Практикалық конференциялардың материалдары және ақындардың арнау өлеңдері мен жыр-дастандары енгізілген



Pdf көрінісі
бет1/22
Дата29.01.2017
өлшемі13,56 Mb.
#2961
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
2961

ДАУЫЛПАЗ БАБА 
ҚОЖАБЕРГЕН
ЖЫРАУ
Тарихи-танымдық жинақ
А с т а н а – 2 0 1 4

Қ
ҰРАСТЫРҒАНДАР: АБАЙ ТАСБОЛАТОВ, 
                                             ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Бекет Тұрғараев, Бүркітбай Аяған, Диқан Қамзабекұлы, Зиябек Қабылдинов, 
Өмірзақ Озғанбаев, Сабыр Қасымов,  Ерік Сұлтанов, Серік Қирабаев, Уәлихан 
Қалижан, Ханкелді Әбжанов, Талғат Мұсаев  
Қ 56 Дауылпаз баба Қожаберген жырау. Тарихи-танымдық жинақ 
     / Құраст.  Абай Тасболатов, Жарасбай Сүлейменов. – Астана: Фолиант, 
    2014. – 376 б.
ISBN 978-601-292-926-3 
Дауылпаз жырау, қаһарман қолбасшы, көрнекті қайраткер, ділмар шешен 
 
Қожаберген Толыбайұлының өміріне, қоғамдық қызметі мен шығармашылығына 
арналған бұл еңбекке Қожаберген жырау туралы  тарихи-танымдық мақалалар, батыр 
бабамыздың туғанына 350 жыл толуына орай Алматыда, Астанада өткен ғылыми-
практикалық конференциялардың  материалдары және ақындардың арнау өлеңдері мен 
жыр-дастандары енгізілген. 
Кітап әдебиетші, тарихшы ғалымдар мен мамандарға, студенттерге және осы 
тақырыпқа қызығушылық білдіретін көпшілік оқырман қауымға арналған.
© Тасболатов А., 
     Сүлейменов Ж., құраст., 2014
© «Фолиант» баспасы, 2014
ISBN 978-601-292-926-3
УДК 821.512.122 
ББК 84 (5 Қаз)
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің 
әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы 
бойынша жарық көрді
УДК 821.512.122 
ББК 84 (5 Қаз)
 Қ 56

3
Қожаберген жырау – 350
АЛҒЫ СӨЗ
Е
геменді ел болуымыздың барысында қазақ тарихы үшін де 
күншуақты, ақжарылқап заман туды. Өткен-кеткенімізді, 
барымыз бен жоғымызды түгендеп қана қоймай, қилы-
қилы себептермен ғасырлар бойы ұмыт болған көр нек-
ті қайраткерлеріміз бен батырларымызды, ақын-жырау-
ларымызды жарыққа шығарып, рухани тірілтіп, туған 
халқымен қайта қауыштырдық. Мұндай игілікті іс, қа-
дам-қарекеттердің шарапаты жалынды жырау, батыр қолбасшы Қожаберген 
Толыбайұлына да тиді.
Кейінгі он-он бес жылдың көлемінде Қожаберген жырауды елге таны-
ту, мұраларын жинақтау, есімін есте қалдыру бағытында қыруар шаруалар 
атқарылды. Бұған дейін жұртшылық оны «Елім-ай!» әні мен дастанының авто-
ры деп біліп келсе, ендігі жерде ел басына күн туғанда қолына найза ұстап, жауға 
шапқан батыр,  қол бастаған қаһарман сардар, өз заманының заңғар қайраткері 
ретінде кең көлемде танып білді. «Жақсының аты өлмейді» демекші, еліне ерен 
еңбегі сіңген, даңқты бабамыз  Қожаберген жырау Толыбайұлы тарихи тұлға 
ретінде руханиятымыздан өзінің лайықты орнын алды. Басына айшықты да ай-
бынды кесене тұрғызылды. Есімі көшелер мен алаңдарға, мектептерге берілді. 
Айтулы ғалымдар мен мамандардың, білікті тарихшылар мен әдебиетшілердің 
басын қосқан алқалы жиындар мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар 
өткізілді. 
Қазақстан Республикасының Үкіметі  қожабергентану тақырыбына жете 
мән беріп, 2012 жылдың желтоқсанында арнайы қаулы қабылдады. Соған 
сәйкес  2013 жылы Қожаберген Толыбайұлының туғанына 350 жыл толу ме-
рейтойы еліміз көлемінде лайықты деңгейде тойланды. Алматы мен Астанада 

4
        Қожаберген жырау – 350
көпшілікке танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдардың,  белгілі қоғам, мемлекет 
қайраткерлерінің қатысуымен үлкен басқосу – ғылыми-практикалық конферен-
циялар ұйымдастырылды. Мұның соңы Солтүстік Қазақстан – Қызылжар 
өңіріндегі түрлі мәдени іс-шараларға  (ат бәйгесі, ақындар мүшәйрасы, концерттік 
бағдарлама, т.б.) ұласты.
Осынау елдік, мемлекеттік маңызы бар, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні 
зор іс-шараны өткізуге кеңінен қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы-
ның Үкіметіне, Білім және ғылым министрлігіне, Мәдениет және ақпарат 
министрлігіне, сондай-ақ,  ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқан 
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен М. Әуезов 
атындағы Әдебиет және өнер институтына, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы 
Еуразия ұлттық университетіне, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне ай-
тар алғысымыз шексіз.
 «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» демекші, бұл істердің басы-қасында 
ұйыт қы болып, сөз жоқ,  біздің «Жеті Жарғы» және Қожаберген жырау» 
халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қоры жүрді. Бұл мақсатта қордың 
мүшелері мен қызметкерлері  айтарлықтай істер тындырғанын  айтып өту парыз.
Алайда, Қожаберген сынды тарихи тұлғаны ұлықтау ісі мұнымен шектеліп 
қалмайды, әлі де жалғасын таба береді деген ойдамыз.
Сондай үкілі үміт, ізгі мақсатпен, қожабергентану бағытында жасаған іс-
теріміздің, атқарған жұмыстарымыздың, ұйымдастырып, өткізген іс-шара ла-
рымызды бір қорытындылап, қолға тиген материалдарды  жинақтап  кітап етіп 
шығарып, көпшілік қауымның назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Бекет Т
ҰРҒАРАЕВ
«Жеті Жарғы» және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық 
қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор

БІРІНШІ БӨЛІМ
Қожаберген – 
ұлт ерлігінің символы

7
Қожаберген жырау – 350
ТАРИХТАН ТАБЫЛҒАН ТҰЛҒА
Ерік СҰЛТАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
Т
әуелсіздіктің арқасында  рухани жарыққа шығып, хал-
қымен қайта қауышқан тарихи тұлғалардың бірі – Қо-
жаберген жырау.  Ақиқатын айту керек, кешегі кеңес 
өкіметінің тұсында біз оны «Ақтабан шұбырынды, Ал-
қакөл сұлама»  заманынан жеткен әйгілі «Елім-ай» әні-
нің авторы  ретінде ғана там-тұмдап біліп келдік. Өйт кені, 
ресми билік пен таптық саясат мұндай ұлттық  тұлғалар 
мен қайраткерлердің танымал болуына аса мүдделі және құлықты болмады.  
Тек, еліміз егемендік алып, дербес мемлекет болған тұста ғана парасаты биік, 
отаншыл азаматтардың белсенді қадам-қарекеттері мен білікті тарихшы және 
әдебиетші  ғалымдардың  тынымсыз ізденіс пен зерттеулерінің нәтижесінде Қо-
жаберген сынды даңқты бабаларымызды  жан-жақты  танып  біле бастадық. 
Сонау ХVII ғасырда өмір сүрген Қожаберген Толыбайұлының бірді-
екілі «Елім-ай» сияқты ән мен дастан ғана емес, «Күлдірмамай», «Қойлыбай 
көрген», «Қарасары Болат керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Жеті Жарғы», 
«Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», 
«Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр», т.б. ондаған құнды әдеби шығарма 
қалдырған ақын-жырау әрі ел басына күн туған сәтте қолына найза ұстап жауға 
шапқан ержүрек батыр, қол бастаған әскери қолбасшы, сондай-ақ тоқсан ауыз 
сөздің тобықтай түйінін айта білген ділмар шешен  болғаны белгілі болды.
Осынау жаңа тарихи кезеңде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Та-
рих толқынында» деген еңбегінде «Өз тарихыңның түп-тамырын танып-білу, 
ата-бабаларыңның ауқымды іс-әрекетін мақтаныш ету, өктем дәуірдің әр түрлі 
кесапат-кемшіліктерінен арылу, кәзіргі заманға лайық сананы қалыптастыру, 

8
        Қожаберген жырау – 350
ұлттық бірігуге қуатты серпін береді» деп айтқаны көңілге жылылық ұялатып, 
жарқын істерге жетеледі.
Осындай ізгі мұрат, жасампаз ұмтылыс-әрекеттердің  ықпалымен  2000 жыл-
дың 19-21 желтоқсан күндері ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдас-
тыруымен, көрнекті тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың ұйытқы 
болуымен біздің Қызылжар өңірінде, Петропавл қаласында «Қожаберген жы-
рау Толыбайсыншыұлының  Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын ор ны» 
деген тақырыпта тұңғыш рет республикалық ғылыми-теориялық конферен-
ция өткізілді. Конференцияның жұмысына белгілі ғалымдар мен мамандар, та-
нымал тарихшылар мен әдебиетшілер қатысып, мазмұнды да құнды баяндама-
лар жасады, Қожаберген жырауды  әр қырынан ашып көрсетті. Мұның өзі сол 
кезеңде мемлекетіміз айрықша мән берген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясын-
да атқарылған игілікті іс-шаралардың  бірі болатын.
Осы секілді 2010 жылы маусымда Қызылжарда өткен халықаралық конфе-
ренцияда қоғам және мемлекет қайраткері, әйгілі академик заңгер Салық Зи-
мановтың «Қожаберген – біздің тарихымыздағы тұтас құбылыс, бүкіл ғұмырын 
қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ұлы тұлға» деп айтқаны 
көпшіліктің есінен әлі шыға қойған жоқ.
«Жақсының жақсылығын айт» демекші, соңғы он-он бес жылдың кө-
лемінде  республикаға танымал заңгер, заң ғылымдарының докторы, профес-
сор  Б. Тұрғараевтың жетекшілігіндегі «Жеті Жарғы» және Қожаберген жы-
рау» халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қорының белсене жұмыс істеп, 
Қожаберген жыраудың әдеби мұраларын жинақтап, қайта басып шығару, 
есімін есте қалдыру бағытында үлкен іс-шараларды атқарғанын айтып өту па-
рыз. Ол үшін шынайы алғыс  сезімімізді білдіреміз. Осы қордың бастамасымен 
Қожаберген жыраудың басына айшықты күмбез орнатылып, ас берілгенін, Жам-
был ауданының орталығы Пресновка ауылындағы қазақ мектебінің алдында-
ғы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылғанын, мектепте 
мұражайы ашылғанынан жұртшылық жақсы біледі. Осы сияқты Петропавл 
қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы  жыраудың  есімімен аталады. 
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 желтоқсанда қабыл-
данған арнайы қаулысына сәйкес биылғы 2013 жылы Қожаберген жырау 
Толыбайұлының 350 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен атап 
өтілді. Үкімет қаулысына орай «Жеті Жарғы» және Қожаберген жырау» 
халық аралық қоғамдық-қайырымдылық қорының, Ш. Уәлиханов атындағы 
Тарих және этнология институты және М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер 
институтының бастамасымен  алдымен Алматыда, кейіннен Астанада Қожабер-
ген бабамыздың 350 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибе-

9
Қожаберген жырау – 350
лік конференциялар өткізілді. Аталған ғылыми жиын мен басқосулардың бары-
сында  Қожаберген жыраудың өмірі мен қызметіне, сондай-ақ ол өмір сүрген 
тарихи кезеңге қатысты  құнды-құнды деректер мен мәліметтер айтылды. Олар-
дың қай-қайсысының да  біздің тарихымыз бен әдебиетіміз, жалпы ғылымымыз 
бен руханиятымыз үшін маңызы зор болмақ. Мұның арты біздің әкімшілік-
тің белсене араласуымен Солтүстік Қазақстан облысында түрлі тағылымдық, 
мәдени іс-шаралармен жалғасын тапты.
Ақын-жырау, қаһарман қолбасшы, өз заманының көрнекті мемлекет қай-
раткері Қожаберген Толыбайұлының біздің Қызылжар өңірінде дүниеге келіп, 
өмір сүргені, күллі қазақтың мүддесіне қызмет еткені  біз үшін үлкен мақта-
ныш әрі бұл үлкен жауапкершілік пен зор міндеттер жүктейді. Қазақта «Атаңа 
не көрсетсең, алдынан сол шығады» даналық сөз бар. Сол айтқандай, біз өткен 
тарихымызды естен шығармай, ата-бабамызға қандай құрмет көрсетсек, кейінгі 
жастар да соны қайталайтын болады. Сондықтан да Қожаберген жырау сияқты 
кемеңгер тұлғалардың елге сіңірген еңбегі, халыққа жасаған қызметі әрқашан 
елеп, ескеріліп,  ұмыт қалмай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отыруы тиіс. Оқырман 
қауымның назарына ұсынылып отырған осы кітап та осындай ізгі мақсаттағы 
амал-әрекеттердің бірі болып іспеттес.

10
        Қожаберген жырау – 350
ДАУЫЛПАЗ БАБА – ҚОЖАБЕРГЕН
Манаш ҚОЗЫБАЕВ,
академик
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Сөздің ең ұлысы, ең сипатты сы тарих», – 
деген еді. Әлем тарихы екіге бөленеді: бірі – адамдар тарихы; екіншісі – табиғат 
тарихы. Атақты тарихшы Плутархтың өзінің «Жизнеописания» деген еңбегінде: 
«Біз тарих емес, өмірбаян жазамыз» деуі осыдан.
Тәуелсіздік заманасында ғасырлар бойы бодан болып, мүсәпір болған ба-
сымыз еркіндік алды. Ата тарихына үңілді, ана тіліне сүйінді, өзінің мәңгүрт 
болған болмысына күйінді. Біз он жыл бойы ата тарихын саралап, тарих қой-
науын аралап, ұлыларымызды даралап жатырмыз. Осы тұста бірнеше қағиданы 
ұстанғанымыз дұрыс сияқты.
Біріншіден, біздің аруағына сыйынатын, мұрасына жылынатын бабамыз – 
ұлттық тұлға болуы керек: ауыл-аймақ, ру, тайпа төңірегінен аспаған, буыр-
қанып жау аптығын баспаған, ұлтына деген сүйіспеншілігінен туындаған мұра-
сын шашу етіп шашпаған ата-бабаларымыздың ұйқысын бұзбағанымыз абзал.
Екіншіден, ата-баба аруағы ойыншық емес. Ұлылар бір ауылдың, облыстың, 
тайпаның еншісі емес. Егер біз Қаракерей Қабанбайды тек найман болып, 
Қанжығалы Бөгенбайды тек арғын болып, Қожаберген жырауды тек керей бо-
лып, Баян батырды тек уақ болып, Қарасай батырды тек шапырашты болып 
той ласақ, бұл – ұлттың өскені емес, өшкенінің белгісі.
Үшіншіден, аруаққа табыну науқан емес. Ұлылар, олардың мұрасы тәрбие 
ісінде үздіксіз араласуы үшін оларға деген көңіл-пейіл, ықылас та үздіксіз, үзіліс-
сіз болуы керек.
Пендешілікті қойып, әділдігін айтсақ, ата тарихын таразылауда қол жеткен 
табысымыз аз емес. Соңғы он жылда Абылай хан қазақ тарихының есігінен 
төріне шықты. Алаштану туы көтерілді. Көкірегі басылып келген абайта-

11
Қожаберген жырау – 350
ну тұлғаланып әлемдік аренаға шықты. Әуезовтану, сәтбаевтану қалыптасты. 
Бұқар баба сайын даланың данасы ретінде танылды. Дала өркениетінің тари-
хын әлемдік тарихтың құрамды бөлігіне айналдырып таныту басталды. Бүгін 
біз күн тәртібіне қожабергентануды қойып отырмыз. Осы тұста тарихқа түсер 
сауал бар: «Қожаберген кім, оның Отан тарихындағы орны қандай? Тұтас бір 
қожабергентану саласын қалыптастырудың негізі бар ма, құлашымызды бекерге 
сермеп жатқан жоқпыз ба?»
Ендеше осы сауалдарға жауап іздеп көрейік, ағайын!
Қожаберген – батыр, баһадүр, көрнекті мемлекет қайраткері, дауылпаз 
жырау, замана дүлдүлі, оның өмір жолы қазақ тарихымен сабақтас. Тарихи 
әдебиетте басы ашылмай келе жатқан бір проблема: «Қазақ-қалмақ соғыс та-
рының қанша уақытқа созылуы». «Жоңғар хандығының қазақ жеріне жой қын 
шапқыншылығы 1710-1711 жылдарда басталды», – дейді зерттеушілердің бірі. 
«Воспользовавшись таким сложным международным положением и подстре-
каемые недоброжелательными соседями, джунгары калмыки осуществляли 
постоянные набеги и на казахские земли в 1599-1750 гг. Течение 150 лет», –
дейді тарихшының екіншісі. Бұл арада мен ол тарихшыларды жазғырудан 
аулақпын. Бірі қазақ-қалмақ қарама-қарсылығының ең күшейген тұсын айт-
са, екіншісі – қазақ-қалмақ соғыстарының жүйелі, үзіліссіз кезеңін меңзейді. 
Бірақ бұл пайымдаулармен мәселе бітпейді. Екі ұлы империяның қыспағында 
қалған екі жауынгер түркі тектес халықтар аспан астында бір-бірімен жер үшін, 
жайылым үшін, «өмірлік кеңістік» үшін, Орталық Азия даласы үшін ойраттар-
 дың Моғолстан аймағына алғашқы жаугершілігі ХVІ ғасырдың аяғынан бас-
талады. Ойраттар – Моңғол империясы Үгедей ұлысы моңғолдардың батыс 
бұтағы.
«ХV ғ. 30 жылдары жоңғарлар Ыстықкөл төңірегіне жетті, – деп жаза-
ды Мырза Хайдар Дулати, – ал Есен тайпа кезінде 1452 ж. Шу өзенінің 
жағасы на жетті, 1457 ж. Ортаңғы Сырдария алқабын тонады».
«Ақтабан шұбырындыдан» кейін Ұлы жүз және орта жүздің бір бөлігі 
Жоңғарияның   суверендігін   мойындады.   Қазақ-қалмақ  соғыстары   ХІV  ғ. бас-
талып, 1771 жылға дейін созылды. Үздік-создық, бірде шабысып, бірде алы-
сып, түркі тектес екі халық үш жүз алпыс-жетпіс жыл шамасы өзара қырқысты.
Қожаберген бабаның жеті атасы – осы төрт ғасырға жуық қазақ-қалмақ 
соғыстарын өз бастарынан өткізген қаһармандар.
Шоқан Уәлиханов өзінің «Абылай» атты еңбегінде: «В предании киргизов 
Абылай носит какой-то поэтический ореол, век Абылая у них являются веком 
киргизского рыцарства», – деп жазады.

12
        Қожаберген жырау – 350
Кейбір әдебиетшілер Шоқанның «век рыцарства» дегенін «ерлік пен серілік 
заманы» деп аударыпты. «Елім-ай» дастанында:
Бұл заман болды елге қиын заман,
Шіріткен тамам елдің миын заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қағынды қазақ үшін биыл заман, –
деп бағалап еді. Ендеше сонау ХVІІІ ғ. қазақ сахарасында еуропалық серілік-
тің ауылы алыс болса керек.
Шоқанның «рыцарства» деген ұғымына жауапты Ахмет Байтұрсыновтан 
табамыз. «Ошақ басы, үй-ішінің қамы сияқты өмірдің ұсақ мақсат жағымен 
азаматтары есептеспей ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін 
құрбан қылмайтын нәрсесі болмағанын көреміз». Қобыланды батыр жырын 
талдай отырып Ахаң ата-анадан, жардан, туысқаннан да «батырға қымбат 
нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деуі осыдан.
Ендеше Абылай хан заманында рыцарлық адами болмысты Отан болмы-
сына бағындыру, ерлік пен іріліктің, бірлік пен тірліктің көрінісі деп ұғынған 
жөн. Осындай парасатты рыцарлықты Қожабергеннен көреміз.
«Жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен отыз үш мың сахаба да дүниеден 
өткен. Солардан Қожаберген артық емес» деуі соның дәлелі. Не болмаса:
Қолбасшы батыр болмасам,
Көбелі сауыт кимейін.
Ту ұстайтын болмасам,
Арабы ақбоз мінбейін.
Талапты жігіт болмасам,
Ұрандап жауға тимейін.
Қару-жарақ соқпасам,
Зергер болып жүрмейін.
Майданда жауды жеңбесем,
Қызық дәурен сүрмейін.
Дулығамның төбесі,
Буылмаса маржанмен,
Басыма оны кимейін.
Парасатты рыцарлық, ұлтқа өмірін арнаған серілік-ерлік осы болса керек.
Ендеше бір ғасыр өмір сүрген бабамыз осы батырлықтың шыңы болған 

13
Қожаберген жырау – 350
ХVІІІ ғ. тарихи құбылыстың басы-қасында тұр. Батырлықтың парасатты ры-
царлыққа ұласуы, жаңғыруы Қожаберген баба есімімен де тығыз байланысты.
Қорытып айтсам: Шоқанның «век киргизского рыцарства» деген замана-
сы – Қожаберген баба заманасы.
Осы тұста тағы да бір жаңсақ пікір туралы айтуға тура келеді. Тарихи 
әдебиетте «по историческим данным, общее количество батыров их всех трех жу-
зов, активно борющихся за свободу и независимость казахского народа, перева-
ливает за 300» деген тезис кездеседі. Мұндай сәуегейлікпен келісуге болмайды. 
Қазақ үш ғасырға созылған қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезінде құрығанда 
10 ұрпақ ауысты. Әр ұрпақ батырларын өсірді, тарих сахнасына шығарды. 
Ендеше қазақ халқы үш ғасырда толассыз батырлар бастап, халық қостап, өз 
бостандығын үстем етті. Батырлар саны ендеше легион, оны саусақпен санап 
шығу мүмкін емес.
Алайда, Қожаберген бабамыз көп батырлардың бірі ғана емес. Ол – 1688-
1710 жылдары 22-23 жылдары бойында қазақ, ноғай, қарақалпақ халық-
тары ның біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, Ор-
талық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер! «Ақтабан шұбырындыдан» кейін 
Қожаберген – ұлы жеңісті шыңдаған стратег. Атақты «Елім-ай» дастанында:
«Шабуылы жау қалмақтың күшті екен» деп,
Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің», –
деп бірлікке шақырса,
«Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын», –
деп намысқа шақырады.
«Қожа, молда, ишандар артын қысып,
Қоржынға салып қойсын шариатын», – 
деп Отан қорғауды дін жолынан жоғары қояды.
«Мекенің болсын тау мен орман, тоғай,
Ол жерден жау алуы емес оңай»,
«...Сайла орын, жер үй салып, жапан түзден», –
деп партизандық күрес жолын көрсетеді.

14
        Қожаберген жырау – 350
«Қазыбек, Ер Жәнібек, Алдабек би –
Үшеуі тозған елді біріктірер», –
деп оларға үміт артады.
«Шәкіртім қайда екен Бұқар жыршы,
Сөзіне оның, халқым, құлақ түрші», – 
деп оның даналығына сенеді.
Қыздарым, келіндерім, топ құрыңдар
Ерлерше киініңдер, сап тұрыңдар.
Ұрыста өл, мазақ болма, берілмеңдер, 
Қалмақты селебемен шапқа ұрыңдар, – 
деп ұрыс әдісін үйретеді.
Бөгенбай, Ерсары, Асқан, Жабай, Көшек, Ақпанбет, Жайнақ сияқты ба-
тырларды  «халқын жинап», «Жинаңдар құрастырып қалың қолды», – деп 
кеңес береді.
«Сүйей жүр әлсіздерді әлі барың»,
«...Тізе қос, етек жиып, ес барында», – 
деп, елді бірлік-тірлікке шақырады.
«Бастап өт, Сарыарқаға қалған елді», – деп Бұқара, Үргеніш жағында 
ашыққан, босқан елді жинауға жол сілтейді.
Ең соңында:
«Бастасын тозған елді көсемдерім,
Ақылшы болсын сөзге шешендерім.
Хан сұлтан, төрелерді ел санамай,
Тізе қос, күшті жинап есендерің», – 
деп үндейді жырау.
Халқының 40 пайызынан айырылған қайран қазаққа дәл Қожабергендей 
бағдарлама жасаған ел данасы сол кезде кемде-кем. Қожаберген баба тек жеңіс 
бағдарламасын жасап қоймады, «болды ғой аяқ асты Отанымыз» деп, «Ер емес 
жаудың туын құлатпаған» деп, Ұлы Отан соғысын жариялады. Қазақ халқы 
бабамыздың бұл ерлігін ешқашан ұмытуға тиіс емес.

15
Қожаберген жырау – 350
Ендеше, Қожаберген – батырлардың батыры, қолбасшы, Әз Тәукедей да-
наның оң қолы, қиын замандағы ел қорғаны. Қожаберген – тек баһадүр, қол-
басшы, сайыпқыран ғана емес, ол өз заманасының ұлы мемлекет қайраткері. 
Орыстың зерттеушісі Л.А. Словохотов «Народный суд обычного права киргиз» 
деген еңбегінде: «Золотой век, о котором воспоминают киргизы, есть царство-
вание хана Тауке... умный, энергичный Тауке... должен стать в летописях кир-
гизских наряду с Солоном и Ликургом по своей законодательной деятельности. 
Справедливость и правосудие могущественного хана  остановили  брани  родов.   
В  степи  водворилась редкая тишина. Народ отдыхал от кровавых дней былых». 
Бұл арада зерттеуші атақты «Жеті Жарғыны» айтып отыр.
«Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты тарихи 
конституциялық пәрмені бар құжаттардың орнына Тәуке хан тұсында «Жеті 
Жарғы» келгені мәлім. Академик С. Юшков ол туралы былай деп көрсеткенді: 
«Вопрос о том, что означает» «Жетi Жарғы» окончательно не решен казахстан-
скими историками и филологами. По мнению одних исследователей, это слово 
означает «Семь истин», другие толкуют его: «Объявление Семи», т.е. семи су-
дей. Нам кажется, что последнее истолкование является более приемлемым».
Бұл күні «Жеті Жарғыны» жазуға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биден басқа, 
қырғыздан Қоқым (енді біреулер оны Қараша би дейді) қарақалпақтан Сасық 
би, құрамадан Мұхамед би қатысқаны туралы деректер кездеседі.
М.Е. Есләмғалиұлы өзінің «Әйтеке би» деген шежіренамасында «Жеті 
Жарғыны», тек Тәуке және оның алты биі – Сасық, Мұхамед, Қоқым, Төле, 
Қазыбек, Әйтеке ғана жазған. Сондықтан Жарғы осылай аталған екен десе, 
сөзсіз ұшқары пікірге жүгінгендік болып шығары анық. Жарғыны жазысуға 
сол кезде көздері тірі Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыз, Құдайназар, Болпыш, 
Жылгелді сияқты қазақ даласының түкпір-түкпірінен атақты билер мен ұлыс 
басшылары қатысқаны даусыз», – деп жазады.
Автордың ой-өрісі дұрыс бағытта өрбиді. Алайда, «Жеті Жарғыны» Тәуке 
хан жазған жоқ, ол үкім шығарып жаздырды. Сол жазған жеті бидің бірі 
Қожаберген би екенін айту тарихи әділдік болар еді.
Қожаберген Әз Тәукенің тапсырмасымен «Жеті Жарғыны» ақ былғарға жа-
зып, ханға табыс еткені туралы жазушы Н. Әбуталиев жанама деректер тауып 
отыр. Онда ақ былғарыға түсіріп:
Мұқияттан хаттадым,
Әз Тәукеге қызмет қып,
Жаздым «Жеті Жарғыны».

16
        Қожаберген жырау – 350
Салыстырып талдадым
Бергі менен арғыны, –
деген өлең сөздері келтірілген. Төле би, Әйтеке, Қазыбек билер тобына «жол 
көрсеткен ұстаз едім» деп, жыраудың өзі жазып кетуі осының айғағы.
Көтеш ақын Райұлы «Жиен жырау» дастанында:
Ақылдасып үш бимен
«Жеті Жарғыны» жазған ер
«Кім» десеңіз ол бекті
Қожаберген кемеңгер, – 
деп жазуы біздің пікірімізді растай түседі. Кейбір арнайы тексеруді керек 
ететін деректерге қарағанда «Жеті Жарғының» жалғыз данасы Ыстамбұлдың 
Сүлеймен атындағы Канони кітапханасында сақтаулы көрінеді.
Әз Тәуке өліп, қазақ елін Шыңғыс әулетінен тараған қалың төрелер тобы 
ыдырата бастаған тұста елдің көсем билері, атақты батырлары ел тағдырын ой-
лап толғанды. «Елім-ай» дастанында Қожаберген ол туралы былай дейді:
Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар кезің деді.
Қазақты батыр көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді.
Хан, сұлтан, төре күні өткен деді,
Олардан ақыл-айла кеткен деді.
Қазағым өзіңді-өзің тұтас ел қып,
Басқарар енді уақыт жеткен деді.
...Ақылды болсын батыр көсем деді,
Басқарса қазақ болар есен деді.
Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады,
Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады.
Үш жүздің шонжарлары төре жақ боп,
Ортадан батыр көсем шыға алмады.
«Ақтабан шұбырындыға» ұрынған сәтте Қожаберген баба Әйтеке бидің 
көріпкелдігін қолдап:

17
Қожаберген жырау – 350
Төрелерге сенім жоқ, ел ермесін,
Қазағым хан тұқымын дос көрмесін.
Хан сұлтан, төре, қожа, өңкей құзғын,
Оларға енді тізгін жұрт бермесін, – 
деп елге өз шешімін жеткізді.
Қара қазақтан шыққан батырлардың төре әулетіне деген бұл оппозициясы 
Абылай хан келген тұста ғана басылды. Бірақ, ол біржола сөнген жоқ-ты.
Қожаберген жыраудың жорықтас інісі балта керей Тұрсынбай батыр (1713-
1819) Ресейге қарағысы келген Әбілхайыр ханға, Орта Азиялық хандарға 
жалтақтаған Сәмеке мен Әбілмәмбет хандарға да, Ресей мен Қытай ортасын-
да жалтарып, тәуелсіз ел дәрежесіне ұмтылған Абылай ханға да қарсы болғаны 
белгілі.
Тұрсынбай батыр қазақ, башқұрт, ноғай, қарақалпақты бір мемлекет етіп, 
көсем, әр халықтан әмір сайлап, жеке тәуелсіз мемлекет құруды қалады. 
1758 жылы Тұрсынбай Абылай ханды тастап, Арқаға кетті.
Қазақ мемлекеттігінің болашағын ойлау Қожаберген бастаған қайраткер 
дәрежесіндегі ат төбеліндей билер мен батырлардың ісі еді.
Қожаберген Үргеніш медресесін бітірген, өз заманасының білімді адамы 
болған, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік білген («Тіліне араб, парсы едім 
жетік», – дейді Қожекең). Сондықтан да Әз Тәукехан Қожаберген баһадүрді 
елшілік миссиясын жүргізуде де пайдаланған. Ол туралы деректер «Елім-ай» 
дастанында да кездеседі.
Ендеше, Қожаберген – дипломат, замана саясаткері. «Елім-ай» дастанында-
ғы саяси ахуалға берген бағасы XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың ба-
сын да тұрған біздерді де қайран қалдырады.
Ендеше, Қожаберген жырау – батыр, қолбасшы, ел тағдырын ойлаған ре-
форматор, стратег-мемлекет қайраткері. Қожаберген бабамыз осымен қатар 
атақты ақын жырау еді. Ол тек қана бір «Елім-айда» ғана бір ғасырдың сырын, 
мұңын ашты. Ол – тек жырау ғана емес, заманының ұлы шежірешісі. Ол тура-
лы Қожаберген:
«Халқымның хал жағдайын өлең етіп,
Жырладым апат күннің шежіресін», – 
деп жазды.
Қазақ хандығының алғашқы тарихын Мырза Мұхаммед Қайдар Ду-
латидің жазғаны белгілі. Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы», 
Әбілғазының «Түрік шежіресі», Ш. Уәлихановтың «Абылай хан» очеркі, М. Ты-
2-254

18
        Қожаберген жырау – 350
нышпаевтың шежіресі, Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Ду-
латовтың әлем ұлылары туралы «Қазақ» газетінде жариялаған очерктері, 
Абайдың «Ескендір», Мағжанның «Батыр Баян» поэмалары осы дәстүрдің 
жалғасы. Шәкәрімнің «Еңлік – Кебегін», Ә. Бөкейханов «Тарихи хроника» 
деп атаған. Ал оның жазған шежіресіне байланысты ұлы ақынды «Қазақтың 
Ка рамзині» депті. Осы тұрғыдан алғанда Қожаберген бабамыздың «Елім-
ай» дастанының орны ерекше. Оны тек «дастан» деу аз сияқты. Оның ар-
насы кең – ұлттың болу-болмауы, Отан тағдыры. Бір ғасырлық тарихты 
саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, мемлекет билеу жүйесін ба-
ғалап, жүздеген мемлекет, әскери, саяси қайраткерлерін жеке-жеке даралап 
дүбірлеген оқиғалар болған жерді аралап жазылған ұлы эпопеялық туынды. 
«Елім-ай» – шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттық сергелдеңге ду-
шар болғандығы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар намысшыл қазақтың ұлт 
болмысын жаңғыртуға ұмтылысының шаншыла атқан қайнар жыры да сыры. 
«Елім-ай» – ұлтымыздың Илиада мен Одиссеясындай эпикалық өміршең тра-
гедиясы.
Дауылпаз Қожаберген – дүлдүл тарихшы. Біріншіден, тек «Елім-ай» дас-
танында ғана бүкіл дәуірді суреттейді. Жоңғар империясының дәуірлеп, кү-
шею себептерін ашады. Екіншіден, жоңғарлардың орыстар мен қытайларға 
арқа сүйегенін көрсетеді. Орыс империясы өзіне көрші қазақ елін тұқыртып, 
жоңғарларға кіші зеңбірек жасауды үйретіп, құтыртып, екі түркі тілді халықтарды 
өзара қырып салуына мүмкіндік жасағанын ғажайып суреттейді. Үшіншіден, 
түрікпен, Қоқан, Хиуа, Бұқардың қазақ еліне деген қастандық саясатын өзбек 
пен тәжіктің жаттығын әшкерелейді. Төртіншіден, Әз Тәукеден кейінгі қазақ 
хандығында болған текетірес, бақталас берекесіздіктің бетпердесін ашады.
Бесіншіден, «Ақтабан шұбырынды» қалай болды, халық қалай, неге тоз-
ды деген сауалдарға жауап береді. «Қырылу Алакөлден басталып тұр», – 
деп Алқакөл емес, Алакөл екендігін еске алады. Ең соңында Отан соғысы 
қалай өтіп жатыр, Қара ноғайдың қазақпен үздіксіз бір болуын, Қарақалпақ 
бектерінің жалтақтығын, Әбілқайырдың дәл 1723 жылы дер кезінде көмекке 
келе алмағандығын, халық қарсылығының өрістеп, Сарысу бойында жау бетін 
қайтарғанын айтады.
Автор өз өмір жолынан хабар береді. 61 жасының 45 жыл ғұмыры жорықта 
өткенін, «Жасымнан қол бастаған болдым сардар» деп өзінің ел ағасы ретінде 
болашаққа көз салады. Шығарма кешенді, диалектикалық салыстырмалы 
талдауға негізделген.
«Елім-ай» – әдеби тұрғыдан алғанда да теңдесі жоқ туынды. Онда тек ха-
лық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Автор егіліп те, төгіліп те жыр-

19
Қожаберген жырау – 350
лайды, бірде тарихи тереңдікке бойласа, бірде бүгінгіге қайғырып, болашақты 
ойлай ды, философиялық пайымдармен орағыта толғайды.
Ендеше, Қожаберген бабамызды қол бастаған батырдан өтіп, ғасырлар 
қойнауына мұра етіп алып келе жатқан асылымыздың авторын «Дауылпаз жы-
рау» деп атау орынды.
Әлемдік тарихта қолына қалам алып, оны семсер қылышпен қатар ұстаған 
тұлғалар бірен-саран-ақ. Олар: атақты Байрон, Шандор Петефи. Ал, дауыл-
паз Қожаберген өз соңына Ақтамберді, Үмбетай, Тәттіқара сияқты тарлан жы-
раулар көшін бастады. Махамбет пен Сегіз сері дауылпаз бабасы Қожаберген 
дәстүрін одан әрі жалғады.
Дауылпаз Қожаберген жырау – ұлы ұстаз. Ол 1710 жылы 27 жасар Қан-
жығалы Бөгенбайдай шәкіртін бүкіл қазақ қосының сардабегіне ұсынды. Ұлы 
Қорқыт ата, Асан атадан кейінгі Көмекей әулие атанған Бұқар ата – оның сүйікті 
шәкірті. Ол болса, ұлы Абылай ханның ақылгөй данасы болды. ХVІІІ ғасырда 
қазақ елінің тәуелсіздігін қорғап қалған батырлар Қожабергеннің, оның шәкірті 
Бөгенбайдың, Бұқар мен Бөгенбайдың шәкірті Абылай ханның мектебінен өт-
кені хақ. Атақты Абылай хан Қожаберген бабадан бата алуды мәртебе тұтты.
Ұстаз болса, дауылпаз Қожабергендей болсын!
Қожаберген бабамыз – сегіз қырлы, бір сырлы замана дүлдүлі. Зерттеуші 
Шаймұрат Смағұлов өзінің «Атақты «Елім-айдың» авторы» деген мақаласын-
да: «Қожаберген өз тұсында суырыпсалма ақын-әнші, күйші, әскербасы болу-
мен қатар белгілі емші, сынақшы, от ауызды орақ тілді шешен, қолөнерші (он 
саусағынан өнер тамған шебер), құралайды көзге атқан мерген, түйе балуан, 
аңшы, құсбегі, атбегі, құмалақшы, шабандоз, сынықшы, ауа райын болжаушы 
(сәуегей), ірі қобызшы, жетігенші адам болыпты», – деп көрсетеді.
XX ғасырда ұлы Ә. Бөкейханов «Қара қыпшақ Қобыланды» деген сын 
мақаласында «Тарихтық сарын екіге бөлінеді: бір бөлек тарихтың пайдалан-
ғаны соғыс істері. Біздің қазақ білетін тарих осы. «Тарихтың екінші түрлісінің 
(мұны орыс тілінде история культуры дейді) пайдаланғаны –жұрттың болмыс-
салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол замандағы 
тіккен үйінен, киген киімінең ұстаған... сөздерінен білінеді. Анық тарих – осы 
екіншісі».
Қожаберген бабамыздан қалған рухани мұра шексіз.
Қазақ халқының ХVІІІ-ХХ ғасырда ел ұраны болған «Елім-ай» әні, 
«Күлдірмамай», «Қойлыбай көреген», «Қарасары Балта керей», «Соқыр абыз», 
«Баба тіл» сияқты дастандары, «Ақсауыт», «Ғасыржас», «Дүние», «Жігіттік» 
т.б. толғаулары, «Қарғыс атқан қалмақ-ай», «Шоңғал, шоңғал, шоңғал тас», 

20
        Қожаберген жырау – 350
«Сылаң Сыр», «Балқан, Балқан тау», «Қазақ пен ноғайдың қоштасуы» сияқты 
өлеңдері, «Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр», «Күлдірмамай», «Шұбырынды», 
«Сұлама» сияқты күйлері өз зерттеушілерін сарғайып күтуде. Жеті бөлімнен, 
3683 шумақтан 14732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастаны теңдесі жоқ ұлы ту-
ынды өз алдына бір төбе.
Мұнымен Қожаберген баба мұрасы шектелмейді. Бұл тек қана әзірге бел-
гілілері ғана.
Қожабергентану менің түсінігімде ауқымды. Өте алысқа бармай-ақ Көшебе 
керейдің Жауынгер – Асылболат – Байбол Алдаспан, Шілікті, Жаңбыршы 
батыр, Қара Ораз, Таузар, Дәулен батыр, Толыбай би –Қожаберген жырау-
ды алсақ, сол жеті атаның ғажайып тарихы бір көшке жүк боларлық. Осы ұлы 
әулеттен тараған өзі батыр, өзі сал Дастем, Шақшақ би, Жанақ ақын, Жанкісі 
жырау, Салқара, Бахрам, Сегіз серілердің әрқайсысы алып тұлғалар. Қожекең-
нің бабасы Таузар ордабасы болған. Ал атасы Дәулен өзі ақын, өзі композитор, 
өзі шежіреші (тұңғыш керей шежіресін жазып қалдырған). Самарқанд шаһарын, 
Самарқанд уәлаятын билеген, реформатор, ордабасы Сейітқұлұлы Жалаңтөс 
баһадүрдің апасына үйленген, Жалаңтөспен үзеңгілес батыр.
Қожаберген сынды бекзаттың әкесі Толыбай сыншы (1603-1680) – өз 
тұсында қазақ хандығындағы аса ірі мемлекет қайраткерлерінің бірі. Ел ішінде 
Толыбай сыншы айтты деген нақыл, қанатты сөздер де жиі кездеседі.
Адамды да, атты, құсты, итті және басқа жануарларды, гауһар, меруерт 
тастарды, қару-жарақтарды сынап білгені үшін Толыбайға «сыншы» деген қа-
дірменді атақты қазақ, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, татар, қырғыз халықтары 
берген екен.
Қорытып айтсақ, бұл қасиетті әулет қазақтың рухани мәдениетінде үлкен із 
қалдырған. Қожабергентану – ендеше қазақ мәдениетінің ұлы жырау туған, 
өскен, мәңгілік ордасы Гүлтөбе сияқты құнарлы, шұрайлы бөлігі, халық мұрасы.
Қазақ мәдениетінің ірі қайраткерлері Ы. Алтынсарин, Сегіз сері, 
М.Ж. Көпеев, С. Торайғыров, Ш. Бөкеев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, 
Ғ. Мүсірепов, Б. Майлин, I. Омаров, М. Жолдыбаевтарды, т.б. қызықтыр ған 
Қожаберген мұрасын игеру – замана талабы.
Солтүстік Қазақстандағы еңселі білім ордасы – университет ғалымдары, 
есімі шартарапқа танымал ғалым Т. Кәкішев, белгілі тарихшы А. Күзембайұлы, 
жазушы Н. Әбутәліпов белгілі ауыз әдебиетін зерттеуші Қ. Биғожин, Ғылым 
академиясының ғалымдары болып қожабергентану ісіне жегілуі абзал. Әсіресе, 
оның еңбектеріне текстологиялық талдау жүргізу, абзал бабаның мұрасын уақыт 
қоқысынан тазарту міндеті тұр. Екі боқмұрын баланың 2-3 минуттық танау-
бұзар төбелесіне не күресіне бәйге тіккен жандар қожабергентану жолында, 

21
Қожаберген жырау – 350
нәтижеге жеткен ғалымдарға қол ұшын береді ғой деп сенемін. Қожаберген 
баба атында жыл сайын сыйлық, студенттерге арнайы стипендиялар белгіленсе, 
спорт жарыстары өткізілсе қандай ғанибет?! Қожабергеннің мұрасын кезінде 
Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясына кіргізгені белгілі. Оның «Елім-ай» әні 
жеке күй табақ болып шығуы, оның есімі тәуелсіз заманда оқулықтарға енуі – дау 
тудырмайтын басы ашық мәселелер. Ал, ұлы дауылпаз жыраудың есімі   тарихқа 
хатталуы, ғылыми өмірбаяны жазылуы менмұндалап-ақ тұр.
Солтүстік Қазақстан, жасыратыны жоқ, суық желдің өтінде, ұлы империя-
ның бетінде тұр. Қожаберген баба – қазақ мемлекеттігінің жаршысы да жоқшы-
сы. Сондықтан, Тәуке хан заманасынан бері қазақ хандарының, билерінің, 
сұлтандарының, әскери басшыларының, батырларының ордасы болған Гүл-
төбе – Маманай елі Қожаберген ауданы аталып, еңселі ескерткіш орнату ең ал-
дымен әділеттік үшін керек, одан қалды тәуелсіздік заманасында шекара жігін 
айырып, бір қолына қылышың бір қолында қаламы бар бабаның Солтүстік көрші 
елге көз тігіп, айбын болып тұруы символика үшін де керек-ақ.
Бұл аудан атының Жакең, аруақты Жакең үшін керегі де жоқ. Жакең 
1937 жылы Мирзоян қаласын өзгертіп «Жамбыл» деп аталғанын естігенде селт 
етіп, бірден:
«Атыңнан айналайын Әулиеата,
Атыңды тартып алды деп болма қапа!» – 
деген екен. Сол сияқты, бұл өлкенің Қожаберген баба елі екенін білген болса:
«Атыңнан айналайын Қожаберген,
Мен дағы ұрпағыңмын соңына ерген.
Жолыңды кескектемей дана баба,
Жамбылмын өз еліңді қайтып берген», –
деп айтар көрегендігіне мен өз басым имандай сенемін.
Әдебиетте Көшебе керей Қожаберген жырау 1683-1786 жылдары, 1663-
1762 жылдары өмір сүрді деген қарама-қарсы деректер кездеседі. «Елім-ай» 
дастанында «Ақтабан шұбырынды» жылы 61-де едім дейді жырау. Ендеше 
оның туған жылы 1663 ж. Жанақ Төлеұлы (1743-1821 жж.). «Көз жұмды 
жүзден аса есіл сабаз / Оған да жолдас болмайды дүние жалған» дегенін еске 
алсақ, қазір да уылпаз баба 337 жаста. 350 жылдық мерейтойы 2012 жылы. 
Баба өмір жолы ның басқа да белгісіз жұмбақтары баршылық.
Осы жұмбақтардың бірі: «Қожаберген жырау маңында ұзақ жылдар бойы 
неге меңіреу зона орнады, есімі неге аталмай келді» деген сауалға тіреледі. Се-

22
        Қожаберген жырау – 350
беп екеу: Қожаберген баба орыс империясына ашық қарсы, оның «Елім-айы» –
империяға қарсы туынды. Онда ол орыс империясы қалмақтарға қару сатты, 
қолдады деп айыптайды. Ал оның ізбасар мұрагері Сегіз сері – ұлт-азаттық 
қозғалысының көсемі, орыс отаршылары баба Қожабергеннің қонысына Прес-
нов селосын орнатты, атамекенін қара шекпенділер жайлап, қазақтар горь-
кая линияны қазақ мемлекеттігінің тірегі болған өлкені баса-көктеп салды. 
Отаршылық, одан қалды кешегі Совет заманасында Сәбит те, Ғабит те бұл 
тақырыпқа белсеніп кірісе алмағаны осыдан болса керек.
Екіншісі – «Елім-ай» қазақ хандарының төре тұқымынан сайлануына қарсы. 
Ал төрелер әулеті қазақ қоғамына еңдеп, бойлап араласып, құраласып кеткен-ді.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің «Месіндегі бір шағын мақаласын / Он төрт 
тоймас бар» деп атапты. 
«Жер жұтуға тоймайды, 
Көз қарауға тоймайды. 
Өмір жасауға тоймайды,
Бай малға тоймайды. 
Ғалым ғылымға тоймайды... 
Бала нанға тоймайды,
Тірі іске тоймайды».
Ие, өлмейтін жан жоқ. Абай баба айтқан «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы 
/ Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей, қазақ халқының үш ғасырлық 
жүрекжарды жыры «Елім-айдың» авторы Қожаберген жырау өз халқымен 
мәңгі бірге жасайды.
Қожаберген есімі Әз Тәуке хан, Абылай хан, Әбілхайыр хан, Бұқар жырау, 
Төле би, Қазыбек би сияқты ұлтымыздың ұлыларының қатарында Отан тари-
хында хатталады.
2000 ж.

23
Қожаберген жырау – 350


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет