СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



Pdf көрінісі
бет5/41
Дата28.12.2016
өлшемі2,26 Mb.
#667
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41

3. Рухани ерліктер ізімен
Уақыт  өзгермелі.  Адам  табиғаты  сонша  күрделі.  Өлшем 
ұдайы жетіліп отырмақ – заңдылық. Әлемдік әдебиет тарихы 
тәжірибесіне қарап отырсақ қызық құбылыстардың куәсі бола-
мыз. Біреу бар – өмір бойы даңқты ерттеп мініп, халық тарапы-
нан көрген құрмет, махаббат пен естіген марапат сөзден басы 
айналып өтеді. Ғажабы ол да емес. Ең ғажабы сондай бір халық 
басына  көтерген  ондай  даңқ  иелерінің  жүзін  суық  топырақ 
жапқан соң-ақ тіршілігінде тірнектеп жиған абырой-беделі ар-
зандап, даңқы бордан жасалған бюст секілді мүжіліп тоза береді, 
тоза  береді.  Ақыры  күндердің  күнінде  белгісіздік  тұманына 
батып ізім-қайым жоғалады. Демек, даңқ та өзгермелі. Демек, 
дүбірлеген даңқ та баянсыз. Айталық, ұлы ақын А.С.Пушкин 
төңірегінде  тіршілігінде  даңқы  дүбірлегені  соншалық,  қазір 
әлем  атақ-даңқына  қарап  отырған  Александр  Сергеевичтің 
өзіне көлеңке түсіріп, көлегелейтін дарындар болды. Күні ке-
шеге  дейін  келген  А.С.Пушкин  ұлы  ма,  әлде  Некрасов  ұлы 
ма  дейтін  орайсыз  салыстырулар  тіршіліктегі  атақ,  даңқтан 
өрістейтін,  туындайтын  мәселелер.  Әйтпесе  ұлы  жазушы 
А.П.Чеховты қазіргі оқырман шығармасын оқымақ түгілі, атын 
естімеген қайдағы-жайдағы бір Павленкодан төмен қойған ғой 
уақытында. Атақты Соллогуб, Лажечниковтар қайда бұл күнде? 
Демек, әдебиеттегі мәңгілік – жүзден жүйріктің емес, мыңнан 
бірдің ғана маңдайына жазылар сирек бақыт. Бұл – мәселенің 
бір қыры. Енді мәселенің екінші бір қыры және бар.
Біреу  бар,  өмір  бойы  халық  деп  атой  салып  ұрандамай-
ақ,  еңбегім  ерекше  сіңді,  маған  неге  сыйлық  бермейсің,  лавр 
жапырағын қашан жапсырасың маған демей-ақ қойдан қоңыр 
көптің  бірі  болып  қана  жүреді,  бірақ  халықтық  іспен  ғұмыр 
кешеді.  Бұл  да  ғажаптың  бір  түрі.  Құдай  берген  дарынды 
жұрт  алдында  жарқыратып  жасамай,  жасырынғандай  болып 
үн-түнсіз істеу де келісіп тұрған жоқ. Амал қанша, бұл да бір 
жұмбақ  табиғат.  Ғажабы  да  бұл  емес.  Ең  ғажабы  ғұмырды 
елеусіз  бұйығы  өткізген  адам  дүниеден  көшкеннен  соң,  аз-
кем  уақыттан  кейін  ондай  жұмбақ  жандардың  даңқы  жұртты 
қайран қалдырып өсе бастайды. Тіпті ондайлар бір халықтың 
мақтанышына, ұлттық мөріне, азаматтық арына айналатынын 
қайтерсің.  Айталық,  «Афоризмдер»  жазған  неміс  философы 
Лихтенберг.  Тіршілігінде  кісі  екен  деп  қарады  ма  екен  оған 
қатар  ғұмыр  кешкен  әріптестері?  Шығармасы  халыққа  кең 

64
65
тарамады,  қатары  мойындамады,  аяулы  философ  аштан  өлді. 
Қазір  неміс  философиясын  сөз  еткенде  ауызға  алдымен  Лих-
тенберг есімі ілінеді. Оның «Афоризмдерін» оқымайтын адам 
бар ма, қазір?! Әйтпесе, «Ақыл қалтаның /карманный оракул/ 
жазған  Балтасар  Грасианды  алайық.  Ол  өз  отандасы  Марке-
стен әлдеқайда бұрын туып, әлдеқайда кейін танылды. Және өз 
отандастарының қайсысынан да оның туындылары ұзақ жасай-
тыны күмән туғызбасқа керек.
Әлемдік  ой  тарихында  мұндай  мысалдар  көп-ақ.  Тікелей 
әдебиеттануға  келгенде  өткен  ғасырда  өмір  сүрген  Потебня, 
күні  кеше  арамыздан  кеткен  Бахтиннің  қайсысының  шекесі 
шылқыды екен даңқтан? Ешқайсысының да! Қазір әдебиеттегі 
ең өміршең теория, өнімпаз еңбек осылардікі.
Жә,  онсыз  да  соқтықпалы,  бірақ  соқпақсыз  әдебиет  әле-
міндегі  бұралаң  жолдарды  кезе  бермей,  тақырыбымызға  тура 
көшейікші, айтарымызды бұлаңдатпай тура ашық айтайықшы. 
Сап,  көңіл,  сап.  Әуелі  бір  сұрақ,  жоғарыда  айтқан  әңгімелер 
сапырма мысал болып қалмауы үшін ойланайықшы: осы бізде 
де  тіршілігінде  бағаланбаған,  бағы  жанбаған  адамдар  жоқ  па 
екен?  Бар.  Болғанда  қандай!  Басқасын  қоя  тұрып,  профессор 
Бейсембай  Кенжебайұлы  тағдырын  еске  алсақ  та  бұған  көз 
жеткіземіз.
Өз халқының жамандығын көре білмеген жақсылығын да 
парықтай білмесе керек. Өзінің терісін танымаған кісі өзгенің 
оң  ісін  бағалап  қай  оңдырады?  Біздің  азаматтар  даңқ  сүйеді, 
мансап  үшін  күйеді,  атаққа  бас  игіш,  ғылым  үшін  айтысуға 
жоқ,  жеке  басының  ісі,  мүддесі  үшін  бірін-бірі  орға  жығуға 
бар халық қой. Әсіресе, интеллигенция, әсіресе ғылыми орта, 
әсіресе  жазушылық  орта…  Ал  ондай  жерде  теңгермешілікке 
жол  берілмей  тұра  ма?  Теңгермешілікке  жол  берілген  жерде 
асыл жасымай, жасық асылға таңылмай тұра ма, сірә? Ондай 
жерде еңбегі жоғы – бар, еңбегі бары – жоқ боп көріну, біреу 
бейнетін кешу, екінші біреу зейнетін көру – қалыпты жағдайға 
айналады. Қазақ ғылымы атақты адамдарға кенде емес. Қазақ 
ғылымы қай уақытта да шын ғалымдарға кенде. Күні бүгінге 
дейін ұлттық ойдың орталыққа шықпай жатқаны, атақты ғалым 
деп танып абырой-беделінің алдында қол қусырып келген дар-
дай адамдарымыздың қуыс қурай шыға беретіні де сондықтан. 
Жә,  жә,  таусылмайық.  Одан  да  Бейсембай  Кенжебайұлы 
тағдыры  жайлы  әңгімемізді  сабақтайық.  Ол  кім?  Кім  деп 
сұрақ  қойып,  жаңадан  таныстырарлықтай  атымен  белгісіз 
адам  емес,  Бейсембай  Кенжебаев.  Белгілі  ғалымның  бірі  бо-
лып  өтті  дүниеден.  Алайда,  көбіміз  сол  «белгілі»  эпитетімен 
шектеліп  жүрміз.  Ғалымның  шын  болмысын,  шын  келбетін 
білмейміз.  Ал,  Бейсембай  Кенжебайұлы  бірінен-бірі,  бір 
кезеңінен екінші кезеңі ызғарлы, бір басшысынан екінші бас-
шысы қытымыр уақытта өмір сүріп, еңбек етті. Бірақ, ол өзінің 
көп  замандастары  секілді  уақыт  айтты  бітті,  партия  айтты 
көндім  деп  құлдық  ұра  бермей,  ұлтының  ұлы  мұратына  бой-
лап, жұртының жарқын болашағын ойлап ғұмыр кешті. Оның 
бүкіл  ғалымдығының,  қайраткерлігінің  кілті  –  ұлттық  ойлау 
жүйесінен  ажырамағандығында.  Ал  ұлттық  ойлау  жүйесі 
берік ол секілді қайраткер, ғалым, оқымыстының дені кезінде 
ұсталып,  қамалып,  атылып  кетті.  Е.Ысмайылов,  Қ.Жұмалиев, 
Қ.Мұхаметханов  сотталып  барып  ақталды.  Халық  бағына 
Б.Кенжебайұлы,  Ә.Қоңыратбаев  секілді  бірлі-жарымы  аман 
қалды.  Аман  қалды  да,  өзгелерден  кеудемсоқтанбай  ақырын 
жүріп,  аяңдап  халқына  қызмет  жасады.  Ағынмен  жүрмеді, 
ағынға қарсы жүрді. Ағымсыздыққа шақырғанда ағыммен күн 
кешті. Бұл шынайы ғалымдық табиғат.
Көрнекті ғалым, табанды әдебиетші, жұртын сүйген, сүюден 
айнымас асыл азамат Бейсембай Кенжебайұлы жөнінде, оның 
тұтас болмысын құрайтын қастерлі істері хақында өте көп айтуға 
болады. Оның халқы үшін, қатар жүрген қадірлісі үшін істеген 
әрбір  ісінен  өнеге  таратып  айтуға,  азаматтық  ойы  қалғымай 
ылғи  бір  тебіреністі  іс  тындырған  ғалым  хақында  тебіреніп, 
толқып жазуға болады. Ғұмыр болса алда атқарармыз ол істі. 
Әзірге жаңарған уақыт, жариялық талабына орай әзіз ғалымның 
бірнеше  ерлік-еңбегін  санамалап  сөйлеумен  шектелеміз.  Бұл 
аяулы адамның саяси, ғалымдық, азаматтық кіші-гірім портреті 
болса – мақсаттың орындалғаны.
бірінші ерлік, әйтпесе Абай биігі
1925 жыл, 28 тамыз. «Еңбекші қазақ» газетінің № 359 са-
нында  «Абай»  аталатын  мақала  жарық  көрді.  Жұрт  оқыды. 
Оқыды  да  жағасын  ұстады.  Сыртынан  сыбады.  Авторын 
іздеді. Авторы Бейсембай Кенжебайұлы. Москвада Күншығыс 
еңбекшілерінің Коммунистік Университетінің оқушысы. Жасы 
жиырма  бірде.  Құртып  жібергісі  келгендер  болған,  әттең  бай 

66
67
баласын халық ақыны деп қисық бағалаған қияңқы құрық жет-
пес алыста жүр екен. Адамның бәрі бір ме, тәйірі. Біреу күйінді, 
біреу сүйінді. Ең бастысы, адамның жасын емес, басын, асыл 
ойын қадірлейтін, өзі де Ахаң – Ахмет Байтұрсыновпен бірге 
қазақ халқының басы саналатын, Жақаңы аталатын, тұла бойы 
тұнған ұлттық қайраткер Міржақып Дулатов абайтануда жаңа 
пікір айтылды, жаңашыл ой беті түзелді деп жанымен қуанып, 
«Қазақ кітаптарының көрсеткіші» /Қызылорда, 1926/ атала-
тын  библиографиялық  көресткішіне  21  жасар  Бейсембайдың 
мақаласының  атын  тізіп,  «Абай  халық  ақыны.  Халықтың 
тумысындағы  кем­кетіктерін,  жайсыз  қылықтарын  жаз­
ған.  Олардан  құтылуға  жол  көрсеткен.  Абайдың  ұстаған 
жолы, көздеген мақсаты елді түземек болған. Абай ілгерішіл 
ақын» – деген пікірін көшіре жазыпты. Есесіне өлкелік партия 
комитетінің  баспасөз  бөлімін  басқаратын  Әбдірахман  Байділ-
дин  уыздай  жас  баланы  азуын  айға  білеп  тұрып  сынапты, 
білегін түрініп тұрып сыбапты. 
Ойшыл  Міржақып  Дулатов  жерден  жеті  қоян  тапқандай 
қуанатын,  сүйсінетін,  әсіре  белсенді  Әбдірахман  Байділдин  
жер ден жік шыққандай, екі құлағы тік шыққандай күйінетін-
дей не болды сонша? Жиырма бір жасар баланың қарапайым 
пікірінің біреуді күйіндіріп, біреуді сүйіндіретіндей, астарына 
ара, әлде шаян жасырынған ба? Мәселенің өзі де осында.
Ол кезде Қазақстанда Абайдың тегі, әдеби мұрасы жойқын 
әңгіме, талас болып жатқан. Турасын айтқанда басқаның емес, 
Абайдың басы дауға айналған. Шыққан тегі бай, ет жеген, қы-
мыз ішкен, қос-қостан қатын алған Абай халық ақыны бола ал-
майды деген көп білгіш. Бірен-саран Абай жайын шын білетін, 
түйсіне  түсінетіндер  әуелінде  айтысып  көріп,  белсенділердің 
бел бермесін білгендіктен уақытша бұғуға мәжбүр болып тұр-
ған кез еді ол. Сол сәтте КУТВ-ның жап-жас оқушысы өзінің 
әлгіндей, Абай жарықтықты жарыққа сүйреген, халыққа теліген 
пікірін «Еңбекші қазақ» бетінде жарқ еткізді. Жеңіс – Абайды 
шын танушылар жағына ойысып жүре берді.
Жап-жас баланың мақаласы қалайша биік дәрежеде жазыл-
ды? 
«Еңбекші қазақ» газетінің басқармасы мақаланы қалай ба-
тылы жетіп басты?
Бейсембай Кенжебайұлы туыстары мал соңына салып қой-
ған  жерден  –  Бөгеннен,  көгеннен  қашып  Тәшкеннен  бір-ақ 
шық қан  жетім  бала.  Сандалып  жүріп,  адасып  жүріп  жеткен 
жері – Тәшкент, түскен ортасы – жетім балалар. 
Алайда жетім балалар жетекшісі – жалынды Ғани Мұрат-
баев,  серіктері  –  Өтебай  Тұрманжанов,  Жүсіпбек  Арыстанов, 
Нұртас Оңдасынов, тағы басқа балалар. Жетім балалар үйінде 
кітапқұмарлыққа  тәрбиелеген  ұстаздары  –  Мәшһүр  Жүсіптің 
баласы  Әмин  Жүсіпов,  белгілі  дирижер  Тұрғыт  Оспановтың 
әкесі – Сәдуақас Оспанов. Жетім балалар үйінен сауат ашып, 
ұшып жеткен жері – КУТВ (И.В.Сталин атындағы Күншығыс 
еңбекшілері коммунистік университеті.). Ең ғажабы – бұл оқу 
орнында  қазақтың  маңдайы  жарқыраған  ұлы  лирик  ақыны 
Мағжан  Жұмабаев  әдебиет  пәнінен  сабақ  береді.  Оқушы 
балалардың жетекшісі, балағының биті бар, Тәшкентте жүрген 
кезден «Ақ жол» газетіне жаза-жаза «тілші бала» атанып қал- 
ған Бейсембайды ақын ағасы қасынан қалдырмай ерте жүреді, 
үйіне  ерте  келіп  тамақ  ішкізеді,  сұлу  жырлармен  сусындата-
ды, жассынбай жан сырын айтады, әдебиеттен көп-көп кеңес 
береді, жазғандарын оқушыларға оқытып, бірге талдайды. Ал-
дында  ғана  «Тазша  бала»  жайында  жанынан  жазған  ертегісі 
жарияланған  баспасөзде.  Енді  оқушылар  алдында  Абай 
өлеңдері  хақында  баяндама  жасады.  Баяндама  жаны  нәзік 
ұстазға да, оқушы тұстастарына да ұнады. Көпшілікке ұнаған 
соң  әлгі  ертегінің  ізімен  баяндаманы  мақалаға  айналдырып, 
Қазақстанға почтамен айдап қоя берді. Көздегені басқа басы-
лым емес, «Еңбекші қазақтың» өзі.
Бала  Бейсембай  ұзамай  жауап  хат  алды.  Қазақстаннан. 
«Еңбекші  қазақ»  газетінің  бас  редакторының  орынбасары, 
жазушы Бейімбет Майлин екен жауап жолдаған. «Мақалаңды 
алдық.  Пікірің  ұнады.  Батыл  жазу  керек  осылай.  Оқушысың 
ғой, тарығып қаласың ба деп, қаламақы есебінен елу сом ақ ­ 
ша ны  алдын  ала  жіберіп  отырмын.  Жиі  жазып  тұр.  Жаз­
ған дарыңды менің атыма жолда» – деп хат жазыпты Биағаң. 
Жа дау-жалпы жолдастары балаша қуанды. Мақала қаламақы - 
сына Өтебай, Жүсіпбек үшеуі барып бірсыпыра киінді. Ептеп 
сыра ұрттады. Қалғанын ауылдағы аш-жалаңаш ағасына жол-
дады.  Кейін  білсе  ағасы  іні  қаражатына  бір  бие  сатып  алған 
екен.
Бейімбет  Майлин  мақалаға  неге  ықыласты?  Шамасы, 
жүйрік  дарын  белсенділердің  Абай  ақынды  нақақ  күйдіріп 
жатқанын біледі. Білгенін жазып жіберейін десе табиғатынан 

68
69
айтысқа жоқ. Содан барып тың ойлы мақалаға жанымен қуанды. 
Оның  үстіне  жас  талант  көрсе  жан-тәнімен  құлай  берілетін, 
қамқор қолын созатын әдеті. Міне, осылай оқушы Бейсембай 
Кенжебайұлының  Абай  жайлы  жазған  мақаласы  суретімен 
«Еңбекші қазақ» газетінің екі нөмірінде жарық көрді. 
Араға  уақыт  салып  барып,  бүгінгі  күн  биігінен  қарап 
сараптайықшы, Бейсекеңнің ол мақаласының ой-дәрежесі, жа-
зылу мәдениеті қай дәрежеде?
Алдымен  ашып  айтар  бір  мәселе  –  Ахмет  Байтұрсынов, 
Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұбановтың 
қай-қайсысы  да  ірі-ірі  абайтанушылар.  Қай-қайсысы  да  Абай 
хақында  қызықты-қызықты  мақалалар  жазған.  Ал  құдай-
шылығын айтсақ, жиырма бір жасар оқушы Бейсембай Кенже-
бай ұлының  мақаласы,  бір  тобы  –  Абай  бай  текті  ақын  деп 
іштартып,  бір  тобы  –  Абай  бай  текті  ақын  деп  сыртқа  теуіп 
шат-шәлекей  болып  жатқанда,  «халық  ақыны»  деген  салауат-
ты  қағида-концепциясымен  абайтануды  жаңалап  кетті.  Сын-
шы  бақыты  осында,  мақала  жұлдызының  жарық  болу  сыры 
осында. Ал, Бейсекеңнің мұндай көсем пікірге қол жеткізуінің 
сыры  –  алдымен  талант  табиғаты,  содан  кейін  Тәшкенттен 
басталған кісілік, ізгілік мектебі Мәскеуге дейін жалғасып жа-
тыр. Бейсекең ол жылдары ұстазы Мағжан Жұмабаев арқылы 
орыстың  әлі  жойылып  үлгірмеген  текті  ортасымен,  атақты 
ақын-жазушыларымен  араласып  үлгірген  еді  ғой…  Міне, 
мәселе қайда жатыр?! 
Бәлкім,  1945  жылы  ұлы  Мұхтар  Әуезовтің  Абай  хақында 
орысша-қазақша кітап жазуға өзгені емес, Бейсекеңді тартуын-
да, оның осы еңбегін сүйіп бағалағандық, ұлы ақын жөніндегі 
пікірін сыйлағандықтан да шығар. Ол мәселе хақында кейін… 
Әзірге  сөздің  қыл-қысқасы  жиырма  бір  жастағы  Бейсембай 
Кенжебаев  әдебиет  есігін  жұртты  таң  қалдырған  еңбегімен 
ашқан. Бұл – Бейсекеңнің ырым алды рухани ерлігі еді.
…Бейсекең уыз шағында бетін ашқан бұл тақырыпқа кейін 
әлденеше  рет  қайта  оралып,  қалам  тартты.  1945  жылы  ұлы 
абайтанушы  Мұхтар  Әуезовпен  бірге  қазақ-орыс  тілдерінде, 
1954  жылы  Абайдың  қара  сөздері,  1955  жылы  ұлы  ақынның 
өлең  құрылысы  хақында  қалам  тербеп,  абайтануға  өзіндік 
үлес қосты. Бір тақырыпқа әркез дүркін-дүркін оралу арқылы 
ғалым «өзінің Абайын» сомдады… Ол өз алдына дербес әңгіме 
еншісі…
Ар алдындағы тайталас, немесе екінші ерлік
Абай  жайлы  жиырмасыншы  жылдардағы  полемика 
әдебиетті тапқа қарай бағалаудың кесапатының басы болатын. 
Сол бағдар ҚазАПП арқылы тіпті күшейе түсті. Нәтижесінде 
екі жарылып айтысып, араб алфавитінен ай-күннің аманында 
айрылып,  халықтың  ғасырлар  бойы  жиған  рухани  қазынасын 
архивке  атып  тынды  қазақ  интеллигенциясы.  Әрине,  нұсқау 
жоғарыдан, орындаушы өз арамыздан. Мұнымен де тынбады, 
енді қазақ оқығандарын қудалау, жала жабу басталды. Халықты 
«кіші Октябрьмен» қинады. Ұлттық ары, асыл қазынасы тілге 
қауіп төндірді. Бұл – жиырмасыншы жылдары. Бұл – отызын-
шы жылдардың басы. Бейсембай Кенжебайұлы бұл жылдары 
алдымен  «Лениншіл  жас»  газетінің  редакторы  міндеттерін 
атқарған.  Отызыншы  жылдары  «Оңтүстік  Қазақстан»  газеті-
нің  редакторы.  Міне,  осы  тұста  «Социалды  Қазақстан»  /«Со-
циалистік  Қазақстан»/  газеті  бетінде  1932-1933  жылдары  ұлт 
тілдері хақында бірсыпыра уақыт полемика жүреді. Оған Қа-
йып назарұлы, Басымұлы, Аманжолұлы қатысады. Тілші ғалым 
болмаса  да  Бейсекең  1933  жылы  тіл  тағдыры  саудаға  түсіп 
жатқанда жанұшырып айтыскер мақала жазып, өз ой-пікірлерін 
айтады.  Және  бір  дүркін  емес,  екі  дүркін  оралыпты  ол  бұл 
мәселеге.  «Қазақ  тілі  туралы»,  «Тағы  да  қазақ  тілі  туралы» 
аталатын  бұл  бірін-бірі  байытатын  қос  мақала  өзінің  мазмұн 
байлығымен, мәселені өткір де дұрыс қоюымен күні бүгін де 
құнды деп білеміз.
Бейсекең мақаласының сапа-салмағын жете пайымдау үшін 
аға газет бетінде жүргізілген ол полемиканың нендей полемика 
екенін түсініп алуымыз керек.
Жалпы ұлт тілінің тағдыры кеңес өкіметі орнаған күннен 
бастап  мәселе  ретінде  көтерілген  де,  сонан  күн  тәртібінен 
түскен емес. Тарих парағына айналып үлгерген көне баспасөз 
беттерін  аударыстырған  кісінің  бұған  көзі  анық  жетеді.  Ал 
баспасөз бетінде  ана  тілінің  атынан  сөз  алып  сөйлеушілер  өз 
пікірімен ұлт тілінің беделіне бедел қосып мерейін көтерді ме, 
болмаса басымшылық саясатқа құл болып ана тілінің абырой-
беделін  түсірді  ме,  ол  өз  алдына  бір  мәселе.  Уақыт  өте  келе 
олардың  пікірі  тарих  таразысымен  безбенделеді.  Бір  ғажабы 
ана тілін зерттеп нан жеген, атақ-абыройға қолы жеткен айтулы 
адамдардың өзі саясат құрығына түсіп, ана тілі жайында арзан 
сөз  айтып,  туған  тіл  тағдырын  аяқасты етіп  алған  сәттер  жиі 

70
71
ол  жылдары.  Керісінше  өзгелердей  ұрандамай  қатардағы  көп 
қоңырдың  бірі  болып  жүрген  кейбір  қарапайым  жандар  ана 
тілінің  –  қазақ  тілінің  тағдырына  қауіп-қатер  үйірілген  сын 
сәтте шешініп сөйлеп шынайы перзенттік болмысын көрсетеді 
екен. Демек, ана тілінің патриоты болып көріну мен ана тілінің 
перзенті болып сезіну арасында жер мен көктей айырмашылық 
бар  екен.  Бұл  мәселеде  тіршілігінде  бейнетін  біреу  кешіп, 
зейнетін біреу тату, тіл заңдылығынан ғылым жасап қызығын 
біреу  көргенімен,  қиындығын  біреу  кешу  ғалымдар  арасын-
да  күні  бүгінге  дейін  көбірек  кездескен  жағымсыз  құбылыс. 
Қалай  десек  те  жалған  жалтырау  мен  барымен  жарқырау 
арасын  тарих-таразы  безбендейді.  Осындай  сын  сәтте  мерейі 
үстем  болуға  тиісті  жанның  бірі  тағы  да  аяулы  ғалым,  қазақ 
әдебиеті тарихын зерттеу мектебін қалыптастырған профессор 
Бейсембай  Кенжебайұлы.  Бейсекеңнің  әдебиет  тарихымен 
бірге қазақ тілінің тағдыры жөнінде де әр кезде жазған поле-
микалық мақалалары, ойлы пайымдаулары мол. Олардың кей-
бірі,  жоғарыда  көрсеткеніміздей,  кезінде  мерзімді  баспасөз 
бетінде жарық көрген, енді бірсыпырасы күнделік дәптерінде 
сақталып  келеді.  Бір  ғажабы  –  кезінде  жарияланғанының  өзі 
бүгін жаңғырып қайта сөйлеуге сұранып тұрады. Бұл – ғалым 
мақаласының  өрелілігі,  қазақ  тілі  жайлы  концепциясының 
мұғдарлылығын, тиянақтылығын көрсетеді. Сонымен бірге ке-
зінде жарияланған ол мақалалардан ұлт тіліне қай уақытта да 
шеттету,  тұқырту  жүргізіліп  келгенін  пайымдаймыз.  Ғалым- 
ның  осындай  жазбаларының  басында  отызыншы  жылдары 
жазылып  “Социалды  Қазақстанда”  жарияланған  “Қазақ  тілі 
туралы”,  “Тағы  да  қазақ  тілі  туралы”  аталатын  полемикалық 
мақалалары  тұр.  Бұл  –  Бейсекеңнің  кезекті  бір  рухани  ерлігі 
саналуға тиісті мақаласы. Қандай қасиеттерімен? 
Айталық,  алғашқы  «Қазақ  тілі  туралы»  аталатын  мақа-
ласы  Мұстафа  Қайыпназарұлының  «Қазақ  тілін  өркен детуге 
басшылық  күшейтілсін»  деген  мақаласына  қарсы  жазы лып-
ты.  Тақырыбы  әп-әдемі  мақалаға  ғалым  неге  қарсы?  Мә-
селе  мақаланың  мазмұнында.  Мақаласында  Мұстафа  Қайып-
назарұлы:  «Социализм  бүтін  жер  жүзінде  жеңіп,  әбден  ор­
нығып, қалыптасып кеткен уақытта ұлт тілдері аяқсып, бір 
ортақ  тілге  айналып  кетуі  сөзсіз»  деген  Сталин  нұсқауын 
жүзеге асыра беру бағытын ұстауымыз керек. Шет тілдерді 
үйренуді күшейту керек. Әсіресе орыс тілін үйренуге ерекше 
зер  салу  қажет;  жалпы  пролетариат  мәдениетіне  жетуде 
бұл  тілдің  көп  себебі  тиеді»  –  деп  жазыпты.  Иә,  мақаланың 
тақырыбы басқа да, мазмұны басқа. Осыны тап басып айтқан, 
қатты сынаған адам – Бейсембай Кенжебайұлы. 
Ол  «…Мұстафа  жолдас  мақаласында  не  қазақ  тілін 
өркендету  туралы,  не  қазақ  тілін  өркендетуге  басшы лықты 
күшейту  туралы  ешбір  сапалы  пікір  айтпаған,  сара  жол 
көрсетпеген. Оның орнына өзі сезсін, сезбесін, бір жерде бас 
десе, екінші жерде құлақ деген, құр сапы рушылыққа салынған», 
–  деп  қатты  тойтарыс  беріпті.  Мұс тафа  Қайыпназарұлының 
әлгіндей  солақай  пікірлерін  алға  тарта  отырып:  «Мұның 
мәнісі  не  болады?  Мұның  мәнісі  солақайланғандық  болады. 
Мұстафаның  бұл  солшыл  пікірі  ұлы  орысшылдардың  отына 
май құяды. Өте зиянды пікір.
Ұлы  орысшылдар  социализм  болғанда  барлық  ұлт  бірігіп 
кетеді. Олардың тілдері де бір болады – жалпы тіл болады. 
Олай  болса,  ұлт  айырмасын  жоғалтатын  мезгіл  жетті; 
бұрынғы езілген ұлттар мәдениетінің өркендеуіне жәрдем беру 
саясатынан бас тартатын мезгіл жетті дейді”, – деп зиянды 
пікірдің  әлеуметтік  астарын  терең  қазып  жете  әшкерелейді. 
Ойлап қарайықшы, осы толымды да, толғақты ойлар әлі жасы 
отызға жетпеген жас жігіттің ойлары. 
Ұлт тілі мәселесінің қойылуының қауіптілігі, оған тойта рыс 
берген  Бейсекең  мақаласының  қызықтылығы,  оттылығы  сон-
дай,  одан  әрі  оқи  бергің  келеді.  Өйткені  мақалада  отызыншы 
жылдардағы  қазақ  интеллигенциясының  ұлт  тілінің  түбіне 
жететін, қадірін кетіретін тексіз, қасиетсіз бейтарап мінездері 
әдемі берілген. Жазушы – М.Қайыпназарұлының сондай мұрт-
мерез,  бейжай,  өзімшіл  нигилист  интеллигенцияның  ортақ 
пікіріндей күйіне сөйлейді.
«Тағы  да  айтамыз,  Мұстафа  жолдас  Ленин  пікірін  тү­
сінбепті.  Ұлы  орысшылдардың  Ленин  пікірін  бұрма ла ғаны 
сияқты,  Ленин  пікірлерін  бұрмалапты.  Қазақ  тілі нің  қам­
қоршы  кісісі  сияқты  «қазақ  тілін  өркендетуге  басшылық 
күшейсін» деп сөз бастаса да, ақырында қазақ тілін құртуға 
қам істепті, асығыпты.
Жасырар  сыр  жоқ,  Мұстафа  жақсы  біледі,  осы  күнгі 
қазақ  оқығандарының,  оның  ішінде  басты  коммунистердің 
біразы – қазақ тілінің қажеті жоқ дейді; қазақ тілін елемейді, 
менсінбейді.  Қазақтың  әдебиетін  –  газетін,  журналын  оқы­
майды. Мұстафа қазақ тілінің шын қамқоршысы болса, қазақ 
оқығандары арасындағы осы сияқты зиянды пікірді ашуы керек 

72
73
еді. Қазақ еңбекшілері жұртшылығын осыған қарсы күресуге 
үндеу  керек  еді;  мақаласында  Мұстафа  бұл  туралы  Ленин 
ғылымдарын бұрмалап, қазақ тілінің қажеті жоқ, оны жоюға 
осы бастан қам істеу керек деп ұлы орысшылдыққа салынып, 
ұлы орысшылдар отына май құйып жүргендердің бірі екенін 
көрсетеді», – деп ашына жазыпты Бейсекең мақаласының және 
бір жерінде.
Мақаланы оқып отырып, апыр-ау, бұл тұп-тура бүгінгі мәң - 
гүрттенген  қазақ  интеллигенциясы  хақында  бұлжытпай  ай-
тылған сөз ғой деп ойлайсың. Арада алпыс жылға жуық уақыт 
жатыр.  Ал  ана  тіліне  немқұрайдылық  арта  түскен.  Мақа ла 
авторының  батыл  да,  көреген  пікіріне  қайран  қаласың.  Қай 
уақытта  да  ұлт  –  интеллигенциясынан  шіріп,  интел ли ген ция-
сының  мықтылығынан  ғана  өркендейді  екен-ау  деп  түйе сің. 
Қазақ жұртының бүгінгі, болашақтағы тағдыры да осы ұлттың 
басшы интеллигент кадрларына тікелей тәуелді екен-ау…
Бейсекең  ұлттық  нигилистерді  сынап  қана  қоймайды,  ана 
тілін  олардың  май  басқан  миы  мен  жүрегінен,  тіпті  қанды 
шеңгелінен  қалай  арашалау  керектігін  де  айтады.  Мына  бір 
пікір соның куәсі: 
«Қазақ тілінің қажеті жоқ, оны жоюға осы бастан қам 
істеуіміз  керек  деу  барып  тұрған  ұлы  орысшылдық,  про­
летариат үстемдігінің мүддесіне қайшы келетін керта ртпа­
шылдық.  Қазақ  тілін  өсіруіміз  керек.  Сол  арқылы  қазақтың 
қара бұқарасын мәдениетке жетілдіруіміз керек.
Біз қазақ тілін өркендетеміз, өсіреміз, сол арқылы қазақ­ 
тың қалың бұқарасын мәдениетке жетілдіреміз десек, алды­ 
мен  қазақ  тілінің  “қамқоршысы”  Мұстафаға,  қазақ  тілінің 
қажеті  жоқ,  оны  жоюға  осы  бастан  қам  істеу  керек  деп 
жүргендерге, ұлы орысшылдарға қарсы большевикше күресуіміз 
керек».
Жап-жас  журналист  жігіттің  мақаласын  қайыра  оқып 
отырып, тағы да бұл жайлардың бәрі тап бүгін арамызда бар 
құбылыс қой, тап бүгін ана тілінің атынан жүзеге асырылуға 
тиісті мәселелер ғой мұның бәрі деп ойлайсың. Ана тілін дамы-
ту жөнінде күні кешеге дейін Бейсекең айтқан көріністен қара 
үзіп алыстап кете алмағанымызға ішің удай ашиды.
Тағы да Бейсекең жазады: «Қазақ тілін байытамыз деп оған 
шет  елдердің  керекті­керексіз,  маңызды­маңызсыз  сөздерін 
кірістіре  бермеуіміз  керек.  Қазақ  тілін  шұбарламауымыз 
керек.  Шет  елдердің  лажсыз  алынатын  сөздерінің  мүмкін 
болғандарын  бұзбай  іздестіріп  алуымыз,  сингармонизм  заңы­ 
мен  алуымыз  керек.  Сонда  ғана  қазақ  тілі  жеңіл  болады. 
Қазақтың қалың қара бұқарасына түсінікті болады».
Міне, қадірлі Бейсекең, ана тілінің бағасын арзандатқысы 
келген Мұстафа Қайыпназарұлының мақаласына тойтарыс бе- 
ру  мақсатында  жазған  «Қазақ  тілі  туралы»  аталатын  мақа-
ласының айтары, мән-маңызы. Бір қайран қалатыны – әлі күнге 
осы  мақалада  айтылған  жайлар  күн  тәртібінен  түспеген.  Бір 
қайран қалатыны – осы мақаласын жазып, жариялағанда Бей-
сембай Кенжебаев 29 жаста ғана, ал біздің қазіргі 30 жасар жа-
старымыз ана тіліне жанашыр болып, осындай орда бұзар жа-
лынды, ақылды сөз айтып, дауылды мінез көрсетуге дайын ба 
екен? Әй, қайдам… 
Ә, айтқандай, Бейсекең мақала жазды, ал сонда ол жеңіске 
жетті ме? Ана тілінің мерейі үстем болып, мәртебесі артты ма? 
Бұл  сұрауға  жауап  беру  үшін  «Социалды  Қазақстан»  бе-
тіндегі  жоғарыда  аталған  тіл  тағдыры  туралы  айтыстың  алға 
барысы, немен аяқталғанына зер салуымыз керек.
Қазақ тілі жайлы айтысқа Бейсекеңнен кейін сол кездің өзін-
де белгілі ғалым атанып үлгірген Сәрсен Аманжолов, Басым - 
ұлы  жолдастар  қатысыпты.  Олар  ана  тілін  ары  санаған  жас 
жігітке дүрсе қоя беріп ұрсыпты. Нақты айтқанда, Сәрсен Аман-
жолов: «Ескі тіл білімінің негіздерімен таныспаған Мұстафа 
мен  Бейсембай  олардың  қандай  зиянкестік  жасағанын  да, 
қандай  қисынмен  қазір  де  зиян  істеп  отырғанын  сезбе­
се  керек.  Бейсембай  мен  Мұстафаның  жазғаны,  ұсынғаны 
төңкерісшілдікке төнбеген, «тәжірибелері қисынсыз, ақы мақ, 
төңкерісшілдердің  бағытсыз,  тәжірибесіз,  ойлаусыз  соқыр 
қисындары /Сталин/» – деп келемеждей жазыпты.
Ал Басымұлы болса:
«…Бейсембайдың мақаласы байшыл, ұлтшылдардың бат­
пағына былғанудан сау емес… Алашордашыл ұлт шыл дар бұ­
рынғы  ақсақалдықты  капитал  қоғамына  қолдануға  қолын 
жеткізу  үшін,  біздің  тіліміз  жас.  Оны  бағу­қағу  керек…» 
дейтін. Олардың арманы қазақтың тап мүддесін орындау бо­
латын.  Біздің  Бейсембай  өзі  сезсін,  сезбесін  солардың  ізімен 
кетіп отыр», – деп жазыпты. Ол кезде қарсыласын оңай да же-
дел жолымен ұлтшылдық жарғысын тағып қоя беріпті.
Оппоненттерінің  не  тұрлауы,  не  байлауы  жоқ  пікірлеріне 
Бейсекең  қалай  қарады?  Ол  қолма-қол  «Тағы  да  қазақ  тілі 
туралы»  аталатын  айтыскер  мақаласын  жазып,  «Социалды 

74
75
Қазақстан» бетінде жариялатты. Өзінің оппоненттері хақында 
айта  келіп  «Қысқасы  мені  ойсыз,  мыйсыз,  ақымақ  та  деді; 
байшыл­ұлтшыл, пантүрікшіл, үнді европашыл да деді. Маған 
жаппаған айыптары қалмады.
Жасыратын сыр жоқ, мен Аманжолұлы, Басымұлы жол­
дастар  сияқты  тіл  профессоры,  тіл  маманы  емеспін.  Қазақ 
тілі туралы мақала жазғанда мен тіл ғылымын соңына түсіп 
тексеріп, білімім тасып, мамандығым ұстап жазған жоқпын. 
Ол мақаланы мен «Қазақ сөздерінің әрі феодалдық сөз, бүгінгі 
социалдық  заманға  қолайсыз,  керексіз  сөз»,  «Қазақ  тілін 
жоюға  осы  бастан  дайындалуымыз  керек»,  «Шет  тілдерді 
талғамай,  ала  беруіміз  керек…»  деп  солшылдыққа  салынып, 
партияның жалпы мәдениет, оның ішінде тіл жөніндегі саяса­
тын, нұсқауларын бұрмалауға төзе алмай жаздым, қазақ тілі 
жөніндегі  «оңшылдық»,  «сол шылдыққа»,  ұлы  орысшылдыққа 
қарсы жаздым. Көріп, біліп отырған соң бұларға қарсы күресу 
міндетім деп, коммунистік міндетім деп жаздым» – деп той-
тарыс береді.
Бұрынғы  сынның  үстіне  Ахметұлы  деген  жолдастың 
мақаласын қоса сынапты. Сынай келіп қазақ тілінің тарихи бол-
мысы,  тазалығы  жөнінде  Радлов,  Сағди  еңбектеріне  сүйеніп, 
пікірін тереңдете толғапты. Ол пікірлер мынадай:
«Басқа түрік елдерінің тілдеріне қарағанда, қазақ тілі бай, 
таза,  шебер.  көркем…  Қазақ  тілі  исламның  зиянды  әсерінен 
аман  қалды.  Өзінің  бұрынғы  таза  түріктік  жаратылысын 
сақтады.» /В.Радлов./
«…таза  қазақ  тілі,  таза  халықтық  әдебиетіміздің  шын 
түрлері қазақтарда болуында шүбә жоқ.
Түрлі  өсімдіктердің  нағыз  тіліміздегі  аттары  дейсіз  бе, 
батырлар,  қаһармандар  жөніндегі  табиғи  сурет  дастандар 
дейсіз  бе,  терең  мағыналы  халық  мақалдары,  жұмбақтар, 
жырлар, тақпақтар дейсіз бе, бәрін де бір ғана қазақ тілінен 
табу мүмкін». /Ғ.Сағди./
Міне,  осындай  көреген  пікірлерді  алға  тарта  отырып 
Бейсекең  қазақтың  нағыз,  бай,  байырғы  тілдік  қорын  бойын-
да  сақтаған  бай  ауыз  әдебиетінің  өз  дәрежесінде  зерттелмей 
отырғанын  өкініш  ете  айтады.  Қазақ  тілін  өркендету  үшін 
әсіресе  екі  шара  керек  деп  біледі.  Олар:  «1.  Қазақтың  тіл 
байлығын,  сөз  қорын  пайдалануымыз,  іске  асыруымыз  ке­
рек.  Ол  үшін  ауыз  әдебиетімізді  жинауымыз,  зерттеуіміз, 
халық сөздерінің сөздігін жасауымыз керек. 2. Шет сөздерді, 
қазақтың  өзінде  жоқ,  жер  жүзіне  ортақ  сөздерді  іріктеп 
алуымыз, пайдалануымыз керек. Ол үшін орыс­қазақ словарын 
шығаруымыз керек» /«Социалды Қазақстан», № 187, 15 тамыз, 
1933 жыл/ – деп ойын түйіндейді. 
Бір-бірімен сабақтас қос мақала да ұлт тілінің тағдырына 
төніп келе жатқан қауіпті терең сезе отырып, оны қорғаудың, 
сақтаудың  жолы  –  өз  ана  тілімізге  немқұрайды  қарамай,  оны 
аса ыждағаттылықпен дамыту екенін басын бәйгеге тіге оты-
рып, қызына айтудың үлгісі.
Қайта құру процесіне байланысты ұлт тілінің мемлекеттік 
тіл  статусын  алуы  күн  тәртібіне  көтеріліп  қана  қойған  жоқ, 
әуел баста мемлекеттік тіл функциясын дұрыс атқарып, орнын-
да  мығым  тұрған  тілді  тұрған  орнында  мызғытып,  қоғамдық 
рөлінен сырғытып жіберуге септескен аяр жандар да талқыға 
бүгін  бірге  түсуге  тиісті.  Осы  жайларды  ойлағанда  емеурін 
жоғарыдан  болғанымен  алдына  түсіп  емпеңдеген,  уақытша, 
теріс  саясаттың  құлына  айналып  анамыз  –  ана  тіліне  қиянат 
жасаған, ана тілімізге ауыр сөз айтып анамызға қол көтергендей 
болған  өзіміз  екен.  Атақ-дәреже  не  істетпейді?  Атақ-дәреже 
атымен оянып келе жатқан ұлттық санамыздың өзін тұмшалап, 
қылғындыра  бағындырып  тұншықтырыппыз.  Бүгіндері  ұлт 
тілінің ұлттық дербестігі, республикаларда мемлекеттік тіл бо-
луы Ай мен Күндей ақиқат бола тұра дауға айналуы, ана тілін 
өркендетудің Заң қабылдаудан өзге шешімді істерінің өте баяу 
жүргізілуі  де  сол  өзіміз  қолдан  қылғындырып  өлімші  еткен 
ұлттық сананың қайта жандана алмай жатуынан болса керек.
Бейсембай  Кенжебайұлының  тіл  жайлы  толғаныстарын 
оқыған  оқушы  бір  жайды  айқын  пайымдайды.  Ол  жергілікті 
халықтың,  ұлт  тілінің  тарихы  үш  дүркін  айрықша  қоғамдық 
мәселе  ретінде  көтерілді.  Алғаш  рет  –  отызыншы  жылда-
ры,  екінші  рет  –  елуінші  жылдардың  аяғы  мен  алпысыншы 
жылдардың  басында,  үшінші  рет  –  сексенінші  жылдардың 
аяғында, яғни бүгінгі күндері.
Біздің байқауымызша, ұлт тілдері жөніндегі лениндік нор-
малар  әлі  күрт  бұрмаланып  үлгірмеген  отызыншы  жылдары 
ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі правосы әлі ашық дауға 
айналмаған.  Ресми  іс-қағаздар  жергілікті  ұлт  тілін  үйренуге, 
білуге тиісті деген шешім әлі шешіндірілмеген секілді. Сөйте 
тұра  «Социалды  Қазақстан»  бетінде  жүргізілген  полемикаға 
қарағанда,  жергілікті  ұлт  тілінің  мемлекеттік  хұқы  жөніндегі 

76
77
принциптер  сол  ұлттың  мансапты  халық  тағдырынан  артық 
көретін, жоғары қоятын нигилист-мансапқор өкілдері қолымен 
бұрмалана бастағанын байқаймыз. Бұл – ұлт тілінің мемлекет - 
тік правосына жасалған алғашқы шабуыл еді. «Қазақ тілі ту­
ралы»,  «Тағы  да  қазақ  тілі  туралы»  аталатын  өзара  өзектес, 
сабақтас  мақалалар  сол  кезде  отызға  толмаған  жап-жас  қара-
пайым  журналист,  «Оңтүстік  Қазақстан»  газетінің  редакто-
ры  Бейсембай  Кенжебайұлының  сондай  ұлт  нигилистеріне, 
нигилистік  әсіре  орысшылдық  көзқарасқа  қаһарлы  үні,  жаны 
шырылдап  жазған  мақаласы.  Қазақ  халқын  аштық  қаумалап, 
есін  алып  жатқанда  кейбір  ұлт  нигилистерінің  теріс  саясат 
құрбанына  айналып,  ұлт  тілінің  тағдырына  зиянды  мақала 
жазғанына қорланасыз. Халқын аштық қинап, қынадай қырса 
да  «орнында  бар  оңалар»  деген  үмітпен,  көзі  қарауытып 
жүріп, сол ұлттың ең аяулысы – ана тілін қорғап Бейсекеңдей 
қаламгердің  жан  ұшырып  тойтарыс  мақаласын  жазғанына 
қуанасың. Ол кезеңде ондай мақала жазу – белгілі дәрежеде өз 
басын  бәйгеге  тігу  болып  табылатын.  Өз  амандығын,  мансап 
амандығын күйттемей тәуекелмен тас жұтып әлгіндей мақала 
жазу ерлік емей немене? Иә, Бейсембай Кенжебайұлы ұзамай 
облыстық газет редакторлығынан босатылды. Бірақ, ел аузын-
да, аға газет бетінде оның ерлікке пара-пар ісі қалды…
Ол  мақалалар  қазақ  тілі  мемлекеттік  статус  алған  кезде 
барға  малданып,  заңға  алданып  қол  қусырып  қарап  отырмай, 
оның ән-әуезін, ырғағын, қолдану аясын қалпына келтіру үшін 
бүгін саналы, табанды әрекетке шақырады…
Тіл хақында әңгімеледік қой. Кейін көрнекті ғалым болып 
өткен Бейсекеңнің тіл тағдыры хақында жазғандары аталмыш 
екі мақаламен шектелмейді. Архивінде әр алуан мақала, эссе, 
мөлтек-мөлтек ойлары мол. Онда ғалым ұлттың тіл проблема-
сын комплексті қарастырады. Әрі ұлт тілі жөнінде орталықтың 
әр  кез  жүргізген  саясатына  ілесе  жазып,  дер  кезінде  өзінің 
пікірін қойын кітабына түсіріп отырады.
Жандайшап, жансебіл «қайраткерлерге» қол артқан кезең- 
дік  саясат  ұлт  тілінің  абырой-беделін  төмендету,  қолданылу  
аясын  тарылту  саясатын  елуінші  жылдардың  аяғына  дейін 
үздіксіз, жүйелі жүргізіп келгені мәлім. Елуінші жылдары біз-
дің  республикамызда  қос  тілділік  жөнінде  ресми  қаулы  қа-
былданады. Ғалымның екінші бір эссесінде ана тілі тағдырын 
қостілділік  формулировкасында  астарлап  айтуға  тырысады. 
Бірақ қостіл діліктің қазақ тілін сақтауға сеп, қорғауға қорған, 
өсіруге  пана  болмағанын,  халық  үмітінің  әлгі  қаулы  арқылы 
ақталмағанын, қайта алданып қалғанын байқаймыз. Ғалымның 
тіл тағдыры жайлы мөлтек жазбалары мол. Олардың айтары да 
салмақты. Ол жазбаларды алда ұсынармыз газетке. Қазақ тілі 
тағдырының қанша рет саудаға түскенін, қанша рет жазым бола 
жаздағанын, сондай сәтте жанын жеген мансап иелерінің (тілші 
ғалым дардың) қалай сөйлегенін, жұртының қамын жеген арлы 
аза маттардың  қалай  табан  тіреп  күрескенін  көрерміз,  талай 
ынтық та, ащы ойларға куә болармыз ол жазбалардан. Әзірге 
елім деп еңіреп өткен аяулы ғалымның ана тілінің тағдырына 
ара түскен, жазылу мерзімі жөнінен алда тұрған полемикалық 
қос мақаласын әңгімелеумен шектелеміз. Қыл-қысқасы, бұл та-
банды ғалымның рухани екінші ерлігі…

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет