Тақырыбы: Оқушылармен тиімді кері байланыс орнату Орындаған: Жумабекова П.Б.
2021 жыл Кері байланыс – мақсатқа жетелейтін нақты әрекет, ситуация, талас тудыратын сұрақтар мен мәселелер бойынша түсінік алу және түсінік беру үдерісі. Тиімді кері байланысты ұйымдастыру сапалы оқытудың негізі болып табылады. Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы керек. Рефлексия мақсаты-еске түсіру, өзінің сабақ бойындағы іс-әрекетіне баға беру, талдау және мәселелердің шешу жолдарын іздестіру. Мұғалім оқушының кез келген кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұсын және сәтті шыққан қадамын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын алдын-ала біледі. Сонымен қатар кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады.
Рефлексия сөзі латын тілінен аударғанда reflexio- кейінге айналым мағынасын білдіреді. Бұл терминді Джон Локи 17 ғасырда енгізген. Рефлексия- адамның өз істерінің мәнін түсініп, оны ойлану барысында өзіне- өзінің нені, қалай жасағаны туралы толық және анық есеп беруі. Иә, бұл қасиет бойымызда бұрыннан бар деуге болады. Күнде кешкілік бүгінгі ісімізді, айтқан сөзімізді ойша шолып, есеп беріп, ертеңімізге жоспар құрып аламыз. Демек, «рефлексия» деп ат қойып, айдар тақпағанымыз болмаса, бұл әрекет қанымызда бар нәрсе. Бірақ соны қағазға түсіру немесе жүйелі күнделікті түрлендіріп, осы атпен сабақта қолдану болмағаны ақиқат. Осы бағдарлама бойынша білімді дайын күйінде беруден гөрі оқушыны өзі қорытынды жасауға ықпал ету және кері байланыс есебінде түрлі әдістермен рефлексия жасату тиімді екеніне көзіміз жетті. Кері байланыс жүргізу бір күннің іс-әрекеті емес, оған көп уақыт, ізденіс қажет. Мұғалім рефлексия арқылы алынған нәтиженің «дұрыс» не «бұрыс» болғанын дәлелдеп, қолданылған әдіс-тәсілдерінің тиімді не тиімсіз болғанын анықтап, орындалған іс- әрекетін зерттейді. Ең алдымен, мұғалім кері байланыс жасауға оқушыларын дағдыландырып алу қажет. Сонда ғана бұл оң нәтиже береді. Оқушылардың ой- өрісінің дамуы оқу үрдісі кезінде болады, ол оқушының өз бетімен толықтыруы мен өзін-өзі дамытуды қамтиды. Оқушы білім алудың мақсатын саналы түрде түсінсе ғана белсенді бола алады. Қолайлы оқу үшін адамдарға кері байланыс пен мадақтау қажет, сондықтан кері байланыс жүргізілуі тиіс. Ашық сауалдар, оқыту міндеттерімен алмасуы сияқты әдістер оқушылардың өз біліміне белсенді қатысу қабілетіне әсер етеді. Оқушылар жұппен де, өз беттерімен де өз білім деңгейлерін бағалауға және оған жеткенін түсінуге мүмкіндіктер бар. Рефлексияны әр түрлі әдіс-тәсілдермен сабақтың әр кезеңінде: тақырыптың соңында, сабақ бөлімдерінен кейін және тарау соңында жүзеге асыруға болады. Кері байланысты әртүрлі өткізуге болады: - топтық рефлексия түрінде, - әңгімелесу түрінде т.б. Кері байланыс ауызша және жазбаша түрде жүргізіледі. Кері байланыстың түрлері: жағымды және жағымсыз. Кері байланыстың формалары мен әдістері көп: ауызша талдау, талқылау, жазбаша сауалнамалар алу, графикалық суреттер, смайликтер т.б. ұйымдастыруға болады. Кері байланыстың түрін, формасын таңдау мұғалім құзіретінде. Қандай кері байланысты жақсы кері байланыс дейміз? -ол оқу мақсатына бағытталады -оқушы өзінің дұрыс бағытта екенін біледі -оқушы өз қатесін түсінеді, оны жақсартуға ынталанады -оқушы өз бетінше ойланып, ойын ашық айтуға дағдыланады -оқушының жетістігін үнемі хабардар етуіміз керек