Тама руының шығу тегі



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата20.02.2023
өлшемі175,46 Kb.
#69642
  1   2


Тама руының шығу тегі 
Тарпанова Г. магистрант, ғылыми жетекшісі: т.ғ.к. Жакин М.С. 
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
Тарихи зерттеулерде Тама руының шығу тегі ежелгі түрік дәуірінен 
бастау алатыны анықталған. Олардың этникалық шығу тегі әлі күнге дейін 
зерттеліп келеді.
Тама руының шығу тегі жөнінде біраз мәліметтер бар. Соның ішінде 
Мұрын жыраудан «Қырымның қырық батыры» жырының орны ерекше. 
Осыдан Ғабжалилов Х., Омарбеков Т. «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты 
томдық кітабында: «Тама бытырдың арғы тегі шежірелік тұрғыдан 
баяндалған. Онда Қарадөңнен – Жұбаныш – Сүйініш – Ер Бегіс – Ер Көгіс – 
Тама болып таратылады», - деп көрсетеді [1, 60 б.].
М.Тынышпаев қазақ руларының ұрандары мен таңбаларын өзінің 
зерттеулерінде айқындап көрсеткен ғалымдардың бірі [2, 97 б.]. 
Башқұрт халықтарына таралған тама руының ежелгі және 
ортағасырлардағы тарихына қатысты башқұрт тарихшысы Р.Г. Кузеевтың 
еңбегінде кездеседі. Оның айтуынша: «Көне бащқұрт рулары Еділ-Жайық 
бассейніне VIII-IX ғ.ғ. келген және олардың одан әрі солтүстікке қарай 
жылжуы болғарлардың қозғалыстарының жалғасы Тамьян-Тама, Байлар, 
Яғалбай-Жағалбайлы рулары кездеседі», - деп айтады [3, 425 б.].
Алғаш рет Арғынбаев Х.,Мұқанов М., Востров В. сияқты зерттеушілер: 
«Тамалардың арғы аталарының Алтай-Саян өңірін мекендеген, алғаш рет 
Рашид-ад-дин зерттеулерінде тумат тайпасынан бастау алуы мүмкін», - деген 
пікірді айтқан [4, 375].
Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия жерлерінде қоныстанған көшпелі 
Тамалар тарихын В.В. Бартольд: «Көшпелі тайпалар отырықшы аймақтарда 
өндірілетін өнімдерді қажет ететін. Саманилар мемлекетінің күшті болуына 
байланысты олар қажетті өнімдерді жорықтар арқылы ала алмады. Сөйтіп 
олар өздері шекаралық қалаларға келіп, сауда-саттық жасайды. Сонымен 
бірге Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы оғыздардың бір тобы, белгісіз 
себептермен өз жерлерін тастап, Мәуереннахрға жылжиды. Мұндағы 
билеушілердің келісімімен көшпелі өмірге тиімді жерлерге қоныстанады» , - 
деп баяндайды [5, 317 б.]. 
Ноғай Ордасы кезеңіндегі Тама руының тарихын Ресей тарихшысы 
В.В. Трепавловтың еңбегінде: «1502 жылы Мұса биден соң Ноғай 
Ордасының биі боп Оқас бидің ұлы Жаңбыршы 1502-1504 ж.ж. билікті қолға 
алды. Жаңбыршы бидің тұсында бүкіл Ноғай Ордасына, оның ішінде тамалар 
секілді жекелеген тайпаларға қатысты болған оқиғаның бірі – ноғайлы елінің 
өз ішінде әкімшілік жағынан бөлініске түсуі болды. XVI ғ. басына дейін 
Ноғай Ордасы бұрынғы монғолдың көшпелі дәстүрі бойынша хандық билігі 
орныққан бір мемлекеттің оң немесе сол қанатына жатып келсе, енді Мұса 
бидің тұсында оң және сол қанаттарға бөліну ноғайлардың өз ішінде де 
жүреді. Осыған байланысты XVI ғасырдағы жиі кездесетін «едисан» (жетіру) 
бірлестігі – Ноғай Ордасының оң қанатына сәйкес келеді», - деп түсіндіреді 
[6, 142 б.]. 


Кіші Ордадағы және Бөкей Ордасындағы Алшын одағына кіретін 
тамалар туралы этникалық мәліметтерге Н.А. Аристов көңіл бөлген. Оның 
ойынша: «Кіші орданың байырғы тайпасы алшындар негізі түріктердің батыс 
динлиндерімен және ашық түсті угрофиндермен қоспаларынан тұрған», - деп 
сипаттайды [7, 461 б.]. Тама руына байланысты М. Мұқанов пен В. Востров : 
«Тама руынан шыққан тегі тарихи әдебиетте ешқандай көрініс таппаған. 
Орыс деректемелерінде Тама руы туралы алғаш рет 1748 және 1762 
жылдарда айтылады. Ол жөнінде А.И. Тевкелевтің тізімінде және П.И. 
Рычковта, сонымен қатар Ларионовтың рапортында да кездеседі. Сондай-ақ, 
бұл рудың неғұрлым ертеректегі тарихын анықтау үшін, біздің ойымызша 
Рашид ад-диннің монғол тайпаларының ішінде Барғу-бурут бөлімдерінің бірі 
Енисейдегі қырғыздар арасында мекендеген тума болғаны туралы мағлұматы 
қызықтырарлық болып табылады. Жорамал ретінде бұл тума – тама руының 
ата-бабалары болып табылады деп санауға толық мүмкіндік береді. Рудың 
таңба белгісі ІІ – қос әліп. Тамалар таңбасының қазақтың қыпшақ 
тайпасының таңбасынан еш айырмасы жоқ екенін көрсетеді. Оның үстіне 
Тама руы ертедегі қыпшақтардың ежелгі жерінде , яғни Оңтүстік Оралда 
Жайық және Тобыл өзендерінің жоғарғы ағысында үнемі мекендеп келген», - 
деп тұжырымдайды [4, 389 б.].
Ежелгі Тума елі туралы Әбілғазының «Түрік шежіресінде»: «Тума – 
ойраттың тағы бір бұтағы. Бір қоғын-түкім деген қырғыз уәлаятына жақын 
жерде отырар еді. Ол Шыңғыс ханға өзі келіп, көріп бағынды», - деген [8, 36 
б.]. 
Белгілі түріктанушы Әбдуали Қайдар Қаңлы тайпасының тарихи 
шежіресінде ежелден Сыр бойын мекендеген бұл тайпаның тамалармен және 
қыпшақтармен қарым-қатынасын төмендегідей сипаттайды: "Ұзақтан бері 
Оңтүстік өңірінде тамалар қаңлы, қыпшақтармен аралас келеді. Соның бір 
айқын белгісі – екеуінің де таңбасы бір – «көсеу таңба» [9, 221 б.].
Тама руының Оңтүстікте қоныстану себебін Пернебай Дүйсенбин: 
«Осы күнге дейін түрлі басылымдарда, ауызекі әңгімелерде Кіші жүздің 
Тама, Шеркеш алшын, Жағалбайлы әулеттерінің Оңтүстік өңірге, Сарысу 
бойына қай кезде қоныстанғандығы жөнінде түрлі әңгімелер алға тартылады. 
Кейбір тарихшылармыз бен әдебиетшілеріміз Батыс өлкені мекендеген Тама, 
Шеркеш, Жағалбайлы руларының Арқа, Жетісу өңіріне қоныстануын кейде 
қисынсыз болжамға сайып, дәлелдеп жатады. Сөз соңында осы жайтқа да 
тоқтала кеткен дұрыс болар:
1. Сырым Датов кетерілісі жеңіліске ұшыраған соң, 1797 жылы Шеркеш 
Қаражігіт би Төлебайұлы бастаған үш ауыл Арқаға қоныс аударған.
2. Арынғазы көтерілісінен кейін 1821 жылы Тама Жұбан мырза бастаған топ 
қазіргі Оңтүстікке үдере көшкен.
3. Көтібар кетерілісі басылған соң 1825 жылы Тама Арап деген жігітке ерген 
көп ауыл қазіргі Шымкент, Жамбыл облыстарының жеріне келген.
4. Исатай, Махамбет көтерілісі сәтсіздікке ұшыраған соң 1839 жылы Бөкей, 
Қондықбай бастаған Жағалбайлылар қазіргі Қостанай, Жезқазған облысының 
бос жатқан жерін жайлады», - деп түсіндіреді [10, 14-15 б.].


Қазақ совет энциклопедиясында: «Шежіре дерегінде тамалар 
Есенкелді, Жоғы, Жабас деген үш атаға бөлінеді. Н.И. Гродеков пен Мейер 
т.б. зерттеулерінде Тама қыпшақ таңбалы (ІІ, көсеу). Осыдан біз Тамалар 
негізінен ежелгі қыпшақ жерін, Оңтүстік Оралды, Жайық пен Тобыл өзенінің 
сағасын мекендегенін көреміз», - деген ой-пікірлер бар [11, 536 б.]. 
Жетірудың қалыптасу тарихын Р.Г. Кузеев былай баяндайды: «Жетіру 
тарихи және этнкиалық тұрғыдан Дешті Қыпшақ тайпаларымен тығыз 
байланысты. Қыпшақтардың өздері бұл топты ұзақ уақыт бойы башқұрттарға 
емес, қазақтарға жатқызады. Тарихи фольклордың мәліметіне қарағанда, 
бәрінен бұрын бурзян, усерган, тамьян және тангаур тайпаларын біріктірген 
тайпалық одақ оңтүстік шығыс және оңтүстік Башкирияда XIV-XV ғ.ғ. 
шындығында болған, алайда «Жетіру» деген атты ол кейін ғана алған. 
Негізінде «Жетіру» этнонимі башқұрттық негізде де этникалық мәнге ие». [3, 
115-116 б.].
Пернебай Дүйсенбин: «1797 жылы Сырым Датов көтерілісі жеңіліске 
ұшыраған соң Шеркеш руынан шыққан Қаражігіт би Төлебайұлы бастаған 
үш ауыл Арқа жеріне қоныс аударғандығы жөнінде нақты деректер бар. 
Бұдан кейін Кіші жүздің Тама, Жағалбайлы, Рамадан, Телеу т.б. рулары осы 
күнгі Қарағанды, Жезқазған, Оңтүстік Қазақстан облыстарына қоныс 
аударды», - деп жазады [10, 215 б.] 
Н.М. Карамзин: «1300 жылы Ноғайды Алтын Орда ханы Тоқта 
талқандайды. Днепр мен Дунайдың арасында көшіп-қонып жүрген ноғайлар 
алғаш солтүстік Кавказға және Каспийдің солтүстік батысына зорлап 
көшірілді. Рашид ад-диннің мәліметіне қарағанда Алтын Орда ханы Тоқта 
Ноғайға қарсы аттанғанда өзіне шекаралық Дербент бекінісінің билеушісі 
Тама-Тоқтайды шақырған Тама-Тоқтай Шайбанның 4-ші баласы Балақанның 
ұлы еді», - деп түсіндіреді [12, 55 б.]. Оны М. Тынышпаев жалғастырып: 
«Тегінде Тама-Тоқтай осы өңірдегі тамаларды басқарғандықтан билеуші 
ретінде оның есіміне тама руының аты қосылып жазылуы мүмкін. XIV 
ғасырдың басында тамалар Терек маңын қыстауға айналдырып, ал жазда 
Қазан маңына Еділ мен Жайықтың орта ағыстарына дейін көшіп жүрген», - 
дейді. М. Тынышпаев зерттеуінде Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Ресей 
территорияларынан қазақтың Кіші жүзіне жататын рулар аттарына ұқсас 
көптеген атауларды тапқан [2, 95-103 б.]. Соның бірі Таман түбегінің аты 
тама руымен үндесіп жатыр. Башқұрт тарихшысы Р.Г. Кузеев тамалардың 
кейде «таман», кейде «тамьян» деп аталатынын атап көрсетті [3, 165 б.]
Тама атауы жөнінде Карамзин былай деген: «Тамалар ежелгі Сырдария 
мен Арал бойы халықтарымен араласқанда, яғни VI-VII ғ.ғ. сармат-иран 
тайпалары ықпалымен «таман» аталып кеткен. Кейін тамалар батысқа 
жылжып, таман атауы енді Қаратеңіз жағалауынан кездесетін болды. Осыдан 
біз тама руының XIII-XIV ғасырларда Терек өзені мен Таман түбегі маңында 
мекендегенін көреміз. Таман түбегіндегі жалғыз қала Матрега бұл тұста әлі 
Таман қаласы деп айтыла қоймаған» [12, 103 б.]. 
Қара теңіз жағалауындағы Таман түбегіне, одан кейін Қырымдағы 
Қырық ер қаласына дейін созылғанын ескерсек Тама руы басқа да туыстас 


түркі-қыпшақ ру-тайпаларымен бірге Алтын Орданың оңтүстік-батыс 
шекаралық аймақтарын сыртқы шабуылдан қорғайтын қарулы күштерді 
қорғағанын байқаймыз» [2, 95-102 б.] Кейіннен Дербенттің Чора аталғаны да 
Тамалардың үстемдік орнатқанын байқатады. 
Рашид ад-динге жүгінер болсақ, кейбір зерттеушілердің айтуынша: 
«Тамалар Батудан соң Береке ханның кезінде де, Мунгу-Темірдің және 
Тоқтаның тұсында Алтын Орданың осы өңірдегі саяси-әскери оқиғаларына 
белсене қатысқанын көреміз. Оның ішінде, Алтын Орда беклербегі Ноғайдың 
кезінде орыстарға жақын орналасқан Тамах, Валах, Узнақ деген жерлерді 
өзіне қаратқаны айтылады. Осы жерлердің ішіндегі Тамах атауы тегінде 
Тамалар орналасқан аймақ болуы мүмкін. Өйткені, алғашқы кездері 
Ноғайдың әртүрлі жорықтарында Терек өзені аймағын билеген Тама-
Тоқтының бірге жүргенін байқаймыз. 1262 жылы Береке бастаған Алтын 
Орда әскерлері мен Хулагу әскерлері арасында шайқас болды. Оған Тама-
Тоқты бастаған және Ноғай басқарған түркі-қыпшақ тайпалары қатысты. Бұл 
ұрыстарда Тама руының Алтын Орда жағында қатысқаны байқалды» [13, 63-
69 б.].
«Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде Тама тайпаларының бір бөлігі 
башқұрттарға қосылса, бір бөлігі қазақ халқының құрамына енеді. Жалпы, 
XV ғасырда құрылған мемлекеттердің құрамына енген тайпалар қатарына 
Тама руы жатады», - деп Кузеев Р.Г. тамалар жөнінде баяндайды [3, 165 б.]. 
XV ғ. Тамалар жөнінде Сыздықова Р., Қойгелдиев М.: «XV-XVI ғ.ғ. 
Ноғай Ордасындағы тайпалар атаулары шығыс деректерінде «маңғыт» 
атауымен сәйкестендіріледі. Ал басқа ру-тайпалар болса, Ноғай Ордасының 
тарихына қатысты барлық оқиғаларға қатысса да, маңғыттардың 
көлеңкесінде қалып қояды. Тамалар да тура осындай жағдайда болды. XVI ғ. 
соңында Ноғай Ордасынык әлсіреуіне байланысты тарих сахнасына оның 
құрамындағы жекелеген тайпалар өз атауымен шыға бастайды. Соның ішіне 
тамалар да кіреді. XV ғ. 20-30 ж.ж. Еділ-Жем аралығында Алтын Орда, Сібір 
хандығы, Әбілхайыр хандығы және Едіге ұлдары билеген Ноғай ұлыстары 
арасында күрестер жүреді. Сол күрестердің бірі тамалар мекен етіп отырған 
Елек өзені бойында өтеді. Бұл тартыстарға тамалар да белсене қатысқан. 
1428 жылы Ақ Орда ханы Барақ өлгеннен кейін Дешті Қыпшақтың басым 
бөлігінде Шайбан ұрпақтарының беделі өседі. Нұрадиннің ұлы Оқас бұл 
кезде Еділ мен Жем аралығында тамалар жеріндегі маңғыт жұртының биі 
болатын. Оқастың қолдауымен Әбілқайыр Батыс Сібірде хан болып 
сайланады, ал Оқас маңғыт ұлысының, яғни тамалардың биі болады», - деп 
сипаттайды [14, 257 б.]. Бұл жөнінде Трепавалов В.: «Оқас би 1440 жылдары 
қайтыс болады. XV ғ. ортасынан бастап оның орнына кіші ұлы Мұса би 
болады. Мұса би 1457-1502 ж.ж. маңғыттардың саяси тұлғасы болып, 
Маңғыт ұлысын Ноғай Ордасына айналдырады. Бұдан Ноғай Ордасының 
күшеюіне тек маңғыттар ғана емес, тамалардың да рөлі арта түскен», - деп 
жалғастырады [6, 10 б.].
«XV ғасырдың 20-шы жылдарының соңында құрылған Әбілқайыр 
хандығының тарихында басқа тайпалар секілді тамалар да өзіндік рөл 


атқарады. Әбілқайыр хандығын сол дәуірдегі жазба деректер «көшпелі 
өзбектер» деп атап, оның құрамындағы тайпаларға көптеген Дешті 
Қыпшақтың тайпалары мен қыпшақтанған немесе түркіленген монғол 
тайпаларын жат-қызады. XV ғасырдың сол кездегі ірі тайпалары арасында 
тамалар да кез-деседі», - деген пікірлер Рашид ад-Дин шығрмасында 
кездеседі [15, 124-133 б.]
Р.Г. Кузеев: «Әбілқайырдың билікке келуіне көмектескендер ішінде 
Дешті Қыпшақтың ру-тайпаларымен бірге тамалар да аталады. «Тауарих-и 
гузида-йи нұсрат намада» Әбілқайырдың хан тағына келгеніне дйін, талай 
шайқастарға қатысып, бірге болған тама руының батырлары – Қылышбай 
мен Қара Бура Дәулетқожа есімдері кездеседі», - деп тама атуының «тумат», 
«тамиан» түрінде айтылатынын жазады [3, 165 б.].
«Қара Бурджи Дәулет батырды» ауыз әдебиетінде XIV ғ. соңында – XV 
ғ. І жартысында, тарихи аңыз-әңгімелерде: «1395-1405 жылдары Әмір 
Темірдің қолбасшысы болған, Тама Бура әулиенің ұрпағы Дәулет батыр ат 
орнына жорыққа айыр өркешті, қара шудалы бура мінген. Өзінде алпыс 
жігіттің күші бар, жолбарыстай қаһарлы, бір сөзді, кішіпейіл, жай адамға аса 
мейірімді Дәулет батыр қара шудалы бурасына мініп, ентелеп келген талай 
дұшпанды сабасына түсіріп, қанын судай ағызып, келмес сапарға 
аттандырған. Дәулеттің адалдығына, ерлігіне риза болған халық оны 
құрметтеп Қара Буралы батыр, «Қарабура батыр» деп атаған. Уақыттың 
өтуімен оның Дәулет аты ұмытылып, Тұран елінің жылнамасында Тама 
Қарабура батыр деп жазылып, аты тарихта Тама Қарабура атанған ол 72 
жасында 1445 жылы қайтыс болады», - деп айтылады [16, 17-18 б.].
XVI ғ. басында Еділ-Жем аралығындағы тайпалар, соның ішінде 
тамалар өмірінде тарихи өзгерістер орын алды. Соның бірі Ноғай Ордасының 
ішкі өміріндегі саяси оқиғалар мен әкімшілік қайта құрулар болды да, екінші 
мәселе Батыс Қазақстандағы тама тайпасының басқалармен бірге Мұхаммед 
Шайбани хан әскері қатарында Орта Азиядағы Темір әулетін биліктен 
құлатуға қатысуы еді. Бұл жөнінде Трепавалов В.: «1502 жылы Мұса биден 
соң Ноғай Ордасының биі боп Оқас бидің ұлы Жаңбыршы 1502-1504 ж.ж. 
билікті қолға алды. Жаңбыршы бидің тұсында бүкіл Ноғай Ордасына, 
тамаларға қатысты болған оқиғаның бірі-ноғайлы елінің өз ішінде әкімшілік 
жағынан бөлініске түсуі болды», - деген [6, 142 б.]. 
Ноғай Ордасындағы тамалар жөнінде зерттеушілер былай сипаттайды: 
«XVI ғ. 15-20 ж.ж. тамалар мекендеген Еділ-Жем өңірінің Қазақ хандығы 
құрамына еніп, бүкіл Ноғай Ордасындағы ру-тайпалар жалпы ортақ атаумен 
«қазақ» деп аталған. Осы кезден бастап тамалар өздерін «ноғайлармыз» деп 
емес, «қазақтармыз» деп айта бастады. Қазақ хандығына Ноғай Ордасындағы 
ру-тайпалардың қосылуы – Қасым ханның даңқын арттырып, қазақтардың 
санын 1 миллионға дейін жеткізеді. Жайық пен Жем бойындағы тамалар да 
осы тұста қазақтар құрамына саяси тұрғыдан біржолата енеді. Ал 1521 жылы 
Қасым ханның қайтыс болуы, одан кейінгі Мамаш, Тахир хандардың іс-
әрекеттері Еділ мен Жем бойы руларының Қазақ хандығынан ажырап кетуіне 
әкеліп соқтырады. Олардың ішінде тамалар да болғанын білеміз» [17, 276 б.]. 


Карамзин Н.М. тамалар туралы: «1537 жылы ноғай мырзаларының бірігу 
құрылтайы болып, онда Орданың әкімшілік құрылымы мәселесі шешіледі. 
Үш әкімшілік жүйеге бөлінген Орданың шығыс бөлігіне тама тайпасының 
жері де Жайық пен Жем, Ор, Елек өзендерінің аралықтары енеді. Шығыс 
бөліктің мырзасы болып Шейх Мамай тағайындалады. Тама тайпасы басқа 
көршілес тайпалар секілді осы шығыс бөлік құрамына енеді. XVI ғ. 30-50-ші 
ж.ж. тамалар ноғай әскерінің құрамында Қазан қаласы орыс әскерлерінен 
қорғауға белсене ат салысады. 1552 ж. жазда орыс әскерлері Қазанды 
бағындыруға аттанғанда сол кездегі ноғай биі Жүсіп бүкіл елден әскер жиюға 
жарлық береді. Мәскеулік позиция ұстанған Исмаил мырза оң қанаттағы 
ұлыстардан әскер жібермейді. Алайда, тамалар орналасқан шығыс бөліктегі 
ұлыстардан Қазанды қорғауға әскер аттандырылады», - деген [18, 101-236 б.].
В. Востров, М. Мұқанов Шора батыр тама тайпасын басқарды деп 
тұжырымдайды [4, 448 б.]. «Шора батыр» эпосында жазып алынған нұсқада: 
«бұрынғы өткен заманда Қазан деген қала бар екен. Оның ішінде Тама деген 
ел бар екен. Осы елдің ішінде үш ағайынды жігіт бар екен: үлкенінің аты 
Кәрібай, ортаншысының аты Нәрікбай, кішісінің аты Есім би деген екен» [19, 
44].
XVI ғ. соңы мен XVII ғ. І жартысы Батыс Қазақстандағы рулар үшін 
ауыр кезең болды. Ноғай Ордасының мемлекет ретінде жойылып, ұлыстарға 
бөлінуі, көршілес елдерге сіңіп кетуі, Еділ мен Жайық бойына XVII ғ. 20-30 
ж.ж. қалмақтардың келуі – Ноғай Ордасының шығыс бөлігіндегі тайпалар 
үшін ауыр жағдай болды. Ш. Құдайбердіұлының зерттеулерінде: «Тама 
руының Ноғай елінен бөлініп, қазақ халқының құрамына кейінірек 
қосылғандығын көрсетеді. Тамалар «ноғай бүлігінен» кейін тек қазақ 
халқының құрамына емес, сондай-ақ башқұрт, татар, қырымдықтар арасына 
тарап кетеді. XIX ғ. ортасында Таврический губерниясының Қырым уезінде 
тама руларының бар», - екендігін айтады [20, 406 б.] 
Шежірелік тұрғыдан алатын болсақ, Сәбит Мұқанов: «Жалпы алғанда 
«Қазақ» аталатын шежірелердің нүсқалары көп және өзара қайшылықтары да 
аз емес. Қазақтар бергі аталары мен арғы (түпкі) аталарын бір келкі айырады 
да, ортадағыларын шатастырады...Біздің мың жылдықтың басында жасаған 
тарихшы Рашид-әд-дин (1247-1318) жазған «Жамғу-әт-тауарихта» Алшын 
бар, оны біз Кіші жүздің бір бұтағына санаймыз. Рашид-әд-дин кезінде 
жүздер болмаған...Қазақта мұндай жазба шежіре он сегізінші ғасырға дейін 
болмаған. Тек бертінде араб әрпімен хат таныған қазақтар ғана шежіре жаза 
бастады. Бұл әсіресе он тоғызыншы ғасыр мен жиырмасыншы ғасырдың 
алғашқы ширегінде басталды», - деп түсіндіреді. [21, 24 б.]
Хамит Мадановтың «Кіші Жүздің шежіресі» ғылыми басылымында 
Тама руының шығу тегін былай көрсетеді: «Кіші Жүз Бекарыстан тарайтын 
болса, Бекарыстан – Мөңке би, Мөңке биден – Арғымақ, Алау батыр. 
Арғымақтан – Тама, Табын, Жағалбайлы, Керейт, Кердері, Телеу, Рамадан. 
Бұлардың бәрін қосып Жетіру дейді. Тамадан – Қарабура, Қарабурадан – 
Нәрік батыр. Нәрік батырдан атақты Шора батыр.Шора батырдан Шотқара, 
Есенгелді, Жабал, Жөгі, Есенгелдіден Атамшал, Қызылғұрт, Кенжебай, 


Дәулеткелді. Атамшылдан – Басқан, Торым. Басқаннан – Байдәулет, одан 
Тәңірберді. Торымнан Базарқұл, Назарқұл. Базарқұлдан – Қожагелді, 
Бекбеулі, Көкі батыр. Көкі батырдан атақты Есет батыр.
Жазушы-композитор Илья Жақановтың «Ықылас» атты романында 
мынадай жолдар айтылады: 
«Арғы атамды сұрасаң,
Кеуістің ұлы Тамамын.
Бергі атамды сұраса
Нәріктің ұлы Шорамын.
Мен Қазана барамын,
Мен Қазанға барғанша
Қара жерге қан жаусың,
Мен Қазанға барған соң
Қар жаумаса қар жаусын» деген Шора батырдың ұрпағы бір кезде 
Шуды бойлап Арқаға барған. Ол бастаған топ жеті ағайынды жігіттен 
құралыпты. Сеңгірбек, Баян, Жұма деген батырлар қол бастаған. Олар кейін 
қайтпақ болғанда Абылай жібермейді, Қырғыздың Жайыл деген жеріндегі 
бір қақтығыста екі елдің арасын татуластырмақ боп көп қырғызды тұтқындап 
әкеліп қазақ арасына орналастырған ол «сәуір болмай тәуір болмайды, тама 
болмай тамыр болмайды» дегенді айтып, Шора бастап әкелген адамдарға: 
«Шуды қыстау қылып, Балқаш, Бетпақ, Саумалкөл, Телікөл, Сарысу арасын 
мекендеп жүре беріңдер» дейді» [22, 96-99 б.] . 
Қорыта келгенде, осы мәліметтерге қарап, Ежелгі тарихи кезеңдерде 
тамалардың таман, тамьян деген атаулары олардың қоныстанған жеріне 
байланысты болуы мүмкін. X-XIV ғасырларда Жайық пен Днепрдің 
арасындағы қыпшақ елінің тарихи оқиғаларына, Алтын Орда ыдырағаннан 
кейін Көшпелі өзбек ұлысы құрамындағы тарихи оқиғаларға тамалар белсене 
қатысты. Қазақтың бірнеше ірі руларымен қатар айтылуы да Тамалардың 
солармен бірге тең дәрежеде болғандығын ескере отырып, Тама руының 
тұңғыш қазақ мемелекетінің негізінің қалауына тікелей ат салысқандығын 
көреміз. Сөйтіп, Тама руының тарихы аса күрделі кезеңдерден өткен.. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет