СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)


Сыр сандықты ашып қарағанда…



жүктеу 2.26 Mb.
Pdf просмотр
бет13/41
Дата28.12.2016
өлшемі2.26 Mb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   41

Сыр сандықты ашып қарағанда…  
(Он үшінші ерлік)
Күнделік  сөзі  қайдан,  қалай  шықты  екен  осы?  Күнбе-күн 
жазылатындықтан  ба?  Күнделікті  бастан  кешкен  оқиғалар, 
күнделікті  басқа  келген  ойлар  жиынтығы  болғандықтан  ба 
екен?  Қайдан  шығып,  қалай  пайда  болса  да  күнделік  халық 
тұрмысына дендеп енді. Қарапайым адам да, студент те, ғалым 
да,  жазушы  да  күнделік  жүргізуі  әбден  мүмкін.  Бірде  қатар-
құрбы жігіттің бірінен атақты балуан Жақсылық Үшкемпіров-
тің  ұдайы  күнделік  жүргізетінін  есітіп  қайран  қалғаным  бар. 
Қайран қалатын да ештеңесі жоқ. Тарихты, келешекті ойлаған 
адам  солай  күнделік  жүргізуді  дағдыға  айналдыруы  керек-ақ. 
Әдет болмаған ба, қанға сіңбеген бе, әйтеуір күнделік жүргізуге 
енжарлау  қараймыз  ғой.  Жастарымыз  енжар.  Жастар  түгілі, 
ой бағып, сөз аулап өсетін жазушы ағайынның өзі күнделікке 
ұқыпсыздау… 
Ай-шай жоқ, күнделік жайлы әңгімеге кірісіп кеттік. Күн-
делік  дегеніміз  не  нәрсе?  Әдебиетке  қатысы  бар  ма  оның? 
Қатысы болса қандай жанрға жатпақ? Алдымен осы жайларды 
анықтап алуымыз керек екен ғой. 
Қазақ әдебиетінде күнделік-әдебиет жөнінде жөндем әңгі-
ме сабақтала қоймады-ау, сірә. Ал әлем әдебиетінде күнделік-
әдебиет  туындысы  ретінде  еленеді,  әңгіме  болады.  Арнайы 
қарастырылады. Жанры белгіленеді.
Күнделік  –  әдебиет  үлгісі.  Әдебиет  үлгісі  болғанда,  айта 
беретін  мемуардың  ішкі  бір  жанрлық  бұтағы.  Біз  күнделік  – 
әдебиет  үлгісі  дегенде,  күнделіктің  бір  ғана  саласын  айтып 
отырмыз. Әйтпесе, күнделікпен іштей туысатын шаңырақ жә-
дігерлігі – тұрмыстық күнделік, күнделік формаларын пайдала-
нып жазылған көркем шығармалар бар. Әрине, олардың жайы 
бөлек. Тұрмыстық күнделік белгілі бір әулет шежіресін түзіп 
ұрпақтан ұрпаққа өтіп кейінгі буынға желі тартып, тармақта-
лып кете бермек. Ал күнделік формасын пайдаланып жазылған 
көркем  шығармаларда  қиял  белең  алады  да,  олар  мемуарлық 
әдебиет үлгісіне саналмайды. Айталық, А.С.Пушкиннің «Мар-
құм Иван Петрович Белкиннің жазбалары» кейіпкердің күнде-
лік өмірнама жазбалары формасында туған шығарма. Қазақ жа-
зушысы Сәбит Мұқановтың әуелде «Адасқандар» деген атпен 
жазылып  кейін  «Мөлдір  махаббатң  болып  өңделген  романы 
да кейіпкері Бәтес пен Бүркіттің күнделігі райында жазғанын 
білеміз.  Бексұлтан  Нұржекеевтің  «Ерлі-зайыптылар»  романы 
да осыған келеді. Ал венгр жазушысы Б.Иллеш, орыс жазушы-
лары О.Форш, П.Лукницкий романдары әуел баста қарапайым 
күнделік ретінде түзілген де кейін белгілі бір композициялық 
құрылымға келтіріліп романға айналған. Демек, олардың қай-
қайсысы да мемуардан іргесін аулақ салған көркем әдебиет үл-
гісі.  Біздің  қарастырғалы  отырғанымыз  –  мемуарлық  әде биет 
үлгісінен саналатын күнделік. Онда да бір адамның күнделігі.
Әлемдік әдебиет пен философия тарихында күнделік қал-
пында туып, кейін халық қажетіне айналған деректі мемуар үл-
гілері  аз  емес.  Айталық  Филлип  де  Каминнің  «Мемуарлары» 
(ХV ғ.), Бабырдың «Бабыр-намесі» (ХV-ХVІ ғ.), декабристердің 
мемуарлық  жазбалары  бәрі-бәрі  де  әуел  баста  күнделік  жаз - 
ба лар ретінде өмірге елеусіз келген. Кейін тарихи сипат алды, 
әдебиет тарихына енді. Әйтпесе әлем философтарының «кар-
манный  оракул»  аталатын  қойын  кітапшалары  да  әуел  ба-
ста  күнделікті  жай  жазбалар  ретінде  дүниеге  келген.  Испан 
фи ло софы  Балтасар  Грасианның  (ХVІІ  ғ.)  осылай  аталатын 
кітаптарынан күн делік сипатын көреміз. Тіпті Марко Полоның 
(ХІІІ ғ.) жазбаларын да күнделікке жатқызуға болар еді. Оны 
айтасыз  неміс  философы  Г.К.Лихтенбергтің  «Афоризмдері» 
(ХVІІІ  ғ.)  де  күнделік  әдебиетпен  еншілес  туған  десек  қа те-
леспеспіз.
А.С.Пушкин,  Н.В.Гоголь,  Л.Н.Толстой,  И.С.Тургенев, 
Ф.М.Дос тоевский күнделіктері орыс әдебиетінде күнделік жан-
рын  орнықтырды.  Кейінгі  ұрпаққа  ғажап  бай  әдеби  күнделік 
мұраларын қалдырды. Әрине, олар көзі тірісінде күнделіктерін 
жариялауды мұрат тұта қоймады. Есесіне біздің заманда күнде - 
лік жариялау ерсі болмай қалды. «Бір жол жазылмас күн бол-
масын» (Ю.Олеша), «Болған оқиғалар» (Е.Долматовский), «Ли-
рикалық  күнделік»  (В.Цыбин)  секілді  атаулар  беріп  күнделік 
жариялау  дағдыға  айналған.  Эпенди  Капиевтің  «Қойын  кі-
тапшалары» (М., 1956 ж) өзі өлген соң жарық көрді.

166
167
Қазақ  халқының  ХІХ  ғасырдағы  ұлы  ағартушысы  Шо қан 
Уәлихановтың  «Ыстықкөл  күнделіктері»,  «Қашқар  күнде лік-
тері»  –  күнделік-әдебиеттің  қайталанбас  асыл  үлгілері.  Тари-
хи, этнографиялық мәліметтерге мейлінше бай ол күнделіктер 
материалына  сүйеніп  бүгінде  бірсыпыра  қазақ  жазушылары 
роман, повесть жазып жүр. Бұған С.Бақбергенов, С.Мұқанов, 
Ж.Бейсенбаев  шығармалары  куә.  Бұл  жайлар  күнделік  қадір-
қасиетін бізге сезіндіре түссе керек.
Қазақ  даласында  қағазға  түсіп,  араға  көп  жыл  салып  ба-
рып көпшілікке жеткен поляк революционері А.Янушкевичтің 
күнделік жазбалары да қайталанбас жәдігерлік. 
Қазақ  әдебиетінің  М.Әуезов,  С.Мұқанов,  Ғ.Мүсірепов, 
Ғ.Мұстафин,  Ә.Тәжібаев  секілді  нар  тұлғаларының  күнделік-
те рі әл-әзір арнайы кітап болып жариялана қойған жоқ. Ептеп 
ағымдағы  баспасөзде  төбе  көрсетіп  жүр.  Олардан  өзге,  күн-
делік  жазбаларын  құнтты  жүргізетін  қаламгерлер  қатарына 
Әзіл хан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Мырзабек Дүйсенов 
секілді қаламгерлерді жатқызуға болады. Аталмыш жазушылар 
күнделік жазбаларын ұсынықты пайдаланып, кітап етіп жария-
лап келеді. 
Күнделікті кітап болып жарық көрген соң, оқып пікір айту- 
 ға болады. Немесе, қолжазба күйінде оқып, оқушылармен күн- 
де лік проблемасын бөлісуге болады. Көзі тірісінде жариялан- 
ған күнделік жазбаларға оқырман көпшілік кінәмшілдеу қарап, 
талап  қойыңқырайды.  Олай  болуының  өзіндік  себебі  де  бар.  
Неге  десеңіз,  күнделік  –  мынау  тіршілік-ғаламға  бір  кісінің 
көзімен  қарау,  бір  кісінің  дүниетанымымен  безбендеу  мы-
нау  ғаламды.  Осындай  ерекшелігімен  де  күнделік  жалпы 
емес, жалқы мі незді жазба. Ал өзіңмен мынау дүниені үзеңгі 
қағысып бірге кешіп келе жатқан замандасыңның жеке көзімен 
қарап, ойымен таразыланған көріністерге, әрине, келісу, келіс- 
пеуің әбден мүмкін. Сөйте тұра замандас күнделігіне өз көзқа- 
расымызды  таңбауымыз  керек.  Күнделік  ерекшелігі  осында! 
Күнделік – иесінің көзі кеткен соң, жарық көруінің тиімділігі 
де осында. 
Қазақ халқына қатысты бірнеше жазушының естелігі сақ-
талған. Табиғат жыршысы аталған М.Пришвиннің қазақ дала-
сын  аралағанда  қағазға  түсірген  күнделігі  едәуір.  1984  жылы 
қарашада жол түсіп Литваға барған едім. Сапар мақсаты Сәбит 
Мұқановқа байланысты еді. Сол сапар Ұлы Отан соғысы жылда-
ры Алматыға эвакуациямен келген Литва әдебиетінің көрнекті 
өкілі  Пятрас  Цвирка  музейінде  болдым,  жазушы  жесірі  Ма-
рия Цвиркене ханыммен әңгімелестім. Мәдениетті елдің өкілі 
емес пе, Мария Цвиркене Алматыдағы ауыр жылдар жөнінде 
күнделік  жүргізіпті.  Күнделігінде  Алматыға,  қазақ  халқына,  
жыр  алыбы  Жамбыл  қарияға  қатысты  көптеген  көз  көрген 
жайлар,  қызық  мәліметтер  қамтылыпты.  Сол  ойлардың  бір-
сы пырасын литван тілінен аудартып жазып алған едім. Қазақ-
станға  соғыс  сұрапылына  байланысты  ығысып  келген  ақын, 
жазушы,  киномаманы  дегендей  бірсыпыра  әдебиет  пен  өнер 
қайраткерлерінің  күнделіктерімен  танысқан  жайым  бар.  Бұл 
күнделіктердің бір ерекшелігі – өз халқың жайлы сырт адам-
дардың көзімен қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте күнделік 
– дерек көзі.
Арнайы кітап болып жарияланған күнделікті кім-кімде зерт-
теп талдауға мүмкін. Біз осы дәстүрді «бұзып» бүгін қолжазба 
күнделік жөнінде әңгіме маздатпақпыз. Ол – ғалым Бейсембай 
Кенжебайұлының күнделігі. Шынтуайтында, осы еңбектің өне 
бойында  Бейсекең  күнделігінен  кейбір  үзінділер  келтіріліп, 
кейбір  әңгімелер  айтылып  отырды.  Еңбекке  дәм  берер  дерек 
ретінде қосалқы қарастырылды. Ал, арнайы қарастырғанда не 
айтар едік?
Әрбір басқан ізін бұрынғы КГБ /МКК/ аңдыған, басы қа-
уіп-қатерде  жүрген,  СОКП  қатарынан  шығарылған  адамның 
күнделік  жүргізуі  –  ерлік.  Өйткені,  талай  ғалым,  жазушы 
күнделігінен айырылды ғой ол жылдары. Ал, Бейсекең күнделік 
жүргізбей отыра алмапты.
Ғалым  күнделігі  1950-1983  жылдар  аралығын  қамтиды. 
Оны «Бастан өткендер, ойға келгендер мен жиған­тергендер» 
–  деп  атапты  ғалым.  Жобалап  айтқанда  Мәшһүр  Жүсіптің 
«Месі» секілді етіп құрған. Күнделіктің алғашқы бетіне беташар 
ретінде  асау  жүректі  ақын,  өзі  өмірін  арнаған  Сұлтанмахмұт 
Торайғырұлының:
Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?
Оны жасырар адамның күші бар ма? 
Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен
Көрсетпейтін жүректің іші бар ма? – 
деген өлең жолдарын келтіріп отырыпты. Бір дәптер емес, төрт 
дәптердің бірдей беташары – осынау жолдар. Әр дәптердің ал-
ғашқы бетіне қайталанып жазылып отырған бұл – әрі өмірлік, 
ғылым қызығына айналдырған Сұлтанмах мұт ақын жырына де-

168
169
ген зор құрмет. Әрі жыр жолдарын күнде лік те айтылар ойдың 
темірқазығы етіп алу, оқушыға аңғарту.
Ал, көрнекті ғалымның бұл күнделіктері не жөнінде? Қам-
тылған тақырыбы, қадап-қадап айтқан ойлары қандай? Күн де-
лікте қасаң да, қатал уақыт салдарынан жасырып айтқан ойлар 
бар ма? Күнделік тағлымы бізге не айтады?
Күнделік қамтыған мәселелерден тақырып тумақ. Тақырып, 
әдетте күнделікте автордың азаматтық, қайраткерлік болмысы-
нан келіп шығады. Бейсембай Кенжебаев кім еді? Кім болып 
өтті өмірден? Уақытында қадіріне жеттік пе, жоқ па?
Біздің  ұғымымызда  Бейсембай  Кенжебайұлы  сөздің  шын 
мағынасындағы  филолог  ғалым  еді.  Ол  не  деген  сөз?  Осы 
ретте  академик  Н.И.Конрадтың  белгілі  арабист  И.Ю.Крач-
ков   ский  жөнінде  айтқан  мына  бір  сөздері  ойға  оралады: 
«И.Ю.Крачковский  филолог­арабист  еді.  Бұл  нені  аңғар­
тады?  Филология  ғылымының  кандидаты,  докторы  деген 
атақ­дәреже тілші­ғалымға да, әдебиетші­ғалымға да бірдей 
беріледі.  И.Ю.Крачковский  тілші  һәм  әдебиетші  ғалым  бола 
алды  ма?  Болды  деуге  де,  болмады  деуге  де  келеді.  Алайда, 
ол  сөздің  өте  дәл  мағынасындағы  ФИЛОЛОГ  болды.  Шы­
найы  филолог  тек  қана  тілші  болумен  шектелуге  хұқы  жоқ. 
Тіл  құбылыстары  арғы  жағынан  ол  тілдің  өзін  көре  білуге, 
ал  тіл  арқылы  –  халықтың  ойлау  жүйесін,  ақыл­парасатын 
тани  білуге  тиісті.  Өлең,  әйтпесе  роман  оқығанда  халық 
данышпандығына үңіле білуі жөн. Филолог әмсе тарихшы да 
бола білуге тиісті, онда да тарихтан барша өмір құбылысын, 
өмір үшін күрес пен жасампаздықты танитын тарихшы бола 
білуге  керек»  (Н.И.Конрад  «Батыс  және  Шығыс»,  М.,  1972, 
489-б).
Иә, ұлы шығыстанушы Н.И.Конрад осылай деген еді Крач-
ковский  жөнінде.  Осы  ойларды  қазақ  әдебиеті  тарихын  сан 
ғасырға ілгерілетуге және тереңдетуге мұрындық болған Бей-
сембай Кенжебаев жөнінде де қайталағың келіп тұрады. 
б.кенжебайұлы  –  журналист  еді.  Алайда,  бүгін  бар  да 
ер тең  жоқ  жеңіл  мәселелерді  жазбады.  Мезгілдік  саясаттың 
құлына айналмады. Ол журналист бола жүріп тіл, әдебиет, та-
рих,  өнердің  ірі  мәселелерін  көтерді  баспасөз  бетінде.  Қазақ 
баспасөзінің тарихын зерттеді. 
б.кенжебайұлы – әдебиет сыншысы еді. Алайда, уақыт 
жүгін  көтере  алмас  арзан  дүниелерге  алданып,  малданып 
–  жадағай  рецензент,  жалпақ  шешей  атанған  сыншы  емес. 
Әдебиеттегі  құбылыстар  жайында,  бүгін  болмағанымен  күні 
ертең құбылысқа айналар туындылар жайында қалам тербеді. 
Барды  бар  деп,  жоқты  жоқ  деп  айта  білді.  Солай  деп  жаза 
білді. Басқасын былай қойып, Мұхтар Әуезовтің «Абай» рома-
нын жете танып, жарыққа шығарып, арашалап мақала жазып, 
Қ.Шаңғытбаев  екеуі  «Қазақ  өмірінің  энциклопедиясы»  деп 
тақырып қоюының өзі көрегендік емес пе?!
б.кенжебайұлы әдебиет тарихшысы еді. Тарих қойнауы-
на  тереңдеп  батып  барып  түркі  халықтарына  ортақ  асыл 
мұраларды  алғаш  бағдарлаған,  қазақ  жұртшылығымен  алғаш 
табыстырған да осы табанды әдебиетші.
б.кенжебайұлы  тарихшы  еді.  Халықтың  азаматтық  та-
рихы  мен  әдебиеті  тарихын  өзара  сабақтастыра  қарастырды. 
Әдебиет тарихын сол халықтың азаматтық тарихы ізімен жа-
сауға тырысты, әдебиет тарихына тереңдеу арқылы азаматтық 
тарихымыздың көп келелі мәселелеріне пікір айтты. Басқасын 
былай  қойып,  қырқыншы  жылдардың  өзінде  «Абылай»  атты 
кітап жазып, бастыруының өзі неге тұрады?!
б.кенжебайұлы – лингвист-тілші ғалым еді. Ана тілінің 
тазалығы жөнінде журналист кезінде айтқан пікірін үнемі ұш-
тап, өрістетіп, дамытып отырды. Ол тіл білімі саласындағы жаз-
баларын тіл тарихымен байланыстырып отырды. Бұл ретте ол 
орыстың үлкен тіл тарихшысы Р.Будаговты еске түсіруші еді. 
«Сөз туралы сөз» аталатын кітабы сөз тарихын қарастыратын, 
сөз этимологиясына тереңдеп баратын құнды еңбек еді. 
Міне,  осы  жайлардан  кейін  Бейсекеңді  сөздің  шын  мағы-
насындағы ірі филолог ғалым еді демеске лажымыз қайсы?!
Біз ғалымның біреуге белгілі, біреуге белгісіз дарын қыр-
ларын неге тәптіштеп айтып отырмыз? Айтып отырған себебі - 
 міз – күнделік жазбалары автордың кім екендігіне тікелей тәу-
елді.  Б.Кенжебайұлының  күнделігі  ғалымның  тарих,  этногра-
фия,  археология,  лингвистика,  әдебиет,  ұстаз  ойлары  секілді 
жазбалардан бас құрайды. Тақырыбына орай ол жазбалардың 
сан алуан проблемалары бар. Ол ойлардың проблемалық мәні 
болса  уақытында,  неге  ағымдағы  баспасөзде  жарияланбаған? 
Шынтуайтында,  уақытында  жариялануға  тиісті-ақ  жазбалар. 
Әттең, уақыт қиракезеңдігі, саясат қытымырлығы, ұлтым деген 
ұлы сөздің «жоғарыға» жақпайтыны…
Тәтті-тәтті  дей  бергенмен  тілге  дәм  үйірілмейтіні  секілді 
ғалым күнделігін сырттай сипаттай бермей, нақты мысалдар-

170
171
мен сөйлейік. Сонда ол күнделік жазбалардың уақытында неге 
жарияланбағаны да түсінікті болады. 
«Совет Одағы халықтарының 1959 жылы, 15 январь күні 
алынған есебі жарияланды. («Правда» № 35, 4.11.60 ж.) Со­
вет  Одағында  барлығы  208.826.650  адам  (94.050.303  еркек, 
114.776.347 әйел) бар. Совет Одағы адамдары ішінде 3 милли­
он 581 мың қазақ бар екен.
Ұмытпасам, 1920 жылғы санақ бойынша Совет Ода ғында 
қазақ 6 миллион адам деп айтылушы еді. Сонда соңғы қырық 
жыл ішінде қазақ өспеген, қайта кеміген; екі жарым миллион 
шамасы кеміген.
Бұл неден? Бұл, әрине, 1932 жылғы қиыншылықтан, 1936­
1937 жылдар оқиғасынан, 1941­1945 жылдардағы Ұлы Отан 
соғысынан деп білу қажет. Өзге халықтардан қазақ көп опат 
болған…
1941­1945 жылдардағы соғыс көппен көрген ұлы той: бүкіл 
елге бірдей. Ал, 1932 жылғы ашаршылық қазаққа елден ерекше 
келген пәле: бірді­екілі оңбағандардың асыра сілтеуінің салда­
ры болды.
Тегі қазақ өспейтін тұқымнан емес, өсетін тұқымнан. Ол 
келешекте, сөз жоқ, өседі. Оның өсуіне қазір барлық жағдай 
бар. Бірақ…
Әлгі 3 миллион 581 мың қазақтың бір жарым проценті өз 
ана тілінде сөйлемейді делінген. Яғни, олар қазақ тілін білмейді. 
Келешекте, қазақтың жалпы саны өсуімен бірге, оның осы өз 
ана тілін білмейтіндерінің де саны өседі. Сонда екі есеп – бір 
есеп болады…» 
Елуінші  жылдардың  аяғында  күнделікке  түскен  осынау 
жазбалардан  не  ұғуға  болады?  Ойланып,  бажайлап,  тереңдеп 
оқысаңыз бұл сұмдық астарлы сөз. Халық тағдырына жасалған 
қиянат  пен  жасалып  отырған  қиямпұрыстықтың  неше  ата-
сын астарлап айтып, жұрт құлағына салып отыр. «Сүт болып 
ұйып келе жатқан халықтың» (Қ.Мырзалиев) қалай төгілгенін, 
келешегінен  қалай  кесіліп  отырғанын  артық  астарлы,  осыдан 
артық  батыл  айту  мүмкін  емес  шығар,  асылы?!  Өзі  басымен 
қайғы болып жүрген елуінші жылдары осындай демографиялық 
ойлар  айту  –  ерлік  қой.  Мұндай  ой  жұртын  сүйген  жүректен 
ғана  шықса  керек.  Күнделігіндегі  бар  ой  осындай  халықтану 
бағытында өрістеп отырады. 
«Құда, анда. Осы күнгі қазақ тілінде жекжат деген ма­
ғынада  қолданылатын  «құда,  анда»  деген  қос  сөз  ерте  уа­
қытта  «одақ»,  «союз»  деген  мағынада  қолданылады  екен. 
Құда – қыз алып, қыз беретін одақ, анда – әскери одақ деген 
сөз екен.
Бір заманда, көбінше жаугершілік кезінде бір ел мен екінші 
ел әрі қыз алып, қыз беретін одақ, әрі әскери одақ құрады екен: 
құда, андалы ел болады екен.
Кейін  жаугершілік  саябырсыған  заманда  оның  анда  – 
әскери одақ мағынасы жойылып, құда – қыз алып, қыз беретін 
одақ мағынасы ғана қалған. Бірақ бұрынғы тұлғасында «құда­
анда» деп айтыла берген».
Күнделіктегі екінші бір жазба осындай. Бұл не? Тіл мәселе-
сі ме? Тарих мәселесі ме? Әдебиет пе әлде? Бұл – әрі тіл тари-
хы, әрі шын тарихтың өзі, әрі әдебиет. Бұл – ең бастысы елім, 
жұртымның санасына тарихи сапа бітірсем деп армандаған әзіз 
жүректің  үні.  Елуінші  жылдардың  өзінде  ғалымның  осындай 
филологиялық  ізденісте  жүруінің  өзі  кісіге  ой  салады  емес 
пе?! Тіл тарихына осылай бойлау ғалым күнделігінде өз алды-
на өнімді жинақталып, өз алдына бір арна тартқан, үлгерімді, 
өнегелі атқарылған бір жүйелі еңбек.
«Адам  жылқы  мінезді  –  дейді  қазақ.  Мен  осының  мәнісі 
былай­ау деп ойлаймын.
Жылқы бірінен бірі бөлек, алыс жүрсе кісінеседі. Ал бірі мен 
бірі қосылысса, жақындаса кетсе тістеседі, тебіседі.
Адам да (әсіресе қазақ) дәл осылай ғой… Сондықтан тағы 
қазақ адамды:
Алыста жүрсе – кісінескен, 
Жақындасса – тістескен», – 
дейді».
Күнделіктің  тағы  бір  мезеті  осылай  сөйлейді.  Өз  халқын 
сырттай бағып, іштей бақылап, ұзақ толғаныс, ұзақ байқаудан 
түйген қорытынды. Әлде, Абай айтқан достан да, дұшпаннан 
да көңілі қалып, жаны құлазып отырғанда жазған ойы ма? 
«– Сенің ең жақсы досың кім? – деп сұрапты бір даныш­
паннан. 
– Кім өз халқымның досы болса, сол менің жақсы досым, 
–  деп  жауап  беріпті  данышпан»  (Қытай  халқының  да налық 
сөздері) 
Күнделіктегі  «конспекті»  дерлік  екінші  бір  сөз  осылай 
сөйлей ді.  Бұл  ғалымның  өзі  пір  тұтқан  сөз  болуға  керек.  Өзі 

172
173
де үнемі осындай ойда өтті ғой. Ара-тұра «осы халқым кім?» 
–  деп  ойланар  болса,  құлазыңқы  көңіл-күй  аңғарылса,  ол  – 
тұтас халыққа емес, халықтың белгілі бір пенде-перзенттеріне 
арналған сөз. Ал, өз басы халқын шексіз сүйіп өткен жан еді 
ғой Бейсекең.
Қысқасы,  ғалым  Бейсембай  Кенжебаевтың  күнделіктері 
ғылым  дүниесінде  ой  кешіп  жүрген  жанның  көңіл  әуеніне 
құрылған. Онда ақыр-аяғы оқыған кітабын конспектілеуге де - 
йін  бар.  Оқыған  мақал-мәтел  аудармасы  қаншама?!  Сондай-
ақ қиын жылдары өзіне сан мәрте төнген қатер жөнінде жаза-
ды. Қатер төндірушілердің кімдер екенін кейде тік атап, кейде 
ишаралап білдіріп отырады. Замандастарын мінездейді. Аяулы  
адамдар, жақсы замандастары өмірден өткенде қоштасу сөзін 
жазып қояды. (Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұ - 
лан,  А.Жұбанов,  т.б.)  Дарынды  шәкірттеріне  бата  береді,  ма-
мандығы ұстаз болған соң, студенттердің мінез-қылығын бақы-
лайды. Айтқан ақылды сөздерін күнделік арқылы қадағалайды. 
Шәкірт білімін мерей көреді. Күнделіктер – М.Горький айтқан, 
кісіні  сүйген  жүректің  дүрсілі.  Қаза  жетіп,  қисая  кетсем,  ке-
йінгі  ұрпақ  қапы  соқпасын  деген  ойлар  әмсе  мол  жатыр-ау. 
Күнделіктер – көне заман философтарында жиі кездесетін «Кар-
манный оракул» (Ақыл қалта) іспетті. Бейне Мәшһүр Жүсіптің 
«Месі» іспетті бай қазына. Бейсекең күнделігінен ұлтын сүйген 
сабырлы саз аңғарылады. 
Қайсысы да ойландырады. Қайсысы да қайғыға шомдыра-
ды. Мынау жалғанға барынша саналы көзбен қарауға үйретеді. 
Күнделік  –  мол-мол  тәжірибе.  Күнделік  –  өмір  жайлы  сыр. 
Күнделік – ой-парасат. Өмірдің нарқын, тіршілік парқын білуге 
септесе күнделіктің де әдебиет міндетін атқарғаны.
Ғалым  күнделіктері  сырға  толы,  мол  қазына!  Қытымыр 
уақыттан  қорқып,  осындай  ойларын  жазып  қалдыра  алма-
са  қандай өкініш болар  еді? Уақытпен  тайталаса  жүріп  ойлы 
күнделік жазбаларын қалдыруы ғалымның ерлікке пара-пар са-
налы бір әрекеті. 
ӨТелгеН парыз
(Профессор б. кенжебайұлының  
бір мақаласының тарихы) 
(Он төртінші ерлік)
Ол мақтанды.
Мақтан сыры кезінде «Қазақ әдебиеті» апталығында қыз-
мет  істеп  жүріп,  ұлтшыл  атанып  жұмыстан  қуылғаны.  Кеше 
қиналған,  бүгін  қуанады.  Кеше  жылаған,  бүгін  күледі.  Кеше 
өкінген, бүгін шаттанады, өзін қаһарман сезінеді. Бәрі де жөн. 
Бірақ, бірақ, кызметтен не үшін қуылғанын тәптіштей бермеді. 
Ал, менің көз алдымнан көлбеңдеп көп сурет елестеп өтіп жат-
ты, өтіп жатты.
Жасамыс  оқымыстыға  соңғы  кездері  бір  ой  маза  бермей 
жүр.  Жатса,  тұрса  ойлайтыны  –  Алаш  ардақтылары.  Бәрінің 
дерлік көзін көрді. Бала да болса қол қусырып сәлем берді, ке-
мел келешек жайлы арманды әңгімелерін тыңдады. Біразынан 
жақсылық көрді. Елім деп еңіреген ерлер еді. Енді жоқ. Елдік 
мүддеден өзге ойлары болған жоқ еді. Неден жазды тағдырға? 
Бәрін көрген, бәрін біледі. Ұсталды. Сотталды. Ақ теңізге дейін 
айдалды. Қайта оралды. Қайта сотталды. Итжеккенге айдалды. 
Атылды. Бәрі де көз алдында. Ұмыту мүмкін емес. Жатса, тұрса 
көз алдынан кетпей көлбеңдеп жүрген бір елес.
Ашынады профессор, ашынады. Өз-өзінен жынданып, бар 
шындықты айқай салып айтқысы келеді. Айта алмайды. Айт-
қызбайды.  Кіжінеді  келіп,  кіжінеді.  Кіжінгеннен  не  пай-
да?! Айналасы түсінбейді.
Ұлы Мағжан ұстазы еді. Ақталды. Университетте жиын жа-
сап еді. Бәлеге қалды. Қазақ «қырағы». Қазақ «көргіш». Көріп 
қояды. Көрсетіп қояды. Тіпті ұстатып жібереді, көзіңді жояды. 
Бұдан төрт жыл бұрын Сұлтанмахмұт үшін сорлады. Партия - 
дан шығарды, жұмыстан қуды. Ақаң, Жақаң, Мағжан, Жүсіп-
бек, Халел, әріде Әлихан, беріде Сұлтанбек, Садықбек, Нәзір... 
Құдай-ау, көрерге көз керек еді ғой кетпен тұяқ кемеңгерлерді. 
Шынымен ұмытылмағаны ма шын асылдардың?!
Алаш аймүйіздерін ойласа іші өртеніп кете жаздайды. Тұла 
бойын тұлан тұтады. Өзін босқа өмір сүріп жүргендей сезінеді. 
Әлиханды Сәлихан, Әлімханды Сәлімхан, Жүсіпбекті Жүнісбек 
деп  алып  Сұлтанмахмұт  өмірінен  деректі  әңгімелер  де  жаз-

174
175
ды.  Аз.  Бәрібір  аз.  Қашан  ел  боламыз?–  дейді  ол,  қашан 
ақтап аламыз Алаш аймүйіздерін? А.Т.Твардовский өзінің жеке 
беделін салып жүріп кеңес өкіметін келекелеп, жат елге қашып 
кетіп, сыртта өлген Иван Бунинді ақтап алды. «Литературная 
газетаны» ашып қалсаң Жазушылар одағы бұрын өткен жазу-
шылары жөнінде комиссия құрғанын оқисың. «Жылымықтың» 
әсері  әрине.  Мемлекет  басына  Н.С.Хрущевтің  келгенінің 
пай дасы.  Соғысқа  дейін  бір  үйде  тұрған  еді.  Сырттай  көріп, 
есендесіп өтіп жүретін одан мұншалық ерлік күтпеген еді. Тек 
енді басталған ісін алға жүйелі апарғай! Орыс үлкен ел. Үлкен 
елдің  шарапаты  тиер  ме  дейді.  Шарапаты  тиер  деген  сәттің 
бәрінде  кесапаты  тиіп  келеді  бірақ.  Дегенде,  үлкен  Империя. 
Ал, біз ше? Біз өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырар күн 
болар ма екен, сірә?!
Кенет оған бір ой түсті.
«Әрекет  болмай,  берекет  болмайды».  Жазу  керек.  Асса 
асар,  атса  атар.  Алаш  ардақтыларынан  жаным  қымбат  емес. 
Ақаң елуінде ел көсемі атанды. Біз де елуден астық. Ендігі өмір 
олжа. Ел кәдесіне жараса одан артық не керек?!
Ол жазу үстеліне отырды. Ақ қағазға «Асыл жерде қалма­
сын» деп бадырайтып жазып қойды. «Елді – ел ете тін – елдік 
іс» – деп ой сабақтады. Жоқ. Тым жоғары нота. Қарадай жау 
шақыруы мүмкін. Жамылғы керек, жамылғы. Әлгі ойды сауа - 
йын.  «Литературная  газетаның»  соңғы  кездегі  номерлерінде 
«ССР  Жазушылар  Одағының  қаза  тапқан  совет  жазушы ла­
рының әдеби мұраларын жинау, зерттеу жөнінде комиссиялар 
құрған  хабары  жиі  жарияланып  жүр.  Бұл  –  мәдени­тарихи 
мәні  зор  іс»  –  деп  бір  қойды.  Біздің  Қазақстан  Жазушылар 
одағы басқармасы да осындай елдік іс, іргелі қадамдарға баруы 
керектігін атап өтті. Ояту. Қанаттандыру. Жігерін жану.
КПСС Орталық комитетінің елге еңбегі сіңген таланттарды 
дүниетаным, көзқарасына қарап жатпай, ақтауға кіріскенін ер-
генекке апарып ілді. Кезінде түрлі жағдаймен шетелге өтіп, ке-
йін оралған М.Горький, А.Куприн, А.Толстойдың кеңестік мә- 
де ниет  қайраткеріне  айналғанын  айтып  өтті.  А.Твардовский 
көрсеткен қайратқа сүйсінді. И.Буниннің есімі мен әдеби мұра- 
сы ның елге оралғанын үлкен олжа деп қадап айтты. Сол жолда 
замана  кеңшілігін  қазақ  әдебиеті  үшін  пайдалану  қажеттігін, 
олай  ету  КПСС  Орталық  Комитеті  талабына  іспен  жауап 
беру  екенін  де  ескертіп  өтті.  «Біз  де  осы  міндеттен  кешігіп 
қалмауымыз керек: өйткені бізде де әдеби мұралары жиналу­
ға, зерттелуге, әдебиетіміздің тарихынан орын алуға тиісті 
бұрын­соңды  қаза  болған  ақын,  жазушылар  бірталай»  –  деп 
ойып жазады.
Ә.Бөкейханов,  А.Байтұрсынов,  М.Жұмабаев,  Ж.Айма уы  - 
тов  есімдерін  оқырман  есіне  салды.  С.Қожанов,  Н.Төре құ - 
 лов,  С.Сапарбековтің  қайраткерлігі  мен  қалам герлігі  қа тар 
ұшталғанын  да  ұмытпады.  Екінші  кезекте  Ш.Иман бае ва, 
Ж.Тілепбергенов,  С.Садуақасов,  Е.Алдоң ғаров,  С.Ерубаев, 
Е.Бекенов,  А.Жұмағалиев,  А.Сегізбаев,  С.Нұр  жанов,  Б.Бұл-
қышев,  С.Дайырбеков,  Р.Малабаев  есім дері  аталды.  Бұлар 
«еш  жерде  ауызға  алынбайды,  тіпті  ұмытылып  барады. 
Дұрысында бұлар ұмы ты луға тиісті емес» – деп  шегеледі 
ойын.  Оппоненттердің  дауыс  көтерерін  сезіп,  олар  жазған 
дүниелердің  тақырыбы,  идеясы  бүгінгі  күнге  келмейді  деп 
қорықпау  керектігін  айтты.  «Олар  өз  кезінде  әдебиетіміздің 
көрнекті қайраткерлері болған» – деп көз көргендік райымен 
сендіре  сөйледі.  Бас-басына  тоқталып,  шығармаларын  атап-
атап өтті. Мән-маңызына тоқталды. Соңында «Амал не, қазақ 
жазушыларының  жоғарыда  аталғандай  үлкен  бір  тобының 
творчествосы күні бүгінге дейін ұмыт болып келеді. Олардың 
еңбегіне  лайық  баға  беру  Қазақстан  әдебиетшілерінің  өтел­
меген парызы болып отыр» – деп түйеді.
Міндет  арту  сөзінің  соңын  ала  «Әрине,  олардың  таң да­
малы шығармалар жинағын шығару керек. Мұны тиіс ті орын­
дар жедел қолға алар деп сенеміз. Асыл жерде қал масын!» – 
деп ымыраласа сөйледі, елдік іске үндей аяқтады мақаласын! 
Көңілінде телқабыс сезім тербеледі. «Асыл жерде қалмасын» 
атап  маңызды  мақала  жазды,  ұмыт  қалып  жүрген  мәселені 
көтерді.  Дұрыс-ау,  онысы!  Бірақ,  ойын  оң  түсінер  ме,  совет 
мектебі  түлектері?  Өз  басына  бәле  болып  жабыспас  па?  Жа-
риялай  ма,  жоқ  па?  Тәуекел!  Алаш  аймүйіздері  әруақтарына 
сүйендім! Ғалымның ақсары жүзі алаулады. Азарлығы тағы бір 
азап. Тәуекел!
Аяңдап «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына келді. Пісте 
мұрын, жымсық көз, тамағының астына бұғақ байлай бастаған 
ақсары азаматқа өтініш айтып, қолындағы мақаласын ұсынды. 
Обалы не, ол да «Бейсекелеп..». орындық ұсынып құрақ ұшып-
ақ жатыр.
– Соңғы кезде батыл мақалалар бере бастадыңдар – деп ри-

176
177
ясыз ойын айтты. Мүмкін болса, мына мақаланы да газеттеріңе 
бассаңдар. Сауапты іс болар еді.
–  Ой-бу,  Бейсеке  ағаларымызға  батыл  мақала  жаздыра 
алмай  жүрміз  ғой.  Әйтпесе,  неге  баспайық?!  Басамыз  –  деді 
ақсары жігіт... Жылы қоштасып, Бейсекең үйіне қайтты.
Ұзамай  «Қазақ  әдебиеті»  газетінің  1957  жылғы  25  қаң-
тардағы  N4(108)  номерінде  мақаласы  жарқ  ете  түсті.  «Асыл 
жерде  қалмасын»  аталатын  тақырыбын  «Өтелмеген  парыз» 
деп өзгертіпті. Мейлі-ақ. Шағындау ғой. «Құлағын кесіп, құн-
титып, құйрығын кесіп шұнтитып» әдеттеріне басыпты-ау. Ә, 
ә, жарықтық Алашорда бұл жолы да бағың жанбапты. Жолың 
кесіліпті. Қысқарған. Кешіріңдер, Алаш аймүйіздері! Жігіттер-
ді де түсініңіздер. Амал қанша?! Кезектерің бір келер. Күндерің 
бір туар. “О, о, мына қараңыз. Смағұл дос ілініпті-ау, әйтеуір”. 
Қадалып  оқыды:  «Ал,  Смағұл  Сәдуақасов  (ұмытпасам,  1935 
жылы өлді) революцияның басынан бастап жауапты партия, 
совет  жұмыстарында  болды.  1921  жылы  оның  «Жастарға 
жаңа  жол»  деген  кітабы  шықты.  Смағұл  «Салмақбайдың 
ауылында кооператив қалай ашылды», «Күлпаш» деген роман­
дар,  «Күміс  қоңырау»  деген  повесть,  көптеген  саяси–  әдеби 
мақалалар жазды”.
Қуанып кетті. Ұлы жобасы сақталыпты. Бұл да болса үл­
кен олжа. «Мәскеудегі Лизаға жіберермін. Ол да қайбір оңып 
жүр дейсің. Туған жерден жырақта. Смағұлдан қалған жал­
ғыз тұяқ соғыста опат болды...».
Ғалым  ойын  телефон  сылдыры  үзді.  Арғы  беттегі  әбіржу 
үн  Бейсекеңді  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитетінің 
хатшысы  Нұрымбек  Жанділдиннің  жедел  шақыртып  жатқа - 
нын  хабарлады.  Әрине,  хатшы  Бейсекеңнің  ата  жауына  ай-
налған адам. Еңбегін жоққа шығарып «Сұлтанмахмұт тура­
лы сапасыз кітап» аталатын айуандық мақала жазған хатшы. 
Мақаласында асау жүректі ақынды да, мұны да аямаған. Енді, 
міне тағы шақырып отыр. Сағынып отыр дейсің бе? «Өтелмеген 
парыздың»  өтеуіне  шақырып  отырған  болар?!  Жаңа  майдан, 
жаңа айқас! Бейсекең іштей ширыға түсті. 
Қарабет  хатшы  мен  қайсар  ғалым  итше  сілкілесті.  Сіл кі-
лесуге себеп – Смағұл Садуақасов! Итжеккенге айдататын бо-
лып хатшы қалды. «Басқа салғанды көрерміз» – деп бұл кетті. 
Қайтпады. Телефон сылдырады. Семейден екен.
– Бейсеке, мен Рахымжан ғой! 
– Қай Рахымжан?
– Рахымжан Малабаевпын! 
Ғалым жүрегі дір ете түсті. Өзі кешегі мақаласында өлген-
дер  қатарында  атап  еді.  «Жерден  шықты  ма,  көрден  шықты 
ма?»  Тірі  екен-ау  бейбақ!  Уақыттан  қорқып  бой  тасалағаны 
ғой, қайтсін енді?! Рахымжан аңқыл дап бар жағдайын баяндап 
өтті. Өлі десе де, тірі десе де атап мақала жазғанына қуаныш - 
ты. Хат жазып, хабарласпақ болып телефон тұтқасын жапты. 
Телефон сылдырады. Орталық Комитеттен. Жаманат хабар. 
Бейсембай Кенжебаевтың ұлтшыл рухты, халықтар достығына 
кесел  келтірер  зиянды  мақаласын  жариялағаны  үшін  «Қазақ 
Каталог: books
books -> Мақалалар, баяндамалар жинағы
books -> 1 Бес томдық шығармалар жинағы Телжан Шонан лы Оқу құралдары, оқулықтар
books -> Ғылым комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сейіт Қасқабасов
books -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Редакция алқасы
books -> Құл-Мұхаммед М., төраға
books -> Ербол шаймерден°лы шы армалары бесінші том


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   41


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет