Оралхан б 3-том indd



Pdf көрінісі
бет15/23
Дата20.02.2023
өлшемі2.47 Mb.
#69521
түріБағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23
Байланысты:
Сайтан көпір. Оралхан Бөкей
Касымбекова
Ол да ақыл, – деп аманжан темекісінің тұқылын 
сөндірді де, еңкеңдей шегініп тысқа шықты. 
Төбелесейік, шын айтамын, жылынатын түріміз жоқ, 
төбелесейік, – деп жалынды аманжан жұдырығын бір-біріне 
ұрғылап, тісінен от шығара қайрап. 
мен ондай ойынға қатыса алмаймын, әкри, – деп 
Бақытжан тайсақтай берді. Нұржан айтты: 
Біздің шамамыз саған жетпейді ғой. 
Екеуің жабыласыңдар, – деді соғысқа әзірленген 
аманжан. – ал, қане, келіңдер. Жасасын төбелес, ура! 
Бақытжан: – Ә, олай болса можно. Ей, Нұржан, сен 
алдынан шық, мен артын орайын... позиция керек. 
Нұржан күліп: – Почему мен алдынан, сен артынан... 
Бақытжан: – Себебі мен адамдардың артынан бас 
салғанды тәуір көремін. 
Нұржан: – Иә, әркімнің өз тәсілі бар. мен-ақ бетпе-бет 
барайын. аманжан қолын көтеріп: – Тоқтаңдар-тоқтаңдар, 
мұны- мыз нағыз төбелес бола алмайын деп тұр. Күліп жүріп 
жұ- дырықтасқанның мәні жоқ ,– деп тоқтатты. – Содан соң, 
сен- дер маған бүкіл тактикаларыңды сездіріп алдыңдар. Қазір 
мен мощный қорғанысқа кетемін де, арқамды тракторға тіреп 


187
тұрып, жақындағаныңның жағыңнан ұра берем. Давайте, 
ребята, шын мәніндегі қанды сойқан бастау үшін ар-намысқа 
тиіп ыза келтірер балағат сөзбен атысайық әуелі. Давайте, 
достар (көзі жайнап, екілене сілкінді), айызымыз қанғанша бір 
боқтасайық. Ешкім де көріп, естіп тұрған жоқ. 
Нұржан: – Ендеше, мұндай спектакльге мен үзілді-кесілді 
қатыспаймын, – деп азарда-безер болды. 
Бақытжан: – Ең алдымен ит болып бастайық, қызық 
болсын. 
аманжан түсінбей қалды: – Итше бастағаны қалай? 
Бақытжан: – мәселен, жер тарпып үреміз. 
Аманжан: – Үрсек үрейік... ав, ав, ав! 
Бақытжан: – ав болса – ав! 
Екеуі бір-біріне ырсылдап ит болып үріп жүр. Бір-біріне 
жер тарпып, тап-тап береді. 
– Болды, болды. Сенен жап-жақсы төбет шығып кетуі 
мүмкін екен. Енді, бала, қазақтың бұрынғы билеріндей жүгі- 
ніске отырып, балағатымызды бастап кетеміз. Қамшы орнына 
биялай тастаймыз,– деді Бақытжан. 
Аманжан: – Ол қырыңа да көндік. – айызы қана риза 
болып жүр. 
Бақытжан: – Жарайды, ендеше, – деп алға суырылып 
шықты да, мықынын таяна жүгініп отырды. – Екі рольді бір 
өзім-ақ ойнайын. Ей, аманжан, кел жүгініске, құтырған 
бурадай жыныңды шашпай тыңда мені. ал, бастадым: 
Итаяқтай болған аузыңды, құрықтай сорайған бойыңды, 
қорадағы қойыңды, түк ойламайтын ойыңды, кірпідей 
тікірейген шашыңды, шақшадай болған басыңды... ана 
жеріңді, мына жеріңді... пәлен етейін, түген етейін... (ентігіп) 
общем ұрайын... Уһ, жіпсіп кеттім ғой, ішпей-жемей албатты 
балағаттасқан қиын екен... аманжан тамағын кенеп, 
дайындалып, ол да жүгініп отыр: – ал, ляуқиым, енді сен 
тыңда; Ей, Бақытжан, күжірейген мойныңды, стол үстіндегі 
дойбыңды... ұрым-бұтақ, зау-затыңды двайной, тройной 
ұрайын... мә, қамшым, сен сөйле.– Қолғабын қарсыдағы 
«биге» тастады. Нұржан екеуінің балағатын тыңдап, рақаттана 
күліп: 
– Баяғының билері де дәл осылай айтыспаған шығар. 
Бақытжан қызына бастады:– Ендеше, Нұреке, алдияр тақсыр, 


188
төбе биіміз сенсің... Біздің жанымызда баяғының биі жіп есе 
алмайды. 
Нұржан: – Оу, бүгінгі заманның шешендері сендер бол- 
саңдар онда... Онда құмырсқа қуырып же десеңші... 
Бақытжан: – Ей, аманжан, «ДТ»-ның аты – трактор, арба 
емес, шана азды дейсің бе, шананың аты – шана, қол шана 
емес, сенбесең жатыр әне; әлде Нұржан азды дейсің бе, азған 
да озған жоқ, Нұржанның аты – тракторист – директор емес; 
ал, боқтасуға келсек: шай ішетін кесеңді, сиыр сауып жүрген... 
аманжанның көзі шатынай айғай салды: – Не?! Әкені
айтсақ та, шеше жағына барыспайық. 
Зулаған қалпымен барып шәниіп тұрған аласа бойлы, 
төртбақ досының шықшытын ала бір періп, қалпақтай 
ұшырды. Төбелес басталды! Орнынан баж-бұж етіп, қармана 
тұрған ол жан-жағынан қару іздеп көріп еді, көзіне қардан 
басқа еш нәрсе іліге қоймады. 
– Әкеңнің аузын ұрайын, сволыш, ойнайды екен десем, 
шындап жүр ғой. – Одан соң жерден уыстап бір-екі рет 
жентек-жентек қар лақтырды да, жүгірген бойы талтая 
серейіп тұрған аманжанды тебе бергенде, соншалық бір 
қапшағай шапшаңдықпен аяғынан сарт етіп ұстап бұрап 
қалғанында тағы да қиралаңдап құлап қалды. Істің насырға 
шабу қаупі туған соң: – Қойыңдар! Жетті енді! Үсіп өлсек те, 
төбелеспейік! айуан болып кеттіңдер ме! – деп ара түсіп еді, 
қаны қарайып, ұрынарға қара таба алмай, күші асып-тасып, 
өзіне лайық білекті жау іздеп аласұрған аманжан оны да бар 
пәрменімен ұрып өтті. Көзінің оты жарқ етіп басы зеңіп 
кеткен Нұржан соққы қаншалық ауыр болғанмен, тыраң етіп 
құлаған жоқ. Не істерін білмей аз-кем ойланып тұрды да, 
жынданған аманжанның қарға аунап қыңсылап жатқан 
Бақытжанды аямай тепкілегенін көріп айғай салды:– Тоқтат! 
Фашист болып кеттің бе? 
– мен сендерге фашистің не екенін көрсетейін. Әйтеуір, 
арам өлеміз! Бәрібір үсіп өлеміз, – деп кіжінген аманжан 
ендігі сәтте өзіне қарғыған. Қорғанбаса болмайтын еді. 
Қарадан-қарап жүріп бір нәрсені бүлдіргісі, қиратқысы келіп 
қышына беретін аманжанның қолына дәл қазір мылтық 
берсең екеуін де қызыл ала қан қылып, атып тастары шәксіз 
еді. адам бойындағы асау қан түйіршіктері қозып, 


189
жауыздықтың сойқанды соғысына шақырады екен-ау. 
Зұлымдық әр адамда, әр ұлтта барын байымдаған Нұржан 
жоқ. Досының екінші соққысы тигенде өзінің де қаны тасып, 
басына шыққаны сонша, сонсоң өне бойы қалшылдап, қарсы 
ұмтылғаны, ұп-ұзын құрдасын ішінен періп, ыңқ етіп 
ауырсына еңкейіп қалғанда, әскерде үйренген тәсілі бойынша 
көк желкеден ұрғаны, сонсоң өзі құламай тәлтіректеп тұрған 
жігіттің қылтасынан теуіп құлатып, құлап бара жатқан сәтінде 
секіріп барып қос аяқтап бөкседен тепкені, бұдан соң көзіне 
қан құйыла долданып, әлі құрып бүк түскен бейшара 
аманжанды бір теуіп кеткені есінде; тек ашуы сабасына түсіп, 
өлердей өкініп еді. Үшеуінің де ұйқысы қайтып келмеді не тіл 
қатысқан жоқ, сұлап-сұлап дүмбілез күй кешкен. Енді үш күн 
бойы ұйқтамауға жетерлік олжалы ой тауып еді. 
Дүние ақ шаңқан... Кешелер соғып өткен ақ түтек 
боранның сарқындысы, сеңдей сірестіріп қасаттап тастаған ақ 
сіреу кіреуке... ақ таулар... алысқа... әлдеқайда бірін-бірі қуа 
жарысқан. Ербең етер тіршіліксіз, салқын сазарған қалпы 
адырлар ұлы өмір шуылынан бейхабар – айқара жамылған ақ 
кебінін бүрісе бүркенеді. айлы түннің астында аруақтай 
созылған суық... аса қытымыр дүние... түн ортасы ауғанша 
жақ ашпастан жайрап неге төбелескендерін, кімді-кім ұрғанын 
уайымдап жатты да, басқа... бұған дейін кешкен өмірдің, тәтті 
бір ләззатты сәтін есіне алысқан... Ондай қымбат минуттар 
Нұржанда жоқ-ты, сыпыра жайдақ, тіршіліктің қамымен өте 
шыққан сұрқайлау еді... Әлі күнге ешбір қыздың бетіне қарап 
күйдім-жандым деп ғашық болып көрген жоқ-ты. Емірене 
еске алар енді несі қалды. мынау қалтарыста қаңғыған иен 
жерге қарашаның қара суығында, бұдан бұрын да бір рет дәм 
тартып келіп еді-ау. Онда олар көп жігіт болатын, машинаға 
мініп, тау айналып, қара жолмен келген. Иә, онда олар көп еді, 
сойталдай-сойталдай он жігіт... шөп тиеуге келген. алғашқы 
күні бес машинаға тиер-тиеместен күн жауып кеткен. Сонсоң, 
барлық машинаны қайтарып, ең соңында өздері жаяу қайтқан. 
Иә, сонда өздері мінген автомашина белуардан батпаққа 
батып қалып, қайтып шығара алмап еді... Сіркіреп қара күздің 
ақ жаңбыры толассыз жауған. Не паналар үй, не ағаш жоқ, 
құдайдың қу мекиен даласында қалған он жігіт екі кештің 
арасында он шақырым алыстағы Огневка деген селоға жаяу 


190
тартқан... Қарсыдан шаба жауған желді нөсер өңменінен өтер 
суық еді. Үстерінде тек күпәйкесі ғана бар жігіттер керзі 
етіктерін қорқылдатып, түбі тесіліп кеткен аспанды, биылғы 
қуаңшылық жылды, жаздай бір тамбай қойып, күзде 
сорғалаған жаңбырды, ауданнан жүз шақырым шалғайдан 
шөп дайындаған басшыларды оңдырмай балағаттаған... 
Шелектеп жауған жанбырдың астында көзге түртсе 
көрінбейтін қараңғылықты жамылып, батпақ кешкен жігіттер 
сонадайдан сығырая шақырған болымсыз жарықты бетке ала 
безектеп еді. Әудем жерде ғана көз қыса қылымсыған 
Огневканың бұлар асыққан сайын алыстап, жеткізбей 
қашқаны, ал қарашаның ең соңғы желді нөсері сабалап, 
мойнынан кірген су қойын-қонышын қуалап етігіне 
сорғалағаны, тісі-тісіне тимей сақылдап сұмдық тоңғаны, 
осына сүңгілескен азапты халдің қайтіп қайталанбауын, 
мынау кері баққан ішкері жақта ат басындай алтын бар десе де 
қайта айналып келмеуін тілеген өз-өзіне ант еткен, сылп-сылп 
басып, жолсыз, жөнсіз жортқан он жігіт ауыл шетіндегі тілдей 
көпірді әрең дегенде сипалап тауып, құндыздай шұбап өте 
береміз дегенде кеңірдектен келетін өзеншеге Нұржан аяғы 
тайып кетіп, оңбай құлап еді... Жар жиегіндегі талды паналап, 
жүзіп жүрген тамам үйректі үркіте былш етіп құлаған 
Нұржанды Қайкен мен ақай зорға дегенде шығарып алып еді. 
Құйрық басып отырып, етігіне толған суды төгіп тастар 
құрғақ жер жоқ, ылжыраған сусіңді дүниені тағы да 
лағынеттеуде, шылпылдатып ілгері тарта берген. Бұлар келіп 
жеткенше ауылға сіңіп үлгерген қалған жетеуінен айрылып 
қалған да, мұқым Огневкадан есігін қақпаған үй қалдырмаған. 
Бірақ көше-көшені жездей қақтап, аралап шықса да, бірде-бір 
үй түнеуге рұқсатын бермеп еді. Су тышқандай сүмірейген үш 
жігіт адамдардан осыншалық мерездік, жатпейіл, масқара 
қатыгездікті бұрын әсте байқамай, тіпті мүлдем күтпей келіп, 
өз бастарына сарт етіп тигенде ғана барып, суына түңіліп 
едіау. Жоқшылық кезінде, тіпті күні кешегі соғыста адамдар 
дәл осылайша қатыбастанып, жат бауыр болған жоқ шығар. 
Әлде бұл жұрт тым-тым тойынып кетті ме, кекірігі азып, 
кекіреледі ме, мүмкін, жеті қат түн ішіндегі ұрылар деп 
сенбеді ме?! Қайдам, әйтеуір, Нұржан осы жиырмадан жаңа 
асқан жасында тұңғыш рет адамдарды жеккөре безініп еді... 


191
Бар болсаң көре алмас, жоқ болсаң бере алмас ағайын шыр 
айналып келгенде, қара басының қамын күйттеп кетері рас 
та... Сонымен, үш жігіт Қайкен, ақай, Нұржан өлген жыландай 
шұбатыла қоныс тепкен Огневканың басына түсіп, аяғына 
дейін әр үйдің есігін тартып, терезесін қағып шықты. 
Ешқайсысы қондырмады. ауылдың шетіндегі оқшаулау 
орналасқан ақырғы үйдің есігін тықылдатып еді – ар жағынан 
әйелдің «кто?» деген жіңішке даусы естілді де, ізінше өзі 
шықты. Пұшпақ-пұшпағынан су сорғалаған үш жігітті 
көргенде алғашында аңтарыла сескеніп қалды да, «сіздерге 
кім керек?» деді. ақай ана екеуінен гөрі пысықтау еді:
– Өтінемін, 
жылаймын, 
құдай 
үшін 
түнетіп 
шығыңыздар, 
Қарағай 
ауданының 
жұмысшыларымыз, 
машинамыз батып, жаяу қалдық. Бармаған үй, тартпаған 
тұтқамыз жоқ, ешкім жолатпады, бір қайырымдылық 
жасаңыздар, үсіп өлуге жеттік, босағадан ары аспайық, тек 
бойымыз жылынса болды,– деп зарлай жөнелді. Төргі 
бөлмеден ер адамның үні естілді. Әйел бұл мәселені жалғыз 
өзі шешуге батылы бармады білем, қайта кіріп, күйеуі болар, 
әлдекіммен ақылдасты. Содан кейін ғана есікті айқара ашып: 
– Кіріңіздер, – деді күлімсірей. «Кіріңіздер» – Нұржан үшін 
бұл жалғанда осы сөзден құдіретті, осы сөзден ыстық, әрі 
ардақты ұғым жоқ шығар. «Кіріңіздер» – қандай ғажап! Осы 
ізгі ниеттен соң өліп кетсең де не арман. «Кіріңіздер» – 
адамзаттың қолы жасаған бүкіл арамдықты ақтап қалар 
ықыласты пейіл-ай. 
Қарапайым жиналған ұядай жылы қос бөлмелі шағын үйге 
кіргендерінде әбден сілікпесі шыға тоңған жігіттердің су 
тамшылаған мұрындарын орыс көжесінің ашқылтым иісі 
жарды. Жүз жылға бірақ қартайған мүшкіл хал, жүз жылға 
қайта жасарғандай қуана толықсыған-ай! Табалдырықтан 
аттауын аттаса да, не ары емес, не бері емес, ошарылып 
қалған жасқаншақ жолаушыларға ірге жақтағы нардың 
үстінде малдас құра отырған шегір көз, сары шашты орыс: – 
Төрге шығыңдар, – деп қазақ тілінде ілтипат білдірді. – 
алдымен сырт киімдеріңді шешіп, суын сығыңдар да, пештің 
ығына жайыңдар, ұялмаңдар. 
Состиып, ит көрген ешкідей тұра берудің ендігі реті жоқ 
еді. Іштеріндегі ересегі ақай бастап шоланға шығып, сырт 


192
киімдерін шешіп, екеулеп бұрап, суын сықты. Нұржан 
жалмажан отыра қалып керзі етігіндегі шүлпілдеп тұрған 
суды төкті. Түнгі қонақтарының әр қимылын қалт жібермей 
баққан үйдің иесі әйеліне тамақ әзірле деп әмір берді. Төргі 
бөлмеден шаштары үрпиіп екі-үш баланың басы көрініп еді, 
ұйқтаңдар, кісі көрмеп пе едіңдер – деп зекіді. Буы 
бұрқыраған жоян табақ борщ алдарына келгенде анасынан 
қайта туғандай жасады-ай. Пештен жаңа ғана алған ып-ыстық 
нан, пештен осы әзірде ғана алған ып-ыстық көжені азып-
тозып келген үш жігіт мұрындары шуылдап армансыз ішіп-
жеді-ай. Үнемі қылтылдап тұрар пенде шіркіннің көңілі 
бағана жақсылық атаулымен қайтып оңалмастай болып 
зәрезептене жеріген еді, енді міне сол екі қолды төбеге қоя 
безінген адамдардан айтып жеткізгісіз дарқан көңіл тауып, 
паналап отыр. Жұмыр басты пенденің бәр-бәрі бірдей 
еместігіне имандай иланды-ай. Қаужаң-қаужаң тамақ жеп, ар 
жағына ел қонып, суық сорған денелері қызына бастаған 
жолаушылар нардың үстінде қозғалмай отырған орысқа 
түстеп қарап еді, өз көздеріне өздері сенбей қайран қала 
таңырқады. Бірақ ешқайсысы да сездірген жоқ, іштерінен 
тынып, үнсіз түсініскен. Үй иесі орыстың екі аяғы тізесінен 
жоқ, томардай шолақ екен. Дегенмен, ол да жігіттерді 
ыңғайсыз әсерден өзі-ақ арылтқысы келді ме: – Екі аяқты 
Гитлер алып қалған. 1945 жылғы 8 майда минаға түсіп 
қалдым, – деді. Ол бұл сөзді немкетті, бүгін күн бұлтты екен 
дегендей жай айта салып еді. 
– мен сол ГДр-да служить еттім, – деді Нұржан тек 
отыр- май. Өзін ретивых деп таныстырған мүгедекке қарап. 
– Қалай, ұнады ма? – деді. 
– Халқы таза, тиянақты, біздей емес пысық. 
– Бірақ дүние жүзіндегі атақты данышпандар да, атаңа 
нәлет жауыздық та сол сен мақтаған халықтан шығып 
жатырау, – деп әлдене ойына оралғандай күрсіңді. – ал, жатып 
дем- алыңдар, шаршаған шығарсыңдар. Биылғы құрғақшылық 
сендердің аудандарыңа қатты тиді ғой. 
– Өзі соңғы жылдары табиғат та өзгеріп барады-ау, – 
деді бағанадан жақ ашпай тосырқаңқырап отырған ақай. 
Жылы үй маужыратып, ыстық көже буынына түсті ме, Қайкен 
изек қағып, қалғи бастаған. 


193
– Өзгерген ауа райы ғана ма екен, ел де баяғыдай емес... 
Құдайын ұмыта бастады, – деді ретивых жұп-жұмыр шолақ 
тізесін сипап. мүмкін, әлі де сыздап ауыра ма, әлде бұрыннан 
сипай-сипай әдеттеніп кетті ме белгісіз. 
– Ол өзгерісті осы жолы көрдік, – деді ақай. – Сіз 
болмаған- да таң атқанша жауынның астында қалар едік. 
– Жалпақ жерден қаға беріс, тым шалғайда тірлік құрған 
адамдар тағыланып, бөтен мінез танытары рас. ауыл-үймен 
араласпаған семьяның баласы да кісі жатырқағыш келмей ме. 
Бұл ауылда тек кілең кержақтар ғана емес, кержақ болып 
кеткен қазақтар да баршылық, – деді де, қонақтар шамданып 
қалды ма дегендей, әңгімесін әзілге шаптырды. – Жамандық 
пен жақсылық адамдардың қанына емес, жанына ұя салған 
ғой. Неғұрлым байыған, тұрмысы түзелген сайын тәубесін 
ұмытқыш келеді. Екі аяғым бар болса, мен де қондырмас па 
едім, қайтер едім, а, маша?! 
ыбырсыған ыдыс-аяқты жуып, бәкін-шүкін үй ішінің
шаруасымен жүрген толық әйел жымиып күлді де: 
– Уыздай жас кезіңде, иә, сау кезіңде сенен қатал, сенен 
тәкаппар ешкім жоқ болатын. Патшаға сәлем бермеуші едің. 
мені де менсінбегенсің. Соғысқа дейін соңыңнан ермеген қыз 
қалып па еді. Сені қармағыма түсірген соғысқа рақмет, – деді 
жарасымды, әрі жайдары мінезбен. Бәрі жамырап күлді. 
Қалғып отырған Қайкен де түкке түсінбесе де, өз алдына 
ыржалақтаған-ды. 
Ол жатқан соң да көпке дейін ұйқтай алмады. Көз алдынан 
нардың үстінде Будда құдайы сынды қасқайып, жүрелей 
отырған ретивых көлденеңдеп кетпеп еді. Жер бетінде мүге- 
дектер болмаса көз еті өскен жұрт ұяттан баяғыда жұрдай 
боларау деп ойлады. Жер бетіндегі адамдар тек бір-бірі үшін 
ғана туарын ойлады. Жер бетіндегі адамдардың өлісі тірісінен, 
тірісі өлісінен айырмашылығы жоқ па екен деп ойлады. Жер 
бетіндегі қыбырлап өмір сүріп жүрген адамдардың тек қызық 
үшін 
ғана 
емес, 
қайғыны 
да 
қарсы 
ала 
білер 
қарапайымдылығын ойлады. Сол іспетті жер бетіндегі 
адамдардың қайратына қайран қалды.
Неге екені белгісіз, оның есіне сексенге келген әжесі түсті. 
Өткен жылы басқыштан құлап, аяғын сындырып алған. Сонда 
ауданнан келген жедел жәрдемге салып жатқанда әжесі: «Әй, 


194
Нұржан, – деп еді, – сынған аяғымның басы теріс бұралып 
қал- ды, былқылдатпай ауната салшы», – деп еді күліп. Сонда 
әжесі- нің қайраты бұған үлкен медет болған. Және сол 
мықтылықты маған дарыта көр деп іштей тілеген-ді. 
Қарашаның нөсері толастамай ең соңғы әнін айтып, таң 
атқанша той тойлап еді. Шатырға тиіп тасырлап, терезені 
сабалап, жым-жырт жатқан жуас халінің мазасын алады. 
Кейде нөсер қайдағы-жайдағы оқиғаны еске салып, 
белгісіздеу мұңға, алыстап құспен бірге қайтып кеткен 
арманыңды шақырғандай болады. Сол ұзатылған қыздай 
сыңсып кеткен арманың қанаты талғандай жақындап, 
жабырқау тартқан жаныңа қауырсынымен су себелегендей ме, 
әлде тағатсыз қаққан қанатының суылы естілгендей ме, әлде 
мәңгілікке – құзарға құлап өліп тынғандай ма... әлемнің 
түкпіртүкпірінде не болып жатқанынан бейхабар, дел-сал 
ұрлық өмір кешкен шағын ауылдың өз мерекесі, өз қасіреті – 
өзінде. Үлкен картаның бетінде жоқ. Оған симай қалған 
кішкентай ауылдың әрқашанда үлкен арманы болушы еді.
Тағы да таң атып, ертең басталғанда берекелі үйдің 
шайына қанып, рақметін айтып сыртқа шыққанда үш жігіт 
тағы да сарсаңға қалған-ды. Бұлардың бар-жоғын ескермей, 
жарыла қашқан жеті жолдасы алаң-елеңнен тұрып, ойға түсер 
трактордың тележкасына мініп кетіпті. ары жүгіріп, бері 
жүгіріп, амалы таусылған үшеуін тау арасындағы танымас ел 
Огневканың дәмі жібермеді. Етекке түсер көлік жоқ, сәтсіздік 
деген аяқ астынан, тілеп те, сұрап та алмайсың. Огневка – 
сонау етектегі Қайыңды колхозының бір бригадасы. Қыс 
бойы, тіпті осы қараша айынан кейін трактор болмаса, 
машина қатынай алмайды. Жері қара топырақты болған соң, 
егін бітік, пішен қалың шығады. Себезгілеп жаңбыр жауса, 
қою батпақтан аяқ алып жүру зор, қыста қар қалың жауып, 
көктем кеш шығады, күз тым ерте түсетін. Жол қатынасы 
қиын болған соң, Қайыңды колхозы бұл ішкері жақтың мол 
байлығын дер кезінде жинап үлгермей, ысырапқа ұшырата 
берген соң, көп назар аудармай, «өздері білсінге» көшуші еді. 
Солтүстігінде атақты Хатынь өзені, оңтүстігі Бұқтырма, екі 
өзеннің ортасындағы иен жер тегін байлық, күйсіз күн кешіп, 
ұмытылғандай жетімсіреп жатушы еді. ал Огневка ең алыс, 
шеткері ауылдың бірінен саналатын да, Үлкен жердің көп-көп 


195
жаңалығынан кереңдеу, томаға-тұйық. Огневкалықтардың 
мінез-құлқы да қызық екенін Нұржан сол жолғы сапарында 
аңғарған. Әркім күйбең қағып, өз шаруасымен әуре. Іргесінен 
бөтен кісіні қойып, сап түзеп сарбаздар өтіп бара жатса да бас 
көтеріп қарамайды. Содан соң берген сәлеміңді саңыраудай 
алмайды екен. ал аспан ойылып жерге құласа да елең етпейтін 
немкеттілік сананың тасемендігі – қатал табиғаттың өзінен 
жұқты ма десең, жаз айында осы өлкеден сұлу, тамылжыған 
жанатты жерді тек түсіңде ғана көрмесең басқа жақтан таба 
алмайсың. 
Сойталдай үш жігіт бригаданың кеңсесіне барып еді, аядай 
бөлмені көк түтін қылып ыстаған бір топ жігіт отыр екен. 
Кіріп келгендерге самарқау мойнын бұрды да, доминосын 
сартылдап ойнай берді. Есік көзінде делдиіп әрі-бері тұрған 
соң, ақай екі күн бойы тастамай арқалап жүрген дорбасын 
қолтығына қысып:– Бұл ауылдың бастығы кім екен? – деді. 
Ешкім тіл қатқан жоқ. Ойын жалғаса берді. ақай даусын 
қаттырақ шығарып: 
– Бұл ауылда бастық бар ма? – деді. Ұзын бойлы, арық 
орыс алайып бір қарады да: – Неге бақырасың, бұл ауылда 
саңырау да, бастық та жоқ, – деді күркіреп. Оның 
қарсысындағы тығыршықтай қара қазақ: – Бригадир таңертең 
колхоз орта- лығына кеткен. Сендерге не керек? – деді. 
– Ойға түсер трактор бар ма? Соның жөнін білейік деп 
едік, ағасы, – деп Нұржан кішірейе сұрады. 
– Кешке екі трактор түседі. – Әлгі қазақ жөнін айтты. – 
Тоссаңдар, ала кетер, бәлкім. 
Бұдан әрі әңгіме созылмады, үш жігіт ізінше қайта шықты. 
Шыққанымен жандарын қоярға жер таппады. Еру бола тұрар 
жылы баспана іздегендей еді. мүгедек ретивыхтің үйіне қайта 
барудың реті жоқ. Сандалып, батпақ кешіп көп жүрді. 
Осындайда қас қылғандай уақыт шіркін өтпей-ақ қояды-ау. 
– Бір бөлке нан сұрап жесек қайтеді, – деді аңқаулау 
Қайкен. 
– атаңның басы, ақша бермесең татырмайды да. Былтыр 
келгенде де аштан өліп қала жаздағанбыз, – деді ақай. Үшеуі 
енді үсіп-жығылып тұра бергенше ермек іздейік деп ат қора 
жаққа барған. аласа бойлы, шоқша сақалды қазақтың шалын 
көріп, әкесін кезіктіргендей қуана сәлем берді. 


196
– ассалаумағалейкум, ақсақал!.. 
Шал бұлардың бетіне бажырая қарады да: 
– Здравствуйте, – деді. 
– мына шал сақалы бар демесең, қазақша білмейді. 
Бүлдірмей тұрғанда қашайық, – деді ақай. Осы кезде ат 
қораның арғы түкпірінен шыға келген сары қарын орыс 
кемпірі айғайды салды:– Что стоишь, старый черт... 
Былайырақ ұзап шыққан соң ақай айтты: – Баяғыда өкі- 
мет орнамай тұрғанда ішкері жақтың кержақ байларына көп 
қазақ жалға кетті деген, содан қалған жұрнақ қой. 
Құр бекер сандалумен кеш болды. Үшеуі қайткен күнде 
ойға түсетін тракторға ілініп кетудің қамына кірісті. Қызулау 
трактористер ақысын бермесеңдер отырғызбаймыз деп әуре 
салды. Үйлерінен асығыс шығып даяр машинаға отыра салған 
жігіттердің қалтасында көк тиын жоқ еді, не істерлерін білмей 
сасқалақтады. Осы кезде ақай айтты: мен мына дорбаны бекер 
арқалап жүр дейсіңдер ме? Ішінде үш-төрт килограмм қойдың 
жүні бар, бір әжетке жарар деп сала салып едім. Соны 
көрсетейік. 
Ішіп алған масаң трактористер ақай берген жүнге келісті. 
Тек кабинада орын жоқ, оған картошка тиелген, соқаға 
отырыңдар, – деген соң, кешелер ғана сүдігер жыртып, бат- 
пақ қатқан соқаға атша мініп секектеп таудан түсіп еді түн 
жамылып. міне, сол ішкері жақтың дәмі енді қыста тағы да 
бұйырды. Егер бұйырса... 
Қайда қарасаң да аппақ қар: сеңдей сіресіп қасаттанған 
қар; қарасаң көз қарықтыратын шаңқан бел-белестер, ербең 
етер тіршіліксіз салқын бедірейген дүмбілез таулар. 
Тым шалғайдан сарын естіледі... 
Достарым ұйқтап қалмады ма деп тың тыңдап еді, 
мұрындарын қайта-қайта тартып, бүрісіп ояу жатыр екен, 
қуанып кетті. Бірақ ешқайсысы да әлгі бір сәттегі ашу-ызадан 
айыға алмағандай. «Төбелесіп алғанымыз тым нәтижесіз 
болмады-ау», – деп ойлады Нұржан. Бұдан соң ол сонау бір 
көктемде, алғаш әскерден келген шақтағы оқиғаны есіне 
түсірді. Көзін жұма тәтті бір әсермен қайта... қайта елестетті.
Қандай әдемі көрініс еді. Қандай ғажап дүние еді...
«Иә, онда көктем еді ғой... онда көктем болатын... 
көкжасыл әлем болатын. Онда аппақ қар да, аппақ қардың 


197
ортасында меңдей болып қарайып тұрған трактор да, мынау 
бүйірі бүлкілдеп, уайым уыстап жатқан екі досы да, алыстан... 
тым жырақтан ұлыған аш қасқырдың үні де... азапты жүріс, 
азынаған ой да – бәрі-бәрі, бәрі-бәрі жоқ, тек өзі ғана... тек өзі 
ғана... тек өзі ғана ма еді. 
Баяғыда аспан не деген түпсіз, көкжиек не деген шексіз 
еді: өз ойымменен өзім арпалысып жатып, күннің еңкейгенін, 
енді түнгі ұйқысы – ұясына бататынын, сонымен бірге 
бүгінгімен бақилыққа қоштасатынымды, бірақ жылдар сусып 
өткен сайын дәл осылай қыстан қалған маяның үстінде көкке 
қарап шалқам- нан жатқан жалқы сәттік оңаша күйімді 
сағынатынымды байқадым ба сонда; ой дегенің сол аспан, сол 
көкжиек сияқты шексіз де шетсіз емес пе; ендеше, жүз рет 
ойлағанша, көз шалқыған, батар күннің нұрына балқыған 
көктемнің кербез келбетіне бір рет қарағаным ғанибет емес пе; 
араға талай жылдар салып, туған аулыңа қайтып оралсаң, 
көзіңе көрінгеннің бәрі-бәрін аймалап сүйіп, айналып-
толғанып, жылтырап айрылып қоштасарсың; әмбе мынау 
көктем сені дүниеге тағы бір тудырып, бұдан бұрынғы, бұдан 
кейінгі өміріңнің айтып өтер әсем әніндей, жүрегіңнің нәзік 
қылын шерткен; жаңа ғана қаушағын ашқан қыр гүлі, 
жапырақ жайған жас қайың, мөңкіп ағар таудың ерке бұлағы, 
тәй-тәй басқан үкілі жас бота, енесін қақтай емген қара қасқа 
құлын, туған жеріне қайтып оралған аққу-қаз мазасыз 
тірліктен шаршаған жанымды жаңғыртқан: даланың балдай 
тәтті ауасын кеуде кере жұтып жіберсең, сарайың ашылып, өз-
өзіңнен, мейлі мақау болсаң да, әйтеуір, бір әнді емін-еркін 
шырқағың келер, таласып байып батар күн мен жатқан 
маяның көлеңкесін ұзартып, көгі енді ғана тебіндей бастаған 
төбелерді маздатқан; таласып байып батар күн бар аймақты 
алтынмен аптап, өмір шаттығының салтанатты шатырына 
айналдырады; таласып байып батар күнге қарсы жүріп келе 
жатқан Қыз шөп үстіндегі мені байқамай көзінде күннің қып-
қызыл алауы секіріп ойнап, мен өмір бақида естімеген, әрі 
нәзік, әрі сыршыл әуенді ыңылдаған еді; ауылдан қырға ұзап 
шығып, сұғанақ көздер тұтқынынан босап, оңаша қалған жас 
Қыз алтын ағыстың ортасында жүзген аққуға ұқсайды; мынау 
көктемнің бір бөлігіндей болып өзінің алаңсыз көңіл күйіне 
еркелегендей еді-ау; ол жаратушысын да, жарылқаушысын да 


198
білмейді, тек қана, әйтеуір, бір ғайыптан пайда болған, ессіз 
қуаныш құшағына алып, әлдилеп тербейді, әлдеқандай сұлу 
һәм сыршыл дүниеден сыбырлап әңгіме айтады; рақаттың, 
бақыттың буы өне бойын қытықтайды; мен ғана кереметпін, 
мен ғана асқан сұлумын деген тәкаппар сезім жетегіндегі ару 
өң мен түстің екі арасындағы бейкүнә масаң халде еді; ол 
әндеткен күйі мен жатқан маяның жанына келіп тоқтады; 
Қыздың осынау оңаша алаңсыз еркіндігін үркітіп алмас үшін 
иісі бұрқырап жатқан сарғылтым шөпке бұға түсіп едім ғой; 
жас Қыз күн нұрымен шағылысып, сынаптай толқыған бұлақ 
суын ішкен алтын киікке айналған; жұқалаң көгілдір 
көйлектің тарлау тігілісі балғын дененің әр мүшесін 
айқындап, алқына соққан жүректің лүпілінен жыртылардай 
болады; не ұзын, не қысқа емес қою шаш бұйралана қобырап, 
ашық маңдайды қызғана жасырады; ал енді ғана мүсіндене 
бастаған тіп-тік балтыр миуа ормандарда сирек кездесетін қос 
қайыңның сүмбіл бітіміндей; ал тал шыбықтай бұралған 
талдырмаш бел үп етіп самал тұрса майысатындай; ал батар 
күннің батсайы бояуын жағынған жібек мойын, баян төс пен 
қара көз – менің де, сенің де тек түсіңде ғана көріп, эпостық 
жырлардан ғана оқитын ертек сынды, сиқырлы әмбе 
сымбатты теңдесіз сұлулық; күн батты, сонда да оның қара 
көзі мен садақтың оғындай кірпіктеріндегі нұр жоғалған жоқ, 
күн әулиенің түнді сәулелендіруге қалдырған аманатындай, 
мен демімді ішіме алып, қыбыр етпестен жатқаным; қыз күліп 
аққан бұлаққа аяғын салып, тәтті арман, биік қиял қанатында 
отырған; ол енді ыңылдап айтқан әуенді доғарып, өзгеше 
әдемі мұңға бөленген; бейбітшілік, бақыт, қуаныш – деген 
ұғымның нағыз мәнін де, сәнін де мен осы қыздың бойынан 
таптым: қарабарқындана бастаған көктем кешінде екі тізесін 
құшақтай отырған осынау қыз, мүмкін, жылдар бойы 
тылсымнан, ертеңімнен немесе ертегіден іздеп жүрген 
махаббатым ба еді: мен сонда дүниеде дәл осы қыздай сұлу, 
дәл осы қыздай әнші, дәл осы қыздай бақытты адам жоқ деп 
білдім; оқыстан пайда болған күнәсі жоқ мөлдір 
сүйіспеншілігімнен шошындым да; енді қалған өмірімнің 
мәйегі, жер қойнына кіргенше айтып өтер дұғасы – тек сенсің, 
намаздыгер-намазшам арасында ғайыптан туған көктем – қыз 
деп едім-ау; сен маған бұдан екі жыл бұрын неге 


199
жолықпадың... жүрегім тоқтап қалған секілді: әлдекім түпсіз 
зынданға тастап жіберген секілді; көзімді жұмдым – бәрібір 
қарабарқын кешті нұрландырған көк көйлекті көктемқызды 
көрдім, әне, қос қанаты бар қалықтап ұшып барады, әне, 
оқыстан киліккен қара құс іліп алды да көз көріп, құлақ 
естімейтін алысқа алып ұшып кетті... шошынып барып көзімді 
аштым: көктем-қыздың періштеге балаған иығына қолын 
салып, жыртың-жыртың күліп тұрған дарақы жас жігітті 
көрдім, икеміне беріліңкіремеген қыздың қолынан жұлқа 
тартып, мен үшін белгілі әрі белгісіз жаққа өзімсіне жүр-
жүрлеп, қоюлана бастаған қараңғылыққа сіңіп бара жатты
орнымнан атып тұрып, соңдарынан қуғым келді; қызғаныштан 
өртенген жүрегімді жұлып алып, солқылдап тұрып ағыл-тегіл 
жылағым келді; бірақ кейінгі кезде орныққан ақыл меңдеді ме 
әлде ежелгі дәрменсіздігім тұсау болды ма – көкірегім қарс 
айрылып, өкінгенім болмаса, батылым жетпеді: шалқамнан 
түсіп қара көк аспанға қараймын; жұлдыздар жыпырлап 
молайған, тым биіктен қызықтырып, көз қысады, әне, жұлдыз 
ақты – еш нәрсе ойлап үлгере алмадым; тағы да... маған 
жұлдыздар жауып тұрғандай болып сезілді: ұстайын дедім – 
аузымды аштым, алақанымды жайдым – маңайламады: 
салқын да саябыр тартқан дала бейқам, төсінде болып жатқан 
сан қуаныштан, сан өкініштен бейхабар; жаңа ғана бар 
жастығымды, бар махаббатым мен базарымды ұрлап, көз 
алдымда қолтықтап кеткен танымайтын сары ауыз жігітті күні 
бүгінге дейін өлердей жек көремін, менікі әншейін жалған 
құмарлық емес, көктемгі бейуақытта туған шыншыл сезімнің 
айында-жылында, не басыма іс түскенде, не көрер таңды 
көзіммен атқызып сырқаттанғанда, санамда жалқы сәт 
сәулеленіп, сонсоң ғайып болар рухани пірге деген ұлы 
ынтызарлық болар... мен білемін – « құмарлық кеме 
желкендерін кеулейтін жел секілді – кейде, ол да суға 
батырады, бірақ ол онсыз жүзе де алмас еді» – менің ойым 
мен бойымды билеген әсте де ондай сезім емес, іңірдің 
өзіндей келте де кемеңгер, мәңгі толастамас жұмбақ 
сүйіспеншілік; аспанға қарап шалқамнан жатырмын: мұрынға 
кепкен шөптің иісі келеді, жұлдыздар ағып тұр; ауыл жақтан: 
«Нұржан...» – деп шақырған анамның үйреншікті айқайы 
естілген, «Нұржан... үйге қайт... құлыным...» 


200
– Иә, сонда аспан не деген түпсіз еді, көкжиек не деген 
шексіз еді... шексіз еді...
Қайда қарасаң да аппақ қар сеңдей сірескен, тұтаса 
қасаттанған суық дүние... алыстан – тым шалғайдан қыздың 
сыңсыта салған әні келді құлаққа... 
Күндізгі дүрдараздықтан соң аманжан да кірпігіне кірпігі 
айқаспай бадырайып жатыр еді. Әбден май сіңді болған 
сабалақ жүнді шолақ қара тонды қаусырына түсіп сонау бір 
шақтағы... жадыраған жаздағы оқиғаны есіне алды. Есіне алып 
еді, бойына жылу тарап, екі тізесінің тоңғаны бәсеңсігендей 
болды. адамның ойына осындайда тек естен кетпес өмірінің 
әдемі сәт елестері қандай жақсы... Иә, онда жайма-шуақ жаз 
еді-ау, жаз болатын, жайлау болатын: 
«Тақымымыздағы ат арқырай кісінеп қоя берді. 
Кешкі сауын бітіп, ағытып жіберген құлын енесімен 
табысып, жылқылардың алды қарағайлы беткейге жосыла 
өріп барады екен; оқта-текте үйірін қызғанысып, алакөз боп 
тебіскен айғырлардың шаң-шұң даусы шығады; ондай сәтте 
төрт қанатты киіз үйдің алдында тұрған жылқышы «ай-үй» 
деп арашалай айғай салады; үйдің қыр жағына қағылған 
мамаағашқа атымызды байлап, үйге беттедік; жылқышы 
қонақжай адам екен, ізгі ниет білдіре есендесті; киіз үйден 
сабаға сарсұр құйып жатқан саумал даусы, аяқ-табақтың 
сылдыры естіледі; бірте-бірте үйіріле берген ымырт ұзап бара 
жатқан 
жылқылардың 
қалың 
қарасын 
ғана 
көзге 
сүлделендіріп, жерошақтағы бықсып жанған оттың сәулесін 
айқындай түседі; сонау алып бурадай шөгіп жатар таудың қыр 
желкесіне күміс шеге қағылды, ол түн – арудың алғашқы 
хабаршы жұлдызы – қойшы жұлдыз, өріске беттеген 
жылқының пысқырынғаносқырынғаны естілмей, ендігі сәтте 
көзден тасалана бастады, тек анда-санда алакөз боп кетіскен 
айғырлардың ғана жан айқайы шығады; енді үйден гүрпілдете 
піскен сабаның даусы шықты; алыстан... анау бұйығы-бұйығы 
жүндес жотаның ар жағынан «Жолдаяқ, Жолдаяқ» деп 
шақырған қыз үні естіледі; оның жіңішке де жарасымды 
даусы қараңғылық ұйып, қалғи бастаған тау аңғарын 
жаңғырықтырады; 
алаңсыз 
арманшыл 
қыздың 
жалғызсырағандағы бар ермегі – сол Жолдыаяқау деп 
ойладым; екі қолын артына ұстап, жылқылар ұзаған жақтан 


201
екі көзін алмай тұрған жылқышы елең етіп: «ақбілек қой, 
қойшылардан келе жатқан», – деді; біз үйге кірдік; саба пісіп 
тұрған сұңғақ бойлы әдеміше әйел имене есендесті де, 
іркілместен қымыз құю қамына кірісті; бетінде майы жүзген 
қымызды сыңғыта ішіп жібергенде көзіміз шырадай жанып 
қоя берді; екі-үш кеседен кейін жаздың күшті қымызы 
бойымызды қыздырып, бүкіл көрініс қайта жасарды, біз 
өзімізді өзгеше көңілді, сергек сезіндік, үй иесі әңгімешіл 
адам екен, ауыз жап- пай сөйлеп отыр; сырттан ат дүбірі 
естілді де, әлдебір әннің әуенін ыңылдап, әлдекім кірді үйге; 
ол күпәйкесінің жан қалтасына қолын салған күйі босағаға 
сүйеніп, қалт тұрып қалды; сымдай ғып киіп алған қара 
шалбар, басына ораған жұқалтаң қызыл жаулық, күпәйкесінің 
жағасынан әнтек көрінген ақ кеудешенің жағасы – бәр-бәрін 
сұмдық шапшаң әрі тінте шолып шықтым да от қызуы мен 
ондық шамның сәулесі нұрландырған жүзіне үңілдім; 
білмеймін, мүмкін, қымыз қыздырып, көзім бұлдырап отыр 
ма, әлде ес білгеннен бермен ойша қиялымнан, әсіресе алдағы 
күндерімнен толассыз іздейтін, бірақ ол не – адам ба, періште 
ме,– өзім де сезініп білмейтін жұмбақты бейне, сағыныш 
дейтін буалдыр сағымның арасынан жалт еткені ме; аса 
тұрпайы, әрі жалынышты көзбен қарасам керек; екеуміздің де 
жанарымыз жалт етіп, былайғы жұрт есін жиып алғанша 
қарасып, һәм іштей ұғысып та үлгердік; маған оның еш 
аламанға ұқсамайтын табиғи дидарына енді бір қарауды 
жазбапты; әкесі – ақбілек, қымыз ішіп ал да, жылқыны 
Ешкіөлгенге бұрып жібер, – деді; ол қымыз ішкен жоқ, 
үндемеген қалпы оқыс бұрылып шығып кетті; мен жаңа ғана 
жасқанып кеткен кірпігімді қайта көтергенімде босаға бос 
тұрды; бірақ ақбілектің бейнесін ойша елестеттім: маған ол 
сол босағада қолын қалтасына салып, әлі тұрғандай сезіледі; 
маған ол дүлей таулардың ортасында нажағай отымен түскен 
көк жасынға, жүрегімді ұстарамен тіліп өткен қасапшыға 
ұқсады; неге екенін білмеймін, оны да, өзімді де, тіпті 
тіршілікшіл әлемнің басы толып, жүрегім айныды; 
жылқышының әйелі айтты: ақбілек оқуға түсе алмады, сосын 
әкесіне қолғабыс жасап жүргені ғой: «Оқып керегі не деп 
ойлаймын,– оқып керегі не», егер мен оны осына жайлаудағы 
қымыз иісі аңқыған киіз үйдің босағасынан емес, қаладан: 


202
парктен, театрдан, биойнақтан көрсем, дәл осыншалық тәтті 
мұңмен әсерленіп, дәл осылай сұлу күйінде елестете алмас 
едім; мен оны тіпті басқаша көруге құштар емеспін, онда ол 
бүкіл таңғажайып жаратылысынан айрылып, үстіне күпәйке 
емес, әшекейлі жалтырауық көйлек киген сайын жарасымнан 
жұрдай боп, бетіне опа жаққан сайын қартаятын – сонсоң 
масқара бұзылып, күнәға бататындай еді; «оқып керегі не, 
оқып керегі не», бірақ мен мынаған да өкіндім: табиғаттың 
таза сұлулығын, табиғат өз уысынан-ақ шығармайды-ау, ал 
көп әдемілікті біз, болмаған соң, қолдан жасаймыз; ақбілектей 
қыз, бәлкім, жүз жылда бір-ақ рет туар, әттең, соның өзінде 
байқамаймыз, не ескермейміз – тағы таудың арасында таса- 
ланып қалар; мәңгіге ұмытылады; қимайсың, қиналасың – 
дәрменің жоқ, дәрмен бар-ау, көзді жұмып көлге секірер 
ерлігің болмаған соң осылайша санамен ғана сандалып 
аялайсың... 
аялайсың, 
керегі 
не 
осының... 
сонсоң, 
сорлықлықтың бәрін табыстырмас тағдырға телеміз; 
жылқылы ауылдан ұзап, қалың қарағайлы өңкейген жотаны 
аса беріп, сонау Ешкіөлгеннің баурайынан сыңсыта шырқаған 
ән құйылды құлаққа! ал мен ақбілектің әнін тыңдап, ойға 
шомдым; ал жол серіктерім түнгі әнге әрі-бері құлақ түрді де, 
бірі «Жылқышының қызына зоотехник қырындап жүрген 
көрінеді», – деп еді, екіншісі: «Ол иттің әйелі, екі баласы бар 
емес пе», – деді әлденеге өкінгендей кейіспен; сосын екеуі де 
терең күрсінді: аспанға қарадым: жапжарық секілді, қаланың 
бір өшіп, бір жанған сансыз оттарына өте ұқсайды екен; 
жұлдыз ақты: Ешкіөлгеннің ар жағына асып, ал қараланып 
жатқан қара жерге қарс кіріп кеткендей болды; маған 
жұлдыздар жауып тұрғандай сезілді; аузымды аштым, 
алақанымды жайдым – дарымады, жаздың жанға жайлы 
жұмсақ түні болса да қалтырап, тоңази бастадым; Ешкіөлген 
жақтан естілген ән бәсеңсіп, арқырай кісінеген айғыр даусы 
тау-тасты ұзақ жаңғырықтырады-ай... «Зоотехник қандай адам 
екен? Жоқ дегенде осының да бақыты бұйырмады-ау» – 
астымдағы атты қамшымен сауырлап салып жібердім – 
жазықсыз сабадым... 
Қара көк аспан гауһарға малынып тұр. 
амалым не, менен алыс... менен алыс нәрселер көп, бәр- 


203
бәріне қолың жете бермейді. Жан дүнием ән салып тұрарын 
былайғы жұрт біле ме, тоң мойын, ұр да жық деп ойлайды. ал 
мен қысастықпен әдейі істеймін, ерегесіп істеймін... ерегесіп... 
қандай рақат жай... жылы дүние... жылы-жылы... Құдай-ау
сол жылқышының қызы қайда? Тағы таудың арасында 
мәңгілікке адасып қала ма? мынау сай-сүйегіңді сырқырата 
салған ән, сол қыздың мұң-зары болмасын... Әне, жерошақта 
маздап от жанды. ыстықтадым... Әне, ол маған сапырып-
сапырып қымыз құйды... Неткен жылы дүние... адам тоңғанда 
ғана жылынады екен-ау... рақатын-ай... ыстығын-ай...» 
Қайда көз салсаң да, сеңдей сірескен, қасаттана қатқан 
суық дүние... 
Бақытжан да көз іле алмады. 
Ол енді былтыр қалада қалып қоймай, ауылға бекер 
оралғанына өкінді, иә, сонда қалып-ақ қоюы керек еді... Бекер 
оралды ауылға... Онда қоңыр күз еді... Бекер оралды ауылға...
бекер... 
«ағыл-тегіс 
адам-ағыс. 
арпалысқан 
адам-ағыстың 
ортасындағы биойнақ қайран- дап қалған кеме секілді; 
кеменің үсті толған тағы да адам, быжынаған жастар; бақтың 
даңғарадай дарбазасынан кіре сала-ақ ілгерінді-кейінді 
сабылған жүздеген қыз-жігіттің ортасына түсіп, әп-сәтте 
басың айналып, есіңнен ауысар едің, әлдеқандай желік пайда 
болып, шаршы топтың ортасында бәстестердей елігер едің; 
төбеңнен төнген сансыз шамдар көздің жауын алса, 
«чачалаған» ышқынды музыка үні құлақ тұндырар; барын 
киіп, бақанын қолына алып шыққан қыз-жігіт жаздың мол-мол 
қызығы ағаш жапырақтарындай мінтеліп, күздің сұрғылтым 
жуас күндеріне ойыса бастаған соң, мейлін- ше ұтып қалуға 
жанталасқан сыңайлы; сәулесімен жарқыраған көздерден 
жастықтың оты ұшқын атқанымен, ептеп суық сорып бозарған 
беттер бәрі бір қоңыр күзді еске салады; оқта-текте теректің 
сап-сары жапырағы қалбалақтай ұшып, оны әркім жерге 
түсірмей ұстап алуға тырысады; осы көрініске қарап тұрып, 
жас шіркіннің бүкіл сән-салтанаты сұр бұлт, қыраулы 
ызғардан қашып келіп, мынау аядай баққа жасырынғандай 
әсерде қаласың; әр ағаштың түбінде үйір құрып, шылым шегіп 
тұрған ақ шалбар, қайыс белбеу бозбалалардың тоқ күлкі, 
дарақы дауыстарына сыңғырлаған әдемі күлкі араласады; 


204
самаладай самсаған электр шамы аспан барын, сол аспанда 
сансыз жұлдыз барын ұмыттырған; адамдардың осыншалық 
мол болып көрінуі – бақ аядай тар еді, есіктен кірген бетте би 
алаңын айналып өтесің де, әлгіндегі орныңа қайта келесің, 
осылайша шыр айнала бересің, айналған сайын жаңа таныс 
тауып, әрі-беріден соң жүз танысың көбейеді; менің бұл 
қалаға оқуға түсуге келгеніме көп болған жоқ, үшінші күн; 
сондығы болар, бәрі бейтаныс, жұрт не істесе соны істеп, 
биойнақты бір-екі рет орағытып та үлгердім; биге зауқым жоқ, 
байқамай біреудің қызын шақырып қойсам, тәртіпсіз ұлдар 
сабап та жіберуі ықтимал ғой, сонымен он шақты рет айналған 
соң, осы ермектің өзі мезі етті, ал жергілікті жастар жалыға 
қоятын емес; менің бір байқағаным, менен өзгенің қай-
қайсысы да екіекіден, үш-үштен қыдырыстайды, тек анау бір 
қолында шиыршықтап ұстаған қолшатыры бар қыз ешкімге 
жуымай, ешкім жуымай, адасқан қаздай сыңар жүр; 
әншейінде өзінен сұлуырақ құрбысын көргенде қипалақтап 
қалар қыздар да, қызылды көргенде қызынбай тұра алмайтын 
жігіттер де оқшау жаратылған асқан көркем анау бір тотыны 
елемеуі, тіпті қағыпсоғып көз қырын да салмай өте шығуы 
мені қайран қалдырды; сәулелі шамның саулаған нұрымен 
тайталасқан келбетті дидар. Қолдан соққандай қиқы-
шойқысыз әсем мүсін, келісті де кербез жүріс, әсіресе 
шырадай жанған қайқы кірпікті шуақты көз – періштенің өзін 
де жолдан тайдыратындай-тын; адам ағыстың толқынында 
аспай-саспай бөлекше жүзген қоңыр-қаз іспетті; не бір 
қатыгез, қайырымсыз адам, не бір қайғы жұтқан қасіретті адам 
ғана дәл осылай – дүниедегі қызықтың бәрін тәрік етіп қу бас 
болып қалмақ; мүмкін, аяғының мүкісі, бетінің тыртығы бар 
шығар, сұлулық дегеннің өзі көңіл күйге, сезініп-түйсінуге 
байланысты шарттылық қой, жо-жоқ, мүлдем басқа... Жұмбақ 
жаратылған жан екен... мен мынадай ойға келдім... өз сұлу- 
лығымен жұртты тәнті қылған, бұлдай білген және өзіне тең 
таба алмай, осында жүргеннің бәрінен жиіркенген, тым-тым 
биіктегі – қол жетпес құздардағы еңліккүл; жігіт-желең 
әрібері жанталасып иектейді де, шамасы мен өрісі жетпейтінін 
білген соң, бос әурешілікті қояды; ал ол одан сайын асқақтап 
биіктей береді, осынау жайнаған келбет, жарасымды кер- 
бездіктің кермиығына ер салар, құзарына қол салар ер жүрек 


205
«альпинист» жоқ бұл қалада! Олай болса, көп үміткерлердің 
бірі ретінде неге тәуекел деп тас жұтпаймын; қыз деген халық 
бейтаныс жігітке үйірсек болмаушы ма еді... Түсіріп-ақ 
кетермін... мына тұрған шөп желкелердің өзегін өрт жаласын; 
бұған дейінгі бар тәжірибемді жинақтап, сымдай боп киліктім: 
«Қарындас, жалғыз неге жүрсіз, қасқыр жеп қойса қайтесіз»,– 
бұл тауып айтқандағым еді; ол үндеген жоқ, итпісің, кісімісің 
деп бетіме де қарамады, томаға-тұйық, ауыр ойға берілгендей 
асықпай-саспай аяңдайды: «Қарындас... а... қарындас, 
танысып қоялық, есіміңіз кім?» – Ол ләм демеді, отты 
жанарына ақыл ұялап алысқа қарайды; шулы дүниеден 
бөлінген мақау кейіпте; мен жарбаңдап үш рет ере айналып 
шықтым биойнақты, бірақ бәрі бос әурешілдік, танымайтын 
көшке ілескен адасқан күшіктей аянышты халге түстім; өз-
өзімнен ыңғайсызданып іштей ұялып та келемін; ал дегенде 
бойымды билеген есер сезім, ұшқалақ ой қыз жанында қадірім 
қашқан сайын берекесі кетіп, мөңіреп жұртына қайтып, шым-
шымдап ақылға ұласты; енді мен де үн-түнсіз оған қосылып 
алып айнала беруге бел байладым; бағанағы өз бетімен лағып 
жүрген қыз-жігіттер жапа-тармағай бізге назар аудара 
бастады, бір-біріне ымдапнұсқап, кейбірі күліп, кейбірі басын 
шайқасты; мені бұл жағдай қатты қуантты: «тіл табыспасам 
да, ерке қыздың жанына еріп жүруімнің өзі ерлік емес пе», 
жігіттер маған емес, мен жігіттерге, олардың дәрменсіз 
ынжықтығына 
күлдім; 
бесінші 
рет 
айналып 
бара 
жатқанымызда жұмбақты сұлудың тілі шықты: «бекер әуре 
боласыз, бекер...» – оның үнінде сенімсіздік пен 
жатбауырлықтың жүрек суытар салқыны бар еді, бірақ сонда 
да өркөкірек желіктің әупіріміне басып, төбем көкке 
жеткендей қуанышты үнмен: «мен Сіз секілді біреудің үкілі 
ботасымын, сырт көзден ұят қой, жерге қаратпай ілтипат 
білдіріңіз» – деп сайрадым; әттең, осындай тәкаппар адам 
болады екен-ау, жұмған аузын ашсашы; біз тағы да үнсіз 
аяңдап келеміз; мен болмасам оның жалығатын түрі жоқ 
әзірге; жұрт тарқауға айналды да, жұмбақ қыз шығар есікке 
беттеді; мен сонда да қалмай, қосарлана жөнелдім; есіктен 
шыға бергенде бір бұрыштан қарқылдаған қатты күлкі естілді; 
мұның екеуміз- ге бағышталған аяр күлкі екенін білмедім, 
білсем де: өздері- нің қолы жетпеген соң қызғанады, – деп 


206
ойладым; қыздың қапсарынан қалмай, үйіне еріп келемін; ол 
бағанағы бір сөзден соң қайтып үндемеген; аспанға қарады, 
солай ұзақ жүрді; мен де көкке телміріп, жанымдағы қыздың 
жан сырын ұғуға арпалысып келемін; өтірігім бе, шыным ба, 
күні бүгінге дейін білмеймін, лекітіп келген жүрек толқуымды 
жасыра алмай сөйлеп-ақ жібердім: «айнам, Сіз ал қара 
аспанды нұрландырған жұлдыз сияқтысыз, бірақ тым 
алыстасыз, сондықтан да сұлусыз, қадірлісіз; дегенмен, 
адамның қуаты жетпейтіннің бәрі-бәрі керемет емес қой; 
неғұрлым адамзаттан алшақтасаңыз, солғұрлым көзден 
тасаланып, тіпті ұмытыласыз, сонсоң асылдың өзіне күмән 
келтіре бастамақпыз; қаншама тағыланып, ел-жұрттан 
жерінсеңіз де, түбінде айналып табар қазығымыз бар ғой; 
жалғыздық құдайға ғана жарасады дейді, қоса ағарар қосақ 
таппай жер қойнына кірем дейсіз бе, әйтеуір, біреудің жары 
боларыңыз хақ; мүмкін Сіз өмір бойы іздеп келген немесе 
іздеп өтер елес адамыңызды ренжітіп келе жатырмысыз, 
мүмкін, ол адам – мен болармын, ойланыңызшы, осы қылы- 
ғыңыз үшін ғұмырлыққа өкініп өтпейсіз бе? Білемін, қыздар, 
әсіресе қазақ қыздарына салиқалы, салмақты, әм кербез де 
керім болу керек, бұрынғы өткен апаларымыздың осы бір 
қасиетін жойып алмай, жаңғырту керек те шығар, түсінемін, 
бірақ мен Сізді түсінбеймін; Сіз, айталық, мұзға қатырған тірі 
гүлсіз, енді жүз жылдан соң мұзды қайта ерітіп, тіршілікке 
қайта қосу керек шығар, құдая, оған менің дәтім, жасым жетер 
ме; Сіз, айталық, түн аруы ай-ақ болыңыз, құдай-ау, оған да 
адам қонып жатыр емес пе; Сіз, айталық, ауру болыңыз
құдайау, мен ондайдан безер ме екенмін, қайта бұрынғыдан 
әлдеқайда аялап, бауырыма алмаймын ба, соның өзі жақсы; 
Сізді мен алақаныма салып ардақтап, жұмыр жерді шыр 
айналып емдетер едім, осылайша шаршаудан махаббаттың 
сарқылмас қуатын, жалықпас ләззаттын алар едім; Сіз, 
айталық, менің жарым бола қалсаңыз, егер бірге тұруға 
келіспесеңіз, некелесіп алып ауылға аттанайын, сөйтейін, 
айнам, алыстан сағынысайық, сосын алаулы қимастықпен 
еңіреп қайта табысайық; байқаймын, Сіз мені жоғалтып 
аласыз; «жоқ, Сіз мені жоғалтып аласыз, жетер енді, бәрі 
бекершілдік!» – деген дауыстан селк етіп есімді жисам, қыз өз 
үйінің баспалдағында тұр екен; сосын жалт бұрылды да, үйіне 


207
кіріп кетті; мұң қабыздаған бота көзінде бір тамшы жас бар-
ау... жүріс тоқтап, кісі аяғы басылған тыныш көшемен сырп-
сырп аяңдап жалғыз қайттым; бағанадағы шамдар әуе 
жұлдызымен тайталасады; анда-санда мен секілді жалғыз-
жаяу кезігеді; күздің сызы қойнынан кіріп, балақтан шығады; 
аспанға қараймын: жұлдыздар бейне жауып тұрған 
сияқтанады; аузымды аштым, алақанымды жайдым – 
жоламады; жұмбақ қызды іздеген көңіл осылайша жападан-
жалғыз мәңгі шексіздікке жүре бергісі, жүре бергісі келеді... 
Ертеңгі күні кешке баққа тағы келдім, кешегі мінсіз 
сұлуымды – өзімнің ғана тәкаппар аяулымды жолықтыруға 
аңсарлымын; дарбазаға жақындай бергенде быжылдап жедел 
жәрдем келді де, аппақ боп сұлаған қызды көтеріп сала берді; 
бұл – жұмбақ қыз еді... 
– малика ғой, байғұстың талма ауруы жазылмай-ақ қойды, 
– деген дауыстар күз желіндей ызыңдап күні бүгінге дейін 
құлағымнан кетпейді... Бірақ мен оны ұмытуым мүмкін емес 
еді... Әне, ол жалғыз өзі мен білмейтін, бірақ, әйтеуір, түбі 
бармай қалмайтын қара түнек сапарға аттанды... 
ағыл-тегіл адам-ағыс. 
Қарасаң бас айналады... мен сол уақиғадан соң, ол қалада 
қала алмадым... Содан бері көзімді жұмсам болды, аппақ 
қылып сұлатып, сол қол шатырлы сұлу қызды жедел жәрдемге 
салып жатады. Өз-өзімнен шошынып, көзімді ашып 
жіберемін. ал қазір оны еске алу тіпті де қорқынышты емес, ол 
мені әне қол бұлғап шақырады. 
Әне, ымдап шақырады, артынан ере бергім келеді. 
Қандай рақат, жып-жылы дүние... жып-жылы... 
Екі жолдасым мені ылғи ұйқтап отырадыға жориды, ал 
мен тіпті де қалғып емес, жо-жоқ, көзімді жұмып, қол 
шатырлы қызды есіме аламын, өйткені оны шын сүйіп едім, 
бұйырмады... қандай жылы, ыстықтай бастадым, маздатып от 
жаққан кім?
Құдай-ау, біз қайда жатырмыз осы... ыстықтадым...» ал қара 
аспандағы ай өзінің қызуы жоқ нұрын қаншама саулатып 
төккенімен, алтайдың қырық градус суығы қыл- қындырған 
қарлы өлке, тас болып қатқан қалпы, ешкімге керексіз қор 
күйді бастан кешіп, мәңгі тыныштықтың құшағында тырп 
етпей өліп жатыр еді. Жарықтық ай да қатып қалғандай, 


208
кеңістікті шарбылаған аяз ауаның ар жағында, тұтқында тұр. 
аппақ түн қаншалық әдемі болса, соншалық қатыгез суық еді. 
«Көретініңді көрмей, көрге кірмейсің», – деген сөз тегі рас 
екен, қар іннің ішінде серейіп ұйқылы-ояу, маужырап, тоң 
теріс жатқан үш жігіт ұйқыға жеңдірмейік деп ой 
таусағанымен, біртіндеп барып, ұйқы-дұшпанның қойнына 
кіре беріп еді. Өлі мен тірінің екі арасында тербеліп, дел-сал 
халде жатқан... Құдай-ау, өңдері ме, әлде түстері ме... аппақ 
киіз үй... аппақ... төр алдындағы төсекте мамыққа оранып, 
рақатқа кенеліп жатыр екен дейді. Ортада – жерошақта лаулап 
от жанады... Тозақтың оты ма, жұмақтың оты ма белгісіз... 
міне, есік сықырлап ашылды да, қолдарына шырақ ұстаған екі 
қыз кірді. Үстеріне қара жамылған... Бірі – жылқышының 
қызы, екіншісі – қол шатырлы қыз. Дәл осы, осы мезетте 
соншалықты 
жұмбақты, 
соншалықты 
сиқырлы 
әуен 
естілгендей болды. Тәңірім-ау, өндері ме, түстері ме?.. 
Жылқышының қызы бір басып, екі басып жақындап келді 
– аманжанның дәл жанына келді. Қолынан тартып тұрғызды. 
Жігіт мең-зең. 
«Тұр, жаным, басыңды көтер, – деді жылқышының қызы. – 
Саған айтар сырым бар». – Таң-тамаша қалып, қыздың бетіне 
қараған аманжан: – «айта алмайтын шындығы, аша бермес 
сыры болмаса, адам несіне жер басып жүреді, – деді таңырқап. 
Сонда ғана, енді ғана танығандай. – Құдай-ау, сенбісің шыны- 
менен». 
Қыздың оттай жанған саусақтары бетіне тиді, ептеп 
сипады: «менмін. Біз екеуміз бар сырымызды, бар 
шындығымызды айта беруімізге болады. Шын ғашық адамдар 
тек арғы дүниеде ғана қосылады». 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23




©emirsaba.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет