С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009


§ 15. ХІ—ХV ғасырлардағы Дайвьет мемлекеті



жүктеу 7.55 Mb.
Pdf просмотр
бет10/25
Дата22.12.2016
өлшемі7.55 Mb.
түріОқулық
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   25
§ 15. ХІ—ХV ғасырлардағы Дайвьет мемлекеті 
1. Ли əулеті кезіндегі Дайвьеттің саяси құрылысы, 
    əлеуметтік-экономикалық жағдайы.
2.  Дайвьеттің ХІ—ХV ғасырлардағы сыртқы саясаты. 
3.  Дайвьеттің ХІІІ—ХV ғғ. экономикалық жағдайы.
4. Чан жəне Ле əулеттерінің билігі кезіндегі аграрлық 
     қатынастар. 
5. Дайвьет мəдениеті. 
1010  ж. Вьетнамдағы өкiмет билiгi Ли əулетiнiң қолына көштi. 
Əулет 1225 жылға дейiн билiк құрды. Əулеттiң алдында мемлекеттi 
жəне орталық билiктi нығайту мiндетi тұрды. Бұл мiндет 
мемлекеттiң жаңа астанасын жаңа қала — Тханглаунгқа (қазiргi 
Ханой) көшiруден жəне 1069 ж. елдiң атын Дайвьет — “Ұлы Вьет” 
деп өзгертуден айқын көрiнiс тапты. Мемлекет 24 уезге (фу) бөлiндi. 
Оларды чифулер басқарды. Əсiресе солтүстiктегi жəне оңтүстiктегi 
екi (Хоан жəне Ай) шекаралық облыстарға ерекше мəн берiлдi.
Мемлекеттi басқаратын шенеунiктiк-бюрократиялық жүйе Қы-
тай үлгiсiмен құрылды. Азаматтық та, əскери де шенеунiктер тоғыз 
дəрежеге бөлiндi. Олар əскери немесе азаматтық палаталардан келiп 
түсетiн жарлықтарды басшылыққа алуға тиiс болды. Ең жоғарғы 
абсолюттiк билiк корольдiң қолында болды. Ол мемлекеттiң 
қарамағындағы барлық жердiң иесi деп те саналды.

146
147
XI ғ.— XV ғ. ортасындағы Вьет мемлекеті
Шаруашылық-əкiмшiлiктiң негiзi қауым болды. Ол «са» деп 
аталды. Оған 18 жасқа толған ер азаматтар мүше болатын. 18 
бен 60 жастың арасындағы шаруалар негiзгi салық төлеушiлер 
болды. Олар сонымен қатар əскери мiндеткерлiктер мен еңбекпен 
өтеу мiндеткерлiктерiн де атқарды. Қауымның тiзiмiне енбеген 
келiмсектер тең құқылы бола алмады. Олар ең ауыр жұмыстарға 
салынып, аз ғана еңбекақы алып отырды.
Егiстiк жерлер құнарлығына қарай үш категорияға бөлiндi 
жəне əр үш-бес жылда бiр рет қайта бөлiнiп отырды. Əр қауымда 
мемлекеттiк бақылаушы шенеунiк болды. Ол ең алдымен салықтың 
дер кезiнде жəне дұрыс жиналуын бақылап отырды. Сонымен қатар 
əр қауымның басшы органы — Кеңес құрылатын.
Вьетнамда сословиелiк монархия болған жоқ. Онда вассалдық, 
сюзерендiк институттар, феодтар қалыптаспады. Сiңiрген еңбегi 
үшiн берiлетiн жер үлестерi iрi жер иелiктерiнiң қалыптасуына 
əкелiп  соққан  жоқ.  Жердi  сату-сатып  алу,  бiреуге  беру  1042  ж. 
қабылданған Хиньтхы кодексiнiң заңдарымен қатаң жазаланды.
ХI ғасырдағы реформалар орталық өкiметтiң жекелеген 
феодалдармен күрестегi жеңiсiн бекiтiп, елдегi бытыраңқылыққа 
жол бермедi.
Өзара қырқысудың тоқтауы ауыл шаруашылығының, қол-
өнерi мен сауданың дамуына қолайлы жағдай туғызды. ХI 
ғасырдың басында Тханьхоа провинциясындағы Толить жəне 
Даннай өзендерiнде суару жүйелерiнiң құрылысы басталды.  Бұл 
мемлекеттiк су жүйесiн құрудың бастамасы болды. Бос жатқан 
жəне тың жерлердi игеруге қауым мүшелерiмен бiрге жауынгерлер, 
сотталған қылмыскерлер мен əскери тұтқындар тартылды. 
Қолөнерi бiртiндеп ауыл шаруашылығынан бөлiне бастады. 
Ауыл  шаруашылық  өнiмдерi  сатылатын  жерлерде  жəне  əскери 
қоныстардың орнында жаңа қалалар салынды. Солтүстiктегi 
Лангшон мен Каобанг тауларында мыс пен күмiс кен орындары 
iске қосылды. Қару-жарақ, əскери құрал-сайман жасайтын, монета 
шығаратын мемлекеттiк шеберханалар ашылды. Өкiмет елдегi жол 
құрылысына жете көңiл  бөлдi. Ол  шара  вьет бiрлiгiн нығайтауға 
елеулi үлес қосты. Iшкi саудамен қатар Дайвьет Қытаймен, Сиаммен 
жəне Явамен сауда қатынасын дамытты.
Өз билiгiн нығайта түсу жолында өкiмет Қытайдан келген 
буддизмдi, ал ХII ғасырдан бастап — конфуциандықты шебер пай-
далана бiлдi. Буддизмнiң тарауы нəтижесiнде ғибадатханалар мен 
пагодалар көптеп салынды. Дiни мекемелердегi табыну бұйымдарын 
жасайтын мыс қорыту жұмысының көлемi ұлғайды.

148
149
ХI ғасырдың екiншi жартысынан бастап Дайвьет өкiметi белсендi 
сыртқы саясат жүргiздi: солтүстiктегi тай жəне нунг  тайпаларын 
қосып алу басталды. ХI ғасырдың ортасында Дайвьет əскерi Тямпаға 
бiрнеше жорық жасап, оның үш облысын басып алды.
Орталық өкiметтiң билiгiн таулы облыстарға орнату əрекетi 
жергiлiктi тайпалардың қарсылығына тап болып отырды. 1013 
ж. Туйенкуанг провинциясында Ли əулетiне қарсы бүлiк шықты. 
Əсiресе Каобанг провинциясында Нунг-чи-Као басқарған азаттық 
қозғалысы күштi болды. Ол қозғалыс 1038 жылдан 1048 жылға дейiн 
созылды. Көтерiлiсшiлер өздерiнiң тəуелсiз мемлекетiн құрды. Бiрақ 
көтерiлiс басып тасталды. 1058 ж. Дайвьет əскерi Чампа əскерiнiң, ал 
1075 жəне 1076 жылдары Қытай əскерiнiң шабуылдарына тойтарыс 
бердi.
1181 ж. елде қатты ашаршылық болды, барлық халықтың жарты-
сына жуығы қырылып кеттi. 1188, 1192 жылдары шаруалар көтерiлiсi 
болды.
Осындай экономикалық дағдарыс нəтижесiнде 1225 ж. сарай 
төңкерiсi болып, билiк Чан əулетiнiң қолына көштi. Ол əулет 1400 
жылға дейiн билiк құрды. 
Жаңа əулет елдi 12 провинцияға бөлдi. Шенеунiктiк қызметке ар-
наулы конкурстық емтиханнан өткендер қабылданды. Егiстiк жер 
қайта есепке алынып, корольдiң, шенеунiктердiң, қауымның жəне 
жеке отбасыларының жерлерi болып төрт категорияға бөлiндi. Ха-
лық санағы алынып, оның нəтижесiнде жан басы салығы енгiзiлдi. 
Оның мөлшерi жер үлесiнiң көлемiне байланысты болды. Үлесiнiң 
көлемi 1 маудан (1 мау=3600 кв.м.) аз адамдар бұл салықтан боса-
тылды.
1257  ж.  Уриянгидай  басқарған  Моңғол  əскерi  Дайвьет  шекара-
сына келiп, Сун армиясын айналып өтуге жол берудi талап еттi. 
Дайвьеттiктер бұл талапты орындаудан бас тартқан соң моңғол 
əскерi астананы басып алып, талан-таражға салды. Бiрақ вьеттiктер 
күш жинап, моңғол əскерiн елден кетуге мəжбүр еттi.
Қытайды толық жаулап алғаннан кейiн моңғолдар Дайвьетке 
шабуылын қайта жалғастырды. 1284 жылдың аяғында моңғолдар 
əскерi Тханглонгке келiп кiрдi. Моңғол əскерiнiң қолбасшысы Омар 
оңтүстiктен келе жатқан Согату басқарған əскермен қосылуға бет 
алды.
Шет елдiк жарты миллиондық əскерге Чан-Хынг-Дао басқарған 
200 мыңдық əскер қарсы тұрды. Əскерге барлық халық көмекке кел-
дi. Бiр шайқаста моңғол əскерiнiң оңтүстiк тобын басқарған Согату 
қаза тапты. Құбылай Тоқан басқарған əскердi көмекке жiбердi. Бi-
рақ ол əскер де Ванкьеп ауданында жеңiлiс тауып, Дайвьеттi тастап 
шықты.
1287 жылы Тоқан басқарған 300 мыңдық Моңғол-Қытай əскерi 
Хонгха алқабына басып кiрдi. Чан Хынг Дао басқарған вьеттiк 
əскер қулықпен тағы да жеңiске жетiп, Тоқанды 400 кемесiмен қоса 
тұтқынға алды. Осы жеңiлiстен кейiн моңғолдар Дайвьетке шабу-
ылдарын доғарды.
Моңғол-Қытай шапқыншылығы Дайвьеттiң экономикасына 
орны толмас зиян келтiрдi. Ауылда жұмыс қолы жетiспедi, суару 
жүйелерi тозды, күрiш егiстiктерi қаңсып қалды. Оның үстiне ХIII 
ғасырдың аяғында елдi табиғи апаттар қалжыратты. XIV ғасырдың 
басында вуа (король) Чан Ань Тонг Тьямпамен (Чампа) келiсiм бой-
ынша О жəне Ри облыстарын күйеу баласынан сыйлық ретiнде алған 
едi. Ол облыстардың халқы Дайвьетке қарсы көтерiлiс жасады. 1311 
ж. Тьямпамен соғыс басталды. Ол соғыс 1318 жəне 1326 жылдары 
жалғасты.
XIV ғасырдың 30- жылдары тау халықтарымен жəне лаостық-
тармен соғыс жүргiзiлдi.
Чан Зу Тон (1341—1369) билiк құрған кезде өкiмет басына 
қарапайым халықты тонаушы, парақор, сатқын шенеунiктер келдi. 
Оларға деген наразылық көтерiлiстердi жиiлетiп, елдiң экономика-
сын титықтатты. 1369 ж. Тьямпа королi Тебоннгтың əскерi Дайвь-
еттiң астанасы Тханглаунгқа дейiн жеттi. Бiрақ чамдар (Тьямпа 
халқы солай аталады) Дайвьеттi ұстап тұра алмай, кетуге мəжбүр 
болды.
Осындай дағдарыс жағдайында 1371 ж. елдегi өкiмет билiгi 
iрi  ақсүйектер  өкiлi  Хо-Кюи-Лидiң  қолына  көштi.  Ол  реформа-
лар арқылы орталық өкiмет билiгiн нығайтып, вьет мемлекетiнiң 
бұрынғы қуаттылығын қалпына келтiруге тырысты.
1372 ж. əкiмшiлiк аппаратында тазарту қолға алынып, халық 
санағы жүргiзiлдi. Астанадан провинцияларға наместниктер, əскери 
губернаторлар мен құпия бақылаушылар жiберiлдi.
Конфуциандықтың ығыстыруымен буддалық дiн өз ықпалынан 
айырыла бастаған болатын. Сол себептi буддалық дiнбасыларының 
жер иелiктерiн қысқарту басталды. 1396 жылы бұрынғы металл 
ақша қағаз ақшамен (бон) ауыстырылды.
1397 ж. Хо-кюи-Ли корольдiң отбасы мүшелерiнен басқа 
адамдардың 10 маудан (1 мау=0,36 га) артық жер үлесiн алуына 
тыйым салды. Артық жерлердi мемлекет алып, жер жетпей жатқан 
қауымдарға таратып бердi. 1401 жылдан бастап əрбiр провинция-
да қоғамдық қамбалар ұйымдастырылды. Онда жиналатын астық 
қоры ашаршылық бола қалғанда таратылып беруге арналды.

150
151
Хо-кюи-Лидiң реформалары аяғына жеткiзiлмедi. Оны 1407—
1427 жылдардағы Қытай басып алушылығы тоқтатты.
Қытай басқыншыларына қарсы күрестiң орталығы Тханьхоа 
провинциясындағы Ламшон ауылы болды. Сол ауылдан 1418 ж. 
көтерiлiсшiлер Ле Лой мен оның серiгi Нгуен Чайдың басшылығымен 
жаудың əскерiне қарсы шабуыл бастады.
Он жылдық соғыстың барысында вьеттiктер жеңiске жетiп, от-
анын толық азат еттi. 1428 ж. өкiмет билiгiнiң Ле əулетiнiң қолына 
көшкендiгi жарияланды. Ол əулет 1788 жылға дейiн билiк құрды.
Жаңа əулет басқарған өкiмет ең алдымен ауыл шаруашылығын 
қалпына келтiрiп, онан əрi дамытуды қолға алды. Iрi жер иелерi 
Қытай басқыншыларымен ынтымақтастықта болғаны үшiн олардың 
иелiктерi қазынаға алынды. Ал Ле Лой əскерi негiзiнен шаруалардан 
тұрғандықтан қазынаның жері жері жоқ немесе жерi аз шаруаларға 
бөлiнiп  берiлдi.  Ол  жерлердi  сатуға  тыйым  салынды.  Алдағы  екi 
жыл бойына шаруалар салықтан босатылды. Бұл шаруалар соғыста 
зардап шеккен экономиканы жандандыруға зор үлес қосты. 
Өкiмет  шаруаларды  жаңа  қазыналық  жəне  жеке  меншiктiк 
жерлердi игеруге ынталандырып отырды. Тек салықты төлеп отыру 
талап етiлдi. Бiрақ шаруалардың бəрi бiрдей өз шаруашылықтарын 
дамытып кете алмады. Кейбiр шаруалар бақуатты шаруашылық 
иелерiне тəуелдiлiкке түсiп, жалдануға əрекет жасады. Бiрақ салық 
төлеушiлер қатары кемiп кететiн болғандықтан мұндай əрекеттерге 
тыйым салынып отырды.
Ле Нян Тон (1442—1454) билiгi кезiндегi жарлықтар ұсақ отба-
сыларының жеке меншiк жерлерiн нығайтуға бағытталды. Мұндай 
шаралар XV ғасырдың 50- жылдарының аяғына қарай Дайвьетте 
жер иеленудiң тұрақтылығын қамтамасыз еттi.
Ле Тхань Тон (1460—1497) корольдiң тұсында реформалар 
толықтырылып, “Хонг-дык” кодексiмен бекiтiлдi. Ол орталық-
тандырылған монархияны құруды көздеп, XV ғасырдың ортасына 
қарай аграрлық қатынастарда орын алған өзгерiстердi бейнеледi. 
Оның көптеген баптары жердi иелену, мұраға алу, сату тəртiптерiн, 
ол тəртiптердi бұзғаны үшiн қолданылатын жазаларды белгiледi.
Ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң өсуi қолөнерi мен сауданың да-
муына ықпал еттi. “Жүз бiрлестiк өндiрiс” деп аталған мемлекеттiк 
шеберханаларда əскерге қажеттi қару-жарақтар, өндiрiс құрал-
саймандары, сəндiк бұйымдар жасалды, киiм-кешек тiгiлдi. Ауылдар 
егiншiлiктен қол үзбестен жiбек жəне мақтадан тоқылған маталар 
шығарды, қағазбен күйдiрiлген қыш бұйымдарын жасады. Вьеттiк 
шеберлердiң бұйымдары тек iшкi рынокта ғана емес, сондай-ақ 
сыртқы рынокта да, əсiресе Қытайда үлкен сұранысқа ие болды.
Дайвьет сыртқы саясатта да елеулi табыстарға қол жеткiздi. 1471 
ж. Тьямпа жаулап алынды да, тəуелсiздiгiнен айырылды. 1479—
1480 жылдары Лангсангқа сəттi жорық жасалды. Оның нəтижесiнде 
Лангсанг бiраз уақыт Дайвьеттiң сюзеренитетiн мойындауға мəжбүр 
болды.
Мəдениет. Вьет халқының мəдениетi қытайлық басқын-
шылардың ассимилияцияландыру саясатына қарсы күресте дамып, 
жетiлдi.  Дегенмен  Қытайдың  мың  жылдық  (б.з.б.  II  ғ.—  б.з.  ХI  ғ.) 
үстемдiгi вьет мəдениетiне əсер етпей қалмады. Х ғасырда Дайвьетте 
Қытай жазуы мен бiлiм жүйесi тарады; буддизм, конфуциандық 
пен даосизм келдi. Дайковьет мемлекетiнiң құрылуымен Қытай 
ықпалынан құтылу процесi басталды. Вьет оқымыстылары ұлттық 
иероглифтiк жазу — “тьыномды” ойлап тапты. Кiтап басу iсi қолға 
алынды.
Вьеттiк əдебиеттiң тууы жөнiндегi ең көне ескерткiш Ли Тхай То 
корольдiң 1010 жылғы астананы басқа қалаға көшiру жөнiндегi эдиктi 
болып табылады. “Тьыноммен” ХIII ғасырда ең бiрiншi болып өз по-
эмасын оқымысты-ақын Хан Тхюен жазған. Бұл кездегi əдебиетте 
поэзия  үстемдiк  құрды.  Сондай-ақ  отан  сүйгiштiк,  патриоттық 
тақырып та кең орын алды. Оған дəлел қолбасшы Чан-хынг-Даоның 
1285 ж. жазылған “Əскер басшыларына үндеуi”. “Линьнамның 
таңғажайып тарихы” деген белгiсiз автордың құрастыруымен 
аңыздар жинағы жарық көрдi. Ли те Сюен деген автор “Вьет жерiнiң 
құпиялар жинағын” жазды. Сол кездегi көрнектi əдебиетшiлердiң 
бiрi Нгуен Чай (1380—1442) болды. Ақындар көбiнесе тандық 
поэзияға елiктедi.
1272  ж.  Ле  Ван  Хыудың  “Дайвьеттiң  тарихы”  деген  еңбегi  жа-
зылды. Ол Вьетнамның б.з.б. III ғасырдан бастап б.з. ХIII ғасырына 
дейiнгi тарихын қамтыған. 1330 жылдары Ле Так “Аннам
1
 тура-
лы  жазбаларды“  жазды.  Онда  Вьетнамның  ежелгi  қалалары  мен 
ғибадатханалары,  т.б.  сəулет  өнерiнiң  ескерткiштерi  туралы  баян-
далады.
XV  ғасырдың  аяғына  қарай  “Вьеттiң  қысқаша  тарихы”,  “Вьет 
тарихының мəтiнi жəне түсiндiрмесi” деген тарихи еңбектер өмiрге 
келдi.  1480  ж.  Нго  Ши  Льеннiң  “Ұлы  Вьет  анналдарының  толық 
жинағы” деген еңбегi жарық көргеннен кейiн вьетнамдық тарихна-
1
 Аннам (қытайша Аньнань)  — «жуасытылған оңтүстік елі». Қытай өкіметі VIII 
ғасырдағы көтерілісті басқаннан кейін вьеттер жерін осылай атаған.

152
153
мада жаңа кезең басталды. Осы кезден бастап оқымыстылар елдiң 
тарихын: Қытай үстемдiгi аяқталғанға дейiн жəне өз бетiмен даму 
кезiндегi,— деп екiге бөле бастады.
ХI ғасырда азаттық алғаннан кейiн құрылыста, сəулет өнерiнде 
ұлттық өрнек үстем бола бастады. Дамыған орта ғасырлардағы 
вьетнам сəулет өнерiнiң көрнектi ескерткiштерi 1049 ж. салынған 
Мот Кот пагодасы, 1070 ж. Конфуцийдiң құрметiне салынған 
“Ваньмеу” əдебиет ғибадатханасы жəне Лангшондағы император-
лар қабірлерiнiң кешенi (XV ғ.). 
Бейнелеу жəне iсмерлiк өнерлерiнiң дамуы негiзiнен табына-
тын орындар құрылысымен тығыз байланыста болды. Вьетнамдық 
шеберлердiң атын елден тыс жерлерге таныс еткен атақты лак 
өндiрiсiнiң негiзi қаланды. 
Ə д е б и е т т е р:
1.  История Востока. Т. II.— М.: 1995.— 346—353; 571—575 бб.
2.  История стран Азии и Африки в средние века. В 2-х ч. Ч. I.—     
М.: МГУ, 1987.— 257—271 бб.
3.  История стран зарубежной Азии в средние века.— М., 1970.—     
270—277 бб.
§ 16. XI—XV ғасырлардағы Монғолия
1. XI—XІІ ғасырлардағы Монғолияның əлеуметтік экономикалық 
   жағдайы.
2. Монғолдың, Темужиннің арғы тегі.
3. Монғолдар державасының құрылуы.
4. Монғол жаулап алушылықтары.
 
XІІІ ғасырда Еуразия халықтарының тағдырына зор əсер  етіп, 
Монғолияның даңқын бүкіл əлемге шығарған  Шыңғыс хан мен 
оның балалары, немерелері болды.
XІ ғасырдың басында қазіргі Монғолия монғол тілінде сөйлейтін 
тайпалардың мекеніне айналды. Онда бұрын тұрған түркі тілдес 
халықтар қоныс аударды; жалайыр, керей, қоңырат, найман, қоралас 
тайпалары монғолдың  арулат, барулас, бесут, маңғуыт, меркіт, 
найқын,  алқұнауыт, оранар, ұраңқой, сукегін,  тайшыжұт, т.б. тай-
паларымен аралас-құралас тұрып жатты.
Монғолдар Байкал көлінен Ұлы Қытай қабырғалары,  Енесай 
өзені мен Ертіс өзендері аралығында көшіп-қонып жүрді. Монғол 
жері орман, дала, құба (шөл) болып  бөлінеді
1
. Солтүстігіндегі 
монғолдар орман-тоғайларда, ал оңтүстігіндегі моңғолдар — ашық 
далада, құмда қоныс өзгертіп отырды. Орман-тоғайдағы моңғолдар 
аң, балық аулаумен шұғылданса, оңтүстігіндегілер мал бағып, 
көшпелі өмір  сүрді.
Əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени даму деңгейі жағынан  
солтүстіктегі монғолдар оңтүстіктегі монғолдардан артта қалып 
қойған еді. Олар алғашқы қауымдық қоғамнан таптық қоғамға енді-
енді  өте  бастаған  болатын.  Олардың  үйлері  ағаштан,  киімдері  аң 
терілерінен жасалатын. Бірте-бірте солтүстіктегі монғолдар мал 
бағумен де айналыса бастады. Мал басының көбеюі оларды тоғайдан 
шығуға мəжбүр етті.
ХІІ ғасырдағы тоғайлық моңғолдар көпшілігі жартылай аң аулау-
шылар, жартылай мал бағушылар болды. Далада тұратын моңғолдар 
ірі қара, жылқы, қой өсірді. Түйе ол кезде Монғолияда аз болды. Олар 
тез жиналып, тез қайта құрылатын  дөңгелек киіз үйлерде тұрды. Əр  
рудың өзіне тиісті, бекітілген жайлау, қыстаулары болды. Монғолдар 
негізінен мал етімен, сүтімен қоректенді. Мал монғолдардың 
өздерінде жоқ егінге, қол өнер бұйымдарына айырбастайтын ақша 
орнына да жүрді. Қолөнері нашар дамыды. Олар жүннен киіз ба-
сты, арқан есіп, жіп иірді, мата мен темірден жасалған бұйымдарды 
/қазан-ошақ.../  Қытайдан алып отырды. Теріден қайыс-таспа, мес, 
қоржын, киім тікті. Ағаштан ертоқым, ыдыс-аяқ, садақ жасады. Аз 
пайдаланылатын темірден ара, балта, пышақ, садақ оғын... жасады. 
Монғолиядағы сауда Орта Азиядан, Шығыс Түркістаннан шыққан 
ұйғыр жəне мұсылман көпестерінің қолында болды.
Жалпы мəдениет деңгейі өте төмен болды: олар күнтізбе дегенді 
білмеді. Қытай саяхатшысы Мэн Хун  былай деп жазды: «Жылды 
шөптің өсуімен есептейді, біреуінен қанша жастасың деп сұрасаң: 
20 шөп, 30 шөп деп жауап береді. Олар күзді көктемнен  ажыратпай-
ды,  айдың күндерін білмейді».
Кейбір монғол руларының мəдениетіне батысында тұратын 
түркі тілдес ұйғыр халқы айтарлықтай ықпал етті. ХІІІ ғасырға 
дейін монғолдардың өз жазуы болған жоқ. Монғол тайпаларының 
ең мəдениетті көршілері — наймандар ұйғыр жазуын қолданды. 
Дегенмен барлық монғол халқына, оның мəдениетіне Азияның сол 
кездегі ең озат елі — Қытай көп үлес қосты.
1
 
Монғолдың құпия шежіресі.— Алматы, 1998.— 2 б.
 

154
155
Шыңғыс хан [1155 (1162) — 1227]
ХІІ ғасырға дейін монғол халқының көпшілігі шамандық дінді 
ұстанды. Басты құдай деп «мəңгілік көк аспан» саналды. Монғолдар 
жер құдайын да,  рухты да мойындап, аруақтарды пір тұтып, сый-
ынды. Керей тайпасының ірі ақсүйектері ХІ ғасырдың басында 
несториандық бағыттағы христиан дінін қабылдады. Наймандар ара-
сында буддизм  мен христиан діні тарады.  Бұл діндер Монғолияға 
ұйғырлар арқылы тараған еді.
ХІІ ғасырдың аяғына қарай монғол қоғамының таптық сипа-
ты айқын көріне бастады. Əрбір рудың өзінің «батыр», «мерген» 
атанған басшылары байларға айналып, өзінің кедей туыстарын 
қанай бастады. Мұндай ру басшылары «нояндар» деп аталды. 
Рудың меншігіндегі жерлерді біртіндеп осы нояндар өз қолдарына 
ала бастады. Олар мал жайылымдарын, жазғы, қысқы қоныстарды 
бөліп, өздеріне көбірек жақсы жерлерді қалдырып  отырды. Монғол 
жəне Қытай дерекнамалары бұл мəселе бойынша көптеген нақтылы 
мысалдар қалдырған.
Жердің иесі ретінде нояндар бақташылар-араттарды өздеріне 
тəуелділікте ұстады. Жер үшін араттар белгілі  бір өтем /салық/ 
төледі. Мысалы, ноянның малын өз малымен қоса бақты. Сөйтіп, 
жұмыспен өтеу рентасы қалыптасты.
Монғол қоғамының өмірінде құлдар үлкен рөл атқарды. Құлдар 
жеткілікті болды. Соғыста тұтқынға түскендер құлға айналды-
рылатын. Дегенмен,  соншалықты көптігіне қарамастан,  құлдар 
монғолдардың қоғамдық өндірісінде шешуі рөл атқарған жоқ. 
Құлдарды негізінен ақсүйектер үйлерінде малай ретінде пайда-
ланды, енді бір үйлерде құлдарды қол өнершілер ретінде пай-
даланды.  Құлдардың    еріксіз  еңбегі  тиімсіз  болды.  Ол  арнаулы 
бақылаушы адамдарды қажет етті. Құлдардың еңбегі мал басының 
өсуін қамтамасыз ете алмады. Монғол қоғамы алғашқы қоғамдық 
қауымнан құлдық қоғамға тоқтамай,  феодалдық қоғамға көшті. 
Осы жолмен дамуына олардың дамыған феодалдық  ел — Қытаймен 
көрші болуы да үлкен ықпал етті.
ХІ—ХІІ ғасырларда Монғолияның қоғамдық өндірісіндегі басты 
тұлға — ерікті шаруа — арат болды. Олардың ұсақ шаруашылық-
тары болды, табыстарын ұлғайта түсуге мүдделі болды. Араттар əлі 
басыбайлы емес, ерікті шаруалар болып қала берді. Олардың бір но-
яннан басқа  ноянға кетуге хақысы болды. Бұл ерікті шаруалардың 
нығайып келе жатқан феодалдық қатынастарға қарсы күресі ту-
ралы  деректер  бар.  Мысалы,  Шыңғыс  хан  таққа  отырар  алдында 
монғол қоғамына былай деп сипаттама берген болатын: «Балалары 
əкелерін тыңдауды қойды, інілері ағаларына бағынбады, санаспа-
ды, ерлері əйелдеріне сенуден қалды, ал əйелі ерін сыйлауды қойды. 
Сол  себепті қарақшылар, бұзықтар, безбүйректер көбейді. Сөйтіп, 
қоғамда тəртіп, мəніс қалмады».
Монғолиядағы феодализмнің қалыптаса бастауына байланысты 
«нөкерлік» деген өмірге келді. Нөкер деген  орыстардағы «дружин-
ник»,  қазақтардағы «төлеңгіт» дегенді білдіреді.
Нөкерлік ХІІ ғасырдың аяғында кең қанат жайып, елдің қоғам-
дық өмірінде үлкен рөл атқарды. Нөкерлердің басты міндеті 
еңбекшілер наразылығын басып, нояндар билігін нығайту, өз 

156
157
ноянының басқа нояндармен күресіне қатысу болды. Нөкерлер текті 
тұқымдардан таңдап алынды. Нөкерлер жер, шаруалар алды. Бұл 
үлестер еуропалық  бенефицидің баламасы болды. Монғолша бұл 
үлес «хуби» деп аталды. Қарапайым халық «харачу» деп аталды. 
Нөкер ноянға адалдығы жөнінде ант-су ішіп, ауызша уəде беретін.
Феодалдық қатынастардың онан əрі дамуына рулық қауымның 
қалдықтары кедергі жасады. Əрбір атаның тұқымдары бірге көшіп-
қонатын. Қоныста ортада үлкен үй орналасатын да, қалғандары 
сол үйдің айналасына тігілетін. Əскерді де əр атаның тұқымдары 
жасақтайтын. Жеті атаға дейін бір тұқымның ұрпақтарына үйленуге 
тыйым салынды. Сондықтан келін басқа атадан айттырылатын, ал 
қалың малға шамасы келмейтіндер қалыңдықты ұрлап алып қашуға 
мəжбүр  болатын.  Əр  атаның  өз  таңбасы  болды.  Соғыс  кезінде  əр 
атаның жауынгерлері жауға қарсы өз сардарларының басшылығымен 
топ-топ болып шабатын.    
Əр ата — бір ауыл болатын. Əйелдерді ерекше сый-құрметке 
бөлеген. Ол жайында ХІV ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн Батута 
жақсы жазған. Əр атаның өз қонысы болатын. Ата ішінде  өкпелеген 
отбасылар басқа жерге көшіп кететін. Ата ішіндегі билік, байлық 
үшін таластар көрші аталармен талас-тартыстарға ұласты. Бірнеше 
рулар, ата тұқымдары бірлесіп, Монғолиядан тыс жерлерге жорық-
тар жасай бастады.  Бірақ ең басты мəселе — бүкіл Монғолияға билік  
орнату болды. Тайшыжуттар  мен татарлар, керейлер мен найман-
дар, татарлар мен меркіттер арасындағы қақтығыстардың мақсаты 
— Монғолияны бір рудың қол астына біріктіру болды.
Əсіресе ХІІ ғасырдың екінші жартысында талас-тартыс 
шиеленісіп кетті. Өндіргіш күштердің онан  əрі дамып жетілуі 
қорғауды қажет етті, яғни бір орталыққа бағынған тəртіп орнатып, 
ол тəртіптің қатаң сақталуын бақылайтын  мемлекетке мұқтаж 
болды. Мұндай мемлекеттің құрылуы Есугей батырдың баласы 
Темужіннің  қызметімен  байланысты  болды.  1164  жылы  Есугей 
батыр өлді. Оның жұбайы Оэлун бес баламен /4 ұл, 1 қыз/ жесір 
қалды. Баласының үлкені Темужін тоғыз жаста болатын. Ол ер 
жетіп, ат жалын тартып мінгенше жесір отбасының көрмеген азап-
қорлықтары жоқ.
Темужіннің аты ХІІ ғасырдың 90 жылдары шыға бастады. Ол 
əкесінің досы, керейттердің ханы Тұғырылдың көмегімен көзге түсіп, 
көтеріле бастады. Бірте-бірте өз ұлысын құрып, бүкіл Монғолияны 
біріктіруге кірісті. Бірақ мұндай ойды тек Темужін емес, басқа 
ұлыстың басшылары да ойлайтын. Солардың тарапынан Темужін 
үлкен қарсылыққа кездесті. Ең бірінші  қарсыласы тайшыжуттарды 
өз жағына тартып алған  меркіттер  болды. Тұғырыл ханның жəне 
жаджират руының  батыры, досы Жамуханың көмегімен Темужін 
меркіттерді талқандады. Бұл  жеңістен кейін Темужін мен Жамуха 
арасында  араздық туды. Бір пікір бойынша, Жамуха бұрынғы 
рулық құрылыс пен тəртіпті жақтап, қарапайым халықтың мүддесін 
қорғады. Ол Темужін орнатпақшы қатаң тəртіпке, бір орталыққа 
бағынған мемлекетке қарсы болды. Басқа бір пікір бойынша, 
Жамуханың өзі билікке ұмтылды, сол билік үшін күресті.
1200 жылы Темужін Тұғырыл ханмен бірге татарларды 
талқандады. 1202 жылы Темужін əскер басыларына соғыста түскен 
олжаны өз бетімен талан-таражға салуға тыйым салды. Олжа соғыс 
біткен  соң тең бөлінуге тиіс болды. Темужіннің бұл жеңісі оның 
қарсыластарын бірлесуге, күш жинауға мəжбүр етті. Татарлар 
меркіттермен, тайшыжуттармен, ойраттармен бірігіп, Жамуханы 
хан сайлап, Темужінге  қарсы соғыс бастады. 
1203 жылғы көктемде бұл соғыс Темужіннің толық жеңісімен 
аяқталды. Бұл жеңістен кейін  Темужін мен керейт ханы (ваны) 
Тұғырылдың арасындағы бақталастық басталды. Олардың ара-
сында соғыс болмай қоймайтын болды. Соғысқа Ван-ханды бала-
сы итермелей түсті. 1203 жылы күзде Ван-хан əскері талқандалып, 
ұлысы Темужіннің қолына көшті.
Енді Темужінге қарсы тұрған бір ғана ұлыс-наймандар қалды. 
Екі жақ та соғысқа мықтап дайындала бастады. Темужінге қарсы 
күштердің бəрі наймандар тобына барып қосылып жатты. 1204 
жылы  Темужін    əскері  Орхон  өзенінің    батысында  наймандардың 
Таян-хан бастаған қолын талқандады. Таян-хан ұрыс кезінде өлді. 
Бұл жеңістен соң бүкіл Монғолияны билеу жолында Темужіннің 
бақталасы қалмады. Наймандар батысқа қашып барып, қазақ 
халқының негізін қалауға үлесін қосты.
1206    /1202/  жылы  Онон  өзені  бойындағы  Делюн-бұлдақ  деген 
жерде ашылған ру-тайпа шонжарларының құрылтайы Темужінге 
Шыңғысхан деген атақ беріп, оны монғолдардың ұлы  қақаны деп 
жариялады. Əбілғазы «Тəңірінің беті келіп: «Маған тəңірден иша-
рат болды. Темужінге бар. Елге, халыққа: «Бұл күннен соң Темужін 
демесін, Шыңыз десін, жер жүзінің патшалығын Шыңызға, оның 
балалары мен тұқымдарына бердім» деп айт дейді. «Шыңның» 
мағынасы «ұлық жəне қатты» деген болар, «ыз» — оның көпшесі»
1
,— 
десе,  Құрбанғали  Халид: «...Соғыс ғылым тəсіліне қарап-ақ  «жың 
1
 Əбілғазы. Түрік шежіресі.— Алматы, 1991.— 59 б.

158
159
Садақ атуға жаттығу
аңқиз, яғни Жаһангир /əлемді алушы/ лақабы қойылып, ол өзгеріп, 
«жыңғыз» — «Шыңғыс» болып кеткені»
1
 дейді. Əбілғазы: «Шыңғыс 
хан ...  туғанда бір қолын жұмып туды. Кіндік шеше болған əйел 
қолын ашып қарап еді, бір уыс қан көрді. Мұны келіп əкесіне айт-
ты. 
Отырған кісілердің ешқайсысы бұл ненің нышаны екенін айта ал-
мады, тек бір кісі ғана «бұл бала дүние жүзіне патша болар, көп ел-
дер мен уəлаяттарды қаталдықпен өзіне бағындырар, бұл — соның 
нышаны»,— депті. Ол кісінің айтқанындай болды».
2
Монғол тайпаларының барлығы Шыңғысханның ұлысы санал-
ды. Олар: оң қол — барунғар /Борчу/, сол қол — жоңғар /Мухали/ 
жəне орталық /Ная/ деп үш бөлікке айырылды. Əрқайсысы бөлек өз 
ішінен түмендік /оң мың/, мыңдық, жүздік жəне ондықтарға бөлінді. 
Егер бір жауынгер соғыс даласынан қашса, онда бұл үшін бүкіл 
ондық өлтірілді, яғни əскер тəртібі өте қатал болды. Əскер басында 
нояндар, баһадүрлер, мергендер болды. Əскерлердің көпшілігін сан-
сыз көп, əрі шапшаң қозғалатын атты əскер отрядтары құрады.
Соғыс  қарулары  —  қайқы  қылыш,  ұзын  найза,  садақ,  қорған 
бұзғыш жəне тас лақтырғыш серіппелі құралдар жəне тез жанатын 
май құйылған құмыралар еді. Шыңғысханның он мыңдай таңдаулы, 
өзіне шын берілген жауынгерлерден құралған «кешігі» — жеке 
ұланы болды. Осы ұланның көмегімен Шыңғысхан нояндар мен ірі 
феодалдарды өзіне бағындырып ұстады.
Ең үлкен əкімшілік бөлік бір түмен /оң мың/ əскер шығара 
алатын иелік болды. Шыңғысханның барлық қарулы күштері 
əрқайсысында мың əскері бар 95 мыңдықтан құрылды. Шыңғысхан 
барлау жұмыстарын жақсы жолға қойды. Қажетті деректерді олар 
көпестер, елшілер жəне тұтқындар арқылы жинады. Болашақ 
қарсыласын тек мұқият зерттегеннен кейін ғана əскери жорықтарға 
шығып отырды.
1207 жылы монғолдар Селенга өзенінің солтүстігіндегі, Енесай 
алқабындағы Сібір халықтарын, тангуттық Си-Ся мемлекетін, 
1209 ж. Шығыс Түркістандағы ұйғырлар елін басып алды.  1211 ж. 
Қытайдың  солтүстігіндегі чжурчжендерге қарсы жорық басталды. 
1215 ж. бұл жорық Пекинді /Бэйцзин/ басып алумен аяқталды.
1218 ж. Шыңғысхан наймандарды талқандап, 1219 ж. Қазақстан 
мен Орта Азияны жаулап алуға кірісті. 1220 ж. монғолдар Бұхара мен 
1
 Құрбанғали Халид. Тауарих хамса.— Алматы, 1992.— 95 б.
2
 Əбілғазы. Түрік шежіресі.— Алматы, 1991.— 51 б.
 

160
161
Самарқанды, Хорезм мемлекетін басып алды. 1221 ж. Орта Азияны 
басып алу аяқталды. Жебе мен Сүбедей батырлар басқарған монғол 
əскерлері Əзербайжан мен Грузияны талқандап, Қырымға жетті. 
1223 ж. Қалқа өзенінде монғолдар орыс князьдері мен қыпшақтардың 
бірлескен жасақшыларын талқандады.
1225  ж.  Шыңғысхан  Монғолияға  қайтып  келіп,  келесі,  1226  ж. 
Тангуттық Си-Ся мемлекетін біржолата жойып жіберу жорығына 
шықты. 1227 ж. Си-Ся өмір сүруін біржолата  тоқтатты. Сол жорықтан 
қайтып келе жатып Шыңғысхан  қайтыс болды. Оның қазасы тура-
лы ресми мəлімет деректерде келтірілмеген.
1229 ж. Хұрал өткізіліп, онда Ұлы хан болып Шыңғысханның 
үшінші ұлы Үгедей сайланды. Монғолияның өзіне төртінші кен-
же ұлы Төле хан болып тағайындалды. 1231 ж.  Үгедей мен Төле 
бастаған  монғол  əскері  Бянь  (қазіргі  Кайфын)    қаласына  басып 
кірді. Яньцзиннен айырылғаннан кейін чжурчжендердің өкімет 
басшылары осы қалаға келіп қоныс тепкен болатын. Шабуыл 
алғаш сəтсіз басталғандықтан монғолдар Оңтүстік-Сун мемлекетін 
чжурчжендіктерге  қарсы  бірлесіп  күресуге  шақырды.    Бұл  үшін 
Оңтүстік қытайлықтарға Хэнань провинциясын беруге келісім жа-
сады.
Оңтүстігінен Сун əскерінің, солтүстігінен монғолдардың ша-
буылына чжурчжендер төтеп бере алмады. Бянь қаласын монғол 
əскері басып алды. Сонан соң чжурчжендердің бекініс тіректері 
бірінен соң бірі құлай бастады. 1234 ж. Цайчжоу қаласын монғолдар 
басып алған соң чжурчжен патшасы өзін-өзі өлтірді. Чжурчжендер 
аумағын толық басып алып, монғолдар Сун өкіметіне берген уəдесін 
орындамады — Хэнань провинциясын оларға бермеді.
1236 ж. монғолдардың батысқа жаңа жорығы басталды. Ол 
жорықты Жошының  баласы Бату басқарды. Қыпшақтар мен Еділ 
(Волга) булгарларын бағындырып, монғолдар 1237 ж. орыс жеріне 
шабуыл бастады. 1237—1238 жж. олар Рязань, Коломна, Москва 
жəне Владимир қалаларын басып алып,талқандады. Сити өзенінде 
орыс княздерінің басты күштері талқандалды.
1239 ж. монғол əскері Днепр өзенінен өтіп, Киевті басып алды. 
1241 ж. Бату мен Сүбедей бастаған монғол əскері Венгрияға, екінші 
тобы — Польшаға басып кірді. Польша мен Силезияны бағындырып, 
моңғолдар Лигницы маңында поляк жəне неміс княздерінің 
жасақтарын талқандады. Венецияға дейін жеткен монғол əскерінің 
əлсіреуі оларды кейін қайтуға мəжбүр етті.
Ұлы түркі — моңғол қағанаты
Жошы  ханзада

162
163
Бату хан (1208—1255)
Қытай миниатюрасы
1241 ж. монғолдардың Ұлы ханы Үгедей қайтыс болды. Бес жыл 
бойы тақ үшін талас жүрді. 1246 ж. шақырылған Хұрал Үгедейдің 
баласы Күйікті Ұлы хан сайлады. Ол 1248 жылға дейін билік құрды. 
Тағы да тақ үшін күрес басталып, ол үш жылға созылды. 1251 ж. 
жиналған Хұрал Төленің баласы Мөңкені (1208—1259) Ұлы хан деп 
жариялады. Мөңкенің інісі Хүлагу (1217—1265) басқарған монғол 
əскері    1258  ж.  Бағдадты  басып  алды.  Ондағы  Аббастар  əулеті 
құлатылды.  1260  ж.  Хүлагу  əскері  египеттік  мəмлүктер  əскерінен 
жеңіліп  қалды да, кері  қайтты. Мөңкенің тағы бір інісі Құбылай 
(1215—1294) Шығыста Қытайды  бағындыру үшін соғысып жатты.
1259 ж. Оңтүстік Қытаймен соғыста Ұлы хан Мөңке  қаза тапты. 
1260 ж. құрылтай жиналысында Құбылай Ұлы хан деп жарияланды. 
Бұл кезде Қарақорымдағы ақсүйектер Құбылайдың інісі Əрібұханы 
Ұлы хан тағына отырғызды. Сөйтіп, Монғолияда екі Ұлы хан билік 
құрды.  Ол  екеуінің  арасындағы  қарулы  қақтығыс  төрт  жылға  со-
зылып, Əрібұха жеңілді. Монғолия  империясының Ұлы ханы деп 
Құбылай танылды.
Бұл кезге қарай монғолдар державасы өзгере бастаған еді. 
Оның құрамынан батыс ұлыстары бөлініп кетті. Елхандар   (Иран) 
мемлекеті мен Алтын Орда Хұбылай таққа отырғанда іс жүзінде 
тəуелсіз мемлекеттерге айналды. Ұлы ханның ісіне араласпай, олар 
Ұлы ханды да өз істеріне араластырмады. ХІІ—ХІV ғасырларда 
батыстағы үш ұлыстың хандары ислам дінін қабылдап, Ұлы хан-
ды тіпті сөз жүзінде мойындаудан да қалды.  ХІV ғасырға  қарай 
батыс ұлыстарда  тұрып жатқан монғолдар жергілікті халықпен 
араласып кетті. Олар өз тілдерін жоғалтып, түрік тіліне көшті. Тек 
Каспий теңізінің батысында ғана монғол тілі ХVІІ ғасырға дейін, ал 
Ауғаныстанда — ХІХ ғасырға дейін сақталды.
1271 ж. Құбылай астананы Монғолиядан Яньцзинге (Пекин) 
көшірді. 1279 ж. монғолдар Оңтүстік Сун империясын жаулап алу-
ды аяқтады. Бүкіл Қытай монғол феодалдарының  қолына көшті. 
Монғолдардың ХІІІ ғасырдың 70—80-жылдары Жапонияға, Бирма 
мен Вьетнамға жасаған жорықтары сəтсіздікке ұшырады.
Монғолдар жаулап алған жерлерінде «Ұлы Ясы» бойынша тəртіп 
орнатты. 
Сөйтіп, пассионарлық фазаға шамамен 970 жылдары аяқ басқан 
монғолдар ХІІІ-ғасырдың бірінші жартысына қарай Еуразия 
кеңістігіне өз билігін орнатты. Пассионарлықтың күшеюі кезінде 
монғолияның өзінің ішінде де араздықтар,  бақталастықтар орын ала 
бастайды. 1245—1262 жж. Шыңғыстықтардың біртұтас мемлекеті 
ыдырай бастайды. Оның жеке бөліктерінің арасында əскери 
қақтығыстар басталды. 1257 жылдан 1288 жылға дейінгі аралықта 
монғолдар вьетнамдықтардан үш рет жеңілді. Бұл жеңілістер ыды-
рауды күшейте түсті. Ыдыраудың шыңына монғолдар 1368 ж. 
шықты. Бұл кезде монғолдар Қытай мен Кореядан, Ираннан қуылды. 
Өзара қақтығыстарда пассионарилердің көпшілігі қырылып кетті. 
Енді монғолдармен аралас некенің арқасында қытайлықтардың пас-
сионарилігі арта түсті.
Ə д е б и е т т е р:
1. История Востока. В 6-ти Т. 2. Восток в средние века.— М., 
1995.— 364—429, 524—528 бб.
2. История Монгольской народной Республики /Ш. Нацагдорж, Б. 
Цэдэн, Б. Ширендыб и др.— М., 1983.
3. Монғолдың құпия шежіресі.— А., 1998. 
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   25


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет