Теориялық конференция материалдары


РУХАНИ ДƏСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДЕ



жүктеу 2.24 Mb.
Pdf просмотр
бет11/27
Дата28.12.2016
өлшемі2.24 Mb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27

РУХАНИ ДƏСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДЕ 
ТАҢБАЛАНУЫ 
 
Сопылық  ілім  ежелгі  түркілік  дəстүрден  тіптен  одан  арғы  сақ  ғұн  дəуірінен  бастау 
алып,  этносанада  жаңғырып  отырған  халықтың  рухани  жадындағы  архетиптерді 
қалыптастырып,  оларды  исламдық  мазмұнмен  байыта  түскенінің  мысалын  Ясауи 
мəдениетіне  байланысты  жəдігерлерден  анық  көреміз.  Рəміз  халықтардың  рухани  жəне 
материалдық мəдениетінің ақиқат болмысын айқындайды. Рəміз бен семиотикалық таңбалар 
арқылы  адам  кез  келген  құбылысты  қабылдап,  оған  баға  беріп,  өз  көзқарасы  мен  ойын 
білдіре алады. 
Немістің  көрнекті  философы  К.  Ясперс  өзінің  рəміздің  маңыздылығы  туралы  ойын 
былай  айтады: «Адамзаттың  ықылым  заманнан  бері  рəміздер  əлемінде  өмір  сүретінін 
түсінеміз.  Осы  рəміздер  оның  өмірінің  мəнін  анықтайтын  шындыққа  айналады.  Осы 
рəміздердегі  өмір  адамның  негіздемелік  өмірмəндік  құрылымына  жататынын  түсінеміз. 
Сондықтан  да  бұл  рəміздердің  ерекшеліктерін  түсінгіміз  келеді,  олардың  осынау 
саналуандығын  жинақтап,  шолып,  жүйелегіміз  келеді.  Рəміздердің  мазмұнын  ашу  адамның 
өзімен-өзі, өз мəнділігімен, өз субстанциясымен тұтастықта бола алатын кеңістігін ашу деген 
сөз. Рəміздерсіз ол тұлдырсыз қалғандай жалаңаш, күйкі жанға айналады, бос қалған дүниеде 
жалаң ақыл-ойымен шарасыздықтың күйін кешеді» [1, 270-б.]. Рəміздер адамзаттың рухани 
жасампаздығы  мен  шығармашылығының  барлық  сатысын  қамтиды.  Рəміздің  көмегімен 
адамдар арасындағы ақпараттық  қарым-қатынас алмасу жүзеге асады. Рəміздер адамзаттың 
сан  ғасырлық  мəдени-тарихи  мұраларын  жəне  рухани  құндылықтарын  бейнелеп,  дəстүр 
сабақтастығын сақтайды. 
Мақалада  қазақ  топырағындағы  сопылық  дəстүрдің  осы  рəміздік  тілінің  əдеби  жəне 
мəдени мұралардағы айқын айшықтарын көріп, оның астарына үңіліп, өзіндік ерекшеліктері 
мен мəн-мазмұнын танып, ғибратына назар саламыз. 
Этномəдени  ақпаратты  берудің  құралы  ретінде  сөз  өнері,  музыка,  бейнелеу  өнерінің 
туындылары  қолданылып,  олардың  əрқайсына  тəн  өзіндік  көркемдік  əдіс  тəсілдері 
пайдаланылады. Осы көркемдік əдістердің ішінде терең сыр-сипатқа ие рəміздік ұғымдар да 
бар.  Күнделікті  тұрмыста  қолданылатын  бұйымдардың  өзі  қолданыстағы  мағынасы  рухани 
астарлы  мəнмен  байытылуы  арқылы  рəміздік  мазмұн  иеленді.  Олар  діни-ғұрыптық,  салт-
жоралғылық  мақсатта  пайдаланылу  арқылы  тұрмыстық  қолданыстағы  мағынасы  рухани 
жəне  ритуалдық  мəнмен  толыға  түседі,  осылайша  этнографиялық  бұйымдар  айырықша 
символикалық  айшықты  таным  жүйесін  туғызады.  Сопылықтағы  руханилықтың  қазақ 
топырағында дəстүр сабақтастығын үзбестен өткенді, өз заманын, болашақты сан ғасырлық 
жалғастықпен  ұштастырып,  өркендегенін,  қоғамның  рухани,  əдеби,  мəдени  бүкіл  өмірін 
толықтай қамтығанын Қожа Ахмет Ясауи мəдени мұрасынан айқын көреміз. 
Қожа  Ахмет  Ясауи – жалпы  түркілік  мəдени  жəне  дүниетанымдық  кеңістіктегі  ішкі 
тұтастықты  қалыптап,  исламдық  құндылықтарға  негізделген  философиялық-этикалық  ар-
ождан ілімін жүйелеген рухани тұлға. 
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі жəне ондағы жəдігерлер адамзат 
қолынан  шыққан  ортағасырлық  сəулет  жəне  бейнелеу  өнерінің  ғажайып  туындысы.  Онда 
ертеден  келе  жатқан  жергілікті  құрылыс  дəстүрі  мен  қолөнер  шеберлігі  сол  заманның  ең 
озық  жетістіктерімен  ұштастырыла  пайдаланылған,  сонымен  қатар,  ол  мəңгілік  рухани 
құндылықтарды исламдық мəн-мазмұнмен байыта паш етіп тұрған нысанға айналған.  
Ең  ғажабы  шеберлердің  ортақ  іске  жұмылуына  Ясауидің  сопылық  ілімінің  елеулі 
ықпалы  айқын.  Себебі,  олардың  жасаған  туындылары  жергілікті  құндылықтарға  рəміздік 
белгілерге, архетиптерге негізделген. Рухани ілімнің құдіреті сонда ол сан ғасырлық рухани 

104 
 
құндылықтарды  жаңғыртып  мəнге  толтырып,  адамдарды  да  ортақ  мақсатқа  жұмылдырды. 
Əралуан  мəдениеттің  өкілдері  бола  тұра  шеберлер  өз  кəсіби  шеберліктерін  рухани  іліммен 
байыта  қолдану  арқылы  жалпыадамзатқа  ортақ  рухани  мəні  бар  туындылар  жасай  білуі 
руханияттың  əмбебаптығының  нақты  мысалы. «Мəдениет – құндылықтар  мен  мəн-
мағыналар əлемі, себебі символизация үрдісі – адамзат мəдениетінің табиғи байланысы оның 
дамуы мен ұғымын ашатын көкжиегі» [2, 138-б.] – деген А.Я. Гуревич  
Адамның  күнделікті  тұрмыс-тіршілігінде  жиі  қолданылатын  есік – халықтың 
дүниетанымында  да,  дəстүрлі  ислам  діні  арқылы  санамызда  берік  орныққан  рухани 
əлемімізде  де  киелі,  қасиетті  саналады.  Есіктің  халық  санасындағы  киелілік  мəні  мен 
рəміздік  мағынасы  босағаға,  табалдырыққа,  тағы  басқа  есік  бөліктеріне  байланысты 
ырымдар  мен  тыйымдардан  айқын  көрінеді.  Халық  əдебиетінде  есікке  байланысты  бейнелі 
ойлар,  астарлы  сөздер,  мақал-мəтелдер  жиі  кездеседі.  Бұдан  дана  халқымыздың  əрбір 
тұтынған  мүлкі  мен  заттарын  мағыналандырып  киелілік,  қасиеттілік  сипат  дарытқаны, 
олардың  əрқайсысына  терең  мəн  бере  тұрып,  əрбір  қолданған  сəтінде  ғибрат  алуға 
ұмтылғаны  көрінеді.  Сондықтан  да  кесенедегі  есіктерге  зор  мəн  беріліп,  айрықша 
шеберлікпен,  асқан  талғампаздықпен,  ғажап  көркемдікпен  əшекейленуі  заңды.  Осы  құнды 
жəдігерлер  біздің  дəстүрлі  мəдениетіміздің  терең  мазмұнынан,  діліміздің  сырлы  əлемінен 
хабар  беріп,  əрқайсымыздың  жүрегімізден  терең  тамыр  алатын  ел-жұртымызға,  туған 
халқымызға,  төл  мəдениетімізге  сүйіспеншілігімізді  қозғайтыны,  өткеніміз  бен  бүгініміз 
арасында жанды байланыс түзетіні хақ. Əзірет Сұлтан кесенесіндегі ХІV ғасырдан сақталған, 
Жамағатхана бөлмесінің есігі – «Қақпа» жəне Қабырхана есігі – «Қапсырманы» толық аты-
жөні  белгісіз  Сафар  есімді  шебер  жасаған.  Кесененің  қалған  есіктері 1978 жылы  түгелімен 
жаңадан  қойылған.  Шеберлер  есіктің  берік  жəне  əсем  жасалуымен  қатар,  рəміздік  мəн-
мағынасын арттыру үшін оған символдық мəнге ие ою-өрнектер, терең мағыналы хадистер 
мен нақыл сөздердің бедерленуіне көңіл бөлген.  
Жамағатхана  бөлмесінің  Қақпа-есігі  (өлшемі – 3,7х2,1  м)  екі  жаққа  ашылатын – 
ғимараттың  оңтүстік  порталының  тереңінен  орын  алған  негізгі  есік.  Ол  екі  бетінен  ағаш, 
сүйек,  алтын,  күміс  əшекей-өрнектермен  əрленген.  Əртүсті  ағаш  қиындыларымен  жəне  піл 
сүйектерімен жапсырып əшекейленген өрнектерінің біразы тозып, жойылған. Есіктің сыртқы 
бетіндегі өрнегі бедерлі белдеумен үш бөлікке бөлінген. Сегіз ұшты жұлдызшалардың өзара 
ұласуынан  құралған  бұл  бедерлі  өрнектермен  тек  белдеулер  ғана  емес  жалпы  есік 
жақтаулары  да  жиектей  көмкерілген.  Жоғарғы  бөліктегі  төрт  бұрышты  екі  картуштың 
бетінде  екі  қатар  араб  жазуының  алғашқы  жартысы  оң  жақтауда,  екінші  жартысы  сол 
жақтауда бедерленген. Бірінші қатардағы жазудың əріптерінің ұзындығы 0,10 м, жуандығы 3 
мм,  гүлденген  куфа  (куфи  тазйини)  қолтаңбасымен  бедерленген.  Екінші  қатардағы  жазу 
сулус  қолтаңбасымен  жазылған.  Əріптердің  ұштары  барынша  ұзартылып  картуштың  ішін 
тұтас  алып  тұр.  Қақпа-есіктің  жікжапқыш  жарты  бағанының  орта  белдеуінде  сулус 
қолтаңбасымен  таңбаланған  сөздер  бар.  Бұл  өрнектер  ағашқа  ойып  өрнек  салу  арқылы 
таңбаланған.  Есіктегі  өрнектер  үш  деңгейлі  тереңдікте  бір-бірімен  астаса  ұласып,  ғажайып 
симметриялық үйлесімде, қайталанбас əсем ою-өрнектер композициясын түзеді. Бұл келісім 
мен  үйлесімнің  сырлы  əлемі  Ислам  дінінің  жасампаз  рухын,  ғаламның  сұлулығын  паш 
етерлік рəміздермен айшықталған [3, 103-б.]. 
Мифті рəміз ретінде қарастырған отандық зерттеуші-ғалым С.Қондыбайдың пікірінше 
«біз  мынау  жалған  дүниені  тек  рəміздер  арқылы  ғана  кескіндей  аламыз,  өйткені  шексіз 
ғаламның  кескінін  де,  мөлшерін  де,  оның  қандай  материалдан  жəне  қандай  жолмен  пайда 
болғанын  да,  Жаратушы  иенің  оны  қалай  жасағанын  да  шын  мəнінде  көре,  біле,  тани 
алмаймыз.  Сондықтан  осылардың  барлығын  да  пенделерге  түсіндірудің  ең  қарапайым  да 
универсал  жолы  рəміз  арқылы  кескіндеу  болмақ.  Мифология  дегеніміз  де – рəміздер»  деп 
түйіндейді [4, 34-б.].  
Есікте  таңбаланған  араб  тіліндегі  мəтіннің  қазақ  тіліндегі  мағынасы: «Аллаға  мадақ! 
Йə,  Алла  Тағала!  Аллаға  шүкір!  Йə,  Алла  Тағала!», «Əулие  жақсылардың  қақпасы – 
бақыттың кені, əулие жақсыларды сүю – бақыттың кілті» [3, 105-б.]. 

105 
 
Есіктің  көрнекі  жерінен  орын  алған  жазулардың  Аллаға  шүкір  етуден  жəне  Оны 
мадақтаудан  басталуы – ислам  дініндегі  құлшылық-ғибадаттың  асыл  негізін  көрсетеді. 
Сопылық  ілім  бойынша  əулиелердің,  яғни  Құдайдың  достығына  жеткен  адамдардың  адам 
баласына  екі  дүниенің  бақытына  бастайтын  жетекші  болатынына  нұсқайды. «Əулиенің 
(саиидтың)  қақпасына»  келген,  яғни  олардың  насихат  сөздері  мен  өсиеттеріне  ден  қойып, 
мəн-мағынасына  жеткен  Адам  ұрпақтары  үшін  оларды  бақытқа  кенелтетін  қазына  бар.  Ал, 
ол қазынаның қақпасын ашатын кілт – əулиенің махаббаты, яғни рухани ұстаздың назарын 
иелену екендігі айтылған. Тағы бір парсы тіліндегі таңбаның қазақ тіліндегі мағынасы. 
Қақпа-есіктің орта бөлігінде есікті қағуға арналған екі қола алқа мен оларды орнататын 
топса-тұғырлары  бар  тік  төртбұрышты  тақташалар  орналасқан.  Тақташалардың  əрқайсысы 
ағаш  есікке  əшекейлі,  үлкен  төрт  шегемен  бекітілген.  Алқаның  топса-тұғырлары  барыстың 
басы бейнесінде сомдалып, одан төменірек алқаның өзінде барыстың екі кішкене аланының 
бейнелері  сомдалған.  Бұл  барыс  бейнелерінің  сол  жақ  алқадағыларынының  көздері  ашық 
жəне үлкенінің жалы бар болса, оң жақ алқадағыларының көздері жабық жəне жалдары жоқ. 
Қола  тақташада  алқаның  ұрылып  дыбыс  шығаруына  арналған  сегіз  жапырақшалы  гүл 
бейнесіндегі  кішкене  төстігі  бар.  Екі  алқаны  қаққанда  дыбыс  жиілігі  əралуан,  екі  түрлі 
дыбыс  шығатыны  көңіл  аудартады.  Қола  тақташаның  жоғарғы  жағы  оймышты  құйылған 
қошқармүйіз оюлардың жалғаса біріккен композициясынан тұрады. Тақташаның бетінде де 
өсімдік  тектес,  қошқар  мүйіз  жəне  құс  қанаты,  құс  тұмсығы,  т.б.  бейнелейтін  оюлардың 
ерекше  сəнді,  үйлесімді  өрнегі  бедерленген.  Алқалардың  жалпы  пішіні  жүрекке  ұқсайды, 
жиектері  иректелген  он  төрт  жапырақшадан  құралған  өрнектермен  жиектелген  жəне 
ортасындағы  өсімдік  тектес,  қошқармүйіз  оюлардың  əсем  де  күрделі  өрілімінен  түзілген 
үйлесімді  композиция  орын  алған.  Тайқазан  құлақтарының,  ту  Лаухасының  сырт 
пішіндерінің жүрекке ұқсас етіп жасалуы, осы жəне басқа да кесене мүліктеріндегі оюларда 
жүрекке  ишаралайтын  өрнектер  композицияларының  көптеп  кездесуі  Ясауидің  хəл  ілімі 
хикмет дəстүріндегі жүрек танымына нұсқайды.  
Алқалардың  ұш  жағында  балық  жəне  құс  бейнелері  таңбаланған.  Көктегі,  жердегі, 
судағы жануарлар əлемін бейнелейтін – құс, барыс, балық сияқты хайуанаттар суреттері осы 
есік  сыртындағы  алқалардан  басқа  жерде  кездеспейді.  Бұл  алқаларды  жиектей  жəне 
тақташалардың жоғарғы бөлігінде ойылып жазылған, алтынмен апталып, күміспен күптелген 
парсы, араб тіліндегі насх жазуы бар. Қазақ тіліндегі мағынасы: «Пайғамбар айтты, ол кісіге 
сəлем  болсын: «дүние  өткінші,  сен  дүниеде  (Аллаға)  бағынып  өт» [3, 115-б.].  Қола 
тақташалардың  оң  жағындағысында  басталып,  сол  жағында  аяқталған  Мұхаммед  (с.ғ.с.) 
пайғамбардың хадисінде дүниенің баянсыздығы айтылып қана қоймай, Аллаға мойынсұнуға 
бұйрық берілген. Шындығында адамның жалған дүниедегі өмірінің мəнге толып, мағынасы 
артуы  үшін  оның  ақиқат  жолды  қалап,  Аллаға  мойынсұнуы,  Оны  жадынан  шығармай 
əмірлерін бұлжытпай орындауы шарт дегенді білдіреді. 
 Парсы тіліндегі тағы бір жазудың қазақ тіліндегі мағынасы: «Біздің мақсат артқа өрнек 
қалдырсақ, Жаралыстың баяны жоқ аңдасақ, Ақ жүректі адам ұлы кез болса, Еске алып, дұға 
қылсын,  біз  бейбақ. (Сағди,  Гүлстан)  Жеті  жүз  тоқсан  тоғызыншы (1396-1397) жылы, 
Құдайдан ғана үмітті, міскін ‘Изз ад-дин ибн Тадж ад-дин ал-Исаги жасады. Бұл кең есік əр 
қашан  достарға – құтты  һəм  ашық,  жауға – тар  əрі  жабық  болсын» [3, 117-б.]  Жаратылыс 
сырына  үңіліп,  пікір  толғауға  жетелейтін,  терең  символдық  мəнге  толы  өрнекті  алқаларда 
жазылған  сыр  шумақтардың  мағынасы  да  аса  терең.  Шебер  өзінің  қолынан  шыққан  өнер 
туындысын ғибратты өрнектермен əшекейлегенде, өзінің де бұл дүниеде мəңгі емес екенін, 
жаратылыстың  да  баянсыздығын  ескере  отырып,  болашақ  ұрпаққа  өнеге,  өрнек  қалдырып, 
оның бағыштаған дұғасына мұқтаж екенін де айтады. Яғни, алқаларда адам бақилыққа сапар 
шеккесін  де  оның  еңбегінің,  ізгі  ісінің  жемісі – қоғам  игілігіне  пайдаланатын  заттарының 
сауабы  жəне  жақсылыққа  бастар  өнегесінің сауабы,  сондай-ақ  дұға  бағыштаған  ұрпағының 

106 
 
сауабы  ретіде  тоқталмай  жетіп  тұратыны  жайлы  Пайғамбар  (с.ғ.с.)  хадисінің  мəнісі 
таңбаланған.  Халқымыздың  бұл  дүниедегі  пенделердің  тілек-дұғасының  Алла  дəргəһында 
қабыл болуы үшін Əулиелердің дəнекер боларына деген сенімінің Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисіне 
негізделгенін,  осы  сөздердің  Əулиелердің  сұлтанының  кесенесі  есіктерінде  таңбалануынан 
да  байқаймыз.  Адамның  бұл  ілімнен  жан-дүниесінің  бəһəра  тауып,  мейірі  қануы  үшін 
Əулиелердің  сұлтанының  сырлы  сұхбатына,  осы  күнге  дейін  жиылмаған  Хақтықтың 
дастарханына ізгі ниетпен, таза көңілмен келіп, үлес алуы керек дегенге ишаралайтын нақыл 
сөзі таңбаланған. Ал, бұл ілімді дұрыс түсінбей немесе бұрыс мақсатта пайдалану ниетіндегі 
адамның  жанына  ешбір  пайда  таппасы,  тіптен  өзі  теріс  пиғылының  зардабын  шегуі  хақ. 
Сондықтан да бұл есік досқа ашық дұшпанға жабық. «Менің хикметтерімді дертсізге айтпа, 
Баға  жетпес  гауһарымды  наданға  сатпа», «Ясауи  хикметін  даналар  естісін,  Естіген  жандар 
мұратына  жетсін,  Жауһар  кенінен  бір  түйір  алсын,  Естімегеннің  бəрі  қасіретте  қалсын», 
«Менің  хикметтерім – кемел  пір,  Кім  Құдайды  таныса,жанымен  бір» [5, 435-б.], – деген 
Ясауи  мінажаттарында  бұл  ілімнің  салмағы  мен  жауапкершілігі,  қадір-қасиеті  ашылып 
айтылады.  
Терең  мағыналы  хадистерді  Қақпа  есіктің  жоғарғы  картушына  жəне  қола 
тақташалардың да жоғарғы жағына таңбалануы, қола алқалардың барынша биік орнатылуы – 
Алла  қалəмін  қасиет  тұтқан  халықтың  салт-санасынан  хабар  береді.  Биік  орнатылған  қола 
алқалардың  есікті  ашатын  тұтқа  қызметінен  гөрі,  есіктің  ашылып  жабылғанын,  яғни 
келушінің  кіріп-шыққанын  білдіретін  есік  қаққыш  қызметін  атқарып,  əулие  есігіне  қадам 
басқан шəкірттің мойынсұну ниетінен хабардар қылатын символдық мəні басым болса керек. 
Кірер есіктегі барыстың көзсіз болуы – мойынұсынуды білдіріп, ұстаздың жолбасшылығына 
толықтай  бағынған  шəкірттің  ханака  табалдырығынан  тəуекелмен  аттағанының  ишарасы 
десек, көзі ашық, жалы бар барыс бейнесі – ілкі ілімді иеленіп, хақиқат жолының күрескері 
болып  шыққан,  рухани-адамгершілік  кемелдікті  мақсат  еткен  адамды  ишаралайтындай. 
Шеберлердің  жасаған  бұйымдарында  өз  есімдерін  таңбалап  қалдыра  отырып,  əрдайым 
өздерінің  дұғаға  мұқтаж,  Құдайға  ғашық  ғаріптік  хəлдерін  білдіруі  олардың  да  Хаққа 
ғашықтықтың үлгісі болған Əзірет сұлтанның шарапатынан үміт күтетінін көрсетеді. Кесене 
ғимаратының,  эпиграфиялық  таңбаларының,  ондағы  жəдігерлердің  аса  көркем 
өрнектелуімен  қатар,  терең  символдық  мəн-мағынамен  байытылуы  ол  замандағы 
шеберлердің  Машаихтардың  ұлығының  ілімінен  сусындаған  Ясауи  тариқатының  өкілдері 
екендігін айқындайды. 
А.Ф.Лосевтің  көзқарасы  бойынша: «рəмізде  бейнеленген  шындықтың  тереңдігі  мен 
жан-жақтылығы соншалықты ол оның неғұрлым маңызды негізгі қырларын жəне оның ішкі 
сыр-сипатына  толықтай  тəуелді,  кездойсоқ  сыртқы  қырларын  толықтай  қамтиды. 
Мазмұндық  жалпылаудың  осыншалық  байытылуымен  қатар,  өз  бойында  жекеліктер  мен 
жалқылықтардың  да  пайда  болу  заңдарын  сиғызады»[6,199б.].  Мəдениет  жүйесіндегі 
рəміздің  бұл  қызметінен  байқайтынымыз  оның  маңызды  қозғаушы  бастамасы,  қоғамның 
мақсат-мұраты мен оның болашағының əлеуметтік қажетті үлгісі екен. 
 
Пайдаланылған əдебиеттер: 
1. Ясперс К. Смысл и назначение истории. –М., 1991. – 46 с. 
2. Гуревич А.Я. Категории средневековой культуры. – М.: Искусство, 1972.-363с.  
3.  Қожа  Ахмет  Ясауи  кесенесі / Құрастырушылар:  Ə.Қ.  Муминов,  Б.  Қорғанбек,  С. 
Моллақанағатұлы, т.б. – Алматы, 2009. – 200 б. 
4. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. Бірінші кітап. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. – 512 б. 
5. Иасауи Қ.А. Хикмет жинақ. – Алматы: Жалын, 1998. – 654 б. 
6. Лосев А.Ф. Проблема символа и реалистическое искусство. – М.: Искусство, 1976. – 367 с. 
 
 

107 
 
Т. Өмірбаева, 
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, 
филология ғылымдарының кандидаты 
 
ДƏСТҮРЛІ АҚЫНДЫҚ ПОЭЗИЯДАҒЫ ЛИРИКАЛЫҚ  
ӨЛЕҢДЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТЫ 
 
Əлем  халықтарының  фольклоры  мен  əдебиеті  мұраларының  ұлттық  –этнографиялық 
ерекшеліктері – өркениет кеңістігіндегі табиғи заңдылықтар болып саналады. Халықтардың 
əуелгі  пайда  болуынан  кейінгі  қалыптасуы,  дамуы  кезеңінде  ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасқан 
ата-бабалық ұстанымдардың сақталуы – тарихи тұрғыда бағаланып келеді. 
Ақындық  поэзиядағы  лирикалық  өлеңдердің  тарихи-поэтикалық  негізі – тұрмыстық-
салттық  дəстүрлерге,  халықтың  атамекенге,  ата-қонысқа,  ата-бабалық  ұстанымдарға 
арналған  көзқарастар  жүйесі.  Бұл  орайда,  əлем  халықтарының  этнологиясын 
(этнографиясын,  халықтар  туралы  ғылымды)  арнайы  зерттеп  жүрген  ғалымдар 
У.Х.Шəлекенов пен М.У.Шəлекеновтің пікіріне назар аударамыз: 
«Этнография ғылымының зерттейтін басты мəселелерінің бірі - халықтардың əр түрлі 
сатыдағы өмірі мен мəдениетін тегіс қамтиды. Сондықтан да этнография өзіне жақын болған 
ғылымның  жетістіктерін  пайдалануы  керек.  Ең  алдымен,  этнография  төмендегі  ғылым 
салаларымен  тығыз  байланысты:  археология,  тіл,  əдебиет,  музыка,  сурет,  сəулет  өнері, 
антропология, география жəне тағы басқа салалардағы пəндер ... . 
Этнография  халықтарды  зерттеп,  олардың  өздеріне  ғана  тəн:  тіліндегі, 
шаруашылығындағы,  мəдениетіндегі  жəне  қоғамдық  құрылысындағы  ерекшеліктерге 
айрықша  көңіл  бөледі.  Бірақ  əр  халықтардың  мұндай  ерекшелік  қасиеттері,  оларды  рулық, 
ұлттық жəне этно-психологиялық жағдайынан туып жататыны сөзсіз» [1]. 
Этнография – халықтың  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  тарихи  салт-дəстүрлерін, 
қоршаған  əлеуметтік  ортамен  қарым-қатынастарындағы  ұстанымдарын,  əуелгі  пайда 
болуынан бастап, ғасырлар белестерінен өткен ататек-əулет жүйелерін жəне т.б. сан тараулы 
халықтың 
болмыс 
əлемін 
қамтитындығымен 
ерекшеленеді. 
Ақындық 
поэзия 
шығармаларындағы  этнографиялық  сипаттардың  жырлануы  халықтың  пайда  болуындағы, 
қалыптасуындағы тарихи жолды саралауымен танылады.  
Ақындық  поэзияның  азаматтық  сарындағы  лирикалық  өлеңдерінің  басым  бөлігі 
халықтың  ататектік-əулеттік  жүйесін,  атадан-балаға  жалғасқан  ұрпақтар  сабақтастығын 
жырлайды. Бұлар – ақындық поэзиядағы шежірелік жырлар.  
Этнология  ғылымындағы  осы  сала  хақында  аталған  зерттеушілер:  этнография 
ғылымының айрықша көңіл аударып зерттейтін мəселелерінің бірі – халықтардың арғы шығу 
тегі  (этногенезі).  Бұл – мəселе  өте  қиын  да,  күрделі  жұмыстардың  бірі. ...Бұл  проблема 
халықтардың  өмірінің  барлық  саласын:  заттай,  рухани  мəдениеттердің,  қоғамдық 
тұрмыстарын,  психологиялық  ерекшеліктерін,  өркендеу  жолдарын  жəне  т.б.  қамтиды. 
Сондықтан  бұл  проблема  тарих,  археология,  этнография,  тіл,  география,  экономика,  заң, 
фольклор жəне сол сияқты сан салалы ғылымдардың күш қосуымен шешіледі [1]. 
Ақын – ата-бабалар  қалыптастырған  өнегелі  жолдың,  дəстүрдің  жыршысы.  Қазақтың 
ата-бабалық  салт-дəстүрлерінің  өзекті  желісінде  əулет  тектілігі  басты  назарға  алынады. 
Адамның  тектілігі – халықтың  барлық  əлеуметтік  топтарымен  қарым-қатынасының  өнегелі 
болуымен  бағаланатын  ерекшелік.  Халыққа  жақсылық  жасаудан  жаңылмаған,  адалдықтан 
ауытқымаған,  қазақ  баласының  барлығын  тең  көзқараспен  бағалаған,  көңілі  кең,  пейілі 
жомарт, үйінен, дастарханынан бүкіл қазақ дəм татқан, пендешіліктен, пайдакүнемдіктен ада 
жəне т.б. сан алуан асыл қасиеттерді бойына жиған қазақтың ұлттық діл болмысын танытқан 
тұлғаларды  жырлау – қазақ  поэзиясындағы  көрнекті  үрдіс.  Ал,  қазақ  ақыны – əлем 
халықтары  арасындағы  шығармашылық  өнер  шеберлерінің  өзіндік  ұлттық-этнографиялық 
сипатымен  даралана  бағаланатын  тұлға.  Сондықтан,  қазақ  ақындарының  өзіндік  ұлттық 

108 
 
сипаты  отаншыл,  азаматтық  парасат  биігіндегі  көңіл-күй  психологиясын  танытатын 
шығармашылық тағылымымен ерекшеленеді [2]. 
Ақындық  поэзиядағы  ұлттық-этнографиялық  сипатты  өлеңдер – халық  тұрмысының 
ғасырлар  бойы  қалыптасқан  эстетикалық  тағылымын  танытатын  мұралар.  От  басы,  ошақ 
қасынан  басталып,  ауыл-аймақтан  асып,  тұтастай  қазақ  даласын  қамтитын  ұлттық  дəстүрлі 
көзқарастар  аясында  сөз  өнері  шығармаларының  халықтық  тұғырнамасы  нығая  сақталады. 
Соның  нəтижесінде,  қаншама  ғасырлар  бойы  ұлттық  ділдің  қуатты  негізділігі  жоғалмады, 
жат-жұрттық  ықпалдарға  берілмеді.  Əрине,  əлсіреген  ұлттық  діл  қазіргі  тəуелсіз 
Қазақстанның болашақ жаңа тарихындағы серпілістермен жаңғыра күшейеді. 
Ақындық поэзия – замандар бойы қазақ халқының материалдық жəне рухани мəдениеті 
салаларындағы  ұлттық-этнографиялық  сипаты  көркем  шындықпен  бейнеленген  рухани 
қазына. Ақындар халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ата-бабалық əдет-ғұрыптарын, салт-
дəстүрлерін, еңбек, шаруашылық, кəсіп қажеттілігіне байланысты құрал-сайман, жабдық, іс-
əрекет, өнім, т.б. барлығын да өмір қозғалыстары деректерімен жырлады [3, 4, 5]. 
Шығармашылық  тұлғалардың  ата-бабалар  қалыптастырған  дəстүрлі  қасиеттерді 
поэзиялық  шығармаларында  жырлауы  арқылы  қоршаған  əлеуметтік  ортаның  да  ұрпақтан-
ұрпаққа  жалғасқан  дүниетанымы  қалыптасты.  Ақындар  шығармаларының  ұлттық  сипаты 
халықтың  ұрпақтар  жалғастығындағы  тəлім-тəрбиелік  тағылымы  мол  адамгершілік-
гуманистік,  эстетикалық  көзқарастарын  қалыптастырады.  Қазақ  халқының  өзіндік  ділінің, 
тілінің, дінінің сақталуындағы басты тірек-желі осы болды. 
Ақындардың  туған  жері,  ата-мекен  туралы  азаматтық  лирика  дəстүріндегі  өлеңдері 
ұлттық  көңіл-күй  психологиясын  айқын  таныта  алады.  Қазақ  халқына  тəн  ұлттық  мінез-
құлық  қасиеттерінің  ең  басты  көрсеткіші  -туған  жерін,  ата-мекенін  өмір  бойы  ардақ 
тұтатыны,  ұрпақтарын  да  сондай  көңіл-күй  арнасында  тəрбиелейтіні.  Бұл  орайда,  қазақ 
халқының  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  көзқарастары  мақал-мəтелдердегі  фразеологиялық 
бейнелі сөздермен де ұрпақтар жадында құрыштай құйылып қалғанын көреміз.  
Мысалы: «Туған  жердей  жер  болмас,  туған  елдей  ел  болмас», «Əркімнің  өз  жері – 
жұмақ», «Туған  жердің  қадірін  шетте  жүрсең  білерсің», «Туған  жердің  ауасы  да  шипа», 
«Туған жерге туың тік», «Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық», «Əркімнің өз жері – 
Мысыр  шаһары», «Туған  жердің  жуасы  да  тəтті», «Ел  ұлсыз  болмас,  жер  гүлсіз  болмас», 
«Елдің  көркі  елімен,  жердің  көркі  шөбімен», «Жер  таусыз  болмас,  ел  хансыз  болмас», 
«Қайраны жоқ көлден без, қайырымы жоқ елден без», «Қатты жерге қақ тұрар, ынтымақты 
елде бақ тұрар», «Туған жерге туың тік», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», 
т.б.  Халықтың  даналыққа  толы  дүниетанымының  көркемдік  ойлауының  нақты  көрсеткіші 
болып  саналатын  мақал-мəтелдердегі  осындай  ұлағат  ықпалы  ақындар  жырларындағы 
шығармалар  арқылы  да  жырланатыны – табиғи  заңдылық.  Туған  жердің  əрбір  перзентіне 
ыстық, əсем көрінетін келбеті, құбылыстары, қозғалыстары сол мекенге арналған əлеуметтік-
азаматтық, отаншылдық көзқарастарымен сабақтастырыла жырланады [6].  
Қазіргі əдебиеттану қисыны бойынша ақындардың осы бағдардағы шығармаларындағы 
поэтикалық  ерекшелік  саралана  бағаланады: «Біреулер  табиғаттың  пейзаждык  суреттерін 
жасаса, енді бір ақындар – сол табиғат аркылы қоғамдық өмірді, адамның ішкі көңіл-күйін 
астастыра жырлаған» [2]. 
Ақындық  поэзиядағы  лирикалық  өлеңдердің  ұлттық  сипаты  азаматтық-отаншылдық 
сарындармен  жырлау  арқылы  айқындалады.  Қазақ  халқының  ата-бабалардан  кейінгі 
ұрпақтарға  жалғасқан  ұлттық-этнографиялық  ерекшелігі – туған  жерді,  атамекенді 
перзенттік махаббатпен сүйіп, туып-өскен мекендерді, аймақтарды мəңгі құрметтеуі.  
Ақындардың  азаматтық-отаншылдық  сарындағы  өлеңдерінде  табиғат  көріністері, 
құбылыстары  халқымыздың  бұрын-соңғы  тарихымен,  адамдар  тағдырларымен  тығыз 
байланыста жырланады. [5]. Бұл – ақындық поэзияның ұлттық ерекшелігі. 
Жалпы, қазақ əдебиеті тарихының байырғы арнасы ақындық поэзияның ұлттық сипаты 
сөз өнері шығармаларының басқа да жанрларына игі ықпалын тигізді. Бұл – қазақ əдебиеті 

109 
 
тарихының  бұрынғы  жəне  қазіргі  мұраларын  жаңаша  қарастыру,  бағалау  бағдарындағы 
өзекті мəселелердің бірі.  
Қазақ  əдебиетінің  негізгі  арнасы  дəстүрлі  ақындық  поэзиядағы  лирикалық  өлеңдер – 
ұлттық  сипатты  ұлағатымен  халықтық  тағылымды  жалғастырған  рухани  құндылықтар. 
Халықтың  ататек-əулет  жүйесі  сабақтастығын,  атамекен  қоныстардың  қасиетті  өнегесін, 
əдет-ғұрпын,  салт-дəстүр  ұлағатын,  тарихи  тұлғалар  тағылымын  əр  алуан  жанрлардағы 
лирикалық  өлеңдермен  жырлаған  ақындық  поэзияның  ұлттық  сипаты  ұрпақтар  көңілін 
сəулелендірді, қазақ рухының қуаттылығын дəлелдеді.  
 
Пайдаланылған əдебиеттер: 
1.  Шəлекенов  У.Х.,  Шəлекенов  М.У.  Əлем  халықтарының  этнологиясы. – Алматы:  Алтын 
мұра, 2002. 
2. Əдебиеттану терминдерінің сөздігі. / Құрастырғандар: З. Ахметов, Т. Шаңбаев. – Алматы: 
Ана тілі, 1996. 
3. Қабылұлы Б. Шығармалары. – Алматы: Мұраттас, 1994. 
4.  Салқынбайұлы  Т.  Талайды  таңырқатқан  жырау  едім:  Өлеңдер,  толғаулар,  айтыстар. – 
Алматы: Газет, 1993. 
5.  Дүр  Оңғар:  Өлең,  толғау, айтысы  жəне  бірқақпайлары  мен  жұбақтары. – Алматы:  Арыс, 
2004. 
6. Қазақтың мақал-мəтелдері / Құраст. А.Т. Смайлова. – Алматы: Көшпенділер, 2006. 
 
Ж.Ж. Шалгынбай, 
Ученый секретарь Института литературы и искусства имени М.О. Ауэзова, 
кандидат филологических наук 
 


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет