Практикалық жұмыс 1945 жылдан кейінгі білім беру зерттеулері Орындаған: Бейсенбекова Айбота



Дата27.10.2022
өлшемі114,66 Kb.
#45884

Практикалық жұмыс 2.1945 жылдан кейінгі білім беру зерттеулері

Орындаған:Бейсенбекова Айбота


Соғыстан кейінгі жылдардағы Қазақстандағы сауаттылық пен білім беруді дамытудың ахуалы қарастырылады. 1945-1955 жылдар республикадағы білім беру саласындағы ең күрделі үдерістер орын алған кезең. Республикадағы экономикалық тұрақсыздықтың салдарынан балалардың толық қамтылмауы, оқыту тілін білмеуі сауаттылық пен білім беру деңгейін тежеді. Сонымен қатар, жергілікті ұлт өкілдерімен бірге, соғыс жылдары елімізге депортациялау барысында қоныс аударған халық – арнайы қоныс аударушыларды орналастырумен қатар, олардың сауаттылығын арттыру және мектепке тарту, білім беру жұмыстарында көптеген қиыншылықтар орын алды.
Соғыстан кейінгі жылдары КСРО-да қоғамдық өмірдің барлық аспектілерін модернизациялау ғылыми жетістіктерді қолдану саласының едәуір кеңеюіне әкелді. Ол үшін кеңес адамының кәсіби даярлығының сапасына тікелей әсер ететін ғылыми білімнің негіздері қоғамдағы білім беру жүйесінің басты буыны болып табылатын жалпы білім беретін мектепте қаланатындығына назар аударыла бастады. Сонымен бірге қоғамның экономикалық, әлеуметтік және моральдық дамуы көбінесе білім беру жүйесінің жағдайына байланысты. Білім беру жүйесін жаңғыртпай ел дамуында нақты ілгерілеушілік болмайтыны айдан анық. Мемлекеттің міндеттеріне сәйкес келетін білім азаматтарға елдің экономикалық өміріне тезірек және тиімді қосылуға, әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Шетелдік және отандық тарихи тәжірибе білім беру ісі елдің дамуын жеделдетудің маңызды шарттарының бірі екенін көрсетіп келеді. Сондықтан мемлекет әрқашан еліміздегі білім беру жүйесін реформалау проблемаларына, ең алдымен жалпы білім беретін мектепті реформалауға назар аударады.
Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ КСР-інде, бүкіл ел бойынша, ауылда және қалада он жыл бойы жалпыға бірдей міндетті жеті жылдық оқытуды жүзеге асыру уақытша тоқтатылды, балаларды мектеппен қамту айтарлықтай төмендеді. Ал соғыстан кейінгі жылдары мектептерді біртіндеп қаржыландыру, оларды техникалық жабдықтармен және қажетті заттармен қамтамасыз ету басталды. Политехникалық білім беруге баса назар аударылып, оның негіздері мектеп мекемелерінде оқытылды. Қала мен ауылдық жерлерде мектеп ашу, балаларды мектепке тарту, мектеп салу, оқулықпен қамтамасыз ету, оқу бағдарламаларын дайындау мәселелері кезек күттірмейтін маңызды мәселе ретінде күн тәртібіне қойылды.
Өкінішке орай, тәуелсіз Қазақстан Республикасында жалпы білім беретін мектептің даму тарихы туралы арнайы ғылыми зерттеулер өте аз. Сондықтан біз ертерек кезеңнің бірқатар жалпылама еңбектерін қарастырдық. Аталған жұмыстардың өзіне тән ерекшелігі Қазақстандағы кеңестік мектептің әр түрлі уақыт кезеңдеріндегі даму көрінісін ауқымды мұрағаттық статистикалық материалдар негізінде зерттеуінде. Көптеген күрделі мәселелерді шешу қажет болды: Ұлттық мұғалімдердің кадрларын дайындау, Оқыту тілі, оқу құралдарын құрастыру, қазақ қыздарымен мектеп егу және т.б. мәселелерді шешу. Дәл осы факторлар мектептегі білім беруді дамыту зерттеушілерінің назарын аударды.
Республикадағы білім беру тарихы мен кеңестік кезеңдегі жалпы білім беретін мектеп тарихының дәстүрлі мәселелерін қамтитын Г.К. Задорожныйдың «Школы Казахстана (1946-1970 гг.)» тақырыбындағы алғашқы еңбекте Қазақстан Компартиясының басшылық ету, республика мектептерінің оқу-материалдық базасын нығайту жөніндегі іс-шаралары, педагогикалық кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі партиялық ұйымдардың қызметі мәселелері қарастырылады (Задорожный, 1975:246). Кітапта республика мектептері құрылысының динамикасы келтірілген. Соғыстан кейінгі алғашқы онжылдықта колхоздар есебінен мектептер салу басым болды. Осы уақыт ішінде колхоздар 1427 мектеп салса, мемлекеттік бюджет есебінен 108 мектеп салынған. Автор 1946-1970 жылдары мектеп құрылысын қаржыландыруды арттыру нәтижесінде Қазақстанда 1917-1945 жылдары құрылған мектеп қорынан екі есе артық мектеп қоры құрылғанын айтады. 1940-1970 жылдар аралығында республика халқы мектептегі білім берудің жалпы динамикасымен бірге 6148 мың адамнан 13009 мың адамға дейін өсті, зерттеуші республикадағы қазақ, аралас, ұйғыр, өзбек, тәжік мектептері туралы да мәліметтер келтіреді.
Білім беру саласының дамуына арналған еңбектерді зерделей отырып байқағанымыз, Батыстың индустриалды елдерімен бір уақытта Кеңес Одағы соғыстан кейінгі жылдары тез өзгеретін өндірістік-техникалық және технологиялық ортамен білім беру жүйесін барабар дамыту проблемасына тап болды. Қоғамдық-тарихи дамудың мектеп және ЖОО білім беру жүйесіне әсер етуінің осы факторына қазақстандық білім беру тарихын зерттеушілер назарынан тыс қалды. 1960-1989 жж. зерттеушілер негізінен мектеп және жоғары оқу орындары білімінің дамуындағы динамизм мен ілгерілеушілік, мектептер мен жоғары оқу орындарының өсу ауқымдылығын ғана зерттеп келген. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарының тарихы қоғамдық даму процестері контексінен тыс, оқшау қарастырылған. Бұл ең алдымен, жоғары оқу орындары мен мектептердің даму тарихын біржақты жария ету Қазақстанның мәдени саладағы жетістіктерін суреттеу, дәріптеу және осы тәжірибені үшінші әлем елдері үшін насихаттау қажеттігінен туындағаны анық.
Соғыстан кейінгі жылдары мектеп мұғалімдері біліктілігінің төмен деңгейі де күрделі әрі маңызды мәселе болғандықтан оны жедел шешу қажеттілігі күн тәртібіне қойылды. Мектептерде тіпті орта білімі жоқ мұғалімдер аз болған жоқ. Бір мұғалім қатарынан екі сыныпта сабақ өткізіуіне тура келген жағдайлары кездесті. Осыған орай мектептерді білікті оқытушылармен қамтамасыз ету үшін бесінші-жетінші сыныптарға арналған мұғалімдерді даярлау бойынша он айлық курстар, бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау бойынша айлық курстар ашылды. Әскери және соғысқа дейінгі жылдары көптеген балалар тек бастауыш білім алды немесе мүлдем оқымады.
Республикадағы 1950-ші жылдардағы мектептегі білім беруді дамытудың негізгі қорытындыларын, жалпы білім беретін мектептерді қаржыландыру көлемінің өсу серпінін, мектептер мен оқушылар санының артуын Қазақстандағы мәдени революцияның шешуші табыстарының мысалы ретінде қарастырғанымыз дұрыс болар. Сондай-ақ бейімділіктер мен сұраныстарды ескере отырып, оқушыларды кәсіби даярлаудың орнына мектептердің политехникасын енгізуге деген ұмтылысы да арта түседі. Мектептегі білім берудің политехникасына бет бұру қажеттілігі елдің ғылыми-техникалық революция дәуіріне ену қажеттілігімен емес, партиялық және мемлекеттік шешімдерді орындау қажеттілігімен тікелей байланысты болғандығын ашық айтуымыз керек.
1940 ж. 11 қараша – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 5-ші сессиясы «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылдады.
1946 ж. – «Қазақ орта мектебін нығайту туралы» Қазақстан КП ОК қаулысы қабылданды
1947 ж. – КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР-інде жоғары және орта білім беруді дамыту туралы» қаулысы қабылданды.
1949/50 оқу жылы – жалпыға бірдей 7 жылдық оқытуға көшу басталды.
1959 ж. наурыз – Республиканың Жоғарғы Кеңесі «Мектептің өмірмен байланысын нығайту және Қазақ КСР-інде халыққа білім беру жүйесін одан әрі дамыту туралы» заңды қабылдады;
1962/63 оқу жылы – республикада 7 жылдықтан 8 жылдық білім беруге өту толықтай аяқталды (Педагогическая энциклопедия, 1965:331-332).
Көріп отырғанымыздай республикадағы білім беру ісінің алғашқы кезеңі 1920-30-шы жылдарды қамтыса, екінші кезеңі осы біз қарастырып отырған ең күрделі кезең – 30-шы жылдардың соңы - 50-ші жылдардың аяғы. Алғашқыда 20-30-шы жылдары жүргізілген сауатсыздықты жою жөніндегі қарқынды жұмыс өз нәтижелерін берді. Мәселен, 1939 жылғы санақ бойынша Қазақстан халқының 76,3%-ы сауатты болған. 1940 жылы республикада 1 138 187 оқушысы бар 5 289 бастауыш, 1 770 жеті жылдық және 698 орта мектеп жұмыс істеді. Педагогикалық кадрлар ҚазМУ-да, 13 педагогикалық және мұғалімдер институттарында және 23 педагогикалық училищелерде дайындалды. Егер салыстырмалы түрде қарастырсақ, соғыс жылдары республика 149 және 19 мың балалар мекемелері жұмыс істеген. КСРО-ның батыс аймақтарынан көшірілген балалар, балалар үйлерінің саны артты. Кәсіби техникалық және орта арнайы білім беру жүйесі тез дамыды.
1940 жылы Қазақстанда 35 кәсіптік оқу орны ұйымдастырылды, соғыс жылдары жыл сайын фабрика-зауыт училищелерінде 26 мыңнан астам адам оқыды. 30-жылдардың соңында республикада 5 мыңнан астам маман даярлаған 120 орта арнаулы оқу орны болды. Жоғары білімнің дамуы жалғасты. Республика тарихында тұңғыш Жоғарғы оқу орындары - 1927 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты, 1934 жылы Қазақ университеті құрылды. 1936 ж. бірыңғай оқу-әдістемелік басшылықты енгізген жоғары оқу орындарына түсу тәртібін реттейтін қаулылар қабылданды. 1938 жылы ҚазМУ жанынан Қазақстандағы алғашқы аспирантура ашылды. Соғыс жылдарында республиканың жоғары оқу орындарының саны артты. 1943 жылы Шет тілдер педагогикалық институты, 1943 жылы Шымкент құрылыс материалдары технологиялық институты, 1944 жылы Алматы қаласында Консерватория және қыздар педагогикалық институты ашылды. 1946 жылы Алматыда Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылды. Қазақстанның ғылымы мен ғылыми мекемелерінің қарқынды өсуі соғыстан кейінгі кезеңде басталады. 1946 ж. 1 мамырда Қазақстан Ғылым Академиясының салтанатты ашылуы өтті. Оның тұңғыш Президенті көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаев болды ((Академия наук Республики Казахстан. Хроника событий, 2007:309-310).
1950 жылдың соңына қарай Қазақ КСР Ғылым Академиясы жүйесінде 50 ғылыми-зерттеу мекемесі жұмыс істеді, оның ішінде 19 институт, 13 сектор, екі мұражай, обсерватория, үш ботаникалық бақ және 8 ғылыми база бар. Қазақ КСР Ғылым Академиясында ғылыми-техникалық прогреске өз үлесін қосқан 500-ге жуық аспирант оқыды (Академия наук Республики Казахстан. Хроника событий, 2007:173).
Соғыстан кейінгі кезеңде Жоғарғы мектеп ісі дамудың жаңа жолына түсті. Оның мысалы ретінде 1950 жылы Қарағанды медициналық, 1951 жылы Семей мал дәрігерлік, 1953 жылы Қарағанды тау-кен институты құрылды. Бұл жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық кадрлары эвакуацияланған және репрессияға ұшыраған ғалымдар мен педагогтар есебінен жинақталды. Көріп отырғанымыздай, Қазақстанның ғылымы мен ғылыми мекемелерінің қарқынды өсуі соғыстан кейінгі кезеңде басталады.
Сонымен бірге қоғамның экономикалық, әлеуметтік және моральдық дамуы көбінесе білім беру жүйесінің жағдайына байланысты. Білім беру жүйесін жаңғыртусыз ел дамуында нақты ілгерілеушілік болмайтыны айдан анық. Мемлекеттің міндеттеріне сәйкес келетін білім азаматтарға елдің экономикалық өміріне тезірек және тиімді қосылуға, әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Шетелдік және отандық тарихи тәжірибе білім беру елдің дамуын жеделдетудің маңызды шарттарының бірі екенін көрсетеді. Сондықтан мемлекет әрқашан еліміздегі білім беру жүйесін реформалау проблемаларына, ең алдымен жалпы білім беретін мектепті реформалауға назар аударды. 

Рақмет назарларыңызға!!!



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет