СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



жүктеу 2.26 Mb.
Pdf просмотр
бет29/41
Дата28.12.2016
өлшемі2.26 Mb.
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   41

***
Жалпы  театр  сынының  бұл  жылдары  бағы  жанбапты. 
Тәуір материалдар қатарына белгілі театр сыншысы, Одақтық, 
Республикалық  орысша-қазақша  басылымдардың  баршасына 
шамасынша  атсалысып  келе  жатқан  Бағыбек  Құндақбаевтың 
Оңтүстік  Қазақстан,  Атырау  облыстық  театрлары  жайлы 
мақалаларын,  Әшірбек  Сығаевтың  «Аударма  пьесалар  және 
сахналық шешімдер» – дейтін мақаласын жатқызар едік. Бұлар 
әпербақандықпен кимелей кетіп бас-көзге қарамай төмпештей 
жөнелетін «белсендің сыншылар мақаласынан табиғаты бөлек, 
зергерді – зергер таныр дегендей, сөздеріне есеп бере жазылған 
мақалалар екен.
***
Республикалық  «Қазақ  әдебиеті»  секілді  кеуделі  газетінің 
негізінен қамтыған мәселелері – осылар!
Ендігі  біраз  ойды  газет  әдебиетіміздің  қай  жанр,  қандай 
мәселелерін  қағыс  қалдырды?  Алда  қалай  ету  жөн  болар  еді 
деген сауал төңірегінде ойласа сабақтайық.
Газеттің  ұмыт  қалдырған  бір  мәселесі  –  қашанда  бағы 
күйіп жүретін – аударма болар. Бұл мәселені екі қырынан алып 
қарау  керек.  Бірі  –  әлемдік  және  одақтас  республикалардың 
озық әдеби үлгілерін қазақ тіліне аудару. Бұл мәселеде газет екі 
жылда  Б.Алдамжаровтың  «Аудармадағы  жолайырық»  дейтін 
ойлы  мақаласы  мен  С.Шаймерденовтің,  А.Нысаналиннің  ре- 
цензияларын  жариялады.  Қалай  айтсақ  та,  бұл  жеткіліксіз. 
Талдаусыз, талқылаусыз А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, 
А.Некрасов,  А.Блоктың  екі  томдықтары  жатыр.  Отызыншы 
жылдардан бері қарай аудармаға көзмайын тауысып, бар өмірін 
сарп  еткен,  бақ-талайы  жанбаған  талай  тәржімандар  атаусыз 
қалып барады.
Екіншісі – өзіміздің тәуір шығармаларымыздың өзге тіл ге 
аударылу  тәжірибесі.  Жалпы  қазақ  әдеби  сынында  төл  туын-
дыларымыздың  орыс  тіліне  аударылуы  әңгімеленбейтін  бол-
ды.  Өткен  тәжірибеге  жүгінсек  М.Әуезовтің  кезінде  жазған 
мақалалары, бірігіп жасаған баяндамасы бар. Қала берсе Қал-
жан Нұрмахановтың «Абай жолы» романының орысша аудар-
масы  жайлы  тұздықты  мақаласы  бар.  Тәкен  Әлімқұловтың 
«Лениншіл  жас»  газетінде  жариялаған  «Аударма  ауқымы 
мен  ажары»  –  дейтін  мақаласы,  А.Нысаналиннің  ілгеріректе 
жариялаған «Асылды жасытуға бола ма?» – дейтін мақалалары 
біздің жадымызда. Бұл мақалалар жалғасын тілейді.
***
Тарихи  мәселелер  –  газет  осы  екі  жылдық  мерзім  ішінде  
бір аз  көне  тарих,  сәулет  мәселесіне  атсалысты.  Онысы  абы- 
ройлы  болып  шықты.  Қоғам  қайраткері  Өзбекәлі  Жәнібеков- 
тің  «Ха лық  қазынасы»,  Ф.Кендібаевтің  «Есімдер  сыры»  – 
дейтін мифологиялық этюді, Ә.Дербісәлиевтің «Көгілдір күм­ 
бездің  көне  жазулары»,  Б.Әлімжановтың  «Тереңнен  терілер 
інжу» – секілді мақалалары оқырманын елең еткізеді.
Тарихи  ескерткіштер,  көне  мұралар  жайлы  мақалаларды 
да әдеби сынға тарта сөйлеп жатуымыздың бөлекше мәні бар. 
Қазақ  оқырмандары  өзге  халықтар  секілді  тарихын  бөлек, 
сынын,  теориясын  бөлек-бөлек  жіктеп,  бас-басына  баспасөз 
арнайтын  мүмкіндікке  ие  болған  жоқ.  Арнайы  басылымы 

398
399
жоқ.  Барымыз  да,  нарымыз  да  бір  –  «Қазақ  әдебиеті»,  қала 
берді  «Жұлдыз»,  «Лениншіл  жас»  қана.  Екіншіден,  әдеби 
сынның  барып  құяр  арнасы  –  әдебиет  тарихы.  Бүгінгі  сөзің 
ертең  тарихқа  айналмай  қалып  қойып  жатса,  одан  асқан 
қасірет жоқ. Ендеше, сын мен тарих сабақтас. Үшіншіден, ұлт 
өкілдері, ұлт оқырмандары үшін тарихты насихаттаудан артық 
абырой бола қояр ма екен қазір. Қазіргідей жалпыадамзаттық 
даму  қарқынында  ортақ  мәдениетке  біздің  халқымыз  ұлттық 
ерекшелігімен,  біздің  әдебиетіміз  бен  өнеріміз  өзіндік 
ерекшелігімен бармаса болмайды. Мен өз сөзімді емес, өткен 
ғасырда  өмір  сүрген  ұлы  ойшыл  Гончаровтың  ой-пікірін  ұлт 
тағдырына,  тарихына  ыңғайластыра  айтып  отырмын.  Оның 
үстіне, біз ұлттық әдебиетіміздің өткен дәуірде жасаған өкіл-
дерін аршып, ақтап алуға өте салақпыз. Өзгені былай қойғанда 
Қожа  Ахмет  Ясауидың  ақындық  мұрасы  200  томдық  «Әлем 
әдебиеті»  қорының  «Поэзия  народов  СССР»  –  деп  аталатын 
кезекті  томына  Өзбек  ағайындардың  атынан  енді.  Ал,  біз  әлі 
күнге  Ахмет  Ясауи  мұрасынан  ат-тонымызды  ала  қашумен 
жүрміз.  Көне  әдебиет  мәселесін  көтерумен  өмірі  өтіп  келе 
жатқан профессор Бейсембай Кенжебаев пікірлеріне құлақ асар 
емеспіз. Құлағымызды тарс бекітіп алғандаймыз. 
Тарихи жәдігерліктер. Қосымша факты керек болса көр- 
некті  жазушымыз  Ә.Нұр пейісов  бір  мақаласында  Шәкәрім 
Құдайбердиевті  атап  өтті.  Орталық  «Литературная  газета» 
қорықпай-ақ  жариялады.  Ға лым  М.Мағауин  Ленинградта 
«Поэты Казахстана» дейтін ан тологияға Ш.Құдайбердиевтің 
өлеңдерін  енгізді.  Түсініктеме  жазды.  «Орталық»  баспа  бас 
тартқан жоқ. Ал қазақ тіліндегі газет-журнал әлгі авторлардың 
атын естігеннен ат-тонын ала қашады. Сонда біреуін ғана атап 
отырған, бірегей жабулы жатқан қаламгерлерді кім ашып, ақ-
қарасын кім ажыратады. 
Аға  буын  орыс  әдебиетінің  әдеби  жәдігерлік  жөніндегі 
тәжірибесін үлгі тұтсақ болмас па?! Орыс әдебиетінде С.Есе-
нин, А.Блок, В.Брюсов, И.Буниндердің тарихқа оңай ене қой-
мағанын ұмытпайық! 
Көне әдебиет мәселесін де «Қазақ әдебиеті» көтермегенде 
кім  көтереді?  Өздерінің  хал-қуаты  бар  кезінде  осы  мәселені 
үзбей жазып, жариялап отырған профессор Б.Кенжебаев, оны 
қолдаған  академик  Марғұлан  осы  газетте  жарияланбағалы 
оншақты  жыл.  Олардан  қуат  кете  бастаған  шығар.  Алайда, 
тілші  жіберіп,  жаздырып  алсақ,  газетке  жариялап  отырсақ, 
неміз кетеді?
Әдеби форма. Әдеби сын ойдан туып ой қозғайтын жанр. 
Сондықтан ол өзіне көбінекей форма тілей бермейді. Әйтпесе, 
ойлы жазыл ған мақала кез-келген формада қабылдана береді. 
Дегенмен соңғы кездегі тәжірибе жаңалықты форманың сынға 
да  жарасатынын,  тың  форма  мақаланы  жандандырып,  оқыр- 
манды ынталандыратынын байқатты. 
Мәселен,  осы  газеттің  “дөңгелек  столы”  алғашында  оқу-
шыларын  қызықтырды.  “Сатира  туралы  сырласу”  аталатын 
топтау да тәуір әсер етті. 
«Қазақ әдебиетінің» биылғы 11-сәуірдегі санында «Екі кі­ 
тап: пікір бірлігі, талғам айырықтары» дейтін формасы сүп- 
сүйкімді  топтама  жарық  көрді.  Алдымен  автор  сөйлейді,  со- 
ңынан сыншы автордың сол ойының жүзеге асқан-аспағанын 
айтады. Жұтынып тұр. Әдебиетіміздің кейінгі буын жас жазу- 
шысы Р.Сейсенбаев ойласа отырып, аға буын балалар жазушы- 
сы  Сейтжан  Омаровқа  ашық  хат  жазды.  Өз  ой-толғамдарын 
аға  жазушы  да  жасырмай,  ортаға  салып,  жауап  қайтарды. 
Жарасымды ма? Жарасымды.
«Орысша-қазақша»  сөздікке  «Қазақ  әдебиетінің»  қалай 
шүйліккенін  білесіздер.  Бірінде  Г.Бельгер  мен  Қарағұлов  ма- 
қалаларын  берді,  келесіде  «Ашық  әңгіме,  байыпты  талдау» 
деп «дөңгелек стол» құрды.
Бұл да тәп-тәуір.
Осындай формалық ізденістердің көп болғаны дұрыс!
***
Ендігі  бірер  сөзді  автор  мен  газет  қызметкерлері  қатына- 
сы на арнауды жөн көремін. 
Газетте  екі  нәрсе  айқын  көрінуі  керек.  Тұтастай  алғанда 
газеттің  өзіндік  бет,  бағдары  болуы  керек.  Бұған  ешкім 
таласпайды. Сонымен қатар авторлық қолтаңба деген бар.
Мен  өз  басым  осы  газетке  құштарлана  қатысып,  тәп-
тәуір  мақалалар  берген,  кейін  баз  кешіп,  қашып  шыққан  мы-

400
401
надай  авторларды  білемін.  Б.Құндақбаев  –  қашан  көрсең, 
әрбір  мақаласынан  кейін  енді  қатыспаймын  деп  зар  илейді. 
Б.Әбдіразақов «Үш қиян» дейтін мақала жазып, соңынан «ар- 
мансыз  қырықты  бәтшағарлар»  деп  жүрді.  Асқар  Сүлейме- 
нов бұл газетке мақала жазу үшін алдын-ала, бір жыл бұрын 
арнайы  «договор»,  яки  келісім-шарт  керек  дейді.  Мағира 
Қожахметова мақала соңына қойылар өзінің аты Мағираш бо- 
лып өзгеріп кеткен соң күдер үзіп отыр. Осы газет өзі ашқан 
Жанғара  Дәдебаев  –  мақалалары  шықпайтындықтан,  шықса 
«тонын теріс айналдырып киіп», кебісі мен бөрігі алмасып кете 
беретіндіктен азар да безер. 
Қысқасы,  газетте  тұрақты  автор  жоқ.  Бір  кездерде  қазақ 
әдеби сынында белсенді еңбектенген Р.Нұрғалиев, М.Мағауин, 
З.Серікқалиев,  О.Сәрсенбаев,  Т.Тоқбергеновтің  қазір  газетпен 
суысып алғаны бәлкім осы себептен болар.
Бір әңгіме еске түседі. Ғылым докторы музейге келді. Бұр-
ын  “Қазақ  әдебиеті”  газетінде  қызмет  істеген.  Жарықтық  Сә - 
бең  деп  көп-көп  жылы  тілегін,  сөзін  айтты.  Сосын,  «жарық­ 
тық тың  «Қазақ  әдебиетіне»  әкелген  материалдарын  үнемі 
мен қайта жазып отыратынмын» – деді. «Қайта жазуы» артық, 
шамасы өңдейтін шығар.
Сәбен туламаған. Туласа әлгі кісінің күлі көкке ұшқан болар 
еді.
Жә, тарихта қайсысы қалды?
Өз  тәжірибемнен  бір  әңгіме.  Қазір  де  баламын.  Бұдан  да 
балалау кезім. Газетке мақала әкелдім. Қатырып қайта жазып 
шықты бір ағамыз. Ұсынды. Басшылық жаратпады. Ол ағамыз 
«өтпескеге» кетті. Орнындағы жігіт менің өз нұсқамды шамалы 
қарап, қайта бастырып ұсынды. Өтіп кетті…
Бұл фактілерді не себепті келтіріп отырмын. Орысша көп- 
көп  кітапия  шығарған  ағалар  айтады:  Аға  буын  орыс  басы-
лымдары бір әрпіңнің өкшесі қисайып кетсе, әкеңді боқтаған- 
нан  жаман  кішірейіп  кешірім  сұрайды  деп!  Тағы  да  орысша 
көп-көп кітап шығарған ағаларымыз айтады, олар кітабыңның 
корректурасын өзіңе жіберіп, оқытып алады, қысқарту жөнінде 
өзіңмен келіседі, пікір сұрайды деп!
Оны ажыратып жатқан біз бар ма, қол қойып, айдап жібе-
реміз. 
Олардың айтуынша елу жолдық хабар жазсаң, өзгерте қал-
са, алдымен келісіп алады екен?!
Олардікі бұрыс та, біздікі дұрыс па?! 
Біздің «Қазақ әдебиеті» газетінің авторлары не себепті га-
зеттен жеріп жүр? Ойланайық…
Сонымен  сөзімізді  қорыта  келгенде  айтарымыз:  Газет  – 
көпшілік  басылым.  Сондықтан  онда  жетістік  те,  кемшілік  те 
аралас  жүруі  заңды.  Тек  жетістігіміз  мол  болса  деген  тілек 
біраз сынды тіл ұшына үйірді. Бір мезет ойланып көргенде ол 
кемшілік  тек  «Қазақ  әдебиеті»  газетінің  бетінде  жарияланған 
мақалаларға ғана тән емес, жалпы қазақ әдебиеті сынына ортақ 
жағдай секілді. Солай-ақ болсын. Жинақтап  айтқанда, қазіргі 
сынымызға не жетпейді. Топтап, топшылап түйіп айтқанда:
1. Қоғамдық тегеурінді ой жетпейді. Сынның міндеті – әр - 
бір шығарманың жақсы-жаманын ажыратумен шектелмесе ке-
рек.
2. Талдау методолгиямыз әлсіз. Қазіргі сынымыз тақырып-
тық және образдық талдаумен шектеліп жүр. Бұл жеткіліксіз.
3. Әдеби сынның ашық айтылуы жоқ. Ашық сын дегенде 
бір  кездегі  сыңаржақ  социологиялық  әпербақан  ақкөз  сынды 
тілеп  отырмағанымыз  аян.  Сын  жанрының  бүгінгі  өресінде 
тұрып толғайтын ащы, дәмді, дәлелді, әрі ақылды сын керек.
Сонымен айтар ойымызды кемерлеп те қалдық білем. Ойға 
келгенді  ірікпедік.  Бәрінен  бұрын,  осы  газетке  ұсынар  ендігі 
мақалаларым  түрлі  себеппен  жарамай  қала  береді-ау  деп, 
енді  «Қазақ  әдебиетіне»  қалай  жариялануды  ойлап  қысылып 
тұрмын!…
15 қазан 1980 ж.

402
403
жаНр жҮрІп ӨТКеН жол
(Қиын жанрдың қалыптасу жолы)
Елуінші  жылдары  жасалған  ішінара  қадамды  айтпағанда 
соңғы  кездері  әрісі  Одақ,  берісі  туысқан  республикаларда  ті- 
келей сын жанрының жай-күйін қарастыратын еңбектер өнімді 
көрінді. «Возникновение русской науки о литературе» (1975), 
«Очерки истории русской театральной критики» (1976), «Из 
истории советского искусствоведения и эстетической мысли 
30­х годов» (1977), «Очерк истории эстетической мысли Бело­
русии» (Э.Дорошевич, В.Конон, 1972) т.б. бәрі де дерлік әдеби-
эстетикалық  ойдың  тарихын  зерттеуге  ден  қойған  еңбектер. 
Әсіресе,  авторлардың  отызыншы  жылдардағы  өнертану  және 
эстетикалық ой тарихын тұтастыра, жүйелей қарастыру талабы 
қуандырады.
Бұл іс-әрекеттердің қайсысы да жолы жіңішке, міндеті ауыр 
жанрдың ішкі даму процесінен туған табиғи қажеттілік. Соны-
мен бірге «Әдеби-көркем сын туралы» (1972) тарихи қаулының 
да зор шапағаты тиді. Қаулыдан кейін сын тарихы ғана емес, 
осы  жанрдың  методологиялық  мәселелеріне  арналған  ғылы- 
ми-теориялық конференциялар өтіп, көптеген еңбектер жарық 
көрді.
Қазақ  зерттеушісі  Тұрсынбек  Кәкішевтің  1982  жылы  жа- 
рық  көрген  «Оңаша  отауы»  бұдан  он  жыл  бұрын  шыққан 
«Сын сапарымен» тізе қоса отырып осынау міндет жетегінде 
жазылған. Жоғарыдағы еңбектерді қаздай тізіп атаудағы мақсат 
та – қазақ әдеби сынының тарихына кезек келгенін сездіруден 
туды. «Оңаша отау» тұсында қалайық, қаламайық «Сын сапа-
рына» қайыра бір көз тастап, мәселенің қойылысы мен шешімін 
тұтастыра әңгімелеуге міндеттіміз. Өйткені бұл екі кітап араға 
жылдар  салып  барып  жарық  көруіне  қарамастан  бір-бірімен 
сабақтас, жалғас зерттеу еңбегі. Қарастырары – бір мәселе.
Сын  тарихы  не  үшін  зерттеледі?  Алғы  буын  орыс  әде- 
биетшілерінің  айтуынша:  а/  өткенді  шолып,  ғылыми  мето-
дологияны  жетілдіру,  ә/  буржуазиялық  теорияға  соққы  беру, 
б/  әлемдік  әдебиеттану  ғылымындағы  орыс  ғалымдарының 
салмағын  анықтау  («Возникновение  русской  науки  о  литера-
туре»  9  стр)  үшін.  Ал,  ұлт  әдебиеттерінде  ше?  Әрине  міндет 
сабақтас.  Әйтсе  де,  бұл  алдымен  халықтың  рухани  тарихына 
сын жанрының өрісімен көз салу; халқымыздың ұлт ретіндегі 
кезең-кезеңдегі  эстетикалық  ұғым-түсінігін,  пікірін  барлау. 
Өткен жолдың жетістік-кемшілігін бүгін мен ертеңге тәжірибе 
тұту үшін де қажет.
Сондықтан қазақ әдеби сынының тарихын зерттеу қа жет-
тіліктен туған деп қараймыз.
Сын  тарихы  профессор  Тұрсынбек  Кәкішевке  дейін  зерт-
телмеген бе? Арғы дәуірлердегі әдеби мұрасы ортақ, әрі үзілме-
лі келетін түркі халықтары тағдырында ХХ ғасыр басындағы 
дәуір айрықша роль атқарады. Қазақ әдебиетіндегі (басқа түркі 
халықтары  секілді)  қай  жанрдың  да  маманданған  әдебиетке 
бет  бұра  бастау  алар  шағы  –  ХХ  ғасыр  басы.  Татар  ғалымы 
М.Ғайнуллин  бұл  кезеңнің  әдеби  сынын  арнайы  әңгімелейді. 
Сол  секілді,  бұл  дәуір  әдебиетін  жете  зерттеген  профессор  
Бейсембай Кенжебаев «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы 
демократ жазушылары» (1959 ж) атты құнды зерттеуінде өзге 
жанрлармен  бірге  әдеби  сын  үлгілерін  де  жол-жөнекей  қа-
растырады. Әйтсе де, жүріп өткен жолы күрделі бұл жанр тари-
хы арнайы ғылыми-зерттеу еншісіне айналмаған. Т.Кәкішевтің 
«Сын сапары», «Оңаша отау» аталатын еңбектерінің жүгін ау-
ырлатып, жүзін ыстық көрсетер, бағасын арттыра түсер қасиет 
– оның арнайы мақсаттылығында. 
Профессор  Т.Кәкішев  өз  еңбегінде  (біз  екі  кітапты  тұтас-
қан бір зерттеу деп қараймыз) қазақ әдеби сынының туу, пай-
да  болу,  қалыптасу  жолын  қарастырады.  Сынның  қоғамдық 
әлеуметтік  өмір  қойнауында  халықтың  рухани  тілегіне  ай-
налып  дүниеге  келуі  –  негізінен  «Сын  сапарының»,  ал  жеке 
жанр  ретінде  қалыптасуы,  кемелденуі,  өзіндік  проблемалары 
«Оңаша отаудың» міндетінде жатыр. Сонда, қазақ әдеби сыны 
өзінің бұлақ көзін қайдан алған? Қалай арна тартқан? Ең басты-
сы, ғалым осынау ұзақ процесті қалай көрсеткен?
Көп  зерттеулерге  мұрындық  болып  жүрген  екі  томдық  
«Орыс  сынының  тарихы»,  әйтпесе  жоғарыда  аталған  еңбек-
терде  орыс  әдеби  сынының  тарихы  славян  халықтарына  ор-
тақ  кезеңдерден  бастап  тартылады.  Осы  мәселеге  академик 
Д.С.Лихачевтің  көне  орыс  әдебиеті  жайлы  еңбектерін  (кон-
цепциясын)  байланыстырып  айтсақ,  зерттеушілер  сын  тари-
хын әдебиет бар жерде – ол жайлы сын да болады деген өреде 

404
405
қарайды.  Ортақ  байлам  –  осы!  Концепция  –  осы!  Ал,  қазақ 
әдеби сынының жайы, тегінде әрісі көне дәуір, орта ғасырлық 
ғұлама  Әл-Фараби  төңірегінен  желілеп  әкетуге  мүмкіндік 
береді. Ғалым өз зерттеуінде әлі игеріліп болмаған дәуірлерге 
бармай, әзірге сыншыл ойдың бастау көздері ретінде – халық 
фольклоры, аты белгілі ақындар шығармашылығындағы сын-
шыл сарындарды сараптаған.
«Әдеби  сын  арналары»,  «Баспасөз  және  сынның  тууы», 
«Жазба әдебиет және сын», «Жаңа заман – жаңа эстетикалық 
мұрат»,  «Әдеби  мұраны  игеру  мәселелері»,  «Сын  және  сын-
шы»  тараулары  халықтың  эстетикалық  ойлау,  пайымдауынан 
нәр  алған  жанрдың  қаз  тұру,  шеру  тартып  тарихқа  енуін  кең 
баяндайды. Автордың өзі анықтап, жүйелеп алатынындай, қа-
зақ әдеби сынының белгілі кезеңі, асу-асу белі болып жатқан; 
1/ Ұлы Октябрь революциясына дейінгі, 2/ 1917-1941 жылдар 
арасы, 3/ 1941-1967 жылға дейінгі уақыт межесі жеке жанрдың 
тарихы мен тағдырына байланысты желілі баяндалады.
Әр ғалымның өз стихиясы, өз мәнері бар емес пе? Тұрсын-
бек Кәкішев осынау әрі ұзақ, әрі өте шапшаң өніп шығып, жедел 
өткен тарихи асуларды дерек тілінде дәлелдейді. Ғалым еңбегі 
сондықтан  да  ой  мен  деректің  берік  одағы  болып  шығады. 
Күнсоқтыланып  сарғайып  түрлі  басылымдарда  бұғып  жатқан 
деректердің қызықты болатыны – ол алдымен ғалым пікірінің 
дәлеліне  жүреді;  содан  кейін  оқушысын  өз  бетінше  ой  түюге 
бастайды.
Аға буын зерттеушілер әдебиет тарихын ұлттық азаматтық 
тарихының  бір  бөлігі  ретінде  қарайтын.  Әдебиет  тарихын 
азаматтық тарихымызбен сабақтас зерттейтін. Тіпті академик 
Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов қазақ әдебиеті та-
рихын зертеудегі «қате басқан қадамдары» (кезінде солай деп 
қарап, оларды қасіретке ұшыратты емес пе?!) үшін ұзақ мер- 
зімге сотталды. Профессор Бейсембай Кенжебаев КОКП қата- 
рынан  шығарылды.  Абайтанушы  Қайым  Мұхаметхановтың 
көргенін  кісінің  басына  бермесін.  Әуелбек  Қоңыратбаев  бой 
тасалап, Өзбекстан өтіп кетіп, көп жылдан соң қайта оралды.
Қанша азап көре жүріп аға буын әдебиетші ғалымдар қазақ 
әдебиеті  тарихын  зерттеуден  тартынып  көрген  емес.  Қазақ 
әдебиетінің тарихы – халқымыздың ұлттық бедері деп қарады 
олар! Бұл – аға буын қазақ әдебиеті зерттеуші-ғалымдарының 
бір ерекшелігі еді.
Екінші бір ерекшелігі – олар Қазан, Өфе, Москва, Ташкент 
қалаларында, архивтерде сақталған қазына байлықты молынан 
жинақтайтын. Мол дерек негізінде ірі-ірі ойлар айтып, концеп-
циялар түйер еді.
Ілгері  тәжірибені  еске  алып  отырған  себебіміз  –  соңғы 
кездері  ғалымдарымыз  –  қазақ  әдебиеті  тарихын  зерттеуден 
қашқақтайтын  мінез  тапты.  Архив  ақтарып,  шаң  жұтуға  еш-
кімнің де құлқы жоқ. 
Орта буын әдебиет зерттеушілері арасында профессор Тұр-
сынбек  Кәкішев  архив  ақтарып,  ақиқат  деп  танығанын  ұлт 
мүддесі тұрғысынан айбынып айтудан танбай келе жатқан та-
банды ғалым.
Халықтық  туындылардағы  сыншыл  ойды  електеу,  Абай, 
Ыбырай,  Шоқандардың  аз  да  болса  шын  асылдай  жалтырап 
көрінген ойларын – ғалым жаңа жанрдың қайнар көзі ретінде 
талдайды.  Материал  ретінде  –  олар  белгілі  нұсқалар  /Абайға 
қатысты  жаңа  деректерді  қоспағанда/  десе  де  болғандай. 
Мәселе – сол материалды – автордың зерттеу объектісіне орай 
трактовка жасауында. Сын арнасы етіп тарта, сыншыл пікірдің 
көрінісі етіп тарата білуінде. 
Жоғарыда айтқан, оқушысын ойға бастайтын деректер ға-
лымның  ХХ  ғасыр  көгінде  жарыққа  шыққан  баспасөз  мате-
риалдарын  талдағанда  алдымыздан  шығады.  Прогресшіл 
оқы мысты  Н.Ильминскийдің  өзі  қазақ  баспасөзі  жайында 
«ұс тамдылық»  танытып,  жарыққа  шығуын  аса  құптамаған 
лебізі («Сын сапары», 54-бет) – аз ғана газеттің жабылып қалу 
қаупі  –  ол  кезең  газеттерінің  ғасыр  тоғысында  әрі-сәрі  күй 
кешіп  отырған  қазақ  секілді  халық  тағдырын  батыл  көтере 
білгендігінің  куәсі!  «Түркістан  уалаяты»,  «Серке»,  «Қазақ», 
«Қазақстан»  газеттеріндегі  сыншыл  ойы  бар  материалдарды 
талдағанда автор жанр генезисін әлеуметтік жағдаймен байла-
ныстыра, қабыстыра баяндайды. Бұл тәсіл – тынысты, ұтымды 
шығып  жатыр.  «Бұл  кезеңдегі  әдеби  сын  жемістері  –  дейді 
ғалым – әлі де болса жалпы әлеуметтік, қоғамдық мәселелер­ 
мен қабаттаса айтылып, өзіне мәнді арна табуға ыңғайы ба­
рын ғана аңғартты» (72-бет).
«Қазақ  баспасөзінің  атасы»  аталып  жүрген  Мұхамеджан 

406
407
Сералин еңбегінің өз дәрежесінде бағаланбай жүргені болма-
са,  ол  шығарған  «Айқаптың»  қазақ  халқы  өмірінде  атқарған 
ісі  орасан  зор.  Бұрын  Б.Кенжебаев,  Х.Бекхожиндер  зерттеген 
осы журналға Т.Кәкішев сын жанрының өзегімен тағы бір көз 
салады.  Және,  ғалым,  бұрын  халық  тұрмысының  сан-алуан 
мәселелерімен сабақтас, қойнаулас көрінетін сыншыл пікірдің 
енді тікелей әдебиет мәселесіне байланысты жүйелене бастау-
ын  дерек  тілінде  сөйлетеді.  Сондықтан  ғалымның  «Айқап» 
туралы  «5  жылға  таяу  өмір  сүрген  журналдың  осы  гүлдену 
шағында  қоғамдық  мәселелермен  қатар  көркем  әдебиет 
пен  сынның  да  өзекті  проблемаларын  көтеріп,  бірқыдыру 
эстетикалық  биіктікке  қол  созды»  /79-бет/  деген  пікірін 
толық  қуаттағың  келеді.  Әрі  «…  Айқап»  журналының  өлең 
жинақтары  жайындағы  сыншылық  пікірі  бар  материалда­
ры  негізінен  аннотация  мен  жарнама­сын  формасында  кө­ 
рінді» /84-бет/ деп жанрлық өрісін анықтайды. Сонымен бірге 
сынның тууын тұшымды көркем шығармалардың дүниеге ке- 
луімен  сабақтастыра  қарайды.  «…әдебиет  тарихына  көз 
салған уақытта сын жанрының тууы көбінесе құнды көркем 
шығармалардың, ірі таланттардың дүниеге келуіне сабақтас, 
тіпті үзеңгілес болғанын көреміз» /85-бет/ – дейді ол.
Сол  кездегі  авторлардың  ұлттық  санасына  кісі  қайран 
қаларлық,  олар  ресми  материалдардың  арасында  Шоқан  мен 
Банзаровты да насихаттап үлгереді. Қазақ халқының сол кездегі 
халін де өте дәл танып, ашына жеткізеді. Мәселен «М.Ғ» деген 
автор  «бір  пенденің  дүниеде  жасауы,  бар  болып  тұруы  үшін 
жан­рух керек. Бір халық, бір елдің де дүниеде бір милләт, ел  
болып жасауы үшін тіл керек, әдебиет керек, ал бұлары бол­ 
маған  халық  әдебиеті,  яғни  жаны  бар  миләттарға  азық  бо­ 
лар, жем болар, сүйте­сүйте ол милләт өзі де дүниеден жоқ 
болар» /87-88-бет/ – деп пікір топшылаған екен. Не деген ой- 
шылдық! Өмір сүремін деген әрбір ұлт, ұлттың әрбір азаматы 
бойтұмар етіп тағып жүрер сөз!
Бұл кезінде ұлтты ояту үшін айтылған ой! Бұл пікірлерді 
ғалым  түбі  адамзаттық  арнаға  құяр  елдің мәдениетінің алды-
мен  ұлттық  формада  қалыптасуы  керек  деген  мағынада  жет- 
кізіп отыр бізге! Ой саларлық!
Жалпы  орта  ғасырларда  шығыстық  оянушылық  болған. 
Ірі  шығыстанушылар  –  Адам  Мецтің  «Мұсылмандық  ренес­
санс», Н.И.Конрадтың  «Батыс пен шығыс» аталатын күрделі 
еңбектерін оқысаңыз ағарту сипатты оянушылықтың әуелі шы-
ғыста басталып, содан батыс мәдениетіне барғанын аңғарасыз. 
«Евроцентристік» һәм «Азиоцентристік» көзқарастарды қаузау 
бағытында  емес,  әділеттіліктің  орнығуы  үшін  айтып  отырған 
жай! Сол секілді профессор Бейсембай Кенжебаев айтқандай, 
қазақ  әдебиетіндегі  «ұлттық  оянушылық»  ХХ  ғасыр  басында 
болған құбылыс. ХХ ғасыр басындағы әдебиет – Ояну дәуірінің 
әдебиеті! Жоғарыдағы ұлтты ояту бағытындағы пікір үзігі де 
сол әдебиеттегі қайта оянушылықтың бір сілемі. ХХ ғасыр ба-
сында қайтсек қазақ ұлтын оятамыз? – деген асыл ой арнасын-
да сөйлеген ақын, жазушыларымыз көп. Профессор Тұрсынбек 
Кәкішев сол ойларды сын жанры өзегімен келіп, бүгінге жет- 
кізіп отыр. Жаңа жанрдың тууының өзі – ұлттың оянуы, әде- 
биеттің түлеуі!
И.Лихановтың  «Манап»  драмасына  жазған  С.Сейфуллин 
сыны:  «Сәкеннің  осы  сыны  бізге  екі  тұрғыдан  айрықша 
құнды.  Біріншіден  көркем  шығарманы  түсінуде,  оның  мән­
мағынасын  ашуда  эстетикалық  талап­талғам  биігінен  қа­ 
рауға талаптанғаны… екіншіден жанрлық сынның, яғни дра­ 
малық  сынның  алғашқы  қарлығашы  болуы»  /110-бет/  –  деп 
бағалайды.  Дұрыс.  Алайда,  аталған  материалға  дейін  де  дра-
матургия,  драма  туралы  элементтік  дәрежеде  болса  да  сын 
материалдың кездесуі әбден мүмкін.
Міне, осылайша, «Айқап» журналының тарихи ролін жете 
бағалайды  ғалым.  Сөйте  тұра,  еңбектің  118  бетінде  профес-
сор Бейсембай Кенжебаевтың «Шахнаманың» аудармасы жай-
лы  сын  пікіріне  қосылмайды.  Бізді  ойландырғаны  осы  мә-
селе. Сонда қалай? Тарихи тұрғыдан қарап, сол кездің өзінде 
«Шахнаманың» қазақ тіліне аударылуын ерлікке баласа, аудар-
ма ның  көркемдік  сапасының  әлсіздеу  екенін  де  жасырмай 
ортаға салса онда тұрған не бар? Ғалым оған несіне қызынады? 
Қалай  дегенде  де,  «Шахнама»  сыны  –  аудармаға  жазылған 
әдеби сын көрінісі!
Ғалым  «Айқап»  журналы  жайындағы  ойын  мынадай  тұ-
жырыммен  түйіндейді:  «…  «Айқап»  журналына  дейінгі  бас­
пасөз  орындары  негізінен  алғанда  сын  жанрының  тууы­
на  «дайындық»  мектебі  болды.  Ал  «Айқап»  журналы  қазақ 
баспасөзінде  басталған  процесті  аяқтап  шықты.  Қазақ 

408
409
әдебиет сыны түгелдей болмағанымен де, өзінің жанрлық сыр­
сипатымен көрініп дүниеге келді» /120-бет/.
«Айқап»  журналының  тарихи  ролін  ғалым  осылай  анық-
тайды. Ойды ой қозғайды. «Айқап» бір сынның ғана емес жал-
пы қазақ әдебиетінің әр жанрының да туып, қалыптасуына ай-
рықша  еңбек  сіңірген  демократтық  бағыттағы  журнал.  Басқа 
бірде-бір  газет,  журнал  «Айқаптың»  тарихи  еңбегіне  теңесе 
алмайды.  Осы  орайда  біздің  ойымызға  мынадай  мәселе  ора-
лады: орыс халқы «Колоколды», «Современник» журналының 
қосымшасы  –  «Свистокты»  бірнеше  томдық  етіп,  ғылыми 
түсініктемемен  қайта  басып  шығарды.  Факсимилелік  басы-
лым. Міне, мәдениет. Бүгінгі орыс оқырманы ол басылымдар-
дан  өздерінің  кезеңдік  тарихын  оқып  тұшынады.  «Айқапта» 
жарияланған  материалдарды  да  жанр-жанрға  жүйелеп,  жеке 
кітап етіп бастырса қайтер еді? Күні жеткен мәселенің бірі осы 
болса  керек.  Біздің  білуімізше,  профессор  Бейсембай  Кенже-
баев  бұдан  жиырма  бес  жыл  бұрын  осы  журнал  материалда-
рын  іріктеп-сұрыптап  «Жазушы»  баспасына  тапсырған  екен. 
Нәтижесі қайда? Тек журнал ғана емес, орыс халқы ерте кез-
де тіршілік кешкен қаламгерлерінің хаттарын, декабристердің 
жазбаларын да жариялап келе жатқан жоқ па? Ойланатын кез 
келген секілді…
«Жазба әдебиет және сын» аталатын үшінші тарау сынның 
әдеби процеске дендеп ене бастауы, жеке жанр ретінде мүше-
мүшесін айқындауын жеткізеді. Ғалым сын тарихына тереңдеп 
баратын осы еңбегінде теориялық ой тезисін алға тартып, ма-
териалдарды соған жыға талдаумен бірге көп жыл көз майын 
тауыса жүріп, сарғайған көне газет-журнал беттерінен тапқан 
қызықты,  соны  деректер  мен  материалдарды  қатыстыра  оты-
рып жүйелі баяндауға ден қойған. Ол кезеңге қатысты баспасөз 
материалдары  арнайы  жинақ,  хрестоматияларда  жарияланып 
жүрмегендіктен  ғалымның  бұл  әрекетін  бүгінгі  ұрпақ  таныса 
берсін деген ізгі ойдан туған саналы әрекет деп білеміз.
Қазан  төңкерісі  қарсаңындағы  сауаттылық,  баспасөз  ор-
нын,  кітап  бастыру,  ісін  процентке  шағып  (2  процент  қана 
сауатты  болған  деп),  тұқырта  көрсетіп  жүрген  жайымыз 
бар.  Ғалым  Бейсембай  Кенжебаевтың  «ХХ  ғасыр  басындағы 
қазақтың  демократ  жазушылары»  аталатын  монографиясына, 
Әбіш Жиреншиннің «Қазақ кітаптары тарихынан» деп ата-
латын  еңбегіне  көз  жүгіртсеңіз  ондай  ойдан  бой  тартып,  та-
рихи ақиқатты айтуға тиісті екендігіміз еске түседі. Аталмыш 
еңбектің  екінші  кітабын  автор  тілегімен  бірге  жазуға  көнген, 
архивіндегі көп кітапты әріптес інісіне екі қапқа толтырып апа-
рып берген профессор Бейсембай Кенжабаев өткен дәуірлерде 
жарық көрген кітаптардың әлі тең жарымы оқушыға беймәлім 
дегені  бар.  Демек,  бұл  салада  атқарылар  іс  ұшан-теңіз  деген 
сөз.  Татар  ғалымы  Ә.Каримулиннің  бұл  салада  атқарып  келе 
жатқан еңбегі бізге үлгі болса қанеки!
Профессор  Тұрсынбек  Кәкішевтің  сын  жанрының  пайда 
болуы жайлы еңбектің үшінші тарауын ХХ ғасыр басында жа-
рық көрген кітаптарды ойға ала, жанр өрісін жазба әдебиетпен 
байланыстыра  қарастыруының  сондықтан  да  принципті  мә-
ні  бар.  Қос  ғасыр  тоғысында  қазақ  тілінде  қандай  кітаптар 
жарық көргенін, оның халықтың қоғамдық өмірінің қай қырын 
әңгімелегені,  көтерген  мәселесін  кең  қамти  әңгімелеп,  олар 
жайында  жазылған  сын  материалдарына  бойлау  оқушысын 
көптеген танымдық жәйттерге бастары хақ. Әрі көл-көсір көп 
мәлімет  сын  жанры  жайлы  түйінді,  нұсқалы  ойына  кедергі 
келтіріп жатқан жоқ, қайта тұздығына айнала түскен. 
Алғы тарауларда сыншыл ойдың сарынын ұстап жанр көзі 
ретінде  ой  таратар  ғалым  мұнда  мүше-мүшесі  айқындалған, 
әдеби  өріске  бет  алған  сынды  табады.  Оқушысымен  таныс- 
тырады. Енді жанрлық ерекшілігін айқындай сөйлейді: «…Қа­ 
зақ  баспасөзінің  туу  дәуірінде  шыққан  өлең  кітаптары  мен 
жинақтарына жазылған, олардың мән­мақсатын тү сіндірген 
коментарийлердің  эстетикалық  өресіне  қарап,  оларды  дә­
йектеме­сын деп атаған жөн. Ал дәйектеме­сын – көркемдік 
талдауы, социологиялық түсіндірмелері аралас жүретін мәнді 
сын  мақалаларға,  құнды  рецензияларға  барар  жолдағы  бір 
басқыш» /139-бет/ болғанын айтады.
Ойланасың. Толғанасың.
Қосыласың. Қостайсың.
Сын  жанрының  өрісін  жазба  әдебиетке  байланыстыра  ой 
таратқанда  ғалым  кезекті  ойларына  ұлы  Абай  мұрасын,  да-
нышпан ақын жайында сол кезеңде әр түрлі өреде, әр деңгейде, 
әрқилы  мақсат  жетегінде  жазылған  мақалаларды  қазық  етеді. 
«Абай  өнері  –  өсер  сынға  өзек»  деген  ішкі  тақырыптың  қа-
растырар мәселесі – осы.

410
411
Ұлы Абай мұрасына қос томдықтың өн бойында автор үш 
рет қайта оралып, проблемаға орай қарастырады. Ғалым үш ме-
зет ойын Абай мұрасына байланысты өрістетеді. Бұл – автор- 
 дың ойдан шығарып, бұра тартып отырғаны емес, сын жанры- 
ның эволюциясы ғалымды заңды түрде жетелеген жағдай. Абай 
мұрасы – сын жанрының пайда болу, балаң шағында бауырын 
төсеген,  арқа  сүйеген  үш  кезеңі,  үш  дәуіріне  айналған  алтын 
қазығы екен. Еске түсіру артық емес. Сыншыл ойдың алғашқы 
арнасы – Абай өлеңдерінен желі тартқан, революцияға дейінгі 
әдеби сынның қалыптаса бастаған кезінде табан тірегені тағы 
Абай.  Үшіншіден  жиырмасыншы  жылдардан  бастап  сыншыл 
ойдың эстетикалық күш-қуаты жағынан жетілуі де Абай әдеби 
мұрасын тану, талдау арқылы өрістейді. 
Жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінде ұлы Абай мұ- 
расы  таптық  жіктеліс,  өзара  тартыстың  өзегіне  айналыпты.  
Абай мұрасының ұлы Қазан төңкерісіне дейін-ақ әлемдік дең- 
гейге  қадам  басуы  /154-бет/,  әрқилы  халге,  өзгеріске  ұшы рап 
жарияланатын  өлеңдерінің  халық  тарапынан  мойындалуы, 
Тұрсекең ашқан, жаңаша түсіндіре айтқан ойлар. 
Мұның  баршасы  –  жәй  ескі  әңгімені  мақсатсыз  қопсыту 
емес, қазақ әдеби сынының «тар жол, тайғақ кешуден» өткенін 
анықтау, факті тілінде дәлелдеу. Сондықтан әдеби фактіні толық 
қамти сөйлеген зерттеуші батылдығын қолдауға тиістіміз. 
Зерттеуші  Абай  мұрасын  танудың  алғашқы  кезеңі  жайлы 
ойын  зерттеу  объектісіне  орай:  «…Абай  негізін  қалаған  қа­
зақтың жазба әдебиеті (жаңа жазба әдебиеті Қ.Е.) қаншама 
балаң болса да сын жанрының тууына, оның айтары нақты 
болуына қолайлы жағдай жасады» /167-бет/ деп қорытады.
Көлемді, күрделі еңбектің қазақ әдеби сынының пайда бо-
луына  арналған  алғашқы  бөлімі  /«Сын  сапары»/  әдебиет  сы-
нының  жанрлық  ерекшеліктерін  айқындаумен  түйінделеді. 
Ғалым  пікірінше,  «…қазақ  әдебиет  сыны  Ұлы  Октябрь  ре­
волюциясына  дейін  туып,  дүниеге  келді.»  /170­бет/,  «…эс­
тетикалық  дәрежесі  жағынан  биік  талаптарға  өресі  жет­
пей  жатқанымен,  өзінің  жанрлық  ерекшеліктерін  айқын 
аңғарта  бастады»  /171-бет/.  Ғалым  жанрлық  ерекшелік  ре-
тінде  жарнама-сын,  аннотация,  оқушы  хаты,  дәйектеме-сын, 
рецензия,  полемикалық  мақалалар,  публицистикалық  сын, 
проблемалық  мақала,  ғұмырнама,  сын  мақала,  баяндамалар, 
зерттеу  мақалалары,  хрестоматия  құрастыруды  таниды.  Бұ-
рын  әдеби  сын  ұғымы  қалыптаспаған  халықтың  әдебиетінде 
мұншалық  жанр  үлгілері  көрінсе  аз  олжа  емес  қой.  Ал  ол 
жанрлық ерекшеліктерді архивтерде сарғайып жатқан, бір саны 
бар,  бір  саны  жоқ,  көбісі  жыртылған  газет-журнал  материал-
дарын ыждағаттай зерттеп анықтау – қалай айтсаң да ерлікке 
баларлық игілікті іс.
Әдеби сын жанрының пайда болуынан кең өріске шығуына 
дейінгі  эволюциясын  анықтау  мақсатындағы  еңбектің  екінші 
бөлімі алғашқысынан да күрделі. Сын жанры міндет жетегінде 
ғана  арналанады.  «Сын  сапары»  әдеби  сынның  мың-сан  көз- 
дерден келіп пайда болуын айқындайтын болса, «Оңаша отау» 
қазақ әдебиетінің осы жанрының қалыптасу, жан-жақты арна-
ланып, даму процесін қарастырады. Жан-жақты арналанып да-
муы  деген  мәселе  айтарға  оңай  болғанымен,  ұзақ  та,  күрделі 
процес. Бұл – әрі жанрлық өріс, әрі көркемдік жетілу, талдау 
мәнерінің баюы деген секілді мәселелерге барып ұштасады.
Уақыт,  замананың  әдебиетке  ықпалы  зор.  Жаңа  заман 
әдебиетке  жаңа  талап  қояды.  Соны  тыныс  береді.  Әйтпесе 
тілекке сай келмейтін сипаттары жаңа замана талабына шыда-
май өзінен-өзі жойылып кетуі мүмкін. ХХ ғасыр басында өзге 
әдебиеттер  секілді  қазақ  әдебиетінде  де  түрлі  ағымдар  өмір 
сүрді. Түрлі ағымдар арасында айтыс, топтардың арасында тар-
тыс жүрді. Т.Кәкішев «Жаңа заман – жаңа эстетикалық мұрат» 
тарауында  қазақ  әдебиетінің,  оның  ішінде  сын  жанрының 
жай-күйін  бүкілодақтық  әдеби  процеспен  сабақтастыра  қа-
растырады.  Осы  мәселелер  төңірегінде  ой-топшылаулар  жа-
сайды. Әлгіндей толқынды жылдар, ағымдар мен топтар тар-
тысының қазақ әдебиетінде қалай шешім табуын факті, дерек 
тілінде  тарқатады.  «Сынның  идеялық­эстетикалық  пробле­
малары»,  «Реализм  бе,  әлде  романтизм  бе?»,  «Сыншыл  реа­
лизм  дәстүрінің  сілемі»,  «Әдеби  ағымдар  платформасы» 
– жаңа заманның әдебиетке артар жүгі, әдеби процестегі тар-
тыстар, жіктелістер сырын баяндайтын тақырыптар. Көтерілер 
мәселелер – ұлт әдебиетін өркендетуде сын жанрына жүктел-
ген міндеттер, таптық жіктеліс, КазАП, әдебиетті дамытудағы 
принциптер тарихи документтерге сүйене отырып баяндалады.
Күрделі кезеңнің бұл мәселелері – қазақ кеңес әдебиетінің 
қалыптасу  /1917-1929/  дәуірінен  «Октябрь  өркені»  /1962  ж/ 

412
413
аталатын  салмақты  монография  жазған  автор  үшін  біршама 
таныс болатын. Жете таныс жайларды енді ғалым жеке жанр 
көзімен қарап саралаған.
Бұл  –  әрі  күрделі  кезең.  Көп  жайларды  ғалым  «Октябрь 
өркенінде»  жан-жақты  баяндап  өткендіктен,  тарихи  доку-
менттерге  жем  боларлық  материалдарды  азайтқан.  Әйтсе 
де соның өзінен қазақ кеңес әдебиеті, оның сын жанры ауыр 
жолдан  өткенін  аңғарасың.  Бүгінгі  күні  де  жеке  көзқарастың 
қолшоқпарына айналатын, жолы жіңішке сынның ол жылдары 
жеке топтардың құрбандығына шалынуы әбден заңды еді. 
Міне,  осындай  жайларды  ажыратып  сын  жолын  дәйекті 
әңгімелейтін  ғалым  өз  міндетін  сәтімен  ойдағыдай  орын-
дап  шыққан.  Біз  соған  қуанамыз.  Кейбір  кісілер  қазақ  әдеби 
сыны  жөнінде  керауыздана  сөйлеп,  оның  эстетикалық  биік 
мұраттарына күдік келтіріп, күманмен қарап жүргенде сын та-
рихы жазылып үлгерді. Бұл – үлкен жетістік!
Күрделі кезең, қиын жанр жайында жазылған маңызды мо-
нографияда көңіл шалқытарлық шалқар табыс болумен қатар, 
«әттеген-ай» дегізерлік әнтек, «осы қалай?» дерлік ойласарлық 
мәселелер болмай тұрмасы белгілі. Ендігі, аз-кем сөзді сыйлы 
ғалыммен сырласа отырып айтсақ.
«Сынның  идеялық­эстетикалық  проблемалары»  ата ла тын 
тарауда  әдеби  процесті,  жеке  жанр  эволюциясын  Сә кен  Сей- 
фуллин мен Нәзір Төреқұлов айтысымен шектеу – объ ективті  
ой  түюде  ғалымның  қолын  байлаған.  Профессор  Бейсембай  
Кенжебаев Сәкен мен Нәзір айтысын тапқа бөле қарастыруға 
қарсы. Кәдімгі әдеби айтыс деп қарайды. (Т.Кәкішев, С.Қира- 
баев бұрынғы еңбектерінде бұл айтысты таптық тұрғыдан қа- 
растыратын.)  Әдеби  айтыс,  ептеп  таптық  жіктеліске  салына 
сөйлеген айтыс ол жылдары көп болған.
Сол  секілді,  «Әдеби  ағымдар  платформасы»  тарауын-
да  да  регрессивті  романтизм  өкілдері  творчествосы  жайлы 
ойын  Нәзір  сынына  қатыстыра  қатқылдау  айтады.  («Оңаша 
отау»  40-бет).  Қазақтан  шыққан  тұңғыш  елші,  көп  тіл  білген 
білімпаз Нәзір Төреқұлов үшін бұл мәселелер ауырлау тиетін 
сияқты. Шындығында бұл – Сәкен мен Нәзірдің өкпелесуінен 
өрбіген айтыс. Әйтпесе, бұл екі ардагер де халық мүддесін, ұлт 
мерейін көтере жүріп жеке адамға табыну зардабынан құрбан 
болған аяулы жандар ғой. Тірі болса сөз басқа, оларды өлідей 
айтыстырудың қажеті жоқ шығар. «Оңаша отауда» Москвада- 
ғы  –  Күншығыс  еңбекшілері  кіндік  (орталық)  баспасынан 
шыққан  кітаптар  талдауға  түссе,  КУТВ  студенттері  пікірлері 
ілтипатқа алынып жатса Нәзір жетекшілігінің арқасы. Өйткені, 
оның бәрі айналып келгенде, тікелей Нәзірдің басшылығымен 
атқарыл ған істер. Н.Төреқұловтың тек қазақ қана емес, бүкіл 
Орта  Азия  халықтарының  әдебиеті  мен  мәдениеті  жайында 
жазған мақалалары уақытында өрелі озық ойлылығымен, прак- 
тикалық жемісімен қуандырған. Өзбек ағайындар жақын жыл-
дарда  Нәзір  Төреқұлов  еңбектерінің  екі  томдығын  жарыққа 
шығару сыры осында. Ол қайраткерге мұндай құрмет алдымен 
қазақ  халқы  тарапынан  көрсетілуі  жөн-ақ  еді.  Амал  қанша? 
«Ештен кеш жақсы.» Әлде де ойлансақ жарасады…
Бұған қосымша айтарымыз, ол жылдары сыналған бір Сә - 
кен Сейфуллин ғана емес қой. Ілиясты «бас асауға» айналдыр-
ған,  Бейімбетті  әдебиеттен  біраз  уақыт  қол  үздірген  методо-
логиясы жетілмеген, көркемдік өлшемі қалыптасып болмаған 
қазақ әдеби сынының балаңдығы емес пе?
«Оңаша отаудың» ендігі бір мәнді тарауы – «Әдеби мұра­
ны игеру мәселелері» – аталады. Зерттеушінің жанр сипаты, то-
лысу белгілерін күнбе-күндік шығармаға жазылатын рецензия, 
сыннан іздемей, өрісін ашып, әдеби мұраны тану, талдау, иге- 
ру, арналарына бұрып жіберуін әбден құптауға болады. Өйтке- 
ні,  бұл  әдеби  сынның  буынын  қатырған,  жанр  ретінде  көп 
ілгерілет кен мәселелер. Көзқарас қайшылығы, әдеби-эстетика- 
лық тал ғам, түп идеяның күресі ауыз әдебиеті үлгілерін тану-
да, ұлы ақын Абай мұрасын халыққа таныстыруда бірде ашық, 
бірде  астарлы  күреске  түсетінін  көреміз.  Ғалым  қосамжар- 
ласқан  пі кір  ағымын  таразылап,  талдайды.  Ғалымның  талдау 
мәнері дегенде «Сын сапарында» алдымен материалды сұрып- 
тай айтып өтіп, түйін түйер ғалым «Оңаша отауда» негізінен 
мысалды  азайтып,  проблеманы  алғы  планға  шығарған,  кон-
цепциясын  бірді-екілі  мысалмен  ғана  тұздықтайтындығын 
аңғарамыз. Неге бұлай? Мүмкін, бұл мәнер алмастыру мақса- 
тынан  да  туған  болар,  сонымен  бірге  «Октябрь  өркені»  мо- 
ногрфаиясында айтылар жайларды, көп-көп мысалдармен дәл- 
елденген мәселелерді қайталаудан тартынғандықтан деп біле- 

414
415
міз.  Тағы  бір  себебі  –  бұл  кезең  сын  материалы  мол,  прин- 
ципті, тезисті алға салмай, мысал жетегінде кетсе, автор еңбек 
жинақылығынан  айрылып  шашыраңқылыққа  ұшырауы  мүм- 
кін. Ғалым мұны да ескерген.
Әдеби  мұраны  игеру  мәселесінде  ғалым  Абай  мұрасына 
үшінші  қабат  осы  жолы  оралады.  Әр  оралу  –  Абай  мұрасын 
танудағы сынның есею жолын, эволюциясын аңғартуға саяды. 
Дәл  осы  жолы  ғалым  талданар  әдеби  сын  материалдарын  а/  
Абай  мұрасын  жинау,  жариялау,  ә/  Абай  кімнің  ақыны,  көз­ 
қарасы  қандай?  б/  Абай  –  қазақтың  жазба  (жаңа  жазба 
әдебиеті болуы керек. Қ.Е.) әдебиетінің негізін қалаушы – де- 
ген арнада, осындай жүйеде қарастырыпты. М.Әуезов, С.Мұ- 
қанов,  Қ.Жұбанов,  Б.Кенжебаев,  Қ.Жұмалиев  секілді  ғалым- 
дар  пікірі  талданыпты.  Құптарлық.  Ал,  «осы  қалай?»  деген 
сауал туар болса, сол кезгі студент, бүгінгі профессор Бейсем-
бай Кенжебаевтың 1925 жылғы «Абай» («Лениншіл жас») ата-
латын мақаласын бағалау тұсына аялдар едік. Уақыт өзегімен 
қарағанда, жалынды талапкер жас жазған отты, нәрлі мақала- 
сын «Әдебиет үйірмесінің тапсырмасы бойынша жазған» /84-
бет/, «Москва студенттерінің ұйғарымымен осындай пікір ай- 
тудың  өзі  құптарлық  құбылыс»  /85-бет/,  «Москвада  оқып 
жатқан қазақ жастарының әдеби бірлестігінің мәжілісінде тал- 
қылаудан  өткен,  көпшіліктің  ой-пікірін  ескере  отырып  жа-
зылған мақала…» /161-бет/ деп тартына бағалау, бір айтқанын 
әлденеше  рет  /84-85-беттер/  қайталай  қағидаға  айналдыруға 
тырысуын түсіну қиын ғалымның.
Жиырмасыншы  жылдары  марқасқа  білімпаздарыңыздың 
өзі жағдайға байланысты Абайдан бойын аулақ салып, әйтпесе 
қате  бағалап  жатқанда,  жап-жас  студенттің  «Абай  қазақтың 
жазба әдебиетін бастады, соған негіз салды. Сондықтан Абай 
қазақ жазба әдебиетінің ағасы. Бұл орын Абайға үлкендік те, 
кішілік  те  қылмайды.  Абай  өлеңдерін  қарап  келіп  шығара­ 
тын қорытындымыз: Абай – халық ақыны» («Лениншіл жас» 
1925 жыл, № 6) деген пікір қалай десеңіз де өз уақытынан оза 
айтылған, ерлікке бара-бар үлкен ой. Үлкен таланттың жемісі. 
Ал  тұтастай  алғанда  «Сын  сапары»,  «Оңаша  отау»  –  әр 
пікірі мың-сан мысалды керек ететін, бұлтартпас дәлел тілейтін, 
ағымдардың тоғысып келер, көзқарастардың қайшыласып келер 
бір әдебиеттегі қиын мезетіне арналып, алға қойылған мақсат 
абыройлы атқарылған.
Еңбектің соңғы тарауы – «Сын және сыншы» аталады. Та-
рау әдеби сын кадрының өсу жолын, жекелеген сыншылардың 
/Е.Бекенов, Е.Ысмайылов, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Қ.Жұ ма-
лиев,  А.Нұрқатов,  Т.Нұртазин,  М.Ғабдуллин/  шығар машылық 
портретіне ұштастыра баяндайды. Әдебиет сыны жүріп өткен 
жолды бір қырынан әңгімелеудің бұл да оңтайлы тәсілі.
Алғы тараулар мен бөлімдерде жинақтау формасында баян-
далатын  еңбектің  соңғы  тарауының  портреттік  желіге  құры-
луына қалай қараймыз? Айналып келгенде, әдебиет тарихы бо-
лып табылатын сын тарихын жасайтын, шеруге айналдыратын 
сыншы қайраткерлігі. Демек, сын тарихын әңгімелеп, сыншы 
типін, қаламгерлік жолын назардан тыс қалдыру дұрыс болмас 
еді.  «Возникновение  русской  науки  о  литературе»  аталатын 
академиялық еңбекте де авторлар осы формадан тартынбағанын 
еске  алсақ  жарасады.  Бірақ,  бар  сыншы  еңбегінің  бірыңғай 
екпінде,  туған,  өлген  жылын  тізбелеу  ыңғайында  жазылуы 
еңбекке біртектілік сипат береді. 
Хош, сонымен қазақ әдеби сынының топырағымызда пайда 
болып, туу, қалыптасу жолы, өсіп-өркендеу процесі жетпісінші 
жылдарға дейін желі тартып, жалғаса, сабақтаса баяндалыпты. 
Материалдар негізінде талданыпты.
Бұл  –  айтуға  ғана  оңай.  Архив  шаңын  қағып  әр  мысал-
дан ой туындатып, әр пікірге қазық болар мысал іздеу қайдан 
оңай  болсын?  Оған  қосымша,  таптық  күрес  жетегінде  жүріп, 
әйтпесе  сүйексіңді  әдетпен  өзара  топ,  жікке  бөлініп  алып  та 
дай-дай айтысқа түсіп кететін кезең әдеби ағымының оң-тері- 
сін ажыратудың өзі қиындай түспек. Белгілі бір кезең тұсында 
«үндемей» қалған жазушыдан «ұлтшылдық» пиғыл табу секілді 
толып жатқан қосқыртысты, қосамжарласқан – қатпары қалың 
әдеби  процесті  әдебиеттануда  өзіндік  тақырыбы,  содан  келіп 
өзіндік  беті  бар  талантты  ғалым,  табанды  зерттеуші  Тұрсын- 
бек  Кәкішев  жіті  үңіліп,  ұзақ  зерттеп  (жиырма  жылдай)  қос 
томдық «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982) аталатын 
еңбегінде абыроймен саралап шықты. 
Ғылымдағы  алғашқы  күрделі  еңбегі  –  «Октябрь  өркені» 
зерттеуімен  табиғаттас,  сабақтас  туған  қолымыздағы  қос 

416
417
кітап  шындап  келгенде,  қазақ  әдебиетінің  тарихына  жеке 
жанр өзегімен қараудың жемісті үлгісі. Тірілген дерек тілінде 
оқушысын ойға жетелей жазылған бұл қос томдық еңбек, тұс-
тұсында  айтылған  аз-кем  кемшілігіне  қарамастан,  осындай 
қасиеттерімен  әдебиеттану  ғылымымыздың  елеулі  туындысы 
саналмақ.  Екі  кітапты  тұтастырып  «Сын  сапары»  атауға  бо-
латын  бұл  еңбекте  біздің  халқымыздың  эстетикалық  ойының 
қайнарбұлақ көздері аршылған.
Ұлы  ақын  А.С.Пушкин  сын  тарихы  –  ел  тарихы  екенін 
айтқан.  Әр  елдің  әдебиеті  сын  мәдениетімен  өлшенеді  деген  
еді  ол.  Күні  бүгінге  дейін  әрлі-берлі  бағалай  жүріп,  ғалым- 
дарымыз проза, драматургия жанрларының генезисіне барып, 
тарихын  жазған  еді.  Енді,  бүгін  қашанда  міндеті  ауыр,  жолы 
жіңішке сын жанрының автономиялық географиясы сызылып, 
биографиясы жазылды деп білеміз.
1983 ж.
Автордан:
Ұлт  тағдыры  жайында  ұдайы  жазып,  айтар  сөзді  аян­
бай  айтып,  еліміздің  өсу­өркеніне  ыстық  жүрекпен  атсалы­
сып келе жатқан көрнекті ғалым, шынайы ұстаз Тұрсынбек 
Кәкішұлының әдеби сын жанрының пайда болуы, қалыптасуы, 
өсу­өркендеу жолын тарих соқпағы, жанр эволюциясы өзегімен 
жүйелей зерттейтін «Сын сапары», «Оңаша отау» – атала­
тын  монографиясы  жөнінде  кезінде  осы  мақаланы  жазып, 
оның  «Қазақ  әдебиеті»  (16  қыркүйек  1983  ж)  апталығында 
күрт  қысқарып  жарық  көргені  бар.  Кезінде  осындай  күрделі 
ғылыми еңбектің жазылып, жарық көргенін қуаныш көріппіз. 
Әйтсе  де,  тұтас  бір  жанр  тарихын  түгендейтін  еңбектің 
барша  қадірін  бірдей  білдік,  жеріне  жеткізіп  айттық  десек 
артық болар еді. Біздікі – жаңалық, жақсылыққа қуану ғана!
Ғалым  еңбегінің  тоталитарлық  жүйе  кезінде  архивтер­
ге байқап кіріп, тапқан әрбір құнды дерегін қойнына «күлше» 
тыққандай,  тыға  жасырып  алып  шыққанын,  жанр  жүріп 
өткен жолға ол дерегін қиюластыра қалап, саяси қырағылығы 
шәннен асқан қоғамда ұлттық мүддені баспалай айтқанын ол 
кезде біз біле қойған жоқпыз. Қиындықпен жазылған ғылыми 
еңбектің  қолжазба  күйінде  қағажу  көріп,  «құлағы  кесіліп 
құнтиып,  мұрны  кесіліп  пұштиып»  дегендей  тым  өрескел 
қысқарып, түпнұсқадан айни бұрмаланып жарық көргенін де 
біле бермеппіз.
Сыншыл  ойлардың  көзін  ашып,  тұңғыш  рет  қазақ  әдеби 
сыны  эстетикалық  мұраттарын  қалыптастырып  жүріп 
өт кен  жолды  айқындапты.  Қызыл  империяның  қылбырауы 
қиып  тұрған  жетпісінші,  сексенінші  жылдардың  өзінде  ұс­
тазы Бейсембай Кенжебаев ізімен ХХ ғасыр басындағы қазақ 
әдебиетін – ояну дәуірі әдебиеті ретінде қарапты, сол кезеңде 
баспасөзде жарияланған ұлтты оятарлық ойларды ойып алып, 
өзінің осы қос томдығы арқылы қазақ еліне, ұлт жастарына 
ұсыныпты.  (Біз  жоғарыда  ол  ойлардың  кейбірін  келтірдік.  
Қ.Е.)  Олардың  1986  жылы  қауырт  қимылдап,  желтоқсанда 
алаңға  азаттық  алауын  жаққан  ерлік  әрекетке  баруында 
Тұрсекеңдей  ұстаздардың  оқулық  ретінде  жазып,  ұлттық, 
ұлтшылдық ойлармен суарып ұсынған осындай оқулықтарының 
рөлі аз болмаған шығар!
Әрине,  ұстаз  біз  әңгіме  еткен  қос  томдық  «Сын  сапа­
ры»,  «Оңаша  отау»  еңбектерін  кейін  Тәуелсіз  ел  азаматы 
ретінде қайта қарап, азат ойларымен толықтырып, жоғары 
оқу  орындары,  студенттеріне  оқулық  ретінде  қайта  бас­ 
тырды.  Қос  кітаптан  тұратын  оқулықты  ғалым  ұстаздың 
қайта  бастырғаны  секілді,  біз  де  кезінде  (1983)  жазылған 
мақаламызды қайта қарауымыз керек пе еді?! Алайда, біз он­
дай қадамға бармадық. Қай нәрсе де өз уақытында. Сөз де өз 
уақытының үні! Бүгінгі егемендік алып есейген ұрпаққа өткен 
кезеңдер үні естіліп жатсын дә!
Құлбек Ергөбек
30.01.2003.
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   41


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет