Тақырып Жер мәселесі. Көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресі Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі



бет1/5
Дата13.03.2023
өлшемі44,76 Kb.
#73602
  1   2   3   4   5

Тақырып 6. Жер мәселесі. Көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресі Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі ХVIII ғасырдың ортасында Ресей үкіметінің қазақ жерін отарлау саясаты пәрменді жүргізіле бастады. Кіші жүз қазақтары бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша Жайық бойында көшіп-қонатын. Ал қыс айларында Жайықтың оң жағалауында қыстайтын еді. Алайда патша үкіметінің Жайық бойына көшіп-қонуға тыйым салуына байланысты ол мүмкін болмай қалды. Сол себепті Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының 1773-1775 жж. Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына белсенді қатысуы кездейсоқ емес еді. Ол патша үкіметінің жерге қатысты қысымының күшеюінен еді. Мысалы, Кіші жүз қазақтары Е. Пугачев көтерілісі кезінде Жайық бекінісін қоршауға, Кулагин бекінісін алуға қатысты. Екі мың қазақ сарбазы Орынборға шабуыл жасауға қатысты. Орта жүз қазақтары Пресно-горьковский бекінісіне шабуыл жасап, басқа да соғыс қимылдарына қатысып, қатар-қатар тұрған бекіністерге қауіп тендірді. Е. Пугачев көтерілісі басылғаннан кейін де Кіші жүздеп жер мәселесі күрделі күйінде қала берді. Аса күрделі мәселе қазақ руларының дәстүрлі көші-қон жүйесінің бұзылуы болатын. Оған қоса жайылым жерлер тарыла бастады. Қыс айларында қыстауға Жайықтың арғы бетіне көшу тек 1782 жылы ғана мүмкін болды. Оның өзінде де шекара басшылары ханға арнайы рұқсат беріп, ақы төленуі тиіс болды. Бұндай күрделі жағдайда Кіші жүз ханы Нұралы Ресей әкімшілігімен қалыптасқан өзара сенімді қарым-қатынасын пайдаланып, ең алдымен халық мүддесін ойлауы керек болатын. Алайда, ол бұл мәселені басқаша шешті: қазақтардан Жайықтың арғы бетіне өту мен казактардың қолына тұтқынға түскендерді босату үшін алым-салық жинады. Қомақты қаржының бір бөлігін өзіне қалдыруды да ұмытпады. Ханның рұқсат беруі тек ханның ғана емес, сонымен қатар Жайық казактарының ағамандарының кірісті кәсіпшілігіне айналды. Нұралы ханның мұндай іс-әрекеті қарапайым халықтың ғана емес, сондай-ақ сұлтандар мен ру басыларының, билердің заңды наразылығын туғызды. Бұл Кіші жүздегі саяси ахуалды мүлде шиеленістіріп жіберді. Хан беделін күннен-күнге төмендете берді. Ресейдің отарлық саясаты мен ханның іс-әрекетіне қарсы Кіші жүзде наразылықтар мен толқулар күшейе бастады. Оған қоса 1782-1783 жылдың қысында «жұт» басталды. Сол уақыттағы «жұт» турапы деректер мына жағдайларды суреттейді: «Гурьевтің ар жағындағы даладан көптеген малдар- дың өліктерін көруге болады. Олардың саны мыңдаған жылқы және ірі қараны құрады. Қойлар мен басқа да ұсақ малдар есепке алынбады. Қазақтар тыйым салуға қарамастан өз еріктерімен Жайықтың «ішкі жағына» өтуін тоқтатпады. Ал бұл жерлерде оларды казактар қарсы алып, тонап отырды. 1783 жылы көктемінде казак әскерлері қазақтардың төрт мың жылқысын айдап алып кетті». Мұның бәрі көтерілістің шығуына түрткі болған еді Көтерілісті ұйымдастырушы белгілі батыр әрі шешен, Е. Пугачев көтерілісіне белсене араласқан Байбақты руының ағаманы Сырым Датұлы болды. Көтеріліс 1783 жылы басталып, 1797 жылға дейін созылды. Көтерілістің халықтық сипат алуының себебі: патша үкіметінің отарлық саясаты, олардың қазақ жерлерін тартып алуы, бекіністердің салынуы, ғасырлар бойы қалыптасқан көші-қон жүйесінің бұзылуы, ресей әкімшілігі мен казак әскері тарапынан үздіксіз жасалып келген қысым мен күш көрсетуі, қазақ халқының қарапайым азаматтық құқықтарының шектелуі болатын. Оның үстіне Нұралы хан мен оның туыстары Айшуақ, Ералы, Досалы жыл сайын Орынбордан жалақы алып отыратын. Сондықтан да олар Ресейдің отарлық әкімшілігіне қызмет етті. Кіші жүздегі көші-қон мәселесі Нұралы хан ұйғарымымен шешіп отырды. Бұл жағдайдың бәрі халықты дала заңдылығында жоқ кіріптарлыққа ұрындырды. Сырым Датұлы көтерілістің алғашқы кезеңін Орал әскери желісі бойындағы Ор бекінісіндегі казак әскерімен соғысудан бастады. Көтерілісшілердің ең негізгі күші Сағыз өзені бойына шоғырланып, ол көтерілістің негізгі ошағына айналды. Сырым Датұлының 2700 сарбаздан тұратын жасағы құрылды. Ал көтеріліске қатысқандардың жалпы саны шамамен 6-7 мың адамға жеткен. Көтерілістің қозғаушы күші шаруалар болды. Сонымен бірге Нұралы ханның патша әкімшілігін ашық қолдап отырғанына наразы болған ру басылары мен билер де көтеріліске белсене қатысқан еді. Мысалы, 1785 жылы Ресей патшайымы ІІ Екатеринаға Кіші жүз ағамандарының жазған хатында: «Біз Кіші Орданың қырғыз-қазақ жұрты, барлық халқы, ханның маңайындағылардан басқа, Нұралы ханға ашулымыз... Біз патшадан жаманшылық көргеннен емес, ханның зұлымдығына байланысты сізбен ешқандайда ымыраға келе алмаймыз. Сондықтан ол орнынан алынбайынша, біз сізбен келіссөз жүргізіп, бітімге келмейміз деп, бірауыздан шештік», - деген талап қойған. Кіші жүздегі ұлт-азаттық көтеріліс Ресей әкімшілігін қатты алаңдата бастады. Сол себепті 1785 жылы Әскери коллегияның шешімімен қаңтар айында кетерілісті басу үшін генерал Смирнов бастаған тұрақты әскер жіберіледі. 1785 жылы көктемде көтерілісшілер Антонов бекінісі мен Жайықтың төменгі ағысындағы Сахарный бекінісіне шабуыл жасайды. Бірақ әскери горнизон шабуылға дайын болғандықтан, қазақ сарбаздарына тойтарыс беріледі. Көтерілісшілер сол маңдағы басқа да бекіністер мен қамалдарға шабуылдарын жиілете түсті. Көтерілісшілердің күші барған сайын нығая бастады. Ал Кіші жүз ханы Нұралының патша әкімшілігімен байланысын күшейткенімен, халық алдындағы беделі төмендей берді. Ақсүйектер мен халықтың сенімінен айырылғаннан кейін Нұралы хан патша үкіметінен көмек сұрап, Орынбор әкімшілігінің қолдауына сүйенді. Өзімен «жауласқан» табын руының ауылынан қорғаныс іздеп көмек сұрады, сөйте отырып, Орал казак әскерінің атаманы Донсковтан «оларды басып алуын» талап етті. Басып алу нәтижесінде «...қырғыз-қайсақ халқы барлығы менен бөлініп кетті. Көшіп қонушылар Ембінің жоғарғы жағына Ойыл бойымен кетіп қалды», - деп, Нұралы хан генерал-губернаторға жазған хатында мәлімет берген. Кіші жүздегі хандық Биліктің дағдарысы жергілікті патша әкімшілігінің де алаңдаушылығын туғызды. Олардың Кіші жүздегі қазақтарды бұрынғысынша басқаруы мүмкін болмай қалды. Осындай жағдайда хандық билік жүйесіндегі қазақ қоғамын іштей ыдырату үшін Орынбор генерал-губернаторы генерал-поручик, барон Отто Игельстром бастаған патша әкімшілігі Кіші жүздегі хандық билікті жою саясатына кірісті. Барон Игельстром қарапайым халық пен «ақсүйектер» арасында жік түсіріп, Сырым Датұлының хандық билікке қарсы күресін пайдалануға тырысты. 1785 жылы шілде айында қазақ старшындары мен ру басшыларының құрылтайы өткізілді. Оған Кіші жүздің 32 руының 25-і қатысты. Құрылтайда Нұралы ханды тақтан түсіру туралы шешім қабылданады. 24 шілдеде құрылтай шешімі Орынбор генерал-губернаторы Игельстромға тапсырылды. Ал, ол бұл шешімге қатысты өзінің қосымша пікірлерін жазып, «ханның беделсіздігі» туралы Петерборға мәлімет береді. 1786 жылы 10 мамырда Игельстром ІІ Екатеринадан Кіші жүздің барлық руларына жаңадан ағамандар тағайындап, жазалау тәртібін енгізуді өтінді. О Игельстромның Кіші жүздегі хандық билікті жою туралы әрекеті тарихқа «Игельстром реформасы» ретінде енді. Оның мәні не еді? Бұл реформа бойынша Кіші жүзде хандық билікті жойып, оны басқаруды Орынбор Шекаралық соты арқылы жүзеге асыруды көздеді. Кіші жүз аумағы үшке бөлініп, бұл бөліктердегі басқаруды жүзеге асыру үшін сот қызметін атқарушы төрағаға, елге танымал екі заседатель мен бір молдаға (жазбаша істі жүргізу үшін) тағайындау жоспарланды. Бұл істі жүргізетін шенеунектерге арнайы жалақы төленетін болды. Ру ағаманы мен сот төрағасы 200 сом, олардың көмекшілері мен заседательдер 50 сом, молда 100 сом жалақы алатын болды. Хандық билік жойылды. 1786 жылы 6 шілдеде ІІ Екатерина Нұралы ханды биліктен алу үшін (рес- крипт) бұйрық шығарады. Ол алдымен Орынборға шақырылып, одан кейін Уфаға жер аударылады. Сөйтіп, оның тағдырын патша әкімшілігі шешіп, сонда 1790 жылы қайтыс болады. 1786 жылы Орынбарда Шекаралық сот, ал 1787 жылы жазалау ұйымы құрылады. Бірақ бұндай әкімшілік басқару жүйесін Кіші жүздің бүкіл аумағына тарату мүмкін болмады. Өйткені іс жүзінде билік ру ағамандарының қолында болатын. Осылайша Игельстром реформасы жүзеге аспай қалды. Біріншіден, ол қазақтардың далалық заңдарына сәйкес келмеді. Орынбор әкімшілігі енгізген тәртіптерді тағайындалған сот төрағаларының өздері де жете түсіне алмаған еді. Екіншіден, хандық билікті бірден жоюды патша үкіметі қауіпті деп санады. Себебі қазақ халқының наразылығын басып алмай, бұндай саяси қадамға бару көтерілісті одан әрі өршітіп жібереді деп сескенген болатын. Сонымен бірге 1789 жылы 14 шілдеден Француз буржуазиялық революциясы Бастилияны шабуылмен басып алып, «Азаматтар мен адам құқығы туралы Декларация» қабылдаумен аяқталғаны белгілі. Нәтижесінде Францияны Республика деп жариялап, король ХVІ Людовик жазаға тартылған еді. Міне, осындай жағдайдан қорыққан патша үкіметі Кіші жүзге енгізіліп жатқан жаңалықтарды тоқтата тұруына тура келді. Және де О. Игельстром қызметінен босатылды. Ал оның орнына келген губернатор А. Пеутлинг хандық билікті қалпына келтіру бағытын ұсынды. 1790 жылы көтерілісшілер жасағы Ойыл өзенінің маңына қайта шоғырланып, Елек қорғанысына шабуылға дайындала бастады. Осы жылдың тамыз айында Уфада Нұралы хан қайтыс болғаннан кейін, патша әкімшілігі 1791 жылы оның інісі Ералыны Кіші Жүзге хан етіп тағайындайды. Нұралы ханның тақтан тайдырылуы мен О. Игельстромның қызметтен босауы Сырым Датұлы сарбаздарының біраз бөлігінің елдеріне қайтуына әсер еткен болатын. Сол себепті көтерілісшілердің әскери күші едәуір әлсіреп қалған-ды. Ал жаңа губернатор болса Сырым батыр көтерілісін біржола басуды қолға ала бастады. Ералы хан ағасы Нұралы ханның саясатын одан әрі жалғастырып, Сырым Датұлына қарсы күресті қайта бастады. Міне, сондықтан да Орынбор әкімшілігі оған жан-жақты қолдау білдірді. Осындай жағдайлардың барлығы көтерілістің қайта өршуіне әкеп соқты. 1792 жылы жазда көтеріліс бүкіл Кіші жүз аумағын қамтыды. Сол жылы күзде Сырым Датұлы Елек қаласын шабуылмен басып алуға әрекет жасады, бірақ та бұл мүмкін болмай қалады. Бұдан былай күшінің жеткіліксіздігіне көзі жеткен Сырым батыр күрестің түрін өзгертіп, партизандық соғыс әдісіне көшеді. Кіші жүздегі кетерілістің ұзаққа созылуына алаңдаушылық білдірген ІІ Екатерина Сырым Датұлын ұстауға жарлық береді. 1794 жылы Ералы хан қайтыс болып, патша үкіметі тағы да жаңадан хан тағайындауға мәжбүр болды. Тек екі жылдан кейін ғана, яғни 1796 жылы қазанда Нұралының ұлы Есім хан болып тағайындалады. Есім хан Сырым Датұлы сарбаздарының шабуылдарынан сақтана отырып, өзінің бүкіл ауылымен шекаралық бекіністер маңында көшіп-қонуға шешім қабылдайды. Ал өзінің ордасы ретінде Мерген форпостын таңдап алды. Бұған қарамастан көтерілісшілер 1797 жылы 27 наурызда хан ауылын шауып, Есімнің өзін өлтіреді. Бұл кезде Орынбор губерниясының генерал-губернаторы болып қайтадан барон Игельстром тағайындалған еді. Бұл жолы енді, патша әкімшілігі жаңа әдіске көшеді. 1797 жылы тамызда Кіші жүзде Хан кеңесі құрылады. Оның төрағалығына Әбілқайырдың ұлы, жасы егде тартқан Айшуақ сұлтан тағайындалады. Хан кеңесіне Сырым Датұлы да шақырылады. Жазалаушы отрядтан қаша отырып, көптеген сарбаздарынан айырылған С. Датұлы 1797 жылы 30 тамызда мыңға жуық жасағымен Хан кеңесіне келеді. Хан кеңесіндегі келіссөздерден кейін Сырым батыр күресті тоқтататынын жариялайды. Бұл жолы Хан кеңесі Кіші жүзді саяси дағдарыстан шығаруда қабілеттілігін керсетті. Соған байланысты 1797 жылы қазан айында Айшуақ хан болып тағайындалады. Ал бұл 14 жылға созылған С. Датұлының қозғалысының жеңілісінің көрінісі болатын. Кіші жүздегі қазақтардың Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бірінші ашық бас көтеру болды. С. Датұлын ІІ Екатерина мен Игельстром Кіші жүзде хандық билікті жою үшін кейбір жағдайларда пайдаланған да еді. Дегенмен Сырым Датұлы бастаған халық қозғалысы біраз уақыт болса да патша үкіметінің отарлық саясатын тежеді және Ресей үкіметін қазақтардың мүддесімен санасу керектігіне көздерін жеткізген еді. Өйткені кетеріліс аяқталғаннан кейін патша үкіметі қазақтарға Жайықтың сол жағына көшіп-қонуға рұқсат беруге мәжбүр болған еді. Бұл Сырым батыр бастаған көтерілістің нәтижесіз болмағанын дәлелдесе керек. Кіші жүздің соңғы ханы ресми түрде бекітілген Шерғазы (Серғазы) Айшуақұлы болды. Қазақ тарихын зерттеуші орыс ғалымы А.И. Левшин оның хан тағына отыру салтанатын былай суреттейді. «Ол кездегі сауатсыз азиаттықтарға хан атағының қаншалықты маңызды екенін көрсету үшін орыс үкіметі оны үнемі сән-салтанатпен әрі түрлі рәсімдермен өткізіп отырды. Бұл дәстүр Кіші жүздің ханы болып Нұралы сайланған кезден бастап жалғасып келе жатыр .. мысал ретінде 1812 жылы болған Кіші орданың бұрынғы сұлтаны, Айшуақұлы Шерғазыны Орынбор маңында хан тағына отырғызу салтанатын сипаттайық. Орынбор әскери губернаторы, князь Волконский Ресей императорының сайлауды бекіту туралы шешімі жарияланғаннан кейін салтанатты жиынның күнін белгілеп, ханның өзіне және белгілі сұлтандар мен ру басыларына, сондай-ақ қырғыз ағамандарына 23 тамызда Оралдың сол жақ жағалауына халқымен көшіп келуін ескертті. 22 тамызда бір штаб-офицері бірнеше обер-офицерлерімен және тілмаштармен далалық өлкеге жіберілді. Олар шекара маңына жақын көшіп келген ханға келесі күні салтанатты рәсім болатындығын жеткізеді. 23 тамызда бекіністен таңғы сағат 7-де 3 зеңбіректен оқ атуымен салтанатты рәсім басталатынын паш етеді. Ал сағат 8-де штаб-офицері екі обер офицерімен және қарауылмен Шерғазыға келіп, дайындықтың әзір екенін баяндап және оған салтанат өтетін жерге келуін сұрайды. Сондай-ақ оған күйме мен екі арба жіберіледі. Жіберілген штаб офицер және тілмашпен бірге күймеге ханның өзі және бір сұлтан екеуі отырады; арбаға құрметті сұлтандар мен оның маңайындағылар отырады. Хан күймесі алдында екі офицер, төрт урядник жүріп отырды, ал соңында елу казак еріп жүрді. Ал салтанатты топтың соңынан атты қырғыздар (қазақтар - авт) ілесті. Осы уақытта хан өз киіз үйінен шыққан кезде, белгіленген уақытта бекіністен әскери губернатор да шығады. Екі жақ та келіп жеткен уақытта, салтанат өтетін жерде қарулы әскерлер құрмет керсетіп, барабандар соғылып, музыка ойналады. Қарулы әскер құрамында: 200 Орынбор казактары, бір татар полкі, 300 башқұрттар, гарнизондық жаяу әскер полкі және артиллериялық рота болды. Әскери губернатор ханмен бірге дайындалған орынға көтеріліп, жиналған халыққа Жоғары мәртебелі патша ағзамның Шерғазыны хан етіп бекіткенін жариялайды және императордың грамотасын орыс және татар тілінде оқуға бұйрық берді. Сонан кейін хан кілем үстіне тізесін бүгіп, Құранның алдында Ресейге адалдығы жөнінде салтанатты түрде ант береді, алдын ала дайындалып бекітілген антты мұсылман діни басқармасының өкілі оқып, хан оны қайталап тұрды. Негізінде дайындалған антын оқи бастады. Соңында құранды сүйіп, оны басына көтерді, одан кейін ресми қағазға қол қойылатын орынға өзінің мөрін басты. Содан соң қатар тізіліп тұрған артиллериядан 12 рет оқ атылды және қамалдан 11 рет алты қарудан оқ атылды; мылтықтан оқ атылып, барабандар соғылды және тағы да музыка ойналды. Осы аралықта ханға Сарайдан арнайы жіберілген құндыз ішік кигізілді, өте қымбат жібекпен қапталған шапан жабылды, баскиім кигізіп, оның аты жазылған алтын қылыш тапсырылды. Баскиімді генерал-майор кигізді, ал ішікті иығына жапқан полковник болды, қылышты подполковник тапсырды. Соңында әскери губернатор оған императордың хандық билікке лайықтылығы жөніндегі грамотасын тапсырды, ол оны сүйіп, басына көтерді. Осыдан кейін халық тарайды, бірақ әскери губернатор түс ауа төрттердің кезінде ханға арнайы күйме мен арбалар жіберіп, нөкерлерімен бірге түстік асқа шақырады, Бөлмеге кіре берісте музыка ойнап тұрады. Түстік кезінде, император әулеттері үшін, оның денсаулығы үшін шексіз мөлшерде шарап ішілді; түстік аяқталысымен бал ұйымдастырылды. Келесі күні қырғыздарға (қазақтар - авт.) далада ешбір рәсімдерсіз ас берілді. Ал, үшінші күні далада қоштасу түстігі беріліп, көптеген сыйлықтар таратылды». Алайда Шерғазыны хан етіп бекіту салтанаты Ресей империясы үшін өте қолайсыз уақытта өткізілген еді. 1812 жылы Ресей тарихында Отан соғысының басталғаны белгілі. Бұл соғысқа әртүрлі әскери полктардың құрамында қазақтар да қатысқан еді. Қазақ жауынгерлерінің кепшілігі 24-26 тамызда Бородино деревнясы түбінде болған даңқты шайқаста көзге түсті. Көрсет- кен батырлығы мен ерлігі үшін Ертіс желісі полктерінің бірінің солдаты Май- лыбайұлы күміс медальмен марапатталды, ал І Тептяр полкінің старшинасы Сағит Хамитұлы ІІІ дәрежелі қасиетті Анна орденін Вязьма түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін алды. Атаман М. Платов қолбасшылық еткен казак әскерлерінің құрамында орыс армиясымен бірге Еуропаға жасалған жорықтарға Башқұрт полкі де қатысты. Осы полктің уряднигі Нарынбай Жанжігітұлы өзінің ержүректілігімен танылып, Веймар, Ганау, Майндегі Франкфурт түбіндегі шайқастарда және Парижді алудағы көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін Қасиетті Георгий орденінің толық иегері болды. Н.Жанжігітұлымен бірге бұл шайқастарда Әмен Байбатырұлы батылдығымен көрінді. Кейін оны халық тек батыр ғана емес, талантты ақын ретінде де мойындады. 1812 жылғы Отан соғысы Яков Беляков үшін екінші ірі әскери сын болды. Шоқынған қазақ Я. Беляков ІІІ Орынбор казак полкінің құрамында өз еркімен 1809-1810 жылдары орыс-түрік соғысына қатысып, даңқты қолбасшы М.И Кутузовтың өз қолынан марапатқа ие болған еді. 1812 жылы Отан соғысына қатысқан қазақтардың қатарында өз өтініштері бойынша халық жасақтарына сұранғандар да болған. Өз еріктерімен халық жасақтарына жазылғандарға ұлттық киімдерін киіп жүру рұқсат етілген. Олар қылыш, найза және мылтықтан басқа, садақ пен жебені де асқан шеберлікпен пайдаланды. Ол жөнінде 23-жеңіл атты-егерлік бригаданың қолбасшысы, полковник барон де Марбо жоғары бағалай келе, оларға «Амур» деген лақап ат тағылғанын ерекше атап көрсетеді. «Қазақ, башқұрт немесе татар атты жауынгерінің мықты да шебер қолымен атылған кішкентай жебе жаудың тура көзіне немесе тамағына дәп тиеді. Олардың нысананы дәл көздейтіні және атқан оқтарының күштілігі сондай, 15 сажень қашықтықтан атқан оқтары адамды ғана емес, сондай-ақ атты да тесіп ететін болған». Қазақ халқының Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы, Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісін белсенді қолдауы және Ресейдегі Отан соғысына өз еріктерімен қатысуы отаршылдық үстемдік пен басқыншылыққа қарсы халықтың санасы мен жауынгерлік рухы жаңа сапалық деңгейде қалыптаса бастағанын айқындап берді.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет