СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)


«Әуеннен» басталған достық әуені



Pdf көрінісі
бет34/41
Дата28.12.2016
өлшемі2,26 Mb.
#667
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   41

2. «Әуеннен» басталған достық әуені 
…Телефон безілдеп қоя берді. Тыңдасам Бішкектен. Құшу­ 
бақ  баяғы.  Айтары  да  бәзбаяғы:  «Шыңғыс  Айтматов  пен 
Қалжан  Нұрмаханов  достығы  хақында  эссе  жазып,  жібере­ 
мін  деген  едіңіз.  Алақанымды  ысып,  аударуға  дайындалғалы 
қашан?! Ләбізіңді жұттыңыз. Мұныңыз қалай?» – дейді ғой 
баяғы…
Бұған  дейін  Шыңғыс  Айтматов  тақырыбына  жазылған 
«Алыс  көкжиектерді  аңсаймын»,  «Тау  мен  даланы  туыстыр-
ған»,  «Парасат  поэзиясы»  секілді  деректі  эсселерімді  қырғыз 
тіліне қотарған /аударған/ қаламдас досым бұл жолы ренжулі 
секілді. Тілінің тиегін ағытып жіберсе «нәмарт» екенсіз деген 
сөз лық ете түскелі тұр. Өйткені бізде «Лебізін жұтқан нәмарт» 
деген сөз бар. Нәмарт атану, беті аулақ, жаман-ақ. Ал ұзақ жыл-
дар  жинақталған  материалдар  негізінде  аталмыш  тақырыпта  
бір  деректі  дүние  жазып  беріп  жақсы  атты  болайын  десем 
бірнәрсе жібермейді. Жібермей жүрген не нәрсе? Оны өзім де 
білмеймін. Бәлкім мына бір жайлар шығар…
Уақыт қатал. Өмір өзгермелі. Адам талкүбідей айнымалы. 
Одан бері қаншама уақыт. Одан бері Адамзат түгілі қара Жер 
қартайды. Ал осы ұланасыр жойқын жазушылық жолдағы ұлы 
адамның уыздай жас шағындағы бір бекеті секілді елеусіз сәтті 
әңгімелеу кімге қажет?
Шыңғыс Айтматов және Қалжан Нұрмаханов! Бірі асу бер-
мес асқарларды алып жиһан халқын қайран қалдырумен келе 
жатқан аса қастерлі есім де, бірі әдебиет аспанында жалт етіп 
көрініп отыздан аса бере құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөн- 
ген баянсыз тағдыр. Иә, осындай әрқилы сабақталған әртүрлі 
тұлғалардың өзара қарым-қатынасынан ғибратты әңгіме шерте 
аламыз ба, сірә?
Айдай әлем қапысыз танып, мүлтіксіз мойындаған Айт ма-
товтың  бұл  күнде  қазақ  жазушылары  арасында  достары  көп. 
Қайсысы шын дос, қайсысы қошаметшіл дос, оны Шыңғыс аға-
ның іші біледі. Оны ішекті қан-жынынан ажыратқандай уақыт 
айқындайды.  Міне,  осындай  жағдайда  Айтматов  есінде  оның 
тас шайнар жас шағындағы досы Қалжан Нұрмаханов сақталды 
ма? Жоқ па? Сақталса көңілде көмескі тартып сұлбаланып тұр 
ма, әлде уақытпен бірге есейіп, көркейіп тұлғаланып тұр ма?
Әңгіме марқұм әдебиетші Қалжан Нұрмаханов тағдыры ту-
ралы  бола  тұра  көңілді  күдікке  шалдыру  себебіміз  мәселенің 
бір ұшы шоң жазушы Шыңғыс Айтматовқа тиесілі емес пе?! 
Олай  болса  «Асыл  адам  айнымас»  /Абай/  деген  бар  емес  пе? 
Адамның балалық уыз шағы – Аяз бидің кедей шағы. Аяз би жа-
ман тымағын ұмытпай, есігінің босағасына іліп қойып, қарап-
қарап отырғанда, Айтматов алғаш даңқ ғарышына беттеп бара 
жатқанда баспалдақ бола білген шынайы досын неге ұмытсын?! 
Ендеше, осы ойды байлам етіп, көңілді күдікке шалдырғанша 
отыз бес жасында дүние салған сыншы архивін ақтара отырып, 
жазушы В.Каверин айтқандай архивпен тірі кісідей сырласа от-
ырып, осынау аяулы жандардың әдебиетке жаңа келген жастық 
шағына саяхат жасайық. Білгенімізді айтайық, ойға түйгенімізді 
ортаға салайық. Білмегеніңді айт деп ешкім де бізді қыстамас. 
Ал, Айтматовтың балалық шағындағы эпистолярлық жазбала-
рын жарыққа шығару аяулы ағаның бүгінгі биігін аласартпас, 
беделіне көлеңке түсірмес.
Архив демекші, марқұм әдебиетші Қалжан Нұрмахановтың 
архиві де көп уақыт ескерусіз қалып, күтімсіз шашылыңқырап 
барып  жинақталды.  Біздің  қолымызға,  ол  қазына  сыншының 
қарындасы Қазына Нұрмаханова арқылы түсті. Архив деп дар-
дай етіп әңгімелеуімізге қарамастан қыршын кеткен әдебиетші-
ден қалған жазба, сызба дүниелер тіпті аз. Ол – жас шағында 
жазған бір көркем дүние үзігі, ресми орындарға, жолдастарына 
жолдаған жиырма шақты хат, баспамен жасалған келісім-шарт, 
екі блокнот күнделік. Соның ішінде бүгін әңгімеге арқау, үзік 
болуға  тиісті  Ш.Айтматовтың  аз-кем  хаттары,  жеделхаттары 
бар.  Әдеби  жолда  тағдырлас  болған  жазушымен  бірге  түскен 
фотосуреті сақталған.
Бәлкім, мәселе мемориалдық дүниелер мен эпистолярлық 
жазбалардың аз-көптігінде де емес шығар. Сол аз-кем дүние-
лердің көзі жоқ әдебиетшінің дүниетаным-көзқарасын байқау-
ға, әралуан қаламгерлік ортамен қарым-қатынасын бақылауға 
жараса, соңында қалған азғантай әдеби мұрасының кейбір ше-
берхана сырларына қанықтырса, мәселе сонда шығар. Азды ор-
нына жұмсап ұқсата алсақ, азғантай жазбалардан ғибрат тарата 
алсақ – өкініш орны толса керек. Басқа не шара?
Айтматов пен Нұрмаханов әдеби-шығармашылық, өмірлік 
достық  рауаятын  айқындау  үшін  бізге  әңгімеге  себепкер  қос 
қаламгердің өмір жолына саяхат шегуге тура келеді. Ол үшін 
біз елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың бас 
кезіндегі  уақыт  кеңістігіне,  әдеби  кезеңге  лирикалық  шегініс 
жасаймыз.

474
475
Бұл кезең – Ш.Айтматовтың Москвада М.Горький атында-
ғы әдебиет институтын тәмамдап, әдебиетке батыл қадам жа -
сай бастаған кезі. Кейін даңқы дүбірлеген «Жәмила», «Бетпе- 
бет», «Құс жолы» повестерінің жаңадан жазылып, одақтық бас- 
па сөзде жариялана бастаған кезі. Бұл кезең – Қ.Нұрмахановтың 
Москва  Мемлекеттік  университетінің  филология  факультеті-
нің  шығыс  бөлімін  аяқтап,  республикалық,  одақтық  баспасөз 
беттерінде  ойлы,  парасатты  сын  мақалаларымен  деңдеп  та-
нылған  шағы.  Мәскеуде  қос  оқу  орнында  бірқатар  оқуына 
қарамастан  Шыңғыс  пен  Қалжан  бір-бірімен  жүзтаныс  қана. 
Етене танысу, ет бауырлық олардың арасында кейін орнығады.
Қалжан – табиғатында қазақ-орыс, қазақ – Орта Азия әде-
биеттерін салыстыра қарастырып, жарыстыра талдайтын сын - 
шы. Талантты сыншының назарында жүрген бір мәселе – қыр- 
ғыз кеңес әдебиетінің алпысыншы жылдардағы хал-жайы, өсу, 
өркені. Осы өреліліктің қайнар бұлағы, түп-тамыры қайда жа- 
тыр? Ол біздің пайымдауымызша, МГУ табалдырығына, атал-
мыш кәделі оқу орнында дәріс берген профессор, қырғыз әде- 
биетінің білікті маманы, қазақ әдебиеті ғылымына да шипасы 
аз тимеген, Мәдина Богдановаға барып тіреледі. Мәдина Бог-
дановадан Қалжан ММУ қабырғасында сабақ алыпты, сү йікті 
шәкіртіне  айналыпты.  Аяулы  ұстазы  қайтыс  болғанда  қайғы- 
рып  жазған  күнделік  дәптеріндегі  жолдар  пікірімізге  толық 
куә екенін жоғарыда айтқанбыз. Міне, қазақ сыншысы Қалжан 
Нұрмахановтың  көршілес,  бауырлас  қырғыз  әдебиетіне  деген 
ыстық, ұлпа ілтипатының қайнар көзі қайда жатыр?! Бұл жол- 
дардан  Қалжанның  ұстазына  деген  риясыз  көңілімен  бірге 
оның қашан көз жұмғанынша қазақ әдебиетімен бірге бауырлас 
қырғыз әдебиеті сыншысы болып өту сырын да аңғармаймыз 
ба?  Иә,  оның  қырғыз  әдебиетіне  сыншы  райында  араласып 
қырғыз  Кеңес  поэзиясы,  Түгелбай  Сыдықбеков  тағдыры  ха-
қында  толымды,  толғақты  ойлар  айтуының  сыры  да  осында. 
Әйтпесе қырғыз әдебиеті хақында айтқан:
«Я горжусь за киргизскую литературу, которая за послед­
нее время переживает бурный расцвет во всех своих жанрах. 
Я от души радуюсь за каждое явление в ней. Да, литературная 
жизнь Киргизии богата теперь большими радостными собы­
тиями.  Она  сегодня  большая,  профессиональная  в  самом  ве­ 
ликом смысле этого слова» – деген пікірін алайықшы. Бұл да  
бір күн, бір сәттің байламы емес, бауырлас әдебиеттің өріс-өр- 
кеніне, сыншы болып сындарлы араласып, тұрақты бақылаудан 
туатын  сарапшы-сарабдал  жанның  баянды  байлауы  емес  пе? 
Тап солай! Бұдан өзге қырғыз ақын, жазушы, драматургтерімен 
жазысқан хаттарының өзі не тұрады? Ие, ол бауырлас қырғыз 
әдебиетін айырықша жақсы көріп, беріле насихаттаған сыншы. 
Ал,  осындай  жолдардан  өткен,  бұлақтың  бір  сағасындай, 
бәйтеректің  бір  бұтағындай  бауырлас  әдебиеттің  бүлкілдеген 
қантамырын  тамыршыдай  қапысыз  қадағалай  білген  білгір 
сыншы,  алымды,  шалымды  әдебиетшінің  сол  әдебиеттен 
Шыңғыс  Айтматовтай  тегеурінді  таланттың  дарақ  болып  бой 
көтеріп  келе  жатқанын  көрмеуі,  білмеуі  мүмкін  емес,  сірә? 
Мүмкін емес. Ол көрді, білді, таныды. Өз байлауы өз алдында. 
Қалжан бұл кезде ұлы Мұхтар Әуезовтің – атақты «Абай жолы» 
эпопеясының  орысшаға  аударылған  нұсқасын  қолжазбасынан 
қарап, жәрдемге келіп жүрген, қазақша-орысша мәтіндерін са-
лыстыра  аударма  хақында  қызықты  ой  тербеп  мақала  жазып 
жүрген сыншы ғой. Ол осы мінезімен М.Әуезов назарындағы 
дарын. Ендеше, ол Шыңғыс есімін Мұқаң аузынан естімеді дей 
алмасақ керек.
Тайбурылды  тайында  танығаны  секілді  қырғыздың  өрім- 
дей  жас  жазушысының  дарынын  жазбай  танып,  тұсауын  ке-
скен, әрі әлемге кең танытқан Мұхтар Әуезов екені бесенеден 
белгілі. Бұл фактіні ұстаз-шәкірт болып бірлік тауып жататын 
қос  алыпты  да  мақтаныш  тұтқан  мерей  сезіммен  айтамыз. 
Шыңғыс шығармаларын қазақ тіліне аудару проблемаларын да 
жолға қойған Мұхтар Әуезов болатын. Көз көргендердің айту-
ынша, «Овонды» («Жәмила») қазақ тіліне сен аударсаңшы деп 
Қалжанды қолқалаған да сол ұлы қаламгер көрінеді. Ұстаз-аға 
тілегін  қалтқысыз  қабылдаған  Қ.Нұрмаханов  мойнына  алған 
міндетін  азаматтық  жауапкершілікпен  орындайтын  мінезімен 
шоң  жазушы  шығармасын  ақаусыз  аударуға  кірісіп  те  кеткен 
еді. Ол үшін Қалжан Москвадан жүзтаныс Ш.Айтматовқа хат 
жазып, «Әуен» повесінің қырғызша нұсқасын сұратады. Оған 
дәлел  Ш.Айтматовтың  тұңғыш  рет  жарияланғалы  отырған 
төмендегі хаты.
Құрметті жолдас Нұрмаханов!
Сіздің хатыңызға кешігіп жауап жазып отырғаныма кешірім 
өтінем, оның мынадай себебі болды:
«Жәмила» қырғыз тілінде әлі кітап болып шыққан жоқ, бас­
паға енді түсіп жатыр, сондықтан мен Сізге тездетіп кітап жі­
бере алмадым. Кітап болмаса да, Сізге қолжазбаларды жолдап 

476
477
отырмын. Мұнда повестің аты «Жәмила» емес, «Овон». Бұл өзі 
о баста солай­тын. Қазақшаға аударсаңыз «Жәмила» дейсіз бе, 
әл де «Овон» дейсіз бе, оны өз еркіңізге қалдырамын. «Овон» деге­ 
ні ңіз  орысшасында  «Напев»,  қазақшасын  өзіңіз  біліп  айтарсыз.  
Бұл  повестен  басқа  Сізге  өзімнің  тағы  бір  «Бетпе­бет»  деген 
әңгі
  
мем ді жіберіп отырмын. Бұл әңгіме былтыр «Октябрь» жур­
налының 3­санында басылып шыққан, онкүндік тұсында «Бет пе­
бет» жақсы бағаланды және менің өзімнің ең сүйікті шығармам. 
Сіз айып етпесеңіз, осы әңгімені оқып шығуыңызды өтінем.
«Октябрьден» оқысаңыз да болады. /(№ 3, 1958 г.) Егерде бұл 
әңгіме Сіздің көңіліңізден шыға қалса, онда мұны да қотаруыңыз­
ды /аударуыңызды/ өтінем.
Жолдас  Нұрмаханов,  мүмкін  Сіздің  бөгде  істеріңіз  болып, 
әйтпесе  басқа  себептермен  бұл  шығармаларды  аударуға  уа қы­
тыңыз, мүмкіндігіңіз болмай қалар. Ондай жағдайда менің Сізден 
көптен­көп өтінерім бұл қолжазбалардың ішінен маған «Бетпе­
бетті» қайтарсаңыз жетті. Менің Сізден жолдастық өтінішім 
сол.
Уақытыңыз болса тездетіп жауап жазып жіберіңіз.
Қолыңызды қысам, Шыңғыс Айтматов.
Менің адресім Фрунзе қаласы, Московская көшесі 145­а үй, 3­ 
пәтер, Айтматов Шыңғысқа, 22/ІІ­1959 ж.
Айтқандай,  Орта  Азия  онкүндігі  қалай  өтпек,  біз  соны  тү­
сіне  алмадық,  білмейді  де  екенбіз.  Мүмкін  болса  соны  жазып 
жіберсеңіз».
Оқушыға  отыз  бір  жастағы  Айтматов  хатын  қазақшалап 
қаз-қалпында ұсынып отырмыз. Хатта көп мәселенің беті ашы-
лады. Ең бастысы – аудармашы «Жәмила» повесін қырғыз тілі- 
нен (түпнұсқадан) тәржімалауға ден қойып отыр. Сол үшін де 
авторға хат жазып, шығарманың қолжазбасын алдырып отыр. 
Автор  «Жәмилаға»  қоса  «Бетпе-бет»  повесінің  қолжазбасын 
бірге  жолдап  отыр.  «…менің  өзімнің  ең  сүйікті  шығармам» 
–  деп  автор.  «Бетпе-бет»  повесін  ерекше  ден  қойып,  іштарта 
сөйлеуіне де назар аудармау мүмкін емес. Мұнда жан тебірен-
тер шығыстық лирикалық сазбен жазылған «Жәмиланың» жұрт 
мақтаған, қаламдастар қолпаштаған даңқына елікпей, «Бетпе-
беттегі»  драмалық  қуатты  жас  жазушының  ерекше  бағалауы 
аңғарылады. Әрі бұл жазушының лирикалық саздан трагедия-
лық ситуациялы драмалық тартысты оқиғаларға ден қоя жаңа 
биікке  көтерілуінің  айғағы.  Жап-жас  жазушыда  қанағатшыл 
сезім жоқ, алыс көкжиекке көз тіге ұмтылу бар. Осынау жол-
дар  жас  жазушының  шарқ  ұра  ізденуінің  кепілі.  Сонымен 
бірге бұл күнде дүние жүзіне «Жәмила» атымен мейлінше кең 
таралған  шығармаларының  автор  белгілеген  алғашқы  атауы 
«Әуен»  екеніне  де  осы  хат  арқылы  көз  жеткіземіз.  (Эссенің 
«Әуеннен»  басталған  «Достық  әуен»  аталуы  да  сондықтан. 
Қ.е.)  Ш.Айтматов  пен  Қ.Нұрмаханов  араларындағы  достық, 
шығармашылық ынтымақ алғаш осылай сабақталған.
Ұзамай аудармашы авторға қайталай хат жазған шығар. Ау-
дарма мәселелерін кеңінен кеңескен шығар хат арқылы. /Жақ-
ша ішінде айта кетер бір жай – өкініштісі – Қалжан хаттары-
ның  көшірмесі  сақталмаған.  Пәнәйі  себеппен  Шыңғыс  ағада 
сақталған болса, оны Қалжан досының рухы үшін бізге қиса, 
қәнеки?! Ұзамай автор аудармашыға қайталай хат жазған. Біздің 
қолымызға Шыңғыс Айтматовтың екінші бір хаты тиіп отыр. 
Енді оны да оқушыдан жасырып қажеті жоқ. Қазақшалайық ен-
деше.
«Сенің  хатыңды  ала  тұра,  Қалжан  туысқаным,  жауапты 
мүлде кешіктіргенім үшін қатты ұяттымын. Ал қал­жағдай қа­
лай, істер жақсы ма? Жақсы болуына тілектеспін. Сенің жазған 
хабарларың  мені  қуанышқа  бөледі.  Ақ  бидайдың  қамырындай 
бірге  жайылған  ел  емеспіз  бе,  келешекте  де  осылайша  қамқор­
қатынаста  жүрелік.  Москвадан  шыққан  кітаптарымды  («Жә­
мила»  да  «Огонекте»  дербес  басылып  шықты)  саған  атап  ар­
найы жіберейін деген ниетім бар еді, бірақ қазір қолымда болмай 
тұр.  Қолыма  тиісімен  почтаға  салып  жіберемін.  Бұрынғылар ­ 
дың  сөзімен  айт қанда,  Қалжан  досым,  өзіңді  құдайға  тапсыр­ 
дым, «Әуен» мен «Бетпе­бетті» саған тапсырдым. Әйтеуір жа­
рық қа шығарарсың деген сенімім бар.
Менің жандай досым Әбдіжәміл қазір Алматыда ма, болма­
са Аралында «Судыр Ахметке» ілесіп балық жеп жүр ме? Көрсең 
көп­көп  сәлем  айт.  Қуандық  екеуіңіздің  сәлемдеріңізді  Төкішке 
айтқанмын.  Рахмет,  қайыра  сәлем  жолдады.  Мен  де  соған 
қосылам.
Хош, хабарыңды күтем.
Шыңғыс 9/ІV­59 ж.
Алма-Ата, Дунганская 76, кв 52, Нұрмаханову К.
Екінші хаттың да айтары аз емес. «Қалжан досым» деген 
асыл сөз аралас жүр. Өзі қатарлас Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, 
Қуандық Шаңғытбаевтың есімі аталады. Достық беки түскен. 
Шығармашылық ынтымақ арта түскен.
Көріп  отырғанымыздай  Қалжан  Ш.Айтматов  әлеміне  ал - 

478
479
ғаш  оның  күллі  кеңес  әдебиетін  әсем  сазға  бөлей  келген  по-
весте рінің  аудармашысы  райында  енді.  Қалжан  секілді  бық-
суды білмейтін, отша лапылдаған, сүйсе құлай сүйетін, ренжісе 
көріспей  кетісетін,  бүкпе-бүкпесі  аз,  аузын  ашса  көмейі  кө-
рінетін  ақадал  жан  Шыңғыспен  аудармашы  ретіндегі  ресми 
сырдаң қатынаспен шектелмесі хақ. Ол – Айтматов шығарма-
сын сүйді екен, автормен айнымас адал достыққа келуі керек. 
Аудармашылық  кәсіптен  басталған  шығармашылық  қарым-
қатынас адамдық ізгілікке осылай сабақтасады, достыққа осы-
лайша ұшқасып ұштасады.
Әдебиетші  архивінде  Ш.Айтматовтың  кезекті  бір  хаты 
сақталған. Ол мынау:
«Қалжан
Денің сау жүрсің бе?
Журналдағы  «Саманшы  жолын»  /Млечный  путь/  жібердім. 
Оқып көрерсің. Ұнаса өзің білесің.
Сенің жақсы еңбек істеп шат жүруіңе тілектес Шыңғыс.
Апаңа /шешеңе/ сәлем айт.
2/ІІ­63 г.»
Бұл  кездегі  хаттан  аңғаратынымыз,  бұрынғы  «Жәмила», 
«Бетпе-бет»  повестері  әлдеқашан  қазақшаланған.  Автор  енді 
«Құс жолы» повесін құтты жолмен қазақ әріптесіне және жол- 
дап отыр. Ынтымақ достық тереңдей түскен. Хаттар ресмилік- 
тен жайма шуақ шырайға көшкен. 
Арада  жосылып  жылдар  жатыр.  Құс  қанатындай  суыл-
дап  өте  шыққан  уақыт  биігінен  әдебиетші  архивіне  үңілеміз. 
Айтматов  шығармаларының  аудармашысы  ретінде  Қалжан 
қалай  бастап,  қалай  өсіп  отырды  екен,  соны  білгіміз  келеді. 
Аудармашы  архивінде  «Жәмила»  повесі  аудармасының  үш 
бе ті,  «Құс  жолы»  повесінің  бір  беті  сақталыпты.  Аударма-
шы Қалжан қолжазбасынан бар қалған жұқана осы ғана. Үзік 
қол жазбадан  аударманы  өнер  тұтқан  абзал  жанның  бір  жаз-
ғанын қайта жазып, өңдеп, сызғылап, қазақша ырғақ іздеп бей-
неттенгенін  байқаймыз.  Шыңғыс  шығармаларын  аудару  үс-
тінде  Қалжан  түпнұсқаны  терең  тексеріп,  қанаттас  қаламгер 
шы ғармашылығын  сыншы  ретінде  де  қадағалап  қоятынын 
көреміз.
Ш.Айтматов пен Қ.Нұрмаханов, шынын айтқанда, бірі аса 
даңқты есім, екіншісі тіршілікпен ерте қоштасқан сыншы. Осы 
екі  әдеби  тұлғаның  достық,  қаламгерлік  қарым-қатынасынан 
пәлендей жаңалық аша алмаспыз деп те қорқақтаған едік. Бір 
кезде бастала беріп үзіліп кеткен қаламгерлік байланыстан күні 
бүгін сақталған айқын із аңғара аламыз ба деп күдіктенгенбіз. 
Оның үстіне қазақ-қырғыз әдебиеті байланысында тың тенден-
циялар орын тепті, шоң жазушы Шыңғыс Айтматовтың қазақ 
қаламгерлерімен жеке достық қатынасында жаңа беттер жасал-
ды. Айтматов шығармаларын қазақ тіліне аударатын жаңа ау-
дармашылар легі қалыптасты. Осының баршасы күдігіңе күдік 
жамап  ойландыра  берері  хақ.  Алайда  үстірт  ойлағанда  ғана 
осылай.  Әйтпесе  бұл  мәселеге  ғұлама  жылдардың  судырлап 
жабылған парақтарын қайта парақтап, қос дарынның екеуара қа-
тынасына тарих көзімен қарасақ ескі дерек жаңарып, архивтегі 
өлі материалдар қайта тіріліп, аталмыш қос дарын арасындағы 
достық  ерекше  нұрланып  жүре  береді.  Шыңғыс  пен  Қалжан 
арасындағы адамдық абзал қатынас, өзінше бір қызық дүние. 
Олардың адамдық қатынастарының өзі – әдебиет. Неге десеңіз, 
Қалжан  өзі  үлкен  дарын  деп  таныған,  өзі  оқып  сусындаған, 
аударып  рахаттанған  туындылар  қазақ  оқушыларына  жетсе 
деген  тілекпен  бірге  Айтматовтай  жазушы  қазақ  қауымымен 
көбірек  жүздессе,  көсеге  көгерер  көл-көсір  тілегін  көбірек 
айтса деп жанымен тілейді. Оны біз Ш.Айтматовтың Қалжан 
досы  тілегімен  «Лениншіл  жасң  редакциясы  қызметкерлері-
мен  кездесуінен  аңғарамыз.  Кезінде  көрші  қырғыздың  Айт-
матов есімді жазушысымен жүздесеміз деген Қалжан пікіріне 
қосыла қоймаған бір топ қазақ қаламгері бұл күнде сол кезде-
суде  болғаны  үшін  өздерін  бақытты  сезінеді,  сол  игі  бастама 
иесі өздері болғандай күпінетіндері де бар. Ол аз болса, бүгін 
Қ.Нұрмаханов архивінен Ш.Айтматовтың қазақ халқына, қазақ 
жастарына арнап айтқан тілек-сөзі табылып отыр. Бұл да, шын-
туайтына  келгенде,  қазақ  әдебиетшісінің  кемел  дос  керегесін 
керсем, өрісін кеңейтсем деген тілегінен туындап жатса керек. 
Ұзақ жылдан кейін, сағынып жүздескен мәтінді қаз-қалпында 
оқушыға  ұсынуды  жөн  көреміз.  «Қарындастарыма,  інілеріме 
–  деп  бастапты  Айтматов  сөзін,  –  Жаңа  жылда  құттықтап, 
өзімнің сүйікті газетім «Лениншіл жас» арқылы қазақ жастары­
на қайрылып отырғаныма қуаныштымын.
Жаңа  жылды  адамзат  баласы  тектен­тек  тойлап  жүрген 
жоқ. Мұнда адамның алғы күнге арман­үміті, жаңарған тілегі, 
бақталайы  үшін  күресу  мақсатында  мейрамдайды.  Соған  бай­
ланысты  жаңа  жылда  айтар  тілегім,  біріншіден  денсаулықта 
болайық, көңіліміз шат  болсын.  Ал енді алдымызда  партия  бел­
гілеген  ұлы  іс  тұр  –  ол  халық  шаруашылығын  химияландыру. 

480
481
Бүгінгі әрбір жастың оған қатысуы – зор міндет. Жаңа жылда 
бұл міндеттеріңді абыройлы орындауларыңа тілектеспін.
Жақында  ғана  әдебиет,  өнер  талапкер  қазақ  жастарының 
қызық істеріне куә болдым – ол Мұхтар Әуезовтің күніне арнал­
ған кеш еді. Бұл дәстүрге айналып келе жатқан кештер екен. Бұл 
кештерде  талантты  қазақ  жастары  Мұқаңның  қасына  келіп 
творчестволық есеп бергендей сезіледі. Маған бұл жоралғы сон­
дай қатты ұнады. Мен де Мұқаңның шәкіртімін, мен де бұл кісіні 
әрдайым құрметпен еске алып басымды иемін. Келер жылы осын­
дай «Әуезов күні» өтсе екен деп тілеймін. Одан арғы жылдары 
да  бұл  жақсы  іс  жалғасын  тауып  творчестволық  жастардың 
әдетіне айналсын деп, Сіздерге сәлем жолдаушы Шыңғыс Айт­
матов.»
Хаттар. Жазбалар. Арнау-тілектер. Бұл – Айтматовтың қа-
зақ оқырмандарының жүрегіне сапарлар. Жол сапары. Ой са-
пары.  Космос  кеңістігіне  корабль  ұшырып  қуаныш  тапқан, 
қуаныштан кейін қасірет шеккен қазақ даласына келген сайын 
Шыңғыс аға ой кешіп жүрген болар. Ал Айтматов кездескен сай-
ын, оның шығармаларын оқыған сайын қазақ оқушысының да 
марқайып, санасы байып бір көтеріліп қалып жатты. Қазіргідей 
емес, ол кезде Ш.Айтматов қазақ жеріне жиі келуші еді. Қазір 
туған жеріне баруға да мұрсатанасы бола бермес, сірә? Адам-
зат баласының ортақ тағдырын ойлап, қуанышына марқайып, 
қайғысынан қасірет тауып жүру қайдан оңай болсын. Ол кезде 
күннен күнге, жылдан жылға жоталанып өсіп, өзінің жазушылық 
концепциясын  ірілендіре,  соқталандыра  түскен  Ш.Айтматов 
асу-асу  белдерге  беттеген  сайын  оған  іштей  сүйсіне,  бірақ 
сұқтанбай, іштей қуана, бірақ күндемей, қол соғып, досының 
ілгерілеген, іріленген әрбір қадамын қадағалап Қалжан жүрді 
Қазақстанда. Әуел баста Айтматов әлеміне аудармашы болып 
енген  ол  әлуетті  ой  қаламгерінің  әрбір  сөз-сөйлемінің  астар-
әдібін  сөгіп,  бірте-бірте  психологиялық  иірім-саздарды  нәзік 
бақылайтын зерттеушіге айналып қарай бастады. Күнделігіндегі 
мөлтек-мөлтек, шымыр ойлар Қалжанның Айтматов аударма-
шысынан оның әдебиетін зерттеушіге ойыса бастауының куәсі. 
Мәселен оның күнделігіндегі: «Все труднее становится пере­
водить Чингиза, он растет как художник слова» деген ойла-
ры, әйтпесе, «Орыс тіліне аударғанда сөздің мағынасын біліп 
тұрып,  оның  баламасын  өз  тіліңнен  таба  алмай  қиналасың. 
Ал жақын тілдерден аударғанда кей сөздің мағынасын білмей, 
топшылап алған баламаң сөйлемнің мазмұнына үйлеспей азап 
шегесің. Орыс тілінен аударғанда сөздің баламасын ерте ме, 
кеш  пе,  әйтеуір  табасың,  ал  жақын  тілдерден  аударғанда 
мағынасын  таба  алмай  табандап  тұрып  қаласың,  әрі  қарай 
барғың  келмейді,  өйткені  алғашқы  ұғымға  байланысты  әрі 
барған  сайын  түсінбеген  жайларың  көбейе  береді»  –  деген 
өз  тәжірибесінен  түйген  пікірлері  соның  куәсі.  Қазақтың  төл 
туындысындай,  дербес  рухани  қазынасындай  сіңісіп  кеткен 
«Жәмила»,  «Бетпе-бет»,  «Құс  жолы»  повестері  міне  осындай 
қажырлы еңбек, ересен ізденіс жемісі болатын.
Ш.Айтматов  пен  Қ.Нұрмахановтың  шығармашылық  ода-
ғы  жайында  ойлағанда  аялдамауға  болмайтын  бір  мәселе 
бар.  Ол  –  Қалжанның  «Жәмила»  повесі  негізінде  «Аңсаған 
менің  әнімсің»  аталатын  пьеса  жазуы.  Кезінде  сахнаға  қо-
йылғанымен,  қазір  көзден  бұлбұл  ұшқан  шығарма  жөнінде 
айтуда  мән  бар.  Шоң  жазушының  прозалық  шығармалары 
дра матургияға,  кинодраматургияға,  айналып  үлгерген  бүгінгі 
күні  Қалжан  әрекеті  мамандарды  соншалық  қызықтырмауы 
мүмкін. Бірақ «Аңсаған менің әнімсің» Қалжанның Айтматов 
шығармаларындағы  драмалық  қуатты  жете  пайдала нып,  оны 
дер  кезінде  драматургияға  айналдырудың  ырымал ды  үлгісі. 
Өкінішке қарай «Аңсаған менің әнімсің» пьесасының қолжаз- 
басы  сақталмаған.  Әйтпесе  прозалық  және  драматургиялық 
туындыны  өзара  салыстыра  отырып,  кейбір  ерекшеліктерін 
әңгімелеуге болар еді.
Қалжанның өзі пьесаны повестен дербес еңбек деп қарапты. 
«Аңсаған менің әнімсің» фантазия на тему Чингиза Айтмато­
ва» /16.ІІ.63/ деп жазды ол күнделігіне. Сөйтсе де, үлкен бе, кіші 
ме, әйтеуір әрбір шығарма қатаң шығармашылық көзқараспен 
келетін  Қалжан  пьеса  қашан  жазылып  талқыға  түсіп  театрға 
жолдама алғанша үміт пен күдік аралас сезім жетегінде жүреді. 
Түптамыр  Ш.Айтматов  прозасынан  өрбитіндіктен  за мандас 
жазушы шығармасындағы асыл достықты жасытып алдым ба 
деп бір, драматургиялық туынды ретінде қайта туған шығарма-
ның сахналық ғұмыры қалай сабақталмақ деп екі жалтақтай-
ды, терең толғанысты күй кешеді. Кезегіндегі қуаныш пен күй-
зеліске толы танымсыз, толассыз толқынды ойлардың куәсін-
дей күнделігіне: «Шыңғыс «Аңсаған менің әніме» өте қатты 
риза болды. Еңбегім қайтты. Енді менің дегенім түгел. Ренжи 
ме деп күдіктеніп жүр едім. «Қалжан менің жанымды терең 
түсініпті» дегенде төбем көкке жеткендей болды… «Ух» деп 
демімді бір алдым. 6.І.63 ж. – деп жазыпты ол.

482
483
«Аңсаған менің әнімсің» – Ш.Айтматов пен Қ.Нұрмаханов 
шығармашылық ынтымақтастығының бір көрінісі, достығының 
бір  беті.  Бұл  да  Айтматов  сөзін  қазақ  аудиториясына  кең 
таратудың  бір  тәсілі.  Ол  сөзі  жүрген  жерде  Айтматовтың 
өзі  жүруі  жиі.  Спектакльге  байланысты  да  Айтматов  келіп 
оқушыларымен,  көрермендерімен  жүздесті.  Достарымен  қуа-
нышын бөлісті.
Тегеурінді ойларға оранып тіршілік кешкен Қалжан өмірінің 
ақырғы  жылдарында  «Аңсаған  менің  әнімсің»  тәжірибесін 
одан әрі жалғай түскісі келді ме, болмаса арнайы зерттеп бір 
сын мақала жазбақ мақсат жетегіне ерді ме, әйтеуір ол Шыңғыс 
Айтматов  шығармаларын  ойлана  оқып,  түйген  пікірлерін 
күнделігіне  жазып  отырыпты.  Сол  ойлардың  кейбірін  оқушы 
назарына ұсыну жөн деп білемін.
«Шыңғыс  –  қарапайым  жазушы.  Оның  қарапайымдылығы  
сонда – күнделікті үйреншікті өмірден дүниенің асылын тауып,  
оны  өзінше,  Шыңғысша  бере  білді.  Ол  адамның  қарапайым ды­
лығынан оның данышпандығын іздейді. Оған мысал – «Құс жо­ 
лы»  повесі.  Осы  шығармадағы  оқиға  әркімге­ақ  таныс.  Бірақ 
Шыңғыс  оны  қалай  ұсынған  оқушыға?  Біздің  қазақ  жазушыла­
рына көбінесе міне осы жетпейді. Ол сөз жоқ, жаңашыл, ойшыл 
жазушы» (16 март 63 жыл).
«Шыңғыс әйелдер образын тамаша тұлғалайды. Бұл жөнінен 
оған біздің кез­келген жазушымыз қызықса болады. Шыңғыстың 
ол  кейіпкерлері  ізгі  жүректі  таза,  парасатты,  сүйе  де  білетін, 
жек  көре  де  алатындай  күшті,  сұлулық  пен  ұлылық  үшін  опат 
болуға  кез­келген  сәтте  дайын.  Аналар  жайында  жазғанда  ол 
қалай еркін тыныстайды десеңші. (18.ІІІ.63 ж)».
Асқан  білгірлікпен  өте  дәл  айқындалған,  тауып  айтылған 
пікірге қайран қаласың. Қалжан табиғатын, оның қалам мәнер-
машығын  білетін  кісі  күнделіктегі  бұл  ойлардың  астарсыз, 
мақсатсыз  еместігін  сезінеді.  Біздің  пайымдауымызша  ол 
өмірінің соңғы жылдарында Ш.Айтматов өнериетіне зерттеуші 
ретінде үшінші бүйірден келіп араласуды ойлаған секілді.
Дос  еңбегіне  қуана  білу,  дос  мерейіне  мерейлене  білу  – 
бағасыз бақыт. Дос бәйгеге қосылғанда ең болмаса қызғаныш-
сыз  үйінде  отырып  тақымын  қысу  –  көбіміздің  қолымыздан 
ке ле бермейтін мінез. Ал дос еңбегі үлкен сыйлыққа ұсыныл- 
ған да  бар  жан-тәнімен  бірге  қуанып,  бірге  күресу  –  жомарт 
жүрек тің ісі. 1963 жылы Ш.Айтматов шығармалары Лениндік 
сый лыққа ұсынылғаны мәлім. Сол тұста жоғарыда келтірілген 
әдемі  байқаудан  туған  мөлтек-мөлтек,  бірақ  өте  дәл  тауып 
айтылған ойлар қуаныш аралас толғаныс сөзі болып бұрқ ете 
түсіпті. Қалжан Нұрмаханов 1963 жылы 17 наурыз күні радио-
дан сөйлеуге орысша тілек сөзін, жүрек сөзін дайындапты. 
«Мен «Лениншіл жас» газеті редакциясының қызметкерлері 
қырғыз  жазушысы  Шыңғыс  Айтматовпен  аса  тебіреністі,  қы­
зықты кездесу өткізген 1958 жылдың июль айының ми қайнатар 
ыстық  күнін  жиі  еске  аламын.  Редакция  қызметкерлері  өзі  Ал­
матыға келердің аз­ақ алдында «Лениншіл жаста» жарияланған 
«Жәмила»  повесін  қалай  жазғаны  жайлы  жас  жазушының 
қымсына айтқан әңгімесін ұйып тыңдады.
Бұл  кездесу  басқалар  секілді  менің  де  жанымда  терең  із 
қалдырды.  Олай  болуы  заңды  да  еді.  Олай  дейтін  себебім,  сол 
күннен  бастап  Шыңғыс  екеуміз  жігіміз  ажырамастай  жақсы 
достастық. Ұзамай біздің достығымыз шынайы творчестволық 
ынтымаққа  айналды.  Енді  қырғыз  әдебиеті,  оның  жекелеген 
өкілдері жайында ойласам болды, менің есіме ең алдымен айны­
мас досым, жаны жайсаң жақсы жолдас Айтматов түседі.
Менің  «Жәмила»  повесін  қазақшаға  аудару  секілді  болмашы 
шаруадан  басталған  достығымыз  күн  санап,  жыл  санап  өсіп, 
іргесі беки түсті. Сөйтті де ол бүгін бауырлас екі халықтың екі 
әдебиетшісінің үлкен достығына айналды.
Осы  бір  ешкімге  ұқсамас  ерекше  жазушының  өмірбаяны 
да қызықты. Ол 1928 жылы Қырғыз ССР­інің Талас даласында 
туған.  Бірақ  болашақ  жазушының  өспірімдік  шағы  Жамбыл­
да,  яки  Қазақстанда  өтті.  Ол  осында  оқыды,  осында  алдымен 
фермада есепші, содан соң ауыл советтің секретары болып аса 
оңайға  түспеген  еңбек  және  өмір  жолын  бастады.  Жамбыл 
ауылшаруашылық  техникумын  аяқтаған  соң  республиканың  бір 
колхозында  агроном  болып  істеді.  Ш.Айтматов  творчестволық 
жолының басталар шағы да осы сәт.
Қазақ тақырыбының жазушы творчествосында үлкен орын 
алатынына да таңдануға болмайды. Бұл құбылысты Айтма тов­
тың  «Жәмила»,  «Бетпе­бет»  секілді  ең  маңызды  туындылары ­ 
нан көреміз. Оған көз жеткізу үшін «Жәмила» повесінен, автор­ 
дың повесть кейіпкері Даниярдың әнін суреттейтін сәтінен бір 
мысал  келтірейін:  «Бұл  бір  ерекше  ән!  Алып  жүректі  адамның 
ой­санасын, қуанышын, тілегін білдірген зор үн! Ол қырғызшаға 
да,  қазақшаға  да  ұқсамайды,  бірақ  тыңдап  отырсаң,  бұл  үнде 
баяғы дан бауырлас қырғыз бен қазақтың тамаша төл әндері жа­
расымды табысқан сияқты. Ән бірде қазақтың ұшы­қиыры жоқ 

484
485
шексіз  даласындай  еркін  шалқыса,  бір  кезде  қырғыздың  заңғар  
биік  тау ларындай  көкке  самғайды».  Япырай!  –  деп  жаттым  
ішімнен мен. – Данияр осындай екен ғой! Оны мұндай екен деп кім 
ойла ған». Айтматов повестерінде бұл бауырлас екі халық тарихи 
та мырының бір, өмірінің жақын екенін көрсететін ғажайып поэ­
тикалық суреттер өте көп. Қырғыз жұртшылығы 1963 жылдың 
Лениндік сыйлығына ұсынып отырған кітабын жазушының «Тау 
мен дала хикаялары» атауы тектен­тек емес қой. Ал қазақ халқы 
да Шыңғыс Айтматовты өз жазушысы санауы да толық заңды.
Айтматов алты повесть және оншақты әңгіменің авторы. 
Әлденеше рет жеке­жеке кітап болып басылған. Қазақстан оқу­ 
шыларына жете танымал ол шығармаларға тоқталып, маз мұн­
дап жатудың қажеті жоқ.
Айтматов творчествосын бір ғана сөзбен мінездеуге болады: 
бұл – коммунизм орнатып жатқан совет адамы жайлы гимн.
Біздің  оқушылардың  арасынан  жылдан­жылға  қырғыз  жа­
зу шылары шығармаларын қастерлеушілердің көбейіп келе жат­
қанын  қуанышпен  атап  өтеміз.  Әрине  олардың  арасынан  бірін­
шілік  бәйгесі  Шыңғыс  Айтматовқа  тиесілі.  Ол  соңғы  кездері 
қазақстандық  жастардың  ең  сүйікті  жазушысына  айналды, 
оның дарынды, ақылды шығармалары олардың рухани дүниесіне 
өздерінің жан сыры болып терең ұялады.
Қырғыз  халқы  шығармалары  Совет  Одағы  шекарасын  ат­
тап, миллиондаған шетел оқырмандарының жетістігіне айналып 
үлгерген өздерінің тамаша жазушысын жанындай жақсы көреді 
әрі  орынды  мақтан  тұтады.  Отанымыз  назар  аударған  және 
еркелетуге  сараң  емес,  қырғыз  халық  жазушысын  ауыр  еңбегі 
үшін,  әрбір  аса  шыншыл  да  нұрлы  парақтары  үшін,  жүрекке 
жеткен әрбір жолдары үшін зор махаббатпен қарайды. Мұның 
бір жарқын мысалы – жерлестері бүгін жазушыны Қырғыз ССР 
Жоғарғы Советінің депутаты етіп сайлады.
Қ.Нұрмаханов
17.03.63. Радиодан оқылды».
Шашылып  барып,  қарындасы  Қазына  Нұрмаханованың 
ыж дағаттауымен  жинақталған  шағын  архивтен  осындай  қол-
жазбаның  табылғанына  да  риза  боласың.  Өйткені  бұл  ой-
лар  Қалжан  Нұрмахановтың  Айтматовтай  досының  мерейлі 
сыйлыққа  ұсынылуына  орай  жан  тәнімен  беріле,  қуана  біл-
гендігінің  куәсі.  Өйткені  бұл  толғаныстар  –  Қалжан  Нұрма-
хановтың  Айтматовтай  досына  көрсеткен  соңғы  құрметінің 
бірі.  Осынау  толғанысты  толқыта-толқыта  ақ  қағазға  өмір 
сүйгіш  құштар  бейілмен  түсірген  ақ-адал,  ақкөңіл  жанның 
ұзамай  мынау  жарық  дүниемен  қош  айтысатынын  ойлаудың 
өзі ауыр. Алайда шындық солай! Өмірге құштар бейілмен өткір 
ойлы сыншы, жазушы, драматург Қалжан Нұрмаханов ұзамай 
бүйрек сырқатынан дүниеден баз кешті.
Қалжан  Нұрмаханов  тірі  болғанда,  әсіресе  Айтматовпен 
арада қызықты шығармашылық ынтымақ толайым жеміс берер  
еді. Шыңғыс Айтматов Қалжан Нұрмахановты ойы алғыр қа-
ламгер ретінде бағалады. Шыңғыс аға Қалжан досының дүние 
салғаны туралы суық хабарды алыс сапарға шыққалы тұрғанда 
есітіп, Алматыға шұғыл жетеді. Дос қабіріне топырақ салып, 
«Қазақ  әдебиеті»  газетіне  тебіреніс  толы  қоштасу  сөзін  жа-
риялайды.  Бұл  –  қысқа  да  болса  өмірлік  дәстүрі  бар  өнегелі 
достық.
21-22 тамыз 1989 жыл,
Алматы қаласы.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет