Сара саңлақ/ Құраст. Ш. Бейсенова-Әшімбаева



жүктеу 1.06 Mb.
Pdf просмотр
бет14/23
Дата15.03.2017
өлшемі1.06 Mb.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23

285

Көрген құрбың сағынды ойнап-күлген.

Жаманды атылса да кім іздейді,

Ердікі қиын екен халқы білген.

Бар еді кей мінезің жел ескендей,

Әр ісің аңыз еді ел көшкендей.

Тұлпар ең арда күрең жауға түскен,

Үстіне сегіз жігіт мінгескендей.

Қорықпаушы ең жолығам деп киесіне,

Жауыңның қызықпадың түйесіне.

Жасыңда үйірсек деп естіп едім,

Шауыпсың аш айғырдың биесіне, –

дегенде отырғандар ішектерін баса ұзақ күлген. Абайдың 

қасындағы  пікірлес  көп  ақынның  біріне  санайтын  Әбіш 

сол  күннен  бастап  Әріпке  ерекше  ілтипатпен  қарайтын 

болды. Батырдың қаһарынан қорықпай, сырт көзге қораш 

қылығын бетіне айтқан жүректілігіне риза. Әкесінің ескі 

досы Көкбай Әбішпен жиі ұстаса беретін:

–  Көкбай  аға,  сізден  Әріптің  екі  түрлі  артықшылығы 

бар, – деген.

– Айт!

– Айта ғой, əйтпесе мынау менімен дауласқанын тоқ-



татпайды,  –  деп  Әріп  те  қыздыра  түсті.  Ол  болса  ба-

ласындай Әбіштің өзіне сын айтқанын жақтырмай қалды.

– Айтсам, біріншіден сіз байларды кемшілігіне қарамай 

мақтай  бересіз.  Ақты-қарасын  ашпайсыз.  Екіншіден 

Әріппен айтыса қалсаңыз кішкентай бала сияқты Абайға 

жүгінесіз. Шын жүйрік өзі бас білер болар!

Жаңа  жырлары  мен  поэмалары  жайында  Әріп  Абай-

мен  пікір  алмасып  отырады.  Аударма  жұмыстарына  да 



Сара саңлақ

286

кө мектеседі.  Қалаға  бір  барғанында  Әріп  өзінің  ақын 

досы Жамбылды үйіне ертіп келді. Абайды Әріп арқылы 

білетін  жас  жыршыға  Әріп  те,  Мағаш  та  ұнады.  Сол 

кеште əнші Мағаш атасының «Айттым сəлем, Қаламқас», 

«Қараңғы түнде тау қалғып» сияқты жаратылысы бөлек 

əндерін  орындаса,  Әріп  те  жаңа  өлеңдерін  оқып  көңіл 

хошын келтірген. Сонда жас Жамбыл:

–  Бəрекелді,  естімеген  сөз!  Қазақ  баласының  аузына 

түспеген сөз. Қасиет қайда, қазына қайда десем Абайда 

екен  ғой!  Атам  заманнан  бері  «Қабан  айтты»,  Құлан 

аяқ  Құлмамбет,  Дулат,  Майкөт  «даңғыл  шапты»,  «ша-

пы рашты  Сүйінбай  құйындай  соқты»  дегендеріміздің 

бəрі  мына  жер  екен.  Абай  дария  болғанда,  өзгеміз  жар-

шұқанақ екенбіз, тəйірі! Шіркін, біреуді күлдіріп, біреуді 

жұлындырып  айтамыз  десек  те,  табатынды  таппаппыз. 

Елге  пана,  еске  дана,  ақыл  да,  өнер  де,  өнеге  де  өзінде 

тұнып тұр. Абайға құштар еттің, құмар еттің Мағашым! 

Сенің жақсы əкең менің жақсы ағам болсын, жарай ма?! 

Осы  сөзім  оның  құлағына  жетсін,  дұғай  сəлем  дегей,  – 

деп тамсанғаны бар. 

Жамбылдың «Өтеген» хиссасын Әбіш те жазып алды. 

Жырқұмар  жандардың  бір  кештік  бақытқа  бөленген 

сəті еді, ол! Әріп өз кезегінде оларға Қазаннан басылып 

шыққан  «Біржан  сал  –  Ақын  Сара  айтысы»  кітабын 

сыйлады. Оны оқыған Жамбыл қолма-қол жаттап алып, 

домбырамен қайта жырлады... Міне, таланттар басқосуы 

деп соны айт!

–  Әріп  аға,  мені  бір  реті  келгенде  сол  ақын  қызбен 

кездестіріңізші, – деп өтініп еді Әбіш. Сөйткен бала сұң-



Сара саңлақ

287

қар  көгінен  құлапты  дегенге  сенгісі  келмейді.  Амал  не, 

тағдырдың жазуы солай боп тұрса?! «Балаларының ішін-

дегі  əкесіне  тым  үйірсегі,  үміт  күтері  Әбіш  еді,  Абайға 

ауыр тиді-ау» деген Әріп жолға жиналды.

Күн борасын. Терістіктен соққан үскірік таңға жақын 

жауған  үлпек  қарды  жібектей  түтіп,  қойны-қоншыңа 

тықпалайды. Жылқы екеш шанаға жеккен тобылғы торы 

да  бір  ауырлықты  сезгендей  аяғын  сараң  басады.  Ана-

дайдан қарсы жортқан құба төбел атты жолаушы көрінді. 

Базаралы  екен.  Әлденеге  күйінгендей  қабағы  қарс 

жабылыпты:

– Әлгі Тəкежан дүлейді айтам да, – деді амандықтан 

кейін,  –  бас  аяғы  жоқ,  «Балаңды  орысша  оқытып, 

орысты  жерге  алысқа  қызметке  жіберіп,  түбіне  жеткен 

өзіңсің» дегені Абайға. Оған онсыз да оңай ма, құр жаны 

отыр...  Соны  да  бірге  туған  бауыры  дейді,  кəртейгенше 

жағаласып, алысып келеді. Не болса ол болсын, дойырдың 

астына  алайын  деп  едім,  өлімді  жерде  шу  шығарғаннан 

қорықтым. Азар болса ол тағы да «итжеккенге» айдатар, 

сен тағы бір өлеңіңе қосасың.

Әріп əлденеден секем ала бастап еді, ол зілсіз айтыпты. 

Есіне анау жылғы отырыс түсіп кетсе керек.

– Қазір келгенің дұрыс болды, Тəкежанның салған жан 

жарасын мен күшпен жаза алмаспын, сен тілмен жаз. Мен 

қырды айналып, ашуымды жазайын...

– Абай шынымен Тəкежанға ештеңе айтпады ма?

– «Мен өлгенде қабіріме тікен əкеліп тастарсың сен» 

деді. Соны айтты да, теріс қарап, жатып қалды.

– Әбіштің денесін əкелді ме?



Сара саңлақ

288

–  Қайдан,  ара  жиырма  күндік  жер.  Абай  жеделхат 

жолдап,  «Аманат»  етіп  қойғызыпты.  Жазда  алдырады. 

Жə, тездет, жолыңнан қалма.

Екеуі екі жаққа тартты.

Верныйға  баратын  жол  көктемде,  күзде,  боранды 

қыста  өте  ауыр.  Балқаштың  бойымен  төтелей  жүруге 

қауіпті,  ақ  тұз  түсті  сор  түсіп  кетеді,  немесе  борасын 

көміп  тастайды.  «Аманат»  дегені  сол,  қыста  уақытша 

өлген жерде қоя тұрады да, жазда жол ашылғанда денені 

туған топырағына əкеледі.

Жерлестері,  ат  жетер  жердегі  ағайындары  келіп  бол-

ғанға ұқсайды. Әріп дауыс сала кірді. Абайды құ шақтап, 

ұзақ тұрды. Сонан соң домбыраны алып, зарлы əуен төкті: 

Көп қиналдым, қасыңа қалай барам,

Табалапты Тəкежан сөзі арам.

Әбішіңнен айырылып Абай аға,

Ел көзінен жас ағад тарам-тарам.

Өсірген тəрбиелеп ата-анаң,

Халық ұлы болып ед ғазиз балаң.

Дүние бір күндей де болмай кетті,

Сағынады өзіңді сары далаң.

Іздесем сені енді қайдан табам,

Жұмақта төрің болсын əділ данам.

Болған іске болаттай берік болғын,

Еңсе көтер, таусылма, Абай ағам!

Осылай жалғай түсті. Елдің Абайдың көңілін аулаумен 

қан  жұтып  отырғанын  Әріптің  аузынан  естіген  Абай 

басын көтеріп, кең құшағына алды.


Сара саңлақ

289

– Сіздің қайғыңыз қара қазақтың қайғысы, Абай аға! 

Күңіренте берме, мына жұртыңды. Сұм ажал бауыр етіңді 

жұлып кетті. Қайтеміз, бекем болыңыз, мықты едіңіз ғой! 

Мұндайда адамды сөзге тарту қиын. Сөйлеспесе іштегі 

шер тағы тарқамайды. Ар жағынан тығылған өксігін баса 

Абайды сөзге тартты:

– «Аманат» етіп жерледі деді ме, Базаралы.

–  Ыңғайы  солай  боп  тұр.  Жол  оңалған  соң  денесін 

«Қы зылқайнарға»  алдырып  қоям  ба  деген  ойдамын. 

Тəкежан  айтты-айтпады,  соңғы  жылдары  ылғи  шетте 

жүрді.  Оным –  қызмет  істесін,  ысылсын,  елге  пайдасы 

тисін дегенім. Енді бабалары жатқан жерге қайтқаны жөн 

шығар. Алдыруымның тағы бір себебі болып тұр.

Шапанын  қымтай  қозғалған  Абай  азғана  ойланып 

қалды. Осыны айтсам ба, жоқ па дегендей. Әріп сұрамады, 

ағасы айтпағының ақырын тосты.

– Соңғы бір хатында Әбіш, өзің, Жамбыл үйінде бол-

ғандарыңды жазып еді. «Ақын Сараны бір көргім келеді. 

Жақында  тұрмысқа  шықты  деп  естідім.  Тəуір ленсем 

барып қайтамын» депті. Оған көзі тірісінде жете алмады, 

енді  жолда  Сараның  аулына  бір  түнетіп  алсам  деймін. 

Аруағы риза болсын.

Сара есімі естілгенде Әріптің мол əлпетті, сары са қал 

ды,  қызыл  шырайлы  жүзі  одан  əрі  қызарып  сала  берді. 

«Қайран  Абай!  Мұншалықты  кең  пейілді,  дархан  бо-

лармысың. Қайғылы күнде қияндағы ақын қызды жол шет-

ті етпей, қарындасына балап, баласын түнеткісі келгенінде 

қаншама  мəн-мағына  жатыр.  Ақынның  көрегендігі, 

адамның  қадіріне  жете  білуі  осы  құрметінен  танылмай 



Сара саңлақ

290

ма?  Қаралы  көлікті  кез  келген  жерге  тоқтатпайды.  Ол 

да  бір  қазақты  қасиетті  жырымен  исі  мұсылманға  тəнті 

еткен ақын қызға құтты мекен болған шаңырақ».

Сара  тұрмыс  құрды  деді,  ə?!  Іші  өртеніп  кеткендей. 

Сонысы  да  жөн  болар.  Өзгеге  қимайтыны  рас,  алайда 

тағдыр қоспады. Махаббаттың жалынына күйіп, сезімнің 

жетегіне ілесер бозбала да емес. Сара бұған үйленуге жол 

жоғын  баяғыда  білдірген,  қашанғы  азаптанып  бақытын 

тоссын.  Өзімдікі  жөн,  Сараны  Жиенқұлдан  құтқардым, 

оған мен ғана үйленуге қақылымын деуге қалай дəті барады. 

Ғашықтық  дегенге  қырықтың  қырқасынан  бір  қарашы! 

«Қауыснамада»  бұған  анықтаманы  дəл  берген  екен-ау, 

тегі. Онда былай дейді: «Ей, жігітім, сен өзің жігіт болсаң 

да, ақылың қария болсын. Мен саған жігіттік салтанатын 

құрма демеймін. Қолыңнан келгенше оны қадірлей білгін. 

Жігіттің мінезі жеңіл болмай, салмақты, сабырлы болуы 

шарт. Данышпан Аристотель «Адам жігіт кезінде диуана 

мінездес болады» депті. Ал сен де диуаналыққа салынып, 

надандардың қатарына қосылудан сақтан! Ашулы, ызақор 

болма. Ашу-ыза əрдайым пəле шақырады. Өмірдің жігіт 

кезіндегі лəззатының сырын сақтай білгін. Қартайған соң 

ол лəззатты іздеп таба алмайсың. Табылған жағдайда да 

ол  жігіт  шағыңдай  болмайды.  Ей,  перзентім!  Адамның 

табиғи  сыпайы  мінезі,  жүректілігі  болмаса  ғашық  бола 

алмайды. Әрбір ұнамды мінез, табиғи көріктен əдемілікке 

ынтығу пайда болады. Ғашықтық – денедегі дерт сияқты. 

Ішкі жан дүниесі сезімтал жандар осындай дертке душар 

болады.  Сен  лажы  болса  ғашық  болмауға  тырысқын. 

Әсіресе,  кедей-кепшік,  қолы  қысқалар  үшін  тіпті  қиын 

іс. Оның дерті қаныңа өтеді. Бұл ақылды жандардың ісі 


Сара саңлақ

291

емес. Ғашықтық деген сүйгеніңе қолың жетпей, сағыныш, 

сабырсыздықтың  нəтижесінде  болады.  Білгенің  жақсы, 

бір  жылдық  сағынысып  кездесудің  рахаты  –  бір  күндік 

айырылысу азабына тең. Адам жігіт кезінде ғашық болса 

айыбы  жоқ.  Оны  кім  де  болса  кешіреді,  «жігіттік  қой» 

дейді. Егде тарқан кезде ғашық болу – ерсі, ал қарттықта 

ғашық болу – сорақылық. Ей, перзентім! Мен саған бəрін 

де  айттым,  бірақ  сен  басыңа  ғашықтық  саудасы  түссе 

менің айтқанымды орындамайсың. Демек, ғашық болсаң 

өзіңе лайық жанға ғашық бол!»

Қандай керемет айтылған! Сараның сүйген өзіне емес, 

басқа жанға күйеуге шығуы – қолы қысқа екеуі үшін де 

қиын  іс  екендігін  қалай  дəл  басқан  десеңізші.  Сараның 

айықпас  дертке  ұшырауының  өзі  де  осы  ғашықтық 

дерті  екенін  іші  сезеді.  Өйткені,  ол  Әріп  сияқты  емес, 

нəзік  жаратылған,  ғашық  болуға  жаралған.  Бəрі  тура, 

өмір  дəлелдеп  отыр.  Ендеше  өмір  заңынан  асып  қайда 

барасың?  Сараның  қадамына  ақ  тілеу  тілегеннен  басқа 

шарасы қалмады.

Алыстан  келген  жақын-жамбарларына  қонақасы  бе-

ріліп, кері қайтуға жиналғанда қастарына Мағаш жа қын-

дады.

– Әріп аға, Жамбыл досыңыз сізге сəлем айтып жатыр.



– Ә, сəлемі қабыл болсын, қайдан көрдің?

–  Әбішті  «Аманат»  қоюға  қатысты.  Басында  арнау 

айтты. Қоштасарда:

Сəлем айт, барсаң Абайға,

Кеңесі жеткен талайға.

Ауырды жеңген қара жер,



Сара саңлақ

292

Сабырлы болсын қалайда...

Бір жұтқан судай дүниесін,

Ащысын татып күйінесің.

Ғұмырдың дəмі таусылмас,

Тəттісін татып сүйінесің.

Жапанға біткен бəйтерек,

Жалғызбын деп жүрмесін.

Кемелге келген ақыл-ой,

Тасқынды тəңір басуы-ай!

Нар көтерген ауырға,

Арқасын тоссын жасымай, – 

деді.

– Е, ол да аман болсын!



Бұл – Абайдың сөзі.

– Әйтпесе, Жамбыл бола ма?

Әріп қаладағы достарын есіне алды, Жамбылды көргісі 

келді. Тіпті мүрдені əкелуге баратын топпен кеткісі бар. 

Әйтсе де, «Жолда Сара ауылына соғады» дегенді ойлағанда 

кібіртіктей берді. Қалауымен күйеуге шыққан жанның енді 

көзіне көрінгені əбестік. Сараның бұдан былай жыламай, 

өз тіршілігін жалғағанына шүкір, тілеулес. Мұның ендігі 

алданышы  да,  қызығы  да,  артына  қалдырар  мұрасы  да 

кітап  шығару.  Сол  арқылы  айналасындағы  əділетсіздік 

атаулымен  күресу.  Ақын  Сарамен  қатысты  қысқа  кезең 

Әріпке осыны үйретті, болашағына бағыт берді. Ол өзінің 

атақты «Ұмытпаңыздар, мені!» атты өлеңдер топтамасын 

жазуға ден қойды.

Ұзамай  Әріп  те  Өтебай  деген  кісінің  қызы  Мəнтиге 

үйленді.  Ақылды  қыз  адуынды  Әріптің  қас-қабағына 



Сара саңлақ

293

қарап, сүйікті серігі бола білді. Алдыңғы əйелінен қалған 

балаларын  туған  анасындай  аялады.  Балажан  əйелді 

жаратқан  құр  құрсақ  қалдырмады,  одан  Рахманшайых 

(Алматай  деп  те  атайды),  Шайхымансұр,  Нұрахмет, 

Абылмансұр  есімді  ұлдар  мен  Күнғайша,  Қанипа, 

Бибікен, Бүбіне деген қыздарын сүйді. Жазға қарай Абай 

аулына  Әбішті  жерлеуге  барды.  Аяулы  жасқа  туып– 

өскен  жерінен  топырақ  бұйырды.  Бала  кезінен  құлын-

тайдай  тебісіп,  ойнап  өскен  досы  Өтегелді,  Шəкəрім, 

Манақ  бастаған  қаралы  топтың  атқосшылары  жолда 

ақын Сара ауылына қонып аттаныпты. Сара мен Бекбайға 

Абайдың  берген  сыйлығын  табыстаған.  Жалайырлар  да 

жандары қалмай қарсы алып, бұлардың арбасына жорға 

байлап,  Әбіштің  денесіне  кілем  жайып  қайырған.  Ақын 

Сара серіктерімен бұларды көш жерге шығарып салыпты. 

Сондағы  «Сəлем  айт,  Ыбекеме  (Абай)  дұғай-дұғай!» 

деген өлеңін Әріп Шəкəрімнен ерінбей көшіріп алды.

Әй, Шəке-ай, қабырғамды кетті-ау тіліп,

Айтқаны Ыбекемнің қадір біліп.

Қажымасын қайғы басып, асыл ағам,

Тілеймін ұзақ жылдар, ғұмыр тірлік.

Мен неге толғанбаймын толғанса ол,

Ұлына сəлем еттім қусырып қол.

Мəйіттен қалайша аяп қалармын мен,

Халқымның қонақ күткіш ықыласын мол.

Санасын Ыбырай аға мені өзіндей,

Баласын күтіп алам өз көзіндей.

Мен де ортақ қайғысына жүрек жалын,


Сара саңлақ

294

Әбішке айтқан оның зар сөзіндей.

Қонағым тірісіндей Әбіш бүгін,

Көтерем артсаңыздар нардың жүгін.

Тай сойдым құрметіне қысыр емген,

Бал тамған қазысынан тартса түгін.

Төгілтіп ақ бауырсақ дастарқанға,

Ақ ниет, адал жүрек тұрмын алда.

Даярмын шырақ қойып күзетуге,

Әбіштің аруағын ұзақ таңға.

Төрімде ол да отырсын сіздердей боп,

Жайнаған жас өмірі алқызыл шоқ.

Риза боп елімізден аттаныңдар,

Арқаның бағландары – арқалы топ.

Жасымнан танушы едім жақсы сырын,

Оларға арналады əн мен жырым.

Ыбырайдың аяулы ұлы қонақ болса,

Емес пе мен үшін бұл жақсы ырым.

Бұл сенім мен ғана емес, бүкіл елге,

Қадірін ұқпас мұның қандай пенде.

Күйзелді Найман елі түгел дерсіз,

Қайғыдан көкірегі толып шерге.

Көп сəлем Ыбекеме дұғай-дұғай,

Ғұмырын ұзақ қылсын, қолдап Құдай.

Көп жерге ере шығып қарындасың,

Қоштасып қалды дерсіз қолын бұлғай...

Ақын Сараның Абай ағасына жолдаған сəлемі Әріпке 

өте-мөте  ыстық  сезілді.  Жетісу  жеріндегі  аяулысынан 

естіген  соңғы  сəлемдемесі  екенін  түсінді.  Әбіш,  Абай-

лармен  араласқан  шығармашылық  жылдары Әріп  орыс-



Сара саңлақ

295

тың  классикалық  əдебиетін,  əсіресе  Пушкин  мен  Лер-

монтовты  көп  оқыды.  Өзі  де  ұлы  халықтың  кейбір 

шы ғармаларын  аудара  бастады.  Пушкиннің  «Евгений 

Оне гин»  романы  мен  Лермонтовтың  «Ақын  өліміне» 

өлеңіне  ол  жасаған  аудармалар  осындай  талаптану 

үстінде  туған  жемістер.  Абайдың  «Сөз  айтам  Әзірет 

сұл танға»  деген  сынынан  қорытынды  шығара  отырып, 

қиял  желісті  қисса  жазудан  гөрі  аяусыз  езгіде,  ауыр 

тұр мыста  өмір  сүрген  елінің  шынайы  жайын  көрсетіп, 

қазақты  ғасырлар  бойы  қанап  келген  үстем  таптың 

зорлық-зомбылығын  сынады.  «Қабанбайға»,  «Қалыбек 

биге  айтқаны»,  «Алшеке,  отырмысың  өлшеп–  пішіп», 

«Ажыбайға»,  «Найман  Серікбай  қажыға»,  «Тəуірбек 

болысқа», «Қабділдə биге», «Ғапілдің тірлігі», «Тұрғали 

болысқа»  сияқты  өлеңдерінде  ақын  əкімдердің  халық 

алдындағы қылмысын үнемі əшкерелеп отырды. Абдыра 

бекетінің  атышулы  Арнай  болысына  да  бір  «сыбаға» 

арнамақ  ойы  болды,  бірақ  поштабай  досынан  Сара  мен 

Құдайбергеннің айтысын естіген соң, «Тексіз немеге сол 

да жетерлік, оған өлең жазған қағазым қор, шығын» деді 

іштей.  Жақтырмаған  əкімін  кім  болса  да  тірідей  іреп, 

қаймықпай батыл сынады:

Қабанды ескі ауру сандыратқан,

Еңіретіп сан момынды зар жылатқан.

Ұлық боп ел шетіне біреу келсе,

Сар жезін знак қылып салбыратқан, –

дейді. Ақынның мысқыл сөзі Абайдың:



Сара саңлақ

296

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап, –

дегенімен шебер астарласып тұр.

Мал қызығын жеке басынан, жанынан артық санаған 

дүниеқоңыз байлардың қатал да мейірімсіз мінез-құлқын 

жырлағанда  жаны  түршігеді,  халықтың  еңбегі  еш  кетіп 

жатқанына қиналады.

Алдау, арбау қанына сіңген батпан,

Бар білерің нашарды зар жылатқан.

Бағып жүрсе малыңды біреу тегін,

Сұрланып, сүртіп жүріп маңдай терін.

Алты айына қой, серкеш, көйлек-штан,

Ақы деп осы емес пе бар бергенің, –

деп бетіне басады. Ақынның осы тектес өлеңдері Абайдың

«Аш  қарын  жұбана  ма,  майлы  ас  жемей»,  «Малға 

достың мұңы жоқ малдан басқа», «Көңілім қайтты достан, 

дұшпаннан да» сияқты өлеңдерімен үндес.

Байларға Әріптің əркезде алдыларынан шығып, өлтіре 

сынауы ұнамады.

–  Әріптің  алдында  қашанғы  мұрнын  тескен  өгіздей 

мөлтеңдей береміз, өзінен асатын бір ақын тауып, сөзден 

тоқтатайық  та,  –  деседі.  Осы  ойды  Өзбақан  бай  Бүрге 

батырдың асына жиналған бай-бектерге айтып көріп еді:

– Ол перімен жүрегі барып кім айтысады? Бұл ай мақ-

тағы ақындардың бəрінің аузын жауып болған жоқ па?

–  Семейден  сужұқпас  Сəдір  ақын  келіпті,  соны  са-

лайық, – деп түйісті.



Сара саңлақ

297

–  Сəдірің  менен  былтырғы  Қоянбазарда  орнына  қой 

беремін  деп  əкеткен  шайын  даулап  келген  болар,  –  деп 

шалқайды Жұмахан бай, – шайың шай емес, шөп болып 

шықты деп ит қосып қуалаймын.

– Қой, біз оны Әріпке қарсы пайдаланайық! Жеңсе – 

шайына шапан қосып қайтарамыз, – деп тоқтатты байлар 

тобы.


Тұрғали болыстың тоқтамына бəрі қосылды. Сəдір де 

келісіп, ас үстінде Әріпке шүйлікті:

– Ассалаумағалəйкүм, Әріп сайтан,

Жұрт алдында аз жамандап барып қайтам.

Өзбақан, Жұмақанның ортасына,

От жақтың əруақытта анық сайтан.

Қапелімде таң қалған Әріп өзіне өш байлардың аттары 

аталғанда мəн-жайды түсіне қойды:

– Уағалəйкүмассалам, Сəдір сайтан,

Ақшаға сатылуға əзір сайтан.

Қыздырма қызыл тілмен қыз өлтірген,

Сен қайдан танушы едің қадір сайтан.

Байлар  сыйлық  бермесе,  несиеге  айтыспайтын  Сəдір 

ала рын  алып  қойған  болатын.  Соны  қарсыласы  бетіне 

басарын сезген ол енді тек жамандауға көшті:

Я, шүкіршілік сезгішсің Әріп сайтан,

Қараңғы емес, кеудесі жарық шайтан.

Болғанмен біліміңнен еш пайда жоқ,

Жүрсің бе əр бұтаға сарып сайтан.


Сара саңлақ

298

Әріптің  ойына  алдындағы  əлдеқандай  боп  отырған 

ақынның  баяғыда  бір  қыз  өліміне  байланысты  елден 

қашып кеткені, қалада қайыр сұрап күнелткені түсті. Енді 

түк  болмағандай,  алқалы  топта  байлардың  шашбауын 

көтере қалыпты. Бар жайды баяндап, төгілдіре берсе сөз 

көп.  Текке  шапқысы  келмеді.  Сəдірдің  шамасына  қарай 

бұл да бір шумақпен қайырды:

Қу тіліңді тыймайсың кетпеген соң,

Іздегенің бір тиын шеттеген соң.

Семейді сол себепті жүрсің қимай,

Беретін қол қайыры көп деген соң.

«Бекер айтысқан екенмін, Әріп əріге кетпей тұрғанында 

шынымды айтайын» деп түйді қапелімде «семейлік»:

Шайтанның Әріп жүйрік сабағына,

Албасты қарап басар қабағыңа.

Сыбап-сыбап кетуге келіп едім,

Шай тықты шапанымен тамағыма.

Ақынның  жұрт  алдында  аласарғанына  қатты  на-

мыстанған Әріп өшін Тұрғали болыстан алды. Аңға тазы 

қосқандай алаңдап отырған болыс Әріп өзіне бұрылғанда 

сескене қарады. Оның қазіргі кейпі іші өткен баладай еді:

Қу сайтан, бұл мінезді таптың қайдан?

Құрысын байға еріп тапқан пайдаң.

Халыққа сайтан пана болмақ па екен,

Деймісің торқа шықты алты байдан.



Сара саңлақ

299

Бүрге батыр бес сыбанның тиянағы,

Сұңқар ед жалғыз қонған қиядағы.

Ет пен тері арасында қызыл сайтан,

Сөзінің байлауы жоқ мия дағы.

Сенбісің атаққа іліп дəріп қылған,

Сəдірді марапаттап «жарық» қылған.

Сұңқардан кейін қонған сауысқансың,

Дəнемең жоқ еліңді қарық қылған.

Патша болсаң кешірмес бас ұрғанмен,

Белгілі жындылығың жасырғанмен.

Ежелгі ит мінезің өзгерген жоқ,

Кезеңнен салпы сүйреп асырғанмен.

Сыбанның жарлы-жақыбайына қолынан келгенше пана 

батырдан кейін болыстыққа қолы жеткен Тұрғалидың бет 

пердесін аймандай еткеніне төңірегіндегілер қызарақтап, 

дауыс  көтере  бастағанда  Бүрге  батырдың  Темірбек  бас-

таған бес баласы қылыштарын суырып өре тұрды:

–  Құдайдан  кетпеңдер,  ас  беріп  отырғанда  аруағын 

қорлатпаймыз!

– Жуан желкелер, жандарың барда тайып тұрыңдар!

– Әріпке тиіскендердің ісі бізбен болсын.

Халқының өзіне бағышталған ыстық ықыласы Әріпке 

ортаймас күш-жігер бергендей. Бұдан былайғы жерде де 

өлеңдерін  жапа  шеккендерге,  еліне,  арттарынан  қаулап 

келе жатқан жастарға арнады. Еңбектерін оқыған Шоқан, 

Ыбырай  ізімен  жəне  Абай,  марқұм  Әбіш  үлгісімен 

жастарды адал еңбекке, оқу мен өнерге, қазақтың ғасырлар 

бойы қалыптасқан мол мəдениетін меңгеруге шақырды.

1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет