С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009


§ 32. ХVІ—ХVІІ ғасырлардағы Осман империясы



жүктеу 7.55 Mb.
Pdf просмотр
бет22/25
Дата22.12.2016
өлшемі7.55 Mb.
түріОқулық
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25
§ 32. ХVІ—ХVІІ ғасырлардағы Осман империясы
1. Осман империясының əлемдік державаға айналуы.
2. Осман империясының қоғамдық құрылысы.
3. Антифеодалдық қозғалыстар мен көтерілістер.
4. Осман империясының жаулап алушылықтары.
5. Түркия — Ресей қатынастары.
6. Осман империясының ХVІІ ғасырдың І-жартысындағы 
    сыртқы саясаты.
7. Түрік мəдениеті.
ХVІ ғасырдың қарсаңында Осман империясы өзінің қол астына 
Балқан түбегін түгелдей дерлік бағындырды. Енді түрік сұлтандары 
1501 ж. Əзербайжанда бұрынғы Ақ Қойлылар мемлекетінің орнында 
құрылған Сефевилер мемлекетімен күресе бастады. Шешуші шайқас 
1514 ж. тамыз айында Шалдырған жазығында (Маку қаласының 
маңында) болды. Осман түріктерінің əскері жеңіске жетті, Тавризды 
басып алды. Сұлтан Селим І Исмаил Шахтың қазынасын, бала-
шағасын Стамбулға алып кетті. Сондай-ақ Тавризден 700 ұста-
шеберлердің отбасы да Стамбулға көшірілді. 
1515 жылғы бітім шарты бойынша Туркияға Батыс Армения 
Эрзерум қаласымен, Ирактың Мосул қаласына дейінгі солтүстігі 
қосып алынды. Арменияның жартысы, Күрдістан, Ирактың көп жері 
жəне Əзербайжан сефевилер мемлекеті құрамында қалды. Туркия 
мен сефевилер мемлекеті арасындағы Закавказье үшін күрес 1555 
жылға дейін толастамады. Бұл күрес суннит түріктердің шиит 
қызыл бастарға қарсы күресі ретінде жүрді.
Арабтармен күрес. Түріктер ХVІ ғасырда көптеген араб елдерін 
басып алды. Ең алдымен /1516—1517 жж./ сұлтан І Сəлимнің кезінде 
бостандығынан құрамында Ливан мен Палестина бар Сирия жəне 
Египет айырылды. Түрік үстемдігіне дейін онда мамлюктердің 
əскери-феодалдық кастасы билік құрды, оны мамлюк сұлтаны 
басқаратын. Мамлюктер астанасы Каир болды. 
1515—1517 жылдары түрік сұлтаны І Сəлимнің əскері Сирия мен 
Египетті басып алды. Түрік армиясы оқ-дəрімен атылатын қару-
жарақпен қаруланған еді. Мамлюктер қылыш, найза, садақпен ғана 
қаруланған болатын. Түрік зеңбіректерінің гүрсіліне шыдай алмай, 
кейін қарай жосылған мамлюктердің сұлтаны аттан құлап өлді. 
Түріктер  Сирияның  астанасына  жақындай  бергенде  жергілікті 
халық мамлюктерге қарсы көтеріліске шықты. Түрік сұлтаны І – 

338
339
Сəлим Дамаскке салтанатты түрде келіп кірді. Ал Палестина қала-
лары түріктерге қарсылықсыз-ақ беріліп отырды. Тек Египетте мам-
люктер түріктерге айтарлықтай қарсыласып бақты. Кансу Гураның 
орнын басқан мамлюктердің жаңа басшысы Тұманбей əскери бекініс 
тұрғызуға  бұйрық  берді.  Ол  Венециядан  80  зеңбірек  сатып  алып, 
Каирдың шет жағасына орналастырды. Бірақ зеңбіректерді іске асы-
ратын мамандар болмағандықтан пайдалана алмады. 
1517 жылдың басында І-Сəлим бастаған түрік армиясы Каирды 
басып алды. Туман-бейді Египет бедуиндері Сəлимге ұстап берді. 
Ол Каирде дарға асылды. Египеттен кейін түріктер Хиджазды / 
Батыс Аравия / басып алды. Мұсылмандар үшін бұл ең «қасиетті 
ел» болып саналды. Жыл сайын Мекке мен Мəдинаға Шығыстың 
көптеген елдерінен миллиондаған адамдар қажылыққа барып 
тұрды. Бұл ел егінді Египеттен алып тұратын. І – Сəлим Египетті 
жеңгеннен кейін Меккедегі Кааба храмының кілтін алды. Енді ол өз 
лауазымына «қос қасиетті қаланың қызметкері» деген атақты қосып 
алды.  
ХVІ-ғасырда түрік мемлекетінің əскери-феодалдық құры-
лысы өзінің дамуының ең жоғарғы дəрежесіне жетті. Осман 
империясындағы қалыптасқан əлеуметтік тəртіптер І-Сүлеймен 
сұлтанның /1520—1566/ тұсындағы арнаулы заң актілерімен бекітіл-
ді. І-Сүлеймен Кануни деген атақ алған. Ол «заң шығарғыш» деген 
сөз. Заң жинағы «Канун-намэ» деп аталды. Бұл заң бойынша шаруа-
лар феодалдың рұқсатынсыз кете алмайтын болды, яғни шаруалар 
жерге түпкілікті бекітілді. Кедейленген шаруалардың қалаға кетіп, 
қолөнерімен, тағы басқа іспен айналысуына рұқсат етілмеді. Əрине, 
бұл шара қала мен оның экономикасының дамуына зиян келтірді. 
Сүлейменнің заңдары орталық өкіметті нығайтуға бағытталды. 
Енді жер үлесін бөлу жергілікті əкімшілік емес, сұлтанның өз қолына 
көшті. Заң бойынша янычарлар саны 20 мыңға жетті. Янычарлар 
ортаға / ротаға / бөлінді. Олардың қару-жарағы жетілдірілді, 300 
зеңбірек, 200 кемелік флот ұстауға мүмкіндігі болды. 
Түрік қоғамы негізгі 4 сословиеден тұрды: 1) оқымыстылар, ру-
хани феодалдар (үлемдер); 2) əскери феодалдар; 3) көпестер мен қала 
тұрғындары; 4) шаруалар (райлар-табындар). Қала тұрғындары мен 
шаруалардың құқықтары шектеулі болды. 
Антифеодалдық қозғалыстар. ХVІ ғасырдың басында Кіші 
Азияның шығысында шаруалар көтерілісі болды. Оның көсемі өзін 
Шах-құлы деп  /Исмаил шахтың/ атады. Сөйтіп, ол өзін шииттік 
бағытты жақтаушы екенін білдірді. Оны сунниттік бағыттағы 
түріктер Шайтан құлы деп атады. Түрік əскері көтерілісшілерді Сивас 
қаласының оңтүстігінде талқандады. Аман қалған көтерілісшілер 
Əзербайжанға қашты. 
Шарулардың жаңа көтерілістері Токата мен Амасья аудандарында 
өріс алды. Оны Нұралы деген шаруа басқарды, ал ол өлген соң Жəлел 
басқарды. 1519 жылы оның отрядтары Анкара маңында талқандалды. 
1525 жылы Баба-Зуннун басқарған көтеріліс болды. Көтерілісшілер 
Сивас қаласының маңында талқандалды. 1526 жылы Малатья ау-
данында көтеріліс болды. Көтерілісті шиит бағытын ұстанушы 
Календершах басқарды. Ол көтеріліс те жеңіліске ұшырады. 
Осман империясының сыртқы саясаты бай Закавказье жерлерін 
бағындыруды көздеді. Бірақ түрік-османдардың бұл арманын жүзеге 
асыруға Сефевилер кедергі келтірді. 1525 жылы Турция Алжирды 
басып алды. 1524 жылдан 1533 жылға дейін Турция Габсбургтер 
империясымен соғыс жүргізді. Ол соғыс Венгрияны жаулап алумен 
аяқталды. Шешуші шайқас 1526 жылы Дунайдағы Мохач қаласының 
маңында болды. Венгр, чех əскерлерін талқандап, түріктер Буда жəне 
Пешті алды. Трансильван воеводасы Иоанн Запольені Венгрияның 
королі етіп тағайындады да, оны өзінің вассалы деп жариялады. 
1529 жылы түріктер Венаны біраз уақыт қоршап, ала алмай кейін 
қайтты. 1547 жылғы келісім бойынша Венгрияны Австрия мен 
Туркия бөліп алды. Трансильвания /Румынияның солтүстігі/ Тур-
ция вассалына айналды. Закавказьедегі соғыс əрекеттерін Туркия 
1533—1538, 1547—1555, 1578—1588 жылдары жалғастырды. Осман 
империясы мен Сефевилер державасы арасындағы 1555 ж. Амасьеде 
жасалған бітім шарты бойынша Батыс Армения /Ван көлінің 
бассейні/,  Батыс  Грузия  Туркия  қарамағына  көшті.  Ал  Шығыс 
Армения мен Шығыс Грузия  —  Иран мемлекетінің қол астына 
кірді. Түріктер Арменияны күрдтердің билеп-төстеуіне берді. 
Арменияның үстем таптары азаттық күресінде үміттерін Батыс 
Еуропа елдеріне, əсіресе Венеция көпестеріне артты. Əрине, Венеция 
тек армяндардың бостандығы туралы емес, өзінің саудадағы 
үстемдігін ойлады. Закавказье халықтары үшін, əсіресе 1578—1588 
жылдардағы иран-түрік соғысы өте ауыр болды. Түріктер Грузияға 
басып кіріп, Тбилисиді басып алды. Түрік əскерлері Арменияға 
кіріп, Ереванды талқандады. Ганжа мен Ширванды басып алып, 
Дербентке дейін жетті. 
1578 ж. Карабах пен Оңтүстік Əзербайжанды да қол астына 
қаратты. 1578 жылы Қырым татарларының көмегімен Шемаха, Баку 
қалаларын, келесі — 1579 жылы — Тебризді басып алды. 

340
341
1578 жылы Грузияның басып алынған жерлерін Гурджистан 
уалаятына айналдырды. Ал ислам дінін қабылдаған грузин бай-
феодалдарының мал-мүліктері аман қалды. 1595 ж. Гурджистанда 
ең алғашқы адам санағы жүргізілді. Бұл санақ бойынша жыл сай-
ын түрік қазынасына 9,5 млн. сом салықтан жиналатын ақша түсіп 
тұратын болды. 1590 жылғы Иранмен жасалған бітім бойынша Бүкіл 
Закавказье Туркияның қол астына көшті. 
ХVІ ғасырдағы Түркия мен Еуропа державалары. 1535 
жылғы капитуляция. Австрия мен Испанияны билеп отырған 
Габсбургтер əулетімен жүргізілген күрес Түркияны Франциямен 
одақтасуға итермеледі. Франция мен Турция Габсбургтерді 
Солтүстік Италиядан қуып шығу үшін күресті. Франция Жер Орта 
теңізіне өту үшін, Турция Венеция мен Генуяны əлсірету үшін 
күресті. Ал бұл екеуі Габсбургтер империясы мен оның одақтасы 
Рим папасының қолдауына сүйенді. Түркия француз көпестеріне 
өте көп жеңілдіктер жасады. 
1535 жылғы франко-түрік келісімі «бірінші капитуляция» деген 
атпен əлемге əйгілі болды. Мұнда көрсетілген жеңілдіктер Түркия 
тарапынан бұрын Венеция мен Генуяға жасалған болатын. Бірақ 
француз көпестеріне берілген артықшылықтар бара-бара бүкіл фран-
цуз ұлтына тарады. Бұл артықшылықтар үшін Түркия ақы алған 
жоқ, бірақ қашан тоқтатам десе өз еркі болды. Француз көпестері 
Түркиядағы қылмыстық жаза қолданатын тəртіп бұзғандығы үшін 
сотқа  тек  өз  елінде  ғана  тартылатын  болды,  яғни  түрік  соттары 
француз көпестерін жазалай алмайтын болды. 
1580  жылы  Англия  өзінің  Левант  сауда  компаниясын 
ұйымдастыруға Түркиядан рұқсат алды. Бұл компания шығыс 
елдеріне еніп, олардан шикізат алып отыру үшін керек еді. Осы кез-
ден бастап Франция мен Англия көпестері арасында Таяу Шығыста 
бəсекелестік туды. Кейін бұл екі мемлекет Осман империясындағы 
экономикалық жəне саяси үстемдік үшін ашық күрес жолына түсті. 
ХVІ ғасырдағы Түркияның Англиямен, Франциямен келісімдері 
Турцияны соңғы екі мемлекеттің сыртқы саясатына тəуелді етті, 
елдің экономикалық жағдайын нашарлатты. 
ХVІ ғасырдағы Түркия мен Россия. Бұл екеуінің арасындағы 
ең бірінші байланыстар ХV ғасырдың аяғында Түркияның қалауы 
бойынша орнатылды. Россияға жіберілген ең бірінші Түрік елшілігін 
польша-литва үкіметі ұстап алып жібермей қойған болатын. 1497 
жылы Түркияға М. Плещеев аттандырған орыс елшілігі келді. Ол 
түрік үкіметінің алдына Азов пен Кафа /Феодосия/ қалаларынан 
Қара теңізге шығатын сауда жолдары туралы мəселе қойды. 
Екі жылдан соң Түркияға тағы бір елшілік аттанды. Сұлтан 
орыстарға достық өмір сүруге, Түрік жерлерінде орыс көпестерінің 
саудасына  ыңғайлы  жағдай  туғызуға  уəде  берді.  Ол  кезде  Түркия 
да, Россия да ешқандай саяси немесе аумақтық мəселелер көтерген 
жоқ. Бұл мəселелер ХVІ ғасырдың басынан орын ала бастады. 1514 
жылы түрік сұлтаны сауда мəселелерімен қатар Мəскеуде тұтқында 
отырған Қырым Ханы Абдуллатифты қайтаруды талап етті. Бұл та-
лап орындалмаған соң түріктер орыстардың ноғайлардағы елшісі 
Семен Мальцевті тұтқынға алды. 
Орыс казактарының басқыншылығы, олардың Түркия ше-
карасына жақын жерге қоныстануы, қамалдар тұрғызуы, орыс-
тардың түркі тілдес Астрахань, Қазан хандықтарын басып алуы, 
Кабарда халқын езгіге салуы /1557/ — осының бəрі 1569 жылғы 
І-орыс – түрік соғысының себебі болды. 
Түріктің  60  мыңдық  əскері  1569  ж.  жазда  /шілде  —  тамыз/ 
Астраханьға /15 қыркүйек/ сəтсіз шабуыл жасап, кейін қайтуға 
мəжбүр  болды.  Кавказдағы  түркі  тілдес  халықтар  бірауыздылық 
танытпады, түріктерге көмек, қолдау көрсетпеді. Бұл кезде Ливон 
соғысында есі шығып жатқан орыстарды түріктердің жеңуіне, əри-
не, болатын еді. ІV Иван түріктердің Астраханьнан кейін қайтқа-
нына қуана-қуана дереу келіссөз жүргізуге елшілер жіберді. Түріктер 
Астраханьның Россияға қосылғандығын мойындауға мəжбүр 
болды. Бірақ Астрахань арқылы мұсылмандардың қажылыққа ба-
рып тұратын жол ашуды, орыстардың Теректегі қамалын жоюды, 
Солтүстік Кавказға орыстардың жақындамауын талап етті. 
1569  жылғы  жеңілістің  кінəсін  сұлтан  Қырым  ханы  Дəулет-
керейге артты. Ол Қырымға шетелдіктердің шабуыл жасауынан 
қорқып, сұлтанның Астрахань түбінде қыстау керек деген бұйрығын 
орындамай, əскерін алып кеткен болатын. Дəулеткерей өз кінəсін 
жуып-шаю  үшін  1571  жылы  Мəскеуді  талқандап  қайтты.  Бірақ 
уақыт  өтіп кетті. Келесі, 1572 жылы Қырым ханының орыстардан 
тас-талқаны шығуы түріктерді онан əрі əлсірете түсті. 
1568 жылғы Австрия мен Түркия арасындағы Венгрия үшін 
қақтығыс бейбіт бітім шартымен аяқталды. Австрия Венгрияның 
біраз бөлігін алып қалды, бірақ сұлтанға жыл сайын 30 мың дукат 
салықты сыйлық ретінде төлеп тұратын болды. Австрия сондай-
ақ Валахия, Молдавия, Трансильванияның Түркияға вассалдық 
тəуелсіздігін мойындады. 1570—73 — жылдары Түркия Кипр ара-
лы үшін Венециямен соғысты. Соғыстың басында Түркия Кипрдің 
басым көпшілігін, астанасы Никозияны басып алды. Бірақ Жерорта 

342
343
теңізіндегі саудада үлкен маңызы бар Кипрдің тəуелсіздігін сақтап 
қалу үшін Венеция, Австрия, Испания, Генуя, тағы басқа мемлекет-
тер Түркияға қарсы одаққа бірікті. 
Шешуші шайқас 1571 жылғы 7 қазанда Лепанто қаласында /
Патраикос шығанағында/ болды. Одақтастар жағынан 207 гале-
ра, 6 галеас қатысты. Оны Испания королі ІІ-Филипптің інісі Хуан 
Австрийский басқарса, түріктердің 210 галерасы мен 66 галио-
тын Али-паша Муэдинзаде басқарды. Түрік флоты бұл шайқаста 
талқандалды: 224 кемесінен айырылды. Оның 117-ін одақтастар 
қолға түсірді. Одақтастар 15 галерасынан айрылды. Бірақ бұл 
шайқас соғыс барысына əсер ете алмады. Одақтастар арасындағы 
алауыздықты түріктер орынды пайдалана білді. Олар тез жаңа флот 
құрып, соғысты табысты аяқтап шықты. 1573 жылғы бейбіт бітімі 
бойынша Венеция Кипрді Туркияға беріп тынды. ХVІ ғасырдың 
екінші жартысындағы соғыстар Түркияны айтарлықтай əлсіретіп 
тастады. 
ХVІ ғасырдың аяғынан бастап османдардың жаулап алуы 
аяқталды. Олжаның түсуі тоқтағаннан кейін сұлтан қазынасы-
ның табысы кеміп кетті. Салықтар мен міндеткерліктер өсті. 
Əскери-феодалдар əскердегі қызметі үшін алған иеліктерін өзінің 
жеке меншігіне айналдыра бастады. Олардың көпшілігі жорыққа 
қатысудан жалтарды. Армияның саны кеміді. Сөйтіп, ХVІ ғасырдың 
аяғынан Осман империясының құлдырауы басталды. 
ХVІІ ғасырдың бірінші жартысындағы көтерілістер. 1595 
жылы көтеріліс Ирактың солтүстігі мен Сирияда болды. Бұл 
антифеодалдық қозғалыс еді. Көтерілісті Урфа қаласынан шыққан 
ағайынды Абдалхалим мен Дели-Хасан басқарды. Көтерілісшілер 
1600 жылы Кайсери маңында сұлтан əскерін талқандады. 1601 
жылы көтерілістер сəтсіздікке ұшырады. Қара-Язшы деп аталып 
кеткен Абдалхалим тауға барып паналап,  1602 жылы сонда өлді. 
Көтерілісшілерді Дели-Хасан басқарды. Ол 30 мың қолмен Токатты 
басып алды. Сұлтан Дели-Хасанды Боснияға патша етіп қоямын деп 
алдады.  1605  жылы  Дели-Хасан  өлтірілді.  Көтеріліс  жеңілді.  1610 
жылы Əзербайжан мен Сирияда шиіт туының астындағы көтеріліс 
болып, жеңіліспен аяқталды. 
ХVІІ — ғасырдың екінші жартысындағы Түркияның 
соғыстары. Түркияның ХVІІ ғасырдың басындағы əлсіреуін 
Иран шахы І-Аббас пайдаланып қалды. Ол 1606—1607 жылда-
ры түріктерден Баку, Дербент, Шамаха, Ганжа, Ереванды алып 
қойды. 1613 жылғы бітім бойынша Түркия Иранға Əзербайжан-
ды, Шығыс Грузияны, Солтүстік Арменияны, Луристанды /Батыс 
Иран/,  Күрдістанның  біраз  бөлігін  беруге  мəжбүр  болды.  1622  
жылы Эрзерум /Солтүстік Шығыс Түркия/, Бағдад пашалықтары 
империядан  бөлініп  шықты.  1623  жылы  Иракты,  оның  астана-
сы Бағдатпен қоса, Иран басып алды. Бірақ 1639 жылы түріктер 
ауыр шайқастан соң Иракты өздеріне қайтарып алды. 1639 жылғы 
Иранмен жасалған бітім бойынша Түркия Батыс Грузиямен Батыс 
Арменияға, Күрдістанның біраз бөлігіне ие болды. 
1620  жылы  Түркия  Польшамен  соғысып,  Цецора  маңында 
жеңіске жетті. Ал 1621 жылы түріктер Украинаға басып кірді. Бірақ 
Хотиндегі шайқаста олар жеңілді. Бірақ Польша мен Украинаға ша-
буылын тоқтатқан жоқ. 
Түркияның Польшамен бітімдерінде /1621, 1630, 1640/ Украина 
мəселесі өте маңызды орын алып отырды. Түріктер Запорожье 
казактарының Дон казактарымен бірлесіп Қара теңіздегі қарақ-
шылығын, түрік қалаларын /Синоп, Трапезунд жəне басқа/ то-
наушылығын тоқтатуды талап етті. Бұл талаптары орындалмаған 
соң түріктер Украинаға бірнеше рет соққы жауап берді. 1654 жылы 
Украина Россияға қосылған соң Россия Түркияға соғыс ашты. Бірақ 
көп ұзамай орыстар бұл соғысты тоқтатып, қаруын Польшаға қарай 
бұрды.                                    
1637 жылы түріктер Азовтың солтүстік жағын Ираннан тартып 
алып, қоныс тепті. 1642 жылы орыстардың казак басқыншыларын 
талқандап, Азовта түпкілікті бекінді. ХVІІ ғасырдың екінші жарты-
сына қарай Түркия құрлықта 250 мыңдық, теңізде 50 мыңдық əскер 
ұстады. 
ХVІ—ХVІІ — ғасырлардағы Осман империясының қол 
астындағы Араб елдері. ХVІ—ХVІІ — ғасырларда Осман 
империясының қол астындағы араб елдері өзінің тəуелсіздігі үшін 
күресті. 
ХVІ ғасырдың аяғында Ливанды эмир ІІ-Фахреддин басқарды. 
Алғашқы кезде ол сұлтан қазынасына тиісті салықты уақтылы жəне 
толық жинап беріп отырды. Сұлтанның сенімі мен қолдауына ие 
болған Фахреддин өзінің иелігін бірте-бірте кеңейте берді. Оның 
жалдамалы отряды болды. Бұл отряд қарулы күштердің негізі еді. 
Олардың құрамында 40 мың жауынгер болды. 
Иелік жерінің көлемі кеңіген сайын Фахреддиннің қазынасы 
байып, қуаты арта түсті. Бірте-бірте Фахреддин өз еркімен шет ел-
дермен  байланыс  орната  бастады.  Мысалы,  Флоренциямен  сауда 

344
345
келісімін жасады. Мұндай өзін-өзі билейтін тəуелсіз мемлекеттің 
құрыла бастауы түріктерге ұнамады. 1609 жылы Дамасскі пашасы 
етіп түрік үкіметі Ахмед Хафизді тағайындады. Фахреддин əскері 
жаңа пашаға қарсы тұрды. 1618 жылы ливандықтардың 100 мыңдық 
əскері Антиохиядан Сафадқа дейінгі аралықтағы түрік билігін жой-
ды. 5 жылдан соң Дамасск пашасының əскері жеңілді. Фахреддин 
мұнан кейін Палестинаны Ливанға қосып алды. Бірақ, 1633 ж. 
түріктер ақыры Фахреддинді жеңіп, оның өзін тұтқынға алып, 
өлтірді. Ливанда түріктер билігі толық қалпына келтірілді. 
Жоғарыда айтылды: І-Селим /1515—1520/ сұлтанның тұсында, 
дəлірек  айтсақ  —  1517  жылы  Египет  Осман  империясының  қол 
астына кірді деп. 2—3 жылдан кейін мұнда түріктер билігіне қарсы 
бас көтерулер басталды. Ол наразылықтарды басу үшін түрік 
сұлтаны  Сүлейман  Эль-Кануни  1525  жылы  өзінің  жақын  досы 
Ибрагим-пашаны Египетке жіберді. Ол келе салып əскер күшімен 
қатаң тəртіп орнатты. Египеттіктер үшін «Кануннамэ — мысыр» 
деген заңдар жинағы жасалды. Ол заңдар жергілікті феодалдардың 
артықшылығын, шаруалардың міндеткерлігін анықтады. Египетті 
1—3 жыл аралығында қайта тағайындалып отыратын түрік пашасы 
басқаратын болды. Ол пашаның қолшоқпары янычарлар мен мам-
люктерден құрылған ұлан болды. 
Каир пашасының ең басты міндеті — Стамбулдағы сұлтанның 
қазынасына египет жұртшылығынан түсетін салықты уақтылы 
жіберіп отыру болды. Жердің бəрі мемлекеттің меншігі болып табыл-
ды. Мемлекеттікі деген — сұлтандыкі деген ... Сұлтанның египеттегі 
өкілі — пашадан жер алып, пайдаланып отырғандар мультазимдер 
деп аталды. Мультазимдердің міндеті — қол астындағы феллахтар-
дан салық жинап, пашаға тапсырып отыру болды. Мультазимдер 
өздері емес, деревня старосталары арқылы жинады. Салық тек 
ақшалай емес, заттай да жиналды. Египет жылына 600 мың пиастр 
төлеуі керек болды. Салық уақтылы жиналмаса паша мультазимді 
иелігінен айыруға хақылы болды. Мультазимнің иеліктері мұра 
ретінде беріле алатын болды. 
Түрік үкіметі салық жинауға мұқият көңіл бөле отырып, 
шаруашылықты жетілдіруге мəн бермеді. Түрік рыноктарында тек 
шет елдік тауарлар ғана сатылды. Осының бəрі Осман империясы-
ның ХVІ ғасырдың аяғында құлдырай бастауына себеп болды. 
Мəдениеттің дамуы. ХVІ—ХVІІ ғасырларда Түркияда мəде-
ниеттің кейбір салалары айтарлықтай дамыды. Ғылым саласында 
ауыз толтырарлық жетістіктер болмағанымен поэзия, тарихнама 
жəне сəулет өнері (архитектура) едəуір табыстарға ие болды. 
Шығыстың  көптеген  халықтарындағыдай,  түріктерде  де  өлең, 
аңыз-ертектер, дастандар кең тарады. Оларды көшелер мен алаңдарда 
меддахтар айтатын. Түрік поэзиясының атасы Али-Ашық — паша 
(1522 жылы өлген) болып табылады. Оның атақты «Ғарибнаме» де-
ген еңбегі өлең-сөзбен жазылған. Ол философиялық мəселелерге 
арналған. Кітаптың бір тарауы 7 планета, 7 металл, 7 күш туралы 
(жер, мəдениет, адам, жан, сана, сүю, құдай) баяндайды. Олар бір-
біріне пайдалы ықпал етеді делінген. 
ХVІ ғасырдағы поэзияның ең көрнекті өкілінің бірі Махмуд 
Абдулбахы /1600 жылы өлді/ болды. Оны халық түрік лирикасының 
сұлтаны деп атады. ХVІІ ғасырдың басында поэзияның жаңа саласы 
/жанр/ — өте өткір саяси сатира кең тарады. Оның көрнекті өкілдері 
Вейси /1628 жылы өлді/ мен Нефи /1635 жылы өлді/ болды. Вейси 
«Стамбулға өсиет наз», Нефи «Тағдыр оқтары» /«Стрелы судьбы»/ 
деген жəне басқа шығармаларында мемлекет қайраткерлерінің 
күнəлəрі мен кемшіліктерін, елдің ауыр əлеуметтік-экономикалық 
жағдайын сықақпен күлкі-мазақ етті. Байрам паша деген уəзірді 
мазақтап жазған сатирасы үшін Нефиді сұлтан ІV – Мұраттың 
бұйрығы бойынша тұншықтырып өлтірді. 
Тарихнама айтарлықтай дамып, жетілді. Тарихи еңбек-
тердің негізгі саласы жылнамалар (хроника) болды. Көрнекті 
жылнамашының бірі Қажы-Кəлпе /1658 жылы өлген/ болды. Өзінің 
«Фезлике» /«əр нəрсе туралы»/ деген еңбегінде ол 1591—1654 жыл-
дары түрік тарихындағы уақиғаларды баяндайды. 
Тарихтың ащы сабақтары, Осман империясының құлдырау 
себептерін  көрсететін  шығармалар  өмірге  келді.  Бұл  бағытта 
ең бірінші көзге түскен тарихшы-ойшыл Көшібай болды. Ол өз 
шығармаларын  сұлтан  ІV  Мұратқа,  кейін,  ол  өлген  соң  Ибрагим 
сұлтанға көрсеткен, баяндаған. 
Тарихи-географиялық шығармалардың ішінде, əсіресе Эвлий 
Челебидің /1611—1679/ «Саяхат-намэ» деген еңбегінің маңызы зор 
болды.
Архитектура саласында біраз жетістіктер болды. Ірі феодал-
мырзалар үй-жайларын, сарайларын елден ерекше, əдемі де үлкен 
етіп салуға тырысты. Əсіресе көрікті мешіттер салуға көп көңіл 
бөлінді. 
ХVІ ғасырдың көрнекті түрік архитекторының бірі Синан бол-
ды. Ол 80-ге жуық мешіт тұрғызды. Ең бастылары Стамбулдағы 
«Сүлеймение», Эдирнедегі «Селимийе». Бұл мешіттерде адамдардың, 

346
347
жануарлардың суреті жоқ. Бірақ мешіттердің өрнек-оюлары 
өте тамаша салынған. Өсімдіктер суретімен қатар мешіттердің 
безендірулерінде құран сөздері де пайдаланылған. 
Ə д е б и е т т е р:
Васильев  Л.  С.  История  Востока:  В  2  т.  Т.  1.—  М.:  Высшая 
1. 
школа, 1998.— 283—297 бб.
История Востока. Т. ІІІ.— М.: Восточная литература РАН, 
2. 
1999.— 67—98 бб. 
§ 33. Кейінгі орта ғасырлардағы араб елдері
1. Түрік османдардың араб елдерін жаулап алуы.
2. Осман империясының құрамындағы Ирак пен Шығыс Аравия.
3. Сирия мен Ливия — Осман империясының құрамында.
4. Түріктер кол астындағы Солтүстік Африка.
5. Түріктер кол астындағы Египетте кейінгі  орта ғасырларда 
    қолөнері мен сауданың дамуы.
6. Кейінгі орта ғасырлардағы  араб елдерінің  мəдениеті.
XVI ғасырдың басында араб елдері түріктер шапқын-
шыншылығына  ұшырады.  Месопотамияны  басып  алған  соң       
І-Селим /1512—1520/ сұлтанның əскері Сирия, Ливия жəне басқа 
мамлюктер кол астындағы араб облыстарын жаулап алуға аттанды.
Түріктер мен мамлюктер армиялары  1516 жылғы тамызда 
Халебтін Солтүстігінде бетпе-бет кездесті. Бұл шайқаста каруы 
жағынан да, соғысу тактикасы жағынан да басым осман армиясы 
жеңіске кетті. Мамлюктер армиясы талқандалып, үкімет басшысы 
Кансу Гури шайқаста қаза тапты. Қазан айының ортасында түріктер 
Дамаскті басып алды. Сөйтіп, бүкіл Сирия түріктер қол астына 
көшті.
Түріктер жаулап алушылығының жеңілдеуінің бір себебі 
жергілікті халықтардың мамлюктерді өздерін қанаушы деп са-
науында болды. Сондықтан олар түріктерді өздерін азат етушілер 
ретінде қарсы алып отырды. Тек Египетте ғана мамлюктер барлық 
күштерін жинап, қатты қарсылық көрсете алды. Бірақ түріктер 
мамлюктер əскерінің бұл қарсылығын басып,  1517 жылдың басында 
Каирды алды. Түріктер Египетті  басып алған соң Меккенің басшысы 
сұлтан Селимге елшісін жіберіп, оған бүкіл Хиджаз облысының 
бағынатындығын білдіріп, адал болуға ант берді.
1538 жылы түріктер Аденді /Меккеден де төмен, оңтүстікте/ 
де  басып  алды.  Оның  алдында,  1534  ж.  түріктердің  Ирак  үшін 
Иранмен соғысы жеңіспен аяқталды. Сөйтіп, ХVІ  ғасырда арабтар 
қоныстанған Ирак, Сирия, Ливан, Палестина, Египет, Хиджаз /Сауд 
Аравиясы/, Алжир, Ливия, Тунис Осман империясының құрамына 
енді.
Түріктер барлық жерлердің, шаруашылықтың есебін анықтап, 
олардан алынатын салық мөлшерін белгіледі. Барлық басып 
алынған араб елдері пашалықтар мен эйалеттерге /уалаят/ бөлінді. 
Сирия үш провинцияға: Дамаск, Триполи, Халебке бөлінді. Иракта 
Бағдад,  Басра,  Мосул  уалаяттары  құрылды.  Египет  өзінше  жеке 
пашалыкка бөлінді. Иемен, Бахрейн /Аравия/, Ақ /Палестинада/ 
пашалыктары құрылды. Əр облыстың басында пашалар тұрды. 
Пашалардың қарамағында жергілікті көмекші  отрядтармен қатар 
сұлтанның тұрақты армиясының бөлімдері болды. Мысалы Багдад 
эйалетінде 12 мыңдық янычарлар орналасты. Ал пашаның қасында 
тағы да үш мың қарулы жауынгерлер болды. Пашалыққа 1-2 жылға 
тағайындалатын, бірақ көптеген пашалар əлдеқайда ұзақ қала 
беретін.
Əр пашалыктың, эйалеттің бағыныштылығы əртүрлі  болды. 
Бағдад, Басра, Лахса /Азияда/, Египет, Тунис, Алжир, Триполи /
Солтүстік Африка/ салық төлеп тұрды, ал ішкі құрылысы, тəртібі 
бұрынғысынша қала берді. Тек Бағдад эйалетінде біраз өзгешіліктер 
болды. Ол 20 санжақка бөлінді. Оның 8-інде түріктік жер иеленуші-
лік тəртібі үстемдік етті. Дамаск, Триполи /Сирияда/, Халеб, 
Мосулдағы көптеген жерлер түрік феодалдарына үлестіріліп берілді 
/тимар, зеаметтер ретінде/. Ирак Османдық түріктер мен сефевидтік 
Иран арасындағы күрес аренасына айналды. 1516 жылы жоғарғы 
Месопотамия кызылбасылардан тазартылып, Осман империясы- 
ның құрамына қосып алынды. Орталық жəне оңтүстік Ирак Иран-
ның қол астында қала берді, 1516 жылы түріктер Бағдадты басып 
алды. Сунииттік, шииттік ағымдарға бірдей бостандық берілді.
1546  жылы  Оңтүстік  Ирак  Осман  эйалетіне  айналды.  Оның 
орталығы Басра қаласы болды, 1550 жылы түріктер Португалияның 
Парсы шығанағындағы маңызды порты Аль-Катифты басып 
алды. Бірақ оны ұзақ ұстап тура алмады. 1555 жылғы Амасиядағы 
бейбіт бітім бойынша сефевидтер Ирактағы түріктер үстемдігін 
мойындады.
1574—1595 жылдардағы Мосул провинциясында заң бойынша 
жердің ең төменгі /аз/ мөлшері 40 қадамға /ені, ұзындығы/  тең денюм 

348
349
болып табылды. Ал суармалы, құнарлы жерлердегі шаруалардың 
толық үлесі 80 денюмге теңелді. Ол үлес “чифтилик” деп аталды. 
Нашар жерлердегі чифтилик мөлшері  150 денюм болды. Егер кімде-
кім өз үлесін игермей, тастап кетсе, бос қалдырса, ол 75-тен 300-ге 
дейін ақша төледі. Толык үлесі бар мұсылмандар 50 ақша төледі. Əр 
үй 3 күндік /аптасында/ барщина өтеуі тиіс болды. Оның əр күні  2 
ақшаға бағаланды.
Жиналған бидайдын  1/5,  кара бидайдын 1/6, арпаның 1/7 бөлігі 
салық ретінде өткізілетін. Малшылардан да салық жиналды. 
Мосулда əр 100 қойдың біреуі, ал келімсектерден — екеуі алынатын. 
Малшылар қыста өз жерінде қыстап шықса, əр 300 қойдың біреуін 
беретін болды. Салық бал ұяларына да, диірмендер мен алма 
ағаштарына, жүзім, мақта егістеріне де салынатын. Қалыңдық үшін 
де салық салынатын. Күйеуге тиетін қыздардың əкесі 60 ақша, жесір 
əйелдің əкесі /туысы/ 30 ақша төледі. Бұл ақшаның жартысы ірі жер 
иесіне, жартысы қазынаға кететін.
Сирия мен Ливан. Сирия эйалеті он бір санжакка бөлінді. Оның 
жетеуінде түрік феодалдарының өздері салық жинап алып отырды. 
Калған төртеуінде санжақтан түсетін салық қазынаға кететін.
Бұл екі эйалет 10 мың əскер жасақтап беріп отыруға тиіс болды. 
Сирия эйалетіне Дамаск, Сафад, Иерусалим, Наблус, Сайд,  Бейрут 
округтері кірді.
Түріктер билігі кезінде таулы Ливанның феодалдары біраз 
жеңілдіктерді пайдаланды. Түріктер басып алғаннан кейінгі 100 
жылдай бойы Ливанда феодалдық Маанид əулетінің беделі күшті 
болды. Түрік үкіметі маанидтерді  əлсірету үшін басқа феодалдарды 
оған қарсы айдап салып отырды. Бірақ бұл əрекеттері айтарлықтай 
нəтиже бермеді.
1584  ж.  ливандықтардың  қарулы  отряды  Сирия  мен  Египеттен 
жиналған алым-салықты Стамбулға алып бара жаткан керуенге 
шабуыл жасады. Сұлтан үкіметі бұл шабуылды Маандар 
ұйымдастырды деп жала жауып, Египет пашасына маандарды 
талқандауға бұйрық берді. Түрік əскерлері Маанидтер иелігіне 
басып кіріп, талқандады. Маан эмирі тауда корғаныс ұйымдастырып, 
берілмеді. Ақыры сол қамалда өлтірілді. Ливанның кейбір 
феодалдары Стамбулға пара апарып, өз бастарын  əрең корғап 
қалды,
Түрік үкіметінің мұндай зорлық-зомбылығына қарсы халық 
наразылығы калыптасып, көтерілістер болып тұрды. Бұл 
көтерілістерді Маанидтер Ливанның толық тəуелсіздігін жеңіп 
алу үшін пайдаланып қалуға тырысты. Бұл əрекет  ІІ-Фахреддин 
эмирдің атымен тығыз байланысты. Оны Ливан феодалдары  1585 
жылы, 13 жасар кезінде барлық Маанидтер иеліктерінің билеушісі 
деп мойындады.
Ол билікке іс жүзінде 16 ғасырдың аяғына жуық ие болып, күннен-
күнге ұлғая түскен иелікті 1635 жылға дейін басқарды. Алғашында 
ол түрік сұлтаны алдындағы міндетін адал орындап отырды. Иелігі 
өскен сайын салықты да көп төледі. Сондықтан түрік өкіметі оның 
иелігін кеңейте беруіне қарсылық көрсетпеді. Фахрединнің карулы 
күштерінің саны бірте-бірте 40 мыңға жетті.
Осындай қуатты қарулы күші мен бай қазынасы бар 
Фахреддин Түрік үкіметінің рұқсатынсыз өз бетімен шет ел-
дермен дипломатиялық қатынас орната бастады. Ол Италиямен, 
Франциямен қатынас орнатты. Флоренциямен де сауда каты-
насына барды. Түркияға бұл тəуелсіздік ұнамады. 1609 ж. Дамаск 
пашасы болып Ахмед Хафиз тағайындалды. Оның карамағына 
əскер бөлініп, Фахреддин иеліктеріндегі түріктер билігін калпына 
келтіру тапсырылды. Бірақ Ахмед Хафиз түріктер билігін бірден 
орната алмады. Тек 1613 жылы Фахреддин күресін тоқтатып, 
Француз кемесімен Италияға барды. Онда  Фахреддин Италия мен 
Францияны Осман империясына карсы күреске тартуға тырысты. 
Бірақ 5 жыл бойғы бұл əрекетінен түк шықпаған соң, 1618 жылы 
ол Ливанға қайтып келді. Ливанда  Фахреддинді жергілікті халық 
ұлттың батыры санап, қатты кұрметтейтін. Фахреддин еліне 
кайтып келіп, түріктерге қарсы үндеу тастағанда оның қол астына 
100 мың адам жиналды. 5 жыл ішінде Фахреддин Дамасск пашасын 
талқандап, Антиохиядан Сафадқа дейінгі аралықта Түрік үстемдігін 
жойды. Көп кешікпей Палестинаны жаулап алды.
Ұланғайыр аумақты басып алу Фахреддиннің күшін ыдыратты. 
Осындай жағдайды түрік үкіметі пайдалана қойып, Фахреддинді 
жеңді. Өзін тұтқынға алып, 1635 жылы өлім жазасына кесті.
Солтүстік Африка. ХVІ ғасырдын басында Солтүстік Африкаға 
жаңа басқыншылар — түріктер келіп кіре бастады. Хайреддин 
Барбаросса деген Мителендік қарақшы түрік Алжирге келіп 
коныстанып, оны түрік сұлтаны І-Селимнің иелігі деп жариялады. 
Сұлтан Хайреддинге көмекке екі мың артиллеристер  мен төрт 
мындык янычарлар үлгісінде құрылған əскер жіберді. 1518 жыл-
дан бастап Хайреддин Алжирдің маңызды портты калалары — 
Бен, Колло, Шершельді басып алып, елдің  ішіне ене бастады, 
Константинаны басып алып, Кабилия тауындағы тайпаларға алым-

350
351
салық төлеткізді.  1529 жылы түріктер Алжирде түпкілікті  бекініп, 
испандықтардың жақсы қорғалған қамалы Пеньонды алды.
Түрік басқыншылары жергілікті феодалдардың иеліктері мен 
таптық артықшылықтарына зиян келтірмей, сол қалпында кал-
дырды. Хайреддин паша болып тағайындалып, “бейлер — бей” де-
ген атақ алды. Ол жаулап алынған жерлердегі феодалдардан салықты 
уақтысында жəне толык төлеп отыруды талап етті.  Жинап алынған 
салықтың жартысын Стамбулдағы қазынаға жіберіп, жартысын өз 
қарамағындағы əскер, кеңсе, уəзірлер ұстау үшін жұмсап отырды.
Хайреддиннен кейінгі Алжирдегі түрік сұлтанының пашасы 1541  
жылы V Карлдың испандық əскерін талқандады. Испандықтарды 
Алжирдегі  бекіністерінен ығыстырды. Батыста олар Тлемсен  үшін 
мароккандықтармен күресте жеңіске жетті.
1535 жылы Тунисте испандықтар өзін V Карлдың вассалы деп 
мойындаған Эмирді таққа отырғызды. Түріктердің өз үстемдігін 
орнату əрекетінен еш нəтиже шыкпады. Тек  1574 жылы ғана Түрік 
сұлтанының əскері  испандықтарды қуып шығып, Тунисті Осман 
империясына қосты.
Солтүстік Африкадағы Триполи қаласы үшін еуропалықтар мен 
түріктер арасында күрес жүрді — 1510 жылдан  1530 жылға дейін бұл 
облыс испандықтар билігінде болды. Сонан соң  ол Родос аралынан 
түріктер қуып шыққан Мальта рыцарьларының қол астына көшті. 
1551  жылы  түріктер  теңізден  шабуыл  жасап,  Триполиді  басып 
алды. Рыцарьлар Мальтаға қашты /Италияның оңтүстігі/. Сөйтіп, 
Солтүстік Африканың үш елі — Алжир, Тунис, Триполитания /
Ливия/ түріктер қол астына көшті. Тек Марокко өз тəуелсіздігін 
сақтап  қалды.  Суфизм  бағытын  ұстанушы  мұсылмандар  халықты 
христиан дініндегі  испандықтар мен португалдықтарға қарсы 
“қасиетті соғыска” — Джихадқа ұйымдастыра алды.
1550  жылы  өзінің  шыққан  тегі  жағынан  “ислам  дінінің  негізін 
қалаушы “Мұхамедтен тарайтын-мыс шериф Мұхаммед-аль 
Махди Фесті басып алды. Ол бұған дейін Оңтүстік Мароккода қант 
тростнигі егістігін иеленуші болатын. Маринидтік əулеттің түрік-
тер көмегімен өз билігін калпына келтіру əрекетінен түк шықпады. 
1554 жылы Маринидтер əулеті толық қуылды.
Шерифтер Оңтүстік Мароккодағы өз тіреніштері болып 
табылатын араб тайпаларына көп қаражат бөліп отырды. Ахмед-алъ 
Мансур /1578—1603/ шерифтің тұсында бұл тіреніш көмегі онан əрі 
кеңейтілді. Түріктердің кол астында калғысы келмеген Солтүстік 
Шығыс Марокко тайпаларына Фес облысынан əскери лендер бөліп 
берілді.
Марокконың қорғаныс қабілетін күшейту жəне феодалдардың 
өзара қақтығыстарын тежеп отыру мақсатымен тұрақты армия 
құрылды. Оны арнаулы мекеме — махзен басқарды. Бұл армия ислам 
дінін қабылдаған еуропалықтардан, негрлерден тұрды. Əскерді 
түрік офицерлері мен солдаттары оқытып, үйретті.
Канша мықты болғанымен бұл армия феодалдық быты-
ранқылыққа карсы тұра алмады. ХVІ ғасырдын ортасында ше-
рифтерге  қарсы  Марабуттар  көтірілісі  болды.  Оның  нəтижесінде 
Марокко бірнеше феодалдық иеліктерге бөлініп кетті.
Сауда, колөнері. Африка төңірегіндегі теңіз сауда жолының 
ашылуы Египет саудасына ауыр соққы болып тиді. Соған қарамастан 
Египет көптеген Шығыс жəне Батыс елдерімен сауда жасай берді. 
Сыртқы саудаға ауыл шаруашылық өнімдері /бидай, мақта, кендір, 
күріш, тері/ мен қолөнер бұйымдары /мата, кант т.б./ шығарылды. 
Египет көпестері Индиядан, Еуропа мен Қиыр Шығыстан келген 
шетелдік тауарлармен де сауда жасады.
Сауда Каир, Александрия, Булак,  Дамъетт, Розетт, Суэц, Кусеир, 
Тальх, Абузир, Фуэ калаларында шоғырланды. Египеттің басты 
порттары Жерорта теңізі жағалауындағы Дамьетт, Розетт жəне 
Александрия,  Қызыл  теңіздегі  Суэц  пен  Кусеир  болды.  Суэц  пен 
Кусеир арқылы Үнді жəне Аравия тауарлары түсіп тұратын.
Сол кездегі  Египеттің ең  ірі  сауда орталықтарының бірі 
Александрия Каирмен канал арқылы қосылған болатын. Александрия 
гаванына көп елдердің сауда кемелері ағылып келіп жататын. 
Мұнда венециялык та, флоренциялық та, католондық та, Генуя 
мен Франция көпестерін кездестіруге болатын. Александрияда тек 
халықаралық сауда ғана шоғырланып қойған жоқ. Қала тұрғында-
ры жақын маңдағы ауылдардың ауыл шаруашылық өнімдерімен 
толық қамтамасыз етіліп тұратын.
Нил өзені негізгі  сауда жолдарының бірі  болды. Каир тек 
сауданың ғана емес, қолөнерінің де  ірі  орталығы болды. Ол көлемі 
мен халқының саны жағынан Египеттің ең үлкен қаласы болды. 
ХVІ ғасырда Каирдің халқының саны 100 мыннан асатын. Онда 
армяндар, итальяндықтар, гректер, француздар, поляктар, еврейлер 
тұрды. Египет саудасында құл сату кең орын алды. Жыл сайын елге 
4—5 мың африкандық құлдар əкеліп сатылатын. Каирде көптеген 
Еуропа елдерінің консулдығы орналасты. Көптеген консулдар мен 
шетелдік  көпестер  Египетте  20,  одан  да  көп  жылдар  бойы  тұрып 
жатты. Мұнда дінге қудалаушылық болған жоқ,  əр діннің шіркеу-
мешіттері жеткілікті болды.

352
353
Қолөнері негізінен қалаларда шоғырланды. Дегенмен қолөне-
рімен ауылдық жерлерде де кеңінен айналысты /кəрзеңке тоқу, жіп 
иіру т.б. Египетте мақтадан маталар тоқылды, қару-жарақ, оқ-дəрі, 
гончарлық бұйымдар жасалды, иіссулар мен шараптар, нашатырь, 
селитра шығарылды. Бұл өнімдер Еуропа елдеріне, Осман 
империясына, Африкаға жөнелтіліп жатты.
Қазынаға саудадан көп табыс түсіп жатты. Негізгі табыс жер 
салығынан жиналатын. Сонымен қатар қолөнері өнімдерінен де 
салық  жиналып,  казынаға  түсіп  тұрды.  Үкімет  барлық  қолөнері 
өнімдерінің 5 процентін алып отырды. 1568 жылы ақындар мен 
жазушыларға салық салына бастады. Сумен қамтамасыз ету үшін 
де салық төленді.
Александрия, Розетт, Дамьетт, Суэц жəне Булак қалаларында 
мемлекеттік кедендер болды. Алым-салық шеттен əкелінетін 
ақшаларға да салынатын. Құлдыққа түсіп калған, бірақ əлі ис-
лам дінін қабылдап үлгермеген христиандарды сатып алу бағасы 
белгіленді. ХVІ ғасырда шетелдік христиан дініндегі көпестер 
тауарының құнынан 10 процент салық төлейтін.
1535 жылғы Францияға берілген жеңілдіктен кейін ол жеңілдікке 
ие болғандар 2—3 процент, ал Осман империясының көпестері 10 
процент салық төлейтін болды. Осман империясындағы мұсылман 
емес тұрғындар /байлығына қарай/ үш категорияға бөлінді;  1) жы-
лына  төрт  алтын  монета  телейтіндер;  2)  екі  монета;  3)  бір  монета 
төлейтіндер. Жеке бас салығы — джизья. Бұл салық тек еңбекке жа-
райтындардан алынатын.
Батыс Еуропа елдері көпестеріне берілген артықшылықтар, 
көптеген ішкі кедендер, түрік үкіметі мен жергілікті феодалдардың 
зорлық-зомбылықтары сауда байланысының дамуына көп кедергі 
келтірді.
Мəдениет. Ислам дінінің абыздары Африка елдеріндегі 
мəдениеттің дамуына елеулі үлес қосты. Солардың бірі аш-Шарани 
(1565  ж.  өлген)  болды.  Оның  басты  еңбегі  «Шашыранды  маржан-
дар кітабы» болып табылады. Бұл еңбегінде аш-Шарани жаман 
мінез-құлықтарды келемеждеп, жақсы мінез-құлықты уағыздады, 
байлардың дүниеқоңыздығын сынап,  кедейлерді  қорғады.
Тарихнама саласында ибн-Халдун (1332—1406) зор еңбек сіңірді. 
Өзінің «Кіріспе» деген еңбегінде тарихи процестердің теориясы-
на талдау, мұсылмандық тарихына шолу жасады. Мароккандық 
Маккари (1590—1632) «Андалусияның Коңыржай желі» деген 
еңбегінде арабтардың Пиреней жарты аралындағы үстемдігінің 
тарихын баяндайды. Тарихшы Мұхаммед ибн Ияс (1524 ж. өлген) 
«Ғасырлар оқиғаларына байланысты түстер ерекшелігі» («Бадан 
аз-зухур фи вакаи аз-духур») деген еңбегінде осман түріктерінің 
Египетті басып алып, алғашқы 6—7 жылдық билік жүргізуін ба-
яндайды. Египетті түріктердің жаулап алу тарихын («Фатх Мыср») 
ибн Зунбул ар-Раммал да (1553 ж. өлген) жазды.
ХVІ   ғасырда араб елдерінде кітап басу ісі қолға алына баста-
ды. Ең алғашқы баспахананы 1519 ж. Алеппо қаласында еврейлер 
ашты. 1605 ж. еврейлер баспаханасы Дамаскіде де ашылды. 1610 ж. 
Казхайяда  (Ливан) Римнен əкелінген баспа станогінде сирия тілінде 
дұғалар басылып шықты.
Бұл кездегі сəулет өнерінің ескерткіштерінің қатарына Дамаскі-
дегі Теккис, Дервишие, Синание мешіттерін жатқызуға болады. 
Олар фаянспен өте əсем безендірлген. Сондай-ақ Фахр-ад-диннің 
тұсында зəулім құрылыстар Бейрутте де салынды.
Ə д е б и е т т е р:
1. История Востока Т. ІІІ. Восток на рубеже средневековья и 
нового времени ХVІ—ХVІІІ вв.— М.: Восточная литература РАН, 
1999.— 67—98 бб.
2.  Видясова  М.  Ф.  Социальные  структуры  доколониального 
Магриба: Генезис и типология.— М.: 1987.
3.  Иванов  Н.  А.  Османское  завоевание  арабских  стран  (1516—
1574).— М.: Наука, 1984.  



Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет