С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



Pdf көрінісі
бет2/25
Дата22.12.2016
өлшемі7,55 Mb.
#159
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
§ 2. III—IX ғасырлардағы Жапония
1. III—VI ғасырлардағы Жапонияның əлеуметтік құрылымы.
2. Ерте феодалдық жапон мемлекетінің құрылуы. 
    Сога əулетінің билігі.
3. Жапонияға будда дінінің тарауы.
4. «Тайк төңкерісі» жəне үлестік жүйенің қалыптасуы.
5. Мемлекеттік құрылыс.
6. Мəдениет.
Жапон аралдарының ең ежелгі тұрғындары — қазіргі айнулар-
дың арғы атасы — эбисулер болып есептеледі. Біздің заманымызға 
дейінгі кезде жапон аралдарына Азия материгінен маньчжур-тунгус 
тайпалары бірнеше рет қоныс аударған. Олар Корея арқылы Кюсю 
аралына жетті, онан əрі Хонсю аралының оңтүстігі мен орталығына 
тарап, эбисулерді солтүстікке ығыстырды.
Жапон халқының қалыптасуында қазіргі Индонезия мен Үнді-
Қытай жарты аралын мекендеген малаялықтар мен т.б. тайпалар 
маңызды рөл атқарды. Жапон аралдарына жан-жақтан қоныс ауда-
рушылар арасында күрес болып тұрды, тіпті бара-бара бір-бірімен 
араласып та кетті. III ғасырдың аяғы мен VI ғасырдың ортасында 
барлық тайпалардың ішіндегі ең күштісі ямато болды. Ол Хонсю 
аралының орталығына орналасты. Алғаш Жапония осы тайпаның 
атымен Ямато деп аталған. Қазіргі «Жапония» деген аты VІ—VII 
ғасырларда қалыптасқан. “Нихон” немесе “Ниппон” деген сөз “Күн 
шығатын ел” дегенді білдіреді. Ағылшын-неміс-француздар “Япан” 
деп атап кетті.
Жапонияда егіншілік ерте дамыды. Аңыздар мен дəстүрлер, 
ғұрыптар бойынша өңделген егістікке зиян келтіру өте ауыр қылмыс 
деп есептелді. Қазіргі жапондықтардың ертедегі ата-бабалары егін 
егуге қолайлы жерлерге ғана орналасатын.
Сонау III—VI ғасырларда-ақ басты ауыл шаруашылық дақылы 
күріш болды. Ол суғарылатын жерлерге ғана емес, қуаң далаға да 
егілетін. Тарихи деректер егістік алқаптарды суаратын каналдар 
мен байламалар тұрғызылғандығын хабарлайды.
Археологиялық қазба материалдары бұл кезде Жапонияда 
қолөнерінің өмірге келгендігін байқатады. Тарихи деректер 
тоқымашылар, ұсталар, зергерлер туралы баяндайды. III—VI ға-
сырлардағы ауыл шарушылығының, əсіресе, қолөнерінің дамуына 
Қытай мен Кореядан қоныс аударғандар зор ықпал етті.
Жапониядағы ерте феодалдық мемлекеттің қалыптаса бастауы     
VI ғасырдың екінші жартысына жатады. Ол тайпалар одағының 
басшысы — Ямато патшалары мен жергілікті көсемдердің 
арақатынасынан өз көрінісін тапты: соңғылары орталық өкіметтің 
өкілдері ретінде қарастырылды. Көсемдер мен қауым мүшелерінің 
арақатынастары да өзгерді: бұрынғы құрбандықтың (ауланған аңнан 
беретін үлес, үйде жасалған бұйымдарды сыйлау) орнын астық 
салығы — «татикара» басты. Сондай-ақ, қолөнер салығы да болды. 
Ол «мицуги» деп аталды. Құрылыс жұмыстарындағы міндеткерлік 
енгізілді. Ол «этати» деп аталды.
Феодалдық өндірістік қатынастардың қалыптасуы қауымдық 
жерден «ата» деп аталған ақсүйек жерінің бөлініп шығуынан да 
көрінеді. Бұл бөлініп шыққан жердің иесі феодалға айналды. Ол өз 
жеріндегі жұмысқа «табэ» деп аталған кедейленген қауым мүшелерін 
жалдады. «Бэ» деген сөз «құл» деген мағынаны білдіреді. Бұрынғы 
үй шаруашылығында пайдаланатын «яцуке» деп аталатын құлдан 
«табэнің» айырмашылығы — оның өз мүлкі болды, оны қожасы 
өлтіре алмады, сата да алмады. Сондықтан да оларды көптеген та-
рихшылар жартылай ерікті егіншілер дейді.
Бұл жартылай еріктілер Жапон мемлекетінің құрылуында үлкен 
рөл атқарды. Себебі, олардың еңбегі өндіргіш күштерін дамытты. 
Мұндай жартылай еріктілер қатарын қоныс аударған немесе күштеп 
əкелінген қытайлықтар мен кəрістер толықтырып отырды.
Бұл Корея мен Қытайдан келгендер мəдениеті, əсіресе жер 
өңдеу, егіншілік техникасы жағынан əлдеқайда жоғарылар еді. 
Қытай  мен  Кореядан  келгендердің  едəуір  бөлігі  қолөнершілер  — 
тігінші, тоқымашы, зергер, ұсталар болатын. Үстінен қарап, билік 
жүргізетін жергілікті тайпа көсемдері келімсектерге өз мүлкін, 
құрал-сайманын иемденуге рұқсат беретін, бірақ олардың азық-
түлігін сыпырып алып, өздерін топ-топ болып, белгілі бір жерде 
ғана тұруға міндеттейтін. Сөйтіп, өздерінің жағдайы жағынан бұл 
келімсектер құлдарға жақын тұратын. Бұл жартылай еріктілерді жа-
пон деректері «томобэ», «какибэ» деп те атайды. Сөйтіп, феодалдық 
қатынастардың қалыптасуымен қатар Жапонияда құл иеленушілік 
қатынастар да орын алды.
Бірақ, құл иеленушілік қатынастардың онан əрі дамып жетілуіне 
бірнеше факторлар кедергі болды. Шаруашылықтың басты саласы 
— егіншілік негізінен қауым мүшелерінің қолында болды.
Жапония сияқты таулы елде құлдар еңбегін пайдалануға 
тиімді мүмкіндік туғызатын ірі латифундияларға орын болмады. 

24
25
Оның  үстіне  жұмысшы  күшін  толықтыру  көзі  де  шектеулі  бол-
ды. Құлдарды негізінен Кореяға шабуыл кезінде қолға түсіретін. 
VI ғасырда Корея жарты аралында жеке корей патшалықтарын 
біріктірген күшті Силла мемлекеті құрылды. Ол тек жапон шабуы-
лына тойтарыс беріп қойған жоқ, сонымен қатар 562 жылы жапон-
дарды Миманыдан да ығыстырды. Сондықтан VI ғасырда дамудың 
құл иеленушілік жолы жойылды, Жапония құл иеленуші мемлекет 
болмай, феодализм жолымен дамуға көшті.
Жапониядағы феодалдық қатынастар үстемдігі VII ғасырдың 
ортасында орнай бастады. Бұл орнығу үстем таптың жеке топтары 
арасындағы билік үшін күреспен қатар жүрді. Сонау VII ғасырдың 
басында-ақ Ямато патшалары өз биліктерін басқа ру-тайпалар 
көсемдерінің биліктерінен ерекше екендігін дəлелдеуге тыры-
сты. Ямато тайпалық одағының бетке ұстары Киммэйді таққа 539 
ж.  Сога  əулеті  отырғызған  еді.  571  ж.  Киммэй  қайтыс  болған  соң 
таққа отырған оның баласы Мононобэні Согалар өлтіріп, билікті 
өз қолдарына алды. Таққа Суйко деген əйелді отырғызып, ханзада 
Умаядоны регент деп жариялады. Ол тарихқа Сетоку-Тайси деген 
атпен енді (Сетоку — конфунциандықтағы ең асыл қасиет, ал тайси 
— ханзаданың атағы).
Сетоку Тайси 605 ж. Ямато патшалығының мəлімдемесін (декла-
рациясын) жариялады. Ол «14 бап» деп аталды. С.Тайси бұл заңға 
теңелген мəлімдеме арқылы орталықтандырылған билікті нығайтуды 
көздеді. Ол мəлімдемеде: «патша — аспан, оның пенделері — жер. 
Күн жерге сəуле төгіп тұрғанда тыныштық болып, жылдың төрт 
мезгілі бірінен соң бірі ауысып тұрады. Егер күн жерді жапқысы кел-
се, онда дүние күйрейді. Сондықтан патшаның айтқанын пенделері 
тыңдауы керек. Жоғарыдағыға төмендегі бас июі керек, мемлекетте 
екі басшы жоқ. Мемлекеттегі барлық халықтың қожасы — патша. 
Барлық əкім-қызметкерлер — патшаның малайы»,— делінген.
Сол кезде Қытайда 581 жылы құрылған Суй империясына арқа 
сүйеуге қадам жасалды. Суй сарайына бірінен соң бірі елшіліктер 
жіберілді. Ол елшіліктердің жеткізіп жататын сəлемдемелерінде ең 
алғаш «тэнно» деген сөз қолданыла бастады. Бұл сөзбен жапон мем-
лекет басшысы басқа елдермен қатынасында өзін осылай атай баста-
ды. Бұл сөз қазір де сақталған. Ол «император» дегенді білдіреді.
Бұдан кейінгі оқиғаларда сыртқы факторлар үлкен рөл атқарды: 
Қытайдың саяси ықпалы, ғылым-білімнің, буддизмнің ықпалы.
Ежелгі Жапония синтоизм дінін («синто» — сөзбе-сөз «құдай 
жолы») ұстанды. Жапонияда буддизм VI ғасырдың ортасын-
да тарай бастады. 552 жылы Кореяның Пекчэ мемлекетінен елші 
келді. Ол будда дінін таратуды ұсынды. Бірінші будда монасты-
ры  Хорюдзэ 608 жылы Нарада тұрғызылды. Баспалдақ үлгісімен 
ұйымдастырылып, бір орталыққа бағындырылған будда шіркеуі 
феодалдық мемлекеттің үлгісі болды. Буддаға табынушылық 
бұрынғы ру-тайпалық алауыздықтардың жойылуын қамтамасыз 
етті. 624 жылы Жапонияда 46 будда храмы, 816 монах (сопы), 569 
əйел-монахинялар болды. Монастырлардың жерлері, шаруалары 
болды.
Умаядо (Сетоку тайси) өле-өлгенше, яғни 622 жылға дейін билік 
құрды. Ол өзін қытай императорымен тең ұстауға тырысты. Қытай 
императоры менсінбегенімен, шыдамдылық танытты. Сетоку Тайси 
(Умаядо) жапон жастарын Қытайға оқуға жіберіп отырды. Қытайда 
білім алған жапондықтардың көпшілігі кейін Тайк төңкерісінде 
үлкен рөл атқарды.
Міне, осындай жағдайда 645 жылы «тайк төңкерісі» болды. 
Тайк жылдың аты. Осы жылғы патша сарайындағы кəріс елшілігін 
қабылдау кезінде принц Наканоэ мен сол кездегі патшалық құрып 
тұрған  Сога  Ирук  тұқымының  ата  жауы  Накатоми  Каматари  өз 
жақтастарымен патшаны өлтіріп, билікті бұрынғы патша əулетіне 
қайтарды. Сога тұқымы заңды патша əулетін биліктен тайдырып, 50 
жылға жуық мемлекеттік билік тізгінін ұстап тұрған болатын.
Таққа «патша үйінің» ең үлкен өкілі — Кару отырғызылды. 
Наканоэ тақтың мұрагері деп жарияланды. Ал Накатоми Каматари 
Фудзивара деген фамилияны алып, «сарай министрі» болып 
тағайындалды. Наканоэ Сога тұқымын құртып жіберді.
646 жылғы жарлық бойынша барлық жер жеке меншіктіктен 
алынып, мемлекет қарамағына өтті. Халық мемлекеттің үлесін 
иемденушілер болып есептелді.
Халықтың басым көпшілігі — шаруалар — əр жеке басына 2 тан-
нан (бір тан — 0,12 га) жер (үлес) алды. Əйелдер сол 2 танның үштен 
екі бөлігін алды. Əр алты жылда бір рет отбасындағы өзгерістерге 
қарай жер үлестері қайта бөлініп тұратын. Шаруалар отбасына 
үйінің төңірегіндегі бау-бақшалық, усадьбалық учаскелері жеке 
меншіктікке берілді.
Адам  басына  үлес  алған  шаруалар  мемлекетке  астық  салығын 
жəне үйде өндірілетін өнімдерден: матадан, қолөнер бұйымдарынан 
салық төлеуге тиіс болды. Азық-түлік рентасынан басқа шаруалар 
барщина өтеді. Жылына жүз, тіпті одан да көп күн мемлекет пайда-
сына тегін жұмыс істеуге тиіс болды. Шаруаның үлестен бас тартуы 
немесе үлесті тастап кетуі қатаң жазаланды.

26
27
Бұл ерте феодалдық құрылыстың негізгі принциптері 701 жылы 
құрастырылған Тайхоре кодексінде бекітілді. Үстем таптың өкілдері 
де жер үлестерін алды. Бірақ олардың үлестері шаруа үлестерінен 
əлдеқайда көп еді (40 еседен 1000 есеге дейін: қызметіне, пайдасы-
на қарай), бірақ қызметіне қарай берілетін үлес уақытша болды: 
қызметінен кетсе, мемлекет қайтарып алып қойды.
Жапониядағы феодализмнің орнығуы қүл иеленушілікті толық 
жойған  жоқ.  Жартылай  құл,  жартылай  ерікті  томобэ  мен  какибэ-
лер жойылды. «Яцуко» деген үй шарушылығындағы жекеменшік 
малай-құлдар сақталып қалды. Мемлекеттік құлдардың жаңа ка-
тегориясы — үкімет мекемелеріндегі малайлар пайда болды. Құл 
иелену ол кезде жер алу жолдарының бірі болды. Əр құл үшін оның 
иесі үкіметтен үлестің үштен бірін алатын. Құл табу барған сайын 
қиындай түсті. Кейбіреулер кедейлердің балаларын құлдыққа сатып 
алды, кейбіреулер ұрлап немесе тартып алды. Сондай-ақ, қылмысы 
үшін жазаланғандар мен қарызын өтей алмағандар құлға айнала-
тын. Өмір сүруге қаражаты жоқ адамдардың өзін-өзі құлдыққа са-
туы да кездесетін.
VII—VIII ғасырларда жапон халқының 10—20 % жуығын құлдар 
құрады. Олардың еңбектері негізінен құрылыстарда пайдаланыл-
ды.  VIII  ғасырдың  аяғына  қарай  құлдар  еңбегі  жойыла  бастады. 
Егіншілікте құлдар еңбегі толық жойылды.
Наканоэ (Тэнти) (662—671) 662 ж. Кореяға 27 мыңдық əскер 
жіберді. 663 ж. Пэккан өзеніндегі шайқаста бірлескен тан-силландық 
əскер жапондық əскерді жеңді. 671 ж. Наканоэ өлген соң оның ба-
ласы Кобун мен бауыры Оаманың арасындағы тақ үшін талас ба-
сталды. Кобун небəрі 8 ай билік құрды. Əкесінің інісінен жеңілген 
соң өзін-өзі өлтірді. Жеңіске жеткен ағасы (Оаман) өзін Тэмму деген 
атпен император деп жариялап, 673—686 жж. билік құрды. 678 ж. 
Таққа оның əйелі Дзито отырды. 696 ж. Дзито тақтан бас тартып
өзінің 14 жасар немересі Моммуды император деп жариялады. Ол 
707 жылға дейін билік құрды.
729 ж. Фудзиварлар императордың əулетін тек өз қыздарына 
үйленіп тұруға міндеттеді. 784 ж. Фудзиваралар əулеті император-
ды солтүстіктегі Ямасиро провинциясына алып барды. Сол жерде 
Хэйан («Бейбітшілік») деп аталған жаңа астана сала бастады. 858 
ж. Фудзиварлар жас императордың регенті болып тағайындалды, ал 
887 ж. канцлерлік лауазымды иемденіп алды. Жапон тарихындағы 
866—1068 жж. аралығы Фудзиварлардың регенттік билігінің кезеңі 
деп аталады.
895 ж. елдің сыртқы əлеммен байланысына тыйым салынды. 
Қытаймен, Кореямен қатынас үзілді. Елге рұқсатсыз кіруге, елден 
рұқсатсыз шығуға қатаң тыйым салынды. Бұл талапты бұзушылар 
өлім жазасына кесілетін болды.
969 ж. «тэнно», яғни «император» деген термин «ин», яғни 
«бас  тартқан»  деген  терминмен  ауыстырылды.  Император  өзінің 
жас баласының пайдасына тақтан бас тартып, шашын алғызып, 
монастырға кетіп отырды. Мемлекетті басқару үшін үлкен аппарат 
құрылды. Оны жоғарғы мемлекеттік Кеңес-додзекан басқарды. Ол 
Кеңеске 8 министрлік бағынды. Ел провинцияға (кун) жəне уез-
дерге (кор) бөлінді. Жалпыға бірдей əскери міндеткерлік енгізілді. 
Білім беру жүйесі Қытай үлгісімен құрылды. Қытай тілі өкімет 
басшыларының тілі болды. Ел басшылары, зиялылар қытай тілінде 
сөйледі.
Мəдениет. V ғасырда Жапонияға иероглифтік жазу ене бастады. 
Ол Корея арқылы Қытайдан келді. Əдетте ол жазудың келуін 404 ж. 
Пэкче деген корея мемлекетінен Атика деген тəрбиешінің келуімен 
байланыстырады. Ол тайпалық одақ көсемінің мұрагерін тəрбиелеу 
үшін шақырылды. Келесі жылы Атиканың кеңесі бойынша Кореядан 
Вани деген оқымысты шақырылды. Ол өзімен бірге конфуциандық 
кітаптар ала келді. Сүйтіп Жапонияға иероглифтік жазу, кітаптық 
білім ене бастады.
Сауаттылықты əдетте монахтар таратты. Алғашқы жапонның 
буындық əліпбиі IX ғасырда жасалып, ол «Катакана» деп атал-
ды. Жапониядағы кітап басу ісін 770 жылға жатқызады. Оның өте 
қауырт дамуы XI ғасырдан басталды.
710—784 жылдар — жапон тарихнамасында Нара кезеңі деп ата-
лады. Себебі, бұл кезде Жапонияның астанасы Нара қаласы болды. 
Бұл кезең елдің материалдық жəне рухани байлықтарының гүлдене 
түсуімен сипатталады. Ең алдымен Нара қаласының салынуы соған 
дəлел. Бұл қала Қытайдың астанасы Чань-ань қаласының үлгісімен 
қытай құрылысшыларының басшылығымен салынды.
Нара қаласында 720 жылы салынған Тодайдзи монастырында 
«Дайбуцу» немесе «үлкен Будда» деп аталатын биіктігі 16 м. қола 
мүсін тұрғызылды. Астана маңында 607 жылы тұрғызылған алты 
қабат Хорюдзи монастыры болды. Ол тек сыртынан ғана əдемі, 
таңғажайып болған жоқ, ішкі суреттері де көргенді таңдандырады.
Нара қаласының сарайлары мен храмдарында жапон, корей, 
қытай шеберлерінің алтыннан, күмістен, қоладан жасаған əсем 
бұйымдары сақталды.

28
29
Жапонияда алғашқы тарихнамалар пайда болды: 710 жылы 
«Кодзики» (ежелгі тарих), 720 жылы «Нихонги» (жапон анналда-
ры) жазылды. Бұл шығармаларда ежелгі мифтер, ертегілер, тари-
хи мұралар, жылнамалар жиналған. Сарай маңындағы ақсүйектер 
қатарынан шыққан бұл шығармалардың авторлары император 
билігінің құдайдан тарайтынын уағыздады.
VIII ғасырдың екінші жартысында «Маньесю» (мириад гүлде-
рінің  жиынтығы)  жинағы  өмірге  келді.  Ол  жапонның  халық 
өлеңдерімен гүлдене бастаған əдеби поэзияның алғашқы жинағы 
еді. Жапонияның көрнекті ақындары Хитомара мен Якомоти бол-
ды.  Хитомара  əсерлі  элегиялардың  авторы  болса,  Якомоти  ма-
хаббат жайлы лириканың көрнекті өкілі болды. Сондай-ақ, жапон 
əдебиетінде ақын Окура айтарлықтай із қалдырды. Оның өлеңде-
рінде феодалдар езгісінен қалжыраған халықтың ащы тағдыры 
көрініс тапты.
Сөйтіп, VIII ғасырдың аяғына қарай Жапонияда феодалдық 
қоғам орнығып, мəдениеті гүлдене түсті.
Ə д е б и е т т е р:
1. Васильев Л. С. История Востока. В 2-х т. Т. 1.— М., 1998.—  
433—438 бб.
2. История Востока. В 6 т. Т. II — Восток в средние века.— М.: 
Восточная литература РАН, 1995.— 90—93, 180—192 бб.
3. История Японии. В 2-х т.— М.: ИВ РАН, 1999.
4.  Кузнецов  Ю.  Д.,  Навлицкая  Г.  Б.,  Сырицын  И.  М.  История 
Японии.— М., 1998.— 13—71 бб.
§ 3. Ерте орта ғасырлардағы Корея
1. Таптардың қалыптасуы. Когуре, Пэкче мен Силлада 
    феодалдық мемлекеттердің құрылуы.
2. Корей мемлекеттерінің арасындағы күрес. Олардың 
    Қытаймен, Жапониямен соғыстары.
3. Силла басшылығымен Кореяның бірігуінен кейінгі 
    əлеуметтік-экономикалық дамуы.
4. Ерте орта ғасырлардағы Корей мəдениеті.
Жаңа дəуірдің I ғасырында Корей жарты аралын əртүрлі тайпа-
лар мекендеді. Ханган өзенінің солтүстігінде окчо, когуре, пуе, ло-
лан, емэк тайпалары тұрса, оңтүстігінде пэкче, махан, чинхан, саро, 
е, пенхан, т.б. тайпалар тұрды. Жарты арал тұрғындары мал ұстады, 
аңшылықпен, балық аулаумен айналысты. Дегенмен, ең негізгі 
шаруашылық түрі — егіншілік болды. Корейліктер тары, арпа, 
кендір өсірді. Оңтүстікте сонымен қатар күріш екті. Күріш өсіру 
суару жүйелерін салуды қажет етті. Ауыл шаруашылығында темір 
құрал-жабдықтар қолданылды. Жер өңдеп, егін егушілер өздері жіп 
иіруші де, өздері мата тоқып, киім тігуші де болды.
Алғашқы қауымдық құрылыс қоғамының қалдықтары қытайдың 
ықпалы күштірек сезілетін Солтүстік Кореяда тез қарқынмен жой-
ылды. Кореяның ежелгі замандардағы тарихы Қытай деректерінде 
кең орын алды. Бес рулық топқа бөлінген Амноккан (Ялу) өзенінің 
бассейінін мекендеген когуре тайпасының өмірінде қауымдық 
құрылыстың белгілері сақталғанымен, мүлік теңсіздігі пайда болған 
еді. Қауымдастық ішінде «тэга» деп аталатын байлар да болды. Олар 
өз туыстарын көрші қауымдарды жаулауға ұйымдастырып отырды. 
Мысалы, көрші окчо, емэк деген тайпалар когуре тайпасына тəуелді 
болып, егінмен, матамен, қымбат аң терілерімен, балықпен алым-
салық төлеп тұрды. Мұндай басқыншылық соғыстар когуре тайпа-
сының ішіндегі мүлік теңсіздігін күшейте түсті.
Ақсүйектер байыған үстіне баии түссе, соғыста кедейлер 
одан  сайын  кедейлене  түсті.  Сөйтіп,  олар  жеңілген  тайпалардың 
кедейлерімен бірге қаналушы, езілген тап — “хахо” қатарын толты-
рып отырды. Ал жеңілген жақтың көсемдері ақсүйектік жағдайын 
сақтап қалып отырды.
Когуредегі таптық қоғам ІІ—ІІІ ғасырларда қалыптасты. 
Астанасы алғаш Хвандо, кейін — Пхеньян (427 ж.) қалалары бол-
ды. Когуредегі мемлекеттің құрылуын тарихшылар 313 жылға 
жатқызады. Мемлекеттік аппаратты король басқарды. Ал əскери 
чиновник ақсүйектер атқаратын қызметінің маңыздылығына 
қарай 12 разрядқа бөлінетін. Жеке меншіктікті қорғайтын заңдар 
қабылданды. Ұрлық жасалса, ұрлаған мүлкінің құны 12 есе етіп 
қайтарылуға тиіс болды. Ал малға келтірген зияны үшін күнəһар 
құлға айналды.
IV—V ғасырларда Когуре мемлекеті Корей жарты аралының 
солтүстігіндегі үлкен кеңістікті алып жатты. Махан деген тайпаның 
құрамына кірген пэкче деген қауым III—IV ғасырларда көрші 
қауымдарды жаулап алып, Корей жарты аралының оңтүстік-
батысында, Ханган мен Кымган өзендерінің төменгі жағында 346 ж. 
өз мемлекетін құрды. Оның астанасы Хансон (қазіргі Кванджу), 538 

30
31
жылдан Сабури (Пуе) қалалары болды. Кейінірек, 356 ж. Оңтүстік 
Шығыста Силла мемлекеті құрылды. Бұл мемлекеттің негізін саро 
қауымы қалады. 
Сөйтіп, VI ғасырға қарай Корей жарты аралының кеңістігі 
үш  мемлекеттің  арасында  (Когуре,  Пэкче,  Силла)  бөлінді.  Бұл 
үшеуінің арасында біріншілік үшін күрес жүрді.Ол күрес сондай-ақ 
феодалдық қоғам дамуының талабына сай елді біріктіру мақсатын 
көздеді. Мемлекеттік ұйым жерге феодалдық меншікті бекітетін 
белсенді күш болды. Мемлекеттік аппарат шаруалардың қоғамдық 
жерлерін феодалдық меншікке айналдыруда күш көрсетіп отырды.
Шаруалар қауымдары мемлекет қарамағына немесе жекелеген 
феодалдарға басыбайлы бола бастады. Феодал-чиновниктердің мем-
лекеттен өзін «асырауға» алып отыратын округы «сикып» деп атал-
ды. Құлдардың жағдайына өзгерістер енгізілді. Оларды енді өлтіруге 
тыйым салынды. VI ғасырдың басында Силлада король өлгенде 
10 құлды бірге өлтіретін əдетке тыйым салатын ерекше жарлық 
шықты. Жарнамалар 558 жылы Силла əскер басшысы Садахам Кая 
қауымының көтерілісін басқан соң сыйлыққа алған 200 тұтқынды 
еркіне жіберіп, егінші-диқанға айналдырғанын хабарлайды.
Өз билігін нығайту үшін жергілікті аристократия қытайдың 
мемлекеттік билік түрін ғана емес, идеологиясын да қабылдады. 
Біздің эрамыздың I ғасырында Кореяда конфуциандық кең өріс 
алды. Ол бойынша кіші-үлкенге, қатардағы қоғам мүшесі — үкімет 
басшыларына сөзсіз бағынуы тиіс болды. Когуреде мемлекеттік чи-
новниктер дайындайтын арнаулы конфуциандық оқу орны ашыл-
ды.
Қытайдан Кореяға феодалдық базис пен қондырманың қалып-
тасуында үлкен рөл атқарған будда діні тарады. Когуредегі ең 
алғашқы будда монах уағызшылары 372 жылы пайда болды. 
Олар будда дінінің кітаптарын, будданың суретін əкелді. Бұл 
уағызшыларды  король  сарайы  жылы  шыраймен  қарсы  алды. 
Пхеньян маңында екі үлкен будда монастыры салына бастады.
384 жылы Пэкче королінің өтініші бойынша оның астанасына 
Оңтүстік Қытайдан будда уағызшылары жіберілді. Пэкче үкіметінің 
басшылары буддизмнің кеңінен тарауына қамқорлық жасап, будда 
дінбасыларына ірі жер үлестерін сыйға тартып отырды.
Силлада буддизм VI ғасырдың I жартысында — 528 жылдан бері 
тарай бастады. Бұл кезде мемлекеттік құрылыс негізінен аяқталған 
болатын. Силланың үкімет басшысы қытай үлгісі бойынша «Ван» /
король, князь/ атағын алды. Силла кеңістігі облыстар мен уез дерге
Корея. VII ғ.

32
33
бөлінді. Оларға əкімдер астаналық аристократтар арасынан 
тағайындалып отырды. Мемлекеттің астанасы Кымсон ірі калаға 
айналды. Оның барлық елді мекендермен байланысын нығайту 
мақсатымен пошта стансалары көптеп салынды.
Корей жарты аралындағы мемлекеттерге Қытай жиі-жиі шабуыл 
жасап тұрды. Ол шабуыл б.з.д. ІІ ғасырда, Хань империясы тұсында 
басталған болатын. 342 ж. Солтүстік Қытайда Янь мемлекетін 
құрған сяньбиліктер Когуреге баса көктеп кіріп, астанасын басып 
алды. Ерлік күрестің нəтижесінде когуреліктер бірнеше жылдан 
соң  сяньбиліктерді  өз  жерінен  куып  шықты.  IV  ғасырдың  аяғы 
мен V ғасырдың басында Квангэтхо королі кезінде Когуре аумағы 
бұрынғыдан бетер ұлғая түсті.
475 ж. когуреліктер пэкченің астанасы Хансонды басып алды. 
Пэкче Силламен одақтасып, 551 ж. Когурені Ханган өзенінің 
бассейнінен ығыстырды. Бірақ Когуреден қайтарылған жер Пэкченің 
өзіне тимей, Силланың қолына көшті. Пэкче наразы болып Силламен 
одағын бұзды. Енді ол Когуремен одақтасып, Силлаға қарсы шықты. 
Ал Силла Қытаймен одақтаса бастады.
Когуре мен Пэкчедегі Қытай шапқыншылығына қарсы күрес 
Силла мемлекеті тарапынан алғаш қолдау тауып отырды. Когуреге 
қытай шабуылы 598 жылы басталды. Осы жылы Суй əулеті Корей 
жартыаралының солтүстігіне үлкен армия мен флот жіберді. Бірақ 
қытайлықтар кəрістерден жеңіліп қалды.
612 жылы қытай əскері Когуреге тағы да басып кіріп, қайтадан 
жеңіліс тапты. Суй əскерлерінің 613 жəне 614 жылдардағы жо-
рықтары да сəтсіздікке ұшырады. Когуре мен Пэкче бірлесіп, 
Силлаға қарсы соғыс ашқанда ол Қытайдан көмек сұрады. 645 
жылы қытай əскері Когуреге басып кірді. Бірақ олар мақсатына жете 
алмады. 660 жылы Силла мен Қытай əскерлері Пэкчені талқандап, 
оны Тан империясының провинциясына айналдырды. 663 жылы 
пэкчеліктер тəуелсіздік жолындағы көтеріліске шығып, жеңілді. 
668 жылы Тан жəне Силла əскерлері Когуренің астанасы Пхеньянды 
басып алды. Сөйтіп, Корей жартыаралындағы үш мемлекет 676 ж. 
біртұтас Силла мемлекетіне бірікті. (Тан империясының үстемдігі 
676 жылы құлатылды).
Кореяның Силла мемлекетінің құрамына бірігуінің тарихи 
маңызы — осы кезден бастап аумағы бір, тілі ортақ біртұтас кəріс 
халқының қалыптасуы болды.
Силландық Кореядағы (668—935) əлеуметтік құрылымның 
жоғарғы баспалдағында чингольдар — яғни ақсүйектер, онан кейінгі 
баспалдағында  янъиндер — мейірімді адамдар, əскери міндеткер-
лер; келесі, төменгі баспалдақта — чхониндар, яғни опасыз адамдар 
тұрды. Олар толық құқылы болмады. Чхониндердің ең төменгі тобы 
— құлдар ноби деп аталды. Олар негізінен үйдегі күңдер (малайлар) 
болды. Нобилер мемлекеттік жəне жеке меншік болып бөлінді.
Салықтың негізгі түрлері оброк (азық-түлікпен өтеу) жəне ең-
бекпен өтеу (барщина) болды. Жалпыға бірдей əскери міндеткерлі-
гін өтеушілер тегін жұмысқа салынып отырды.
897 жылы Когуреде шаруалар көтерілісі басталды. Ол жеңіске 
жеткен соң Ху Когуре /кейінгі Когуре/ мемлекетінің құрылғандығы 
жарияланды. 918 жылы ол мемлекеттің басшылығына Ван Гон 
тағайындалды. Ол шаруалардың бұрынғы салықтарын жойды. 
Сонымен қатар Ван Гон Силла королімен келісімге келді. Сол 
«еңбегі»  үшін  Коре  (Когуренің  қысқартылған  аты)  король  деген 
атақ алды. Сол жылдан бері жарты арал «Корея» деп атала бастады. 
935 жылы Силла мемлекеті Кореның құрамына кіріп, дербестігін 
жойды. Сөйтіп, 935 жылдан кейін біртұтас Коре мемлекеті өмір сүре 
бастады. Оның астанасы Сонгдо (қазіргі Кэсон) қаласы болды.
X  ғасырдың  аяғы  —  XI  ғасырдың  басында  Коре  кидандар 
шапқыншылығына тойтарыс берді. Өзара қырқысулармен ішкі 
соғыстардың тоқтауы, Қытаймен, Жапониямен жəне басқа да ел-
дермен экономикалық байланыстардың күшеюі елдің өндіргіш 
күштерінің өсуіне қолайлы жағдай жасады.
Суару  жүйелерінің  құрылысы  едəуір  ұлғайып,  ауыл  шаруашы-
лығы дақылдарының түсімі өсті. Феодалдық қатынастардың да-
муы жерге мемлекеттік меншіктің базасында өрістеді. Жалпы 
мемлекеттік жер қорының көп бөлігін шаруалардың пайдаланып 
отырған кішігірім, майда үлестері құрады. Мұндай үлестік жүйе 
«чонджон» деп аталды. Ол Силла мемлекетінде 722 ж. енгізілген 
болатын. Үлесі үшін шаруалар мемлекетке рента салығын төлеумен 
қатар, мемлекет пайдасына барщина өтеп тұрды.
Мұндай майда үлестерден тұратын мемлекеттік жерден басқа 
ірі феодалдық жер иеліктері де жеткілікті болды. Шенеуніктер 
мен əскерилерге сый ретінде жер үлестіруге тыйым салған 685 
жылғы арнаулы король жарлығына қарамастан, елдегі жердің 
едəуір бөлігі силландық қуатты чиновниктер мен буддалық мо-
настырлар сияқты ірі жер иеленушілердің қолында болды. Бұл 
жерлер байлардың шаруаларының күшімен игеріліп отырды. 
Шаруаларды үстем таптардың пайдасына орындалатын əр түрлі 

34
35
феодалдық міндеткерлікті өтеуге күшпен мұқтаждап отыру үшін 
елді басқаратын əскери-əкімшілік аппарат құрылды. Барлық ел 
аумағы 9 əкімшілік облысқа /чжу/ бөлінді де облыс əкімдерін ко-
роль тағайындады. Əкім облыстағы əскердің де басшысы болды. 
Силла мемлекетінің астанасы Кенчжу қаласында 170 мыңға жуық 
үй болды.
Астана байларының үйлері сəнді де салтанатты болатын. Үйле-
рінің төбесіндегі черепицалары алтынмен апталатын. Астанада 
үстем таптар мұқтаждығын өтейтін қолынан өнер тамған шеберлер 
тұратын.
Силла мемлекеті сыртқы саудамен қызу айналысты.
Мəдениет. Ерте орта ғасырларда корей мемлекеттерінде өте бай 
мəдениет өмірге келді. Когуредегі сəулет жəне бейнелеу өнерінің өте 
жоғары деңгейін археологиялық қазба материалдары дəлелдейді. 
Жапон дерекнамалары IV ғасырдан бастап Пэкче мемлекетінің 
Жапонияның рухани мəдениеті мен қолданбалы көркем өнерінің да-
муына зор ықпал еткенін хабарлайды. Кенчжу маңында табылған 
археологиялық ескерткіштер арасында таза алтыннан жасалған 
тəж, алтын моншақ, білезік, сақиналар, жібек мата қиындылары, 
қару-жарақтар бар. Олар V ғасырда жасалған.
Үш патшалық кезіндегі Корея мəдениеті Қытайдың күшті ық-
палымен дамыды. Кореяға конфуциандық пен буддизмнің енуімен 
тек қытай əдебиеті ғана тарап қойған жоқ, сонымен қатар кəріс 
авторларының қытай тіліндегі шығармалары жазылды.
IV ғасырдың аяғында Когуре мен Пэкчеде Қытай үлгісімен 
жылнамалар жазыла бастады. 545 жылы Силла тарихшылары өз 
мемлекетінің тарихын құрастырды. Жаратылыстану саласындағы 
білімнің жетілуі нəтижесінде VII ғасырдың ортасында Силлада 
астрономиялық обсерватория салынды. Оның қалдықтары Кенчжу 
каласында əлі күнге дейін сақталған.
VII ғасырдың аяғындағы Сольчхон деген оқымыстының дəріс 
сөздерін жазуға қытай иороглифтерін қолдануы біртұтас кəріс 
тілін қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам болды. Бұл «иду» 
деп аталған жазу корей тіліне қытай діни кітаптарын аударуға ғана 
емес, сондай-ақ халықтың ауызша қалыптасқан шығармашылық 
мұраларын корей тілінде жазып шығуға мүмкіндік берді. VII—VIII 
ғасырлардан сақталған көптеген сəулет жəне мүсін өнерлерінің 
ескерткіштері буддаға табынушылық сарынында жасалғанымен, 
ұлттық ерекшеліктерін де қамтыған.
VIII ғасырдың ортасындағы сəулет жəне мүсін өнерлерінің ең 
көріктілері Силла мемлекетінің астанасында салынған Пульгукс пен 
Соккурам храмдары. Қазірге дейін сақталған Пульгукс храмының 
тастан жасалған баспалдақтары мен беті теңізге қарап тұрған 
Будданың Соккурам храмындағы мүсіні Силладағы мүсіншілердің 
тас қашаудағы асқан шеберліктерін көрсетеді. Қазірге дейін 
сақталған Пондокс храмындағы XII ғасырдың ортасында жасалған 
қола /бронза/ қоңырау тек қашау өнерінің ғана емес, сондай-ақ, бей-
нелеу  өнерінің  де  жоғары  дəрежеде  дамығандығының  куəсі.  Бұл 
алып қоңыраудың сыртында силландық ақсүйектердің рахат өмірі 
асқан шеберлікпен тартымды бейнеленген.
Бірігу кезінде Корея Қытаймен байланысын нығайта түсті. 
Силламен Қытай арасындағы сауда айырбасында өнер шығарма-
лары мен шіркеулік бұйымдар, кітаптар кең орын алды. Сондай-ақ 
қытайлықтар мен кəрістер мəдениет саласында алыс-беріс, араласу, 
бару-келу сияқты тікелей қатынастар да жасап тұрды.
682 жылы Силлада ашылған жоғары мемлекеттік мектепке 
оқытушылар ретінде қытай оқымыстылары шақырылды. Көптеген 
Силла ақсүйектері өз білімдерін Тан империясының астанасы 
Чанъань қаласында тереңдете түсетін. Ондайлардың ішінде будда 
монағы Хе Чжо мен IX ғасырдағы көрнекті оқымысты, əрі жазушы 
Чхоэ Чхи Вон, т.б. болған. Ван Санак деген сазгер VI ғасырда «кая-
гым» деген музыкалық аспап жасады.
Ə д е б и е т т е р:
1.  Васильев  Л.  С.  История  Востока:  в  2  т.  Т.  1.—  М.:  Высшая
школа, 1998.— 427—428 бб.
2. История  Востока.   Т. 2.   Восток в   средние   века.—  М.:
Восточная литература РАН, 1995.— 83—89 бб.
3.  История  Кореи  (с  древнейших  времен  до  наших  дней).—
Сеул, 1995.
4. Очерк Корейской истории. Книга 1.— Пхеньян, 1992.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет