 ж.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   24


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет