Шешендік өнер тағылымы (Сырымның қанатты сөздері мен Махамбет толғауларындағы үндестік)



Pdf көрінісі
Дата06.03.2017
өлшемі155,66 Kb.
#7785

ШЕШЕНДІК ӨНЕР ТАҒЫЛЫМЫ 

(Сырымның қанатты сөздері мен Махамбет толғауларындағы үндестік) 

 

                 Ахатова Н.К. 

Орал қ. 

 

Қазақта «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мақал бар. Бұл мақал – бас бостандығынан 

сөз  бостандығын  кем  көрмейтін,  сөзді  қадірлей  білетін  халықтың  тілегінен  туған  сөз.  Қазақ  аулында 

қашаннан  бері  келе  жатқан  жасына,  жынысына,  даңқына,  дәрежесіне  қарамай,  үлкен  мен  кіші,  еркек 

пен әйел, қара мен төре күресіп күш, айтысып өнер сынаса беретін әдет бар. Баланың туысын тойлау, 

кәрінің өліміне ас беру секілді жиі жиналып, бас қосып тұратын сауықшыл, сергек халық ат жарысып, 

палуан  күресі  сияқты  ақындық,  шешендік  айтыстарға  да  бәйге  беріп,  көтермелеп  отырған.  Оған 

шешендік даулар мен ақындық айтыстар айғақ. Сын бостандығы мен сөз өнеріне деген халықтың осы 

ілтипаты шешендік өнерінің өркендеуіне жетекші болған.  

Халық  қашан  да  жау  алдында  жасқанбай  сөйлеген  шешенді  қамал  бұзған  батырмен  қатар 

санайды.  Міне,  осы  ерлік  пен  шешендік  қасиеттердің  екеуі  де  Сырым  батырдың  басынан  табылады. 

Оның халық қозғалысында атқарған басшылық, батырлық қызметтерін айтпағанда, тек хан мен билерге 

айтқан  сөздері,  патша  мен  жандаралға  жазған  хаттары  ерлік  пен  шешендіктің  тамаша  үлгісі  болып 

табылады. «Мына төренің  тасуын-ай,  қара  қазақты аяққа басуын-ай! Хан болып сен не білетін едің?» 

деп  Нұралы  ханға  айтқан,  «ханды  бұзықтыққа,  арамдыққа  баулисың,  мұның  әділдік  емес...»  деп 

патшаға,  «жамандық  жақсылыққа  серік  емес,  бір  кезде  сендердің  де  істерін...  айқындалып,  қара  бет 

боларсыңдар» деп жандаралға жазған өлеңдері – өлімнен де қорықпайтын тек Сырым сияқты ерге ғана 

лайықты сөздер. 

Сырым  батыр  осындай  ерлік  ісімен,  үлгілі  сөзімен  халық  шешендігіне  рух  берді,  хан-патшаны 

әшкерелеп, масқаралап, тайсалмай сөйлейтін жауынгер шешендік сөздің салтын бастады. 

Сырым батырдың ерлік салтын, шешендік дәстүрін сақтап, дамытқан нағыз мұрагерлері Исатай 

Тайманұлы  мен  Махамбет  Өтемісұлы  болды.  Исатай,  Махамбет  батырлар  Сырымның  ерлік  ізін 

суытпады, шешендік сөзін ұмыттырмады. 

Махамбет Өтемісұлы ерлік, шешендік секілді қасиетті батыр болған. 

Махамбет өмірі Сырым өмірінің кейбір кезеңдерін, кейде оның атынан айтылатын сөздерді еске 

түсіреді. Сырым батыр атынан сақталған сөздердің кейбіреулері шешендік нақылға жатады. Шешендік 

нақыл (афоризм) – көлемі шағын, тілі көркем, тәлім-тәрбие берерлік терең мағыналы сөздер. Шешендік 

нақылды екінші сөзбен ғибрат сөз деуге де болады. Мысалы, Сырым атынан айтылатын «отын – олжа, 

су – нұрлық»,  «қайғысыз беттің  жарығы,  қайғылы беттің  сарығы бар»,  «әйелді қорсынбаңдар, әйелсіз 

ерге  күй  бітпейді,  қойды  қорсынбаңдар,  қойсыз  елге  үй  бітпейді»,  «ата  тұрып  ұл  сөйлесе,  ержеткен 

болар,  ана  тұрып,  қыз  сөйлесе,  бойжеткен  болар»  дейтін  сөздер  нағыз  нақыл  сөздер  үлгісіне  жатады. 

Махамбет  шығармаларында  белгілі  дәрежеде  Сырым  сөздерінің  әсері  барлығы  аңғарылады.  Мысалы, 

Махамбет атынан айтылатын «хан баласы ылаң, қара шұбар жылан, құйрығын бастың, басын ез, шап! 

Шапсаң, өзің  шабыласың» дейтін сөзі мен Сырым айтқан «халық – көл, хан  –  құс, халық –  үй, хан  – 

жолаушы» дейтін нақылдар арасында мағыналық ұқсастық аз емес. Махамбетте мұндай нақыл, мақал, 

тапқырлық  сөздер  көп.  Сонымен  бірге  бұл  мысалдардан  Махамбеттің  де,  Сырымның  да  бір  ерекшелігі 

аңғарылады. Ол ерекшеліктері – бейнелеу, теңеу сөздерінің айқындығында. 

Махамбеттің  шешендігін  көрсететін  бір  сөз  мынау:  Махамбет  Исатайдан  айырылып, 

жалғызсырап,  жау  көзінен  жасырынып  жүрген  шақта  Баймағамбет  сұлтан  адам  жіберіп,  қайта-қайта 

шақырта берді. Шақыртып қоймаған соң, бір күні Махамбет Баймағамбетке өзі келіп жолығады. 

- Ей, Махамбет! Исатайдың жауға алынарын, өзіңнің қаңғып қаларыңды білмедің бе? Ханыңмен 

қалайша араз болдың? Кәне, баяндашы! – дейді Баймағамбет. 

- Ей, Баймағамбет! Хан қарам болса елге бүлік, тәңір қаһарланса, жерге бүлік деген. Исатайдың 

жауға  алынғаны,  менің  қаңғып  қалғаным  атаңа  нәлет  өздеріңдей  жауыз  хандардың,  қарны  жуан 

билердің елімізге салған бүлігі емес пе? – деп жауап береді Махамбет. 

-  Ей,  Махамбет!  Нарынға  сыймадың,  Маңғыстауға  сыймадың,  саған  жер  беті  тар  келді,  енді 

аспанда қыстаймысың? 

- Ей, Баймағамбет! Аспанда жаңбыр бермейді, жерді Жәңгір бермейді... 

-  Ей,  Махамбет!  Тағы  не  айтасың?  Сені  жұрт  жырау  дейді  ғой,  кәне  бір  толғап  берші!  –  дейді 

Баймағамбет. 

-  Ие,  Баймағамбет!  Бірақ  менің  тілім  екі  айыр  алмас  қой,  біреуді  тіліп  кетсе,  ханмын  деп  сен 

қаһар етерсің. Мен қаңғырмын деп қарап тұрмаспын, басыңды кесермін дермін. Мен сықылды қаңғыр 

өлсе, ештеңе етпес,  өздеріңдей жауыз хан  өлсе, дауы бітпес. Мен аспандағы жұлдызбын. Атаңа нәлет 

хандар  мен  жауыз  құрбылардың  айтқан  сөзі  естен  кетпес...  –  дей  келіп,  белгілі  «Мұнар  күн»  жырын 

толғап  кетеді.  Осы  секілді  Махамбет  жыраудың  әрбір  сөзі  шешендіктен  басталып,  ақындықпен 

аяқталады. 



Махамбет  толғаулары  өзі  басшылық  еткен  шаруалар  қозғалысының  саяси  ұраны  мен  әдеби 

шежіресі,  Сырым  сөздерінің  заңды  жалғасы  сияқты.  Сырым  сөздері  мен  Махамбет  толғауларының 

бірлігі сыртқы формасында ғана емес, ішкі мазмұнында, үндестігінде. 

Сырым  шешен  секілді  Махамбет  толғауларының  да  негізгі  ерекшелігі  мазмұнында,  дәлірек 

айтқанда,  белгілі  мақсатқа  айналып,  халық  мүддесімен  қабысып  жататындығында.  Сырым  батыр 

бастаған  қозғалыстың  да,  Исатай-Махамбет  бастаған  көтерілістің  де  негізгі  мақсаты  бір.  Кіші  жүз 

шаруаларына  суы  мол,  шөбі  шүйгін  өріс,  қоныс  алып  беру  еді.  Атадан  балаға  аманат  болып  келе 

жатқан осы арманды Махамбет былай толғайды: 

Еділдің бойы ен тоғай 

Ел қондырсам деп едім. 

Жағалай жатқан сол елге 

Мал қондырсам дер едім. 

Еңсесі биік ақ орда 

Еріксіз кірсем деп едім... 

Баймағамбет  сұлтанға  айтқан  Махамбеттің  бұл  әйгілі  жыры  нағыз  шешендік  толғаудың  үлгісі 

болып табылады. 

Сырым  сияқты,  Махамбет  те  құр  ұйқас  сөз  қумай,  шешендік  өнерін  халық  күресінің  кәдесіне 

жаратып, қажетіне жұмсаған. 

Махамбеттің  де  ұлы  ұстазы  –  халық.  Ол  халқының  тарихын,  даналық  сөздерін  Сырымнан  артық 

білмесе, кем білмеген. Сондықтан да халық нақылдарының қаймағын қалқып, өзінің сөздеріне қатық қып 

пайдаланған. Мысалы, Махамбеттің «Жалғыздық» дейтін толғауын оқып көрейік: 

Бұл дүниенің жүзінде 

Айдан көркем нәрсе жоқ. 

Түнде бар да, күндіз жоқ. 

Күннен көркем нәрсе жоқ, 

Күндіз бар да, түнде жоқ. 

Осы жолдар – Махамбеттен бұрын да, кейін де сөз өнерінің талай шеберлері қайталаған сөздер. 

Бірақ  әңгіме  дайын  нұсқаны  қайталауда  емес,  оны  өмір  қажетіне  жаратып,  орнына пайдалана  білуде. 

Ақынның  бұл  сөзі  де  елді  бірлікке,  азаматтарды  ерлікке  шақыруға  бағытталған.  Қазақтың  ақындық, 

шешендік дәстүрінде халық тіл байлығын пайдалана білу ақынға немесе шешенге абырой болмаса, еш 

уақытта айып саналған емес, бірақ әрбір аталы, үлгілі сөздің айтылатын жері, алынатын мөлшерін білу 

керек. Махамбет  – Сырым сияқты  үлгілі сөзді үнеммен пайдалана білген кісі. Махамбет  – сөз шебері 

ғана емес, елінің мұңын толғаған ақын әрі батыр. 

Махамбет  –  бір  ғана  Кіші  жүздегі  Сырым,  Исатай  бастаған  көтерілістің  жыршысы  ғана  емес, 

елдігі  мен  еркіндігі  үшін  ішкі-сыртқы  дұшпандармен  өмір  бойы  арпалысып,  жұлқысып  келген  бүкіл 

қазақ  халқының  қасіретті  де  қасиетті  күресін  әдебиетте  жинақтап  қорытқан  ұлттық  ақын,  философ 

ақын. Ол «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» заманын еске түсіретін бір жырында: 

Жібек бауы көнеріп, 

Ақсұңқар ұшқан күн болған. 

Бағаналы боз орда 

Еңкейіңкі күн болған. 

Телегей теңіз шалқыған 

Қоғалы көлдер суалып, 

Тізге жетер-жетпес күн болған... – 

деп толғайды. Бұл орайда ол заманында елдің шешені де, шежіресі де болған Сырым, Шалкиіз, 

Бұхар  жырауларша  сөйлейді.  Бірақ  ол  өмірден  түңіліп  күңіренбейді,  ел  басынан  кешкен  ауыр 

кезеңдерді ескере келіп: 

Ел шетіне жау келсе, 

Азамат ердің баласы 

Намысына шыдай ма, 

Жаттан көмек сұрай ма?! 

Арғымақ жалғыз, ер малсыз 

Алланың не берері болжаусыз, 

Жолдастарым мұңайма! – 

деп  жорықтас  жолдастарын,  замандастарын  жұбатып,  жігер  береді,  күреске  шақырады.  Сырым 

батырдың  шешендік  сөздерімен  үндес  те,  үйлес  те  шешендік  толғауларды  Махамбеттің  кез  келген 

шығармасынан келтіруге болады. 

Сөйтіп,  Махамбет  әрі  шешен,  әрі  ақын  болған.  Оның  «шешендікке  толы  үгітке  арналған  отты, 

өткір  сөздері»  қазақ  халқының  ежелгі  ақындық,  шешендік  өнерінің,  ең  алдымен  Сырым  батырдың 

сыншыл  шешендік  сөздерінің  игілікті  ықпалымен  қалыптасып,  дамыған.  Сырым  сөздерінің 



сыншылдық,  жауынгерлік  рухы,  үгіт-насихаттық  мазмұны,  шешендік  құрылысы  Махамбеттің  әрбір 

жырынан, толғауынан-ақ сезіліп тұрады. 

Демек,  Сырым  батыр  Махамбет  сынды  ерлік  ісін,  шешендік  өнерін  алға  апарушы  шәкірттері, 

мұрагерлері бар, артына үлгілі іс, өнегелі сөз қалдырған, қазақ шешендік өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан 



шешен адам болған. Міне, Сырым батыр қалдырған шешендік сөздердің маңызы осында. 

 

Әдебиеттер 

 

1.  М.Өтемісұлы. Өлеңдер жинағы. – Алматы, 1995ж. 

2.  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қоры п.5 

3.  М.Тілеужанов. Сырым Датұлы және оның шешендік сөздері. – Орал, 1992ж. 

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет