Өзбекстан республикасы жоғары жəне орта арнаулы бιЛΙм министрлιГΙ



жүктеу 0.67 Mb.
Pdf просмотр
бет4/12
Дата27.03.2017
өлшемі0.67 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Мақал.  Ауыз  əдебиетінің  басқа  түрлеріне  қарағанда,  мақалдың  өзіне  тəн 

ерекшеліктері  мен  өзгешеліктері  бар.  Ең  алдымен,  əдебиеттік  жағынан  алғанда,  мақал 

үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді. Ол адам 

өмірінде,  тұрмыс-тіршілікте,  қоғамдық  жағдайларда  кездесетін  əр  түрлі  құбылыстарға, 

тарихи  мəні  бар  оқиғаларға  берілген  даналық  баға,  тұжырымды  түйін  есебінде 

қолданылады.  М.Горькийдің  «мақал  мен  мəтел  еңбекші  халықтың  тарихын,  əлеуметтік, 

барлық өмір тəжірибелерін үлгілі, қысқа түрде айтып береді» деуі осыдан. 


 

21

Қандай  мақалды  алсақ  та,  оның  шығуына  себеп  болған  үлкен  оқиға,  мəнді  əңгіме 



жатады.  Мақал  соларға  берілген  баға,  жасалған  қорытынды,  яғни  «тоқсан  ауыз  сөздің 

тобықтай  түйіні»  есебінде  жүреді.  Халық  аз  сөзгі  көп  мағына  сыйдыра  отырып,  өзінің 

өмірінде  көргендерін,  бастан  кешірген  кезеңдерін,  алған  тəжірибелерін  мақал  арқылы 

айтып  береді.  Бұл  жағынан  алғанда,  көптеген  мақалдар  ақыл-өсиет,  нақыл  көз  есебінде 

қызмет атқарады. 

Мақалды  тудырушы-еңбекші  халық.  Ол-халық  данышпандығын  алтын  қазыналы 

мұрасы  болып  табылады.  Бұдан,  əрине,  барлық  мақалды  халық  шығарған  деген  ұғым 

тумайды.  Ауыз  əдебиетінің  басқа  түрлері  секілді,  мақал  да  таптық  ой-санадан,  таптық 

көзқарастан  туған.  Мақалдарды  үстем  тап  та  шығарып,  оған  таптық  идеясын  қосқан, 

идеологиялық құрал еткен. Мəселен, «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін», «Құм 

жиылып  тас  болмас,  құл  жиылып  бас  болмас», «Алтын  басты  əйелден  бақа  басты  бала 

артық»  деген  сияқты  үстем  тап  адамдары  шығарған  мақалдар  халықтың  тілегіне, 

көзқарасына  мүлде  жат,  жанаспайды.  Сондықтан  оларды  еңбекші  халық  мүлде 

қабылдамаған. 

Мақалдар  халықтың  тұрмыс-тіршілігіне,  қоғамдық  өміріне,  еңбегі  мен  тəжірибесіне 

байланысты  туғандықтан,  оның  тақырыбы  да  орасан  көп.  Бұл ретте мақалға қосылмаған 

нəрсе  жоқ  деуге  болады.  Халықтың  тұрмыс-тіршілігі,  əдет-ғұрпы  мен  салты,  дүние 

танудағы  көзқарасы,  шаруашылығы  мен  кəсібі,  қуанышы  мен  қайғысы,  айтатын  ақыл-

өсиеті,  үйретуі  мен  үкімі,  қысқасы  халық  өмірінің  барлық  жақтары  мақалдардың  басты 

тақырыбы болып отырады. 



Мақалдардың  тақырыбы.  Халық  мақалдарының  тақырыбы  өте  көп.  Солардың 

ішінде ең күрделі бір саласы адам баласының еңбек ету жайларына арналған. Бұл тектес 

мақалдардан  халықтың  еңбек  жайындағы  көзқарасы  байқалады.  Еңбек  адамды  мақсат-

мұратқа жеткізуші, абырой байқалады. Еңбек адамды мақсат-мұратқа жеткізуші, абырой 

əперетін іс екендігін халық мақалдары арқылы дəлелдеп көрсетеді. «Еңбегі бардың өнбегі 

бар», «Еңбек түбі-мереке» деп, халық адал еңбекті ардақтайды. Дүние-байлық, шат өмір 

еңбек  арқылы  болатындығын,  адамды  тек  еңбек  қана  қатарға  қосатындығын  суреттейді. 

Еңбек  етпеген  адамды,  жатып  ішер  жалқауларды  халық  өзінің  мақалы  арқылы  сынға 

алады,  шенейді.  Бұған: «Еңбегі  аздың-өнбегі  аз», «Еріншектің  ертеңі  таусылмас»  деген 

мақалдарды келтіруге болады. 

Еңбек  тақырыбына  арналған  мақалдардың  қайсысы  болса  да  ақыл-өсиет  түрінде 

айтылады.  Еңбек  ету  оңай  еместігін,  қиыншылығы  мен  бейнеті,  ауыртпалығы  барлығын 

ескертеді.  Осылардың  бəрін  еңбегімен  жеңген  адам  ғана  мақсатына  жететіндігін 

аңғартады.  Мұны  «Бейнет,  бейнет  түбі зейнет», «Бейнетсіз рақат жоқ», «Əрекет болмай, 

берекет  болмас», «Еңбек  етсең-емерсің»  деген  секілді  мақалдардан  көреміз.  Бұл  тектес 

мақалдар  адамды  еңбек-кəсіп  етуге,  жұмыс  істеуге  үндейді,  тек  еңбек  қана  абырой-атақ 

əпереді деп қорытынды жасайды. 

Адал еңбекті ардақтаған халық кəсіп ет, жұмыс істе дегенде ең алдымен мал бағуды 

ұсынады.  Оның  себебі  қазақ  халқының  ертедегі  тұрмыс-тіршілігі,  күн  көрісі  төрт  түлік 

малға байланысты болғандығынан. 

Өмір бойы мал бағып тіршілік еткен, оның сырын жақсы білген халық əрбір түліктің 

қандай  қасиеті  барлығын,  адам  өмірінде  қандай  орын  алып,  қандай  қызмет 

атқаратындығын  мақалдары  арқылы  да  көрсетіп  отырады. «Түстік  өмірің  болса,  кештік 

мал  жина»  дей  отырып,  сол  малдарының  қасиетін,  қызметін  айтады. «Жылқы-малдың 

патшасы, түйе- малдың қасқасы», «Түйе жинасаң-нардан жи, сиыр жисаң-тарғылдан жи», 

«Мал  бақсаң,  қойдан  бақ,  май  кетпейді  шарадан»  деп  бағалайды,  төрт  түліктің  тұрмыс 

тіршілікте алатын орны қандай екендігін атайды. 

Халық  өзінің  мақалдары  арқылы  мал  бағу,  мал  басын  өсіру  жөнінде  ғасырлар  бойы 

жинаған, жүзеге асырған тəжірибесін айтып береді. «Түлік төлден өседі» дей отырып, сол 

түліктерді  өсіру  үшін  қажырлы  еңбек  керектігін  ескертеді. «Жатқанға  жан  жуымас, 

жалқауға  мал  жуымас», «Ат  шаппайды,  бап  шабады», «Мал  жисаң,  қонысын  тап», 


 

22

«Бақпасаң мал кетеді» деп ақыл айтады. Адал еңбекті сүйген халық, мал басын өсіру үшін 



аянбай  жұмыс  істе,  ерінбей  еңбек  ет,  сонда  ғана  мал  құралады  дейді.  Ал  еңбек  етпей, 

ұрлық  немесе  барымта  жолымен  мал  жинап  баюды  көздеушілікті  халық  қатты  сынға 

алады,  шенейді. «Ұрлық  пен  барымта  халыққа  жат  екендігін,  ол  адамды  тақырға 

отырғызатындығын,  бұлардан  безу  керектігін  айтып, «Ақ  жүрген  адам  азбас»  деп 

қорытады  жəне  «Ұрыға  мал  құтаймас», «Ұрлық,  ұрлық  түбі-қорлық», «Барымтамен  бас 

кетер», «Жортуылшының басы жолда қалады» деп сипаттайды. 

Мал  басының  құралуы,  өсіп-өрбуі  тек  адал  еңбекке  байланысты  деп  түсінген  халық 

бұл  жөнінде  қожа-молдалар  айтатын  діни  ұғымдарға  да  қарсылық  көзқарасын  білдіреді. 

Егер дін иелері мал басының өсуін құдайға байланысты, малды құдай береді десе, еңбек 

адамы  бұл  түсінікті  бекерге  шығарады  да, «мал  баққанға  бітеді»  деп  өз  тұжырымын 

айтады. «Тана  пайда  бермесе,  тəңірі  пайда  бермейді», «Тоғыз  қабат  торқадан, 

тоқтышағымның  терісі  артық»  деп  адал  еңбегімен  жинаған  малдарын  ардақтайды. 

«Еңбексіз тапқан мал, есепсіз кетер» деп түсінген халық, төрт түліктің қайсысы болса да 

адал  еңбекпен  бағу  арқылы  құралатындығын,  сонда  ғана  адам  мұратына  жететіндігін 

көрсетеді. 

Төрт  түлік  жайында  шығарылған  халық  мақалдарының  бəрі  де  мал  баласының  адам 

үшін  аса  қымбат,  қадірлі  екендігін  көрсете  отырып,  бұлардың  ішінен  жылқы  мен  түйені 

ерекше бағалайды. Түліктің басқа түрлеріне қарағанда, түйе мен жылқы көшпелі жағдайда 

болған шаруа адамы үшін айрықша қызмет атқарады, шөлдесе-сусыны, кисе-киімі, жесе-

асы болды.  

Екіншіден,  түйе  мен  жылқы  алыс  жолға  төзімді,  əрі  мықты  көлік  есебінде  шаруа 

адамына  көп  пайдасын  тигізді.  Мұнымен  қатар,  онша  қолға  қарай  қоймайтын  мал  жəне 

халықтың  ел  қорғау  ісінде  ол  елеулі  орын  алды,  басқыншы  жауға  қарсы  аттанған 

батырларға сенімді серік, жауынгер жолдас болды. «Ер қанаты-ат « атанады. Сондықтан 

да  адам  баласының  мақсат-мұратына  жету  жолында  жылқының  алатын  орны  зор  екенін 

«Таяқ тайға жеткізер, ат мұратқа жеткізер» деп суреттейді. 

Халық  мақалдарының  бірсыпырасы  егіншілік  кəсіп  жайына  арналады.  Бұл 

тақырыптағы  мақалдардың  көпшілігі  кейінгі  кезде,  шамамен  айтқанда, XIX ғасырдың 

ішінде туған секілді. Олай дейтініміз, тарихи деректерге қарағанда бүгінгі Қазақстанның 

оңтүстік-батыс  аудандарын  мекендеген  кейбір  рулар  ғана  аздаған  егін  салып,  ертерек 

кəсіп  еткен.  Ал,  шаруашылықтың  бұл  түрімен  бүкіл  қазақ  халқының  айналысуы XIX 

ғасырдың іші. Бұған басты себеп қазақ халқының Россия мемлекетіне қосылуы, ұлы орыс 

халқымен  араласуы,  одан  үлгі  алуы  болған.  Осыдан  былайғы  жерде  қазақ  елі  əр  түрлі 

дақылдан егін егіп, оны негізгі кəсібінің біріне айналдырған. Өзінің тұрмыс-тіршілігінен 

елеулі  орын  алған  егін  шаруашылығы  жəне  оның  адам  баласына  келтірер  пайдасы 

жайында қазақ халқы біраз шығармалар тудырған. Мұнымен қатар, егін кəсібін мақалдары 

арқылы да бейнелеп суреттеген. 

Егін  жайында  шығарылған  мақалдардың  қайсысы  болса  да,  ең  алдымен  егін  егу 

адамға  пайдалы  екенін  дəлелдейді.  Рас,  бұл  мақалдар  егінді  əр  түрлі  дақылдарға  (арпа, 

бидай, сұлы, тары,т.б.) бөліп көрсетпейді, жалпы «егін» деген атпен атайды (оның мəнісі 

қазақ  арасына  алғаш  рет  егіннің  барлық  түрі  бірден  енбегенінен  болу  керек).  Егін  егу, 

егіншілікпен кəсіп ету - шаруашылықты өркендетеді, тұрмысты жақсартады деп түсінген 

халық өзінің мақалдарына оған айрықша мəн береді. Егін өздігінен өспейді, оны егу керек, 

ол үшін егін шығатын жерді даярлау, аянбай еңбек ету керек деген қорытынды жасайды. 

«Жер-ырыстың  кіндігі», «Жер-жомарт»  деп,  бар  байлықтың  жерге  байланысты  екенін 

білген  халық  енді  осы  жерге  егін  егу  керектігін  айтады. «Ексең  егін - ішесің  тегін», 

«Жердің сəні-егін», «Егін еккеннің есесі көп», «Астығы бар аш болмайды» деп мақалына 

қосады, егіншілікті үлгі етеді, оны тіршілік тірегінің бірі деп бағалайды. 

Қазақ  мақалдарының  көрнекті  тақырыбының  бірі-ұйымшылдық,  ыртымақ,  бірлік 

жайын  қамтиды.  Бұл  тақырыптағы  мақалдардың  негізінде  ақыл-ойы  сергек  халықтың 

аталған  мəселелер  жөніндегі  даналық  көзқарасы,  өмір  тəжірибесінен  алып , бірлікпен 


 

23

жасаған  қорытындысы  жатады.  Тұрмыс  талқысынан  туып,  əрбір  тарихи  кезеңнің 



сындарынан өткен түсініктерін мақал арқылы көрсетпек болады. Үй ішінің, ел-жұрттың, 

бүкіл  қоғамның  құраулы  ұйымшылдық  пен  бірлікке  байланысты  деп  біледі. «Бірлік  бар 

жерде тірлік бар», беркінген күш бар деп бағалайды. Мүны «Бірлік болмай тірлік болмас», 

«Бірлігі  жоқтың  тірлігі  жоқ», «Ырыс  алды  ынтымақ»  деген  секілді  мақалдардан  да 

көреміз. 

Бұл  келтірілген  мақалдардың  бəрі  де  өмір  шындығына  негізделіп  туғандығын 

көрсетеді.  Ондай  мақалдары  арқылы  халық  ынтымақ  пен  бірлікті,  ұйымшылдықты 

жақтайтындығын  білдіреді.  Бұлар  тұрған  жерде  халық  алға  басады,  нығайып  күшейеді, 

алынбас  қамалға  айналады  деп  түсінеді.  Ал  бірлік,  ынтымақ,  ұйымшылдық  жоқ  жерде 

ыдырап  сөгілудің,  езіліп  кетудің  орын  алатындығын  аңғартады.  Халықтың  «Алтау  ала 

болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деуі осыдан. 

Қандай  істің  болса  да  белгілі  бір  нəтижеге  жетуі-адамдардың  бірлік,  ынтымақ, 

ұйымшылдықтарына  байланысты  дей  отырып,  халық  мақалдары  бұл  жөніндегі 

қорытындысын  ақыл-өсиет,  нақыл  сөз  ретінде  келтіреді. «Саяқ  жүрсең,  таяқ  жерсің», 

«Жалғыздың  үні  шықпас,  жаяудың  шаңы  шықпас»  деп,  жекелік  пен  даралықты, 

көпшіліктен  бөлініп  шығушылықты  шенейді.  Барлық  күш-қуат  көпшілікте,  халықта 

екендігін  дəлелдейді. «Көп  ісінде-береке», «Көптен  шыққан  көмусіз  қалар», «Көппе 

тентек  болсаң  да,  көпке  тентек  болма», «Құдайға  жазсаң  да,  көпке  жазба», «Көпке 

топырақ  шашпа», «Көп  қорқытады,  терең  батырады»  деуімен  көпшіліктің  яғни  бүкіл 

халықтың күшін сипаттайды. Бұл ретте халық өзін қоғамдағы барлық материалдық жəне 

рухани  байлықтарды  жасаушы,  салт-сана,  əдет-ғұрып,  тұрмыс-тіршілік  түрлерін 

қалыптастырушы,  оларды  əрбір  тарихи  жағдайларға,  өмір  тілектеріне  сəйкес  өзгертуші, 

алға  қарай  дамытушы  негізгі  күш  деп  таниды.  Бұларды  жасау,  іске  асыру  жеке 

адамдардың  қолынан  келмейтіндігін  дəлелдейді.  Сондықтан  да  халық  мақалдары 

адамдардың ынтымақты, ұйымшылдық пен бірлікте болуын өсиет, нақыл етеді. 

Қазақ  ауыз  əдебиетінде  халықтың  сүйе  тыңдап,  сүйсіне  жырлағаны-көпшілік  үшін 

жасалған ерлік, батырлық істер, ел қорғау əңгімелері болатын. Бұл тақырыпта нешелеген 

əдемі əңгіме, ертегі, өлең, жырлар туғанын, оларда халықтың батырлық, ерлік істерді жəне 

оны  жасаушыларды  ардақтағанын  білеміз.  Халықты  сүйсіндіргенбұл  əңгімелер,  оның 

мақалдарынан да айрықша орын алғанын көреміз. 

Ел  қорғау,  батырлық-ерлік  істер  жайында  туған  халық  мақалдары  халықтың  бұл 

жөніндегі  ой-тілегі,  арман-мүддесі,  патриоттық  сезімі,  ұлттық  мақтанышы  қандай 

екендігін білдіріп отырады. Бұл тақырыптағы мақалдар, ең алдымен, кімге болса да туған 

жер, өсіп-өнген ел-отан аса қасиетті, қадірлі, қымбат, ыстық деп көрсетеді. «Туған жердің 

тауы ыстық», «Ел-жұрты бардың жұтамы жоқ», «Ел іші-алтын бесік» деуімен туған елді 

ардақтайды,  жоғары  бағалайды.  Кейбір  мақалдар  туған  елді  басқа  елдермен  салыстыра 

келіп,  əркімге  өз  елінің  артық  екендігін  аңғартады.  Мұны  халық  «Кісі  елінде  сұлтан 

болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Кісі елі-күміс, өз елің-алтын» деген мақалдары арқылы 

сипаттайды. 

Өзінің мақалдарында туған жер, ел-отанды аса жоғары бағалап ардақтаған халық, енді 

оларды  қорғау  əрбір  ер-азаматтың  басты  борышы  деп  біледі.  Ер  талап,  ойран  салуды 

көздеген шапқыншы жау болса, оған қарсы аттану, қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі 

біткенше  алысу,  сөйтіп,  дұшпаннан  отанды  қорғап  алу  халқын  сүйген  əрбір  ер  жігіттің 

азаматтық борышы болатындығын көрсетеді.  «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», 

«Елін  сүйген  ер  болар», «Жүкті  нар  көтерер,  қайғыны  ер  көтерер»  деген  мақалдар 

жоғарыда айтылған пікірдің айғағы. 

Халық  мақалдары  ел  қорғау,  басқыншы  жауды  талқандап  жеңу  жолында  ерлік 

жасаған, қара қылды қақ жарған, қиядан тартып жол салған, жау қамалын қиратқан, табан 

тірескен  айқастарда  тайсалып  тартынбаған  жігіттерді  ардақтайды,  абыройлы  атақ  пен 

даңққа бөлейді. Олардың халық сүйсінген ерлік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді.  



 

24

Бұл ретте халық мақалдары мақтаулы ерлерді қоян жүрек қорқақтармен салыстырып, 



аз сөзбен екеуінің де образын жасайды. Ерлік, батырлық іс жасау тек отанын, ел-жұртын, 

халқын  сүйген  адамдардың  ғана  қолынан  келеді,  осындай  адамдар  ғана  халық  намысын 

қорғайды,  олар  қандай  қиыншылықтар  кездессе  де  үрейленбей,  мұңаймай,  жалақтаған 

ажалға  қарсы  шабады  деп  сипаттайды.  Батырлардың  ерлігі  күшінде  емес,  ақылы  мен 

айласында  екендігін  көрсетеді.  Мұнымен  қатар  халық  ісі  үшін  қажымай  күресіп  ерлік 

жасаған,  ел  сүйген  батыр  атанған  адамдардың  мінезіндегі  жақсы  қасиеттері  де 

мақалдардан  орын  алады.  Бұл  қасиеттер:  турашылдық,  əділдік,  айтқан  сөзден 

қайтпаушылық,  кішіпейілдік,  жолдастықты  сақтаушылық,  досы  үшін  жан  беруге 

барушылық т.б. екендігін аңғартады. Бұған «Ердің екі сөйлегені-өлгені, еменнің иілгені-

сынғаны», «Ердің  ұялғаны-өлгені», «Ер  жігіт-етек  жеңі  кең  жігіт», «Батырда  бақастық 

болмас», «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мақалдардан мысал бола алады. 

Халық мақалдары қолынан іс келмейтін тоғышарлар мен қоян жүрек қорқақтардың да 

образын  жасайды.  Оларды  мазақтап  əжуалайды,  келеке  етеді. «Қорқақ  көлеңкесінен  де 

қорқады», «Ер  бір  рет,  қорқақ  мың  рет  иіледі»  деп,  аз  сөзбен  қорқақтардың  жағымсыз 

бейнесін  суреттейді.  Қара  басының  ғана  қамын  ойлаған  адам  ерлік  іс  жасай 

алмайтындығын  көрсетеді.  Мұндай  адамдар  үйрейшіл  келеді,  кейде  олар  қалың  қолға 

іріткі  салады  деп, «Бір  қорқақ  мың  қолды  ірітер,  бір  құмалақ  бір  қарын  майды  шірітер» 

деп, қорқақ адам жайындағы халықтың турашыл бағасын береді.  

Қазақ  мақалдарында  ел  қорғау  əңгімесіне  байланысты  туған  тақырыптың  бірі - 

қырағылық, сақтық жайы. Бұл тақырыптағы мақалдардың қайсысы болса да қырағы болу, 

жайбарақаттыққа  салынып  жата  бермеу  жағын  қарастырады. «Жау  қайда  деме-жар 

астында,  бөрі  қайда  деме - бөрік  астында», «Бір  елі  ауызға  -екі  елі  қақпақ», «Сақтықта 

қорлық жоқ» деп халықты қырағылыққа шақырады. 

Халық мақалдары қоғамдық мəні бар тақырыптың бірі етіп оқу-білім, тазалық-тəрбие, 

мінез-құлық,  əдет-ғұрып  жайларын  да  қарастырады.  Бұлар  жөнінде  халықтың  ойы, 

көзқарасы,  шығарар  қорытындысы,  айтар  ақыл-өсиеті  қандай  екендігін  білдіреді.  Жақсы 

нəрсені  үлгі  ету,  жаманнан  жиіркеніш  тауып  бездіру  аталған  тақырыптағы  мақалдардың 

басты сарыны болып келеді.  

Өнер-білім, оқу, ғылым жайын сөз қылғанда, халық мақалы əңгімені бұлардың адам 

баласына  тигізетін  пайдасы  көп  екендігін  көрсетуден  бастайды.  Жақсылығы  көп  жарық 

дүние оқу-ғылым арқылы жасалады дей отырып, оны қараңғылық пен надандыққа қарама-

қарсы қояды, салыстыру жасап, түйінді қорытынды шығарады. «Оқу-білім бұлағы, білім-

өмір  шырағы», «Оқыған-озады,  оқымаған-тозады», «Білек  сүріндіре  алмағанды  білім 

сүріндіреді», «Өнерліге  өлім  жоқ»  деген  мақалдарымен  халық  өнер-білімді,  оқу  мен 

ғылымды  аса  жоғары  бағалайды.  Бағасын  бере  отырып,  ақылын  айтады:  оқы,  үйрен, 

білімді  бол

! - дейді.  Əрине,  оқу,  білім  алу  оңай  еместігін  де  халық  мақалына  қосады. 

Халық «оқу оқы, білім ал» дегенді текке айтпайды, білім алған адам халыққа қызмет етеді, 

пайдасын тигізеді, халықтың ілгерілеп алға басуына үлкен үлес қосады деп қарайды. Ал 

адам  оқымаса,  оған  ұмтылмаса  қараңғылық  пен  надандықтың  шырмауына  түседі, 

ғарыптық  халге  ұшырайды  деп  біледі.  Сондықтан  да  халықтың  бұл  алуандас  мақалдары 

жас ұрпаққа арналған үгіт, ақыл-өсиет, нақыл сөз болып отырады. Өмір бойына оқи бер, 

«оқып болдым, жетілдім» деуден сақ бол дегенді де ескертеді. 

Денсаулық,  тазалық-тəрбие  жайындағы  мақалдардан  халықтың  ерте  заманнан  келе 

жатқан  жəне  тұрмыс-тіршілігінде  сыналған  тəжірибелері  орын  алғандығын  байқаймыз. 

«Ауру-астан», «Саулық негізгі-тазалық», «Денсаулық-зор байлық», «Көзің ауырса, қолың 

тый, ішің ауырса, тамағың тый», «Аурудың алдын ал», «Жасыңда салақ болсаң, бара-бара 

былық  боларсың»  сияқты  мақалдар  халықтың  денсаулық,  тазалық  жайындағы  ұғым-

түсінігін  көрсетеді,  тазалық  сақтаған  адам  ауру-сырқаудан  аман  болады  деп  біледі. 

Мұнысы-халықтың  бүгінгідей  дəрігері,  емханасы  болмаған  кезде  жасаған  тəжірибесі, 

содан шығарған қорытындысы, жұрттың үлгі алуы үшін айтқан нақыл сөзі. 


 

25

Қазақ  мақалдарына  жоғарыда  жасалған  қысқаша  шолу-ауыз  əдебиетінің  бұл  түрі-



мазмұны  жағынан  болсын,  тақырыбы  жағынан  болсын  орасан  көп  дүние  екендігін 

көрсетеді.  Халықтың  ғасырлар  бойына  сақтап  келген  жəне  өзінің  тіршілік-тұрмысында, 

қоғамдық өмірінде қолданған мақалдары халықтың сипатын жоймай біздің заманымызға 

жеткенін  байқаймыз.  Халықтың  арман-мүддесін,  көзқарасын,  əрбір  қоғамдық,  таптық 

жағдайларға  берген  бағасын  білдіретін,  ақыл-өсиет,  нақыл  сөз  ретінде  айтылатын  бұл 

мақалдар бүгінгі күнде де өзінің қасиетін жоймақ емес. 

Қазақ  мақалдарының  өзіне  тəн  негізгі  бір  ерекшелігі-аз  сөзбен  көп  мағына 

беретіндігінде. «Аз  сөз-алтын,  көп  сөз-көмір»  дей  отырып,  халық  өзінің  мақалдарында 

мазмұнды əңгіменің «тобықтай түйінін» береді, ой-пікірін, көзқарасын əрі терең, əрі ашық 

айтады. 


Мақалдың  сөз  саптауы  олпы-солпы  болмайды,  етек-жеңі  жинақы,  ықшам  келеді. 

Айтылатын  пікір,  жасалатын  қорытынды,  берілетін  баға  толық  дəлелденген,  шыңдалып 

шынайыланған,  жанылып  өткірленген  болады.  Сондықтан  да  мақал  оралымды,  өткір 

болады. Мақалда дəлелдеу мен қорытынды пікір бірдей жүріп отырады.  

ішкі  құрылысы  жағынан  алғанда,  мақалдар  екі  түрлі:  біріншісі-айтайын  деген  ойын 

ашық  етіп  бірден,  турасынан  білдіреді.  Екіншісі-негізгі  ойды  астарлап  айтатын, 

ишаратпен  білдіретін  мақалдар.  Қазақ  мақалдарының  көпшілігі  осы  соңғы  түрге  енеді. 

Мұның  мысалдары  етіп, «Жығылсаң  нардан  жығыл», «Сырын  білмеген  аттың  сыртынан 

жүрме» деген мақалдарды алайық. Сырт қарағанда бұл мақалдарда айтылатын ой айқын, 

əрқайсысы өз орнында тұрған секілді. Бірақ олардың түпкі мағынасында басқа əңгімелер 

жатады. «Жығылсаң  нардан  жығыл»  дегенде,  нардан  жығылып  құлауды  айтып  отырған 

жоқ,  нардай  үлкен  іске  ұмтыл,  мақсатыңа  жете  алмасаң,  ол  айып  емес  деген  ойды 

білдіреді.  

Мақалдарға  тəн  ерекшеліктің  бірі-оның  құрылысында.  Мақалдар,  көбінесе,  бір 

сөйлемнен  құрылады.  Осындай  бір  сөйлем  арқылы-ақ  мағынасы  терең,  мазмұнды 

əңгімелерді жеткізе алады. Мысалы, «Кеңесті ел-кемімес», «Тіл-қылыштан өткір», «Ақыл 

жастан шығады, асыл тастан шығады».  

Мақалдардың  құрылысында  дыбыс  үндестігі,  бір  дыбысты  не  бір  сөзді 

қайталаушылық,  сөз  ұйқасымы  айрықша  орын  алады.  Мақалды  бұлай  етіп  құру,  оның 

мазмұнын тереңдете түсумен қатар, айтылатын негізгі ойды көркемдеп жеткізуге себепкер 

болады, соған көңіл аударады. «Болған іске болаттай беркі бол», «Үміт-үзілмес», «Ерлік-

елдің сыны», «Болған кісі болдым демес, болдым десе, болған емес» дегендерден дыбыс 

қайталаушылықтың, дыбыс үндестігінің үлгілерін көреміз. 

Мұнымен  қатар,  қазақ  мақалдары,  көбінесе,  өлеңнің  жеті-сегіз  буынды  жыр  түрінде 

жасалады. Негізгі ойды аз сөзбен өткірлеп, жеткізе айтуды көздеумен бірге, оның əдемі, 

көркем жəне ұйқасымды болып келу жағынан да қарастырады. 



Мəтел. Мақал мен мəтел құрылысы, түрі, сөз саптасы жағынан бір-біріне жақын жəне 

ұқсас  келеді.  Бірақ  өзара  айырмашылығы  да  бар.  Басты  айырмашылық  бұлардың 

мазмұнында.   

Қай  мақалды  алсақ  та,  оның  мазмұнында  өмірде  болған  елеулі  оқиға,  əңгімелер 

жатады, мақал соларға берілген даналық қорытынды, тұжырымды түйін болып отырады. 

Ал  мəтелдерде  бұл  секілді  мазмұнды,  оқиғалы  əңгімелер  өте  аз  кездеседі.  Мəтелдер, 

көбінесе,  сөз  айшығы,  көркем  теңеу,  сөз  образы  ретінде  қолданылады.  Егер  мақалда 

дəлелдеу  мен  қорытынды  пікір  бірдей  келіп  отырса,  мəтелде  бұл  екеуінің  бірі  ғана 

болады.  Мəтел  айтайын  деген  ойын  турасынан  білдірмей,  жанама  түрінде,  əртүрлі 

салыстыру,  теңеу  арқылы  жеткізеді,  кейбір  сөздерін  тыңдаушының  өзі  аңғарып  түсінер 

деген  оймен  əдейі  қалдырып  кетеді.  Бұл  мəтелдің  өзіне  тəн  ерекшелігінің  бірі  болып 

табылады.  

 

Сұрақтар мен тапсырмалар 

 


 

26

1. Мақал-мəтелдердің зерттелуі туралы айт. 



2. Мақал-иəтелдер қандай тақырыптарды өз ішіне қамтилы 

3. Мақал мен мəтелдің өзара айырмашылығы неде 

4. Мақал-мəтелдерді тақырыбына қарай топтастыр. 

 

Əдебиеттер: 

 

1. М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз əдебиеті. Алм. 1981. 

2. Ə.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы. Алм. 1991 

3 Жинақ. Қазақтың мақал-мəтелдері. Алм. 1986  

 


Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Сайын мұратбеков
2016 -> Мектептің педагогикалық тақырыбы: Оқу және тәрбие қызметіндегі білікті
2016 -> Арнаулы бiлiм министрлiгi
2016 -> Филология кафедрасы
2016 -> «Европа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы» пәнінен
2016 -> Бірінші межелік бақлауға арналған тапсырма
2016 -> Пәннің мақсаты мен міндеттері
2016 -> Ә. Е. Жұмабаева, М. Н. Оспанбекова Алматы «Атамұра» 2016
2016 -> «Тарихты оқыту әдістемесі» пәні бойынша дәрістер конспекті Тақырып№1: Кіріспе


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет