С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009


§ 28. Кейінгі орта ғасырлардағы Монғолия



Pdf көрінісі
бет19/25
Дата22.12.2016
өлшемі7,55 Mb.
#159
түріОқулық
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   25
§ 28. Кейінгі орта ғасырлардағы Монғолия
1. ХV—ХVІ ғасырдың басындағы Монғолияның 
    əлеуметтік-экономикалық жағдайы.
2. Монғолиядағы бытыраңқылық жəне онымен күрес.
3. ХVІ ғасырдағы Моңғол-Қытай қатынастары. Ламаизмнің 
    таралуы.
4. ХVІІ ғасырдағы маньчжурлар шапқыншылығы.
5. ХVІ—ХVII ғғ. монғол мəдениеті.
ХV ғасырда монғолдықтардың негізгі шаруашылығы — экстен-
сивті мал шаруашылығы болып қала берді. Монғол шаруалары 
— араттар мал жайылымына лайықты жерлерге көшіп-қонып 
жүрді. Монғолдар мал үшін жем-шөп дайындамады, егіншілікпен 
айналыспады. Аңшылық рөлі де төмендеп кетті. Шаруашылық 
натуралды болды. Қолөнері нашар дамыды. Араттар өздеріне 
керекті бұйымдарды əрқайсысы өзі үшін жасап алатын. Жекелеген 
княздықтар арасында экономикалық байланыс болмады. Князь-
дықтар күшейіп, олардың ханға тəуелділігі шамалы болды. Ішкі 
сауда дамымады. Монғолия сол себепті сыртқы саудаға көп тəуелді 
болды. Солтүстігіндегі бурят-моңғолдар даму жағынан онтүстіктен 
əлдеқайда артта қалып қойды.
Қытайдан қуылғаннан кейін моңғолдардың онымен сауда-
саттық байланысы көпке дейін үзіліп қалды. Бұл үзіліс моңғол 
экономикасына көп зиян келтірді. Қиыншылықтар екі ел арасын-
дағы соғыстар нəтижесінде онан бетер шиеленісе түсті. Моңғолдар 
Қытайдағы үстемдігін қайта қалпына келтіру үшін,  экономикалық 
қатынастарда өздеріне артықшылықтар жеңіп алу үшін соғысты.
Ал Мин əулетінің императорлары моңғол феодалдарын тал-
қандап,  өздеріне бағындырып алу үшін соғысты. Қоғамдық 
сатының ең жоғарғы баспалдағында Шыңғыс ханның тұқымдары 
мен тайшылар тұрды. Бұл хан тұқымдарының туыстары өздерін 
“Қаған Ясун” /ақсүйек/ деп атады. Əр ірі феодалдың иелігі  болды . 
Ол “ұлыс”деп аталды .
Империя кезінде жер мемлекет қарамағында болып, оны жеке 
тұлғаларға  сыйлау  немесе  қайтарып  алу  ханның  құқы  болса, 
ХVІ ғасырға қарай жердің иелері ықпалды князьдер, ұлыстардың 
басшылары мен ұсақ князьдар болып алды. Қарапайым еңбекші 
халық “қара ясун”, “харачу” деп аталды. Олар өз феодалдарына, 
қожаларына тəуелді болды. Араттар өз бетімен қоныс та таңдап ала 
алмайтын.
ХVІ ғасырда Моңғолияда азық-түлік рентасы кең өріс алды. 
Дегенмен  еңбекпен  өтеу  рентасы  феодалдық  қанаудың  жəне  ірі 
мал шаруашылығының тірегі болып қала берді. Араттар арасында 
тұрмыс деңгейі жағынан жікке бөлінушілік орын ала бастады. 
Бірінші орында “Сайн хумун” деп аталған “Сыйлы адамдар”, бақуат-
тылар тұрды. Олардан кейін ортаншы топ, яғни орташа бақуаттылар 
тұрды. Ол топ “дунд хумун” деп аталды. Келесі сатыда “Қара хумун” 
деп аталған кедей-кепшіктер тұрды. Дархан деп аталған əлеуметтік 
топ біраз артықшылықтармен пайдаланды. Олар феодалдарға 
қызмет етудегі ерекше еңбектері үшін еркіндікті көбірек алған 
қызметкерлер болатын.
Моңғол қоғамының ең төменгі сатысында “богол” деп аталған 
құлдар тұрды. Олар негізінен үй шаруашылығында пайдаланылды. 

292
293
Құлдардың өз мүліктері болды, бірақ оның толық құқылы иелері 
бола алмады. Құлдық өмірбақилық болып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра 
ретінде сақталып отырды.
Моңғолиядағы феодалдық бытыраңқылық XIV ғасырдың аяғын-
да басталды.  1368 жылы Қытай халқы көтеріліске шығып, монғол 
феодалдарының өкіметін құлатып, елден қуып шықты. Монғолияда 
натуралдық шаруашылық үстемдік құрды. Жекелеген князьдықтар 
арасында экономикалық байланыс болмады. Князьдықтар күшейіп, 
олардың ханға тəуелділігі шамалы болды. Алдымен Қалған мен 
Қайюан  облыстарының  аралығы  бөлініп  шықты.  1389  жылы  бұл 
ауданның басшысы Нағашы /Нагачу/ монғол ханына бағынудан бас 
тартып, өзін Мин императорының вассалы деп жариялады.
ХIV ғасырдың аяғына қарай Моңғолияның шығысы мен 
батысындағы үстемдік етуші топтар арасында ұзаққа созылған 
күрес басталды. Оған Юань династиясының құлатылып, импе-
рияның ыдырауынан кейінгі Монғол империясындағы дағдарыс 
себеп болды.
ХІV ғасырдың аяғындағы Монғолияның малы мен шикізатын тек 
Қытай ғана сатып алып тұратын. Өнеркəсіп жəне ауыл шаруашы-
лық тауарларын монғолдарға сол қытайлықтар ғана сататын.
Қытайлықтармен сауда-саттық қатынасын негізінен шығыстағы 
моңғолдар жүргізетін, ал батыстағы монғолдардың Қытай рыно-
гымен байланысы нашар болды. Сол себепті олардың экономикалық 
дамуы артта қалып қойды. Шығыс пен батыстың арасындағы күрес 
ең алдымен Қытаймен байланыстыратын жолға үстемдік ету үшін 
жүргізілді. Бұл күрестің барысында Монғолия екі хандыққа бөлінді: 
батыс-шығыс болып. Қытай екі хандықты бір-біріне шағыстырып, 
олардың күшейіп кетпеуін қадағалап отырды. Батыс Монғолияның 
халқын негізінен ойраттар құрайтын.
Батыстық монғолдар шығыстық монғолдарға қарағанда ұйым-
шыл болды. Сондықтан да ХV ғасырдың бірінші жартысында 
батыстықтар жеңіске жиі жетіп отырды. Батыстықтар, əсіресе Тоған 
деген басшысының тұсында зор табыстарға жетті. Ол ойраттардың 
ханы Дайсынның орынбасары еді. Ол тек батыстағы князьдарды 
ғана өзіне бағындырып қоймай, шығыс князьдықтардың да біразын 
бағындырды. 1439 жылы Тоған өлген соң оның ісін баласы Есен 
əрі қарай жалғастырды. Көп өтпей Моңғолия толық Дайсын хан 
мен Есеннің қол астына бірікті. Күшейіп алған соң Есен Қытайдан 
Монғолия шикізатын көтеріңкі қымбат бағамен сатып алуды, Қытай 
тауарының бағасын кемітуді талап етті. Қытай өкіметі бұл талапты 
орындаудан бас тартқан соң, екі ел арасында соғыс басталды.
1449 жылы күзде Туму деген жерде шешуші шайқас болды. 
Қытай армиясы жеңілді. Оның қолбасшысы — император Инь Цзун 
тұтқынға түсті. Есен Қытайға бітім шартын ұсынды. Жаңа сайланған 
император ол шартқа көнгісі келмеді. Ақыры  1450 жылы шартқа қол 
қойылды. Енді Дайсун хан мен Есеннің арасында қырқыс болып, хан 
өлді. 1451 жылы Есен өзін Монғолияның ханы деп жариялады. 1455 
жылы Есенге қарсы князьдар көтерілісі болып, Есен жеңілді, қаза 
тапты. Есен өлген соң, Монғолия қайтадан бірнеше князьдықтарға 
ыдырап кетті. Ойрат феодалдары Қытай рыногынан қол үзіп қалды. 
Елді қайтадан феодалдық қырқысулар жайлады.
1479 жылы Даян хан деген атпен белгілі болған Бату Мөңке 
Монғолияның ханы деп жарияланды. Ол ыдырап кеткен 
князьдықтарды  қайтадан  біріктірді.  1488  жылы  ол  ‘’ұлы    Юанъ 
ханының” атынан Пекинге елшілік жіберді. Қытаймен келісім 
жасалды. Ол келісім бойынша көшпенділер үшін шекарада жылына 
үш рет сауда-саттық өткізілетін болды. Моңғол көшпенділері бұл 
базарға мал мен малдың өнімдерін əкелсе, қытайлықтар өнеркəсіп 
жəне ауыл шаруашылығына қажетті тауарлар əкелетін болды. 1500 
жылы ыза кернеген монғолдықтар Қытайға шабуыл жасады. 
Даян  хан  Монғолияны  жеке  дара  64  жыл  бойы  билеп,  1543 
жылы  қайтыс  болды.  Ол  өлгеннен  кейін  Монғолия  біржолата 
бірнеше князьдықтарға ыдырап кетті. Бір орталыққа бірікпеуінің 
басты себебі — оның экономикалық артта қалушылығы болды: 
натуралды шаруашылық пен ішкі рыноктың жоқтығы. Даян хан 
өлген соң, онтүстік Монғолия мен солтүстік Монғолия бір-бірінен 
бөліне бастады. Даян ханның үлкен ұлдары оңтүстік Монғолияны 
еншісіне алды. Ал кенже ұлы Гересензе əкесінің иелігін — Халха 
Монголияны алды /қазіргі Монғолия/.
ХVІ ғасырдың екінші жартысындағы Моңғолия тарихындағы 
маңызды оқиғалар Даян ханның немересі Түметтік Алтын хан 
/1507ж. туған/ есімімен тығыз байланысты. Ол Қытаймен бейбітшілік 
орнатып, сауданы жақсартуға күш салды. Өзінің ішкі саясатында 
ол егіншілік пен қолөнерді дамытуға тырысты. ХVІ ғасырдың 50- 
жылдарында Алтын ханның иелігінде Кукухото қаласы өмірге келіп, 
қолөнері мен сауданың орталығына айнала бастады. Бұл қаланың 
маңында егіншілік те  өріс алды. 1570 жылы Алтын хан Қытаймен 
бітім жасады. Қытайдың бірнеше қалаларында монғолдар үшін 
рыноктар ашылды. 1571 жылы осындай төрт қала базарында 12—14 
күн ішінде монғолдар 28 мыңдай жылқы сатты.
1566—1578 жж. Моңғолия бұрынғы шамандық діннен ламаистік 
дінге көшті. 1586 ж. Халқа (солтүстік) Моңғолияда алғашқы ла-

294
295
маистік монастырь — дацан ашылды. Алтын хан ірі монғол 
феодалдарының ішінде ең бірінші болып ламаизм дініне кірді. 
Сөйтіп Монғолиядағы шаманизмнің орнына ламаизмнің таралуына 
жол салды, ХІV ғасырдың екінші жартысында ламаизм буддизм 
дінінің бір тармағы болды. Ламаизмнің шығуы тибет монағы 
Дзонхаваның /1357—1419/ атымен байланысты. Ол Будданың 
“4 шындығын” уағыздады: өмір — азап, азап себебі — өмірге, 
оның қуанышына құштарлық; азаптан құтылу жолы — өмірге 
құштарлықтан бас   тарту, адал, қарапайым өмір сүру. Пəктік, ең 
жоғарғы сатыдағы адалдыққа жету əрине қиын,  оған əрбір адам 
жетуге тырысуы керек. Ол үшін адам өлтірмеу, өтірік айтпау, ұрлық 
жасамау, арамдық ойламау керек. Əрі қарай монахқа, ламаға сену 
керек. Əр адамның ламасы, монахы болуы керек. Ол — лама ұстаз, 
дұрыс бағыт, жол сілтеуші.
Дзонхава буддалық жанның қайта оралуы, басқа адамға көшуі 
туралы  ілімді жақтады. Осы  ілімнің негізінде ламалар адамдардың 
өмірдегі қиыншылықтары мен сəтсіздіктері олардың өткен өмірін-
дегі арамдық, қулық-сұмдықтарының нəтижесі деп түсіндірді. Ал 
қазіргі жолы болғыш, бай феодалдардың жандары бұрынғы өмірде 
адал, пəк адамдардың денесінде болған. Яғни, қазір адал жүріп 
тұрсаң, құдайға құлшылық қылып, арамдықтан аулақ болсаң, келесі 
өмірде бай, бақытты адам боласың деген пікір уағыздалды.
Дзонхава қатаң тəртіпке, бір орталыққа бағынған шіркеу құрды. 
Ламалардын бəрі бірдей сары түсті бас киім киетін болғандықтан 
бұл ілім /Дзонхава ілімі/ сары бөріктілер ілімі деп те аталды.
ХVІ ғасырдың аяғында манчжурлар Қытайда ғана емес, 
Монғолияда да өз биліктерін орнату үшін күресті. Манчжурларға 
оңтүстік Монғолияда Шахар хандығы қатты қарсылық көрсетті. 
Бұл хандықтың көсемі Даян ханның үлкен ұлының немересі 
Лингдан хан еді. Ол бүкіл Монғолияны бір мемлекетке біріктіруге 
тырысты. 1625 жылы манчжурлар жағына шыққан князьдықтарға 
қарсы жазалаушы əскер жіберді. Бұл жорық сəтсіздікке ұшырап, 
оңтүстік Монғолиядағы кейбір князьдықтар манчжурлар жағына 
шығып кетті. Лингдан хан манчжурларға қарсы күресу үшін Миндік 
императормен одақтасты. 1634 жылы Лингдан хан мен манчжурлар 
арасында шешуші шайқас болды. Сатқындықтың салдарынан 
Лингдан хан жеңіліп қалды. Шаһар хандығы талқандалғаннан кейін 
1636  жылы  оңтүстік  Монғолия  князьдарының  съезінде  Манчжур 
императоры  Абыхай  Монғолия  ханы  деп  жарияланды.  Сөйтіп 
Монғолияда манчжурлар билігі орнады. Ол билік 1911 жылға дейін 
созылды.
Бірнеше жүз жылдарға созылған соғыстар мен өзара қырқысулар 
Монғол мəдениетінің дамуына кедергі келтірді. Халықтың ауыр 
тұрмыс  жағдайы,  жарқын  болашақ  туралы  арманы  оның  ауыз 
əдебиетінде көрініс тапты. Əсіресе халыққа зорлық-зомбылық 
көрсетуші қанаушыларға қарсы күресуші  əділетті де батыр Гесерхан 
туралы аңыз кең танымал болды. Оның бізге жеткен жазбалары ХVІІ 
ғасырдың басында өмірге келді. Сонымен қатар халық арасында 
алғыс баталар мен тілектердің сан қилы түрлері кең тарады. 
Бұл кездегі Монғолияның əдебиеті саласында маңызды 
уақиғалар аз болды. ХVІ ғасырдың аяғында Убаши — қонтайшы 
мен оның ойраттарға қарсы күресі туралы аңыз өмірге келді. ХVІІ 
ғасырдың басында Цокто тайшының шығармалары жазылды. Оның 
өлеңдерінің шумақтарын достары Урга маңындағы Төле өзенінің 
жағасындағы жартастарға кашап жазған.
ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында екі тарихи шығарма 
өмірге келді. Оның біреуі “Алтын сырғалар” деп аталады. Авторы 
— Лубсанданзан. Екіншісі — Саган Сэсеннің “Тарихы”. Бұл 
шығармалардың авторлары бай феодалдар өкілдері. Олар алдымен 
ламаизмнің діни ережелерін, буддалық коcмогония теориясын, 
үнділік жəне тибеттік өкімет басшыларының тарихын баяндап, 
сонан кейін ғана өз елінің тарихын баяндауға көшеді. Бұдан басқа 
сол кездегі тарихи шығармалардан бізге лама шіркеуінің екі көрнекті 
қайраткерлері — Нейджи — тойна мен Зая Пандиталардың өмірін 
баяндайтын шығармалар да жетті.
ХVІІ  ғасырдың  ортасында  ойраттардың  өз  жазулары  пай-
да болды. Оның негізіне біраз түзетулер енгізілген ескі  монғол 
алфавиті алынды. Монғолияда ламаизмнің тарауына байланысты 
тибет тілінен монғол тіліне аударылған буддалық əдебиеттер 
жарық көрді. Ламаизммен бірге Монғолияға тибеттік сəулет өнері 
тарады. Ол монастырлар салуда, Будда бейнесін жасауда көрініс 
тапты. Бурхандарды /”қасиеттілер”/ жасауда ағаш пен металл 
пайдаланылды; олар /бейнелер/ сондай-ақ маталарға да салынды.
Сөйтіп, қиын-қыстау кездерде де монғол мəдениеті өте баяу болса 
да дамып, жетіле түсті. 
Ə д е б и е т т е р:
1. История Востока. Т. ІІ. Восток в средние века.— М.: Восточная 
литература РАН, 1995.— 524—528 бб.
2.  История  Востока.  Т.  ІІІ.  Восток  на  рубеже  средневековья  и 
нового времени. ХVІ—ХVІІІ вв.— М.: Восточная литература РАН
1999.— 564—567 бб.

296
297
§ 29. ХVI—XVII ғ. басындағы Сефевилер мемлекеті
1. ХVI ғасырдың басындағы Иран. Сефевилер мемлекетінің 
   құрылуы.
2. Сефевилер мемлекетіндегі жер иелену  жəне шаруаларды 
    қанау.
3. Қала, қолөнері жəне сауда.
4. Мемлекеттік құрылыс.
5. Халық қозғалыстары.
6. Сефевилер мемлекетінің ішкі жəне сыртқы саясаты
7. ХVI—XVII ғасырдың бірінші жартысындағы 
    Иран мəдениеті.
ХVI ғасырдың басында Иран бірнеше дербес мемлекеттерден 
тұрды. Хорасан, Ауғанстан мен Түркмения тимуридтік сұлтан 
Байқараның /1469—1506/ мемлекеті болды. 1500 жылдары Иранның 
батысындағы Ақ-қойлылар мемлекеті екіге  бөлінді;  Əзербайжан 
мен Арменияда Альвенд сұлтан билік құрды, ал персиялық 
Ирак — Мұрат сұлтанның мемлекеті болды. Фарста, Керманда, 
Иезде, Арабтық Иракта жəне Диярбакырде /қазіргі Түркияның 
шығысында/ Ақ-қойлылар əулетінің ұрпақтары жеке-жеке билік 
құрды. Əзербайжанның солтүстігінде ширван-шахтар мемлекеті 
болды.
Ардебиль ауданында Сефевилік шейхтер билік құрды. Сефевилер 
алғаш ХVI-ғасырдың басында шейх Сефи ад-дин Ысқақ (1254—
1334) құрған дербиштік орденнің басшылығында тұрды. Бұл орден 
алғаш қарапайым қолөнершілер мен кедей-кепшіктердің мүддесімен 
тығыз байланысты болды. Бара-бара феодалдық элементтер 
сефевилік шейхтердің муридтерінің /орден мүшелері/ арасында 
да пайда болды. Сефи-ад-дин шейхтың өзі де ірі жер иеленушіге 
айналды. ХV ғасырда Сефевилер Ардебиль қаласына биліктерін 
орнатты. Халық бұқарасына ықпалын сақтап қалу үшін Сефевилер 
шиит бағытын ұстанды. Олардың ықпалы Əзербайжаннан басқа да 
жерлерге тарады.
ХV ғасырда Сефевилерге көшпелі түріктердің шамлу, румлу, 
ұсташы, текелі, афшар, қажар, құлқадар тайпалары қосылып, 
олардың əскерін күшейтті. 
Бұл тайпалар «қызылбастылар» деп аталып кетті. Олар бастарына 
12 қызыл жолағы бар сəлде орайтын. Ол өздері құрмет тұтатын 12 
шиит имамдарының санын білдіретін. Қызылбастылар  Сефевилік 
шейхті өздерінің рухани басшысы  деп танып, өздерін сол шейх-
тердің муридтері деп санады. Қызылбастылар шейхтің феодалдық 
жасағын құрды.
ХV ғасырдың екінші жартысынан бастап сефевие  ордені бейбіт 
дервиш бауырластығынан жауынгер рухани-рыцарьлық орденге 
айналды. Сефеви шейхтері де, батыстағы ХІ—ХІІ ғасырлардағы 
кресшілер  сияқты, «дін тазалығы» үшін күрес деген желеумен 
мұсылман емес халықтар еліне: Грузияға, черкестер еліне, гректер-
дің Трапезунд патшалығына шапқыншы  жорықтар  жасады.
ХVI-ғасырдың басына қарай Иранда Сефевилердің өз биліктерін 
орнатуларына лайықты жағдай қалыптасты. Бұл саясатты 
əзербайжан мен иран феодалдарының күшті үкімет билігін аңсаған 
едəуір бөлігі қолдады. Османдық Түркия тарапынан Закавказье  
мен Иранға  төнген  қауіп те күшті өкімет билігін орнату талабын 
күн тəртібіне қойды. Иранның саяси бытыраңқылығы бұл міндетті 
жүзеге асыруды жеңілдетті.
Бір орталыққа бағындырылған күшті мемлекеттің құрылуы 
Исмаил-шахтың атымен тығыз байланысты. Исмаил Сефеви 1499 ж. 
он төрт жасында Ардебилдің шейхы болып тағайындалды. Ол 1500 
жылы Ширваншах əскерін талқандап, Баку мен Шемаханы алды. 
1502 жылы қызылбастар  отрядымен  Нахичеван маңында Ақ-қойлы 
сұлтанының əскерін жеңіп, Тавриз қаласын басып  алды. 1503—1504 
жж. батыс Иранды, 1510 ж. арабтық Иракты басып алып, Тавризды 
Иранның астанасына айналдырды. 
Сол 1510 ж. І-Исмаил  Мары түбінде өзбектерді жеңді. Шейбанихан  
шайқаста қаза тапты. Бірақ өзбек жерлерін көп ұстап тұра алмады. 
Иранның  қарамағына Хорасан ғана көшті.
1514 жылы түрік сұлтаны І-Селим Чалдырған маңында 
қызылбастар отрядын талқандады. Тавриз бен Диярбекир қалалары 
Түркия қарамағына көшті. /Түріктер — суниттер, ирандықтар — 
шииттер/. Бұл екі мұсылман елдері арасындағы соғыс идеологиялық 
келіспеушіліктің нəтижесі болды. Бірақ көп ұзамай түріктер Иран 
жерінен кетті. 1517 ж. I-Исмаил шах Грузияны бағындырды. XVI 
ғасырдың бірінші ширегінің аяғына қарай Сефевилер мемлекеті 
ұланғайыр аумақты алып жатты.
Сефевилер мемлекетінде парсы халқы жетекші жағдайда бол-
мады. Сефевилер мемлекетінің құрамына Ираннан басқа парсы 
емес халықтардың елдері: Əзербайжан, Шығыс Армения, Оңтүстік 
Түркмения, Батыс Ауғанстан кірді.

298
299
ХVI—ХVIІ ғғ. Сефевилер  мемлекеті.
1. ХV ғ. ортасындағы Сефевилер иелігінің шекарасы /шамамен/;         
2. Қызылбастар тайпаларының 1499 жылға қарай шоғырланған ауданы; 
3. Сефевилер мемлекетінің 1514 ж. шекарасы; 4. Шалдырған шайқасы; 
5. 1590 ж. Стамбул келісімі бойынша белгіленген шекара; 
6. 1649 жылғы шекара; 7. Сефевилер мемлекетінің астаналары; 
8. Ірі қалалар; 9. Ірі көтерілістер.
Исмаил І — (17.7.1487, Ардебиль,— 23.5.1524) 
Сефевилер мемлекетінің негізін қалаушы. 1503—1510 жж. бүкіл 
Иранды, Арменияны, Арабтық Иракты, Орта Азияның біраз бөлігін жəне 
бірқатар көрші облыстарды бағындырды. Шиизмді мемлекеттік дін деп 
жариялады. Ірі Əзербайжан ақыны ретінде де танымал болған (Хатан де-
ген жалған атпен).
Сефевилер мемлекетін негізінен Əзербайжанның көшпелі 
тайпалары құрды. Сарайда жəне əскерде əзербайжан тілі қолда-
нылса, ресми құжаттар мен тарихнаманың, сарай поэзиясының 
тілі — парсы тілі болды. Сефевилер мемлекетінде жетекші рөлді 
көшпелі əзербайжан /қызылбастар/ феодалдары атқарды. Əскер-
басылыққа, облыс басшылыққа,сарайдағы маңызды қызметтерге 
солар тағайындалды. XVI ғасырдың ортасында осындай маңызды 
қызметтер 114 қызылбастылардың отбасыларының қолында болды.
Шиизмді мемлекетік дін тірегі деп жариялаудың маңызды мəні 
де болды. Шиизм қарапайым халық арасында кең қолданушылыққа 

300
301
ие болған еді. Шиизмді суннизмге қарсы қоюдың түріктерге қарсы 
бағыттаушылық мəні де болды. I-Исмаил халықтың алдында «ши-
изм немесе өлім» екеуінің бірін таңдау міндетін қойды. Армяндар 
мен грузиндер өздерінің христиан діндерін сақтап қалды. Сефевилер 
державасындағы үстем таптар құрамына арасында қызыл ба-
сты эмирлер, жоғарғы мұсылман абыздары жетекші рөл атқарған 
көшпелі тайпалардың əскери басшылары жəне жергілікті феодалдар 
кірді.
Үкімет басына жаңа əулеттің келуіне байланысты жер қоры жаңа 
иелер арасында қайтадан бөліске салынды. Жердің көп бөлігі мем-
лекет қарамағына алынды. Ол қор «дивани» деп аталды. Шах үйінің 
үлесі «хассе» деп аталды. Жердің едəуір бөлігін көшпелі тайпалар 
үлесіндегі жұрт /йурт/ құрады.
Мұсылман жəне христиан мешіттері мен шіркеулері де ірі жер 
иелері болды. Мешіттер мен медреселерге берілген жерлер «вакф» 
деп аталды. Бұл жерлер салық иммунитетімен қорғалды. Мүлік 
жəне сойырғал деп аталған жер үлестерінің көлемі азайды. Сефеви 
шахтары күшті үкімет құру саясатын жүзеге асыра отырып, сой-
ыргал таратуды тоқтатты. XVI-ғасырда жер иеленудің жаңа түрі 
— «тийул» кең өріс алды. Бұл бұрынғы замандардағы ихтаға ұқсас 
иелік болды.
Сефевилер мемлекетіндегі əскери күштің негізін құрайтын 
көшпелілердің /илят/ жағдайы жаман болған жоқ. Көшпелілер өз 
руының басшыларына «туыстық сый» деп бүркемеленген салық 
төлеп тұрды. Тек егіншілікпен айналысатын райаттардың жағ-
дайы нашар болды. XVI-ғасырдың аяғына қарай шаруаларды қанау 
күшейе түсті.
Исмаил шах өлген соң таққа оның 10 жасар баласы І-Тахмаспе 
/1524—1576/ отырды. Оның тұсында феодалдық қырқысулар кең өріс 
алды. Шах өкіметі көтерілісшілерді жер беру, лауазымды қызметке 
тағайындау, сый тарту арқылы басып отырды.
Сефевилер өзбектермен шұрайлы Хорасан үшін үздіксіз 
соғыстар жүргізді. Бұл провинция жиі-жиі қолдан-қолға өтіп от-
ырды. XVI-ғасырдың аяғында өзбектер Хорасанның ірі қала-
лары Мервті, Нишапур мен Мешхедті басып алды. XVI-ғасырда 
Сефевилер османдық Түркиямен де тынымсыз соғыс жүргізді. 
Ол соғыстарда түріктер басымдық танытып отырды. Əскері на-
шар ұйымдастырылып, ескі қару-жарақпен қаруланған Сефевилер 
мемлекеті қорғаныспен шектеліп отырды. 1514—1555 жылдардағы 
соғыс Амасьедегі бітім шартымен аяқталды. Грузия, Батыс Армения 
жəне арабтық Ирак — Түркия үлесіне, Шығыс Грузия мен шығыс 
Армения жəне Əзербайжан — Сефевилік Иран үлесіне тиді.
1578  ж.  Түркия  Иранға  қайтадан  соғыс  ашты.  Ол  соғыс  1590 
жылға дейін созылды. Оның мақсаты — Закавказье мен Волга-
Каспий  сауда жолын басып алу болды. Сефевилер мемлекеті өте 
қолайсыз Стамбул бітім шартына қол қоюға мəжбүр болды. Ол шарт 
бойынша Түркия Шығыс Грузияны, Шығыс Арменияны, Күрдістан 
мен Əзербайжанды жəне Луристанның /Батыс Иранда, орталығы – 
Хоремабад қаласы/ біраз бөлігін алды. Түркия  тарапынан тыным-
сыз төнген  қауіп астананы Тебризден Казвинге көшіруге  мəжбүр 
етті.
Халық көтерілістері. І-Тəхмаспе шах қабілетті басшы емес еді. 
Оның ақсүйектер арасында беделі болмады. Əсіресе қызылбастар 
əмірлері    оған  сый-құрмет    көрсетуді  қойды.  Билік  құрған  соңғы 
20 жыл ішінде атқа мінбеді, 11 жыл бойы сарайдан шығуды қойды. 
Қытымыр,  арам  І-Тахмасп  халықты  жек  көрді,  арыз-шағым  ай-
тушыларды жақын жолатпады. XVI-ғасырдың  басында халық 
бұқарасының    сеніміне  ие  болған  Сефевилер  енді  керісінше, 
халықтың ашу-ызасына ілікті. Чиновниктер қатаң бақылаудың 
жоқтығын пайдаланып, заңды бұзып отырды. Феодалдар, əсіресе 
қызылбас ақсүйектері қала мен ауыл кедейлерінің  өмірі мен мал-
мүлкінің қожалары болды.
1569 ж. Гилянде шаруалар көтерілісі басталды. Олар 18 мыңдық 
жасақ құрып, шах чиновниктері мен қызылбастар эмирлерін қырып-
жойып, қуып шықты. Шах əскерімен үш жыл бойы соғыстан кейін  
ғана көтеріліс 1572 ж. басылды.
1571—1573 жж. 300 мың тұрғыны бар Тебризде көтеріліс болды. 
Оған себеп — қала басшыларының шектен тыс зорлық-зомбылық-
тары  болды.  Көтерілістің  басында  қолөнершілер  мен  ұсақ  сауда-
герлер тұрды. Иари деген палуан көтерілістің қолбасшысы  болды. 
Ақсүйек  байлар мен сайдтердің, молдалардың үйлері тоналды. Қала 
байлары І-Тахмасптан əскерді көтерілісшілерге қарсы шығаруын  
өтінді. Бірақ шах жарытып жалақы ала алмай келе жатқан əскеріне 
сенбеді.  Шах  Тебриздің  басшысы  етіп  қолөнершілер  арасында 
беделі жоғары ұста Исуфбекті тағайындады. Ол көтерілісшілермен 
тіл табысып, тыныштық орнатты. Шахтың жарлығы бойынша қала 
тұрғандары қазынаға  салық төлеуден босатылды.
Халық қозғалыстары XVIІ ғасырда онан əрі қарай жалғасты. 1629 
ж. Аббас шах өлісімен Гилянде ірі антифеодалдық халық көтерілісі 
болды.  Ол  көтерілістің    орталықтары  Лахиджан  мен  Решт  болды. 

302
303
Көтеріліске шах чиновниктерінің жібек өндірушілерге көрсеткен 
зорлық-зомбылығы себеп болды. Қозғалысқа қолөнершілер мен қала 
кедейлері белсене қатысты. Көтерілісшілер өз биліктерін орнатқан 
жерде жаңа өкімет құрды. Оны Əділ шах деген атпен бұрынғы 
князьдардың кедейленіп қалған ұрпағы басқарды. Оның əмірлерінің 
арасында дінбасылары басым болды.
Əділ шахтың көтерілісі бұқаралық сипат алды. Көтерілісшілер 
қала орталықтарын басып алып, ақсүйек байларды жəне шахтың 
ауылдардағы бюрократиясын қырып-жойды. Көтерілісшілерге 
қарсы жіберілген жергілікті хандардың жасақтары көтерілісті басу-
да белсенділік көрсетпей, шабан қимылдады. Көтерілістің тағдырын 
сатқындық пен ұйымдастырудың нашарлығы шешті. Көтеріліске 
үстем тап өкілдерінің де қатысуы оған үлкен зиян келтірді. Сефевилер 
əскері ақыры  нашар ұйымдастырылған көтерілісті басты. Əділ шах 
қолға  түсіп, өлтірілді. Сефи шах оны өз қолымен атып өлтірді. 1629 
жылғы халық көтерілісі Сефевилер  мемлекетін  əлсіретті. 
Ирандағы Сефеви шахтарының билігі сонау XVI ғасырдың 80- 
жылдарында-ақ əлсірей бастады. Ауыл шаруашылығы құлдырады, 
қалалар қаңырап, шаруалар қайыршылық халге түсті, феодалдық 
рентамен мемлекеттік салық мөлшері  ұлғайды. Осындай Иран 
үшін қиын-қыстау кезеңде екі қызыл-бастар хандары 1587 ж. таққа 
17-жасар Аббасты отырғызды. Оның жастығын пайдаланып, елді 
өздері басқаруға  дəмеленді. Бірақ  олардың үміттері ақталмады. 
І-Аббас шах /1587—1629/  көп уақыт өтпей-ақ олардың ықпалынан 
құтылды. 
Сефевилер мемлекеті І-Аббас шах тұсында өз дамуының 
шырқау  шегіне  жетті.  Бытыраңқылық  жойылып,  бір  орталықтан 
басқарылатын билік күшейтілді. Аббас 1597 ж. астананы  Казвиннен 
Исфаханға көшірді. Аббас барлық назарын өзбек хандарымен 
Хорасан үшін күреске бөлді. 1597 жылғы жеңістен  кейін Хорасан 
мен  Герат қайтадан  Иранның қол астына көшті.
Енді І-Аббас Түркиямен соғысқа дайындала бастады. Ол 12 
мыңдық атқыштар  корпусын, 10 мыңдық гулямдардың атты 
əскерін құрды. Гулямдар Кавказ халықтарының, көбінесе грузиндер 
мен армяндардың  кішкентайынан ата-анасынан  тартып алынып, 
мұсылмандық рухта əскери тəрбие алған жастары болатын. 
Ағылшын нұсқаушыларының көмегімен Аббас оқ-дəрімен  аты-
латын қаруларды, артиллерияны соғыс ісіне енгізді. Осындай жа-
стайынан  əскери дайындықтан өтетін тұрақты армиямен қатар 
Аббас феодалдардың жасақтарын пайдаланды. Жалпы Аббастың 
қол астында 120 мыңдық жақсы қаруланған армия  болды. Осы 
армиямен 1602 ж. Иран Түркияға қарсы соғыс ашты. Бұл соғыс 10 
жылға созылды. 1612 жылғы шарт бойынша Иран 1590 ж. Түркияға 
берген жерлерін  қайтарып алды. 
Түркиямен соғыс біткен соң Аббас Ауғанстанның едəуір  бөлігін 
басып алды. 1622 ж. Аббас португалдықтарды Ормуз порты-
нан /Парсы шығанағындағы/ қуып шықты. Иранға ағылшындар 
көмектесті. Ағылшын көмегі тегін болмады. Аббас ағылшынның 
«Ост-Индия» компаниясына өз елінде салықсыз сауда  жүргізуге 
рұқсат берді. Исфаханда, т.б. қалаларда ағылшын кеңселері  мен сау-
да үйлері ашылды.
XVI ғасырдың аяғы — XVIІ ғасырдың басы Иран эко-
номикасының өркендеу кезеңі болды. Иран Португалиямен, 
Ресеймен, Голландиямен, Англиямен, Қытаймен, Индиямен, 
Үндіқытаймен сауданы кеңінен жүргізді. Аббас ішкі сауданың да-
муына да көп көңіл бөлді. Сауда керуендеріне арналып мейманха-
налар, шайханалар, жаңа жолдар салынды; сумен қамтамасыз етуге 
көңіл бөлінді, керуен жолдарын қорғау қолға алынды. 
Исфахан Аббастың  тұсында 500 мың тұрғыны бар үлкен қалаға 
айналды. Көптеген зəулім мешіттер мен сарайлар, тас көпірлер т.б. 
сəулетті құрылыстар  астананың  көркіне  айналды. Исфахан мен 
Тебриздің мыңдаған қолөнершілері сыртқы, ішкі  саудаға арнап 
көптеген əшекей бұйымдар шығарып тұрды. Жібек, жүн, мақта-
маталары, кілем, теріден тігілген киім, керамика бұйымдары Иран 
шеберлерінің даңқын шығарды.  Қолөнершілер сайланып қойылатын 
старшындар  басқаратын  ерекше  цехтарға  бірікті.  150-ден  астам 
жұмысшылар істейтін  арнаулы Шах шеберханалары — «карханэ» 
жұмыс  істеді. Оларда  басыбайлы жұмысшылармен қатар басы бос 
жұмысшылар /жалдамалы/ да болды.
Қырық  құраудан    тұратын  Иран  тек  əскери  күшпен  ғана 
біріктіріліп  тұрды.  Ішкі  қайшылықтардың  шиеленісуі  шет  ай-
мақтарға көңіл бөлуге кейде мүмкіндік бермеді. Оның үстіне 
Иранның сыртқы  жағдайы да қиындай  түсті. Түркия Закавказье  
мен Месопатамиядағы иеліктерді қайтарып алу үшін күш салды. 
І-Сефи шахтың /1629—1642/ тұсында Иран біраз жерінен айырылды. 
1639 ж. Иран Месопатамияның Түркия қарамағына көшкенін мойын-
дады. Түркия, сондай-ақ  Түріктік  деп аталатын Батыс Арменияны 
да алды.
Шығыста Иранға қарсы өзбек хандығы соғысты жалғас-
тырды. Ауғанстан толығымен Сефевилер билігінен құтылды. XVIІ 

304
305
ғасырдың екінші жартысында Иранның сыртқы саудасы қысқарды. 
Ішкі қайшылықтар шиеленісті. Сарай маңындағы билеуші топтар 
арасында  өзара талас-тартыстар басталып, қыза түсті.
1615 ж. Грузияда патша Теймураз бастаған көтеріліс бастал-
ды. Көтеріліс күшпен басылып, 100 мың грузин Иранға көшірілді. 
1623 ж. Картлиде Саакадзе басқарған көтеріліс болды. 1624 жылғы  
маусымда Марабад  деревнясынның маңында  болған  шайқаста 
көтерілісшілер  талқандалды. 
Осындай көтерілістер Сефевилер мемлекетін əлсіретті. 1624— 
1625 жж. Карабахтағы армян жəне əзербайжан шаруаларының  
көтерілісі болды. Оны Мехлу-баба /немесе Мехлу-вардапед/ 
басқарған.  Өз сөзінде  ол дін  басыларының байлыққа бой ұрғанды-
ғын сынады, халықты арам, əрі бұзылған монахтарға ештеңе бер-
меуге шақырды. Ол адамдардың бəрі тең болған кезді дəріптеді. 
Мехлу-баба Армениядан қуылып  жіберілді.
Мемлекеттік құрылыс. Сефевилер мемлекеті феодалдық  де-
спотия  болды.  Оның  басында  щахиншах  отырды.  Оның    билігі  
шексіз болды. Шахтың қасында жоғарғы мəжіліс құрылды. Оның  
жеті мүшесі  болды. Ұлы уəзір-сефевидтер əкімшілігінің  басшысы  
еді. Жоғарғы  мəжіліске сонымен  қатар  жоғарғы  сот, патша  мөрін  
ұстаушы, басты дəстүр сақтаушы, гулямдар мен мушкетшілердің 
жəне зеңбірекшілердің басшылары кірді.
Шах  сарайының штаты үлкен болды. Оған аңшылықтың, 
ат сарайының, бүркітшілердің, кондитерлердің шарапшылар-
дың,  астрологтардың,  шеберлердің    басшылары,  т.  б.  кірді.  Бұл 
басшылардың өз штаттары мен кеңселері болды. Бұл чинов-
никтердің бəрі орталық басқару жүйесін құрды.
Сефевилер мемлекеті диван облыстары мен хассе облыстарына 
бөлінді. Біріншісі негізінен мемлекеттік жерлерді қамтыса, екіншісі 
шах əулетіне қарайтын жерлерді қамтыды. Диван облыстарының 
басында беглербектер тұрды. Олар өз қолдарында əкімшілік жəне 
əскери билікті шоғырландырды. Округтердің басында беглер-
бектерге  бағынышты  əкімдер  тұрды.  Əр  облыстың    феодалдар 
жасақшыларынан тұратын  əскері  болды. Хассе  облыстарын  ерек-
ше уəзірлер басқарды. Олар тек азаматтық билікті қолында ұстады. 
Оларды шах өкіметі тағайындап отырды. Мұсылмандардың діни 
бастығы екеу болды. Олар ұлы сардарлар деп аталды. Бірі ди-
ван облысындағы дінді, екіншісі — хассе облыстарындағы дінді 
басқарды. Олардың қарамағында рухани соттар мен вакф мүліктері 
болды.
Өкімет басшылары арасында ұрлық-қарлық, парақорлық кең  
қанат  жайды. Өкімет аппаратын ұстау шығындары еңбекші халық-
тың  арқасына  түскен ауыртпалық болды.
XVI  ғ.—    XVIІ  ғасырдың  І-жартысындағы  Иранның    мəде-
ниеті. Бұл кездегі парсы əдебиетінің  көрнекті өкілі Хатиф /1521 
ж.  өлген/  болды.  Оның    «Тимур  —  намэ»  деген  поэмасы    біздің 
заманымызға жетті. Сондай-ақ шираздық Али /1536 ж. өлген/, 
Астрабадтық Халали /1532 ж. өлген/ көптеген құнды еңбектер жа-
зып қалдырды.
Аталып отырған кезеңде тарихнама жақсы дамыды. Хасан-
Бек  Румлу /1531 ж. туған/ жалпы тарихтан 12 томдық  «Ахсан-ат-
таварих» /ең жақсы тарих/ деген еңбек жазды. Аббастың  тарихшы-
сы  Искандер-бек  Түркмен  /1560  ж.  туылған/    «Тарихи-əлем-арай 
Аббас» /əлемді гүлдендіруші Аббастың тарихы/ деген еңбек жазды. 
Бұл еңбек XVI ғасырдың аяғы  мен XVIІ ғасырдың басындағы Иран, 
Кавказ, Орта Азия тарихының  маңызды дерегі болып табылады. 
Бұл кездегі парсы тарихының көрнекті өкілдерінің бірі «Тарих-и-
Гилянның» авторы Фумени болды.
Бейнелеу жəне сəулет өнері бұрынғы кезеңнің, ертедегі 
мектептердің мəдени дəстүрін сақтап, онан əрі дамытты. Сефевилер 
мемлекетіндегі  бейнелеу өнерінің  ірі орталықтары Тебриз бен 
Герат болды. XVI ғасырдың аяғынан бастап  исфахандық бейнелеу 
мектебі алға озып шықты. Бейнелеу өнерінің  көрнекті өкілдерінің  
бірі Реза Аббаси болды. Оның «Елтірі бөрік киген қыз» деген суреті 
Санкт-Петербургтегі Эрмитажда ілулі  тұр.  Бізге оның 1632 ж. 
салынған  «Бақташы» деген сурет-миниатюрасы да сақталып жеткен. 
Мохаммедтің 1578 ж. салынған «Ауыл шаруашылығы жұмыстары» 
деген  суреті  де  Сефевилік  Ирандағы  бейнелеу  өнерінің  жоғары 
дəрежеде  дамығандығын  көрсетеді.
Сəулет өнері  де өз  дамуында елеулі табыстарға жетті. XVI— 
XVIІ ғасырларда салынған мешіттер мен сарайлар əлі күнге дейін 
əсемдігімен таң қалдырады. Оған дəлел-Исфахандағы XVIІ ғасырдың  
басында салынған Али-Капу сарайы. Тебриздегі шах сарайында 
атақты  Иран  оқымыстылары  өмір  сүріп,  қызмет  істеді.  Солардың 
бірі XVI ғасырдағы белгілі астроном жəне математик Гийас-ад-Дин 
Ширази. Сөйтіп, XVI—XVIІ ғасырларда Иран мəдениеті онан əрі 
дамып, жетіле түсті.
Ə д е б и е т т е р:
1.  История Востока. Т. ІІІ. Восток на рубеже средневековья и 
нововго  времени XVI—XVIІІ вв.— М.: Восточная литература РАН, 
1999.— 99—119 бб.

306
307
2. Васильев Л. С. История Востока:  В 2 т. Т. 1.— М.: Высшая 
школа, 1998.— 297—308 бб.
3.  Шабани Риза. Иран тарихы.— Алматы, Зерде, 2002.— 167—
170 бб.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет