СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



Pdf көрінісі
бет16/41
Дата28.12.2016
өлшемі2,26 Mb.
#667
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   41

«есмағамбетті жерлегенде
Уа, әлеумет! 
Мына  жатқан  Есмағамбет  Самұратұлы,  үлкеніміз  де, 
кішіміз де сүйіп, ардақтап Есеке деп атаған әзіз, асыл адам, 
адал  дос,  қайратты  қызметкер  еді.  Есмағамбет  аянбай, 
жалықпай халыққа, қоғамға қызмет қылды, нағыз қызметші 
болды.  Ол  жастарды,  халқымыздың  болашақ  ұрпақтарын 
тәрбиеледі.
Ардақты Есмағамбет!
Қазақ  университетінің  өзің  істес  болған  коллективі, 
көптеген оқушылары саған әбден риза, сені ұмытпайды, сенің 
ісіңді алға алып барады.
Бауырым Есмағамбет! Қош бол! Топырағың торқа болсын! 
Қош!»
 (б.кенжебайұлы күнделігінен) 
Есағаң,  Қажекең,  Бейсекең  бастан  кешкен  қиындықтар  – 
қазақ  әдебиеті  тарихы  ғылымы  алдына  тартылған  кермелер. 
Қазақ  ғалымдары  тап  болған  қиындықтар.  Сол  керілген 
кермелерді  үзіп,  сол  қиындықтарды  жеңе  жүріп  жасалды 
қазақ  әдебиеті  тарихы  ғылымы!  Еңбек,  еңбек  бәрін  жеңбек. 
Е.Ысмайылов өз еңбегіне сүйенген, содан абырой тапқан, істі 
болып айдалып, тас түрмеге қамалып, ебіл-дебілі шығып езіліп 
жүріп те ел-сел еңбек берген әдебиет қадірлісі еді.
Түркістан
16.ХІ.2011 жыл.

208
209
дҮНИе ШІрКІН, дҮрКІН-дҮрКІН, 
ӨТедІ БІр КҮН...
(Әдебиет сыншысы Мұхамеджан Қаратаев  
туралы триптих)
1. Дүние шіркін...
Көңіл түкпірінде жылы ұялап жатқанымен әл-әзір қадірлі 
ұстаз – Мұхаметжан Қожасбайұлы тағдыры жайында жазу ойда 
жоқ еді. Жедел толғануға бір жай себеп болды. 
Турасына  көшкенде  Алматыдан  келген  ағайын  ғылымға 
қатысы бар бір қыздың мені жата-жастана сұрағыштағанын ай-
та келді. «– Мұхамеджан Қаратаевтың жары – марқұм Марху-
ма шешеміздің ол кісіге аманат етіп қалдырған қолжазбасы бар 
еді. Қолына тапсырайын десем, кездесе алмай жүргенім…» – 
дейтін көрінеді әлгі қыз бала. Әрі биыл ұстаздың туғанына 100 
жыл...
Қыз баланың сәлемін есітіп, біраз ойға баттым. Расында ұс-
таз Мұқаңды ұмыта бастағаным ба, – деймін өзіме-өзім сұрау 
беріп. «Ұмытқан жоқпын. Замана ғой дөңгелетіп ала жөнеліп, 
мойын  бұрғызбай,  алды-артыма  қаратпай  дірдектетіп  әкетіп 
бара жатқан» – деп өзіме-өзім ақталамын.
Сөзім  дәйексіздеу  шығады.  Тән  мен  Жан  өзара  айтысып 
бара жатқан соң, қиялды тез тиып, қолыма жедел қалам алдым. 
Естелік пе, толғаныс па, әйтеуір эссе сипатты бірдеңе жазып, 
іштегі уытты сыртқа шығаруды ойладым.
Жетпісінші жылдар.
Жоғары курстың студентіміз.
«Қазақ  әдебиеті»  кафедрасының  меңгерушісі  профессор 
Б.Кенжебайұлының  шақыруымен  академик  Мұхамеджан  Қо-
жасбайұлы  ҚазМУ-дің  филология  факультетіне  дәріс  беретін 
болыпты.  М.Әуезовтен  лекция  тыңдау  бақыты  бұйырмаған, 
тіпті  Т.Нұртазин,  М.Ғабдуллин  секілді  біздің  алдымыздағы 
курсқа сабақ берген аты бар профессорлардың бізге келгенде 
танабы  тартыла  қалғанына  қынжылып  жүрген  біздер  бұған 
ерекше қуандық. Қуанбағанда ше?! Ол кезде академик сыншы 
Мұхамеджан Қаратаевтың аты аспандап, даңқы дәуірлеп тұр- 
ған сәт. Халықаралық сыншылар ассосациясы мүшесі, Бүкіл-
одақтық сыншылар секциясы бастығының орынбасары, «Қа зақ 
совет энциклопедиясының» Бас редакторы, жылына бір кітап 
беріп  тұрған  білгір  сыншы.  Абыройлы  жиындардың  төрінде 
отырар  ірі  тұлға!  Сондай  адамнан  тәлім  алу,  әрине  үлкен 
бақыт!
Мұқаң  келіп,  біздің  курсқа  лекция  оқиды  екен  дегенді 
естігенде Алматыға ауылдан оқуға аттанарда ол кісінің «Туған 
әдебиет туралы ойлар» – аталатын кітабын бірге ала келгенім 
есіме  түсті.  Ауылдық  кітапханадан  «Эпостан  эпопеяға»  ата-
латын  қомақты  сын  кітабын  алып  оқығаным,  Т.Нұртазин, 
С.Қирабаевпен бірге жоғары оқу орнына арнап жазған оқулы-
ғын  қарап  шыққаным  да  есте.  Әрине,  біз  ол  кісінің  кітабын 
оқығанмен  өзінің  үлкен  тағдыр  кешкенін  біле  бермейтін 
бозбаламыз.  1938  жылы  «халық  жауы»  науқанымен  ұсталып, 
ұзақ  жыл  Сібірдің  дәмі  бұйырып,  «Туған  әдебиет  туралы 
ойларға»  тұппа-тура  жиырма  жыл  кешігіп,  зарығып  жеткенін 
ол  кезде  біз  қайдан  білейік.  «Туған  әдебиет  туралы  ойлары» 
–  Мұқаңның  30-шы  және  50-ші  жылдары  жазған  әдеби  сын 
мақалаларынан бас құрау сырын біз кейін, о, кейін түсіндік.
Сөйтсек, отызыншы жылдары Абай атындағы қазақ педа-
гогикалық  институтын  тәмамдаған,  Санкт-Петербургте  аспи-
рантурадан  өткен,  азулы  сыншы,  эстет  әдебиетші  Қазақстан 
Жазушылар Одағында жауапты хатшы қызметін атқарып тұрып, 
«халық  жауы»  болып  ұсталып  кетіпті.  Сібірге  айдалған  жап-
жас  Мұхамеджан  да  біраз  қағазға  қол  қойған  деседі,  атынан 
бірсыпыра  мақала  да  жазылыпты.  Мүмкін.  «Мүмкін»  деу  – 
көлгірсу,  тұп-тура  шындық.  Өзгені  қайдам,  архив  ақтарған 
маған  аға  буында  отыз  жетінің  құйынынан  аман  адам  жоқ 
сияқты көрінеді. Біреу – аз, біреу – көп, біреу – көрініп, біреу 
көрінбей істеді. Мен 37-нің кеселінен тысқары тұрған едім деген 
дәпкештіктің керегі жоқ. Оған ешкім иланбайды. Қалай дегенде 
бәрі  де  қоғам  дертіне  қызмет  көрсетпей  «заманға  күйлемей» 
тұра алмаған. Ол бір алмағайып заман еді ғой, ағайын!
Жұртты  бір  айналдырған  құйын  Мұхамеджан  Қаратаев, 
Өтебай  Тұрманжанов,  Жүсіпбек  Арыстановты  екі  айналдыр-
ған. Сібірде біраз уақыт ағаш қырыққан, завод салған олар аз 
уақыт ауылға келіп, қайта ұсталып, тағы да бес-алты жылдан 
азап  шеккен.  Демек,  бұлар  құйын  бір  айналдырғанда  шыр 
айналдырған, содан да зыр айналдырған, жиырма жылын қара 
орман  арасында  өткізіп,  әупірім  тәңірмен  аман  қалған  ауыр 
тағдыр иелері! Алғаш оралып елге келгенде, Мұқаң Жамбылда 
педагогикалық орта оқу орнында өзге балалармен бірге Шерхан 
Мұртазаға  сабақ  беріпті.  Аз  уақыт  қана.  Содан  Сібірге  қайта 
кеткен. «Кеткен» емес-ау, қайыра Сібір айдалған. Ол сәт жазу-

210
211
шы  Шәрбану  Бейсенованың  «Бір  махаббаттың  баяны»  атала-
тын повесінде психологиялық иіріммен тамаша айтылған.
Кейін,  аты  аталған  азаматтардың  қай-қайсысымен  де  жиі 
араласуға тура келгенде олардың өмір жасы өксіп кете жаздаған 
жандар екенін таныған едім. Пенденің басына бермесін!
Мұқаң  кешігіп  жатты.  Біздер  оның  кешіккенін  ғылымға 
арналған өмірінің дені Академияда, энциклопедияда өтіп келе 
жатқан,  жоғары  оқу  орнында  сабақ  бермегенінен  деп  білдік. 
Бір-бірімізге солай шығар деп кесіп-пішіп асығыс әңгіме айтып 
үлгердік. Ұзамай қалың шашын артына қайырған, пілкөзденген 
жуантық қара кісі кіріп келе жатты. Дәріс басталар сәтте Мұ-
қаң «Бір себеппен кешіккенін, әйтпесе тәжірибелі ұстаз» екенін 
айтып  өтті.  Академиктің  бұл  сөзі  –  біздің  сөзімізді  тыңдап 
тұрғандай болып шыққанын қараңыз. 
Әдебиеттің  эстетикалық  мәнін  түсіндіріп,  лекциясын  бас-
тап  кетті  академик.  Обалы  не,  лекцияны  тартымды,  жүрдек 
оқыды. Бәріміз де Мұқаңа шәкірт болсақ деп армандадық. Ол 
кезде  «Социалистік  реализм  әдісі»  туралы  ойларын  да  күдік-
сіз  қарап,  қапысыз  қабылдап  жаттық.  Студент  біз  ғана  емес, 
Мұқаңның  социалистік  реализм  туралы  еңбегін  Б.Сучков, 
Д.Марков секілді «одақтық» ғалымдар да қапысыз қолдайтын. 
Бүкілодақтық әдеби процесте мойындалған – М.Қаратаев! Көп 
ұстазға көрсете бермейтін құрметіміз еді, бір топ студент қояр-
да-қоймай  Мұқаңмен  суретке  түстік.  Сол  жылдары  Мәскеуде 
орыс  тілінде  жарық  көрген  «Асулар  алда»  аталатын  сын  кі-
табынан  үлкен  үміт  күтетінін  айтып,  туған  әдебиет  жайында 
міндет  артып,  қолтаңба  жазып  сыйлады.  Біз  ұстазды  жақсы 
көрдік. Ол кісі шәкірт ретінде бізді шеккі көрмеген болса ке-
рек. Сөйтіп, әдеби сынға мамандануда осы бір алды кең, кең 
дүниені  тарылтпайтын  мейірбан,  білімдар  адамның  әсері  көп 
тиді.  Өзгені  білмеймін,  академик  Мұхаметжан  Қаратаевтан 
дәріс алғанымды өз басым мақтаныш көремін…
Оқу бітірген соң Т.Кәкішұлы қамқорлығымен Ғылым ака-
демиясына қызметке барған мен 1975-76 жылдың аралығында 
қызметтен қысқарып, жұмыс таппай сандалып далада қалдым. 
Шыр-пыры шығып Бейсембай Кенжебайұлы қызмет іздеді ма-
ған.  Өзім  де  іздеймін  табанымнан  таусылып,  баспаған  та бал-
дырық, ашпаған есік қалмады. Ашқан есігімнің бірі – «Қазақ 
совет  энциклопедиясы»  Бас  редакторының  есігі.  Обалы  не, 
Мұқаң сондай жылы шырайлы қабылдап, ұстаздық сөзін айт-
ты.  «Жеткіншек  жастарды  қысқартқанша,  Академияға  жеміс 
бермейтін  кәрілерді  қысқартса-шы,  шіркіндер.  Келешекті 
ойлағандарыңа  болайын?!»  –  деді  әлдекімдерге  ренжи.  Ақы-
рында: «Бір ай уақыт бер. Біреуді қысқартсам да сені қызмет - 
ке  қабылдаймын!»  –  деді  жайсаң  ұстаз.  Маған  жаны  ашы-
ғандықтан сондай бір әрекетке бармақшы болды. Әйтпесе, кісі 
орны толық қой. Әр қызметкердің арқасында бір-бір шүй желке 
тұратыны және белгілі.
Мәдениет  министрлігі,  Халық  шығармашылығы  үйі,  «С.Мұ-
қановтың мемориалдық музей-үйі» дегендей қызмет табылды 
да  мен  қайта  Мұқаңды  мазалай  қойған  жоқпын.  «С.Мұқанов 
музей-үйін»  экспозициялау  барысында  арнайы  Ғылыми  ке-
ңес  құрып,  Мұқаңды  төраға  етіп  бекіттірдік  (Бекітетін  Мә-
дениет  министрінің  бәленбайыншы  орынбасары,  ұлттық 
болмысы  үшін  шетқақпай  көріп  жүрген  Өзбеккәлі  Жәнібек). 
Ақыл-кеңесін  аяған  жоқ,  жарықтық.  Сыйластығы  ғой,  Сәбит 
Мұқанов дегенде жоқ уақытты табатын. С. Мұқанов жөнінде 
телехабарлар  сериясын  жасадым.  Келіп,  хабарға  қатысып, 
сөйлеп жүрді. Телеқорда бар болуға тиісті. С.Мұқановтың 16 
том дық  таңдамалы  шығармалар  жинағын  баспаға  дайындап 
шығардық. Таңдамалыға М.Қаратаев соңғы сөзін лайық көрдік. 
Өтініш айтып едік, сөзге келмей жазып берді. «Таңдамалыны 
академиялық  басылымға  жақындатайық,  Құлбек,  сен  толық 
түсінік жаз!» – деді Мұқаң. Шама-шарқымша түсінік жаздым.
«Жас алаш», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» га зет-
терінде,  «Ақиқат»  жорналында  қызмет  істеген  жылдарымда 
тым жиі араласуға мүмкіндік болған жоқ. Ағымдағы баспасөз-
ге  мақала  ұсынса,  жеделдетіп  жариялайтынбыз.  Академиктің 
мақала жазуы – ағымдағы баспасөз үшін үлкен абырой санала-
тын кез. Мақалаларын орынсыз тықпалап, мазаны алатын кісің 
Мұқаң емес. Кезіндегі тілмен айтқанда, кеңестік, орта азиялық, 
республикалық  жиындарда  өте  абыройлы  жүрді,  өзін  білімді 
көрсете білді, академик деген атына орай өзін асқақ ұстап оты-
рар еді мінберлерде.
1984  жылы  әкемдей  болған  әзіз  адам  –  профессор  Б.Кен-
жебайұлының  80  жылдық  мерейтойын  өткізгенде  ерекше 
ықыласпен  қызмет  еткен  екі  адамның  бірі  –  Мұхаметжан 
Қаратаев,  бірі  –  Әбділда  Тәжібаев!  Ақылдасып,  кеңескен  бір 
оңаша  сәттері  «Қарағым,  Бейсекеңнің  батасын  ала  бер.  Бұл 
кісіге бәріміз де қарыздармыз. Ағалығы, ұстаздығы өз алдына. 
Сібір айдалып, жау атанып, жаза өтеп келгенде, дұшпан таба-
лап, дос бойтасалап жатқанда, қасқайып алдымыздан шыққан, 

212
213
қорықпай  үйіне  шақырып,  дәм  берген,  бізге  қызмет  іздеген, 
адал  да  алып  Адам»  –  деген  мұңға  булығып,  –  Біз  академик 
болып туды деп отырсың ба? Біз Бейсекеңнің тәрбиесін көріп 
өстік.  Бейсекеңнің  еңбегі  атақпен  өлшенбейтін  еңбек.  Әлі-ақ, 
күні туады!» 
Ол кезде ауру-сырқаулы Б.Кенжебайұлын көп кісі көзге іле 
бермейді.  Тіпті,  күні  кеше  тәлім  алып  алдынан  өрген  кейбір 
«шәкірттерінің»  өзі  жүре  сөйлесіп,  төбеден  қарап,  тасыраң 
мінез  көрсетіп  қалған  сәт  еді.  Бар  атақ  бір  өзінде,  бірнеше 
қызмет  бір  басында  дерлік  Мұхаметжан  Қаратаевтың  осы 
бір  кішіпейілдігі  менің  есімнен  кетпейді-ақ.  Турасын  айтсам, 
Бейсекең 80 жылдық тойының қара жұмысынан қашпады. Той 
күні төбедей болып төрде отырды.
1990  жылдан  Мұхамеджан  ағамен  ҚРҰҒА-ның  Әдебиет 
және Өнер институтында қызметтес болдық. Сексенге жа қын-
даған  қария  неге  екенін  біртүрлі  еңсесі  түсіп  кетіп ті.  Шама - 
сы,  сол  кезеңде  «Қайта  құру»  дауылымен,  жариялылық  жа-
уынымен  Мұқаңдай  әдебиетші  үстіне  нешетүрлі  лай,  кір  су 
құйылып жатты. «Бүкір, алысқа түкір» – дегендей мазақтаулар, 
Жазушылар одағындағы бір жиналыста бетіне тік келіп, батыр-
сып  ғайбат  сөз  айтушылар  болды.  Ауыр  тағдыр  кешкен  адам 
еді  ғой  деген  аяушылық  болмады.  Батырсыған  бәнделер-ай, 
шіркін,  өздері  сүттен  ақ,  судан  тазадайын.  Бейнелеп  айтсақ, 
Мұхамеджан  аға  1937-38  жылдардың  қара  құйынын  басынан 
қайыра  өткізіп  жатқандай  болды.  Ертеректе  «Литературная 
газета» бетінде «Дала батырлары не деп жылайды?» аталатын  
сын  мақаласы  жарық  көрген  Мұқаңның.  Ащылау.  Сын  кімге 
ұнаған? Сыналған жазушының бірі – Сафуан аға Шаймерденов 
жиындарда  ауызша,  баспасөзде  жазбаша  сынайды  Мұқаңды. 
Көңілде дық қалған. «Академик» райында маған дауыс берме-
ген» деп әукесі салбырап Рақаң-Бердібаев қиқуға-қиқу қосады. 
Мүсілім  Базарбаев  құдыққа  құлаған  Мұқаңның  құлағында 
ойнайды... «Бұлар неге оқиғаға терең талдау жасамайды, неге 
мәселенің  бетін  қарпиды?»  –  дер  еді,  ондайда  Мұқаң.  –  Не 
бұлар бізді жеңіл тағдыр кешті деп ойлай ма, сонда? Ол заман-
ды басқа бермесін. Басқа берсе сатқынның көкесі – осылардан 
шығар еді?..». 
Күні кеше ғана шәкірт болып баурына кірген, академиктің 
«шарын»  сайлауда  қалай  аламыз  деп  жүгіріп  жүрген  жағым-
паздың  көбісі  көзге  шұқығандай  еткенін  қайтерсің.  Кезінде 
даусыңды бермеген едің, енді не болдың «шоқ-шоқ» – дер еді 
олар.  Бейне  өздері  қартаймайтындай,  бейне  өздері  ақ  киіп, 
өмірі ақ жайнамаз үстінде өтіп келе жатқандай, бейне өздері - 
нің өкшесі қисаймайтындай...
Алпыс,  жетпіс  жылдық  мерейтойы  шалқып  өткен  Мұ-
хаметжан Қаратаев өзінің 80 жылдық тойына әбіржіп, жердің 
үстімен емес, астымен келгендей кеудесінде жаны бар, кірпігі 
қимылдап  әзер  жетті.  Жайшылықта  «баяндаманы  мен  жасай-
ын,  мен-мен»  деп  кеуде  ұрып  таласар  жандар  бұғып-бұғып 
қалыпты. Енді, Мұқаңның 80 жылдық тойына баяндаманы кім 
жасайды? – деген сұрақ туды. Адам дегенің айнымалы тал күбі. 
Саусақ көтерер кім бар?
Мұқаңның  80  жылдық тойында  Ш.Елеукенов,  Ж.Ысмағұ-
лов,  Б.Ыбырайымов  және  осы  жолдардың  авторы  баяндама 
жасады. Құрманғазы және Қонаев көшелерінің қиылысындағы 
«Достық үйінде» дастарқан жайылды. Ресми жиын аяқталып, 
бәріміз  киімілгішке  келсек,  Мұқаң  тұр  абдырап.  Тойына  киіп 
келген сусар бөркін біреу ұрлап кетіпті.
«–  Әй,  мұнысы  несі-ай,  –  дейді  Мұқаң,  не  ренжірін,  не 
ренжімесін білмей, – Алпыс жылдық тойымда да осындай бір 
сусар бөрік жоғалтқанмын. Жетпіс жылдық тойымда да осын-
дай бір сусар бөрік жоғалттым. Енді, міне, тағы да бір сусар 
бөрік…»
Шынында тосын жағдай. Бір кісінің өміріндегі үлкен-үлкен 
үш  той.  Үш  тойда  үш  бөрік  жоғалған.  Бір  кісінің  әрекеті-ау. 
Ол  ғалымның  алпыс  жасынан  бермен  қарай  ізін  аңдып  бірге 
келе жатыр емес пе?! Демек, Мұқаңның ұрысы қасында. Бірақ, 
көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң кімді ұры тұтарсың?!
Күлерімізді де, бөркін ұрлатқан ұстазға көңіл айтарымызды 
да білмей далмыз. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» – дегендей, 
– Мұқа, ұрыңыз өзіңізбен бірге жасасып келе жатқан секілді. 
Мына  бөрік  те  сол  ұрыға  бұйырсын.  Бірақ,  Сіздің  тоқсан 
жасыңызға бірге бармасын – деп тілейік. Тоқсан жасқа келген 
тойыңызда бөрік ұрлау дәстүрі үзіліп қалады десеңіз, тәбәрік 
тұтып, өзіміз-ақ ұрлайық – дедім мен. Қарадай қолайсызданып 
тұрған жастар ду күлді. 
– Тоқсанға келер болсам, бір бөрікті өзім-ақ сыйлайын са-
ған – дейді Мұқаң маған қарап. 
Осы  сөзге  бәтуаласып,  Мұқаңның  басына  тарлау  соққан, 
тойға түскен бөріктің бірін кигізіп, тойханаға кеттік.
Қызықты, думанды той өтті. Мұхаң көңілді отырды. Ака-

214
215
демиядағы той дастарханын ұйымдастыруда, басқаруда «Тіней 
Оразайдың Мұртазасының Файзолласы» ерекше еңбек етті.
Көңілділік ұзаққа бармады. Көңілдің жыртығына той жа мау 
бола алмады. Мұхаң көз алдымызда шөжіп те, шөгіп те бара 
жатты. Тіпті жүрісі кібіртік тартатынды шығарды. Ғылыми Ке-
ңестің мәжілістерінде де сөйлемеуге айналды Мұхаң. Сөйлей 
қалса  кеше  бір  ауыз  бағасына  зәру  азаматтар  жұрт  көзінше 
бетінен  ала  түсіп,  берекесін  кетіретін  мінез  тапты.  Ондайда 
Мұқаң  үндемей  құтылады.  «Үндемеген  үйдей  бәледен  құты-
лады…» 
Албырт шақта, ұйытқи соққан қара құйын кезінде қателік 
кетпеді дей алмаспыз. Алайда, сол қателікті «қайта құру» тұ-
сында үрмелеп өсіріп, өшкен отты шоғынан үрлеп жағып де-
гендей,  азаматтар  науқанға  айналдырды.  Әуел  баста  1937-38 
жылдары ұсталып кеткен, екінші толқында – соғысқа кетіп опат 
болған азаматтардың босап, қаңырап қалған қызмет орындары-
на  жастай  отыра-отыра  кетіп,  Кеңес  өкіметінен  жайшылықта 
түсіне кірмес жақсылықтар көрген азаматтар жәбір көрген бо-
лып мүсәпірси қалып, келмеске кеткен өкіметті де, Мұқаңдай 
ұстаздарын  да  күстаналай  бастады.  Көбі  соның  дәлелсіз,  дә-
йексіз  күстаналаулар,  дәлелсіз  кіржағулар.  Олар  өздерінің 
осын дай пендешілігімен кейінгі буын көз алдында пендешілік 
батпағына батып бара жатқанын білді ме екен, сонда?!
Ұстаз  ақталар  ма  еді,  мән-жайды  түсіндірер  ме  еді,  бірақ 
саясат желі, уақыт желі – аға буын жағынан емес, оларға қарсы 
беттен соғып тұрды. Тағдыр!
Дегенде, ұстазға жанымыздың ашуы шығар, әйтпесе іні ле-
рінің  көрер  көзге  орынсыз  ұрынуын  көргендіктен  бе,  әйтеуір 
«Мұха-ау, Сіз бастан кешкенді – бұлар бастан кешкен жоқ. Сіз 
көрген  көресіні  бұлар  көрген  жоқ.  Айтыңыз.  Жазыңыз.  Тіпті 
мемуар  жазсаңызшы  дейтінмін  әрдайым.  Бүгін  басылмаса, 
ертең  басылады.  Күш-қуатыңыз  барда  жаза  беріңіз».  Ондай 
жанашыр  пікір  айтушы  шәкірті  жалғыз  мен  болмауым  керек. 
Бірді-екілі кісі теріс айналды екен деп, Мұқаңнан жұрттың бәрі 
безінген  жоқ.  Әсіресе,  шәкірттері  жау  жоқта  батырсып,  бұлт 
жоқта найзағай отын жарқылдатып жүрген айғайшыларға тіпті 
де  ден  қойған  жоқ.  Ұстаз  –  ұстаз  қалпында,  шәкірт  –  шәкірт 
орнында!
Дәл жылы, айы-күнін түстеп айту қиын, Абай атындағы опе-
ра және балет театрында түрік халықтары ақындары мүшайра-
сы  өтті.  М.Қаратаевты  Тұмағаң  –  Молдағалиұлы  қолтықтап 
келе жатты. Тұмағаңның бұл кісілігіне қатты сүйсіндік. Жүгіріп 
барып, Мұқаңа сәлем бердік бәріміз.
– Тұмаш рахмет, мені енді Құлбекке тапсыр, – деді Мұқаң.
Жақсы екі құлақты сөмке таратылған екен тойға. Тұмағаң-
ның  көзінше  сөмкені  «Мә,  тәбәрік!»  –  деп  маған  сыйлады. 
Тұмағаң да, өзгелер де күліп, кәукілдесіп жатты. «Ақын бізге 
бермей,  тәбәрікті  сыншы  Құлбекке  бересіз,  ә»  –  деп  қояды 
Тұмағаң риясыз көңілден.
Мұқаң  үйінен  шыға  алмайтын,  қызметке  келе  алмайтын 
халге  душар  болды.  Ұмытпасам,  аталмыш  институт  дирек-
торы  Серік  Қирабайұлы  кеңесшілік  қызметтегі  Мұқаңа  тіпті 
еркіндік берді. Күнұзын үйінде болады. Кейде біз барып сәлем 
беріп, Мархума шешейдің шәйін ішеміз. Күнұзын үйде отыру-
дан  жалыға  ма,  кейде  бір  азаматқа  сүйеніп,  институтқа  келіп 
қайтады. 
Осындай  күннің  бірінде  институт  директоры  қабылдау 
бөлмесінен хабар түсті. «Сізге Мұқаң келіп кетсе дейді». Іле-
шала  Мұқаң  үйіне  бардым.  Ол  кісінің  үйі  институт  іргесінде 
болатын.
Ұстаз жүдеу. Мұқаң Мархума шешемізге қарады. Біртүрлі 
бала секілденіп жәутеңдей қарағаны.
– Айта берейін бе? – дейді, жарықтық бәйбішесіне қарап.
– Айта берсейші, Мұқа. – Өзіміздің бала ғой. 
– Айтсам, Құлбек, былай. – Ол әңгімесін сабақтады. Менен 
күш-қайрат  кетіп  барады.  Аяғым  жүрмейді.  Құ лай  беремін. 
Сібірде ағаш кесіп, сумен ағызудан тапқан пайдам шығар. За-
мана алай-түлей болып кетті. Енді ұзақ жасамаспын.
Сенің Бейсекеңе жасаған қызметіңе дән ризамын. Ар дақты 
ағамыз жайында естелік мақала жаздым. Саған ризашылығым-
ды айттым. Мен де сені шәкіртім деп жақсы көремін.
Өздерің  «Сібірдегі  өміріңіз  жайында  мемуар  жаз са ңыз-
шы» деп қолқалайтын едіңдер. Мен соны біраздан бері жазып, 
аяқтадым. Оңай болған жоқ. Жылап отырып жаздым. Жасымда 
бастан кешкен қасіретті қартайғанда қайтадан көз алдыңа еле-
стету қиын-ақ екен.
Мұқаң  ентіге  сөйлеп,  біраз  демалды.  Қазір  жариялаудың 
қажеті жоқ-ау. Мен осы қолжазбаны саған аманат етемін. Жа-
рық дүниеден өтермін, жағдай түзелер. Сол кезде артық, кемін 
өзің қарап, таразылап жариялатарсың.
Міне,  Мұхамеджан  Қаратаевтың  маған  айтқан  сөзі.  Өз 
ретімде мен де «өте дұрыс болған» – деп, Г.И.Серебрякованың 

216
217
«Қара  құйынын»,  Өзбекстан  Республикасының  бірінші  хат- 
шысы  болған  Акмал  Икрамовтың  баласы  жазған  кітапты,  ау-
дармашы Анна Борзер, Семен Липкин жазып, жариялаған кі-
таптарды мысалға ала отырып, біткен іске бітімші, тілекшінің 
сөзін  айттым.  Шамамның  келгенінше,  шәкірттік  бейілден  жі-
герлендірдім қимас ұстазды.
Бірсыпыра  әңгімелестік.  Ұстаз  ризашылығымен  хошта-
сып, ол қолжазбаны қарағыштайтын болып, мен тағы оралып 
келетінімді  айтып,  қара  шаңырақтан  шығып,  үйге  қайттым. 
Көңілім қабарып, мұң шайнап жеттім үйге!
1992 жылдың жазынан Түркістан қаласына қызметке ауы-
стым.  Алматыға  келіп,  кетіп  жүремін.  Қ.А.Ясауи  атындағы 
халықаралық қазақ-түрік университеті – жаңа оқу орны. 
Бар ісін жаңадан бастау керек. Ол үшін Түркістанда аялдауға 
тура келеді. 
Бірде,  Әбіраш  Жәмішев  телефондап,  ұстаз  Мұхамеджан 
Қаратаевтың қайтыс болғанын, Мархума шешейдің атымызды 
атап, «Сол бала естімей қалмасыншы» – деген тілегін жеткізді.
Жедел  жолға  шығып,  Алматыға  жетіп,  Академияның  Бас 
ғимаратындағы  қоштасуға  үлгердім.  Апамызға  көңіл  айттым. 
Ұстаз қабіріне қайғыра тұрып топырақ салдық. Дастарқаннан 
дәм таттық. 
Алматыға  келесі  бір  келгенде,  Мархума  шешейдің  қоныс 
аударып кеткенін естідім. Әне-міне іздеп барамын деп жүргенде 
газеттен  Мархума  шешеміздің  де  о  дүниелік  болғанын  оқып 
білдім... О, жалған дүние!
«Дүние шіркін, Дүркін-дүркін, Өтеді бір күн» – дегендей, 
дүние дөңгеленіп кетті. Қазақ әдебиетінің бір іргелі қара ша-
ңырағына  айналған  М.Қаратаевтардан  хабар-ошарсыз  қал ға-
ныма біраз уақыт.
Енді, міне, бір бейтаныс қыздың сыртымнан сұрау салып, 
Мұқаң  аманатын  айтқан  сәлемі  жетіп  отыр.  Тым  белгісіз  кісі 
емеспіз. Іздесе табады. Хабарын берсе – іздеп тауып аламын. 
Бар мән-жай – осы! 
Ұстаз рухы сәламаттықта болсын! Шәкірт көңілі бәз-баяғы. 
Мұқаң үшін біз қызметке дәйім дайынбыз…
Биыл ұстаздың туғанына жүз жыл! 
Отызыншы  жылдары  «құйында»  қате-кемшілік  жіберіп 
алғаны  айдай  –  ақиқат.  Әйтсе  де  сын  сардары  бола  білген 
М.Қаратаевты  әдебиет  тарихынан  сызып  тастай  алмаймыз. 
Жылай отырып – қорғап, сынай отырып – «ақтағымыз» келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет