Орындаған: Шамшабек Ерзат Қайратұлы, 6B01601 – Тарих Педагогика



Дата07.01.2022
өлшемі46,84 Kb.
#18425

Орындаған: Шамшабек Ерзат Қайратұлы, 6B01601 – Тарих Педагогика
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедұлы, М.Шоқай, К.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлының еңбектеріндегі методологиялық ұстанымдар

ХХ ғасырдың басы – қазақ қоғамының рухани тұрғыдан серпіліп, ұлттық сананың оянған кезеңі болды. Ұлт қамын ойлаған қазақтың зиялы азаматтары адамзат тарихының көшінен қағаберіс қалып, бейқам жатқан елдің тығырықтан шығар жолын іздеп, шарқ ұрды. Одан шығудың бірден-бір негізгі жолы – «өнер-білімге тартылып, алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу» деп біліп, ағартушылық идеясын, ұлттық сананы көтеру идеясын ұстанды. Бұл жолда ұлттық мәдениеттің, әсіресе тілдің алар орны ерекше болатынын терең түсінді. Осыған байланысты Ә.Бөкейханов: «Қазақтың ұлт болып, өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек», – деп жазды.

Тіл тазалығына мән бермейтін немқұрайдылықтан, тілін білмегеніне арланбайтын намыссыздықтан сақтанудың, олардың алдын алудың бірден-бір жолы – ұлттық рухты ояу, ұлттық кодты сақтау Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ... Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады». Сондай тұлғаларымызды үлгі етіп, ұлттық рухты ояту қажет. Қазақтың терең тарихын білген ұрпақ ешқашан тіліне селқос қарамайды, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек еткен қазақ тарихындағы тарихи тұлғаларды мақтан етіп, өз елінің патриоты болады. Тарихтан тағылым ала отырып, болашағының жарқын болуы үшін де өз үлесін қосуға тырысады. Елбасымыздың: «Тарихты жеңіл-желпі аңыз ­сөз­дердің жи­ынтығы деп қарайтын адам­­дар ­шы­нын­да да тарихтан тағылым ала ­алмайды. Өткенге қарап, ертеңіңді түзе!» – деген сөздерін әрдайым жадымызда ұстауымыз керек.

«Шора» журналының 1913 жылғы 4-санында жарияланған «Қазақша сөз жазушыларға» атты мақаласында А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің  фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктерін басқа түрік тілдерімен салыстыра келіп: «Растыққа жүгінсек, түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта... ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас», – деп тұжырым жасаған еді. 2013-2016 жылдары Қытай Халық Республикасы Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университетінде дәріс оқығанымызда университеттің студенттері мен магистрант-докторанттары тіл тарихы, көне түркі тілі, жазба ескерткіштер тілі бойынша филология ғылымдарының докторы, профессор Еркін Ауғалидің дәрістерінде ескерткіштердің тіліндегі көптеген сөздер басқа ұлттарға (оның ішінде түркі халықтарының өкілдеріне де) түсініксіз болып, қиындық тудырып жатқанда қазақтар оларды жатсынбай,  бірден ұғатынын, ол сөздердің етене жақын таныс болып шығатынын айтып, бойларын мақтаныш сезімі кернейтінін әңгімелеп берген еді. Қазақ тілі мен көне түркі жазба ескерткіштерінің тіліндегі ұқсастық, сабақтастық – ұлтымыз үшін зор мақтан деп білеміз. Ол да – ұлттық кодтың негізі. ХХ ғасырдың басында Мағжан Жұмабаев: «Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. «Түрік тілімен сөйлейміз» деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік», – деген еді. Осы ойды қазіргі кезде Өзбекстанның танымал ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ортатүрік халықаралық институтының директоры Б.Каримов еңбектерінен де кездестіруге болады.

Ұлт көшбасшысы «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ұлттық жаңғыру» деген ұғымдар ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін ескерте келіп, ол үшін ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өзегін сақтау қажеттігін атап өткен болатын. Бұл орайда ұлттық болмысымыздң тарихы тереңнен бастау алатынын байқаймыз.

А.Байтұрсынұлы: «...Қазақ тіліндегі сөздердің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдану болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз», – деген еді [Байтұрсынұлы А. Ақ жол. - Алматы, Жалын, 1991, 369-б.]. Расында да, қазақша сөйлеушілердің бәрін бірдей қазақша дұрыс сөйлеп тұр деп қабылдай беруге болмайды. А.Байтұрсынұлы шығарма сөзінің өңді, ұнамды болуы үшін сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл (лұғат) анықтығы, тіл дәлдігі, тіл көрнектілігі сияқты шарттардың ескерілуі қажеттігін айта келіп, сөз дұрыстығы үшін:



  1. сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына тұтыну;

  2. сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру;

3) сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру керектігін көрсеткен еді [Байтұрсынұлы А. Ақ жол. - Алматы, Жалын, 1991, 350-б.].

Алайда бүгінгі таңда газет, журнал бетінде көптеген орынсыз қолданыстар, қате тіркестер орын алып жүр, бұл басылым беттерімен қатар радио, теледидар тілінде де жиі кездеседі. Мысалы, байланысты, орай, арқасында, кесірінен, салдарынан, қарай т.с.с. қолданысын жатқызуға болады: өкінішке орай, жауын-шашын салдарынан егін бітік шықты, жол апатының арқасында т.с.с. қолданыстар радио, бұқаралық ақпарат құралдарының тілінде кездесіп қалады. Орай, арқасында септеулігінің дұрыс, оңтайлы іс-әрекетке, қимылға, орайлы іске байланысты қолданылатыны, керісінше, салдарынан, кесірінен сөздерінің жағымсыз құбылыстарды бейнелеуде қолданылатыны, эмоционалды-экспрессивті бояуы төмен сөздермен тіркесетіні, тура келеді, мәжбүр болды тіркестерінің амалсыздан, лажсыздан болған қимылды білдіретіні т.с.с. көп жағдайда ескеріле бермейді.

Сол сияқты  бүгінгі күні, биылғы жылы деген қолданыстар да тіліміздің заңдылықтарына қайшы. Себебі бүгін сөзі бұл күн, биыл сөзі бұл жыл сөздерінің кірігуі нәтижесінде пайда болған. Яғни, бүгінгі күн не биылғы жыл деген тіркестерде күн, жыл сөздері қайталанып, плеоназм орын алған. 

Қазіргі кезде теледидарда да, жарнама тілінде де әр сенбі сайын, әр шығарған сайын, әр күн сайын т.с.с. сияқты қолданыстар жиі орын алып келеді. Әр сөзі тіркескен сөз сайын сөзімен тіркеспей-ақ тіркестің мағынасын бере алады. Мұндай плеоназмдық қолданыстар соңғы жылдары көбірек кездесіп жүр. Дұрысында: әр сенбіде, әр күні т.с.с. немесе сенбі сайын, күн сайын т.с.с.  Қазақ тілінің нормаларына сәйкес әр, барлық, түгел сөзімен тіркескен сөз жекеше тұлғада келуі керек, алайда тілшілеріміздің әр күндеріңіз, әр минуттарыңыз, әр секундтарыңыз, барлықтарыңыз, түгелдеріңіз деген сөзқолданыстарын жиі естиміз.   

Тіл заңдылықтарын белшеден басатын мұндай қолданыстарға бейжай қарауға болмайды. Себебі теледидар – дұрыс сөйлеу, сауатты сөйлеу әдебін танытатын, дұрыс сөйлеу нормаларын қалыптастыратын бірден-бір жол болуы тиіс. Бұл орайда академик Р.Сыздықова: «Радио, теледидар және баспасөз сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне арнайы көңіл аудару да тіл мәдениеті шаруаларының бірінен саналады. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі деген, олардың сөз таңдап жұмсау әрекеттерінен бастап, орфографиялық, орфоэпиялық нормаларды дұрыс қолдануларына назар аударылады. Бұлар өзгелерден екі есе көп жүк арқалайды: бірі – күнделікті газет-журналдар, сахна өнерпаздары, радио мен теледидар қызметкерлері тіл мәдениеті проблемаларын көтеру, тілдік нормаларды берік сақтау сияқты мәселелерді тікелей насихаттауы, түсіндіруі, пікірталастар ұйымдастыруы болса, екіншісі – сахна мен радио, теледидар қызметкерлері орфоэпиялық нормаларды қалың көпшілікке үйретуші ұстаз болуға міндетті. Ал баспасөз қалың оқырман қауымның тілін ұстартып, жазу сауаттылығын көтеруге мейлінше зор қызмет етуге міндетті, – деп жазған еді [Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. -  Астана, Елорда, 2001. - 36-б.].

Тілдің нәзік иірімдерін сөз бағасын білетін, қазақ тілінің заңдылықтарын шебер меңгерген жандар анық білетіні белгілі. Кезінде А.Байтұрсынұлы: «Нәрсенің дәл санын білуге сұрағанда неше? деп сұраймыз. Мәселен: «Неше кісі келеді?» – «Үш кісі келеді». Нәрсенің дәл санын білуге емес, шамасын ғана білуге сұрағанда қанша? деп сұраймыз. Мәселен: «Қанша күн жүресің?» – «Үш-төрт күн жүремін» [Байтұрсынов А. Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. - Ташкент, 1918], – деп жазған еді. Ғалым ойлары кейін М.Балақаевтың еңбектерінде де сабақтастық тапқан. Алайда қазіргі кезде неше? қанша? Сұрау есімдіктері синоним ретінде, бірінің орнына бірі қолданылып келеді. Соның салдарынан тілімізде қаншаншы (Қаншаншы сыныпта оқисың? Қаншаншы орын алды?), қаншауы (Қаншауы келді? Қаншауын аламыз?) т.с.с. қазақ тілінің нормаларына қайшы қолданыстар етек алып барады.

Сол сияқты Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде жиырма сөзінен жасалған реттік сан есім бүгінгідей жиырмасыншы түрінде емес, жиырманшы түрінде берілген:

Ретін көрсететін сөздер; мәселен: бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, жиырманшы, отызыншы, қырқыншы, елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы, жүзінші, мыңыншы, миллионыншы. Бұлар реттік деп аталады

[Байтұрсынов А. Тіл – құрал. Сөз жүйесі һәм түрлері. ІІ тіл танытқыш кітап. 4-басылуы. Орынбор, 1924].

10) Жұрнақ «ншы». Бұл жұрнақ жуан сөзге жалғасса, жуан айтылады, жіңішке сөзге жалғасса, жіңішке болып айтылады. Мәселен, бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, жиырманшы, отызыншы, қырқыншы, елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы, жүзінші, мыңыншы [Байтұрсынов А. Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. - Ташкент, 1918].

Дұрысында, қазақ тіліндегі реттік сан есім тудыратын жұрнақ дауыссыз дыбыстардан соң -ыншы/-інші түрінде жалғанғанмен, дауысты дыбыстардан кейін жалғанғанда қатар келген екі дауыстының бірі түсіп қалады: екінші, алтыншы, жетінші т.с.с. (екісінші, алтысыншы, жетісінші емес). Осы үлгі бойынша жиырма сөзіне де жұрнақ жалғанғанда жиырманшы түрінде жалғануы тиіс. Бұл орайда тіліміздің заңдылықтарын жетік білетін Ахмет Байтұрсынұлы сынды ғалымдарымыздың тұжырымдарын әрдайым есте ұстау қажет деп білеміз. Профессор Хайролла Нұрмұқановтың сөзімен айтсақ: «...Сөз қуаттылығы ой зергерлігіне байланысты. Ондай ой сөзін қашан да сарыла талғап, жаңылмай таңдап шығарып отырады. Бұлай болмағанда, талғамсыз қолданылған сөзден жанымыз еркін еміреніс не терең тебіреніс табуы мүмкін емес» [Нұрмұқанов Х. Сөздің де сұрауы бар. Шығармаларының үш томдық жинағы. - 3-том (мақалалар, естеліктер). – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2010. 3-б.].

Теледидар арқылы беріліп жатқан, көшеде ілулі тұрған жарнамаларда қазақ ұғымына жат қолданыстар жиі орын алады. Мысалы, тіркесе алмайтын сөздерді қатар қою: Сүйікті кофенің қанық дәмінен рахат аламын... Таңғы астың 15 минутын Президент сүзбесіне арнаймын... Дәмі жұмсақ және қанық келеді... Әлемдегі ең көңілді ботқаны мен ғана білем... Дұрысында, қанық сөзі дәмге қатысты емес, түске қатысты қолданылады.

Қазақ тілінде үнемі болымсыз тұлғада ғана қолданылатын және әрдайым болымды мәнде ғана қолданылатын арнаулы тұлғалар бар. Болымсыздық есімдіктері әрдайым болымсыз тұлғадағы сөздермен тіркеседі, керісінше, әрдайым, әрқашан, үнемі т.с.с. сөздер болымды тұлғада келеді. Сол себепті жарнама тіліндегі Олай әрқашан бола бермейді... сияқты қолданыстар тіл заңдылығын бұзып тұр.

Жарнама тіліндегі қазақ тілі заңдылықтарының бұзылған тұстарының бірі ретінде сан есіммен, көп, бірнеше, әлденеше т.с.с. сөздермен тіркескен сөзге көптік жалғауының жалғануын (100 мыңға жуық тұрғындар, отыздан астам жылдар бойы) атауға болады. Сол сияқты қазіргі кезде ән шырқайтын болады, берілетін болады сияқты қолданыстарды жиі естиміз. Орыс тіліндегі буду ходить, буду читать сияқты тіркестер қазақ тіліне келемін, оқимын түрінде аударылуы керек. Себебі -а/-е/-й көсемше тұлғалы етістік келер шақ (ауыспалы келер шақ) мағынасын бере алады.  Сондықтан оған әрдайым  бол көмекші етістігін тіркестіре берудің қажеті болмайды. Мұның бәрі қазақ тілінің нормаларын белден басып, орыс тілінен сөзбе-сөз аудару салдарынан пайда болған.

Үйлену тойларында тост берілген кезде: «Екі жас бақытты болсын!» дегім келеді», – деп тілек айтушыларды жиі кездестіреміз. Қолына микрофон беріліп, елдің бәрінің назары өзінде болған кезде тілегін айта бермей ме? Үйден шыққан кезде «осылай тілек айтсам» деп ойын жинақтап жатса, – бір жөн. Бұл да орыс тілінің үлгісімен хочу сказать, хочу пожелать сияқты қолданыстарды сөзбе-сөз аудару нәтижесінде пайда болған. Қазақша дұрысы: «Екі жас бақытты болсын!» емес пе? Қазақы танымға да, ділімізге де, дінімізге де сәйкес келмейтін, соңғы кездері жиі қолданылып жүрген тіркестер ретінде «Алланың назарында болсын!», «Алланың құлағына шалынсын!» деген тілектерді атауға болады. Діни түсінікте Алла бәрін көруші, естуші, бүкіл адамзат, ғаламзат атаулы ешқашан Алла тағаланың назарынан тыс қалуы мүмкін емес. Алланың көркем есімдерінде де осы белгілер айқын көрсетілген. Ендеше, мұндай қолданыстарға абай болу керек.     

Орыс тіліндегі и шылауының орнына үнемі және жалғаулығының қолданылуы (Аспандағы жұлдыздар сутегі және гелийден тұрады, Карамель және орман жаңғақтары //Тоффи) да тіліміздің нормаларына сәйкес келе бермейді. Қазақ тілінде және жалғаулығымен қатар мен, да/де, әрі, үтір, көсемше тұлғалары қолданылады (ескеріледі және жазылады емес, ескеріліп, жазылады, көреді және келеді емес, көреді де келеді т.с.с.). Бірыңғай мүшелер қатар келген тұста және ең соңғы мүшеден бұрын келеді. Бірыңғай мүшелер етістіктен болған жағдайда және шылауының орнына да/де немесе көсемше тұлғалары қолданылады немесе үтір қойылады. Сол сияқты сын есім әрі, да жалғаулықтарымен (сұлу әрі мінезді, сұлу да сымбатты) келеді. Сол сияқты қысқарған сөздерде және шылауын (Білім және ғылым министрлігін – БжҒМ, Автоматтандыру және басқару жүйесі дегенді АжБЖ түрінде т.с.с.) қысқартудың еш қажеттігі жоқ. Себебі бұл сөздер – өзара салалас байланысқа құрылған, және шылауын үтірмен алмастыруға да болады. Сол себепті қысқартып жазған кезде және шылауын қысқартудың да, үтір қоюдың да қежеті жоқ.

Орыс тілінің ықпалымен сұраулық шылауларды қолданбау да жарнама тілдерінде де, жастардың сөйлеу тілінде де белең алып келеді  (Био-С па? дегеннің орнына Био-С?).

Дұрыс сөйлеу нормасы бойынша, ІІІ жақтағы жіктік жалғаулы сөзден кейін сұраулық шылау келетін болса, жіктік жалғауы түсіп қалады. Мысалы: келеді ме? емес, келе ме? айтады ма? емес, айта ма? т.с.с. Тіліміздің бұл ерекшелігіне тележүргізушілер де, радио тілшілері де, аудармашылар да мән бермей жатады.

Сол сияқты қазіргі кезде жарнама тілінде ырықсыз етіс тұлғалары жиі қолданылатын болы. Денсаулық сақтау министрлігімен мақұлданған түрінде беріліп жүрген жарнама дұрысында Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған болуы керек. Бұл да – орыс тілінің әсері.

Теледидар арқылы берілген жарнамалардағы Ана сүтінің алмастырушысы болып табылмайды; Бояу түсім ұзағырақ сақталады; қалыптастыруға ықпал етеді; Шексіз ләззаттың кішкентай бөлігі; Әлсіз шаш маған тән емес; Күтпеген ауа райы; 10 күнге дейін айнадай жылтырау; Айнадай жылтырауды бекіту үшін...  ұсынамыз; Таңғаларлық төмен баға т.с.с. қолданыстарды көргенде, Ахмет Байтұрсынұлының мына сөздері еріксіз ойға оралады: «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды я жазса да,  қиындықпен жазады. Себебі – жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, ол нағыз қазақша болып шықпайды» [Байтұрсынұлы А. Ақ жол: өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991. 142-б.].

Тележүргізушілер мен тілшілеріміз -у керек тұлғасымен келген тіркестерді айту керекпіз, білу керекпін т.с.с. түрде жиі қолданады. Дұрысы – айтуымыз керек, білуім керек. Сол сияқты отырмыз, жүрміз деген сөздердің орнына сөйлеу тіліне тән отырық, жүрік, жатырық т.с.с. қолдану белең алып барады. Бұл, әрине, тілдік норманы, сөйлеу әдебін білмеуден туған қателіктер. Сол сияқты орыс тілінің заңдылықтарына сәйкестендіріп, төрайым түрінде қолданады. Дұрысында, қазақ тілінде төраға сөзі ер адамға да, әйел адамға қатысты да қолданыла береді. Сонымен қатар аға ғылыми қызметкер деген тіркес бар да апа ғылыми қызметкер немесе әпке ғылыми қызметкер т.с.с. қолданыстар жоқ. Сондықтан мұндай сөздерде әйел не ер адамға қатысты жіктеудің қажеті шамалы.  

Профессор Хайролла Нұрмұқанов 1968 жылы «Баспасөз және тіл мәдениеті» деген тақырыпта өткізілген республикалық конференцияда М.Ғабдуллиннің С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты атауларына байланысты: «Киров атында да, Ленин атында да қазақ жоқ, болмайды да. Сондықтан бұл оқу орындары Қазақтың С.М.Киров атындағы, Қазақтың В.И.Ленин атындағы... болып дұрыс аталуы тиіс», – деп анықтайтын сөз бен анықталатын сөздің орындарын шатастырмау қажеттігін ескерткенін айта келіп: «Содан бері 35 жылға жуық уақыт өтсе де, қатенің бұл түрінен әлі күнге арыла алмай келеміз», – деген еді. 

Бұл мәселе бүгінгі таңда да әлі өзекті күйінде қалып отыр. Оған төмендегі жоғары оқу орындарының қазақша атауы дәйек бола алады: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты т.с.с. Сол себепті М.Ғабдуллин, Х.Нұрмұқанов сынды біртуар ғалымдарымыздың ескертулеріне мән беріп, жоғары оқу орындарының атауларын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкестендіріп, біріздендіретін уақыт келді деп есептейміз. Әсіресе Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты атауындағы  мемлекеттік қыздар тіркесі құлаққа түрпідей тиеді, еріксіз «мемлекеттік қыз, мемлекеттік емес қыз деген кімдер?» деген сұрақ ойға келеді. Бұл орайда ғалымның 8 наурызға қатысты «Әйелдердің халықаралық «сорты» жоқ. Сондықтан 8 наурызды «Әйелдердің халықаралық күні» деп дұрыс сипаттағанымыз жөн», – деген тұжырымдары да [Нұрмұқанов Х. Сөздің де сұрауы бар. Шығармаларының үш томдық жинағы. - 3-том (мақалалар, естеліктер). – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2010. 296 б.] назар аударарлық. Бұл күнді «Арулар күні» тіркесімен алмастыруға болатын сияқты. Себебі бұл мейрамды мектеп оқушылары да, үлкен-кіші бірдей атап өтеді. Сондықтан тіліміздің мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, экспрессивті сөзқолданыстармен алмастыру қажет деп есептейміз.

Сол себепті теле-, радиожүргізушілерге, әншілерге, әртістерге қазақ сөздерін дұрыс айту, сөйлеу әдебі, тілдік норма бойынша арнайы дәрістер ұйымдастыру қажет деп есептейміз. Бұрын Кеңес заманында ондай сабақтар өткізіліп тұрған екен, сол үрдісті қайта жалғастыру қажет. М.Әуезовтің: «Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды», – деген сөзін әрдайым ескеруіміз қажет. Бұл орайда «Бұқаралық ақпарат құралдарының бәрінде бірдей тілдік норма бұзылып жатыр» деген ойдан аулақпыз. Қазақ радиосынан берілетін Қошан Мұстафаұлының, Темірхан Момбеков, Оңғарбек Құралұлы, Бақыт Жағыпар, Нұржамал Жаңабаева сияқты журналистердің хабарларын тыңдап, тұщынып, сүйсініп отырамыз. «Қазақстан» телеарнасынан берілетін «Дара жол» бағдарламасындағы Дана Нұржігіттің әр сөзіне көңіліміз толып, риза боламыз. 



Тіліміздің бай, шұрайлы, көркем тіл екені – дау тудырмайтын ақиқат. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деп аталатын он бес томдық түсіндірме сөздік жарық көрді. Түркі елдерінің ешқайсысында да мұндай деңгейдегі сөздік жоқ. Сол сияқты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қазақтың бай ауыз әдебиетi үлгілері жинақталып,  «Бабалар сөзi» сериясы бойынша 100 том болып басылып шықты. 2013 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» негізінде әрі толықтыра отырып, «Қазақ сөздігі» деген атпен 106 000 бірлік қамтылған бір томдық түсіндірме сөздік құрастырып шығарды. Бұл тіліміздің байлығын, тарихымыздың тереңге тартатынын көрсетеді. Алайда қазіргі кезде жастар, жеткіншектер кітап оқудан қалып барады. Сол себепті қисса-дастандарды, батырлар жырын тұшынып оқымайды. Тіпті сондай шығарманың бар екенін де бейхабар. Шетелдік туындыларды, солардың негізінде түсірілген фильмдерді жақсы білгенмен, ұлағаты мол, ұлттық болмыстан, салт-дәстүрімізден көп мағлұмат беретін төл туындыларымызды оқымайды. Оның үстіне сол шығармалар желісінің негізінде фильмдер түсіріп, көпшілікке тарату, жастарға танытуға құлықсыздық танытып отырған жайымыз бар. Әрине, түптеп келгенде, барлығы қаржыға тіреледі. Сондықтан ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, төл тарихымыздан, төл мәдениетімізден мол мағлұмат беретін дүниелерді жарыққа шығаруға көп қаржы бөлінуі, өз деңгейінде көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Мағжан Жұмабаевтың: «Тіл – адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті», – деген сөзін әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аудару» ісін қолға алу, Ұлттық аударма бюросын құру керектігін ескерткен болатын. Бүгінгі таңда аударма ісінде термин, дұрыс, шебер аудару мәселесі әлі де біршама ақсап тұрғаны белгілі. Осыған байланысты терминдерді біріздендіру, дұрыс аудармаға үлгі боларлық дүние ретінде ХХ ғасырдың басында жарық көрген аударма еңбектерді, ұлттық кодтың негізі болатын А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, А.Байтасұлы, А.Мамытұлы, Қ.Басымұлы сынды ғалымдардың бұрын-соңды жариялана қоймаған еңбектерін, ХХ ғасырдың басында жарық көрген оқулықтарды жинақтап, ғылыми айналымға енгізу қажет деп білеміз. Мұндай еңбектер аудармашылар үшін үлгі болумен қатар сала мамандары, терминолог ғалымдар, оқулық авторлары, жалпы көпшілік үшін де таптырмас дүние болар еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет