Сара саңлақ/ Құраст. Ш. Бейсенова-Әшімбаева



Pdf көрінісі
бет15/23
Дата15.03.2017
өлшемі1,06 Mb.
#9982
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23

300

Дененің қызықтысы бас пен жүрек,

Шіркін-ай, ойласаңшы неге тойған.

Көз жараның орны емес, көрмек үшін,

Ғылым – көңіл қазынасы сақтап қойған, –

деп қоғамның қожасы əміршілдік, əкімшілік жүйе емес, 

ғылымды меңгерген сауатты жастар болуы керек екенін 

меңзеді.  Қоғам,  өмір  үнемі  дамып  отырады.  Оның  та-

лаптарына  сай  ғылым  мен  өнер,  мəдениет  те  өркендеп, 

адамның  ойы  мен  қабілеті  арта  түсуге  тиіс.  Жастармен 

болған бастаңғылардың бірінде оқыған мына өлеңді олар: 

«Әріп ақынның өсиеті» деп айтып жүрді:

Білген мен білмегендік жер мен көктей,

Білген жетіп мақсатқа, білмес боп ойран.

Надандық бүгінгідей заманға құрал емес,

Қой жаным, білместікті шығар ойдан.

Мысалы дүние – теңіз, білім – кеме,

Кемесіз терең суға түсем деме.

Толқыны тауға ұқсаған мына заман,

Сезе ме мұны жаһил даңғой неме.

Кəсіп қыл білім берер іздесең жем,

Таза жүрек, болмайсың ешкімнен кем.

«Күннен де білім жарық» деген мақал,

Соқыр кісі болмайды көздімен тең.

Өмір болмысын, замана жайын осылай суреттеген сол 

бастаңғыда  арапша  енді  хат  танып  жүрген  Болай  деген 

жігіт сұрақ қойды:

–  Аға,  көп  сырлы  мына  өмірден  аз  таңдауыңызды 

айтыңызшы?


Сара саңлақ

301

–  Қауағын  жаңа  ашқан  жастарға  ұсынарым  –  Әділет 

жолында адамгершіл, көпшіл болу. Адамды тұңғиықтан 

да, түпсіз шыңыраудан да, қараңғы тұманнан да сүйреп 

шығар – адамның ары, адал да анық жолы, əрине білімді 

болса ғана.

Өтеді, өмір барлығымыздың басымыздан өтеді! Кө кі-

рекке шер боп қатқан шер көп. Соның бірі – кезінде Ақын 

Сараға  құда  түсуге  қолбайлау  болған  қалың  мал,  əйел 

теңдігі тақырыбы да болашақ кітабына жыр болып тізілді:

Адамға Хауаны арнап жаратты хақ,

Ғибрат түпкі атаңнан ойланып бақ.

Әлемнің тұңғыш ұлы, тұңғыш қызы,

Бұлардан басқа жандар келмеген шақ.

Екеуі табысты да жолдас болды,

Қалыңмалды шығарған қай ақымақ...

Бұлардан  басқа  да  тақырыптарға  көптеген  өлеңдер 

жазды.  Кітап  шығарып,  жас  ұрпаққа  мұраға  қалдыруды 

көздеген  ояу  кеуде  оның  негізін  берік  қалады.  Кесек 

туындылардан алдымен Қазан қаласынан мың сегіз жүз 

тоқсаныншы жылы «Зияда-Шаһмұрат» басылып шықты. 

Шығармада Бағдат патшасы Мұхтар мен Мысыр патшасы 

Зияданы  əділетті,  қайырымды  əкімдер  ретінде  көрсету 

арқылы  олардың  балалары  Зияда  мен  Шаһмұратты 

да  əкелерінің  ізімен  турашыл,  парасатты,  жарлыларға 

қайырымды етіп көрсетті. Махаббат еркіндігін, шынайы 

достықты жырлады. Алайда, қиялдың аты – қиял, шыр-

қыраған  шындықты  жазу  азаматтық  борышы  екенін 



Сара саңлақ

302

ұққаннан кейін Найман, Матай, оның ішінде Аталықтан 

шыққан  «Ақтабан  шұбырынды,  Алқакөл  сұлама»  жыл-

дардың басты кейіпкерлерінің бірі Барақ сұлтан туралы 

деректер  жинастырды.  Сарқан  кентінде  қызметте 

жүргенде сол маңдағы Байтулақ дегеннің зиратына «Осы 

Барақ сұлтан емес пе» деген күмəні болды:

Мықты кім ажал басын жоймайтұғын,

Қиямет – құрбың емес ойнайтұғын.

Барақ та батыр туған, о да кетті,

Аузына тас салса да шайнайтұғын, –

деп  жазғанындай,  жаугершілік  заманында  қазақ  ба-

тыр ларын  қаза  тапса  былайғы  жұрт  көзінен  жасырып 

жер лейтін  болған.  Ондағысы  –  тірісінде  жеңе  алмаған 

жауы  өлгенде  мəйітін  қазып,  сүйегін  қорламасын 

дегені. Барақ батыр денесі тұтасқан қалың түкті, жалды 

адам  болған  деген  деректерді  Қытайда  жүргенде  алған. 

Келіндері  атасының  атын  бадырайтып  атамай,  жа-

сырын  жерлеу  шарты  бойынша  Байтулақ  атауы  мүмкін 

ғой!  Барақ  сұлтан –  қазақты  орыс  патшасы  Анна 

Ивановнаға  бодандыққа  беру  туралы  келісім-шартқа 

қол  қойғаны  үшін  Әбілқайыр  ханмен  ренжісіп  өткен. 

Кеңес  жұмысымен  мұрағаттарды  ақтарып  жүргенде 

патша  Елизавета  Петровнаның  «Жоңғарларды  жеңген 

Абылай  басқамызды  місе  тұтпауға  айналды.  Оны 

залалсыздандыру  керек»  деген  жарлығына  тап  болды. 

Қазақтың басын Әбілқайыр емес, Абылай қосқанына көзі 

жеткен  патша  қазақтың  жоңғарды  жеңгеніне  қуанудың 

орнына  көре  алмаушылығын  білдіргенін  түсінді.  Оның 


Сара саңлақ

303

желісімен Әріптің «Абылай» поэмасы дүниеге келді. Көзі 

тірісінде Сараға берген уəдесі орындалып, екеуі екі бөлек 

күн  кешсе  де  қыз  жүрегінде  «Сараға»,  жігіт  жүрегінде 

«Қарлығаш» əндері сақталып, өле-өлгенше айтып жүрді.

Меңдеген  ауру  Сара  өмірін  қысқарта  берді.  Ақыры 

отыз сегіз жасында қайталанбас жыр желеңі көз жұмды. 

Оны ел-жұрты Қапалдың «Үш кəукен» аталатын жеріне 

қойды. Марқұм ақырғы демін алып тұрып айтқаны:

Солды өмір шешек атып, бір-ақ гүлдеп,

Әргіден көмекейім текке гулеп.

Белгілі байлауы жоқ, матауы жоқ,

Есіл сөз желге кетті босқа улеп.

Дəм татқан қадірлі елге тартып бұйрық,

Осынау бір ауыз сөз менен сыйлық.

Хикая кітап жазып бере алмадым,

Әріптей болмаған соң хатқа жүйрік.

Кемді күн қызмет еттім дос-жаранға,

Өнерім аз болса да мақтанарға.

Мені де баламыз деп еске ал жұртым,

Сараның айтары осы аттанарда.

Күллі Кенже, Қаптағай, Аталық, Жақсылық руларының 

адамдары  аза  тұтқан  қабір  басында  құран  оқыған  Әріп 

көңілінің ақсұңқары Сараға арнауын да оқыды:

Жас өлімге тақалды, қарасам аппақ сақалды,

«Атадан алтау туса да, бір жалғыздық бар деген.

Естуші едік мақалды.

Көлік көшкен сарайдан, керуен біткен жөнелді,



Сара саңлақ

304

Жинап-терген мүлкінен, ойласаңшы не көрді?

Жалаңаш айдап жіберді, құрғалы тұрмыз сапарды.

Жақыннан жатқа баруға, көптен жалғыз қалуға,

Бұзғалы тұрмыз қатарды.

Терезесіз, түңдіксіз, білсекші көрде жатарды,

Түк саңылау-тесіксіз, төрі өлшеулі есіксіз,

Тірлікте шіркін білмедік, тас жамбасқа батарды.

Өмір ұзақ көңілге, таусылмастай көп еді,

Қызықтырған дүние «əлі өлмейсің» деп еді.

Мінеки, көрге апарды.

Алашқа аты таралған, қош бол енді Саражан!

Қасыңа бір күн барғызар, тілемесем де Алладан,

Маған да күн батар-ды...

Сегіз  жылдан  соң  шілдеде  алпыс  сегіздегі  Әріп  те 

ауыл-аумағы мен бала-шағасына қош айтып, елі о дүниеге 

шығарып салды. Ағайын-туыс, дос-жарандары жиылып, 

өзінің ежелгі қыстауы – «Жыланды» деген жерде ақынның 

басына  кесене  тұрғызды.  Оған  қарлығаш  ұя  салыпты 

деседі.  Ақын  Сара  тірісінде  бұған  арнап  жырлаған 

қарлығаш емес пе екен, ақиық қыранын паналап барған...


Төртінші бөлім

ЗЕрТТЕУлЕр,

ЕСТЕлІКТЕр

306

Сара лаТиЕВа

ақын Сараның қазақ ӨнеріндеГі ізі

Сараның өлеңдері бізге қаншалықты толық жетті жəне 

олардың өлеңдік дəрежесі əдеби өлшеммен қай деңгейде 

екенін  мен  айта  алмаймын.  Бірақ  өнерлі  жан  ретінде 

аты  бүкіл  қазақ  даласына  жеткеніне  кəміл  сенімдімін. 

Оның бір көрінісі қызымыз өнерлі болсын деп Сараның 

құрметіне  атын  қою.  Әрі  бұл  қазақтың  дəстүріндегі 

əріден  келе  жатқан  ілтипатты  сыйластық  үрдіс.  Осы 

дəстүрдің  бір  қаулап  көтерілген  кезеңі  орта  мектептің 

əдебиет бағдарламасына «Біржан мен Сараның айтысы» 

енгізілген уақыт деп топшылаймын.

Айтыстағы хрестоматиялық:

«Қызы едім Тастанбектің атым Сара

Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.

Он үште домбыра алып сөз сөйлеп ем,

Келемін бір сүрінбей жалғыз қара.

... Тақсыр-ау он жетіге биыл шықтым,

Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда.

... Ән шырқап ақ ордадан шыға келдім,

Көрген соң аттан түсті Біржан серің.

...Найманда екі жүзді наркескенмін,


Сара саңлақ

307

Желкеңді қимақ үшін қойған саптап.

...Талпынған жас баланың білегіндей,

Сендейге ұстатпаймын қолымды аппақ»

деген жолдардан қазақ даласының бір қиырындағы ақын, 

өнерлі жанның бейнесі көрінеді. Қай заманда да өнерліні 

сыйлаған,  сөзге  тоқтаған,  оның  үстіне  Біржан  сияқты 

«Үш  жүзді  əнмен  қырған  мұзбалықты»  мойындатқан 

Сара  бейнесі  қазақ  қызының  өз  басын  бағалата  білетін 

салмағын,  өнер  жарысында  терезесін  тең  ұстай  алатын 

тəрбиесін,  тауып  айтқан  сөзге  тоқтай  білетін  кішіктігін 

көрсететін  сегіз  қырлы,  бір  сырлы  тұлғаны  елестетсе 

керек. Бұл əсер Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» опе-

расы  шыққаннан  кейін  жаңа  қарқын  алды.  Музыкалық, 

одан опера театры деген өнер саласын қабылдап, талдап 

түсіне  бастағанымызға  оншақты  жыл  ғана  болғанда 

сахнаға  шыққан  бұл  опера  өнер  жанашырлары  мен 

жоқтаушыларынан  бастап  қарапайым  көрерменге  дейін 

ерекше назар аударған оқиға болды. Өнер жанашырлары 

шын мəнінде толыққанды қазақ операсы дүниеге келді деп 

қуанды.  Консерваториядан  білім  алған  композитордың 

операның  барлық  заңдылықтарын  сақтай  отырып, 

қазақтың өз топырағынан туған шығарма қазақ өнеріндегі 

үлкен бетбұрысты көрсетті.

Ал,  көрермендердің  қабылдауына  бірден  бір  оң  əсер 

еткен  –  Күлəш  Байсейітова.  Бұған  дейін  Қыз  Жібек, 

Ақжүніс,  Хадиша  сияқты,  Ажар  сияқты  ертеректегі  не-

месе  қазақ  тұрмысындағы  жиынтық  бейнелерді  жасап, 

опера  өнері  дегенді  қалың  жұртқа  жеткізуде  ерекше 


Сара саңлақ

308

үлесі болған жəне халықтың сүйіктісіне айналған Күлəш 

Бай се йітованың  беделі  өте  жоғары  болатын.  Негізінде 

музыкалық  театрдың  дəл  сол  1934  жылы  ашылуына 

тікелей себеп болған екі адам – Күлəш Байсейітова мен 

Құрманбек Жандарбеков. Өйткені музыкалық театр үшін 

ең  алдымен  жетекші  партияны  орындайтын  əйел  жəне 

еркек  дауысы  керек.  Сопрано,  тенор,  баритон  дегендей. 

Әнші болмаса опера да жоқ.

Ал,  қазақ  өнерінде  ғажайып  құбылыс  болған,  бүгінгі 

ұрпақ  нақты  мəнін  бағамдай  бермейтін  1936  жылы 

Москвада  өткен  өнер  мен  əдебиет  онкүндігінің  ерекше 

өркешті тұсы да осы екі əншіге жəне музыкалық болып 

барып, опера болып қайтқан «Қыз Жібекке» тиесілі. Бұл 

басқалардың  өнерін  төмендету  немесе  елемеу  емес,  сол 

тұстағы ақиқат қана. Қазақтың табиғатында ежелден бар 

өнерді – əншілікті, күйшілікті, суырып салма ақындықты – 

сан қырлы бояуымен, үнімен көрсете білген онкүндіктің 

өзі  де  аңызға  жете  қабыл  болды.  Өйткені  бұл  онкүндік 

қазақ  өнерінің  өзіміз  де,  өзгелер  де  байқап  үлгермеген 

қазынасын, мүмкіндіктерін көрсетті.

Ал,  соның  қорытындысында  жаңадан  тағайындалған 

«СССР  халық  артисі»  атағын  алғашқы  12  адамның  бірі 

болып Күлəш Байсейітованың алуы қазақтың музыкалық 

өнерінде  бөрікті  аспанға  атқан  құбылыс  болды.  Енді 

оның өзі де əлдебір символға, қазақ əніндегі, өнеріндегі 

флагманға айналып сала берді. Сатылап өсуге үлгермей, 

енді  қаз  тұра  бастағаннан  бірден  шырқау  шыңға  шыға 

келген əншінің мойнына үлкен жауапкершілік түсті. Енді 

бұрынғы  деңгейден  төмендеуге,  ең  бастысы  қателесуге 



Сара саңлақ

309

болмайтын. Себебі, халық Күлəштің өнерінде бір кемдік, 

əлдебір  жетіспеушілік  болады  дегенді  қабылдамайтын. 

Сол кездегі жетік техника – радио арқылы берілетін əндерін 

үйреніп,  соған  еліктеп  əнші  болуға  талпынған,  астанаға 

жолы  түскендер  тыңдаған,  көрген  операларын  жаттап 

айтқан көрермен Күлəш атымен келген жаңалықтың бəрін 

риясыз қабылдайтын. Екінші жағынан қарағанда осындай 

құрметпен, сеніммен қабылдаған халыққа Күлəшты ылғи 

жоғары өнер көрсетуге тиіс болатын.

Үшінші  мəселе:  Қыз  Жібек  пен  Ақжүніс  жырдың 

кейіпкері болса, Хадиша мен Ажар жиынтық бейне еді. 

Ал Сара – туған, тұрған жері белгілі. Оның өлеңдері ел 

ішінде сақталған, оны көрген адамдар да кездесуі мүмкін, 

қысқасы  нақты  мекен-жайы  бар,  түр-тұлғасы  белгілі, 

кəдімгі  арамызда  өмір  сүрген  адам.  Солай  бола  тұра 

жалпы  жұрт  көрген  жоқ,  тек  дауысын  ғана  естіген.  Иə, 

сондай бір өнерпаз болған, атақты Біржанмен айтысқан. 

Енді соны Күлəш Байсейітова тірілтіп əкеліп тұр.

Негізінде  Біржанның  əндерінен  əсер  алған  Мұқан 

Төлебаев операны да «Біржан» деп атаған. Ретіне қарай 

Біржанның  өз  əндерін  композитор  əншінің  бейнесін 

жасауға күш салған. «Жанбота», «Адасқақ», «Теміртас» 

əндерін  пайдаланған  композитор  Біржанның  асқақ 

бейнесін жасады да. Операның жазылу кезеңінен сахнаға 

шыққанға дейін, өзі тікелей араласып оның ғажап табысқа 

жеткеніне  куə  болған,  қазақтың  теңдесі  жоқ  теноры, 

Біржан  партиясын  алғашқы  орындаушылардың  бірі  – 

Байғали Досымжанов былай деп еске алады: «1944 жылы 

Мұқанмен екінші рет кездестім. Ол маған:



Сара саңлақ

310

–  Байғали,  менің  бір  ойым  бар.  Айтарлықтай  болып 

шыға ма, шықпай ма, білмеймін. Әуелі сен тыңдашы, – деп 

болашақ «Біржан – Сара» операсының екінші актысындағы 

Біржанның ариясын айтып берді. Ария маған күшті əсер 

етті. Кейіннен Біржанның бұл ариясы менің ең бір сүйіп 

салатын əніме айналды. «Біржан – Сара» операсы біздің 

театрымызда он алты жыл үздіксіз қойылып келеді. Бұл 

музыкалық шығарманы жұртшылығымыз əлі де құмарта 

тыңдайды.

Қазақстанға келген шетелдік достардың халқымыздың 

өнері  жайлы  пікірін  тыңдасақ  «олар  да  ең  алдымен 

Мұқанның  операсына  қайран  қалғандықтарын  айтады. 

«Біржан  –  Сара»  сахнаға  шыққаннан  бері  бұл  ғажайып 

шығарманы талай елдің, алуан ұлттық өкілдері көріп, қазақ 

композиторының асқан дарындылығына сүйініш білдіреді. 

Мұқанның бұл шығармасындағы басты кейіпкер – Біржан 

сынды  əнші–  азаматтың  сахналық  образын  жасау  менің 

де опералық өнерімді ілгері дамытуға кеңінен даңғыл жол 

ашты. Ел арасында «Біржан – Сара» операсы сөз болса, 

жұрт  əуелі  оның  авторы  Мұқан  мен  Сара  ролін  тамаша 

орындаған Күлəшті, осы ұлы өнерпаздарға ілестіре Абай 

атындағы опера театрының орта буыны – біздерді де еске 

алады...» («Қазақ əдебиеті», 31.03.1961 ж.)

Сара  –  хан  қыздары  Жібек  немесе  Ақжүніс  емес, 

тағдыры талқыға түсіп тəлкек болған Хадиша мен Ажарға 

да ұқсамайды. Бұл Күлəш шығармашылығында кездескен 

қазақ қыздарының бəрінен өзге, оқшау бейне. Сара – күні 

бүгінге дейінгі ұлттық операмыздағы халықтан шыққан, 

халықтың  ойын  айтатын  тұңғыш  азамат,  өнерпаз  қыз. 



Сара саңлақ

311

Ендеше,  əрі  соны  бейне  жасау  керек,  əрі  халықтың 

көңіліндегі Сараны ұмытпау керек.

Солай  Сара  бейнесінің  тек  музыкалық  емес,  жан-

жақты ашылуына мəн берген Күлəш операның аталуына 

да назар аударған. Әдетте «Руслан и Людмила», «Самсон 

и  Дамила»,  «Тристан  и  Изольда»  болып  келеді.  Немесе 

«Царская  невеста»,  «Спящая  красавица»,  «Аида»  деп 

əйелдерге назар аударады. Мұқан операсын «Біржан» деп 

атаған.  Ол  түсінікті,  өзі  Біржан  əндерінен  шабыт  алып, 

соның бейнесін көрсеткісі келіп отыр ғой. Бірақ жалғыз 

еркектің аты онша тартымды емес. Соны Күлəш «Біржан 

мен Сара» деп атауды ұсынған. Оны кезінде дирижер Сто-

ляров та қызу қолдаған. «Барлық мəселе Сараға қатысты 

болады да, опера «Біржан» аталады. Сараны қосу дұрыс».

Сонымен  опера  «Біржан  –  Сара»  аталып,  премьерасы 

1946 жылы 7 қарашада өтті.

1949 жылы композитор Мұқан Төлебаевқа, режиссер 

Құрманбек Жандарбековке, суретші Анатолий Ненашовке, 

солистер: Күлəш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Әнуарбек 

Үмбетбаев,  Байғали  Досымжановтарға  Мемлекеттік 

сыйлық берілді.

Бұл  жерде  Күлəштің  Сараға  қатысты  шын  шығар-

машылық  көрегендігін,  тек  орындаушы  əнші  емес,  өзі 

жасаған бейненің, неғұрлым толыққанды болып шығуына 

назар  аударатын  суреткерлігін  айтпақпыз.  Мұқан  Төле-

баевтың  Біржан  əндерінен  шабыт  алғанын,  операда 

əншінің  туын–  дыларын  пайдаланғанын  жоғарыда  да 

айтып өттік. Оның үстіне Біржан орындайтын вокалдың 

шығармаларды  дауысы  əрі  күшті,  əрі  əдемі  Байғалиға 



Сара саңлақ

312

өлшеп жазғаны музыка тарихына белгілі. Ендеше үлкен 

шабыттан  тынымсыз  еңбек  пен  ғажап  дарыннан  туған 

Біржан  партиясының  айшықты  болуы  заңды.  Ал,  Сара 

ше? Операда Сараның:

«Ей, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,

Қымбаттығым белгілі білсең баға.

Қамысты терең көлдің сұқсырымын

Қаңғырам ілдірмеймін қаршығаға», –

дейтін нақ əрі тəкəппар сөздеріне сай, немесе:

«Кісі емес ел намысын ұққандай-ақ,

Ербиер елсіз тауға шыққандай-ақ.

Жиенқұл күжірейіп келер ме екен,

Он мата арқалана тыққандай-ақ», –

дейтін  трагедиялық  мойындауларын  жеткізетін  музы ка-

лық сурет бар ма?

Бар. Оны опера сахнаға шыққан алғашқы қойылымда 

да, кейініректегі талдаушылар да қайталап, атап көрсетті. 

Шын мəнісінде толыққанды опера болғандықтан ол театр– 

да  үздіксіз  жүріп  келеді.  Опера  1973  жылы  Алматыда 

өткен  Шығыс  елдері  халқының  музыкалық  мерекесі 

бағдарламасына енгізілді. Осы мерекеге келген əр ұлттық 

өнерпаздары бағдарламадағы шығармалардың көркемдік 

деңгейіне  өз  пікірлерін  білдірді.  Соның  ішінде  чех 

композиторы  Л.Железный  қазақ  операсын  басқа  ұлттық 

мəдениеттің  өкілі  ретінде  қатысқан  композиторлардың, 

оның  ішінде,  чех  Б.Сметананың  «Проданная  невеста» 

клас сикалық  операсымен  үндестіре  қарап,  бұл  операны 



Сара саңлақ

313

(«Біржан – Сараны») «əлемнің қандай сахнасына қойса да 

үлкен табысқа ие болады», деп атап көрсеткен болатын 

(«Вечерняя Алма-Ата», 18.12.1976 г.).

Бұған  операның  либреттосын  жазған  филолог-

ғалым,  академик,  айтыстың  ерекшелігін  жақсы  білетін 

Қажым  Жұмалиевтің  өлшеусіз  үлес  қосқанын  ескеру 

керек.  Атағы  əлдеқайда  жоғары  Біржанмен  Сараны  тең 

дəрежеде  көрсетуде  əдебиетшінің,  қазақ  тұрмысындағы 

сөздің  орнын,  қасиетін  жетік  білуі  жетекшілік  еткен 

деп ойлаймыз. Осыған сай композитордың да операның 

стилистік  ерекшелігінде  əннің,  əншіліктің  басымдығы, 

халықтың қабылдауына игі əсер еткен фольклорлық му-

зыканың орынды қабысуы шығармаға шырай беріп тұр. 

Осылардың  бəрінің  басын  қосып  тыңдаушыларға  жаңа 

операның  өз  дəрежесінде  жетуіне  əсер  еткен  Күлəш 

Байсейітованың сахнада жасаған Сара бейнесі. Сараның 

музыкалық  образының  толыққанды  сипатталуы,  оның 

сəт ті  шығуы  соншалықты,  əдетте  жеке  концерттерінде 

опе радан  айтпайтын  Күлəш,  Сараның  ариясын  тұрақты 

айтатын болды.

Академик Ахмет Жұбанов болса: «Қазақ совет музы– 

касының  үздік  жетістігі  болып  табылатын  операның 

тууы,  тек  Біржан  мен  Сараға  ғана  емес,  композитор 

Мұқан  Төлебаевтың  өзіне  де  лайықты  ескерткіш»  деп 

атап көрсетті. 

Солай, Сараға да лайықты ескерткіш. Ең алғаш сахнаға 

Күлəш кейпінде шыққан Сара содан бері қазақ əншілерінің 

қаншасының  танылуына,  ізденуіне,  шеберлік  шыңына 

көтерілуіне  үлес  қосты.  Күлəштің  тікелей  қолдауымен, 


Сара саңлақ

314

қамқорлығымен қатысқан Шабал Бейсеновадан кейін Роза 

Жаманова осы образбен өз шығармашылығының шыңына 

көтерілді.  Розаның  сымбатты,  нəзік  жəне  тəкаппарлау, 

іштей бай, дауысы қуатты Сарасы əншінің тағы бір қыры 

боп танылды.

Алғашқы  қойылымнан  тұп-тура  30  жыл  өткенде  бір 

кезде Біржан болып шырқаған Байғали Досымжанов енді 

режиссер  ретінде  операны  жаңартып  қойды.  Мұнда  ол 

Біржан мен Сараның халық өнерімен тығыз байланысты 

екенін, жəрмеңкенің қызған кезінде бұлардың шыға келуі 

халықты жалт қаратып, назарды өнерге аударуына екпін 

түсіреді. Өзі əнші болғандықтан əншілердің мүмкіндігіне 

ерекше  мəн  беріп,  олардың  тиімді  жағын  көтеруге  зер 

салады.  Соның  арқасында  дауысы  күшті,  характерлік 

бейнелердің  шебері  Сəуле  Құрманғалиеваның,  клас-

сикалық сопрано Рахима Жұбатырованың, біртоға қазақы 

мінезді  Алима  Оспанованың,  өжет  те  қайсар  Тоқтар 

Әдетбекованың Саралары сахнаға шығып, қазақ өнерінде 

əрқайсысы  өзінше  із  қалдырды.  Кезінде  опера  Уфа 

театрында қойылып, қазақтың Абай атындағы опера жəне 

балет  театрының  спектаклі  Москвадағы  онкүндіктерде 

табыспен  көрсетілді,  Германияның  астанасына  гаст-

рольмен  барды.  Москваның  Үлкен  театрында  қою  жұ-

мыстары  да  қолға  алынған.  Бірақ  бұл  шаруа  саяси-

əлеуемттік  жағдайларға  байланысты  тоқырап  қалды. 

Бірақ  жүзеге  асқан  қойылымдардың  бəрінде  Сара 

образына  айрықша  назар  аударылады.  Ол  –  бір  кезде 

Күлəш  атап  көрсеткен  Сараның  Біржанмен  тең  түсіп 

отыратын салмағы. Біржанның образын ашудағы тікелей 

жетекшілік  рөлі.  Әрине,  бұл  орындаушылардың  еңбегі. 


Сара саңлақ

315

Соңғы кезде Сара бейнесімен шыққан Қазақстанның халық 

артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық 

дəрежеде  танылған  əншіміз  Нұржамал  Үсенбаеваның 

еңбегін  де  атап  айту  керек.  1984  жылы  Құрманғазы 

атындағы  консерваторияның  соңғы  курсында  оқып 

жүргенде  Б.Досымжанов  үлкен  сенім  артып,  қайталап 

қойған «Қыз – Жібек» операсында басты партияны айтқан, 

сонысымен ұлы Ғабеңнен (Ғабит Мүсірепов) бата алған 

Нұржамал, сахнадағы саналуан образдарының қатарында 

Сараның да өзіндік бейнесін жасады. Нұржамалдың сазды 

əрі  күшті  дауысы,  қазақтың  нағыз  сұлуларға  тəн  құба 

талдай  бой  бітімі,  сахналық  пластикасы,  əншілігіне  сай 

артистік дарыны бүгінгі тыңдаушыларға сүйкімді Сараны 

алып шықты. Сондықтан да жаңадан ашылған «Астана – 

Операда» қойылған «Біржан – Сарада» жетекші партияны 

Нұржамал  Үсенбаеваның  айтуы  заңды  деп  ойлаймыз. 

Біз  бұл  жерде  Ресейдің  халық  артисі,  Мемлекеттік 

сыйлықтың  лауреаты,,  əдейі  шақырылған  режиссер 

Юрий  Александровтың  шешімін,  сахналық  ізденістерін, 

уақиға мен кейіпкерлер туралы түсінігін, тіпті Біржан мен 

Сараны  сахнаға  атпен  шығарған  экзотикалық  тəсілін  де 

талқыламаймыз. Ол бұл əңгіменің ауқымында жоқ. Бірақ 

Нұржамал – Сара өз орнында, өз дəрежесінде.

Нақтысы, бүкіл операның жетекшісі Сара – Нұржамал 

болып  шыққан.  Мынадай  жалындаған  махаббат  иесі, 

жарқыраған  сұлу,  бұлбұлдай  əнші  əрі  ішкі  толқынысы, 

үміті  мен  трагедиясы  лыпып  көрініп  тұратын  сырбаз 

Сараны  көріп  тұрып  өлуге  Біржанның  (режиссердің 

шешімі  бойынша  өлді  деген  Біржан  тіріліп  кетеді) 

шынымен де дəті бармас еді. 


Сара саңлақ



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет