С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



жүктеу 7.55 Mb.
Pdf просмотр
бет4/25
Дата22.12.2016
өлшемі7.55 Mb.
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
§ 6. ІІІ—VІІ  ғасырлардағы Иран
1. Иранның саяси тарихының негізгі фактілері.
2. Сасанилер əулетінің билікке келуі.
3. І—V ғасырлардағы Иранның қоғамдық құрылысы. Дін.
4. Маздакшылар қозғалысы.
5. І Хосров реформалары.
6. VІ—VІІ ғасырлардағы Иранның сыртқы саясаты.
7. Сасанилік Иранның мəдениеті.
224 ж. Парфян патшалығының вассалы, Парсы (Персия) 
билеушісі Ардашир Ормиздаган алқабында Артабан V-ң əскерін 
талқандады. Бұл жеңілістен кейін Парфян патшалығы Персияның 
құрамына еніп, дербестігін біржолата жоғалтты. Парсылар — 
Иранның оңтүстігіндегі Фарс облысының халқы. Оның астанасы 
алғаш Истахр, кейін, Буйилер мемлекеті кезінде — Шираз қаласы 
болды.
Сөйтіп 224 (226) ж. Парфяндар əулетін құлатып, билікке келген 
парсылық Сасанилер əулетінің негізін қалаушы Ардашир [224(226) 
—241] болды. Ол əулеттің билігі кезінде, яғни 224—651 жж. Иран-
ның халықаралық аренадағы шоқтығы биіктей түсті. Иран бұл 
кезде Риммен, кейін, ІV—VІІ ғасырларда Византиямен қырқысқан 
соғыстар жүргізді.
Ардашир оңтүстіктегі Фарс облысындағы княздердің бірі бола-
тын. Таққа отырған соң ол Ктесифон қаласын астанаға айналдырды. 
Ардашир билікке заратуштра (зороастризм) дінбасыларының қол-
дауымен келді. Оның атасы Сасан осы діннің басшысы болатын. 
Сасанилер ірі ақсүйектерге қарсы күресінде орташа жəне майда жер 
иелеріне арқа сүйеуге тырысты.
Парфян патшалығында тақ мұра арқылы көшіп отырса, жеке 
облыс басшылары вассалдық тəуелділікте ғана болса, жаңапарсы-
лық Сасанилер патшалығы бір орталыққа бағындырылған мемлекет 
болды. Ел олардың тұсында 18 сатраптыққа бөлінді. Əр сатрап 
басында губернатор тұрды. Губернаторды патша өзі тағайындап 
отырды. Оны патша қалаған кезінде алып тастай алатын. Сондықтан 
губернаторлар патшаға толық тəуелді еді. Патшаның қатаң тəртіпке 
бағынған  атты  жəне  жаяу  əскері  болды.  Өзіне  қарсы  ақсүйек-
мықтыларды патша күшпен құртып отырды. Кейде керісінше де 
болатын. Ебін таба білген ақсүйектер өздері жек көретін патшаны 
құртып, оның орнына өздері қалаған Сасан əулетінің өкілін таққа 
отырғызатын...
Жаңа əулеттің ресми астанасы Персеполь болды. Бірақ тоқтаусыз 
жүріп жатқан соғыстарға байланысты Шахиншах мекені іс жүзінде 
шекара маңындағы, Тигр өзені бойындағы Ктесифон (Бағдад 
маңында) болды.
Иран Риммен, кейін — Византиямен Қара теңіз жағасы үшін 
күрес жүргізді. І Шапур тұсында (241—272) парсылықтар жеңіске 
жетіп, Кіші Азияны басып алды. 256 ж. Антиохия басып алынды. 
260 ж. Рим əскері талқандалып, император Валериан тұтқынға 
түсті. Иран əскерінің онан əрі жылжуын арабтық Пальмира патшасы 
Одейната қарсылығы тоқтатты. 266—272 жж. патшалық құрған 
Одейнатаның əйелі Бат-Заббай Римге қарсы көтеріліс жасап, бүкіл 
Кіші Азия мен Египетті басып алды. Бірақ 272 ж. Бат-Заббайдың 
əскері Рим императоры Аврелианның əскерінен жеңілді. 273 ж. 
римляндар Пальмираны біржолата құртып жіберді. Рим əскері 
283 ж. Сасанилер астанасына дейін жетті. Оны басып ала алмады. 
298 ж. парсылықтар Нисибин түбінде тағы да рим əскерінен 
жеңілді. Нисибин шарты бойынша Армения мен Месопотамияның 
солтүстігіндегі 5 провинция Римнің қол астына көшті.
Иран-рим соғыстарының жаңа кезеңі ІІ Шапур (309—373) 
тұсында басталды. Ол алдымен парсы шығанағындағы Бахрейінді 
басып алды. Иран мен Рим қатынастарының сипатына христиан 
дінінің тарауы елеулі ықпал етті.
ІV ғасырдың басында Грузияда, Армения мен Солтүстік 
Əзербайжанда христиан діні қабылданды (301—303 жж.). Арме-
нияның христиан дінін қабылдауы оны Риммен байланысын 
нығайтуға итермеледі. Армения халқының бір бөлігі Римді, хрис-
тиандықты қолдаса, бір бөлігі Иранға бағыт ұстанды. 338 ж. ІІ 
Шапур Риммен соғысты қайта жалғастырып, Армения мен солтүстік 
Месопотамияға басып кірді, 363 ж. Иранға жасаған сəтсіз жорығы 
кезінде Рим императоры Юлиан өлді. Оның орнына таққа отырған 
Иовиан Иранмен бітім шартын жасады. Ол шарт Иран үшін тиімді 
болды. Грузия мен Арменияның шығыс бөліктері Иранның қол 
астына көшті (387 ж.).
V ғасырда Иран мен Шығыс Рим империясы — Византия ара-
сында тыныштық болды. Ол екеуі енді солтүстіктен қауіп төндірген 
ортақ жау — гунн көшпелі тайпаларына қарсы күреске бірікті.
ІІ Шапур өлген соң 20 жыл бойы тақ үшін талас, сарай төңкерістері 
болды. Ол төңкерістер тек 399 ж. таққа І Иездигерд отырған соң 

50
51
тыйылды. Бұл патша христиандарды қудалауды тоқтатты, тұт-
қындарды босатып, бұзылған шіркеулерін қалпына келтіруге рұқсат 
етті.
Христиандарды қудалау V Бахрам Гур (421—438) тұсында қайта 
жалғасты. Бұл кезде солтүстік пен солтүстік-шығыстан көшпелілер 
шабуылы күшейді. V Бахрам Мерв (Мары) түбіндегі шайқаста эф-
талиттерді жеңіп, Сасанилер державасының шекарасын Амударияға 
дейін жылжытты. 
ІІ Иездигерд (438—457) тұсында Армениядағы үстемдікті ны-
ғайтып, онда зороастризмді таратуға күш салынды. Армения 
автономиясына қастандық көтеріліске əкеп соқты. Армяндарға 
Византия көмектесе алмады. Көтеріліс 451 ж. басылды. Бірақ 
Армения автономиясы мен христиан дінін ұстану құқын сақтап 
қалды.
ІІ Иездигерд өлген соң екі жылдай таққа талас жүрді. 458 ж. 
таққа оның баласы Пероз (458—484) отырды. Көшпелі эфталиттер 
Хорасанның жартысын басып алды. Оларға қарсы екінші рет жасал-
ған жорық тағы да сəтсіз аяқталды. Иран əскерлері талқандалып, 
Пероз қаза тапты.
Сасанилер əскері шығыстағы жорықтарда жүргенде Закавказье 
халқы Иранға қарсы көтеріліске шықты. Оны Картли патшасы 
Вахтанг Горгасал мен армян батыры Ваган Мамиконян басқарды. 
Ол көтеріліс Пероздың мұрагері Валаш (484—488) шахиншахтың 
тұсында тоқтады. Валаш Картлидің, Арменияның жəне Албания-
ның (Дағыстан) басшыларымен бітім шартын жасады. Шарт 
бойынша Иран ол елдердің автономиясын мойындап, христиан 
дінін қудалаушылығын тоқтатты. Валаш Иранның өзінде де 
несториандық түріндегі христиан дінін ұстауға рұқсат берді. Валаш 
таққа отырғанда қазына қаңсып бос тұрған еді. Сондықтан ол көп 
əскер ұстай алмады. Төрт жылдан соң Валаш тақтан құлатылып, 
оның орнына соғыста қайтыс болған Пероздың баласы Кавад отыр-
ғызылды (488—496). 
Ежелгі Иранда еріктілердің 3 тобы: абыздар, жауынгерлер мен 
егіншілер белгілі болатын. ІV ғасырға қарай қоғам мүшелері төрт 
топқа: абыздар, жауынгерлер, есеп-қисапшылар (писцы), шаруалар 
(податное население) болып бөлінді. Мемлекет басында шахиншах 
тұрды. Оның ең бірінші көмекшісі, əрі кеңесшісі Мобедан-мобед 
деп аталған зороастризм дінбасшысы болды. Сондай-ақ кеңесші-
көмекшілер еран-спахбад (əскер басшысы) пен дабирбед (хатшылар 
басшысы), вастриошан — салар болды.
Алғашқы үш сословие (абыздар, жауынгерлер, хатшылар) жер 
иелері болса, төртінші сословиенің көпшілігі тəуелді диқандар еді. 
Барлық алым-салықтар осы төртінші сословиенің мойнында жатты. 
Құлдар шаруашылықта шешуші рөл атқарған жоқ. Құлдық біртіндеп 
жойылып келе жатты.
Сасанилер тұсында бұрынғы парфяндық синкретизм орнына 
зороастризм  діні  келді.  Оның  қасиетті  кітабы  Авеста  болды.  Ол 
энциклопедия іспеттес еді. Оған діни білімнен басқа астрономиялық, 
космогондық, заңдық, моральдық білімдер енгізілді. 
Зороастризм ілімі негізінде екі бастаманың: адалдық пен 
арамдықтың күресі туралы түсінік жатты. Адалдық құдайы 
Ахурамазда (күн, ай, ...), зұлымдық құдайы Анхра майнья (ауру, 
өлім, қыс, жұт, т.б. жаманшылық құдайы). Бұл екеуінің күресінде 
түбі  жарқын  күштер  жеңеді  деп  уағыздалады.  Адам  бұл  күреске 
Ахурамазда жағында қатысуы тиіс. Əр түрлі əдет-ғұрыптарды 
қатаң сақтау арқылы адам өмірде өзін зұлымдық күштерден қорғай 
алады.
Зороастрилықтар сонымен қатар отқа, жер мен суға табынды. 
Ғұрыптарды орындау орны от храмдары болды. Абыздар тек діни 
ғұрыптарды ғана орындаумен шектелмеді. Олар өз қолдарында 
ағарту ісі мен сот ісін де ұстады. Мұра бөлу де солардың билігіне 
тиді. Олар барлық адамдардың өміріне араласып отырды. Сол себепті 
де ІІІ-V ғасырлардағы халық қозғалыстары сектанттық тұрғысынан 
немесе жаңа дінге ауысу ұранымен өтіп отырды. 
ІІІ ғасырдың ортасында тарай бастаған жаңа дін манихейлік 
болды. Оның негізін қалаушы Мани зороастризм мен христиан 
дінінің ортасынан жаңа дін шығармақ болды. Оның жаңа діні 
бойынша алғашқы адамды жарық күші өмірге келтірді. Бірақ оны 
туысымен зұлымдық құдайы — түнек — тұтқынға алды. Жарық 
күші əрең дегенде алғашқы адамды ол тұтқыннан босатып алды. 
Дегенмен адамның бойында түнек патшалығының зұлымдық 
қасиеттері де қалып қойды. Ол зұлымдық қалдығынан құтылу 
үшін адам материалдық игіліктен, байлықтан бас тартып, өзін-өзі 
жетілдірумен шұғылдануы керек. Мани аскетизмге, үйленбеуге, қан 
төкпеуге шақырды. Өз уағызын Мани 241—242 жылдары бастады.
Ол елден кетуге мəжбүр болды. Иранға қайтып келгенде ұсталып, 
276 ж. зороастризм дінбасыларының үкімімен өлім жазасына кесілді. 
Манихейлік ізі ХІ ғасырға дейін сақталды.
Ирандағы христиан дініне көзқарас туралы жоғарыда айтылды. 
Сасанилер державасында иудейлер колониялары да болды. Иудаизм-

52
53
ді уағыздаушылар қуғындалған жоқ. Елдің шығысында, Балхта, 
буддизм кеңінен өріс алды.
V—VІ ғасырлар кезінде Иранда кең өріс алған бұқаралық халық 
қозғалысы  маздакилер қозғалысы  болды. Ол Иранда V ғасырдың 
аяғында  басталды.  Оның  қозғаушы  күші  қауымдас  диқандар  мен 
кедейленген қолөнершілер болды. 
Қозғалыстың басшысы Маздак жарқын болмыстың, əділетті-
ліктің зұлымдықты қалай да жеңетіндігі туралы ұран тастады. Ол 
жеңіс əйтеуір бір кезде, құдай сəтін салғанда ғана емес, осы өмірде, 
табан астында келуі тиіс деп есептелді. Тек адамдардың белсенділігі 
арқасында жер бетіндегі зұлымдықтан құтылуға болады делінді. 
Зұлымдықтың нақтылы көрінісі — адамдар арасындағы мүлік 
теңсіздігі деп табылды. Ең алдымен сол мүлік теңсіздігі жойылуы 
керек болды. Меншікті тепе-тең етіп қайта бөлу талабы қойылды. 
Өз бағдарламаларының əлеуметтік талаптарын жүзеге асыру үшін 
маздакилер байлардың мал-мүлкін тартып алып, кедейлерге бөліп 
бере бастады. Байлардан алынған жер қауым аумағына қосылды.
Қозғалысты үстем таптың біраз бөлігі де, шахиншах І Кавад өз 
мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысып, оған алғаш қолдау-
шылық көрсетті. Кавад күшті байлардан құтылмақшы болды, əрі 
əскердің негізін құрайтын азат-дехкандардың көңіл-күйін де есепке 
алды. 496 ж. шонжарлар Кавадты құлатып, зынданға тастады. Бірақ 
499 жылы Кавад билікті қайтарып алды.
Кавадтың көмегімен маздакилер өз жоспарларын жүзеге асырып 
қалуға  тырысты.  Маздак  мемлекет  басшыларының  бірі  болып 
тағайындалды. 502—506 жж. Иран Византиямен соғысты табысты 
аяқтады, көшпенділер шабуылын тойтарды. Иранда бірнеше қалалар 
салынып, каналдар жүйесі кеңейтілді. Қауым ішіндегі пысық, 
бақуаттылары біртіндеп маздакиттер қатарынан шығып, оған қарсы 
бола бастады. Оның үстіне Кавад та ақсүйектермен, дінбасылармен 
келісімге бет бұрып, өз позициясын өзгертті. Себебі біраз əлсіреген 
ақсүйектер  енді  Кавадқа  қауіпсіз  болды.  Азат-дехкандар  да 
қозғалыстан шықты. Қозғалыс 529 ж. толық талқандалды.
І Хосров реформалары. Халық қозғалыстары үстем тапқа ескі 
тəртіптер бойынша өмір сүруге болмайтынын көрсетті. Сондықтан 
да сасанилердің жаңа патшасы І Хосров (531—579) феодалдық 
укладты дамытып, нығайтуға бағытталған қайта құру (реформа) 
жолдарын іздестіруге мəжбүр болды.
Маздакилердің байлардан тартып алған жерлері кəмпескеленді. 
Ол жер енді мемлекеттік жер қорына қосылды. Байлығынан айырыл-
ған ақсүйек əулеттерін, азат адамдарды Хосров патша қызметіне 
қабылдап, өзіне тəуелді жаңа əлеуметтік топ құрды. 
Салық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Бұрынғы əртүрлі 
салықтар  жойылып,  негізгі  екі  түрі  ғана  қалды.  Ол  «хараг»  деп 
аталған жер салығы жəне «гезит» деп аталған жан басы салығы. 
Жаңа салық мөлшері маздакиттер қозғалысына дейінгі мөлшерден 
əлдеқайда төмен болды. Бұл шаруаларға жасалған жеңілдік еді.
Айлық табысы белгіленген тұрақты армия құрылды. Елде 4 
əскери округ құрылды. Əскери билік азаматтық биліктен бөлінді. 
Ел оңтүстік, батыс, солтүстік, шығыс деген төрт облысқа бөлінді. 
Ол облыстардағы азаматтық үкімет билігі əскери билікке — 
спахабадтар деген əскер басыларына бағынышты болды. Патшаның 
тең  праволы  үш  уəзір-фармардары  тағайындалатын  болды.  Бұл 
өзгерістер, жаңалықтар патша билігін нығайтуды көздеді.
VІ—VІІ ғасырлардағы Иран. І Хосров белсенді сыртқы саясат 
жүргізді. 540 ж. Византиямен соғысты жалғастырды. Шахиншах 
əскерлері Сирияны басып өтіп, Оронттағы Антиохияны (Таяу 
Шығыстағы) талан-таражға салды. Сонан соң соғыс қимылдары 
Кавказға ойысты. Онда Иран Византиядан Лазиканы (батыс Грузия) 
тартып алуға тырысты. 561 ж. І Хосров Ануширван мен император 
І Юстиниан арасында «мəңгілік» «бейбітшілік» бітімі жасалды. Ол 
бітім бойынша Византия өзінің бұрынғы шекарасын сақтап қалды. 
Бірақ көп өтпей бұл бітім қайта бұзылды. Енді Иран мен Византия 
Оңтүстік Аравия үшін қырқысты. 577 ж. Сайф ибн зу-Иазан бастаған 
Иемен ақсүйектері І Хосров жіберген əскердің көмегімен Византия 
мүддесін қорғаушы Эфиопия əскерін елден қуып, өкімет билігін өз 
қолына алды. Иемен шахиншахқа салық төлеп тұруға тиіс болды. 
598 ж. Иемен Иранға қосып алынды. 628 жылға дейін оның басшысы 
марзбанды шахиншах тағайындап отырды. 563—567 жылдары І 
Хосров солтүстік-шығыста эфталиттерді жеңіп, бұрын жоғалтқан 
жерлерін қайтарып алған болатын. 
579 ж. І Хосров Ануширван өлген соң таққа оның баласы ІV 
Хормузд (579—590) отырды. Бұл кезде Иранға қарсы Кавказдың 
солтүстігінен хазарлар, шығыстан — Амудария жақтан — түріктер, 
оңтүстіктен — арабтар шабуылға шықты. Оларға тойтарыс берілді. 
589 ж. күзде түріктерді жеңген əскер басшысы Бахрам Чубин көп 
олжа  түсіріп,  оның  азғантай  бөлігін  Ктесифонға  жіберді.  Оған 
ашуланған ІV Хормузд Бахрамның əскер басшылығынан түсірілге-
нін жариялады. Бұл бұйрыққа қарсы Бахрам көтеріліске шықты. 
Оған қарсы жіберілген əскердің көпшілігі көтерісшілер жағына 
шығып кетті.

54
55
Бұл кезде астанада ІV Хормуздқа қарсы қастандық ұйымда-
стырылды. Оны шахиншахтың ағайындары Биндой мен Бистам 
басқарды. Олар ІV Хормуздың көзін ойып алып, орнына баласы 
ІІ Хосровты отырғызды. ІІ Хосров Парвиз (590—628) жас 
болғандықтан, қастандықты басқарған ағайындарының қолындағы 
қуыршаққа айналды. Ол басқарған əскер Бахрам қолынан жеңілген 
соң ІІ Хосров Византияға қашты. Бұл кезде Биндой мен Бистам оның 
əкесі ІV Хормузды өлтірді. Бахрам астананы басып алып, елді бір 
жылдай басқарды. 591 ж. ІІ Хосров византиялықтар көмегімен тақты 
қайтарып алды. Бахрам Чубин түріктер қағанатына қашып барып, 
сонда өлтірілді. ІІ Хосров ағайыны Биндойды өлтірткізді. Хорасанда 
əкім болып жүрген Бистам көтеріліс жасап, 595 ж. жеңілді.
602 ж. ІІ Хосров вассалдық тəуелділіктегі арабтық Хира 
патшалығының өзін-өзі басқаруын жойды. Бұл əрекетке наразы 
болған араб-бедуиндер Зуқарада 604 жəне 605 жылдары шахиншах 
əскерін талқандады. 604 ж. Иран мен Византия арасындағы ең үлкен 
соғыс басталды. Оның алғашқы кезеңі (622 жылға дейін) ирандықтар 
үшін сəтті болды. Олар Месопотамияны, Сирияны, Арменияны 
бағындырып, Египетке жақындады. Соғыстың екінші кезеңінде 
(622—628) Византия жоғалтқан иеліктерін қайтарып алды. 
628 жылдың аяғында астанада қастандық ұйымдастырылып, ІІ 
Хосров  Парвиз  тақтан  құлатылды.  Сол  жылы  су  тасқыны  болып, 
өз жағаларынан шыққан Тигр мен Евфрат өзендері егістікке орны 
толмас зиян келтірді. ІІ Хосров өз мұрагеріне соғыстағы жеңілістер 
мен бүлінген шаруашылықты қалдырды. Ол тақтан түскеннен кейінгі 
төрт жылдың ішінде оншақты мұрагерлер бірінен соң бірі ауысты. 
Кейбір облыстардың орталықпен байланысы үзілді. ІІІ Иездигерд 
(632—651) тұсында елді қайта біріктіріп, нығайту əрекеті жасалды. 
Бірақ экономикасы əлсіреген Иран араб шапқыншылығына қарсы 
төтеп бере алмады.
Мəдениеті. Иран — байырғы мəдениеттің отаны. Сонау ерте орта 
ғасырларда Иранда сəулет өнері жоғары дəрежеде дамыды. Ктесифон 
мен Сервистанда зəулім сарайлар салынды. Мүсін өнері де елеулі 
табыстарға жетті. Оған дəлел Накш-и-Рустам мен Би-Шапурдағы 
І-Шапур патшаның Рим императоры Валерианды жеңгендігін 
бейнелейтін мүсіндер.
Сасанилер билігі кезінде жаратылыстану ғылымдары үлкен 
табыстарға жетті. Математика, астрономия, медицина, ветеринария 
жəне ауыл шаруашылығы салаларында ежелгі сириялық жəне 
пехлевилік  тілдерде  жазылған  кітаптар  сақталған.  Əдебиет  сала-
сындағы жетістіктерге «Авеста» дəлел бола алады.
Иран — ғажайып ертегілердің, керемет ақындардың отаны. 
Сасанилер билігі кезінде Иранда грек ғылымы, оның ішінде 
неоплатонизм кеңінен тарады. Оны христиандық Византиядан 
қуылған пұтқа табынушы оқымыстылар дамытты.
VІ—VІІ ғасырларда ақын-сазгер Барбадтың аты кеңінен танымал 
болды.  Базигер  театры  туралы  мəліметтер  сақталған.  Иранда  сол 
кезде пантомима өнері де едəуір өріс алды. Сондай-ақ көлеңке 
театры мен қуыршақ театры да қалысқан жоқ.
Сүйтіп, ІІІ—VІІ ғасырларда Иран мəдениеті өзіндік ерекшелік-
тері  бола  тұра  басқа,  көрші  елдердің  де    озық  мəдениетін  бойына 
сіңіре отырып, дамып, жетіле берді.
Ə д е б и е т т е р:
1. Шабани Р. Иран тарихы.— Алматы, 2002.— 89—135 бб.
2. История Востока. Т 2: Восток в середине века.— М.: Восточная 
литература РАН, 1995.— 23—33, 250—261 бб.
3.  Васильев  Л.  С.  История  Востока:  В  2  т.  Т.  1.—  М.:  Высшая 
школа, 1998.— 252—259 бб.
§ 7. Ерте орта ғасырлардағы Закавказье 
мен Орта Азия халықтары
1. Закавказьедегі феодалдық формацияға көшу.
2. Шетел басқыншыларына қарсы күрес.
3. Орта Азия халықтарының шаруашылығы.
4. Орта Азиядағы шетел үстемдігіне қарсы күрес.
5. Закавказье мен Орта Азия халықтарының мəдениеті.
Закавказьедегі феодалдық шаруашылық біздің заманымыздың 
IV ғасырында қалыптасты. IV—V ғасырларда Арменияда феодал-
дық жер иеленудің барлық негізгі түрлері: феодалдық вотчина — 
хайреник, феод — хостак, бенефиций — паргевакан белгілі бол-
ды. Жер иеленушілердің өте күрделі иерархиялық сатылары бол-
ды. Оның ең жоғарғысы патша жəне жеке аймақтарды басқаратын 
князь тұқымынан шыққан аса ірі  жер иелері нахарарлар  болды. 
Бұл сатының ең төменгі баспалдағында ұсақ жер иелері тұрды. 
Едəуір көлемді жерлерді меншіктенген шіркеу феодалдары да 
үстем тапқа жатты. Қарапайым қауым мүшелері шинакандар 

56
57
егіншілікпен, жүзім шаруашылығымен, мал бағумен шұғылданды. 
Əрбір шаруаның отбасындағы адамының санына қарай қауымдық 
жерлер жыл сайын қайта бөлініп тұруға тиіс болды. Шинакандар 
көптеген феодалдық міндеткерліктерді (канал қазу, жол, көпір салу 
т.б.) атқарды. Басқа елдердегі феодалдық қоғамдағыдай, Арменияда 
да IV—V ғасырларда белгілі бір дəрежеде құлдардың еңбегі пайда-
ланылды.  Бірақ  құлдар  еңбегі  қоғамдық  құрылыстың  феодалдық 
сипатын бұзған жоқ. Армян құл иеленуші мемлекеті бірте-бірте 
феодалдық монархияға айналды.
Əр феодал тəуелсіз болуға, өз жерін шағын дербес мемлекетке 
айналдыруға ұмтылды. Армян феодалдарының ала ауыздығын Иран 
мен Византия пайдаланып қалмақ болды. Мұндай ала ауыздықтар 
Грузия мен Əзербайжан феодалдары арасында да болды.
Армяндар грузиндермен одақтаса отырып, Иранға қарсы талай 
рет көтеріліске шықты. Римдіктер 391 жылы Батыс Армениядағы 
патшалықты жойды. Ал Шығыс Армения (Арменияның үштен төрт 
бөлігі) Иранның қол астында болды. Ондағы өзін-өзі басқарушылық 
428 жылы жойылды. Билікті иран наместнигі — марзпан жүр-
гізді. Иран армяндардан христиан дінін тастап, зороастризмді 
қабылдауды талап етті. Армяндар 450 жылы Иран билігіне қарсы 
көтеріліске шықты. Оны Вардан Мамиконян басқарды. Ол алдын-
да жеңіске де жетті. Арташатта өз билігін жариялады. 451 жылғы 
26 мамырда Аварайрда шешуші шайқас болды. Вардан қаза тапты. 
Армяндар партизандық соғысқа көшті. 571 жылы тағы көтеріліс 
болып, оны Вардан Мамиконян Кармир басқарды. 572 жылы 
армян көтерілісшілері Иран əскерін талқандады. Бірақ толық 
тəуелсіздікке жете алмады. Иран наместнигі армяндардың өз ішінен 
тағайындалатын болды.
Армения мен Картли үшін Иран мен Византия арасындағы күрес 
жиырма жылға созылды. Сасандар патшасы Хормузд IV (1579—
1590) армяндарды қалайда өз жағында ұстап қалу үшін оларға біраз 
жеңілдіктер берді. Ол Арменияның ишханы етіп армянин Давид 
Сааруниді тағайындады. Сааруни 586—601 жж. билік құрды. Осы 
кезден (586 ж.) бастап Армениядағы барлық азаматтық билік тізгіні 
армяндардың ішінен тағайындалатын ишхандарға берілді.
IV ғасырдың аяғында Византия Арменияның көп жерін ба-
сып алды. Армения Византияның вассалды мемлекеті саналды. 
Дегенмен бұрынғыдай, ишхандар жергілікті армяндар арасынан 
тағайындалып отырды. Византия қол астына көшкен соң ишхандар 
патрикий, куропалаттар деп атала бастады. 651 жылы Арменияға 
арабтар шабуылы басталды. Византия көмек көрсете алмады. 652 
жылғы келісім бойынша армяндар араб халифатының билігін мой-
ындады.
773—775 жж. Арменияда шаруалар көтерілістері болып өтті. 851 
жылы арабтар билігіне қарсы көтеріліс басталды. Ол көтерілістің 
басшыларының бірі Овнан Хутский ерекше ерлігімен көзге түсті. 
Армяндар араб қолбасшысы Мысыр-Меліктің əскерін талқандап, 
Муш қаласын алды, халифтің наместнигін өлтірді. Армян 
халқының осы көтеріліс кезіндегі ерлігі «Давид Сасунский» деген 
дастанда жырланды. Бірақ Буги басқарған араб əскері үш жыл бойы 
көтерілісшілерді қатаң жазалап отырды. 
Армениядағы арабтар билігі IX ғасырдың аяғында құлатылды. 
Үкімет  билігі  армяндық  Багратилер  əулетінің  қолына  көшті. 
IX ғасырдың 60- жылдарынан 1045 жылға дейін Арменияның 
шығысында оның жерінің үлкен аумағын қамтыған Ани патшалығы 
өмір сүрді.
Багратилік патшалардың Арменияны біріктіру əрекеті нəтижесіз 
болды. Феодалдық бытыраңқылық Васпуракан (908), Сюнилік (970), 
Кар (963) жəне Ташыр-Дзорагет патшалықтарының құрылуына 
жол ашты. Олар Багратилерге вассалдық тəуелділікте болды. 
Ауыз бірліктің болмауы, өзара қырқысулар 1045 жылы Арменияны 
Византияның, ал 1071 жылы — селжук түріктерінің жаулап алуына 
себеп болды.
Закавказьенің  грузин тайпалары мекендеген батыс бөлігінде 
феодалдық қатынастар III—IV ғасырлардан бастап қалыптасты. Ол 
қатынастар IV ғасырда орнығып болды. Феодалдар азнаур деп атал-
ды. Грузияда ерікті қауым мүшелері де, ерікті қызметкерлер де бол-
ды. Феодалдық қоғамның едəуір категориясы ерікті емес уазнолар 
еді. Жер VI ғасырдың өзінде-ақ сату, сатып алу объектісі болды. IV 
ғасырда Картли патшасы Мириан христиандықты қабылдап, оны өз 
жерінде зорлықпен бекіте бастады. Картли патшалары сасанилердің, 
ал Эгриси (Батыс Грузия) патшалары — Византия император-
ларының вассалдары болды. 
Сасанилік Иранға қарсы күрес V ғасырда Картлиде Вахтанг 
Горгасал («қасқыр бас») патша тұсында күшейді. 484 жылы грузин-
дер мен армяндар Иран билігіне қарсы бірлесіп қимыл жасады. Бірақ 
бұл күрес сəтсіздікпен аяқталды. 523 жылы жаңа көтеріліс бастал-
ды. Бұл көтерілісті де талқандағаннан кейін сасанилер Картлидегі 
патша өкіметін жойды.

58
59
Византия мен Иранның Грузияға ие болу үшін жүргізген 
күресі VII ғасырға дейін созылды. VII ғасырдың бас кезінде 
византиялықтар  иран  əскерлерін  қуып  шығып,  Грузияда  өз 
үстемдігін орнатты. Бірақ VII ғасырдың ортасында Грузияны араб-
тар басып алды. Византиялықтар ықпалы Батыс Грузияда ғана 
сақталды. Грузиядағы арабтар билігі IX ғасырдың екінші жартысы-
на дейін сақталды. Арабтарға қарсы күресте Грузияға албандар мен 
армяндар көмектесіп отырды. Арабтар билігінің құлауына сондай-
ақ халифаттың ішкі əлсіреуі (IX ғасырдың екінші жартысы) де себеп 
болды.
Əзербайжанда III—V ғасырларда негізінен феодалдық қатына-
стар қалыптасты. IV ғасырдың басында Солтүстік Əзербайжан хри-
стиан дінін қабылдады. III ғасырдың ортасына қарай Əзербайжанның 
оңтүстігі Иранның қол астына көшті. V ғасырдың екінші жарты-
сынан бастап Əзербайжанда Иран үстемдігіне қарсы көтерілістер 
жиіледі. Шаруалар салық ауыртпалығынан орман-тоғайларға, тауға 
қашты; феодалдардың иеліктерін талқандады.
V—VIII ғасырларда Əзербайжанда өндіргіш күштер одан əрі да-
мып, жетіле түсті. Ол елдің шаруашылығы мен мəдениетіне елеулі 
өзгерістер əкелді: құнарлы жерлер мен табиғи байлықтар кеңінен 
игеріле бастады, жасанды суармалы жүйелері салынды; металл 
өңдеу жетілдірілді, Апшерон жарты аралында мұнай өндіру бастал-
ды. Ірі қалалар — Шарбан, Шамхор, Гянджа, Барда, Тебриз дамып, 
жетіле түсті. Қолөнершілер мен саудагерлер қалалардың негізгі 
əлеуметтік тобына айналды.
VII ғасырдың ортасында Əзербайжанға арабтар шабуылы ба-
сталды. VIII ғасырдың басында Əзербайжан араб халифатының қол 
астына көшті. Жергілікті халық ислам дінін қабылдамай, христи-
ан дінінде қала берген əзербайжандардың көршілері — грузиндер 
мен армяндар жан басына салынатын жизья салығын төлеп тұрды. 
Оның мөлшері əр отбасынан бір динар болды. Сонымен қатар ис-
лам дінін қабылдаған əзербайжандар сияқты, харадж деп аталған 
жер салығын да төледі. Бұл салықтарды арабтар жергілікті халықты 
сыртқы қауіптен қорғап, елдің ішіндегі тəртіптің сақталуын 
қадағалағаны үшін жинап отырды.
816 жылы Əзербайжанда парсылық Бабек басқарған көтеріліс 
болды. Ол 837 жылға дейін созылды. Бұл көтеріліске қатысушылар 
«қызыл жалаулылар» немесе «қызыл киім кигендер» деп аталды. 
Көтеріліс  хурремиттер  ілімінің жамылғысында өтті. Əлемнің екі 
негізінің (құдай мен жын-перінің, ізгілік пен зұлымдықтың) күресін 

60
61
мойындаған жəне жекеменшік пен əлеуметтік теңсіздікке негізделген 
қоғамдық құрылысты зұлымдық негіздің туындысы деп есептеген 
секталар хурремиттер деп аталған.
Бабек өзін құдай деп жариялап, халифаттағы биліктің шииттер 
қолына көшуін талап етті. Оның бұл талабына халиф əл-Əминнің 
уəзірі Фадл жасырын түрде қолдаушылық білдіріп, көтеріліске итер-
мелеп отырды. Ат-Табари Əзербайжандағы Бабек билігі кезінде 150 
мың мұсылман өлтірілді дейді.
Бабекке қарсы соғысты халиф əл-Мамун 827 жылы бастады. 
Исфахандық бүлікшілер қол жинап, Əзербайжандағы Бабекке 
көмекке аттанды. Оның үстіне Əзербайжан мен Арменияның 
наместниктері де Бабектің көтерілісіне қарсы күреспей, бейқам қала 
берді. Тіпті Əзербайжандағы көтерілістен халифаттың назарын өз 
жағына аудару мақсатымен Византия арабтарға соғыс ашты. 837 
жылы Византия императоры Феофил Евфрат өзенінің бойындағы екі 
қамалды басып алып, Дамаскіге дейін жетті. Бірақ византиялықтар 
Бабекті құтқара алмады.
837 жылдың аяғына жуық арабтың отыз мыңдық əскерінің 
қолбасшысы Афшин жүз мыңдық көтерілісшілерді айлакерлікпен 
жеңіп, Бабекті тұтқынға алды. 838 жылы қаңтарда Бабек Бағдадқа 
жеткізілді. Өлтірілерінің алдында халиф: — Не үшін, ит, бүлік 
шығарып, соншама мұсылманды қырдың?,— деп сұрағанда Бабек 
ырылдаумен ғана жауап беріпті.
Араб халифаты əлсірегеннен кейін IX ғасырдың екінші жартысы 
мен X ғасырдың бірінші жартысында Əзербайжанда бірнеше дер-
бес мемлекеттер құрылды. Олардың ішіндегі қуаттысы астанасы 
Шемаха қаласы болған Ширваншахтар мемлекеті болды.
Закавказьедегі арабтар билігі IX ғасырдың екінші жартысында 
құлатылды. Бірақ 1071 жылы Закавказьені түріктер басып алды.
Орта Азия. Ерте орта ғасырлық Орта Азия туралы мəліметтер 
«Авестада»  тұжырымдалған.  Ол  б.з.д.  бір  мың  жылдықтың  I 
жартысында жазылған. Ирандықтардың зороастриялық діни 
шығармаларының жинағы III—VII ғасырларда толықтырылып, 
қайта өңделген, 21 кітаптан тұрады.
IV—V ғасырларда Орта Азияда тəжік, түркмен, қырғыз, өзбек 
халықтарының арғы ата-бабалары тұрды.
Мемлекеттердің шекараларында қос дуалды берік қамалдар 
тұрды. Олар көгалды алқаптарды көшпелі тайпалардың шабуылы-
нан қорғады. «Авестада» б.з.д. бірінші мың жылдықтың бірінші 
жартысында Орта Азияда «күн елі» деп аталған Хорезм, қасиетті 
Согдиана, таулары желкілдеген Бактрия мемлекеттері болғандығы 
айтылады. Жаңа дəуірдің басында да, яғни ерте орта ғасырларда осы 
мемлекеттер өмір сүріп жатты.
Бактрия мемлекеті Амударияның жоғарғы жəне орта
ағысының алқабын, қазіргі Түркменстан, Солтүстік Ауғанстан,
Өзбекстан мен Тəжікстанның оңтүстік аумағын алып жатты.
Солтүстігінде Согдымен, оңтүстігінде Арахосиямен, батысында 
Маргианамен шектесті. I—III ғасырларда Кушан патшалағы кезінде 
өз дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген. Біздің заманымыз-
дың IV ғасырының ортасында, Канишка  патшаның билігі кезінде 
құлдырай бастады.
V—VI ғасырларда Бактрияда эфталиттер (Эфталиттер — ақ 
ғұндар. V—VI ғасырларда Орта Азияда, Ауғанстанда, Солтүстік — 
Батыс Индия мен Шығыс Түркістанның біраз бөлігінде мемлекет 
құрған. Эфталиттер бірлестігі индиялық, сасандық, түріктік елдер-
дің соққысынан: Индияда — 530 ж., Орта Азия мен Ауғанстанда — 
560 ж. құлады.) үстемдік құрды. VIII ғасырдың бірінші жартысында 
Тохаристанды (Бактрияның кейінгі аты) арабтар жаулап алды. Кейін 
Тахирилер, Саффарилер, Саманилар мен Гурилер билігінде болды.
Согды (Согдиана) мемлекеті Зеравшан мен Кашкадарья өзен-
дерінің аралығын алып жатты. Астанасы Самарқанд қаласы бол-
ды. Біраз уақыт Кушан патшалығының құрамына кірді. V—VIII 
ғасырларда қалалар қатары тез өсті. Екі-үш қабатты үйлер ою-
өрнектермен əшекейленді. Қолөнері жете дамыды.
Хорезм мемлекеті Амударияның төменгі ағысындағы алқапты 
алып жатты. Б.з.б. IV—III ғасырларда экономикалық жəне мəдени 
дамуы өте жоғары дəрежеде болған. Жаңа Базар қала, Жанбас 
қала, Қой қырылған қалалар салынды. Бируни 305 жылы таққа 
Афригтың  отырғанын,  ол  жаңа  əулеттің  негізін  қалағанын,  Қият 
қаласында (қазіргі Бируни қаласының маңы) цитадель — резиден-
ция тұрғызғанын хабарлайды.
IV—V ғасырларда Хорезмде феодалдық қатынастар қалыптаса 
бастайды. Хорезмнің экономикасының, мəдениетінің дамуына 
көрші көшпелі халық көп ықпал етті.
712 жылы Хорезмді арабтар жаулап алды. Арабтар əскерінің 
қолбасшысы Кутейба өкімет билігін жергілікті афригид əулетінің 
өкіліне берді. Сөйтіп X ғасырға дейін өкімет басшылары 
хорезмдіктерден тағайындалып отырды. Солтүстік Хорезмдегі 
астана Өргеніштің маңызы зор болды. Оның басшысы Мамун ибн-
Мұхаммед 995 жылы Хорезмді біріктірді.

62
63
Орта Азия халықтары қолдан суарылатын егіншілікпен айналы-
сты, каналдар қазылды. Суландыру жүйесін жасау өте көп адамның 
бірлескен еңбегін талап етті. Дəнді дақылдан арпа, бидай, тары 
егілді; мақта өсірілді. Бау-бақша шаруашылығы кең қанат жайды. 
Бау-бақшаларда шабдалы, өрік, бадам, жүзім, алма, алмұрт өсті. 
Сонымен қатар, бұл мемлекеттерде мал шаруашылығы да дамыды. 
Орта Азия елдерінде жібек өсіру де белгілі болды.
Орта Азияда феодалдық қатынастардың дамуы шамамен VII 
ғасырға, көшпелілердің қысымы біршама əлсіреген кезге жатады. 
Диқандар өздерінің суармалы жерлерін ұсақ учаскелерге бөліп, жері 
аз шаруаларға берді. Оларға қарызға тұқым беріп тұрды. Сол үшін 
шаруалар жинаған өнімнің төрттен үшін өз пайдасына алып отырды.
Жер иемденуші диқандардың əскери отрядтары болды. Шонжар 
сословиесінің белгісі — алтын қынабы бар қанжар тағылған алтын 
белбеу болды.
IV—VII ғасырларда Орта Азияда саяси бытыраңқылық орын 
алды. Каспий теңізі мен Сырдария аралығында отызға жуық тəуел-
сіз  князьдықтар  тұрды.  Əр  аймақтың  орталығы  қала  болды.  Қала 
шахаристанға (ішкі қала, бекініс) жəне рабадқа (шеткі қала) бөлінді. 
Орта Азия шеберлері қытайлықтарға əйнек жасау өнерін үйретті.
VI ғасырдың 80- жылдарында Согдада шаруалардың Абруй 
(қазіргі  Бұқара  облысы)  бастаған  көтерілісі  болды.  Наршахидің 
(899—959 жылдары Бұқара маңында өмір сүрген Орта Азиялық 
тарихшы) мəліметі бойынша Абруй Пайкендті басып алып, мұнда 
қатігез билік орнатты. Жеңілген пайкендтік басшылар Жетісуға 
қашып барып, түріктер басшысы Қара Чуриннен көмек сұрады. 
Түркі əскерлерінің көмегімен көтеріліс 586 (585) жылдары басылған. 
Абруй азапталып өлтірілді (оны қызыл басты аралар толтырып 
салынған қапқа отырғызған).
651—712 жылдар аралығында Орта Азияны толығымен Арабтар 
басып алды. Олардың билігіне қарсы 728 жылы Согдада ірі көтеріліс 
басталып, он жылға дейін басылмады.
Деректерде «ақ киімді адамдардың» қозғалысы деп аталатын 
үлкен қозғалыс Мавераннахрда (Амудария мен Сырдария ара-
сы) 776—783 жылдары болды. Оны Муканна (бетін бүркенішпен 
бүркеген) деп аталып кеткен Хашим ибн-Хаким басқарды. Бұл 
көтеріліс Бабек көтерілісі сияқты, хурремиттер ұранымен өтті. «Ақ 
киімді адамдар» қозғалысының дəстүрі Тəжікстанда XII ғасырға 
дейін сақталды.
Орта Азияда араб халифатының құлдырауы нəтижесінде Сама-
нилердің тəжік феодалдық əулеті (819—999 жылдары) нығайды. 
Орталығы — Бұхара қаласы болды.
Саманилер атын Балхтағы (Солтүстік Ауғанстан) Саман селосы-
нан шыққан феодал Саман-худаттан алған. 806—810 жылдардағы 
Рафи ибн Ляйс басқарған арабтарға қарсы көтерілісті басудағы көме-
гі мен ерлігі үшін Саманның балалары мен немерелері Мауераннахр-
дың ең жақсы жерлерін басқаруға алды. 893 жылы Саманилер əскері 
Таразды басып алды. «990 жылы Хасен Боғыра хан бастаған қарахан 
əскерлері Исфиджапты, 992 жылы саманилердың астанасы Бұхараны 
алды. 1005 ж. Мауераннахр біржолата қарахандардың қолына көшті. 
Бұрынғы саманилер патшалығына қарасты ел мен жерді қарахандар 
мен ғазнауилер бөлісіп алды. Олардың арасындағы бөлістің шекара-
сы Амудария болды».
Орта Азияда тұрып жатқан қырғыздардың ата-бабалары IV—V 
ғасырларға қарай құл иеленушіліктен феодалдық қоғамға аяқ ба-
сты. V ғасырда қазіргі Қырғызстанның солтүстігінде көшпенділер 
де отырықшылыққа көше бастады. VI—VII ғасырларда Қырғызстан 
аумағы Батыс Түрік қағанатының орталығы болды. Оның астанасы 
Суяб Шу алқабында (Тоқмақ қаласының маңы) орналасты.
VI — VIII ғасырларда көшпелі түрік тайпалары орхон-енисей жа-
зуын қолданды. Халық шаман, зороастра, будда, христиан діндерін 
ұстанды. VIII ғасырдың басында қазіргі Қырғызстан аумағындағы 
саяси билік түркештердің қолына көшті. VIII ғасырдың ортасында 
Тянь-Шаньға Алтайдан қарлұқ тайпалары қоныс аударды. Олардың 
билігі X ғасырдың ортасына дейін сақталды.
Тянь-Шаньдағы қырғыз тайпалары туралы алғашқы деректер 
X ғасырға жатады. X ғасырдың ортасынан XII ғасырдың ортасы-
на дейін Қырғызстан Қарахандар мемлекетінің орталық үлесі бол-
ды. Шу алқабында мемлекеттің астанасы Баласағүн қаласы (қазіргі 
Боран елді мекені) орналасты. XI ғасырдың ортасынан Қырғызстанда 
шартты жер иелігі — ихта өмірге келді.
Мəдениеті.  Ерте орта ғасырларда Орта Азия мен Закавказье 
халықтарының жоғарғы дəрежедегі мəдениеті қалыптасты. IV—V 
ғасырларда олардың əрқайсысының дербес жазулары қалыптасты, 
өз оқымысты жазушылары шықты. 396 жылы (405 жыл деп те ай-
тылады) Месроп Маштоц армян алфавитін жасады. VII ғасырда 
Анания Ширакаци «Сұрақтар мен жауаптар» деген есеп кітабын 
жазды. Ғұмырнамалық, тарихи, діни əдебиет өркендеді. IX ғасыр-
да жазылған Г. Нарекацидің «Қайғылы жырлар кітабы» деген 
лирикалық-философиялық поэмасының арқауына армян қайта 
өрлеу идеясы алынды.
Армян халқының шет елдіктер үстемдігіне қарсы ерлік күресін 
жырлайтын көрнекті əдеби ескерткіштің бірі «Давид Сасунский» 

64
65
дастаны. Ол 851 жылғы армяндардың арабтарға қарсы көтерілісін 
баяндайды. Дастан шамамен 939 жылы жазылған. Армян ақыны 
Мовес Хоренаци (шамамен 410—483) «Армян тарихы» деген еңбек 
жазган. Онда армяндардың арғы атасы Айктен бастап, Аршакилердің 
құлдырауына дейінгі тарихты қамтыған.
Əзербайжандағы алғашқы мектептер туралы мəліметтер V- 
ғасырға жатады. VII ғасырда мешіттерде мектептер ашыла бастады. 
Əзербайжанның батырлық дастандарының ішіндегі ең көрнектісі 
— «Көроғылы». Бұл дастан Таяу Шығыс, Орта Азия елдерінде кең 
тараған.
Ерте орта ғасырлардағы грузин мəдениеті шығыс халықтары 
мен грек-рим мəдениеттерімен араласу нəтижесінде қалыптасты. 
Грузияда IV ғасырдың бірінші жартысында жоғарғы шешендік 
мектебі — Колхида академиясы құрылды. V ғасырда шіркеулер 
жанынан алғашқы мектептер ашыла бастады. Х—ХІ ғасырларда 
алғашқы жоғары оқу орындары — Галат, Икалтой академиялары 
дүниеге келді. V—XI ғасырларда шіркеулік діни əдебиет дамыды. 
Орта Азияда хорезм, согды, руни алфавиттері болды. VII ғасырдың 
аяғына  қарай  араб  алфавиті  үстемдік  құра  бастады.  Жергілікті 
ақын-жазушылардың, тарихшылардың, т.б. оқымыстылардың шы-
ғармалары араб тілінде жазылды. Əбу-бакр Наршахи (899—959) 
«Бұхараның  тарихын»  жазды.  Оны  1128  жылы  əл-Кубави  тəжік 
тіліне аударды.
Орта Азиядағы саманилер билігі кезінде тəжік-парсы классика-
лық поэзиясының негізін қалаушы Рудаки Абу Абдаллах Жапар 
(860—941) өзінің əлемге əйгілі касыдалары мен рубайларын жазды. 
Ұлы тəжік-парсы ақындарының бірі Фирдоуси Əбілқасым /932 (935, 
940) — 1020 (1030)/ Дакики деген ақын бастап жазған «Шахнамэ» 
поэмасын аяғына жеткізді. Ол поэма тəжік, парсы халықтарының 
ұлттық дастаны, əлемдік маңызы бар əдеби ескерткіш. X ғасырда 
аты-жөні көрсетілмеген тəжік географы «Худуд аль-əлем» («Əлемнің 
шекаралары») деген еңбек жазып қалдырған. IX ғасырда матема-
тика мен астрономия саласындағы еңбектерімен түркі халқының 
көрнекті ғұламасы Ахмед əл-Фергани белгілі болды. Математик 
Мұхаммед ибн Мұса əл-Хорезми /IX/ логарифмдерді жасады.
Əбу Насыр əл-Фараби /X ғасыр/ Шығыстың ең ірі философтары-
ның бірі болды. Данышпан ойшыл, əрі ғалым Əли ибн-Синаның /
Авиценнаның/  (988—1037)  қызметінің  зор  маңызы  болды.  Ол  ме-
дицина, филисофия, физика жəне т.б. ғылымдар саласында жүзге 
жуық кітаптар жазды. Əсіресе оның «Емдеу ғылымының каноны» 
жəне «Емдеп жазу кітабы» деген еңбектері айрықша белгілі. Ол 
«шейх-ур-райс», яғни «Медицина падишасы» деген зор құрметке ие 
болған. Хорезмнен шыққан ұлы ғалым Əбу-Райхан əл-Бируни (973-
1048) жаратылыстанумен, астрономиямен, математикамен, геогра-
фиямен, тарихпен шұғылданды.
Ə д е б и е т т е р:
1. Ирмияева Т. Ю. История мусульманского мира.— Пермь, 2000. 
188 б.
2. Қазақтың көне тарихы.— Алматы, 1993.— 144—145 бб.
3. СССР тарихы. I том.— Алматы, 1970.— 83—89 беттер.
4. Всемирная история. Т III.— М., 1957.— 126—139 бб.
5. Гафуров Б. Г. Таджики. Древнейшая, древняя и средневековая 
история.—  Душанбе, Ирфон, 1989.
6. История Востока. Т. 2: Восток в средние века.— М.; Восточная 
литература РАН, 1995.— 34—41; 60—66 бб.
7. Васильев Л. С. История Востока: В II-х т. Т. I.— М.: Высшая 
школа, 1998.— 259 б.
8. История Узбекской ССР. В 4-х т. Т. I.— Ташкент, 1967.— 165—
174 бб.
9. Очерки истории Грузии. В 8 т. Т. II.— Тбилиси, 1988.



Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет