Пәнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені



бет6/60
Дата05.05.2023
өлшемі254,18 Kb.
#90271
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   60
Абайдың өмірбаяны

Абай өзінің «Отыз сегізінші сөзінде»: «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»- деген. Абайдың осы тұжырымының терең сырын жете білген М.Әуезов ақын шығармашылығына арналған ғылыми еңбектерінің шыңы «Абай Құнанбаев» монографиясының «Абайдың өмірбаяны» атты тарауын Абайдың ата-тегінен бастап тарата баяндаған. Оған қоса Абайдың өзі де әкесі Құнанбайдың азаматтық бейнесін сомдаған «Әбдірахман өлгенде» («Арғы атасы қажы еді») өлеңінде әке бойындағы үлгілі қадыр-қасиеттерін жан-жақты сипаттаған. Міне осы себепті және Құнанбай заманы мен Абай дәуірін өзара салыстыра отырып, отарлық езгіге түскен елінің саяси-әлеуметтік халін, заман бейнесін суреттеудегі Абайдың халықтық көзқарасының қалыптасу себептерін тануға мүмкіндік аламыз.


Жасынан ел билеу жұмысына араласып, халықтың саяси-әлеуметтік жайы, ел мүддесі жолындағы күресте араласқан ел билеушілер, достары мен ақын, өнерпаз шәкірттері, орыс демократтары сынды замандастарының әдеби ортасының өзара әсер ықпалдарының іздері Абай шығармаларында көрініс тапқан. Сол себепті де Абай шығармаларының жазылу жайы, текстологиясы, хронологиялық мерзімдерін дәйектеуде ақын замандастарының естеліктері, түрлі өмірбаяндық деректер, жазбалардың мәні зор. Олар: Ә.Бөкейхановтың «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» азанамасы, Д.Ысқақұлының «Абай (Ибраһим) Құнанбайұғлының өмірі» мақаласы, М.Дулатовтың «Абай» мақаласы, Т.Абайұлының «Әкем Абай туралы» өмірбаяндық естелігі, сондай-ақ 1940 жылғы Абай шығармаларының жинағында «Абайдың өмірбаянына қосымша материалдар» деген атпен М.Әуезов топтастырып бастырған «Көкбай әңгімелері», «Абай жайында Мәдияр, Қатпа, Архам, т.б. айтқан әңгімелер», «Мұсылманқұл Жиреншиннің әңгімесі», т.б. естеліктерді оқып игеру қажет.
Ең бастысы Абайдың шығармашылық ғұмыр жолын терең білу үшін М.Әуезов жазған Абай өмірбаянының төрт нұсқасы (1924,1933,1944,1951) мен «Абай жолы» роман-эпопеясын ыждаһатпен оқу керек.
Абайдың әдеби ортасы

Абай, ең алдымен, ақын. Ал «ақын жолы халық жолымен, тарих жолымен қабыса табысқан шақта оның өзіне өлім жоқ, сөзіне заман, дәурен шегі жоқ». Абайдың мұндай заңғар биікке көтерілу жолын тану – Абайдың әдеби ортасын танудан басталады.


Абайдың әдеби ортасы ұғымын М.Әуезов екі үлкен салаға бөліп қарастырған. Оның алғашқысы - Абайдың өзі нәр алған рухани қазына көздері. Олар: төл әдебиет, Шығыс әдебиеті және орыс, сол арқылы Батыс әдебиеті. Ал екіншісі - Абайдың өзгеге берген нәрі. Оған Абайдың ақын шәкірттері мен Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушыларды жатқызған. Ал бұл мәселелер М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» және «Абай еңбектерінің биік нысанасы» атты мақалаларында тұжырымдалған.
Өзі нәр алған рухани қайнарлардағы ой-танымдарды дана ақылдың диірменінде қорытып, заманы мен келешектің өлмес, өшпес бұйымы ретінде туған халқына ұсынудағы кемеңгердің шығармашылық ғұмыр жолын ғылыми тұрғыда танытуда Абайдың ақындық кітапханасының ауқымен білудің мәні зор. Ол үшін Абай шығармаларында кездесетін әдеби-тарихи деректер мен оларды қолданудағы Абайдың идеялық мақсат-мүддесін айқындай білу қажет. Мысалы, Абай шығармаларында кездесетін Дауани, Аристотель, Сократ, Ескендір, «Бабурнама», Құтайба, т.б. есімдер мен шығарма аттарын Абай өз туындыларында не мақсатпен, не себепті атап отыр. Бұл бағытта Абай қолданған өзге тілдегі сөздердің де маңызы ерекше. Өйткені оларды Абай өзінің ағартушылық, гуманистік идеяларын халыққа жеткізуде саралап, ойының нәрін, сөзінің мәнін анық, дәйекті түрде айтуда қолданған. Ол сөздердің көпшілігінің Ислам дінінде, Шығыс фәлсафасында терең терминдік мәні, кең ауқымды мағыналық ұғым беретін мазмұнды сипаттары бар. Абай қолданған мұндай сөз бен сөз тіркестерінің жалпы саны - 578. Олардың 402-сі араб, 50-і парсы, 5-уі латын, 25-і татар, ноғай, 62-сі орыс, 27-сі шағатай, 4-уі түрік тілінен алынса, грек, поляк, қытай тілдерінен бір-бір сөзден қолданған. Сондай-ақ түркі руханияты, Шығыс, Батыс ойшылдары мұраларындағы ой тұжырымдардың Абай шығармаларындағы заманға сай жаңғырып, өзгеше реңде жаңарып көрініс беруінен де Абайдың әлемдік ой-таным кеңестігінің көкжиегін тани аламыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   60




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет