С. Мәжитов Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Пікір жазған К. Л. Есмағамбетов


§ 14. АЗИя МЕН АФрИКАДАҒЫ АрАБ ЕЛДЕрі



жүктеу 6.48 Mb.
Pdf просмотр
бет6/14
Дата22.12.2016
өлшемі6.48 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
§ 14. АЗИя МЕН АФрИКАДАҒЫ АрАБ ЕЛДЕрі
Батыс мемлекеттерінің саясаты және Азиядағы 
араб елдерін бөлшектеу. Араб халықтары Еуропа мем-
лекеттерінің отарлауына қарсы күресумен болды. Сондай-
ақ олар түрік үстемдігінен де құтылуға тырысты. Батыс 
елдері түріктер мен арабтардың арасына от жағып, екі 
халықты өшіктіруге күш салды. 1915 жылы Англия Хид-
жаздың бұрынғы билеушісі және қасиетті Мекке мен 
Мединені басқарған Хусейн шерифпен астыртын келісімге 
келіп, Түркияға қарсы бірлесіп соғыс бастады.
Хусейнге ол көмегі үшін келешекте Біріккен Араб 
мемлекетінің билігін беруге уәде етті. Iс жүзінде Англия 

81
мен Франция 1916 жылғы мамыр айындағы Сайкс-Пико 
келісімі бойынша араб жерін өзара бөлісуді көздеді. 
Ресей бұл келісімді қолдай отырып, өзіне Стамбұл мен 
бұғаздарды және Қара теңіздің оңтүстік аймағын қаратып 
алуды ойластырды.
1920 жылғы сәуірде Сан-Ремо келісіміне сәйкес, Фран-
ция Сирия мен Ливанға, Англия Палестина мен Иракқа өз 
протектораттығын (қамқоршылық) ор натты.
Ұлт­азаттық күрестің өршуі. Батыс мемлекеттерінің 
отарлық саясаты барлық араб елдерінде ашу-ыза тудырды. 
Алданған арабтар наразылық білдіре бастады. 1919 жылы 
Сирия, Ливан, Палестина өкілдерінің қатысуымен 
бір мемлекет құру жоспары дайындалды. Бірақ оған 
Франция жол бермеді. Сирия біртұтас бөлек мемлекет 
болуды жақтап, халық бұқарасы 1919 жылы Латакия 
ауданында көтеріліске шықты. Көтеріліс қыза түскен 
кезде ағылшындар астыртын қолдау көрсетіп отырған 
Фейсал өзін Сирия  мәлігімін деп жариялады. Бірақ Фран-
ция әскерлері Дамаск қаласын алып, Фейсалды елден 
ығыстырды (1920 ж.). Ел ішіндегі толқулар мен қарулы 
шайқастар тоқтамай, жалғаса түсті. Сол кезде елде бірнеше 
саяси партиялар құрылды: “Араб тәуелсіздігі”, “Араб 
бірлігі”, “Халықтық партия”, “Коммунистік пар тиясы”.
1925 жылы Сирия мен Ливанда халық көтерілістері 
үздіксіз болып тұрды. Ол кезде Франция қарулы күшін 
Мароккодағы ұлт-азаттық көтерілісті басуға жұмсаған. 
Келесі жылы негізгі әскери бөлімшелерін Сирияға ат-
тандырып, осы аймақты тұншықтыруға кірісті. Англия-
ның қарамағындағы жерде тыныштық орнай қоймады. 
Египеттегі толқулар мен көтерілістер Палестина мен 
Иракта қолдау тауып, 1919—1922 жылдары жағдай қат-
ты шиеленісті. Англия өкіметі оларды күшпен басып 
отырды. Сонымен бірге олар араб көсемдері және саяси 
қайраткерлерімен ауыз жаласу әдісін де пайдаланды. 
Соның нәтижесінде 1923 жылы мамырда Иордан өзенінің 
шығысындағы  өңір де Трансиордания  әмірлігін  құру 
туралы шешімді бекітіп, оның басына Хусейннің  ұлы  Аб-
долланы қойды. 
Палестинаның қалған бөлігіне ағылшындар тікелей 
билік жүргізді.

82
Ирак соғыс кезінде ағылшындар жағына өтті. Ел 
тұрғындары 1918 жылы көтеріліске шығып, тәуелсіздікті 
талап етті. “Ислам өркендеу қоғамы”, “Тәуелсіздік қал-
қаны” атты ұйымдар пайда болды.
Протекторат шешімі шыққанда бүкіл Ирак қозғалып, 
жаз айларында көтеріліске қатыспаған аудан қалмады. 
Ағылшындар 150 мың әскер төгіп, 1920 жылдың күзінде 
көптеген қала, кенттерді басып, Ирак өкілдерімен ке-
ліссөз бастап, мандатты  мойындаған мәліктік құруға  
уағдаласты. Оның тағына Фейсал әмірді отырғызды. 
Сөйтіп, Хусейн балалары Трансиордания мен Ирак тағын 
иеленді.
Арабия түбегіндегі саяси жағдай өте күрделі дамыды. 
Оның жағалауындағы әмірліктер — Аден, Хадрамаут, 
Мас кат, Оман, Катар, Бахрейн, Кувейт ағылшындарға 
тәуелді болды. Қалған бөлікте 5 мемлекет — Хиджаз, 
Неджд, Джебел-Шаммар, Асир, Йемен орналасты. Йемен 
мен Неджд өзара қырқысумен болды. Йеменнің басында 
Яхья имам тұрды. Неджд  билеушісі Абд әл-Азиз ибн Сауд  
1920 жылдары Хусейнді жеңіп, Хиджаз, Мекке, Мединені 
өзіне қаратты. 1927 жылы ол мәлік атанып, Сауд Ара-
биясын басқарды.
Азиядағы араб елдерінің 1920 жылдардың соңы — 
1930 жылдардың басындағы дамуы. Франция билігіндегі 
Ливан мен Сирияда жағдай біраз тұрақтанғандай болып, 
өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы дами түсті.
1930 жылы жаңа конституция дайындалып, мандат 
тәртібі сақталған Сирия Республикасы өмірге келді.  
Трансиорданиямен шарт жасасып (1928 ж.), Англия 
оның әскери күштерін, сыртқы саясатын, қаржы жүйесін 
бақылап отырды.
Палестина арабтарының наразылығы осы кезде қатты 
өршіп, тоқтаусыз ереуілдер ағылшындардың мазасын 
алды.
Ирак халқы мандат жүйесін жоюға талаптанған күресін 
жалғастыра берді. 1927 жылғы желтоқсанның 14-і Ирак 
пен Англия бес жылдан соң мандаттық тәртіптен бас тарту 
туралы келісімге келді. 1930 жылы үкімет басына Н. Саид  
отырды. Ол Англиямен 25 жылдық күші бар жаңа шарт 
жасасып, Ирак елі өз тәуелсіздігін жариялады. Шарт бап-

83
тары Англияға Ирак жолдары мен байланыс құралдарын 
еркін пайдалануға құқық берді.
Кейбір ұлтшыл топтар Германиямен жақындасу жолда-
рын іздестірді. Сондықтан Англия Иракты өз ықпалынан 
шығармауға барлық күш-қуатын аямай жұмсады.
Сауд  Арабиясы  мен  Йеменде  монархиялық  тәртіп  
нығая түсті.
Африкадағы араб елдерінде ұлт­азаттық күрестің 
өрістеуі. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде-ақ араб 
халықтарының отаршылдарға қарсы қозғалыстары бас-
талды. Соның бірі Египетте, екіншісі Мароккода өтті.
Марокконың таулы аудандары Батыс елдеріне ба-
ғынбай жүрген. Соғыс бітісімен испан үкіметі 60 мың 
әскер жинап, оларды өзіне қаратпақ болды. Риф таула-
рын мекендеген тайпалар испандарға қарсы көтерілді. 
Мұхаммед ибн Абд әл-Керим бастаған жасақ 1921 жылы 
испандықтардың 20 мың әскерін ойсырата жеңді. Бұдан 
кейін Риф  Республикасы құрылып, Абд әл-Керим оның 
президенті болды.
Бұған дейін Франция  Испаниямен  бақталас  болып
арабтарға қару-жарақ сатып келсе, 1924 жылы бұл екі ел 
бірігіп, 300 мың әскер күшімен Мароккодағы  ұлт-азат-
тық  қозғалысты  тұншықтырды.
Алжир мен Тунис зиялылары тәуелсіздік мәселесін 
көтеріп, Париж конференциясына тілектерін жеткізген 
болатын. Франция оған көнбеді. Кейін біраз жеңілдіктер 
енгізуге келісіп, ауқатты тұрғындарды жергілікті сайлауға 
қатыстыруға және барлық дауыс берушілердің 13%-ын 
қамтуға құқық берді.
1925 жылы Франциядағы алжирліктер арасында Ах-
мед Мессали қажының басқаруымен “Солтүстік Африка 
жұлдызы” одағы құрылды.
Тунисте Социалистік федерация құрылды және “Дұс- 
түр партиясы” (араб. дұстүр — конституция) өмірге келді. 
Олар астыртын қызмет атқарды.
Ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі оқиғалары Египетте 
жүріп жатты. Буржуазиялық қайраткерлер Париж кон-
ференциясына үміт артып, Египетке толық тәуелсіздік 
береді деп сенген еді. Бірақ ағылшындар уәдесін орындау-
ды ұмытты. Буржуазиялық топтар  әл-Уафд әл-Мысри 

84
(Египет өкілдігі) партиясын құрып, қозғалысты басқарды,  
оның жетекшісі Саад  З а ғ л ұ л  (1860—1927 жж.) болған.
1918 жылғы 8 наурызда Зағлұл бір топ серіктерімен 
тұтқындалып, Мальта аралына айдалғанда, Египетте жап-
пай ереуілдер басталған.
Англия Уафд жетекшілерімен келісімге келіп, қарулы 
көтерілісті тоқтату туралы үндеу жариялауға мәжбүр бол-
ды. Зағлұл және басқалары елге қайтарылды. 
Халық қаһарынан сескенген Англия 1922 жылы ақпан­
да Египеттің тәуелсіздігін мойындап,  протектораттық тан 
бас тартты. Сұлтан Фуад мәлік атағын иеленді. 1923 жылы 
жаңа конституция бекітіліп, Египет конституциялық 
монархияға айналды.
Бірінші сайлауда Уафд партиясы жеңіске жетіп, Зағлұл 
үкімет басына келді. Ол елден ағылшын армиясын кетіру 
және Суданмен бірігу туралы келіссөздер жүргізе бастады.
Зағлұл үкіметі басқыншылармен келісе алмай, билік-
тен кетті. Египет парламенті таратылып, Суданнан Египет 
армиясы шығарылды.
Ел жартылай тәуелді жағдайда қала берді.
Судан ағылшындардың мақта өсіретін, шикізат өнім-
дерін беретін отарына айналды.
Африкадағы араб елдерінің 20­жылдардың соңы мен 
30­жылдардағы дамуы. Дүниежүзілік экономикалық 
дағдарыс жылдарында араб елдері қатты күйзеліске 
ұшырады. Ауылшаруашылық өнімдері өтпей, өндіріс 
күрт қысқарды. Алжир астығының бағасы 30—60%-ға 
төмендеді.  Мароккода темір кені мен фосфорит шығару 
2—5 есе азайды. Тунисте ауылшаруашылық өнімдері ар-
зандады. Темір кенін өндіру 4 есеге жуық кеміді. Египет 
пен Судан мақтасы тау-тау болып шіріп жатты.
Батыс елдері наразылыққа жол бермеу шараларын 
қарастырды. Мароккода 1930 жылы мамырда Франция 
“Бербер заңын” жариялап, бербер тайпаларының сот 
билігін тікелей француз әскери мекемелеріне жүктеді. 
1934 жылы Марокко  ұлттық комитеті құрылды. Бұл 
елдегі бірінші саяси партия еді. Ол тәуелділікті шектеу 
және парламент пен біртұтас үкімет құруды көздеді. Отар-
лаушылар оның қызметіне тыйым салды.
Алжирде азаттық қозғалысы едәуір жанданып
1930 жылдардың басында Реформашылар одағы пайда 
болды, Солтүстік Африка жұлдызы қайта құрылды.

85
тунис 1933 жылға дейін созылған шаруашылық 
дағдарысына ұшырап, жұмыссыздық, қуаңшылық сал-
дарынан ашаршылық жайлап, елде адам шығыны орын 
алды. Дұстүр партиясы арасында жікшілдік ұлғайып, 
1934 жылы “Жаңа дұстүр” тобы құрылды. Оның жетек-
ші сі  адвокат  Хабиб  Бургиба халық бұқарасына сүйеніп 
ұлт-азаттық күресті дамыту бағдарламасын ұсынды.
Ливияны толық бағындыру саясатын орындау үшін 
Италия үкіметі 1930 жылдардың ортасында барлық күшін 
пайдаланды. Жағалаудағы ең құнарлы жердің 230 мың 
га-на еуропалықтар қоныстандырылды. Жерсіз қалған 
феллахтар қалаларға шұбырды.
Англия Египетте қоныстанған Мұхаммед  Ыдырыс  
Сенуссимен тіл табысуға тырысты. Ол Ыдырысқа қараған 
14 мыңдық Ливия легионын жабдықтап, кейін Италия мен 
Германияға қарсы пайдаланды.
Египетте 1929 жылы Уафд үкіметі қызметтен кетіп, 
Халық партиясының жетекшісі Исмаил Сидки билікке 
шақырылды. 1934 жылы азық-түлік бағасы өсуіне байла-
нысты қалаларда жаппай ереуілдер басталды. Сарай тобы 
мен ағылшындар бұрынғы конституцияны қайтадан  күші-
не енгізуге мәжбүр болды.
1936 жылғы сайлауда Уафд жеңіске жетіп, үкімет ба-
сына Наххас паша келді. Ол Англиямен 20 жылдық шарт 
жасасып, басқыншылық тәртіпті жойғызды, бірақ ірі 
қалаларда ағылшын қарулы күштері орналасу құқығына 
ие болды. 1940—1942 жылдары Италия—Германия жағы 
бірнеше рет шабуыл ұйымдастырып, Египетті басып алмақ 
болды, бірақ әл-Аламейн маңындағы шайқаста Роммель 
бастаған герман әскерлері талқандалып, сәтсіздікке ұшы-
рады. Марокко, Алжир жеріне АҚШ әскерлері келіп, 
Италияға қарсы шабуыл ұйымдастырды. Мағриб арабтары 
фашистерге қарсы ұрыстарға қатысып, жеңіске жетті. 
Египет Германияға қарсы соғыс жариялауға 1945 жыл-
ғы ақпанда ғана келісті. Сөйтіп, БҰҰ құруға қатысты. 
1945 жылы мамыр айында француз отаршылары алжир 
халқының ұлт-азаттық қозғалысын әскери күштерді пай-
даланып басып тастады. Соғыс аяқталар кезде араб елдері 
бірігу мәселесін қайта көтеріп, Араб  елдерінің  Лигасын  
құрды.

86
Африкадағы Бірінші дүниежүзілік соғыстың салдары 
мен жалпы жағдайы. Африка Батыс Еуропа елдерінің кон-
гломератына айналды. Батыс және тропиктік аймақтарда, 
Мадагаскар мен Үнді мұхитындағы аралдарда Франция 
қожалық етті. Оның иелігінде Солтүстік Африканың 
арабтар жайлаған Марокко, Алжир, Тунис елдері бол-
ды. Ұлыбритания шығыс, оңтүстік, батыс аймақтардағы 
елдерді бағындырды.
Шығысында, батысында, оңтүстік-батысында Герма-
ния табан тіреп тұрды. Оның үстемдігі Танганьика, Уган-
да, Руанда, Бурунди, Того, Камерун, Намибия елдерінде 
орнады. Португалия Мозамбик, Ангола, Гвинея-Бисау, 
Жасыл мүйіс аралдарын иемденді. Бельгия отаршылдары 
Конгоны басып алса, Италия қазіргі Сомали, Эритреяны 
қолында ұстады. Испания да құр қалмай, Батыс Сахара  
мен Марокконың бір бөлігін иеленген еді. Оңтүстік ау-
дандарда Англияға бағынышты Оңтүстік Африка Одағы 
құрылды.
Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілген Германия ның 
отарлары Англияға, Францияға, Бельгияға өтіп кетті, 
ал германдық Оңтүстік-Батыс Африка (қазіргі Намибия) 
Оңтүстік Африка Одағына тәуелді  болды. Сөйтіп, бірне-
ше  Еуропа  мемлекеті  бүкіл  құрлықты  бөлісіп,  халқын 
қанады. Күшпен, зорлықпен орнатылған империалистік 
отаршылдық тәртіп зардабына қарсы Африка халықтары 
дүркін-дүркін көтеріліске шығып отырды.
Батыс елдері отарларында әртүрлі билік жүйесін енгіз-
ді. Француздар өздерінің тікелей әкімшілік биліктерін 
орнатса, ағылшындар жергілікті көсемдерді жақын тар-
тып, соларға сүйену әдісін жиі пайдаланды. Бұл тәртіп 
негізінде заң шығарушы кеңестер құрылып, оған ауқатты 
отбасылар қатысты.
Әлеуметтік­экономикалық дамуы. 1920—1930 жылда-
ры Африка елдерінде шетелдіктер үстемдігі нығая түсті. 
Аймақтағы барлық елдердің экономикасы біржақты бо-
лып, дәнді дақылдардың бір ғана түрін өсіруге бағытталды. 
Алтын жағалауда (қазіргі Гана) какао өндіріліп, Сенегал 
мен Гамбия — жержаңғақ, экваторлық Африка елдері 
мақта шығарды. Ал тау-кен өнеркәсібі үшін бұл елдер тек 
шикізат Сьерра-Леоне — темір кенін, Конго — темір кені, 
мыс және т. б. шығарумен айналысты.

87
Отар елдегі жұмысшылар жалақысы өте төмен бол-
ғандықтан, өндірілген тауарлардың да құны арзан еді. Ал 
оны сатушылар пайданы көп табатын. Африкалық ша-
руалар, тіпті құлдар қатарында еуропалықтардың план-
тацияларында еңбектенетін.
Жерсіз шаруалар, салық төлей алмайтындардың 
көбі басыбайлы ретінде плантациялық жұмысшылар 
қатарында болды. Тұрмыстың нашарлығынан, қара 
жұмыстың ауыртпалығынан адам шығыны шектен асты. 
Сонымен бірге кедейленген шаруалар тау-кен қазба жұ-
мыстарына қарай шұбыратын. Шахталар мен ке ніш 
жұмысшыларының өмірі адам айтқысыз қиын еді.
Саяси жағдай және ұлт­азаттық қозғалыс. Көптеген 
елдерде империалистер мен отаршылдарға қарсы қозғалыс 
қалыптасты. Олардың басында бұрын феодалдық көсемдер 
тұрса, жаңа кезеңде саяси партиялар мен қоғамдық 
ұйымдар құрылып, азаттықты қолдаушылар қатарына 
жұмысшылар мен буржуазиялық топтар қосылды. Бұл 
шамалы болса да экономикалық-әлеуметтік жағдайы алда 
келе жатқан елдерде байқалды (Нигерия, Алтын жағалау, 
Сьерра-Леоне, Кения, Оңтүстік Африка Одағы).
30-жылдардың басында Конгода, Ганада, Нигерияда, 
Анголада, Оңтүстік Родезияда, Танганьикада, Маврита-
нияда наразылық басталды. Қалалар мен селолық аудан-
дарда, кеніштер мен шахталарда ірі ереуілдер, толқулар, 
көтерілістер болып, отаршылдар оларды аяусыз басып 
отырды.
30-жылдардың ортасында Италияның фашистік  үкіме-
ті Эфиопияны жаулауға кірісті. Жергілікті халық оған 
қарсы қаһармандықпен күресті, бірақ қаруы мықты Ита-
лия әскерлері елдің көп жерін басып алды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бірнеше мил-
лион африкалық Еуропа елдерінің армиясы қатарына 
шақырылып, қара жұмысқа салынды. Африка тау-кен 
байлығын пайдаланған еуропалықтар құрлықта өндіріс 
орындарын салды, кеніштер ашты. Бұл істерден АҚШ та 
тыс қалмады.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1.  Ұлыбританияның, Францияның, Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғыс 
кезін дегі араб әлеміндегі саяси мақсаттарын түсіндіріңдер және ман­
дат жүйе сінің мәнін ашыңдар.

88
2.  1920 жылдардағы араб ұлт­азаттық қозғалысы туралы әңгімелеп бе­
ріңдер. Қандай араб елдері өзінің тәуелсіздігін жариялай алды?
3. Африкадағы араб елдерін картадан көрсетіңдер. Араб елдеріндегі 
ұлт­азаттық күреске сипаттама беріңдер. 
4.  Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Африкадағы араб елде рінде 
қандай соғыс қимылдары орын алды?
5.  Саяси картаны пайдаланып, Еуропа елдерінің Африкадағы отаршыл­
дық жүйелерін еске түсіріңдер. Африкадағы өзгерістер неге байла­
нысты болды?
§ 15. ЕКіНШі  ДҮНИЕЖҮЗіЛіК  СОҒЫС
Германияның польшаға шабуылы. 1939 жылдың 
1 қыркүйегінде фашистік Германия әскері Польшаға баса-
көктеп кірді. Польшаға шабуыл жоспары 1939 жылдың 
11 сәуірінде дайындалған болатын.
Немістің 57 дивизиясына қарсы 33 поляк дивизиясы 
ерлікпен шайқасты. Жылжымалы топ бөлімшелеріне 
сүйенген Гитлер әскері майданды бірнеше жерден бұзып, 
Польша әскерін бөлшектеп, екі апта ішінде талқандады.
КСрО саясаты. Кеңес Одағы 1939 жылғы 29  тамыздағы  
КСРО-Германия келісімінің құпия бағыты бойынша 
1939 жылдың 17 қыркүйегінде кеңес әскерін Польшаға 
енгізіп, Польша құрамындағы Батыс Украина мен Батыс 
Белоруссия жерін өзіне қосып алды.
Кеңес Одағы Фин үкіметінен шекарасын Ленинградтан 
шегіндіруді өтінді. Финляндия бұл талапты орындау-
дан бас тартты. 1939 жылы 30 қарашада кеңес әскері 
Финляндияға қарсы соғыс әрекетін бастады. Ұлттар Лига-
сы КСРО әрекетін басқыншылық деп бағалап, оны өзінің 
құрамынан шығарып тастады.
Кеңес-Фин соғысы 1940 жылы 12 наурызда бітім-
шартына қол қоюмен аяқталып, Финляндия шекарасы 
Ленинград қаласынан едәуір алыстатылды, ол елдің 1/4 
аумағы КСРО-ға өтті.
“Оғаш соғыс”. Батыста француздар мен ағылшындар-
дың 115 дивизиясы қимылсыз қарап тұрды. Франция мен 
Англияның басқарушы топтары қорғаныс тәсілін пайдалы 
деп есептеді. Ағылшын-француз флотының теңіздегі билігі 
және күшті бекітілген Мажино бекінісі немістердің ша-
буылына тойтарыс береді деп пайымдады.

89
1940 жылдың көктемінде неміс әскерлері Батыс 
майданда шабуылға шықты. 9 сәуірде Дания мен Нор-
вегияны басып алды. 10 мамырда Германия Францияға 
шабуылын бастап, Бельгия мен Голландияға басып 
кірді. 14 мамырда Голландия, 28 мамырда Бельгия тізе 
бүкті. Францияның солтүстік жағалауындағы Дюнкерк 
маңайындағы ағылшын-француз әскерлерінің 400 мыңдай 
тобы қоршауға алынып, қиратылды.
1940 жылы 10 маусымда Франция басшылары Париж- 
ден Бордо қаласына көшті. Дәл сол күні Францияға қар-
сы Италия соғыс ашты. 16 маусымда Франция премьер-
министрі қызметіне маршал Анри Петен отырды. 
1940 жылы 22 маусымда Компьен орманында — Германия 
мен Франция, кейін Италия мен Франция татуластық 
келісіміне қол қойды. Франция соғыс әрекеттерін тоқ-
татты. Татуластық шарты бойынша — Францияның 
үштен екі бөлігі, Парижді қоса, Германияға берілді. Пе-
тен өкіметінің резиденциясы оңтүстік аймақтағы Виши 
қалашығында болды. 
Әскери министрдің бұрынғы орынбасары генерал 
Шарль де Голль Англияда жүріп Азат Франция патриот-
тық қозғалысын басқарды.
Германия мен Италияның Англияға қарсы соғыс 
әрекеттері. 1940 жылдың жазында Гитлер Англия жеңілді 
деп есептеп, оны келісімшартқа шақырды. Алайда Англия 
өкіметі бұл ұсынысты қабылдамады. Ағылшындар тез 
қарқынмен жаяу әскерлерін құрды. Ұлыбританияға оның 
доминиондары көмектесті.
Америка Құрама Штаттары бейтараптық сақтап, Гер-
манияның Еуропадағы жаулаушылық әрекеттеріне жол 
берді. Рузвельт өкіметі ірі әскери құрылыс бағдарламасын 
жүзеге асыруға және қарулы күштерін көбейтуге кірісті. 
Соғысқа қатынаспай-ақ АҚШ Англияға үсті-үстіне әскери-
экономикалық көмек көрсетті. 1941 жылы наурызда  АҚШ 
конгресі лендлиз  (несие беру) туралы  заң  қабылдады.
Бұдан соң Англия Америкадан тегін қару-жарақ, киім, 
азық-түлік ала бастады. Ағылшын ғалымдары мен АҚШ 
мамандары бірлесе отырып, ядролық қару шығаруды қол-
ға алды.
Үштік пактіге көп уақыт өтпей Германияға тәуелді 
жаңа одақтастар — Румыния, Венгрия, Болгария, Испания 

90
және Финляндия қосылды. Батыс Еуропадағы үш мемле-
кет қана — Швеция, Швейцария және (Эйре) Ирландия — 
толық бейтараптықты сақтады.
1940 жылдан бастап соғыс қимылдары Шығыс және 
Солтүстік Африка аумағындағы елдерді қамтыды. Ита-
лия соғыс әрекеттерін Египетте орналасқан ағылшын 
әскерлеріне қарсы бұрды. 1940 жылы КСРО Шығыс 
Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвияны өзіне 
бағындырды. 1941 жылы сәуірде неміс әскерлері Грекия 
мен Югославияны жаулап алды.
Фашистік жаңа тәртіп. Қарсыласу қозғалысы. 
1941 жылдың жазына қарай Германия мен Италия 
Еуропаның 12 мемлекетін басып алып, Еуропа кеңістігінде 
өз билігін орнатты.
Басып алынған елдерде жаңа тәртіп деп аталатын 
фашистік режім орнатылды: демократиялық еркіндіктер 
жойылды, кәсіподақтар мен саяси партиялар таратылды. 
Олардың экономикасы жеңуші елдердің қызметіне жегіл ді.
Көптеген елдерде жаңа тәртіпке қарсы патриоттық 
және антифашистік қозғалыс көтерілді. Қарсылық 
қозғалысына саяси және діни көзқарастары әрқилы аза-
маттар мен ұйымдар қатысты. Басқыншыларға қарсы 
күресті эмиграциядағы өкімет басшыларымен қатар 
патриоттық топтар да қолдады. 1941 жылдың жазында 
Англияда Чехияның, Польшаның, Бельгияның, Гол-
ландияның, Данияның, Люксембургтің, Грекияның, 
Югославияның, Латвияның, Литваның, Эстонияның 
эмигранттық өкіметтері болды. 
Кеңес Одағындағы Ұлы Отан соғысы. 1940 жылғы 
18 желтоқсанда Гитлер “Барбаросса” жоспарына қол 
қойды. Гитлершілдер КСРО-ға қарсы “Қауырт соғыс” 
(блицкриг) ашып, ол 8—10 апта ішінде, қыс түскенге де йін 
аяқтауға тиіс деп жоспарлады.
1941 жылдың 22 маусымында таңға жуық фашист 
әскерлері КСРО аумағына соғыс жарияламастан баса-
көктеп кірді. Германия жағында соғысқа Румыния, 
Венгрия, Финляндия, Италия, Словакия және Хорватия 
әскерлері қатысты. Испания өкіметі кеңес-герман май-
данына еріктілерден құралған дивизия жіберді. Кеңес 
Одағына қарсы 190 дивизия, оның ішінде, 153 неміс диви-
зиясы, жалпы Герман қарулы күштерінің 80%-ы қатысты. 

91
Шығыс майданы Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші 
майданына айналды.
Германияның шабуылы Кеңес Одағына өте ауыр тиді. 
КСРО-ның батыс шекаралық аймақтарында 170 диви зия 
шоғырланған еді. Соғыс қарсаңында 40 мыңнан астам 
командир мен саяси қызметкерді қуғын-сүргінге ұшыра- 
ту Қызыл армияның басшылық құрамын қатты әлсірет-
кен-ді.
1941 жылдың күзінде неміс әскерлері Балтық жа-
ғалауын, Молдавияны, Украинаны, Белоруссияны басып 
алып, Ленинградты қоршады, Мәскеуге жақындады.  
Бірақ герман армиясының Мәскеу түбінде тоқтатылуы 
(1941 жылғы желтоқсан) Гитлердің “Қауырт соғыс” жос-
парын іске асырмады.
Кеңес Одағы жауға күшті қарсылық көрсетті. Қазақ 
халқының да жеңіс күнін жақындату үшін қосқан үлесі  
зор болды. Біздің республикадан майданға 1,7 млн аза-
мат шақырылған. Мәскеу түбіндегі шайқастарда генерал  
И. Панфилов басқарған 316-дивизия қимылдары атақты 
28 жауынгер дің 50 танкіге тойтарыс беруі, жас офицер 
Б. Момышұлы бастаған батальон ерлігі әлемге жайылды. 
Қазақтың үш бірдей ару қыздары: Әлия Молдағұлова, 
Мәншүк Мәмето ва Кеңес Одағының батыры, ал Хиуаз Дос-
панова Халық қаһарманы деген атаққа ие болды. Рейхстаг-
қа бірінші бо лып Қызыл ту тіккен қазақ Р. Қошқарбаев еді.
Соғыс жылдары Қазақстанға Кеңес Одағының батыс 
аудандарынан көптеген өнеркәсіптік өндірістер көшірілді. 
Ауыр машина жасау зауыттары, сондай-ақ тоқыма, мақта 
мата, аяқкиім фабрикалары Қазақстан жерінде өнім беріп, 
майдан қажетін өтеуге кірісті. 
1942 жылдың жазында неміс әскерлері Шығыс май-
данындағы шабуылын жаңғыртты. Олар Курск және 
Харьков түбінде кеңес қорғанысын бұзып, Сталин-
град пен Кавказ өңіріне жақындады. Осы аймақтағы 
қанды шайқастардың барысында немістердің үздіксіз 
шабуылдауға шамасы жетпеді.
Жапонияның тынық мұхиттағы және Шығыс Азия­
дағы шабуылдары. Еуропа майдандарында шайқастар 
өрши түсіп, Жапонияның премьер-министрі генерал Тод-
зио АҚШ пен Англияға қарсы соғыс әрекетін тездетуге 
тырысты. Ол Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхиттың 

92
шексіз кеңістігінде операция жүргізуді Жапония теңіз 
флотына жүктеді. 1941 жылы 7 желтоқсанда 10 күндік жа-
сырын сапар шеккен Жапония кемелері тұтқиылдан Пёрл-
Харборға шабуылдады. АҚШ-тың көптеген кемелері суға 
батты, порт құрылыстары қиратылды. Пёрл-Харбордағы 
жеңіліс Америкаға қатты батты. Содан Тынық мұхит 
соғысы басталды.
Жапонияға қарсы соғысты Ұлыбритания және оның 
доминиондары, Голландия және Латын Америкасының 
бірқатар мемлекеті қолдады.
Антифашистік коалиция. Біріккен Ұлттар Декла­
рациясы. Германия мен оның одақтастарының КСРО-
ға шабуылы, Жапонияның АҚШ пен Ұлыбританияға 
шабуылы фашистік басқыншыларға қарсы күресуші 
бірқатар мемлекеті бірігуге мәжбүр етті. 1941 жылы 
тамызда Ф. Рузвельт және У. Черчилль “Атлант хартия-
сын” жариялады. Онда олар соғыстағы өздерінің ресми 
мақсатын анықтады. Бұл құжат антигитлерлік коали-
ция ның бағдарламалық деректерінің негізі болды. 
“Атлант хартиясы” демократиялық елдердің аумақтық 
тұтастығын, бірлігін, өздеріне тиісті басқару жүйесін, 
жаппай қауіпсіздіктің сенімді жүйесін бекіту қағидасын 
қолдайтынын айқындады. Оны Кеңес Одағы да жақтады. 
Сөйтіп, бірте-бірте антифашистік коалиция қалыптаса 
бастады. Оған үш ірі держава — Ұлыбритания, АҚШ және 
КСРО басқа да көптеген мемлекеттер қосылды.
1941 жылы 11 желтоқсанда Германия мен Италия  
АҚШ-қа қарсы соғыс жариялады. Соғыс шеңберінің 
кеңеюі және фашистік қатердің өсе түсуі антифашистік 
коалицияның нығаюын талап етті. 1942 жылы 1 қаңтарда 
26 ел Атлант хартиясының принциптері мен мақсатына 
қосыла отырып, Біріккен Ұлттар Декларациясына қол 
қойды.
Антигитлершілдер коалициясының басты міндеті 
Еуропада екінші майдан ашып, соғысты аяқтау мерзімін 
қысқарту болды.
Соғыс барысындағы өзгеріс. Сталинград түбіндегі 
1942 жылдың күзі мен қысындағы шайқастың және кеңес 
армияларының шабуылы нәтижесінде 100-ден астам неміс 
дивизиясы талқандалды. Германияның одақтастары да 
ауыр шығынға ұшырады. Сталинград түбіндегі жеңіс және 

93
1943 жылғы жаздағы Курск түбіндегі шайқас соғыстың 
түбірлі өзгерістерін айқындады.
1942 жылғы 23 қазанда генерал Монтгомери бастаған 
8-ағылшын армиясы әл-Аламейн ауданында Роммель 
бастаған Германия-Италия әскерінің тас-талқанын шы-
ғарды. 1942 жылы 8 қарашада Солтүстік Африканың 
Марокко және Алжир жағалауына АҚШ-тың десанттары 
түсіріліп, Италия-Германия әскери топтарын тізе бүгуге 
мәжбүр етті. 1943 жылы 10 шілдеде одақтастар десант 
түсіру арқылы Оңтүстік Италияны тез басып алды. 
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. 1939—1941 жылдардағы Германия, Италия, Жапония соғыс күш те­
рiнiң сәттi әрекеттерiнiң себебiн ашыңдар.
2.  Антигитлерлiк одақ қай жылы құрылды?
3. Қырымдағы халықаралық конференция қандай мәселелерге 
ерекше көңiл бөлдi?
4.  Бұл соғыста КСРО қандай рөл атқарды?
5.  БҰҰ құрылуы жөнiнде реферат дайындаңдар.
6.  Қазақ халқы Ұлы Отан соғысына қандай үлес қосты.
У. Черчилль,  Ф. Рузвельт,  И. Сталин. Тегеран, 1943 ж.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет