Тақырыбы: Қазақ дүниетанымындағы адам мәселесі



Дата07.01.2022
өлшемі47,29 Kb.
#18352

Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университеті

Эссе

Тақырыбы: Қазақ дүниетанымындағы адам мәселесі

Орындаған: Хамзина Ф.К

Тобы: Уиак-201 дк

Жоспар.

Кіріспе бөлім.

Философия тарихындағы адам мәселесі

Негізгі бөлім.

а).Қазақ топырағындағы қалыптасқан  философиялық ойлардағы адам мәселесі

ә).Әл-Фараби философиясындағы адам мәселесі

б).Абай философиясындағы адам мәселесі

Қорытынды бөлім.

Философиядағы адам рөлі.

      Антропология – адам туралы ілім. Философиялық антропология –адам туралы философиялық ілім немесе адам философиясы.Адам мәселесі философияның аса маңызды өзекті мәселелерінің бірі. Қазіргі заманғы философиялық антропология бір-біріне қарама-қарсы көптеген мектептер мен ағымдардан тұрады.Антропогенез мәселесі. Адам өте күрделі біртұтас жүйе, өз кезіңде одан да күрделі екі жүйенің құрамдас бөлігі болып саналады. Бұл дегеніміз, адам тек қана биологиялық емес, сонымен бірге әлеуметтік тіршілік иесі болып табылады. Сонда адам тарихи жолмен биоәлеуметтік тіршілік иесі ретінде қалайша қалыптасты екен? Бұл сұрақ антропогенез мәселесінің мәні деуге болады.

     ХІХ ғасырға дейін  еуропалық мәдениетке тиісті  антропологиялық концепция басым  болды. Мұнда әлем мен адамның  діни тұжырымдамасы қарастырылады.  Дүниенің дамуы мен тарихы  жоқ. Дүние мен адамды жаратқан  күш – Құдай.  Дүние мен адамның  шығуы  мен дамуын бұл теория  ғылыми жолмен түсіндіріп бере алмады.ХІХ ғасырда антропогенез мәселесінің ғылыми тұрғыдан зерттелуіне мүмкіндік туа бастады.  Эволюциялық теория дүниеге келді. Адамның шығуы мен қалыптасуын биологиялық заңдарға сүйене отырып түсіндіруге тырсты. Бір кемшілігі — әлеуметтік факторлары қарастырмауы.Ф. Энгельс антропогенездің еңбек теориясын ұсынды. Бұл теория бойынша еңбек биологиялық заңдарды жоққа шығармайды, керісінше түрлендіреді, нығайта түседі. Сөйлеудің, тілдің, мидын, ой-сананың дамуын осы еңбекпен байланыстырады.

    Адамның мәні туралы  мәселе адам туралы ілімнің  өзегі болып табылады. Ойшылдар  адамның мәні ретінде оның  ерекше бір қасиеттерін алып  қарасты. Қазіргі заманғы ғылым  бойынша адамның тарихи болмысы  мен дамуының негізін құрайтын  субстанция – бұл әр қашанда  қоғамдық өндіріс аясында жүзеге  асатын адамдардың еңбек қызметі.  Адам тікелей немесе жанама  түрінде қоғамдық қатынасқа тұрмай  еңбек ете алмайды. Қоғамдық  өндіріс пен еңбектің дамуымен  бірге адамдардың қоғамдық қатынастары  да дами түседі. Бұл қоғамдық  қатынастар жүйесін индивид қаншама  дәрежеде игереді, бойына тоқиды  соншама оның өзіндік дамуы  жүреді. Сондықтан , К. Маркс Фейербахты адам туралы абстрактілі ой үшін сынай келе былай деген болатын «адамның мәні жеке индивидке тән абстракт емес. Шың мәнісінде ол барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады». Мұнда барлық қоғамдық қатынастар жүйесі жайында сөз болып отыр.  Бұл тұжырымның методологиялық  маңызы ерекше, өйткені адамды тұрпайы-материалистік, не идеалистік, не дуалистік тұрғыдан түсінуге болмайды, оны диалектикалық тұрғыдан дұрыс түсіне аламыз. Адам бір сәтте өндіруші де, саналы да, мәдени де, өнегелі де, саяси да т.б. тіршілік иесі болып келеді. Ол, азба көппе мөлшерде қоғамдық қатынастар жүесін бойына тоқиды, сіңіреді, сойтіп барып өзінің әлеуметтік мәнің жүзеге асырады. Мәселенің басқа бір қыры – адам тарихи процестің жемісі. Қазіргі замңғы адам ауадан пайда болған жоқ, ол, қоғамдық-тарихи процестің нәтижесі. Басқаша айытқанда адам және адамзат бір болып саналады.Бірақ адамды қоғам мен қоғамдық қатынастардың нәтижесі деп біржақтылы сипаттауға болмайды.  Адамды сол қоғамдық қатынастардың жасампазы екендігінде ұмытпауымыз керек. Сонда ол, бір сәтте қоғамдық қатынастардың субъектісі мен объектісі болып танылады. Адамда субъекті мен объектінің бірлігі, теңдігі орын алады. Адам мен қоғам арасында диалектикалық байланыс бар: адам – бұл микроқоғам, қоғамның микродеңгейде көрініс табуы,  қоғам – бұл адам, бірақ өзінің қоғамдық қатынастарындағы.

   Жеке  адам -  қоғам мүшесі. Жеке адам  туралы ғыл. түсінік адамды  қоғамдық қатынастардың жиынтығы  ретінде қаралатын биоәлеуметтік  организм деген түсінікке негізделеді.  Жеке адам — әлеум-тің индивидте  көріну түрі. Әрбір адам – жеке  адам. Адамның қоғамдық организм  ретінде өмір сүруінің өзі  адамдардың өзара әрекетін қажет  етеді, әлеуметтік жағдайлар мен  басқа адамдардың осы адамға  тигізетін әсерін ғана ескеріп  қоймай, сол адамның әлеуметтік  жағдайларға және басқа адамдарға  әсерін ескеру қажет. Адамдардың  жеке адам түрінде дамуының  қажетті алғышарттарының бірі  индивидтердің табиғи қабілеттері  екендігі, соған тәуелді болатындығын  айту керек, бірақ ол негізінен  қызметтің объектісі болып табылатын  адам өмір сүретін қоғамда  ғана іске асады. Бірақ жеке  адамның дамуы әрқилы болғаны  абзал. Индивидтердің қай-қайсысы  болсын өзінің адам ретінде  дамуының объективті жағдайы  болатын қоғамның белгілі тарихи  формасын табады. Жеке адам ретінде  индивид дамуының кеңдігі мен  тереңдігі – оның әлеуметтілігі  және сол әлеуметтіктің индивидтің  қызмет формасына айналуын игеретін  кеңдік пен тереңдік, демек сол  әлеуметтіктің өзгеруі, жасалуы.  Қоғамның тарихи формалары мен  типтері – жеке адамның да  тарихи формалары мен типтері.  Алғашқы қауымдық қоғамда адамдар  көбінесе өмірге қажет заттарды табу арқылы өмір сүреді, олар бір-біріне және өздері өмір сүріп отырған табиғи жағдайлармен тікелей табиғи бірлікте болды, сондықтан көп жағдайда өздерін табиғаттан ажырата алмады, бір-бірінен қоғамдық организм ретінде бөлінген жоқ. Таптық антагонистік қоғамдарда адамдардың өмір сүруінің табиғи ерекшеліктерімен, өндіріс жағдайларымен және олардың тіршілік жағдайларының арасында үйлеспеушілік пайда болып, дамиды, адам мен табиғат арасындағы, адамдардың тапқа бөлінуімен индивид арасында үйлеспеушілік үдей түседі, жеке адамның табиғаттан да, басқа адамдардан да оқшаулануы күшейеді, ол өзін ерекше жеке адам ретінде ұғына бастайды. Бірте-бірте қоғамның барлық мүшелері тарихтың саналы жасампазы, яғни, жан-жақты кемелденген жеке адамға айналады. Жеке адамды ғылымдар зерттейді.Жеке адамды тәрбиелеу мәселелерін шешеді т.с.с. Әр адамның өзіне тән мінез-құлқы, интеллектісі, сезім-түйсігі болады. Сол қасиеттердің толықтығы жеке адамның психикасын құрайды. Жеке адамның психикалық даралығы белгілі бір дәрежеде психикалық күйлерінің өзгеруіне қарамастан әрдайым өз қалпын сақтай алады, ол өмір жағдайлары мен нерв жүйесінің тұрақты ерекшеліктеріне байланысты. Психикалық күй қызмет процесіне, адам болмысындағы өзгерістерге байланысты ауытқып тұрады. Жеке адамның психикалық құрылымы белгілі табиғи ерекшелікті қажет етеді, алайда жеке адам психикасының дамуында қоғамдағы ахуалдар мен олардың өзгеруі шешуші роль атқарады.             

     Философия тарихындағы адам проблемасы. Адам мәселесі философия ғылымымен құрдас десе де болады. Бұдан философияның өзі сонау көне замандағы ойшылдардың адам жөніндегі, оның дүниедегі атқаратын қызметі мен алатын орны жөніндегі ой-толғауларынан туғаны дәлел бола алады. Атақты философтар Платон мен Аристотель философиялық ойлардың психологиялық негізі адамның өзі түсінбейтін, түсіндіре алмайтын құбылыстарға ең алғаш таңдану, таңырқау сезімдерінде жатыр деп болжам жасады.

    Философияның мәселесі – бұл сананың, рухтың табиғатқа, материяға субъективтің ішкі дүниесінің объективтікке қатынасы. Адамның сана-сезімі мен ақыл-ойының, тілі мен дүниетанымының және оны өзгерту қабілетінің өзін қоршаған ортаға қатынасы қандай, табиғат пен қоғамның адамға, оның ішкі дүниесіне тигізетін әсері қандай-осының бәрі философияның ең түбірлі және түбегейлі мәселелері болып табылады.Философиядағы адам мәселесі фундаментальдық философиялық тақырыптардың бірі болып табылады.Адамды философиялық тұрғыда түсінудің іргетасы осы қалыптасқан түсініктер, идеялар, образдар мен ұғымдар негізінде және қалыптаса бастаған философия мен мифология арасындағы сұхбат нәтижесінде қаланды. Дәл осылайша адам туралы алғашқы ілімдер ежелгі Шығыс елдерінде пайда болды. Адам туралы алғашқы идеялар философия пайда болғаннан көп уақыт бұрын айтыла бастады. Ертедегі Шығыс ойшылдарының көбі, өздерінің философия жүйелерінің негізгі өзегі етіп тікелей адам проблемаларын алған. Көне замандағы Мысырлықтар философиясының объектісі құдайлар мен әділеттік мәселесі деп біледі. Бұдан 25 ғасыр бұрын өмір сүрген әйгілі Қытай философы Конфуций өз ілімінде адам, «адам-сүйгіштік»проблемасын алды. Оның түркі тұжырымы ретінде «аспан» концепциясын алуға болады, өйткені ол әлем мен адам дамуын анықтайтын тек табиғат бөлігі ғана емес, жоғары рухани күшті де білдіреді. Оның философия негізін адам, оның өмірі мен тіршілігі құрайды, яғни антропоцентристік сипат алады. Ол аспан мархабатымен белгілі бір этикалық қасиеттерге ие болған адам мораль заңына –даоға сәйкес қылық жасауы тиіс және бұл қасиеттерді оқу үрдісінде жетілдіруі тиіс деп жазды.

     Ежелгі грек философиясында адам бастапқыда өз-өзінен өмір сүрмейді, тек абсолюттік тәртіп және ғарыш ретінде қабылданатын белгілі бір қатынастар жүйесінде өмір сүреді. Тікелей антропологияға өту софистердің сыншыл, ағартушылық әрекетімен және философиялық этиканың негізін қалаған Сократтың еңбегімен байланысты болды. Сократ үшін негізгі мәселе адамның ішкі әлемі, оның жаны мен қасиеттері болып табылады. Ол «игілік-білім» деп тұжырымдай отырып, алғаш рет этикалық рационализм принципін негіздейді. Сондықтан да қайырымдылық пен әділеттілікті таныған адам жаман және әділетсіз қылық жасамайды. Адамның міндеті ақиқатты тану негізінде үнемі адамгершілік парасаттылыққа ұмтылуда. Бұл ең алдымен өзіңді-өзің тануға, өз адамгершілігіңнің мәнін ұғуға бағытталады.

     Ежелгі Грециядағы адам мәселесі өз мемлекеттеріне, бағыттар мен позицияларына қарай әр түрлі болып келеді. Ортағасырлық адам ең алдымен құдай бекіткен әлемдік тәрбиенің бөлігі ретінде қарастырылады.Жаңа заманның философиялық антропологиясы пайда болып келе жатқан капиталистік қатынастардың, гуманизм деп аталатын жаңа мәдениет пен ғылыми білімнің ықпалымен қалыптасты. Жаңғыру дәуірінің философиясы адамды жерге түсіріп, оның мәселесін осы түбірде шешуге тырысады. Адамның әуел бастағы күнәқарлығы туралы ілімге қарсы, ол адамның қайырымдылыққа, бақытқа және үйлесімділікке табиғи ұмтылысты бекітеді. Бұл философияға гуманизм мен антропоцентризм тұтастай тән.

     И.Канттан бастап немістің классикалық философиясы адамды философиялық зерттеулердің негізгі объектісіне айналдырады. Декарт сияқты Кант та антропологиялық дуализм позициясын ұстанады, оның дуализмі жан мен тән дуализмі емес, адамгершілік- табиғи дуализм. Канттың пікірінше, адам бір жағынан табиғи қажеттілікке жатса, екінші жағынан адамгершілік, еркіндік пен абсолюттік құндылықтарға жатады. Гегельдің антропологиялық концепциясы, оның бүкіл философиясы сияқты рационолизмге тұнып тұр.Ол адамның рухани әрекет субъектісі және жалпы маңызды рух пен ақыл-ой тасымалдаушысы ретіндегі жағдайын дәлелдеді. Фейербах болса тірі, эмперикалық адамның маңыздылығын тиянақтайды. Ол адамды ең алдымен табиғаттың бөлігі, сезімдік-тәндік жан ретінде таниды.

      Өмір философиясы адам ерекшелігін бірде органикалыққа, биологиялыққа жақындайтын, бірде мәдени тарихи мәнде түсіндірілетін өмір феноменінен көрінеді. Экзистенциализм, ең біріншіден, индивидуалды адам өмір сүруінің шынайылығына мазасызданады.Ғылымның қазіргі жетістіктері адамды биологиялық факторлармен қатар әлеуметтік факторлар да маңызды роль атқаратын эволюциялық даму өкілі деп тұжырымдауға мүмкіндік береді. Адамның мәні адам туралы философиялық ілімнің өзегін құрайды.

     Философия мен мәдениет тарихындағы ең алғашқы жүйелерден бастап, қазіргі күнге дейін қайта-қайта қойылып, бірақ өз шешімін таба алмай келген мәселеге адам болмысындағы рухани және тәндік бастаулардың арақатынасын анықтау жатады. Бұл адамның экзистенциалды болмысында мәжбүрсіз дилемма түрінде қалыптасқан: ешкім тәнін тастап кете алмайды және осыны тек рухы арқылы түсінеді. Тек фантастикалық, аңыздық, мифологиялық қиялдарда ғана жан денені уақытша қалдырып, әлемді аралап, сосын қайтадан оған ене алады. Бірақ, жанын күтіп бос жатқан тән феномені нақтылы адамдық тәжірбиеде кездесті деген куәлікті немесе айғақты кездестіре алмаймыз. Бұл айтылғандар аксиоматикалық қағидалар сияқты. Алайда, түсінбеушілік пен пікірталас осы екі адамдық болмыс бастауларын ұғындырамын деген әрекеттердің қалтарыстарынан көрініп тұрады. Тіпті, жәй көзқарас үшін қарапайым тәрізді болып көрінетін жан мен тәннің табиғатын түсіндіруде талай шешімі қиын түйіндер мен алынбаған белестер кездеседі.Аристотель адам өмірінің барлық игіліктерін үш топқа бөлген. Бірақ олар бір-бірінен ажыратыла әрекет етпейді. Сол себепті, дейді Аристотель, «мынадай деп ажыратқан маңызды болар: ең биік игілік қайсысы, қайырымды жанның болуы ма, әлде соны қолдану ма, жанның қасиеті ме, әлде іс пе? Олимпия жарысындағы бәйгені ең сымбаттылар мен күштілер емес, жарысқа қатынасқандар алатыны сияқты,өмірде де ең тамаша әрі игілікті жемістер дұрыс іс істегендерде ғана болады. Ондайларға сондай өмірдің өзі ләззат».Көріп отырғанымыздай, жан мен тәннің құндылық деңгейін тек олар арқылы анықтауға мүмкіндік жоқ, себебі тән мен жан нақтылы адамда түйіседі. Осыған ұқсас мәселе қою тәсілін Абайдан да көре аламыз. Ол өзінің 43-ші сөзінде былай дейді: «Адам ұлылығы екі нәрсе: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсіби оны білмек керек. Ішсем-жесем демектің басы жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы – жибили. Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби «құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» демек құдай тағалаға жала жауып өзін құтқармақ болғандығы. Бұл – ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі. Оған құдай тағала көрме, есітпе, көргеніңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын – күлкімен, ішпек – жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре болда, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып алып, хайуан бол, деген жоқ. Жан қуатымен адам хасил қылған өнерлерді де күнде тексерсең, күнде асады. Әрнешік тән қуатымен сырттан тауып, сыртта сақтайсыз, оның аты дәулет еді!»

      Тәнінің құрылымы және физиологиялық функциялары жағынан адам хайуанат дүниесіне жатады. Э. Фромм жазғандай, «хайуанат биологиялық заңдар бойынша өмір сүреді! Олар табиғаттың бір бөлігі және оның шеңберінен шықпайды. Шынайы мағынасында, оларда психика бар болғанымен, жан жоқ, өйткені хайуанаттар өзін-өзі, өз тәнін, тіршілігін саналық зерделеудің объектісі етпейді. Өзін-өзі тану, зерде, қияли елестің күші, тәндік үйлесімділікті жойды. Адам әлемнің тіршілік заңдылықтарынан айрықша тыс тұрған құбылысқа айналды. Танылған рух адамға оның шектілігін аңғартты, тәнін өледі деді. Ол өзінің ақырын – өлімін алдын-ала көре алады. Адам өз өмір сүруінің дихотомиясынан ешқашан босана алмайды: егер ол тілесе де өзінің рухынан ажырай алмайды және тірі болып тұрғанда өзінің тәнінен де босана алмайды, ал ол тән өмір сүруге тілекті үнемі оятып тұрады».Жоғарыда қойылған мәселелерді шешу талпынысында біз осы жан және тән ұғымдарына назар аударайық. Жиі қолданылғанымен бұл ұғымдарға әлі күнге дейін теориялық негізделген анықтамалар берілмей келеді. «Философиялық сөздікте» тәнге, денелік мәдениетке арналған мақала жоқ, ал жан не психика терминінің синонимі, не діни идеалистік ұғым деп түсіндіріледі. Жанға жақын түсінік рух туралы былай делінген: «Рух (лат. Spіrіtus – леп, дем, иіс) – сөздің кең мағынасында – материалды бастамаға қарағанда идеалдыққа, санаға барабар ұғым; тар мағынасында – ойлау ұғымымен деңгейлес». Бұлай түсіндіру, әрине жан мен рухтың табиғатын айқындап бере алмайды. Аталған ұғымдар соңғы жылдары жарияланған мәдениеттанулық басылымдарда ауқымы кеңірек зерделенген. Алдымен «рух» пен «жанның» біртектілігіне назар аударған жөн. Араб тілінен алынған бұл термин адамдық болмыста тәннен басқа құрылымға меңзеп тұр. Егер жан адам адамдылығының, кісілігінің, субъектілігінің ішкі имманентті бастауы болып есептелсе, онда рух көбінесе адамнан тысқары, транцендентті бастаулармен байланыстырылады. «Шыбын жаным шыққанша, әруақтар қолдасын» деген тілек бар қазақта. «Жан» көптеген діни және философиялық ілімдерде– тәнсіз, мәңгі құрылым, дене тіршілігінің рухани бастауы. Жан идеясы әртүрлі мағыналары болғанымен барлық адамдық мәдениеттерде кездеседі. Әдетте жан тән мүшелері және олардың қызметтерімен байланыстырылады: қанмен, мұрынмен (Анды үндістері), демалумен (орыстар), жүрекпен (ежелгі мысырлықтар)Ежелгі гректер үш түрлі жан бар деді: «ақылды жан» (баста), «батыр жан» (кеудеде) және «құмартушы жан» (ішек-қарында). Қазақтар ет жан, шыбын жан және рухи жан туралы айтқан. Таулық алтайлықтарда жанның 7 түрі бар: тын, құт, жула және сүр, ауру көрмес және жаман көрмес, ізгі және зиянды өлген адам рухтары.

      Адам жанының жеке болмыстығы туралы сенімдер анимизмге байланысты. Э.Б. Тайлор оны діннің алғашқы сатысы деп қарастырды. Адамның субъектілік ішкі дүниесін білдіретін жан ұғымы психикамен үндес мағынада қолданылса, рух тек ақылмен ғана теңестірілмегенімен оған жақын келеді. Осы ақылмен жеткен адамдық жетістік рухтың әртүрлі деңгейлері болғанымен, оның адамзат ұрпағы үшін бірдей және біртекті жаралғандығы туралы идея деуге болады. Бұл қағиданы структуралистік антропология өкілдері дәлелдеп берген.



    • Страница 1

 Әртүрлі этнологиялық деректерге сүйене отырып К. Леви-Стросс «артта қалған» деп аталатын тайпалардың мифтеріне, салт-дәстүрлеріне, рәміздері мен тілдік ерекшеліктеріне құрылымдық талдау дегенді қолдана отырып, қауымдық және өркениетті адамдардың рухани ерекшеліктері тым алшақ емес деген қорытындыға келеді. Тарихи даму барысында адам ақылы, яғни оның тапқырлығы, айлакерлігі т.б. айтарлықтай өзгермейді. Оның пайдаланып тұтынған объектілері ғана өзгеріп отырады. Міне, осыдан рулық адам мен өркениет өкілдерінде рухтың шығу тегі біреу-ақ екені байқалады.Жаннан рухқа ауысқанда әлем таңбаларын оқу мүмкіндігі пайда болады.

      Адамның рухани бастауларын талдауды оның құрылымдық күрделілігін ескерусіз толымсыз болады. Рух интеллект, зерде, ақылмен ғана шектелмейді. Рухы күшті адам үшін тек ақылды болу жеткіліксіз. Рухтың барлық адамдарда әрекет ету бастаулары бірдей, бұл оның бір жаратушыдан тарағанын дәлелдейді. Жердің әртүрлі түкпірінде бір-бірінен салыстырмалы оқшаулықта пайда болған адамдық қауымдастықтардың рухани мәдениетінің архетиптік түп-нұсқалары бірдей. Мұны қазіргі мәдени антропологиялық зерттеулер де қолдап отыр. Бүкіл әлемде рух тек адамзатқа қонған, бұл оған үлкен жауапкершілік те артады.

     Енді, осы әртүрлі мәдени деңгейдегі адамдардың рухани қабілеттері неге бір типтес болып келетіндігіне жауап іздеп көрелік. Рухтың туа біткен қасиет еместігін дәлелдейтін көптеген деректер мен айғақтар бар. Әрине, рухани мәдениетті қабылдауға деген қабілеттік адам бойындағы тұқым қуалаушылық қалыптарға да байланысты. Маймылдың баласын қаншама тәрбиелесең де, оқытсаң да ол адамзат қатарына қосыла алмайды. Бірақ барлығы қоршаған ортамен де айқындала берілмейді.

      Адамзат тарихының тым қатал болғаны белгілі. Ешбір органикалық құрылым өз тұқымдастарын адам сияқты қаталдықпен қудалаған емес. Бірақ адамзат түбінде өз адамдығын сақтап қалды және оны сақтап қалуға дәнекер болған күш рух болып табылады. Осы жөніндегі орыс ойшылы Н. Бердяевтың бір толғамын келтірейік: «Еркіндіктің болмысқа үстемдігі ол − рухтың болмысқа үстемдігі. Болмыс тұрақты, рух − айнымалы. Рух болмыс емес. Рух қақында объекті сияқты интеллектуалдық ой кешуге болмайды, рух − субъект, субъективтілік, ол-еркіндік, жасампаздық акт. Екі көқарас соғысуда: 1) Адамдар жасамайтын, бірақ адамдар бағынатын, өзгермейтін, мәңгі, зерделі болмыстық тәртіп бар, ол әлеуметтік тәртіпте де көрінеді; және 2) пәстікке ұшырыған, мәңгі емес және жоғарыдан танылған да емес дүниенің және қоғамдық өмірдің негіздері адамдардың белсенділігімен және жасампаздығымен өзгереді. Бірінші көзқарас адамды құл етеді, екінші көзқарас оны азат етеді».

     Сонымен рух адамды еркін ету үшін жаралған. Адамды азат ету − рухқа, яғни еркіндікке қайтып келу. Бұл Гегель философиясында да бар. Бірақ ол рухты тым объктивтендіріп жіберді. Рух еркін  жіберілген, ол алдын-ала белгіленген жоспар бойынша әрекет етпейді. Рухтың таңдауы − тұлғалық шығармашылық. «Адам өзі өмір сүруі керек. Адам іші пысатын, пейіштен қуылғанын сезіне алатын бірден-бір тіршілік иесі. Ол болмысын проблема ретінде сезіне алатын, түсінетін, соны өзі ғана шеше алатынын және одан құтыла алмайтынын білетін жалғыз тірі жәндік. Адамдыққа дейінгі табиғат пен үйлесімді қалыпқа ол енді қайтып орала алмайды. Өзіне және табиғатқа қожа болу үшін ол өз зердесін дамытуы тиіс».

      Егер рух түсінігінде әмбебаптылық көбірек айқындалса, онда жанды аңғару қашанда әртекті болып келді. Жоғарыда қазақы дүниетанымдағы шыбын жан, рухи жан және ет жан туралы айтып кеткенбіз. Жан ұғымын оқшау тайпаларда деректі зерттеген антрополог Л. Леви-Брюль өзінің «Алғашқы қауымдық ойлау» кітабында ежелгі тайпалардың жан туралы түсініктері, анайы емес, қайта біздікінен мүлдем бөлек болды дейді. Олар қолға алған істерін жүйесіз жүргізген, сондықтан ойлары да жүйесіз болып келді дейді. Сол себепті жан туралы дамыған философиялық-діни қазіргі көзқарастар тұрғысынан, ол жөніндегі ежелгі нанымдарды тікелей салыстыруға болмайды.

      Жан туралы әртүрлі ағымдарды және түсініктерді қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрім де арнаулы зерттеудің объектісіне айналдырған. Ол жазған «Үш анықта» осы жан мәселесі терең зерделенген. Сол себепті жан туралы әртүрлі көзқарастарды сараптау талпыныстарын Шәкәрімсіз талдау жеткіліксіз болар. Шәкәрім жан мен тәндік бастаулардың арасындағы терең байланысты аңғара білген. Шәкәрім жанның мынадай ерекшеліктеріне басты назар аударады: 1) жан тән сияқты адамға о бастан берілген, ол таза табиғат туындысы емес, «жаратылыстың бір шыбынынан, не бір тозаңынан адам жаратыла алынбайды»; 2) жан баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді; 3) жанның бар екендігіне жаннан шыққан ерік, талап, ой, мақсат, сезім, білім арқылы көзіміз жетсе де, оның денелерге қосылып кетуіне ешбір дәлел жоқ; 4) жанның жай психикадан айырмашылығын оның адами-моральдық негіздерінен іздеу керек, ұждан-жанның тілегі, осы арқылы жанның мәңгілігі жүзеге асады. Жан мәңгілігіне сенбеу өмірде мән-мағына бар дегенге сенбеумен бара-бар. Адам өлген соң да жаны жоғалмай әлемдік рухпен қосылады деген сенім адамға үлкен сенім ұяландырады. Бұл біздің Шәкәрімді оқығанда алған тәліміміз. Ойшылдың өзі еңбегінің аяғында мынадай қорытындыға келеді: «Мен жан да бар, жын да бар, адамның өз жанының қуаты да бар деймін. Дәлелім: 1) Шақырмаған жан келіп, кейде өзі пәленшенің жаны екеніне нанарлық сөз айтатыны. 2) Шақырмаған кісіге бақсылық-дуаналық, фақризм, жындылық кез болатыны. 3) Ұйқыда кезу лунатизм, магнетизм мен біреудің еркін билеу, түсі дәл келу-бұл үш түрлісі үш бөлек қуаттың иесі болуға лайық

      Жан туралы философиялық рефлексияларда «рух тек рух үшін өмір сүреді», «жанның жандылығы оның өзінде» сияқты үлгілерді жиі кездестіруге болады. Бірақ, олар көбінесе рәміздік қызметтер атқарып, адамның болмыс туралы пайымдауларынан туындайды. Осындай пайымдау мүмкін болуы үшін адам жаны мен тәнін, руханилық пен заттылықты ажырата білуі қажет. Рухани шындықты біздіңдүниемізден тек тысқары тұратын әртүрлі абстракциялар мен «транцендентті мәнділіктердің», идеалды объектілерінің жиынтығы деп те  қарастыру адами рухани әлемге жеткізе алмайды. Өйткені, бүкіл  адамдық мәдени болмыс рух сәулесімен жарықтандырылған.

      Рациональдық дәстүрдегі философтар, тіпті сезімдік жанды дәріптеген      Л. Фейербахтың өзі рух адамның хайуанаттардан басты айырмашылығы дегенді қолдайды: «Адамда аңшы итінің, қарғаның иісті сезінуі, әрине, жоқ; бірақ иіскеу қабілеті барлық иістерді қамтитын болғандықтан, оның бұл қабілеті де еркіндеу, жан-жақты. Сезіну бір сыңаржақтылықтан, тікелей мұқтаждыққа қызмет етуден босанған жерде, дербес, теориялық мән мен бағалылыққа дейін биіктейді: универсалдық сезім ол − пайым, универсалдық сезіну-рухани сезінушілік. Ең қарапайым сезімдер − иіс сезу мен дәм сезу − адамда рухани, ғылыми сезінушілікке дейін көтеріледі».

Қорыта келгенде, жан мен рух туралы ой үрдістерін талқылаудың баянды түйіні ретінде  осы мәселенің күрделілігі туралы тұжырымға келуге болады. Адамның рухани өмірі толастамайтыны сияқты, бұл мәселені талқылау да ешқашан аяқталмайды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

1.Аристотель.Әлеуметтік философия.

2.Абай, Қара сөздер.

3.Философиялық сөздік – Алматы: “Қазақ энциклопедиясы”, 1996ж.

4. Ғ.Есім. Сана болмысы. Алматы: Ғылым, 1998,ж.

5. Д.Кішібеков, Ұ.Сыдықов. Философия. Алматы, 2002ж.



6. Философия. Құрастырған Т.Ғабитов. Алматы: Раритет-2004ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет