Семинар сабақтың тақырыбы : Ерін үндестігінің таңбаланбау уәждері Негізгі сұрақтар, тапсырмалар: Қазақ тіліндегі үндесім заңы мен екпіннің қызметі қандай?



бет1/2
Дата31.12.2021
өлшемі20,85 Kb.
#21161
түріСеминар
  1   2

6 семинар сабақтың тақырыбы: Ерін үндестігінің таңбаланбау уәждері

Негізгі сұрақтар, тапсырмалар:

1.Қазақ тіліндегі үндесім заңы мен екпіннің қызметі қандай?

2.Үндесім заңының 30-80ж. түсіндірілуі мен қазіргі түсіндірілуінің арасында қандай айырма бар?

3.Жалпы тіл білімінде үндесім заңы қалай танылады?

4.Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасында ерін үндестігінің нешінші буынға дейін айтылады?

5.Қазақ жазуында ерін үндестігін таңбаламау қай жазудан басталады?

6.Қазақ жазуында ерін үндестігінің таңбаламаудың қандай себептері бар?

Қазақ тіліндегі үндестік заңының жазуда көрініс тапқан түрі-сөз дыбыстарының басын құрап,құрсау болып ұстап тұратын сингармонизмнің негізгі қасиеті - негізінен тіл үндестігіне қатысты айтылады. Бір сөз дыбыстарының үнемі жуан немесе жіңішке болып келуі және қосымшаның түбір немесе түбірдің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғануы қазіргі қазақ жазуының негізін құрайды. Кириллицеге негізделген қазақ графикасының қабылдануымен тіліміздің осы ерекшелігін толық танытатын дауысты дыбыс әріптері жеткілікті түрде алынды:әр жуан дауысты мен әр жіңішке дауысты дыбыстың әріп таңбалары бар. Графикамыздағы бұл ерекшелік жалпы қазіргі қазақ жазуының жетістігі болып,басқа түркі халықтарына үлгі етілгені рас.

Проф.Ә.Жүнісбектің қазақ тілінде тіл үндестігіне қатар ерін үндестігі де жетекші қызметте деп анықтауына байланысты ерін үндестігінің де таңбалануы керек дейтін пікірлер айтылып келе жатыр (Ә.Жүнісбек, С.Мырзабеков, С.Омарбеков).Проф. С.Мырзабеков ата-бабамыздың тілінде ерін үндестігінің екінші,үшінші буынға дейін, тіпті сөз соңына дейін әлсіремей бірқалыпты сақталғанына дәлел болатын мысалдар Н.Ильминский, В.В.Радлов, Алекторов, П.Мелиоранский т.б зерттеушілердің еңбегінен табылатынын айтады. Мысалы, бүгөлек, бүлдүргөн, түгөндө, үрүптөс, бұлдұрұқ, күңкүлдө,жауұн, дауұл және т.б. Сондай-ақ қара бұйдай сөзін де кездестіреді.Алайда автор бұларда берік жүйе жоқ, бөпе,бөрі,бөле,өрле, өркеш, бөтен, өзен, өзек, өкпе деген сөздерде ерін дауыстылар бас буыннан ары бармағанын мойындайды, зерттеушілердің тіл үндестігіне мән беріп, ерін үндестігі кейін пайда болған деп мәнін төмендеткенін айтады.

Сөйтіп, ерін үндестігі қосалқы қызметте қалып, Х.Досмұхаметұлының сингармонизмді тек таңдайлық әуезді заң деп анықтауына әкеледі. Себебі «дыбыстарды жуандатып,жіңішкертуде таңдай еңбек сіңіреді..... бұрын сөзімізде еріндік дыбыстардың үндестігі күшті болған..... соңғы кезде бұл еріндік үндестік заң өзінің айтылысынан өзгеріп, айни бастайды».

ХХ ғ. басында лабиал сингармонизмнің осы сипатта анықталуы жазу жүйесінде тек тіл үндестігінің таңбалануына апарды.Бұл кодификацияның өзіндік уәждері жоқ емес.

Біріншіден, қазақ орфографиясының алғашқы кезеңі (ХХ ғ.басы) - фонетикалық принципті басшылыққка алды (Бұл жағдай көптеген тілдердің өтпелі дәуіріне тән). Ультрафонетик (Қ.Жұбановтың термині) бағытта болмаса да, сөз айтылуына барынша жуықтатылып жазылды. Ескі қазақ жазба тілінде түбірдің естілуінше, қосымшаның морфологиялық принциппен жазылуы, ұлттық жазу дәстүрін жасауда түбірдің морфологиялық, қосымшаның фонетикалық принциппен жазылуы төл сөздеріміздің фонематикалық принциппен таңбалануын заңдастырды.

1929 ж. емле конференциясында ерін үндестігінің мәртебесін анықтау қиындық тудырды. Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы ерін үндестігі өткен дәуірдегі сапасынан әлсіреді, оны таңбалаудың қажеті жоқ деп санады.

Ал орыс миссионерлері еңбектеріндегі мысалдарда бірде еріндік дыбыстардың сөз соңына дейін таңбалануы, бірде таңбаланбауы ерін үндестігінің екінші, үшінші буыннан кейін әлсірей бастағанын фактісі деуге болады.Мысалы,В.В.Радлов еңбектерінде көп буынды сөздердің үшінші буынына дейін ғана ерін дауыстылары таңбаланған. Себебі, зерттеушінің ойынша,түркі тілдерінде ерін үндестігі кеш пайда болған, дамымаған,сондықтан ауытқу жиі.

Сөйтіп, ХХғ. басындағы төл жазуымыз –А.Байтұрсынұлы жазуында сингармонизмнің тек лингвалды түрі ғана кодификацияланады. Тіпті у дыбысының алдынан ұ,ү емес, ы,і әріптерін жазу керек деген: Барып демей, барұп, келіб демей, келүб деп жазатын болсақ,алұу, барұу келүу деп жазуға болады дейді.

Осы арқылы тіл үндестігі арқылы А.Байтұрсынұлы қазақ тілі сингармонизмін қырғыз тілінің еріндік сингармонизмінен, татар тілінің жіңішке езулік ә сингармонизмінен айырып көрсеткенге ұқсайды дейді белгілі ғалым Н.Уәлиұлы.

Сонымен, бірінші уәж жалпы қазақ жазуының ұстанымының теориядық негіздерінен шықса, келесі уәждер тіл фактілері мен тіл тарихынан ізделеді. Қазақ тіліндегі ерін үндестігінің әлсіздігін морфемалардың кірігу процесінде тек жуан-жіңішке езулік айналасына топталатынын да көруге болады.Бұл процеске байланысты Қ.Жұбановтың мына дерегі қызық: ыштан сөзі іш және тон сөздерінен бірігіп жасалған; сілтеу есімдігі о дыбысынан ы дыбысына айныған: ол+сол=>о+со=>о+сы;о=>ы. «Еріншіл дауыстылардың аяқ буынында сақталып тұра алмауына көне түркілік йағмур сөзінің қазақ тілінде жаңбыр болып айтылатындығы да дәлел (ұ>и) бола алады» дейді ғалым.

Сондай-ақ бұл жыл=>биыл,іш+құр=>ышқыр,тұғын=>тын, барған соң=>барғасын, аздан соң=>аздасын болып қалыптасуы да тіл үндесімінің жетекшілігін дәлелдейтін сияқты. Тіл тарихынан бірінші буындағы еріндіктің езулікке ауысқан фактілерін кездестіреміз: ұт-ат, ұда-отқа.

Үшіншіден, әліпбидегі дауыссыз әріп аттары жеке айтылғанда,бір дауысты не аяғынан, не алдынан қосылып айтылады. Ол ашық езулік те, қысаң еріндік те емес, қысаң езулік- <ы> фонемасы (бы,қы,ыл,ыр,жы) т.б. Проф. Ә.Жүнісбек тірек дауыссыздар жуан езулік үндесім вариантында қолданылады дейді. Және үш дауыстыға негізделген сингарможазуында қысаңдардың тірек фонемасы ретінде ы-ны алады.

Төртіншіден, қазіргі қазақ тілінде жуан еріндік пен жуан езулік, жіңішке еріндік пен жіңішке езулік қатар келе алады:қора, жора, сора, мола, молда, күрек, түрен, қола, сұрақ т.б. Проф. С.Мырзабеков бұл құбылысты «а-ның езулік күші ы,і фонемаларына қарағанда әлсіз, сондықтан да ол жуан еріндіктерден кейін айтыла береді» деп анықтайды. Орақ, құрақ, ұзақ,отан, ора сөздерін айтқанда, екінші буындағы езулік дауыстының айтылым құрағы еріндікке еріп, жуықтап айтылуы мүмкін.

С.Мырзабеков а дыбысының АТ-да кейде [о] болып айтылатын кезі де болатынын айтады: ойбой, ойхой. Яғни ерін, езу дауыстылары бір сөз шенінде я жіңішке үндесімде, я жуан үндесімде қатар жұмсала алады, ал бейүндесімде жұмсала алмайды.

Бесіншіден, ерін дауыстыларының бірінші буыннан артпайтын сипатын кірме лексиканың игерілуінен байқауға болады. Мысалы, о, у дыбысына екпін түскен сөздер қазақ тіліне очередь=>өшірет=>шірет, стол=>үстел, утюг=>үтік, русь=>орыс, хамут=>қамыт, чугун=>шоген, пуховый=>бөкебай, плюш=>пүліш, самовар=>самауыр, мұнанай=>меновой болып игерілген.

Ал араб-парсы тілдерінен енген ораза (руза), орамал (румал) сөздерінде екінші буындағы еріндік фонема басқа позицияға ауысқан.

Сөйлегенде [үт үк], [орус] т.с.с болып дыбысталатын сөздерді мұндай орфограммада заңдастыру 1929 ж. емле конференциясында қабылданған еді. Себебі мұнда 1-буындағы еріндік әсерінен келесі буындағы дауыстының еріндікке айналатын фонетикалық алмасу тұрғанын ғалымдар байқады. Өйткені мазмұн, мақұл, марқұм, мәжнүн, мәжбүр сияқты екінші канал арқылы енген сөздердегі еріндіктің таңбалануында 1-буынның әсері жоқ, фонеманың негізгі реңкі берілген.

Алтыншыдан, еріндік сипат алдымен <ұ>, <о> фонемаларына қарағанда <ө>,<ү> фонемаларында күшті екенін орфоэпиялық норма көрсетіп отыр. ХIХ ғ. В.В.Радлов <о> дыбысы өзінен кейін келген қысаң дауыстыға <ө> дыбысындай әсер етпейді деген. Сонда жіңішке дауыстылар жуан дауыстылардан кейін пайда болған екіншілік дифференциация десек, алдыңғылардың дауыстыны өзіне үндестіруі позициялық болып табылады дейміз. Сондай-ақ, ескі қыпшақ тілдерінде ерін дауыстыларына қарағанда езу дауыстылардың жиі қолданылғанын тіл фактілері көрсетіп отыр.

Сөйтіп, қазақ жазуында ерін үндесімінің таңбаланбау сипаты уәжсіз емес. Тіліміздің сингармонизміне негізделген қасиеті, оның екі бірдей түрін негізгі жетекші етіп ала алмауға тиіс: біреуі басты, екіншісі қосалқы болуға керек-ті. Сондықтан тіл үндестігінің жазуда бейнеленіп, ерін үндестігінің ауызша тіл категоиясы болып табылуы жөн.



Қазақ жазуы фонематикалық екенін естен шығармаса, сауат ашу ісінде әріппен қатар оның дыбыстық мәндерін үйретсе, Л.В.Щерба ескерткендей, балаға алғашқы бір жыл ауызша тілді, дыбыстарды меңгертсе, сосын оның жазудағы бейнесін үйретсе, қысқасы,қазақ тілінің оқыту әдістемесінде тіл үндестігінің орны дұрыс көрсетілсе, ерін үндестігінің жоғалуы мүмкін емес.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет