Оқушылардың ғылыми әлеуетін қалай қалыптастырамыз?



Дата14.09.2022
өлшемі16,17 Kb.
#39092

Оқушылардың ғылыми әлеуетін қалай қалыптастырамыз?
Сәния Айболатқызы Дауталиева
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ақтау қаласындағы ХББ НЗМ
Маңғыстау облысы
Бала жаратылысынан айналасында болып жатқан құбылыстарға ерекше назар аударады. Көзбен бақылайды, қолмен ұстап қарайды. Жан-жақты зерттейді. Осы жаңа нәрсеге деген ізденіс олардың бойынан зерттеушілік дағдыларды қалыптастыра бастайды.
Баланы ізденушілікке баулу, оған ғылыми зерттеу дағдысы мен білігін игерту – бүгінгі білім беру саласының маңызды мәселесі. Балаларды оқытуда зерттеу әдісін қолдану қажеттілігі олардың табиғи қызығушылығы қоршаған ортасына деген құштарлығының басымдылығымен түсіндіріледі. Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді.
Оқушылардың ғылыми жоба жұмыстарын алудағы қиындық тудыратын мәселелердің бірі – тақырыптың өзектілігі. ХХІ ғасыр мәселеге жаңаша қарауды үйретті. Жаңа технологиялар мәселені басқаша шешуге көмектесіп келеді. ХХ ғасырда өзекті болған тақырып ХХІ ғасырда өзекті болмайды деген қатып қалған пікір жоқ. Бірақ біздің міндет – ол мәселені басқа арнасынан қарау, жаңа идеяны ұсыну, оны дәлелдеу, оның нәтижесін көрсету.
Сіз таңдаған тақырыпты бұрын кім зерттеді екен? Олар қай қырынан зерттеген? Сіз қай тұсынан зерттемекшісіз? Бұл зерттеу арқылы қандай нәтижеге келесіз? Аталған сұрақтарға жауап беру арқылы сіз өзіңіздің жобаңыздың ешкімге ұқсамайтындығын дәлелдейсіз.
Ғылыми жобаларды жазу барысында оқушылар ғылыми жұмыстың ғылыми аппаратын нақты біліп алуы қажет. Онсыз ғылыми зерттеу мақсатының дәлдігі, ғылымилығы, нақтылығы көрінбейді.
Ғылыми жобаны алудағы басты мәселе қандай? Оның тақырыбы, өзектілік деңгейі қандай? Мақсаты мен міндеттері айқындалды ма? Гипотезасы мен жаңашылдығы не? Зерттеудің қандай әдістерін пайдаландыңыз? Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері қандай? Зерттеу нәтижелері қандай қорытындыға әкелді? Аталған сұрақтарға берілген нақты жауап ғылыми жобаның сәтті шығуының кепілі.
Осы орайда, «Үлкен ғалым болсам, ғылыми ізденісіммен елімнің дамуына өз үлесімді қоссам» деп армандаған балаларды ынталандыру шаралары неге өзекті болмай тұр?» деген сұрақ туындайды.
Осының салдарынан ба, бүгінде мектеп оқушыларының қандай да бір жаңалық ашып, оны ғалымдардың алдында қорғауға деген талпынысының бәсеңдегені байқалады.
Оқушыларды ынталандыру жұмыстарына енді көңіл бөліне басталса да, әлі де жетілдіретін жайттар жетерлік. Әсіресе, мектеп бітіріп, ЖОО-ға грантқа түсуге мүмкіндік жасаудың қажеттілігін баса айтқым келеді. Өйткені дарынды жастардың барлығының ЖОО-да ақылы білім алуға мүмкіндігі жоқ.
Жоғары білімі бар маман ретінде алдыңызға келген оқушыға ғылыми жобаны түсіндіріп, игерту – сіздің кәсіби әрі ар алдындағы борышыңыз. «Мен ғылыми жобамен айналысып көрмеппін» деген мұғалім өмірінде кем дегенде бір реферат, бір курстық, бір диплом жұмысын жазған маман.
Сондықтан мұғалімдер өз тарапынан баланы өмір бойы білім алатын, білімін саналы түрде жұмсай алатын азаматтарды тәрбиелеуге селсоқ қарамауы тиіс. Бүгінгі баланың алдында болашағына дұрыс таңдау жасай алатын, ұтымды шешім қабылдай алатын, сондай-ақ өзінің өміріндегі өзгерістер ағымына икемделе білетін қабілетіне байланысты өмір сүру тәртібі күтіп тұр. Ал бұған сіздің оқушыларыңыз дайын ба?

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет