Психологиялық денсаулыққа әсер етуші факторлар



Дата07.01.2022
өлшемі22,17 Kb.
#17847

Психологиялық денсаулыққа әсер етуші факторлар

Отарбаева Ж.


Егемен еліміздің келешегі үшін рухы биік, дені сау жеке тұлғаны қалыптастыру мәселелері үкімет тұжырымдамаларында негізгі орын алады. Еліміздің басты құндылығы адам және оның өмірі мен денсаулығы. Психологиялық денсаулық бұл –тән саулығы мен жан саулығының бірлігі. Психологиялық дені сау адам- шығармашыл, өмірге құштар, ашық ,көңілді, қоршаған ортасының сезімдерін бөлісе алатын адам.Бір сөзбен айтқанда тәніміз бен психикамыздың үйлесімді дамуы.

Технологиялық, урбанизацияланған қоғамда өмір сүруші жеке адам өзінің әлеуметтік және этникалық тегіне қарамастан, әлеуметтік бейімделуін, яғни осы қоғамға сай қызмет жасауын қамтамасыз ететін белгілі психологиялық қасиеттерді меңгеруі қажет. Бұл қасиеттер дамудың әр түрлі кезеңдерінен белгілі бір ретпен өтуіне байланысты қалыптасады. Әрбір кезеңге адамның өзі шешетін мәселелері мен келесі кезеңге өтуіне қажетті қасиеттердің жиынтығы тән болады. Сонымен, жеке адамның психикалық саулығы жайлы пікір оның дамуымен, генетикалық шығу тегі және мәдени ортасымен салыстырылады.

Жалпы адамның денсаулығы: дене саулығы, жан саулығы, психикалық және психологиялық, әлеуметтік саулық болып бөлінеді.

Дене саулығы - бұл организмдегі функциялардың өзіндік айналымының жеткілікті болуы, физиологиялық процестердің үйлесімі және сыртқы ортаның түрлі факторларына барынша бейімделгіштік күйлері

Жан (психологиялық) саулығы- тек дене гигиенасы ғана емес, сонымен бірге психогигиена, руханилықтың өзіндік тәрбиесін, адами тұрғыдағы ұстанымды, сана тазалығын да қамтиды. Психикалық саулыққа жету жолы - интегралды тұлғаға жету жолы. Психикалық саулық - психиканы жаттықтыру, психикалық процестерді дамыту (ес, зейін, қиялдау және т.б.), ақыл-ой мен сезімді тәрбиелеумен тығыз байланысты.Сыртқы ортаның биологиялық, психологиялық және әлеуметтік сипаттағы қолайсыз әсерлері нәтижесінде қалыптасқан психикалық күйлер: шаршау, қалғып жүру, үнемі қауіптену, тарығу, жан күйзелісі, көңілдің бұзылуы, фрустрация түрінде болады.

Қазіргі психологиялық әдебиеттерге талдау жасағанда көптеген зерттеушілер денсаулықтың психологиялық негіздерін осыған ұқсас терминдерді қолдана отырып қарастырған: «психикалық денсаулық» Б.С.Братусь, «психологиялық денсаулық» И.В.Дубровина, «тұлғалық денсаулық» Л.М.Митина, «рухани денсаулық» Ю.А.Кореляков, «жанның саулығы» О.И.Даниленко [1].

Психологиялық денсаулық - адам мен сыртқы дүние арасындағы тепе-теңдік жағдайы, оның әлеуметтік ортаға, физикалық, биологиялық және психикалық ықпалдарға қатысты реакциясының сай болуы, жүйкелік реакция күші мен сыртқы тітіркендіргіштер арасындағы сәйкестігі, адам мен оның айналасындағылар арасындағы үйлесімділік, адамның шынайы объективтілік жайлы пікірінің басқа адамдардың пікірлерімен ұштасуы, өмірдің кез-келген жағдайына сын көзбен қарауы. Мәселен, И.В. Дубровина «психологиялық денсаулық» терминін ғылыми лексиконға алғаш енгізіп, оны адамның тiршiлiк әрекетiнiң процессiндегi бағалы жұмыс жасау және дамытуын керектi шарты деп анықтайды [1, Б.23].

Г.С.Никифоровтің «Денсаулық психологиясы» кітабында «Студенттік кезең, өзінің денсаулығына жанашырлықпен қарауды жоққа шығаратын, өмір сүру стилінен көрініс табатын эмоционалдық күйзелістердің алуан түрлілігімен сипатталады» делінген [2]. Яғни, өз денсаулығының қамын ойлау, әдетте, аға буынға тән болғандықтан, жастар оны «қызықтырмайтын және жалықтыратын іс», деп бағалайды. Осы арада өздерінің физикалық және психикалық ресурстарының шексіз деп ойлағандықтан, олардың босаңсуға және демалуға деген қабілеттері де шектелген.

Осылайша, денсаулықты түсіну әртүрлі, бірақ әрбір анықтамада адамның психологиялық (рухани) денсаулығын түсінудегі маңызды байланыс ретінде айтылады. Психологиялық денсаулықтың сапасы мен деңгейі әлеуметтік, әлеуметтік-психологиялық және де жеке психикалық пен әлеуметтік-психологиялық бейімделуге байланысты мінездеме беріледі. Өкінішке орай, еліміздегі халықтың көпшілігі тұлғаны әлеуметтендірудегі бұзылыстардың басқа түрлерін өзіндік бағалаудың дұрыс еместігін, талаптану деңгейін, өзіндік бағалаудың төмендеуін зерттеуге айтарлықтай мән беріп отырған жоқ. Кейбір адамдар қарым-қатынас жасауда қиналса, екіншілері - өзіндік таным мен өзіндік дамуында қиындық сезінеді, ал үшіншілерінде – тұлғаның (көреалмаушылық, жаугершілік және т.б.) және мінез-құлықтың (әр түрлі психологиялық тәуелділік) деструктивтік қасиеттері басым болады [3].

Психологиялық денсаулық – ағымдық өмірге қажетті барлық психикалық құрылымдардың оңтайлы жұмысы. Психологиялық денсаулық тек рухани ғана емес, сонымен қатар жеке денсаулығы да. Бұл психикалық денсаулық жеке адаммен біріктірілгенде, бұл адам барлық жеңіл және классикалық және сол уақытта жеке өсу мен осындай өсімге дайын. Психологиялық жағынан сау адам – бұл зияткерлік, ынтымақтастыққа ашық, өмір соққыларынан қорғалған және өмірлік қиындықтарды жеңу үшін қажетті құралдармен қаруланған.

Психологиялық денсаулықтың құрылымы: Аксиологиялық, Инструменталдық, Қажеттілік-мотивациялық.

Аксиологиялық – адамның өзінің және өзгелердің құндылығын ұғынуы (өзін қабылдауы және жынысына, жасына, мәдени ерекшелігіне қарамастан өзгені де қабылдай алуы)

Инструменталдық – рефлексияны өзін-өзі тану құралы ретінде өзінің жан дүниесін және өзгелермен қатынасын ұғыну қабілеті ретінде игеруі. (өзінің және өзгелердің эмоционалдық жағдайын, мінез-құлқының ерекшелігін ұғынуы). Қажеттілік-мотивациялық – өзіндік дамуды қажетсіну (өзін дамытуға деген жауапкершілікті сезіне білу) [4].

Психологиялық қолдау көрсету формасын айқындау үшін норма және психологиялық денсаулық көрсеткішін қарастыруымыз қажет. Норма адамның қоршаған ортаға бейімделуімен және оны өз қажеттілігіне сәйкес бейімдей алу іскерлігімен айқындалады. Осы жоғарыдағы норма ұғымының анықтамасына сәйкес психологиялық денсаулық деңгейі былай айқындалады.

Жоғары деңгейі – креативтілік тұлғаның психологиялық көмекті қажет етпеуі. (ортаға тұрақты бейімделе алуы, стрестік жағдаяттардан шыға алуы, қоршаған әлемге белсенді, шығармашылық қатынасының болуы)

Орташа деңгей – бейімделу алдын-алу, дамыту бағытындағы топтық жұмысты ұйымдастыру. (социумге бейімделе алуы, үрейленудің басым болуы).

Төменгі деңгей – бейімдел еалмаушылық мінез-құлықтың ассимилятивтік-аккомодативтік стилінде индивидуалдық психологиялық көмекті қажетсінудің (мінез-құлықтың ассимилятивтік стилі өз қажеттілігі мен мүмкіншілігіне залал тудыра отырып қоршаған ортаға бейімделуге тырысуы, мінез-құлықтың аккомодативтік стилі – өзгелерді бағындыруға тырысуы) маңызды болуы [5].

Психика саулығы, қабілеттіліктері, мақсаттары мен қасиеттері жеке адамның қоршаған ортаға бейімделуіне себеп болады. Барлығына қолайлы, ортақ анықтаманы жасау мүмкін болмаса да, бұл психика саулығы жайлы кең таралған анықтама, өйткені әр түрлі адам қоғамдастықтары мен мәдениеттеріндегі бұл мәселеге қатысты барлық пікірлерді бір түйінге біріктіру мүмкін емес. Өз қоғамдастығындағы қалыптардан ауытқып бара жатқан адам психикалық ауру болып мойындалуы мүмкін. Әр түрлі мәдениеттер мен әр мәдениет ішіндегі әр түрлі уақыттардағы психикалық аурулар жайлы пікірлер алуан түрлі болады. Біріншісіне мысал ретінде мынаны айтуға болады: басқа американдықтардың көпшілігіне қарағанда индейцтердің көптеген тайпалары елестерді қалыпты құбылыс деп есептейді, ал екіншісіне мысал мынау болады: кезінде қылмыс ретінде, кейінірек психикалық ауру деп қарастырылған гомосексуалдылық қазіргі жағдайда жыныстық бейімделу нұсқасы болып саналады.

Адамның денсаулығы - бұл қоршаған ортаның үнемі өзгеріп отыратын жағдайларда жасына және жынысына сәйкес келетін физикалық және психикалық тұрақтылықты сақтау қабілеттілігі. Табиғат адам ағзасының туғаннан тұрақтылықтың үлкен қорымен өмір сүру мен өзін-өзі реттеуге деген қабілеттілікпен қамтамасыз еткен: оның өмір сүру (тұрмыс) қалпына тәуелді болады.

Өмір сүру қалпы - бұл адамның өз-өзімен және сыртқы орта факторларымен өзара қарым-қатынасының жүйесі. Сыртқы орта факторларына: химиялық, физикалық, биологиялық,психологиялық әсерлер жатады. Адамның өмір сүру қалпы жынысқа, жасқа, денсаулық күйіне, өмір сүру жағдайына, экологиялық жағдайға, пайдалы әдеттердің болуына және зиянды әдеттердің болмауына тәуелді.

Салауатты өмір сүру салтының негізгі құрамдас бөліктері үш мәдениеттен тұрады: тамақтану мәдениеті, қозғалыс мәдениеті және эмоциялар мәдениеті. Психологиядағы нақты жеке тұлғаның салауатты өмір сүруінің мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін негізгі факторлары: рефлекцияға деген қабілеттілік, тіршілік ету ортасының жағдайы, еңбек ету мен дем алудың дұрыс тәртібі болып табылады.

Рефлекция - бұл өзін-өзі бақылау, өзін-өзі тану, өз әрекеттерін ойластыру қабілеті. Пайдалы әрекеттер мен гигиеналық дағдылар саналы түрде түсінілген жағдайда жақсы бекітіледі. Салауатты өмір сүру салты адамның ерік күшін жұмсауын, өз істерін ұғынуын, оның салдарын жеке өзі үшін де, сондай-ақ басқа адамдар үшін де болжауын талап етеді. Нақты өмір сүріп жатқан буынның денсаулығына болашақ келер ұрпақтың денсаулығы мен бақыты тәуелді [6].

Денсаулыққа әсер ететін кеңістік - бұл климаттық аймақ пен баспана. Дені сау адамда жаңа климаттық жағдайға тез бейімделуге мүмкіндік беретін орнын толтырушы механизмдері болады. Баспана микроклиматтының да өз көрсеткіштері болады: температура, ылғалдылық, оттегі мен көмірқышқыл газының концентрациясы тұрғын үй көлемінің шамасы және т.б.

Психологиялық денсаулықты сақтаудың және қалыптастыру жолдары:

Ойындар мен жаттығулар

Жағымды әуен

Сурет салу

Ертегі әңгімелер оқу

Табиғатпен қатынас жасау

Тыныс алу және гимнастикалар

Психологиялық денсаулыққа әсер етуші факторлар:

Жеке бас гигиенасы, организмнің жалпы жағдайы, денсаулық пен өмір ұзақтығы жеке бас гигиена ережелерін сақтауға байланысты болады.

Оңтайлы күн режімі: Ұйықтау мен ас ішу режімін реттеген жөн. Бұл организмді бейберекет өмір салты тигізетін стресстен арылуға және жүрек-қан жүйесі кеселдері бұзылыстарының дамуынан бойды алыс ұстауға көмектеседі.

Ұйқы гигиенасы: Ұйықтауға арналған төсек орынның ыңғайлы және таза болуы, аса жұмсақ немесе аса қатты болмауы керек. Ұйықтар алдында таза ауада серуендеу, терезені немесе терезе желдеткішін ашық етіп ұйықтау пайдалы.

Тағамдану гигиенасы: Барлық жемістер мен көкөністер ағын суда мұқият жуылуы тиіс. Ет тағамдарының ыстық өңдеуден өтуі қажет.

Жыныстық гигиена: Жыныс мүшелерін таза ұстауға баланы ерте жасынан үйреткен жөн. Жыныс мүшелерін күніне екі рет сабындап жуу және іш киімді күнделікті ауыстыру пайдалы.

“Жан гигиенасы” немесе психологиялық гигиена: Мүмкіндігінше артық стресстен қашқан немесе стресстік жағдайларға өз көзқарасыңды өзгерткен дұрыс. Өмірде стрессті толықтай болдырмау мүмкін емес. Босаңсу (релаксация) тәсілдерін игеру көптеген кеселдерді болдырмауға, тән мен жан үйлесімділігіне қол жетуге мүмкіндік береді.

Психика саулығын сақтауда бала тәрбиесін дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Жан-жақты дамуы, денсаулығын үнемі қадағалап отыру, пайда болған өзгерістерге дер кезінде түзетулер енгізу баланың пихикалық ахуалының қалыпты болуын қамтамасыз етеді.

Адам психикасының саулығын сақтау мен жетілдіру негізі салауатты өмір салты болып саналады: ойлау мен еңбек ету әрекеттерінің тиімді күнтәртібі, жан дүниесінің ахуалы мен қанағаттануы. Темекі шегу мен ішімдіктен бас тарту қажет. Өз эмоцияларын қадағалауды және есеңгірететін әрекеттерге қарсы тұруды қалыптастыру керек.

Салауатты өмір салтының ережелерін ұстанып, салауатты, толыққанды үйлесімді тұлға болуға ұмтылу қажет. .Өмір деген –ұзақ жол, ағып жатқан өзен сияқты. Өмірде адам талай қуанышқа, ренішке, қызыққа, қиындыққа кездесіп отырады. Әрдайым қиындықтан соң қуаныш болатынына сенім, сабырлылық таныту қажет. Адам бойындағы қасиеттің ең асылы, ең жақсысы-сабырлылық. Мектептегі психологиялық кабинет психологиялық стресті әлсіретіп, қолайсыз жағдаяттарға қарсы тұрып, позитивті қуатты игеруге, психокоррекция мен психологиялық кеңес беруге арналған болып табылады және релаксациялық музыка кітапханасын жинақтау, ауадағы көбікті түтікшелерді және арнаулы оң әсер ететін жарық құрылымын орналастыру қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Психическое здоровье детей и подростков / Под ред. И.В.Дубровина. М.: Акадпроект, 2000

  2. Психология здоровья / Под ред. Г.С. Никифорова.- СПБ.,2003

  3. Имангалиева Ш. Д. Психологиялық денсаулықты қалыптастыруда жаңа технологияларды пайдалану [Текст] / Ш. Д. Имангалиева, Г. А. Амзеева, А. С. Шеримова // Молодой ученый. — 2015. — №8.2. — С. 29-31.

  4. Ниетбаева Г. Б. Студенттердің психологиялық денсаулығының даму ерекшеліктері

  5. Бижасанова Ш. С. Психологиялық денсаулық-денсаулық кепілі. Ust.kz - Республикалық ұстаздар сайты. 2019

  6. Ибашова М.С., Исабекова Т.Ш. Тұлғаның психикалық денсаулығын зерттеудің кейбір аспектілері


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет