Сабақ: №1 дәріс Пән: Халық ауыз әдебиеті Күні



бет2/4
Дата06.09.2022
өлшемі36.18 Kb.
#38522
түріСабақ
1   2   3   4
II томында: қиял-ғажайып ертегілер, хайуанаттар туралы ертегілер, тұрмыс-салт ертегілер, аңыз ертегілер, Алдар көсе туралы аңыздар, Қожанасыр туралы аңыздар, күлдіргі ертегілер.
III томның жүйеленуі: қиял-ғажайып ертегілер, хайуанаттар туралы ертегілер, тұрмыс-салт ертегілер, аңыз ертегілер, өтірік ертегілер мен күлдіргі ертегілер, Жиренше Шешен мен Алдар көсе туралы аңыздар, Қожанасыр туралы аңыздар.
Міне, барлық томда қазақ ертегілерінің негізгі үш жанры өзгеріссіз, тұрақты түрде белгіленген. Ал классикалық ертегі жанрына кірмейтін шығармалар аңыз ертегі, әңгіме, аңыз, өтірік және сындық ертегі деп топтастырылған. Бұл атауларда терминдік ұғым болмаса да, олар топқа енген шығармаларды сипаттап тұр. Демек, жинақтағы алғашқы практикалық сараптау өз міндетін толығымен атқарған. Ендеше практикалық саралау – қажетті де пайдалы іс.
Алайда, фольклорлық жанрларды, дәлірек айтсақ, халық прозасының түрлерін жан-жақты, терең зерттеу үшін бұл жеткіліксіз. Енді практикалық іске сүйене отырып, ғылыми тұрғыда саралау керек. Ғылыми саралау үшін ең алдымен, әдетте, әр түрлі көрсеткіштер жасалады, архивтегі фольклор үлгілері каталогқа түсіріледі. Яғни, архивтерде жиналған қолжазба қорларында сақталған, сондай-ақ жарыққа шыққан фольклорлық шығармалар барынша түгел есептелінеді. Содан кейін ғана фольклордың жанрлары ғылыми саралауға түседі.
Қазақ фольклортануында халық прозасын жанрға сараламай, түгелімен «ертегі» деп ұғу қалыптасып кеткен. Мысалы, қазақ фольклорына арналған М. Ғабдуллиннің оқулығында былай деп жазылған: «Қазақ ертегілерін мазмұнына, әр алуан ерекшеліктеріне қарай бірнеше түрге бөлеміз. Солардың ішінде бастылары: а) қиял-ғажайып ертегілер, ә) хайуанаттар жайындағы ертегілер, б) тұрмыс-салт ертегілері және аңыздар».
Көріп отырғанымыз: ертегі жанрына аңыздар да кіріп кеткен. Бірақ не себепті бұлай істелгені кітапта айтылмайды. Сондықтан жанрлық саралауда автордың ұстанған шарты белгісіз. Оны мынадан да көруге болады. Осы еңбегінде ғалым жаңағы аталған ертегілер тобынан аңыз-әңгімелерді жеке бөліп атайды да, оған Алдар көсе, Асан Қайғы, Жиренше шешен туралы шығармаларды жатқызады.
М. Ғабдуллин қазақ халық прозасында ертегіден өзгеше жанр бар екендігін аңғарып, М. Әуезовтің пікірімен қосыла отырып, оны аңыз-әңгіме деп атайды. Бұл жанрды жіктеудегі ғалымның критерийі – шығарма оқиғасының шындығы, өмірде болғандығы. Бұл да М. Әуезовтің пікірінен шыққан. М. Әуезов 1927 жылы жарыққа шыққан кітабында, кейін 1939 жылы Л. Соболевпен бірігіп жазған еңбегінде, одан соңғы зерттеулерінде де ертегі жанрын арнайы қарастырып, оның ішкі жанрларын сипаттап берген еді. Сондай-ақ ол кісі халық прозасында ертегіден басқа да жанрлар бар екенін анықтап, оларды бірде аңыз ертегілер, бірде аңыз әңгімелер деп атаған.
1948 жылы жазған еңбегінде М. Әуезов қазақ ертегісін классификациялау мәселесінде Еуропа мен Ресей ғалымдарының тәжірибесіне сүйену керектігін айта келіп былай деп жазады: «Ендігі тереңдеп тексерулерде қазақ ертегісін де сол Аарне каталогына салыстырып, сол әдіспен зерттеп ұғынуымыз керек.
Қазақ ертегілерінің көбі жиылып жазылмағандықтан қазір де біз бұл әдісті қолданбай отырмыз.
Әзірше жиылған дерек аз болғандықтан, біз қазақ ертегісін бүгінгі бар, мәлім түрлерінің ретімен ғылымдық жалпы классификация (ерекшелеген біз – С.Қ.) бойынша, көпшілік қолданатын жанрларға бөліп тексереміз.
Міне, бұл айтқанның бәрі де ертегі жөніндегі ғылымдық, жалпы негізгі түсініктер. Енді осында аталған бағытпен қазақ ертегілерінің жіктеріне, түрлеріне келейік. Тек алдын ала ескертетін тағы бір сөз, бұл топқа нағыз ертегінің өз түрі ғана емес, өзге қосымша үлгілер де кіретін болады. Ертегі қатарында қара сөзбен айтылатын аңыз-әңгіме, тарихта болған кейбір адамдар жайындағы мұраларды да тексереміз. Әсіресе, бұл адамдардың тарихтағы дәл болған кездері анық еместіктен және жұрт әңгімесі, олар жайындағы сөздерді ертегіше өскелең, еркін қиялмен бейнелегендіктен ол мұраларды осы топқа қосамыз. Жалғыз-ақ жалпы ертегінің өзге түрлерінен айыра ұғыну үшін олар жайындағы халық шығармаларын «аңыз ертегі», «күй аңыз» деген түрге бөлеміз. Және ертегі атаулы мен бұл түрдегі ескерткіштерді бір арада тексеруіміздің себебі, қара сөзбен айтылатын тіл, стиль жөніндегі бір тектестіктен (ерекшелеген біз – С.Қ.) екенін ескертеміз».
Демек, М. Әуезов қазақ фольклортану ғылымында тұңғыш рет қара сөзбен айтылатын бір тектес шығармаларды жекедара бөліп алып, жанр ретінде қарастырады. Рас, ғалым қара сөз үлгісіндегі шығармаларды тек (род) мағынасында түсінген, ал ертегіні топ деп пайымдаған. Сол себепті ол «ертегі тобына қосылатын фольклор тобын... негізгі үш жікке (жанрға)» бөлген. Яғни, ертегінің түрлерін жанр деп есептеген.
Қара сөз үлгісіндегі фольклорды М. Әуезов ертегі, аңыз ертегі, күй аңызы деп саралағанда, ол критерий қылып шығарма мазмұнындағы оқиғаның ақиқаттығын және шығарманың тілдік, стильдік ерекшеліктерін алған. Бұл сол кез үшін үлкен табыс екенін атап айтуымыз керек. Сөйтіп, М. Әуезов халық прозасын ғылыми тұрғыдан классификациялауды ұсынып, оның басты шарттарын белгіледі.
Кейінгі жылдары М. Әуезов өзі анықтап, жіктеген жанрына терминдер жасап, оларға ұғымдық мағына беруге талпынды. 1957,1959,1961 жылдары жарық көрген еңбектерінде ол халық прозасы жанрларын атау үшін бір топ терминдерді қолданды. Әсіресе, ертегіден басқа прозалық фольклорды атаған терминдері көңіл аударарлық: аңыз, аңыз ертегілер, ертегі-аңыз, жұмысшы нақылдары, өмірбаяндық әңгімелер – «болғандар», анекдот әңгімелер. Аталғандардың ішінен бір тобы мағынасы жағынан нақтыланған. Жұмысшы нақылдарын ғалым орысша «сказы» деген, өмірбаяндық әңгімелер «болғандарды» орысша «быль» деп анықтаған. Және бұл жанрлар қазақ фольклорында кеш пайда болған деп есептейді зерттеуші. Ал терминдердің енді бір тобы – аңыз әңгімелер, аңыз ертегілер, әңгіме ертегілер. Мағынасы жағынан айқындалмаған, бәрі «аңыз» («легенда») ұғымында қолданылады. Біздіңше, алдыңғы топтың да, кейінгі топтың да қабылдауға болатындарын алып, оларға белгілі бір нақты мағына беру керек. Егер біз бұл іске ынтамен, жанашырлықпен қарасақ, халық прозасының барлық жанрларына ат қойып, айдар таға аламыз. Мұны біздің бүгінгі ғылымымыз, халқ прозасын зерттеудің зәрулігі қажет етіп отыр. 1957 жылы М. Әуезов пен Е. Ысмайловтың: «Ғылым дүниесіндегі ертегіні түр, жанр жағынан жіктеу әлі белгілі бір жүйеге түсіп қалыптасқан жоқ... Әрине, бұл жіктеуді түпкілікті белгілі бір әдебиет заңы деп санамаймыз; қолда бар материалға сүйеніп айтқан алғашқы тексерудің, бақылаудың қорытындысы ғана», – деп айтқан сөзі әлі күнге маңызын жоғалтқан жоқ. Фольклордың прозалық жанрлары бүгінге дейін ғылыми жіктеуге толық түскен жоқ. Біршама зерттелді деген ертегілік прозаның өзі де жанрлық тұрғыдан зерттеліп біткен жоқ. Аға буын фольклористердің еңбектерінде ертегі жалпы сипатталып зерттелді де, тек 70 жылдары ғана ертегінің ішкі жанрлары жеке зерттеле бастады.
Алайда, бұл зерттеулерде тек қиял-ғажайып ертегі мен тұрмыс-салт ертегі жеке жанрлар ретінде қарастырылды, олардың шығу тегі мен жанрлық сипаты, өзіндік ерекшеліктері, образдар жүйесі мен поэтикасы зерттелді. Сондықтан жалпы жанрлар теориясы мен фольклорлық проза жанрларын жүйелеу, саралау мәселелері назардан тыс қалды.
Ертегіге жатпайтын халық прозасы жөнінде фольклорист Е. Тұрсынов та арнайы мақала жазды. Бірақ оның еңбегі халық прозасының барлық жанрын қамтымайды және фольклор жанрларына байланысты жалпы теориялық мәселелерді қарастырмайды. Аталған мақалада тек жануарлар туралы аңыздар мен әңгімелер сөз болады. Автор оларды жіктеуде шығармалардың логикалық-мағыналық құрылымын (логикосемантическая структура) негізгі принцип етіп ұсынады. Сөйтіп, ол хайуанаттар жайындағы қазақ халық прозасын себепті әпсана-хикаяттар (этиологические легенды), аспани әпсана-хикаяттар (космогонические легенды), түсіндірме әпсана-хикаяттар (объяснительные легенды), шежірелер (генеалогические легенды), аңыздар (предания), жай әңгімелер (бытовые расказы) деп бөледі.
Алайда, әр аталған жанрға анықтама бергенде, автор жалпы дұрыс бағыт ұстағанмен, аңыз бен әпсана-хикаяттар ара жігін еске алмаған, оның үстіне этиологиялық әпсана-хикаятқа мифті қосып жіберген. Шынтуайттап келгенде, әр түрлі аң мен құстардың пайда болуы, олардың мінез-құлқы мен ерекшеліктері туралы шығармалар миф болып саналады. Сондай-ақ аспан әлеміндегі құбылыстар, ай мен күн, жұлдыз жайындағы шығармалар да миф қатарына жатады. Мифке кейбір рулардың шығу тегі туралы шежірелер де кіреді. Демек, ертегіге жатпайтын проза тобын саралап, жіктегенде тек қана логикалық-мағыналық мазмұнға сүйенуге болмайды. Бұдан шығатын қорытынды – халық прозасын жанрларға жіктегенде бір ғана шартқа жүгінуге болмайды, яғни критерий етіп бірнеше факторды алу қажет.
С. Қасқабасов қазақ халық прозасының жанрлық құрамын анықтауға арналған мақаласында басты принцип ретінде айтылып отырған шығармаға жұрттың сену-сенбеуін алады. Бұл – бір ғана шарт. Сонымен қатар басты критерийлер болып жанрдың функциясы мен көркемдік қасиеті де саналады ғой. Бірақ зерттеуші мақаласында мұны ескермеген.
Дегенмен, ескерте кететін нәрсе: бұл мақалада автор қазақта миф бар деген пікір айтады және прозалық жанрларға терминдік атау беруге тырысады. Алайда, ол ұсынған терминдер әлі ойластыруды қажет етеді. Сондай-ақ ертегілердің ішінде батырлық ертегі мен новеллалық ертегі бар, соларды бөліп зерттеу керек деген пікірді алға тартады.
Ғылымның адам қоғамы сияқты өсіп, дамып отыратыны аян. Қазақ әдебиеттану мен фольклортану ғылымы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп, теориялық жағынан мәнді біраз еңбектерге ие болды. Жоғарыда айтып өткен С. Қасқабасовтың, Е. Тұрсыновтың халық прозасы жанрларына арналған мақалалары – осының бір көрінісі.
«Көне аңыздарды зерттеудің, олардың заңдылығын ашудың қажеттілігі туып отырғаны» жайында Р. Бердібаев та өзінің «Қазақ эпосы» атты кітабында ерекше көңіл бөліп айтады.
Халық прозасының кейбір жанрларын белгілі әдебиетшіғалым Ш. Елеукенов те қарастырады. Атап айтқанда, ол прозалық фольклорды миф, демонологиялық ертегі және батырлық ертегі деп бөліп, оларды қазақ романының фольклорлық түп негіздері ретінде қарастырады. Сол себепті ғалым фольклорлық жанрлардың жалпы теориялық мәселелеріне соқпайды. Бірақ соған қарамастан, мақала авторы өзі бөлектеп алған үш жанрдың табиғатына біраз көңіл бөлген және оларға тән кейбір қасиеттерді дәл тани білген. Алайда, миф жанрын айтып отырып, зерттеуші аңыз (предание) бен әпсана-хикаятты (легенда) қоса қарастырады. Сондай-ақ, ол хикая (быличка) жанрын демонологиялық ертегі деп өзгеше айтады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет