СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



Pdf көрінісі
бет15/41
Дата28.12.2016
өлшемі2,26 Mb.
#667
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   41

4. Жадыңда тұрар жаңғырып...
(Түйін)
Бейсекең  жарықтық  әкемдей  болған  адам.  1980-87  жыл-
дар аралығында бір шаңырақтың астында әкелі-балалы болып 
тіршілік кештік. Ақирет сапарына ақ жуып, арулап аттандыр-
дық. Бейсекеңнің батасын, елдің алғысын алдық. Өніп-өсуіміз 
керек-ақ еді...
Естелік  кітабын  жинап  шығару  мақсатында  қазақ  қалам-
герлеріне сауын айтып хат жаздым. Бәрі бірінің аузына бірі тү-

190
191
кіріп қойғандай «кеңестік тар кезеңде қазақ әдебиетін «Түрік 
қағанаты» дәуіріне дейін ілгерілеткен, жұрт сатқанда Алашты 
сатпаған, батыр Едіге, хан Абылай, Кенесарыны қазақ үшін қа - 
нын  төккен,  жанын  қиған  қаһарман  ретінде,  Абай,  Сұлтан-
махмұтты, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбекті, Смағұл, Сұлтанбек, 
Садықбек, Нәзірді жан аямай қорғап ұлықтаған ұлтшыл азамат, 
ұлы ғалым райында мойындай жазыпты. Шүкір.
Ал,  лектор  ретінде  артық  сөйлесе  жан-жағына  жалтақ-
жалтақ қарайтын, ұяң үнді, биязы жүзді, дауысы жәй шығатын, 
тартымсыз  лектор  еді  дегенге  сайып  сөз  сөйлепті  кейбір 
қаламгерлер.
Сәбит  Мұқановтың  куәлік  етуіне  қарағанда  В.Бартольд 
миына  қан  құйылған,  тілі  сақау,  дауысын  алдыңғы  партада 
отырған бірді-екілі студент зорға еститін «нашар» лектор бо-
лыпты.  Біреу  кіріп,  біреу  шығып  жатады.  Ол  екі  студент  от-
ырса да Түркістан тарихы жайында лекциясын зор шабытпен 
оқи береді екен. Құданың құдіреті осындай адамның тартым - 
сыз  лекциясына  үзбей  қатысатын  5-6  студент  болса  керек. 
Соның  бірі  –  академик  Әлкей  Марғұлан.  Әлекең  лекциясын 
тыңдадық. Тартымсыз еді. Шыдамың жетіп тыңдасаң – «нашар» 
лектордың  берер  білімі  ұшан-теңіз  болатын.  Бәлкім  Бейсекең 
де осындай «нашар» лектор. Бірақ, ұлы ұстаз.
Мына  жайға  қараңыз:  бірінші  курс  студенті  Мағауиннің 
қолжазбасын оқып «осы қалпыңда дайын ғалымсың» – дейді, 
18  жасар  студент  Әбіш  Кекілбаевтың  «Менің  ғасырым»  по-
эмасын  1960  жылдың  ең  үздік  поэмасы  деп  Қазақстан  Жа-
зушылар  Одағында  жанр  жөнінде  баяндама  жасап  айтады, 
мақаласында  жазады  (Х.Ерғалиев  менің  «Құрманғазымнан» 
студентіңнің поэмасын жоғары қойдың деп зілденеді), 3 курс 
студенті  Рымғали  Нұрғалиевпен  «Сабыр  Шарипов»  атала-
тын,  4-ші  курс  студенті  Қабиболла  Сыдиықұлымен  «Біржан­
Сараның  айтысы  туралы»,  5-ші  курстың  студенті  Алма  Қы-
раубаевамен  «Мұхаббат  нама»  жайлы  бірлесіп  кітап  жаза-
ды.  Өзі  үшін  емес.  Шәкірті  үшін.  Жастарды  ғылымға  баулу, 
жазуға  үйрету  жолы.  М.Жолдасбековті  «Орхон-Енисей»  тас 
жазуларына,  М.Мағауинді  ХV-ХVІІІ  ғасыр  ақын-жыраулары 
поэзиясына,  Қ.Сыдиықұлын  ХVІІ-ХVІІІ  ғасыр  ақын-жы рау-
ларына,  Р.Нұрғалиевты  М.Әуезовтің  жабық  трагедияларына, 
А.Қы раубваеваны Алтын орда дәуірі әдебиетіне салады. Н.Ке-
лімбетовті  діндар  Шәді  төре  мұрасына,  Қалижанды  Ақмола 
ақын  мұрасына  салады.  Бәрі  де  жабық  жатқан,  ашуға  тыйым 
салынған,  кісі  аяқ  баспаған  тың  еді.  «Мырзашым  қорғады», 
«Мұхтар,  Мұхтар,  әлі­ақ  мықтар»,  «Қаби  жарып  шықты», 
«Айналайын  Алмам  ер  орнына  жүрді»  –  Бейсекең  әр  шәкірті 
қорғаған  сәтте  күнделігіне  түсірген  көңіл  әуендерінің  үзігі. 
Р.Нұрғалиев докторлық қорғағанда жаңа шапан емес, «кедергі 
көп болды, қырсығы кесілсін, құтым барсын» – деп тері сіңген 
ескі шапанын кигізді. Шәкіртін бауырынан өнген перзентінен 
бір елі кем көрмейтін данабейіл жанның әрекеті. Әйтпесе кім 
қорғамай жатыр? Қорғап болғанша, сорып бітетін ұстаздар аз 
ба?
Әр шәкіртіне тақырып берер еді. Тақырыппен бірге соған 
керекті теориялық, методологиялық әдебиетті қоса ұсыну қа-
шанғы әдеті. «Қайтарымы – кандидатттық!» – дейді ны ғыр - 
лап.  Осындай  жолмен  Бейсекеңнің  қолдан  қыздай  ұзатылған 
қимас,  қымбат  кітаптары  –  М.Мағауин,  Р,  Нұрғалиев,  А.Қы-
раубаева  (марқұм),  З.Ғ.Бисенғалиде  күні  бүгін  жүр.  Марқұм 
жай саң ақын Жарасхан Әбдіраш ақсақалдың көңілін сұрай ке - 
ліп «Аға, алдыңызда айыптымын. Берниязды ғылымға айнал­
дыра  алмадым.  Қаза  бастасам  арғы  жағынан  Мағжан  со­ 
паң  етіп  шыға  келеді.  Кінәлімін.  ХХ  ғасырдың  басында ғы 
орыс  поэзиясы  туралы  кітабыңызды  не  кандидаттық қа  ай­
нал дырып  «сіңіре»  алмай,  не  өзіңізге  қайтара  алмай  қара 
басты мені» – деп көзіне жас алған еді. Шәкірттері осындай 
тапсыр мамен берген Бейсекең кітаптарын кейін маған қайтар-
ды.  О.Нұрмағамбетова  Жирмунскийдің  өлең  сөздің  тео  риясы 
туралы кітабын, Қ.Сыдиықұлы М.Ю.Лермонтов поэзиясы жай-
ында орыс зерттеушісі кітабын Бейсекең рухына алғыс айтып 
қайтарып  еді.  Ой,  жарықтықтар-ай.  Түркістанда  Бейсекеңнің 
түркологиялық  музейін  ашып  жатқан  осы  бір  ұрымтал  тұста 
шәкірттері  жарықтықтың  кезінде  жәрдем  болар  деп  берген 
кітаптарын қайтарар... Адал сүт емген азаматтар еді ғой.
Лекторлық шешендікке байланысты. Лектор – актер болуы 
керек. Дұрыс-ақ. Шешен сөйлейтін небір лекторды тыңдадық. 
Берері көп болмайды өкінішке қарай. Шәкіртке білім беру ор-
нына, шәкірт алдында роль ойнап шығып кете барады. Соған 
қарағанда лектор, лекторлық туралы ұғымымыз қате болуы ке-
рек. З.Серікқалиұлы айтып еді: «Сорымызға қарай мектепте 
бізге  С.Сейфуллин,  І.Жансүгіров,  Б.Майлинді  оқытқан  жоқ. 
Олардың  есімін  осы  Бейсағаңдардан  университетке  келіп 

192
193
естідік» – деп. Р.Нұрғалиұлы айтады: «Ахмет Байтұрсынұлы 
кітабын  Бейсекең  маған  оқуға  жасырып  беріп  еді»  –  деп. 
У.Қалижан айтады: «Бейсекең Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек 
секілді Алашорда өкілдері жайында естелік жазып, өзге жаз­
баларымен бірге Орталық Мемлекеттік архивіне маған тап­
сыртты»  –  деп.  Алашорда  өкілдері  есімін  алғаш  Бейсекең 
аузынан  есітіп  едік  деген  әңгімені  Ә.Жұмабай,  Т.Кәкішұлы, 
Р.Бердібай, Ә.Ыдырысов, Н.Қазыбек айтады естеліктерінде.
Егер,  1953  жылы  Б.Кенжебайұлын  партиядан  шығарып, 
М.О.Әуезов  екеуін  бір  бұйрықпен  университеттен  қызметтен 
қуса  –  соңындағы  КГБ  салпаңқұлақтарының  қызметін  адал 
атқарғаны...
Осылардан кейін Бейсекең лекциясын сыбырлап жәй оқы-
мағанда,  айқайлап  оқи  ма?  Сыбырлап  бейтаныс  есімді  атап, 
оның қызметін айтып-айтып қалып, жан-жағына жалтақ-жалтақ 
қарамағанда қайтеді Бейсекең?!
Бейсекеңнің  «Өтелмеген  парыз»  («Қазақ  әдебиеті»,  №4, 
25 қаңтар, 1957 ж) аталатын бір мақаласын жариялағаны үшін 
(онда  Алашорда  өкілдері  аттары  аталып  кеткен),  «Қазақ  әде­
биеті» газеті бас редакторы С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, жау-
апты  хатшы  Төкен  Абдрахмановты  Орталық  партия  комитеті 
бір  сәтте  қызметінен  бір-ақ  алып  тастады.  В.И.Ленинге  ба-
рып жолыққан, қазақ жерін аман алып қалған Алашорда өкілі 
Әлімхан  Ермеков  аузынан  Сұлтанмахмұт  жайында  естелік 
жазып  алып,  шығармалар  жинағына  қосқаны  үшін,  ақынның 
екі томдық кітабын 1962 жылы туратқан да Орталық Комитет. 
Лекция мәтінін тиісті орындар қарап «рұқсат» деп қол қойып, 
штамп  ұрып  береді  екен.  Не  деген  қорлық!  Осыдан  кейін, 
Бейсекең қалай арындап лекция оқысын?!
Бала  Зәкиді  (Ахметов)  С.Е.Маловқа  айтып  Ленинградқа 
апарып аспирантураға орналастыратын, аспирантура мезгілсіз 
жабылып қалғанда шәкіртіне 4-5 ай өз айлығынан ақша жіберіп 
тұрған,  кандидаттық  диссертация  қорғар  сәтінде  арнайы 
ұшып барып, шәкіртінің қасындағы темір кереуетке түней жа-
тып  қолдаған,  атақты  Жирмунскийге  табыстайтын,  ертіп  ба-
рып  С.Е.Маловтың  үйіне  қонақ  бола  отырып  аманаттайтын, 
қорғатып қайтатын Бейсекең! Университет қабырғасынан жаңа 
шыққан Алма Қыраубаева жөнінде баспасөзде зор үміт артып 
сұхбат беруі өз алдына, уыздай жас баланы университет ректо-
ры Өмірбек Жолдасбековке алып кіріп «Өмірбек менің жасым 
ұлғайды. Менен гөрі мына баладан пайда көбірек. Орныма осы 
баланы қызметке қабылда. Көне әдебиет маманы» – деп ағалық 
жолмен қиылған, сөйтіп дарынды жас жолын ашқан Бейсекең. 
Бейсекеңнің талантты шәкірттерінен аяры болмайтын.
«Мені қазақы қуғыннан бой тасалап Әзірбайжанға апарып 
докторлық қорғатқан Бейсекең!» – дейді прфессор Т.Қожакеев. 
«Трагедия  табиғаты»  аталатын  кітабым  шығып,  оның 
ішінде  Шәкерім  шығармасы  қаралатындықтан  ізіме  түсіп 
Қарасартов Алматыға келгенде мен үшін алдынан шығып үйіне 
түсіріп, Павлодарда қызметтес болғанын бұлдап, «балаңмен 
жасты  баламен  айтыспақпысың?»  –  деп  ұялтып,  костюм­
шалбар  кигізіп  райынан  қайтарған,  қарғадай  кезімде  қорғап 
қалған Бейсекең!» – дейді академик Р.Нұрғалиұлы.
Бұл не? Бұл – шәкірті үшін отқа түсуге бар әкебейіл ұстаз 
ұлылығы.
Ұғымға қайта оралайық. Лекторлық дегеніміз не? Лекторлық 
– білім. Зейін қойып тыңдаған жанға Б.Кенжебайұлы жәй білім 
емес,  білім  қордасын  кендей  қопара  қазып,  қорабаға  құйып 
ұйыған  сүттей  ұйытып  беретін  ұстаз  еді.  Лекторлық  –  тәлім. 
Шәкірттері үшін шырылдап, пәруай пәлек болып жанұшырып 
жүрген,  бозбала  басына  үйірілген  сорды  өз  басына  көшіріп 
алып,  оның  қырсығын  қиып,  жолын  ашу  –  өнеге  емес  пе? 
Туралық,  табандылық,  тарихқа  адалдық,  оны  шәкірттеріне 
қайырымсыз  уақытқа  налып,  бойындағы  үрейді  қорқынышқа 
жібермей,  жан-жағына  жалтақ-жалтақ  қарап  қойып,  шәкірт 
бойына сіңіру тәлім емес пе? Ұстаздық ұлылық! Міне, бұл – 
шешен лекция, көсем лекция! 
М.Бахтин,  А.Лосьев,  Л.Гумилев  –  өмірде  көрмеген  қи ын-
дығы  жоқ  жандар.  Профессор  ғана  болып  өтті  өмірден.  Шә-
кірттерімен бақытты еді. Б.Кенжебайұлы да бар болғаны про-
фессор болып өтті. Шәкірттерімен бақытты!
Бейсекең  осындай  лектор,  ұлы  ғалым,  ұлы  ұстаз,  алашқа 
адал азамат еді!
Оның шынайы ұстаздық бейнесі шәкірттердің, шәкірт бо-
ла-білгендердің әрдайым жадында жаңғырып тұрмақ... 
1975 – 2013 ж.

194
195
   
руХы СыНБаҒаН ҒалыМ
(Әдебиеттану мен сын ардағы  
Е.Ысмайылов туралы толғаныс)
Күнделігімді парақтап отырмын.
«28 желтоқсан 1982 жыл.
Бейсекеңнің сәлемін арқалап «Еңбек торысы» (М.Әуе зов) 
атанып,  қазақ  әдебиеттану  ғылымына  айта  жүрер лік тей,  сан 
ұрпақ  оқып  қанаттана  жүрерліктей  үлес  қосқан  Есмағамбет 
Ысмайыловтың  үйіне  барып  қайттым.  Ғалым  жары  «Ә,  Бей-
секеңнің  баласысың  ба?!  Естігем  айналайын.  Бейсекең  біздің 
отағасының қимас досы. Бейсекеңнің халі қалай, айналайын?» 
–  деп  хал  сұраудан  бастап  дастарханнан  дәм  татқызды,  бір-
сыпыра әңгіме айтты. Ғалым архивін күнемеге ақтардық. Енді 
келіп, көрген, білген жайды Бейсекеңе баяндап отырған жай-
ым.
– Есмағамбеттің архиві бай болуы керек еді – деді Бейсекең. 
– Халық ақындарымен, әнші ақындармен көп кездескен де, көп 
кеңескен адам.
–  Біразын  Есағаңның  әйелі  Тұрсекеңе  (Кәкішев)  беріпті. 
Қалғанын архивке тапсырса керек.
–  Есмағамбеттің  архивінде  Шәкәрімнің  күнделігі  бар  еді. 
Анау жылдары ұсталды ғой. Сонда НКВД алып қоймаса...
Қарт  ғалым  Б.Кенжебайұлы  Есағаң  жайында  әңгімелеп 
отыр.
...Қызық дерек еді. Ойланарлық жағдай. Шәкәрімнің күн-
делігін іздеу керек екен деп түйдім».
Күнделіктің  осы  бір  тұсына  келгенде  еріксіз  кідірдім  де, 
Есағаң  –  Есмағамбет  Ысмайылұлы  тағдыры  жайында  ойлан-
дым.
Біздің  буынға  Есмағамбет  Ысмайылұлын  көру,  дәрісін 
тың дауды  тағдыр  жазбапты.  Есесіне  профессор  Бейсембай 
Кен  жебайұлы,  Темірғали  Нұртазин  секілді  замандастары, 
Тұр сынбек  Кәкішұлы  сынды  ұстаз  есімін  аузынан  тастамай 
ай тар  шәкірттерінен  дәріс  тыңдау  бақыты  бұйырды.  Әрине, 
кім болғанда да ұлттық әдебиеттану саласында сан-салалы ең-
бек  қалдырған  кісі  есімі  ескірмесі  аян.  Дей  тұрғанмен  уақыт 
мұрсатана берсе әрбір тұлғаның өзін көріп, болмаса заманда-
старын тыңдап, көзіндей болып қалған шәкірттерімен сұхбатта-
су  да  үлкен  ғанибет.  Қазір  Есмағамбет  Ысмайылов,  Қажым 
Жұмалиев,  Бейсембай  Кенжебайұлы,  Сәрсен  Аманжолұлы, 
Мәлік  Ғабдоллаұлы  сынды  ғалым  тұлғаларын  еске  алушы-
лар азайыңқырап кеткендей көрінеді. Ал біздің жас кезімізде, 
яки  жетпісінші  жылдары  студенттік  аудиторияларда  ұлттық 
әдебиеттану  ғылымының  марқасқаларының  өздері  мінберден 
қасқайып шешіле сөйлеп тұрар еді, болмаған күнде замандас, 
қанаттас  әріптестері  аузынан  жиі  айтылып,  «жарықтық  сон - 
дай кісі еді ғой» – дегендей естелік лебіздер жиі естілуші еді. 
Естелік – иманды жанр, сауапты сөз. Естелік жиі айтылған жер-
де, «ана Есағаң кітабын оқыңдар», – деген нұсқау, сілтеуге ба- 
рып саятын. Сондықтан да болар жарықтықтар фәни жалғанда 
жоқ  кісілердей  емес,  әлгі  қадірлі  ұстаздарымызбен  үзеңгі  қа-
ғыстырып  өмірде  қатар  жүргендей  әсер  ететін.  Бәлкім,  бұл 
көз  көрген,  бір  жүрген  замандастары,  алдынан  өтіп,  тәлі-
мін  алған  шәкірттерінің  рухқа  адалдығынан  шығар.  Аға 
буын ның  кеңестік  кер  заманда  келеңсіз  сөздерді  ести  жүріп, 
табандылықпен жазып, жасап қалдырған ғылымын қадірлеген, 
құрметтеген  елдік  мінезден  болар.  Әйтеуір,  бар  ғұмырын 
туған  әдебиетке  бағыштаған,  сол  жолда  көрмеген  құқайы 
қалмаған, өзара айтысып-тартысып қалып жатса – ол да жеке 
бас  мүддесінен  емес,  ұлт  тағдыры,  ұлт  әдебиеті  тарихынан, 
соның  мәселелерінен  туындайтын  аға  буын  есімі  мен  еңбегі 
біздің  санамызда  тұрды,  образы  ойымызда  асқақ  тұлғаланып 
жүрді.  Өздерін  көрмеген,  білмегенмен,  еңбектері  арқылы 
жақсы білдік оларды. Е, қойшы өмірде жоқ қой демей, есімін 
тірілермен  қатар  ерекше  құрметтедік.  Бәрі  ұстаздарымыздың 
арқасы!  Ойлап  отырсақ,  ұстаздардың  шыр-пыры  шығып,  аға 
буын есімдерін бала буын – біздердің есімізге салып, жасаған 
ғылымын бойымызға сіңіріп жүруінде үлкен мән бар екен. Ол 
ұрпақтар  сабақтастығы,  ғылым  жалғастығы  үшін  аса  қажет 
мінез, елдік, азаматтық қастерлі қасиет болып шықты. Сол үшін 
де ризамыз ғой ғазиз жанды ұстаздарға!
Алдымен студенттік аудиторияда, кейін – үйде жиі естіген 
елеулі есім – Есмағамбет Самратұлы Ысмайылов есімі.
Университет қабырғасында ол кісінің есімін зор құрметпен 
атайтын, жиі ауызға алатын кісі, біздің қадірменді ұстазымыз, 
профессор Тұрсынбек Кәкішұлы.
Дәріс оқып тұрып айтатыны: «Бұл мәселе жөнінде Есағаң 
былай дер еді. Оның пікірі мынадай. Әдебиетіміздің айтысты, 
дау-дамайлы  кезеңін  зерттеуге  салып  жіберген  Есағаң.  Егер, 
Есағаң  болмаса  сын  жанрының  тарихын  зерттеуге  барар  ма 

196
197
едім, бармас па едім…». Әр кез-әр кезде айтылған пікірлерді бір 
жерге жинақтап айтқанда, қадірменді ұстаз Тұрсекең аузынан 
біз естіген лебіздер міне, осыған саяды. «А» – деп аузын ашса 
ризашылық сезім атып шығар еді. Өйткені, Есмағамбет Ысмай-
ылов – біздің Тұрсынбек Кәкішұлы ұстазымыздың ұстазы! Біз 
«немере шәкірт» ретінде Есмағамбет есіміне қа нықтық. Ұстаз 
сыйлауды  осылай  үйрендік.  Ысмайылов  ғы лыми  еңбектеріне 
осылай бардық.
Қадірлі ұстаз Тұрсынбек Кәкішұлы ықылас бейілін ауызекі 
айтумен шектеліп қалып жатқан жоқ. Ұстазы жайында «Қазақ 
әдебиеті  тарихына»  арнайы  тарау  жазды.  Көбей  Сейдеханов 
екеуі  ұстаз  еңбектерін  қайта  басылымға  дайындап,  шәкірттік 
махаббатын төгіп, тебіреніп тұрып алғысөз жазды. Қайта құру 
басталған сәттен тепсініп «Е.Ысмайылов не үшін сотталды?» 
– деп айқайлатып тақырып қойып деректі желілі публицисти- 
ка лық  мақалалар  жазды.  Ұстазды  құрметтеу  жөнінде  шәкірт 
сөзі  мен  ісі  бір  жерден  шықты.  Шола  айтылған  жайлар 
«Е.Ысмайылов  –  Т.Кәкішұлы  шығармашылық  тағдырында» 
секілді арнадағы арнайы зерттеу объектісі болғандай. 
Сексенінші  жылдардың  өнбойында  профессор  Бейсембай 
Кенжебайұлымен  әкелі,  баладай  бір  шаңырақ  астында  жа-
расымды  тіршілік  кешкенімізді  әдеби  орта  білсе  керек.  Сол 
кезеңде, жалпы өлісі бар, тірісі бар, кісі баласы жайында сыр-
тынан ғайбат сөз айтуға жоқ, ұлт тағдыры, ұлт әдебиеті тари-
хына  қатысты  принципті  мәселеде  қайтуға  жоқ,  қайсар  тұлға 
Бейсекең  –  профессор  Бейсембай  Кенжебайұлы  Есмағамбет 
әдебиетші жайында, оның адами болмысы хақында үлкен жү-
рек, мол мейір шапағатпен әңгімелер еді. Қырқыншы жылда-
ры латын әліпбиінде басылып іле қолданудан алынып қалған 
«Қазақ  әдебиеті»  (1941)  оқулығын  сол  кісіден  алып  оқыдым. 
Ысмайылұлы жайында аудиторияда аздап құлағымыз шалатын 
әңгіменің шын қою қалпын әкедей болған әзіз адамнан естідім. 
О, ол, бір қасіретке толы әңгіме!
Осындай-осындай әңгімелердің әсерінен болу керек жастай 
Есмағамбет  Ысмайыловтың  кітап  болып  басылған  еңбекте - 
рін оқыдым. Бейсекеңнің жұмсауымен үйіне барып ғалым жа-
рымен,  Шәрипа  есімді  қызымен  таныстым.  Үйінде  сақталған 
кі тапхана,  қолжазбаларына  сарыла  үңілдім.  Кітаптарын  қол-
жазбасымен салыстырғанда недәуір қысқарып жарық көргені-
не  көз  жетті.  Айталық,  мақтаулы  «Ақындар»  монографиясы 
қолжазбасында  жуан  екі  томдық.  Одан  өтіп  Орталық  архив-
ке  жеке  қор  бойынша  өткізілген  материалдарын  қарадым. 
«Қуырдақтың  көкесі»  осында  екен.  Қасіретке  қаныға  түстім. 
Туа  бітті  жарымжан  (құныс)  адамның  көрмеген  құқайы  жоқ 
екен  өмірде.  Түрме  хикаясы  дейміз  бе,  қуғындалу  дейсіз  бе, 
арандату ма, әйтеуір бәрі бар. Тіпті қырқыншы, елуінші жыл-
дары студенттерге оқитын дәріс мәтінін тиісті орындар алып, 
тексеріп қол қойып, штамп басып, рұқсат етіп отырыпты. Адам 
хұқын  аяқ-асты  ету,  қорлаудың  неше  атасы  архивтен  тіріліп 
сөйлеп қоя берді.
Өкініші, Есағаң жөнінде шешініп елеулі бірдеңе жаза қой-
маппын. Ілгеріде өз атымды қоймай бір мақала жазғаным бар. 
Енді,  міне,  араға  уақыт  салып  барып,  кеңінен  толғануға  тура 
келіп тұр. 
Есағаң жасында өлең жазған. Сәбит Мұқанұлы музейінде 
қызметтес  болған  Хакім  Бекішев  Есмағамбетпен  интернатта 
бірге оқыпты. Ол кісінің айтуына қарағанда Есмағамбеттің мек-
тепте оқып жүргенде «ақын бала» аты шығып үлгерген. Кейін 
бір-ер жинағы жарық көрген. Өлеңдері өзі мойындағанындай 
алып-жұлып  бара  жатқан  өнер  дүниесі  емес,  ет  пен  тері 
арасындағы елп етпе желік қана. 
Ал,  өзі  өлеңге  ғашық  жан.  Өлең  өлкесіндегі  жылт  еткен 
жаңалық, жақсылықты жұрттан бұрын көріп, байқап, насихат-
тап үлгереді екен.
Отызыншы жылдары келіп әдебиетке араласты. Қиын уа-
қыт. Бір буын ұсталып, қамалып, атылып, келесісі кезек күтіп 
тұратын  қан-қасап  уақыт!  Атылғаны  атылып  кетті,  аман  қал-
ғаны  арын  кірлетіп,  қарабасына  күдік  үйелетіп,  соңына  кү-
бің-күбің сөз еріп, күйіп қалды. Есағаң да соның бірі. Жазушы 
Жүсіпбек Арыстанұлы 1937 жылы ұсталып, әупірім-тәңірмен 
атылудан  аман  қалып,  18  жыл  түрмеде  отырған  ауыр  тағдыр 
кешуін  Есағаңнан  көретін.  Есағаң  бала.  Бала  басымен  жа-
лындап  әдебиеттің  бар  саласына  араласқан,  қай  саланы  да 
табысты  жазған  бала.  Ұлы  ағартушы  Ахмет  Байтұрсынұлы 
жазған  «Әдебиет  танытқыш»  авторы  атылып,  оқулығы  өзі-
нің  ізінен  жабылып,  оқушы  қисынды  ойға  сусағанда  жерге 
құлаған қаламды қайта көтерген – Есмағамбет Самратұлы. Ол 
–  1937  жылы  «Әдебиет  теориясының  негіздері»  атап  оқулық 
жазды.  Сүйегін  орысшадан  алып  жасаған  теориялық  еңбек 
аударма  дәрежесінде  болуы  мүмкін.  «Қазақстан  коммунисі» 
жорналының  бас  редакторы  Жүсіпбек  Арыстанұлына  жас 
теоретик  еңбегі  пікірге  беріледі.  Еңбек  құнды  шықса  деген 

198
199
ниетпен Жүсекең сын пікірін молырақ айтады. Талантты бала, 
қанатты  бала  бас  редактор  алдынан  түйіліңкіреп  аттанады… 
Әрі  қарай  Жүсіпбек  Арыстановтың  Сібірге  азапты  сапары 
басталады.  Қазақ  қарасөзіне  «тар  жол,  тайғақ  кешуден»  өте 
жүріп  өзіндік  үлес  қосқан  Хамза  Есенжанов  та  өзінің  істі 
болып Сібір айдалуын Есмағамбет Ысмайыловтан көретін. Бұл 
біз зерделеп отырған тұлғаның алмағайып уақытта жол берген 
пендешілігі. Кісі жек көріп кететін жағдай!Ал, шығармашылық 
тағдыры кісі қызыққандай. 
Есмағамбет  бар  салада  жалындап  жазған  сыншы  ғалым. 
Сын  мақалалары  баспасөз  бетінде  күніге,  күнара  жарық  кө-
ріп  жатыр.  Кейін  кеуделі  жазушы  болып  қалыптасқан  Зейін 
Шашкин досы екеуі бірігіп ұлы Абай өлең өлшемдері жайында 
толғанады. «Әдебиет және искусство» жорналында отызыншы 
жылдары  жарияланған  мақала  өте  сауатты.  Ұсталып  кеткен 
ұстаздары ізін жоғалтпау мақсатында оқу құралын құрастыра-
ды,  теориясын  жасайды.  Жеке  архивінде  ұлы  М.Әуезовтің 
бала  теоретик  Есмағамбет  Ысмайылов  жазған  «Әдебиет 
тео  риясының  негіздері»  аталатын  еңбегіне  жазбаша  пікірі 
сақталған. Жетістігіне – қуану, кемшілігін – сынау бағытында 
жазылған пікір. Қырқыншы жылдары М.Әуезовтің «Абай», С. 
Мұқановтың «Балуан Шолақ» романдары жаңа жарық көрген 
сәтте  алғашқы  лекте  сауатты  сыншыл  пікірін  айтқан,  ой-
толғанысын жазған – Есмағанбет Ысмайылов!
1938  жылы  Сәбит  Мұқанұлы  «ХХ  ғасырдағы  қазақ  әде-
биеті:  ұлтшылдық-байшылдық  дәуірі»  –  аталатын  оқу лық 
жазғаны  қазіргі  көзқарақты  оқырманға  мәлім.  Іле  Елжас  Бе-
кенұлы  бұл  кітапты  насихаттаған  кітапшасын  жарыққа  шы-
ғарды. Уақытқа иіле ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тұл-
ғаларына  (А.Байтұрсынұлы,  М.Дулатұлы,  М.Жұмабайұлы, 
Ж.Ай мауытұлы,  Б.Көпейұлы,  С.Торғайғырұлы)  таптық  тұр-
ғыдан  келуіне  қарамастан,  бұл  оқулық  Сабит  Мұқанұлының 
өзіне  бәле  болып  жабысқан  кезінде.  Терезелес,  теңдес  Ғабит 
Мұсірепов  Сәбеңнің  бұл  еңбегін  ұлтшылдарды  сынаған  бо-
лып  отырып,  насихаттайтын  зиянды  кітап  деп  бағалаған.  Әрі 
қарай  әпербақан  қазақ  жазушылары,  ақ  көз  сыншылар  Сәбит 
Мұқанұлын сыннан көз аштырған жоқ. Автор партия қатары-
нан шығарылып, түрмеге дайындалған. Аталмыш еңбек зиянды 
кітап ретінде қолданылудан алынып, тас түрмеге қамалды, не-
гізгі таралымы өртелді. Қазақ әдебиетінің ең бір күрделі кезе-
ңі рухани қазынасын оқытарлық оқулық жоқ. Оқытушылардың 
аузы «әппақ» болды. Не істеу керек? Есмағамбет Ысмайылұлы 
отыра қалып оқулық жазды.
«Қазақ  әдебиеті»  (1941)  оқулығы  өмірге  осылай  келеді. 
Есмағамбет  Ысмайыловтың  қазақ  әдебиеті  тарихшысы  ра-
йындағы қадамы осылай басталған. Бұл – ғалымның өзі үшін 
Ерназардың  «Сорқұдыққа»  қонғанындай,  небір  қияметтерге 
сүйреген  бейнетті,  ал,  ғылым  үшін  көп  жеміс  үзген  зейнетті 
қадам. 
Әдебиет тарихшысы болу – көп міндетті мойныңа жүктеу. 
Ол  –  әрі  әдебиет  тарихшысы,  әрі  эстет  болу.  Е.Ысмайылов 
алғаш  аталмыш  оқулығын  жазарда  өз  тағдыры  үшін  азапты 
сапардың басталғалы тұрғанын білген жоқ. Бірақ, бастан кешу 
былай тұрсын, айтсаң аузың ауыратын, ойласаң жаның күйетін 
азапты сапар оның ұлт әдебиеті тарихын зерттеуіне байланыс - 
ты басталып кетті. Ғалым архивінде аталмыш кітапқа әдебиет-
ші Ш.Кәрібаевтың жазған пікірі сақталған.
«Е.Смайылов  жазған  9  класқа  арналған  «Қазақ  әдебие ті» 
оқу  құралы  туралы  рецензия»  аталатын  жеті  беттік  пікір  өте 
сауатты,  білімді  жазылған.  Кітапты,  негізінен  жарамды  деп 
бағалаған  Ш.Кәрібаев  ғалымның  ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ 
әдебиетін  1)  Сыншыл  реализм  әдебиеті  2)  Демократияшыл 
әдебиет деп жүйелеуінен бастап келіспейді.
Бұлай жүйелеудің шартты екенін, автор солай жүйелеп алып, 
екеуінің ара жігін айырып ұстап тұра алмайды деген пікірде. 
Пікір айтушы өз ойларын 13 бөлімге жүйелеп, сынап айтады. 
Соңына  «ХІІ  –  1941»  –  деп  айы  қойылған.  Пікірде  пайдалы 
ойлар  мол.  Есағаң  рецензент  пікірімен  келісе  бермейтіндігін, 
оның себебін осы қолжазбаның тұс-тұсына жазып отырыпты. 
Рецензент қолжазбасының алғашқы бетіне Есағаң өзінің ірілеу 
қолтаңбасымен «18./ ХІІ-12-де Наркомпроста отырыс болады». 
– деп жазыпты. 
Кітап  латын  әліпбиімен  басылған.  Пікір  –  кирилицамен. 
Есағаң  да  орысшалап  жібереді.  Соған  қарағанда  әдебиетші 
кітабы  жарыққа  шыққан  соң  ұйымдастырылған  талқылаудың 
жоралғысы. Бәлкім, жамандықпен ауызданған ортаның кезекті 
солақай талқысы болуы да мүмкін. 
Сөйтіп өмірге оқулық келді. 
Есмағамбет  жоғары  оқу  орындарында  сабақ  бере  жүріп, 
күрделі  кезең  әдебиеті  жайында  ойын  сабақтай  берді.  Әдеби 
процесті жіті бақылады. Дәуірдің елеулі тұлғаларын назардан 
тыс  қалдырмай  зерттеуге,  саралай  талдап  әдебиет  тарихына 

200
201
енгізуге  тырысты.  Көбісінің  өлідей-ақ  жамандықтын  аманы 
жоқ.  Жоғарыда  аталған  оқулықтың  «Омар  Қараш»  аталатын 
тарауын  біреу  сиямен  «оқуға  болмайды»  деп  жазып,  Омар 
Қараш  атын  сиямен  өшіріп  қойыпты.  Сенімсіздік  иектеген 
сергелдең  уақыт  психологиясы.  Белгісіз  шәкірт  қолтаңбасы! 
Ғалым, бәрібір зерттей берді. Зерттей жүріп өрлей берді. Ойы 
толыса  түсті.  Саясат  ығына  есіп,  материалдарды  бұрмалауға 
бармады.  Материалдардың  ығына  есті.  Объективті  бағалауға 
келер жалғыз жол – осы! Алайда әдебиет тарихына апарар жол 
– жақсылыққа апара бермейтін ол жылдары.
Пышақтың  қырындай  оқулық  біртіндеп  толды,  толысты. 
Ғалым  еңбегін  орысша  шығарғысы  келді.  Бұлай  ету  әрі  кең 
өріске  шығу,  әрі  анау-мынау  сөзден  аман  болу  амалы.  Ғалым 
еңбегін орыс тіліне аударуға бірсыпыра кісі қызмет етті. Өзге 
ұлттарда мұндай еңбектер әй-шайсыз-ақ жарық көріп жатады. 
Несі бар? Қазақ ғалымы да еңбегін Мәскеуден шығарады. Мәс- 
кеу  баспасы  («Советский  писатель»)  қомақты  қолжазбаны  
КСРО  жазушылары  одағының  Орта  Азия  әдебиеті  бойынша 
кеңесші сі П.Скосыревке пікір айтуға береді. Кемине жайында 
роман жазған, ұлт әдебиеті жай-жағдайын біледі дейтін П.Ско-
сыревтің «ұлы орысшылдығы» оянды ма, әлде бар білгені сол 
ма, қолжазбаны өлтіре сынап пікір жазды. Тұздықты пікір қол-
жазбаны,  оны  жазған  ғалымды  да  күйретіп  кетуге  айналды. 
Араға  пәленбай  уақыт  түскен  соң,  қолжазбаны  жарыққа  шы-
ғармай,  жөргегінде  өлтіруге  себепші  болған,  ғалымды  азапқа 
салған пікірді бүгін қайта оқығанда жаның түршігеді.
Иә,  мұндай  пікірден  кейін  кітап  орыс  тілінде  Орталық 
баспадан  шығуы  былай  тұрсын,  авторы  жазалануға  тиісті. 
Есағаң басына қара бұлт үйіріледі.
Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу ғалымның негізгі мұраты 
болатын.  Бірақ,  ғалымның  ол  мұраты  басына  бәле  болып 
жабысты.  Мәселе  қоюлана  берді.  Ақыры  ғалым  жиырма  бес 
жылды арқалап, айдалып кете барды.
Тағы  да  Бейсекең  үні  құлағыма  келеді:  «Есмағамбет  ұс-
та лып  кетіп  барады.  Жұрт  қанын  ішіне  тартып  алған.  Есетті 
әкетіп бара жатқанда бір шүй желке ғалым күліп тұрады. Сонда 
Мырзабек (Дүйсенов) шәкіртіміз «Шындық жылағанда сұмдық 
күледі» – депті. Міне, азамат! (Күн деліктен). 
Есағаң сөйтіп тас түрмеде!
Бірақ,  ғалым  тас  түрмеде  күйреп  кетпей,  өзінің  ақтығын 
дәлелдеп  талай  тиісті  орындарға  көлемді,  дәлелді  дәйекті 
хат  жазды.  Т.Кәкішұлы  айтқандай,  түрмеде  тиісті  орындарға 
ақталу үшін жазған хатының өзі әдебиет тарихы жайлы ғылыми 
ойларға толы еңбек. 
Кезінде  жазылып,  жарық  көрген  «Қазақ  әдебиеті»  (1941) 
аталатын  ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  әдебиеті  тарихына  ар-
налған оқулығы әлі күнге маңызын жойған жоқ. Әсіресе Ғұмар 
Қараш,  Нарманбет  секілді  жабылып  қалған  тұлғаларды  зерт- 
теуі көңілге қонымды. Қайта құру, тәуелсіздік алуымызға бай- 
ланысты  аты  аталған  ардақтар  ақталған  сәтте  Е.Ысмайылов- 
тың  олар  жайындағы  зерттеуі  де  бірге  ақталып,  өз  қызметін 
қайыра жалғап жүре берді. Бұл заманаға «күйлемеген» (Абай) 
шын ғалымның шынайы келбеті. 
Саясат  желінің  жайсыз  соғып  тұрған  уақыты.  Сондай  ке-
зеңде Есағаң алғыс алмады, қарғыс алды. Алайда, Есағаңның 
ол еңбектері күні бүгін де ғылымға қызмет етеріне күман жоқ. 
Марқұм,  білімдар  әдебиетші  Қабиболла  Сыдиықұлы  Есағаң-
ның  Ғұмар  Қараш  жөніндегі  зерттеуін  зор  ілтипатпен  атап 
жазды. (Қ.Сыдиықұлы «Сарқылмас қазына»). Сол секілді Нар-
манбет  ақын  жайындағы  зерттеуін  шәкірті  –  Көбей  Сейдеха - 
нов, ізбасары Балтабай Әбдіғазиев дос баспасөз бетінде жоғары 
бағалады.  Мұны  неге  айтып  отырмыз?  Әдетте,  әдебиеттану 
еңбектері  ескіргіштеу  келетін  әдеті!  Ал,  Есағаңның  отызын-
шы, елуінші жылдары жазған зерттеу еңбектері күні бүгін де 
бағасын жойған жоқ. Бүгін бір әрпін қисайтпай қаз-қалпында 
пайдалануға  келе  бермес.  Бірақ,  кейінгі  буын  зерттеушілерге 
көп  қолқабыс  жасайды,  бағыт  –  бағдар  береді.  Т.Кәкішұлы, 
К.Сейдеханұлы,  Қ.Сыдиықұлы,  Б.Әбдіғазыұлының  Есағаңа 
шәкірттік бейілі, оның зерттеулеріне деген ықыласы – осының 
куәсі.  Н.Нұрпейісов  (өзге  де  жастар  бар)  секілді  жас  буын 
өкілдерінің  Е.Ысмайылов  әдеби  мұрасы  мәселелерін  зерттеп, 
ғы лым жасауы, ғылыми айналымға енгізуі де қуанышты жәйт.
Бас қанішер И.В.Сталин өлді. Есағаң бостандыққа шықты.
Әдебиет  тарихын  зерттеуді  басты  мұратына  айналдыра 
тұра,  түрмеден  жүрек  шайлықты  болып  оралған  ол  тақырып 
алмастыруға  мәжбүр  болды.  Енді,  кеңес  өкіметі  мойындаған, 
саясат сөзін айтқандықтан оң қабақпен қарайтын ұлы Жамбыл 
сынды  халық  ақындары  тұлғасына,  жалпы  ақындар  табиғаты 
жайын  зерттеуге  ойысты.  Есағаң  қайда  барса  да,  қай  саланы 
зерттесе  де  өзіне  тән  алғырлықпен  жіті  зерттейтін  әдеті. 
Осындай шығармашылық машықпен зерттелген ақындар өмірі 
мен шығармашылығы жайындағы зерттеуі «Ақындар» аталып 

202
203
қазақ  тілінде  жарық  көрді.  «Акыны»  деген  атпен  орыс  тіліне 
аударылды.  Республика  ішінде  де,  тысында  да  монография 
мақталды,  әдебиеттану  ғылымының  үлкен  табысы  ретінде 
бағаланды. 
Расында  ақындықтың  арғы  тегі,  оның  жыршы,  жыраудан 
айырмашылығы, әрқайсысының өзіне тән дербес ерекшелігіне, 
шығармашылық психологиясына дейін дендеп барады ғалым. 
Расында, «Ақындар» сапалы ғылыми монография!
Кейін  архивіне  енгенде  байқадым,  Есағаң  ақындықтың 
арғы тегін зерттеймін деп жүріп ХV – XVІІ ғасырлардағы ақын, 
жыраулар  поэзиясына  дейін  барыпты.  Нақтырақ  айтқанда, 
Шәлгез жайында ғалым архивінде бірсыпыра мәлімет сақтал-
ған. Өзі де бірсыпыра ойларын қағазға түсірген. 
Есағаң  өмірінің  аяғында  тағы  бір  арман  пайда  болды. 
Ақындық – қазақ өнерінің ғажап бір үлгісі. Ақындық – ұлтты 
көркейтетін,  ерекшелігімен  көрсететін,  сөз  өнерінің  бір  са-
ласы.
Олай  болса  әрбір  халық  ақыны  арнайы  зерттелуі  керек. 
Ақындық өнердің әрбір құпиясы назардан тыс қалмауы керек. 
Есмағамбет Ысмайылұлы ақындық өнер ерекшелігін зерттей-
тін мектеп қалыптастыруды ойлайды. Көбей Сейдеханов, Ораз-
гүл Нұрмағамбетова, Нысанбек Төреқұловты ақындық өнер ке-
зең дері мен ерекшелігін зерттеуге баулыды. Шәкіртінің үшеуі 
де  кейін  белгілі  ғалым  болып  қалыптасты.  Олар  –  Е.Ыс ма-
йыловтай көрнекті ғалым шәкірттері екенін мақтан тұтып өтіп 
келеді.  Тіпті,  «тонның  ішкі  бауындай»  етене  шәкірті,  марқұм 
Көбей  Сейдаханұлы  тәрбиесін  көріп,  тәлімін  алған  ұстазы 
жайында  «Әдебиет  жанашыры»  аталатын  жап-жақсы  әдеби 
сын  очерктік  портрет  кітабын  жазды.  Шәкірт  тәрбиелеуде  – 
ұстаз  еңбегі  жанды.  Ғалымның  «Ақындар»  аталатын  ғылыми 
монографиясынан  толқын-толқын  зерттеушілер  тәлім  алып, 
Есағаңның  зерттеушілік  мектебі  қалыптасты.  Ғұмырын  ғы-
лымға  арнаған  Есағаңдай  абзал  адамның  мектебі  жалғасып, 
өмір сүріп, ертеңге кетіп барады.
КОКП ХХ съезі, Хрушевтік «жылымық» – Есмағамбеттің 
көктен күткені. Ал, ол жерден табылды. Қаламгер шабыттанды. 
Елуінші  жылдардың  аяғы,  алпысыншы  жылдардың  басында 
төгіліп  еңбектенді,  төгіп  еңбек  берді.  Соның  бірі  –  кеңес  қа-
зақ  әдебиетінің  негізін  салушы  саналатын  –  Сәкен  Сейфул-
лин  жайындағы  еңбегі.  Кеңес  өкіметі  дәуірлеп,  кеңес  идео-
ло гиясы  дүрілдеп  тұрған  сәтте  Сәкен  Сейфуллин  өмірі  мен 
шығармашылығын зерттеу – ұтымды болғаны хақ. Өзі де қазақ 
әдебиетінің бар жанрында еңбек еткен, жаңа кезеңдегі әдебиет-
тің қалыптасуына ерекше ықпалды зор тұлға! Шығармашылық 
мүмкіндігі  мейлінше  зор  тұлға  –  большевиктік  дүниетаным 
жемісі еді. Ол не жөнінде жазса да өз дүниетанымы тұрғысы - 
нан жазды. Ол үшін Сәкен Сейфуллинді кіналау жөн бе екен? 
Қазір гі таңда да Америкада коммунистік көзқарастағы жазушы-
лар өмір сүріп, тіршілік етіп, шығарма жазумен шұғылданып 
келеді.  Америкадағы  коммунист  жазушылар  көзқарасы  үшін 
кіналанбайды.  Өзге  көзқарастағы  қаламгерлермен  бір  қатар 
өмір  сүріп,  еңбек  етеді.  Шығармаларын  жұрт  оқиды.  Есма -
ғамбет Ысмайылов коммунистік көзқарастағы Сәкен Сейфул-
линді ақталған соң алғашқылардың бірі болып зерттеді. Неге? 
Көзқарасы үндесті ме? 
Рас, Есмағамбет – қазақ әдебиеті тарихын зерттеймін деп 
сотталған ғалым. Бірақ, оған қарап, көзқарасы, Кеңес үкіметіне 
деген  құнты  –  пейілі  теріс  болып,  содан  зардап  шекті  деуге 
келмейді.  Ол  кәдімгі  коммунистік  көзқараста  қалыптасқан 
ғалымның  бірі.  Қалыптасу  жолында  –  отызыншы  жылдары 
аяғын жамандыққа шалдырып алса, ол да коммунистік көзқарас 
әсері. «Дүние ғаламды халық жаулары қаптады» – деген құй-
тырқы жалдап сөзі елді үйіте, жүрек отын алып үрейлендіре, 
қойдай  иіріп  басқару  үшін  Бас  қанішер  И.В.Сталиннің  ойлап 
тапқаны.  Саяси  сайқалдық  әрекеттер.  Өзгелер  секілді  Есағаң 
да кеңес өкіметі бағыт-бағдарына күмән келтірмеген, қапысыз 
сенген кісі. Ал, олар жазықсыздан жазықсыз зәбір жапа шегіп 
жүргенін  Адамзат  үшін  керексіз  қоғамның  кесірі  деп  емес, 
жекелеген дұшпандардың кесепаты деп ұғады. Дегенде бастан 
кешкен талайсыз тағдыр он сан ойға салып, сан толғантты-ау. 
Сәкен  тағдырына  ол  солай  жетті,  Сейфуллин  тақырыбына  ол 
солай келді емес пе? 
Кесірлі  қоғамнан  көресіні  көрген,  тар  жолдан  тайғақ 
кешіп  өткен  С.  Сейфуллин  заманадан  теперіш  көріп,  түрме 
дәмін  татқан  Есмағамбет  Ысмайылов  үшін  табиғаттас  тұлға! 
Қиындыққа  мойымай  қайыспай  еңбек  еткен,  соңына  өнімді 
әдеби мұра қалдырған С.Сейфуллин – Есмағамбеттей әдебиет-
ші  үшін  идеал.  Сәкен  тағдырынан  өз  тағдырын  көрді.  Сәкен 
қайсарлығынан өзі қайсарланды. Жылымық кезең туды, отыра 
қалды  да  Сәкен  Сейфуллин  әдеби  мұрасын  зерттеді.  «Ақын 
және революция» (1964) солай туды.  

204
205
«Жылымық»  кезеңінде  Сәкен  Сейфуллин  өмірі  мен  шы-
ғармашылығын  зерттеген  бір  Есағаң  емес,  Сәбит  Мұқан ұлы-
нан  бастап,  Серік  Қирабайұлы,  Тұрсынбек  Кәкішұлы  тағ-
дырын  Сәкенге  байлап  еңбек  етті.  Сәйділ  Талжанов,  Асқар 
Тоқ мағамбетов, Тәкен Әлімқұлов – ақын өмірінен көркем дү-
ниелер  жазды.  Ғылымды  бөлектей  сөйлегенде  «Ақын  және 
революция»  –  Сәкен  жайлы  алпысыншы  жылдары  туған 
еңбектің  ырым  алдысы.  Ал,  рухы,  ішкі  мазмұнына  келгенде, 
«Ақын  және  революция»  ақиық  ақын  тағдырын  төңкеріс  та-
рихы, кеңес өкіметі идеологиясы тұрғысынан зерттеген ең бек. 
Есағаңның аталған еңбегі Сәкенттануда көшбасшы, Бейім бет-
тану, Ілиястануда жетекші рольде болды. Шапшаң зерттеп, тез 
жазатын Есағаң тындырған істің бірі міне, осындай!
Сәкен  жайында  монография  жазу  ғалымды  жайшылықта 
қырбайлау  жүретін  Сәбит  Мұқанұлымен  қайта  табыстырып 
жіберді. Сәбең жарықтық аталған кітап редакциясын басқарды. 
Есағаң  қайтыс  болғанда  қайғырып  сөйлеуі  де,  бес  томдық 
әдеби  мұрасын  жарыққа  шығару  жөніндегі  комиссияның 
төрағасы болып, білек сыбанып кірісіп жүруі де содан. Әдебиет 
төңірегіндегі пікір қайшылығын, тіпті айтыс-тартысты да өмірге 
көшірмеу, қалай дегенде де өсер елге тән, кешірімшіл мінез… 
Бүгінгідей  рушылдыққа  үш  қайнаса  сорпасы  қосылмайтын 
әдебиет әңгімесі. 
Әрбір қоғамдық жаңару тұсында ұлт әдебиеті тарихының 
қайта  жазылатын  әдеті.  Қазақ  әдебиеті  тарихы  үшін  «Сәкен 
Сейфуллин»  монографиялы  тарауын  жазған  Есағаң,  1917-
29  жылдар  әдебиеті,  яки  жаңа  әдебиеттің  қалыптасу  дәуірін 
зерттеуді  Мырзабек  Дүйсенов,  Тұрсынбек  Кәкішұлы  секілді 
екі  шәкіртін  екі  қанатына  алып,  бірге  атқарысты.  «Асқар 
Тоқмағамбетов» очерктік тарауы және бар. Жастайынан бірге 
өскен досы – Қасым Аманжолов жөнінде арнайы монография 
жазамын деп те дайындалған Есағаң. Оған ғалым архиві куә! 
Ғалымның әр еңбегі өз деңгейінде мінсіз міндет атқарған 
тәп-тәуір  дүниелер.  Соның  арасынан  арқалы  ақын  Қасым 
Аман жолов  жайындағы  зерттеуі  –  бір  жаңа  бағыт  басы, 
әдебиеттанудағы тың арна секілді көрінеді.
Үзіндісінен  оқып  көргенде  байқағанымыз,  бұл  қызықты 
еңбек болғандай екен. Өзара дос – жар ақын мен ғалым өмірде 
–  сыйласып  жиі  араласқан.  Күнделік  жазбалары  болған  ба, 
әйтпесе, жиі араласудың әсері ме, Есағаң Қасым ақынның қай 
өлеңін  қалай  жазды, қалай  өңдеп,  жөндеді  деген  мәселелерге 
жиі барады, мәселені нақты, затты біліп жазады. Естелік секілді 
еркін формада жазылған еңбек өлеңі өртке тиген дауылдай өр 
ақын  Қасым  Аманжоловтың  ақындық  шеберханасына  бастап 
бара  жатар  еді.  Ал,  шеберханалық  процесті  зерттеу  ол  жыл - 
дары  (алпысыншы  жылдары)  бізде  атымен  жоқ,  әйтпесе  аз. 
Ғалым  өмірінің  ерте  үзілуі  осындай  қызықты  зерттеуді  орта 
жолда қалдырды. 
Есағаң  Көкшетауда  туып,  темір  қанаттанып  өскен  азамат 
екені  әмбеге  аян.  Ақындық  та,  ғалымдық  та,  жер  жәннаты 
атанған – туған жер табиғатынан құнар тартса керек. Көкшетау 
– сұлу жер, тамылжыған табиғат қана ма екен? Әдебиеттегі «Зар 
заман» ағымына себепкер құйқалы Сарыарқа өзі ақын, өзі саз-
гер, өзі әнші болып келетін, әдебиетте «әнші ақындар» аталған 
ғажайып шығармашылық тұлғалардың тууына, мектебінің қа-
лыптасуына да себепкер болған. Ақан сері, Біржан сал, Естай 
ақын, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай – арқа ажары, бұқараның 
ән, күй базары, өзге ел өнер тарихында кездесе қоймайтын (кез-
десе қалса «Бард» деп әспеттеп жататын), қазақы өнердің ырыс-
құты! Есағаң бойына балаң шағында дарыған уыз, бір жағы, өзі 
көріп, біліп, тыңдап, тамсанып өскен осы «Әнші ақындар»!
Әріде ұлы Мағжан, Сәкендер ден қойған, беріде Ахмет Жұ-
банов, Әбділда Тәжібайұлы зерттеген Ақан, Сәбит Мұқанұлы 
тағдырынан роман жазатын Балуан Шолақ, Ғали Әбетов және 
өзге  де  әдебиетші,  өнертанушылар  жан-жақты  ден  қойған 
«Әнші ақындар» – Есағаң өмірінің ақабалы сәттерінде барын 
салып  зерттеуге  кіріскен  саласы.  Жеке-жеке  портрет  ретінде 
«Әнші  ақындар»  өмірі  мен  шығармашылығын  Есмағамбет 
Ысмайылұлы құлшына зерттеуге кіріскен, бірін үлгерсе, бірін 
үлгермеген үлкен сала. Үкілі Ыбырайға қатысты зерттеуі ғой 
деймін,  өзі  бақилық  сапарға  аттанған  соң  «Әдебиет  және  ис-
кусство» (Жұлдыз) жорналында мүнақыппен бірге жариялан-
ды.  Сәби  шақтан  санаға  сіңіп,  балбыраған  балалық  сәтінде 
уыздай бойға табиғи дарыған өлең, ән, әншілік әбден толысқан 
мезетінде  өзіне  тарта  қайыра  баураған  еді.  Есағаң  да  өзіне 
тән зерттеушілік машықпен ел аралап, өздері өр, үндері асқақ 
әнші  ақындарды  көзімен  көріп,  тіпті  соңына  еріп  бір  жүрген 
кісілермен  кездесіп,  кеңінен  әңгімелесіп,  молынан  материал 
жинаған. Сол материалдарды тарихи шындыққа орайластырып, 
портреттік зерттеулер ретінде жаза бастады. Өкініші – бәріне 
бірдей үлгере алмады.

206
207
Ғалым  бар,  сыншы  бар.  Екеуі  тоғысқан  сәт  жемісті.  Кей-
де сыншы зерттеуші бола алмайды, зерттеуші сыншы бола ал-
майды кейде. Әр жанр, әр сала талабы – әдебиетте басқа! Әрі 
әдебиетте машық деген мәселе бар. Бәрі қалыптасуға байланы-
сты.  Есмағамбет  Ысмайылов  еңбектерін  байыптап  оқығанда 
байқалатын  бір  жай  –  ол  ғылымда  –  ғалым,  сында  –  сыншы. 
Екі салада да жүйрік жазады. Бірақ, өзара шатыстырмайды. Әр 
салада өзіне тән бағдар, бағыт ұстайды, стильді де соған орай 
ұстанады.  Ғалым  табиғатында  сыншылық  өмір  сүре  береді. 
Сыншы табиғатында ғалымдық сиректеу өмір сүреді.
Есмағамбет  Ысмайылов,  негізінен  ғалым  болатын.  Ал, 
сыншылық оған жат емес-ті. Жайшылықта әдебиет тарихының 
зерттеушісі, фольклорист ретінде байсалды еңбектеніп жүрген 
Есмағамбет Ысмайылұлы «жылымық» кезеңінде сыншы болып 
та белсеніп сөйледі.
Жаңарған  уақытқа  орай  жарқырап  шыққан  Олжас  Сүлей-
менов,  Әбіш  Кекілбайұлы,  Қадыр  Мырзаәліұлы,  Тұманбай 
Мол дағалиұлы,  Сәкен  Жүнісов  секілді  жас  таланттарды  қуа-
ныш  көріпті.  Жерден  жеті  қоян  тапқандай  көпшілікке  айтып 
жүріпті.  Оқу  орындарында,  ғылыми-зерттеу  институтында 
олармен  кездесу  ұйымдастырады.  Әдебиет  тарихы,  фолькло-
ры,  сол  кезең  әдебиеті  жайында  ғылыми-теориялық  конфе-
ренция  өткізуге  ұйтқы  болады.  Елеулі  шығармаларға  пікір 
айтады,  әдебиеттегі  тенденцияны  айқындап  мақала  жазады. 
Соның  бәрінің  нәтижесіндей  болып  «Жаңа  белеске»  атала-
тын сын кітабы келді өмірге! «Жаңа белеске» – сол кезеңдегі 
әдеби процесті жіті саралайтын сарамжал пікірлерге толы сын 
кітабы. Арғы жағында «сын – өзара сын» деген жасанды ұран 
ұстанып, жадағай, жазалаушы сынды өрістетіп, әдеби сын абы-
рой-беделін құлдыратқан кезеңде «Жаңа белеске» қазақ әдеби 
сынының абыройын арттырып, беделін өсіруге көп қызмет етті. 
«Новые горизонты» деген атпен орыс тіліне аударылып, жарық 
көрді.  Ғалым-сыншы  еңбегі  орыс  аудиториясында  да  жақсы 
қабылданды. 
Зерттеу объектілерінің қайсысына да шым батып баратын, 
байыптап  зерттеуге  тырысатын  ол  назарға  алған,  ден  қойған 
мәселесінің білгір маманы ретінде көрінетін ұдайы.
Есмағамбет  Ысмайыловтың  өмірде  жақын  арласып,  тату 
ғұмыр  кешкен  досы  –  Бейсембай  Кенжебайұлы.  Табанды  екі 
ғалым мұраттас еді деуге келеді. 
...Ғалым  күнделігін  парақтап  отырмын.  Күнделігінен 
табылған  мына  бір  жазба  да  өмірдегі  сыйластық  сөзіндей, 
қимастық көзіндей екен.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет