Сырбай ақын өлеңдерінің сыршылдығы мен өміршеңдігі



Дата18.10.2022
өлшемі19,42 Kb.
#43863



Сырбай ақын өлеңдерінің сыршылдығы мен өміршеңдігі
Агитаева Асемгуль Каиржановна
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Қостанай қаласы №2 мектеп – лицейі
87752965549

Қазақ әдебиетінің рухани кемелденуіне өзіндік қолтаңбасымен келген үлкен тіректі тұлғаның бірі -Сырбай Мәуленов.Оның қаламынан туған өлең өрнектері өміршеңдігімен құнды. Ол өмірдің ащы шындығын көріп келіп,адамдық болмыстың бүкіл тұңғиығына өзінің көркемдік нақты тәжірибесі арқылы көз жеткізіп келген ақын.
Сырбай қазақ поэзиясында оқырманды нағыз сыршыл сезімімен де , ойымен де, көркемдік бейнесімен де бірден баурап алатын шынайы поэзияның орнығуына ықпал ете білген ақын.
Ол қазақ өлеңін көпсөзділіктен арылтып, көлемі шағын, ойға, сезімге бай, суретке толы, мазмұнды лирика жасау жолын көрсетті.
Сырбай өз заманының көп ізденгіш, ой-өрісі кең, көзі қырағы ақыны болды. Ол үшін жер бетіндегі тіршіліктің бәрі маңызды болды. Оның өлеңдерінің тақырыбы да, мазмұны да бай. Ақын көргені мен білгенін ұшқыр қиялымен әрлеп, ой елегінен өткізіп, жанды суретке айналдырады. Оларды шындықтың өзі деп қабылдау аз. Ондай өлеңдерден жалт еткен сезім күйін, найзағайдай жарқ еткен көңіл әсерін, жазғы шықтай немесе көз жасынан үзіліп түскен тамшыдай мөлдірлік танылады.
....Шатырлап аспан шарт сынып,
Лақтырды жерге ақ сырық.
Ақ сырық тағы шарт сынып,
Кемпірқосақ тартылды.
Жер мен көкті қапсырып,... – деп көктем табиғатының ғажайып бір құбылысын осылай суреттейді. Өмірдің өз суретінен де әдемі, тапқыр айтылған. Ақындық сөздің құдіреті байқалады.
...Қып-қызыл боп тұтылып,
Бұлтқа кірді азалы ай.
Қара аспанда қанжардай
Жарқылдайды найзағай... - бұл соғыс шындығынан алынған өлең сөздері . Аза тартып, қызарып барып батқан айдың артынан аспанды торлаған оқ суреттерін ақын осылай бейнелейді.
Сырбайдың өмір суреттерін бояулардан тануы ғажап құбылыс деп ойлаймын. «Ақ түн» – осы жолдағы ақын ізденісінің басы. Онда суреттелетін Ленинградтың ақ түні ол үшін аппақ нұрындай елестейді.
...Ақ түн -
Әлемнің аппақ адал нұры,
Ақ түн
Қуады қуыстардан
Көлеңке,
Қараңғыны.
Ақ түн -
Жеткен талай жыл болдырып,
Аталардың ақ арманы.
Ақ түнді - ақ арманды
Тұр қондырып:
Ленинград алаңдары,
Нева аралдары,
Кронштадт қамалдар,
Смольный жалаулары. Өлең тек түр жаңалығын қуып кетпейді, онда күшті мазмұн, рух бар. Ол сол «ақ түнді – ақ арманды қондырып тұрған Ленинград алаңдарын, Нева аралдары, Кронштад қамалдары, Смольный жалаулары» деген сөздерімен өз заманының идеясын да терең жеткізеді.
Өзі туған өлкедегі Ақкөл табиғатына арнаған бір өлеңінде ол:
Жазығы да ақ сортаң,
Балығы да ақ шортан.
Қыздарының аты да –
Аспандағы Ақшолпан.
Ақккөлінде ақ қазы,
Ақ үйінде ақ тазы.
Ақ боз атын баптайды
Ақ сақалды атпазы, – деп жазды. Мұнда да «ақ» түсі ақ ниетін, ақ пейілдің, таза, пәк өмірдің символына айналды.
... Боз даланың буылдыр тозаңындай,
Бұлдырайды боз бұлттан бозарып ай.
Бозша қыстың бүркеген боз кырауы
Боз бұтақтар боз саусақ созады жай... - дүниенің бәрін бозартып тұрған бозша қыстың бейнесі керемет суреттелінген.
Көгілдір өзен
Көгілдір тал-қарағай.
Көгілдір таулар,
Көгілдір аспан шарадай.
Көгілдір тартқан көлдерде.
Көгілдір бір нұр
Ойнайды менің кеудемде.
Көгілдір көктем келген бе?! Бұл – көктем бояуы. Өмірді өз бояуымен тану, оның сәнін бұзбай, дәл осылай суреттеген. Оның өлеңдерінен оның туған даласымен тұтастығын байқаймыз. Табиғат ақынның жүрегін оятатын ,сұлу сезімге бөлейтін, қиял құсын қияға ұшыратын шабыты болды.
Ақын өлеңдердегі заман трагедиясы, адам басына түскен салмақ, өмір үшін арпалысқан адам еңбегі, тіпті жаңа мазмұн тудырған шығарманың түр өзгешеліктеріне дейін Сырбай қаламының құдіретін танытады.
Сырбай Мәуленовтің «Ұлыма», «Әкеме» деген өлеңдері жеке бастағы, ақынның өз басындағы жағдайдың негізінде құрылған сияқты. Ақын өз қайғысын, өз қуанышын жырлай отырып, көптің көңілін толғантар ой тастаған.
Көз жұмдың былтырғы өткен апрельде,
Табытың түсірілді тақыр жерге.
Жастықтың жалынымен бір жалғасып,
Ұзарған кәрі өмірің жатыр менде... - ақын өз әкесін көпке ортақ әке етуге, не болмаса әркімнің басында ондай жағдайдың боларын айтуға тырыспайды, алдыңғы екі жолда өлеңдегі оқиға өз басында болғанын нақтылы анық айтады. Осы жеке адамның қайғысы оның болашаққа сенімі әшекейсіз, бірақ көркем берілгендіктен өлеңдегі сезімді оқырманның жүрегіне жақын етеді.
Жазушы Өзінің кең даланың бір бөлшегі екенін мақтаныш тұтып, шындықтың сырына терең үңіле түседі. Сырбай Мәуленов үнемі тынбай ізденіс, еңбектену үстінде көрінеді. Оны өзі де айтады.
... Тұманды күндей мұнартып,
Көлеңке болғым келмейді.
Еліме босқа жүк артып,
Тек ерке болғым келмейді.
Сіңірсем деймін жеріме,
Маңдайдың терін ағызып.
Жасасам деймін еліме,
Жанымның отын тамызық... – деп, ақын еліне деген өзінің үлкен жүрегін танытады.Сырбай Мәуленов жырлары – қазақ поэзиясының марқайып өсуінің айнасы.
С.Мәуленов, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Шәкәрім, Үкілі Ыбырай, Бауыржан, Канышқа арнау өлеңдерін жазып, ащы шындықты айшықты түрде бейнелей білді. Жанды портреттей суреттеді. Олардың өзіндік болмысын, елден ерек артықшылығын дөп басып, тауып айтуда ақын жетістігі, шеберлігі айрықша танылады. Ақын ойды жинақтап айтудың, шағын өлеңде сөзбен сурет салудың айтулы маманына айналды. Ықшамдығы мен сабырлы ырғағы,эстетикалық айқындылығы, шындық, символдардың нақты қолданылуы, тілге жеңіл,жаттауға оңай, образдың философиялық көркемдік дәрежеге көтерілуі – сырбай ақынның өлеңдерінің өміршеңдігі, сыршылдығы.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/23848/


2. https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/23848/ Жасулан Исакеев
3.https://qazaquni.kz/adebiet/80283-syraghangdy-saghynamyz

4. «Cырбай әлемі сыр шертті» Жәлел Шалқар


5. https://uskz.org/publ/ashy_saba_tar/adebiet/cyrbaj_lirik_a_yn/23-1-0-6146

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет