Теориялық конференция материалдары


 СЕКЦИЯ.  ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІНДЕГІ «МƏҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ КӨРКЕМ



жүктеу 2.24 Mb.
Pdf просмотр
бет20/27
Дата28.12.2016
өлшемі2.24 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   27

СЕКЦИЯ
ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІНДЕГІ «МƏҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ КӨРКЕМ 
БЕЙНЕЛЕНУІ 
 
СЕКЦИЯ 3. 
ХУДОЖЕСТВЕННОЕ ВОПЛОЩЕНИЕ ИДЕИ «МƏҢГІЛІК ЕЛ» В КАЗАХСКОЙ 
ЛИТЕРАТУРЕ 
 
Р.М. Əбдіқұлова, 
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, 
филология ғылымдарының кандидаты 
 
СӨЗ МƏДЕНИЕТІ МƏҢГІЛІК ЕЛ МЕРЕЙІ 
  
Қазіргі  уақыт  туралы  айтқанда,  Елбасымыздың  өзі  де  аумалы-төкпелі  заманда  өмір 
сүріп отырғанымызды ескертеді. Дегенмен, қай заманда да халқымыздың ұлтын сүйген ұлы 
перзенттері  елі  мен  жерін  көзінің  қарашығындай  қорғап,  сақтап  келді.  Осы  ұлы  дəстүрді 
ұстараның  жүзіндей  қылпылдаған  жаһандану  заманындағы  талай-талай  «тар  жол,  тайғақ 
кешулерден»  аман-есен  алып  өтіп,  сақтап  қалу  да  жанкештілікті  қажет  етеді.  Жан-жақтағы 
«көршілерінің»  бірін  алдап,  бірін  арбап  жүріп  ел  қорғаған  Абылайдың  ақыл-айласы  да, 
даналығы  да  қаһармандықты  қажет  екені  анық.  Елдік  егемендігімізді  баянды  етіп,  бүгінгі 
Қазақстанды  əлемге  танытып,  сонау  ежелгі  замандағы  Тоныкөктей  батыр  бабамыздың 
мəңгілік  ел  туралы  арманын  қазіргі  ел  экономикасы  мен  мəдениетінің  темірқазығына 
айналдырып,  өркениетті  ел  болудың  нақты  бағдарламаларын  белгілеп  берген  Қазақстан 
Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаев диірменнің тасындай шыр айналған шырғалаң 
уақытта қандай жағдайларда болмасын төзімділік танытар болсақ, алмайтын асу жоқ екенін 
əмісе санамызға сіңіріп келеді. Рас, өтпелі қиыншылықтардың талайы артта қалып, Еңсегей 
бойлы ер Есім еңкеймей кіруді аңсаған Ақордамызды Астанадан тігіп, еңселі ел болдық. Ел 
көшбасшысы халыққа жолдауларының қайсысында да 30 өркениетті ел қатарына қосылудың 
нақты  стратегиясы  мен  тактикасын  белгілеп  бергені  анық.  Дегенмен,  осы  күрделі  міндетті 
жүзеге  асыру  оңай  емес.  Өйткені,  бүгінде  егіз  ұғымға  айналып  отырған  экономика  мен 
мəдениетіміз саласында кезек күттірмейтін қыруар істер бар екені баршаға аян. Десек те, осы 
тірлігімізге  биліктегілердің  ісі  деп  бейжай  қарамай  немесе  «көш  жүре  түзеледіге»  салып 
жүре  бермей,  қоғамымыздың  барлық  азаматтары  қарлығаштың  қанатымен  су  сепкендей 
болса  да,  дер  кезінде  өз  үлестерін  қосар  болса,  жүгіміз  аз  да  болса  жеңілдер  ме  еді  деп 
ойлайсың  кейде...  Əрине,  бұл  ойымыз  əлгі  егіз  екі  ұғымның  екеуіне  де  қатысты  ғой. 
Дегенмен,  біздің  айтпағымыз  өзімізге  тиеселі - мəдениет  жағы,  оның  ішінде  сөз  мəдениеті 
десек,  бұл  да  ұлт  болып  ұйысып,  халық  болып  құралған  сонау  заманнан  талқыланып-
таразыланып келе жатқан тарихымыз десек болады. Қазіргі мəдениет, ғылым, білім салалары 
ғана  емес,  тіпті  ежелгі  сөз  өнері  мен  дəстүрлі  мəдениетіміз  ұрпақты  қашаннан  сөз 
мəдениетіне, мəдениетті қарым-қатынас жасауға, əдептілік пен əсемдікке баулып келеді. 
Тіпті,  қазіргі  заманда  қай  салада  болсын  кəсіби  маман  болу  үшін  бірнеше  тіл  білу 
қажеттігі туып отыр. «Жеті жұрттың тілін біл, Жеті түрлі білім біл» деп дана бабаларымыз 
тегін  айтпаса  керек.  Ал,  тіл  біліп  қана  қоймай,  сөз  мəдениетін,  шешен  сөйлей  білу  өнерін 
меңгеру ел басқаруда, экономикада, мəдениетте табыс кілті болары даусыз. Оны ежелгі түркі 
данышпаны Жүсіп Баласағұнның «Кісіге құт тілден» деген нақылымен түйіндесек те болады. 
Бүгінде  осы  мақсатта  жоғары  мектептерде  риторика,  сөз  мəдениеті  курстары  оқытылады. 
Шет  елдермен,  оның  ішінде  өркениетті  елдермен  экономикалық-мəдени  байланыстарымыз 
күшейіп,  əсіресе  елімізді  əлем  таныған  осы  уақытта  инновациялық  даму  экономикалық-
мəдени  өмірімізден  таныла  бастады.  Алайда,  кейбір  қоғамдық  орталарда  жалпы  ел 
мəдениетіне  сөз  келтіретін  кемшіліктеріміз  жоқ  емес.  Солардың  көпшілігіне  «көш  жүре 
түзелерді» сылтау етіп, қол сілтей салып келе жатқанымызға қарап отырсақ, күндер, жылдар 

173 
 
емес,  замандар  өтіп  барады.  Біздің  айтпағымыз – түймедейді  түйедей  ету  немесе  тырнақ 
астынан кір іздеу емес, елеусіз, ұсақ-түйек нəрсе сияқтанғанмен жалпы елдік мəдениетімізге 
сын болатын құбылыстар деп ойлаймыз. Кісілік келбетімізге, жалпы мəдениетімізге нұқсан 
кетіретін жайларды ұлымыз да, кішіміз де баспасөз бетінде талқыға салып жүрміз. Мəселен, 
өзі  ауылда  тұратын,  ел  ішіндегі  жағдайдарды  бес  саусақтай  білетін  белгілі  жазушы  Өмір 
Кəріпұлы  «Қазақ  əдебиеті»  газетінде  жариялаған «1. Ұлттық  қайнар  немесе  қажетсіз 
дағдылар» (№ 20 (3392) 16.05. 2014) жəне «2. Ұлттық қайнар немесе қажетсіз дағдылар» (№ 
21 (3393) 23.05. 2014) деген  көлемді  мақаласында  Елбасы  Жолдауындағы  «Мəңгілік  Ел» 
идеясын жүзеге асыруда ұлттық құндылықтарымызды жаңа заманға сай жаңғыртып, түлетіп 
мəңгілік  ету  мұратын  алға  тартады,  сондай-ақ  халқымыздың  осы  күнгі  той  өткізу,  қонақ 
күту,  кісі  жерлеу  сияқты  салт-дəстүріндегі  əсіре  мақтанқұмарлық,  малшашпақ  сияқты  жат 
қылықтарын  сынға  алған  еді.  Жазушының  айтқаны  айна-қатесіз.  Көкейімізге  қона  кетті. 
Шынында  да,  жазушы  айтқандай, XXI ғасырда  өмір  сүріп  отырған  біздің  ағайын  əлі  де  өз 
отбасын, түптеп келгенде ел экономикасын тұралататын кеңқолтық мінезден арылмай отыр. 
Елімізде мал басының азаю қаупі төніп тұрғаны бір бөлек əңгіме. Жазушы осы күнгі қонақ 
күту  салтындағы  жөнсіз  тыраштық  пен  тантыма  мінезді  сөгіп,  əркімнің  «көрпесіне  қарай 
қарай  көсілгенін»  қалайды.  Ел  ағасы  Өмір  Кəріпұлының  «Табақ  тартуды  жаппай  рəсімге 
айналдыру-нарық  заңына  сыйыспайды»  жəне  «Ас  ішіп,  дəм  жеу  тəртібінің  əлемдік 
стандартына  сай  келмейтін  дағдыдан  бой  тартқанның  еш  əбестігі  жоқ»  деген  ұлағаты, 
пайдасы  зор  кеңестер  бере  келіп,  біздің  барша  тірлігіміз  «сырт  ел  назарында»  екенін  де 
жанашырлықпен ескертіп өтеді. Қарыз алсаң да той жаса, табақ тарт деп тұрған ешкім жоқ. 
Дақпырт, мақтан керек. Бұндай мінездер қала қазақтарында да бар. Ауылда «ел күлмей ме» 
деген  жалған  «намысқойлық»  бар,  көршіңе  мақтануың  керек.  Қорасындағы  мүйізді  ірі 
қараның  сүт-майын  көшедегі  алыпсатарға  татымайтын  тиын-тебенге  беріп, «щадринское 
молоко»  ішудің  бір  жағы  баяғы  кержалқаулық  емес  пе?  Мақтаншылыққа  келгенде  ұлт 
дəстүрін  «ұстанғыш»  ағайынның,  діл  мен  тіл  жайын  айтсаң  «сен-ақ  казақ  бол»  деп  тайқып 
шыға  келетіні  рас,  Өмір  аға!..Осындай  жат  мінез-құлықтардан  қашан  арыламыз,  неге 
өркениетті елдерден салт-дəстүрлерімізді орындауда экономикалық мəдениетті үйренбейміз 
депсіз..  Өмір  аға,  ағайынға  жанашыр  сөз  айта  алатын  Сіздей  ел  азаматтары  көбейсе,  көп 
нəрсеге тоқтам болар ма еді? Көп ақсақалдарымыз ел ішін жегідей жеп, бүлдіріп жатқан жат 
қылықтарды көріп отырып міз бақпайтындары несі?! Сіздің ауылдағы асқынған мал ұрлығын 
əшкерелеп, назалана жазған көлемді мақалаңызды да оқығанмын. Əттең, «баяғы жартас бір 
жартас» десек те, жылқы ұрылары мен оларлың сыбайластары айылын жиған шығар-ау.. Иə, 
ұрлық-қарлық, 
жемқорлық, 
парақорлық, 
дəнкеуде 
мақтаншылық, 
астамшылық, 
дақпыртқұмарлық,  адаммен  қарым-қатынастағы  дөрекілікті,  адамның  сөзі  мен  ісінің  бір 
жерден  шықпауы,  өндірдей  жастарымыздың  жалған  сөйлеуге  құмарлығы  сияқты 
мəдениетсіздіктің  шектен  шыққан  түрлерін  қоғамды  жайлаған  дерт  деуге  болады.  Сөз 
мəдениеті,  адами  құндылықтар  хақында  БАҚ  құралдарында  ғалымдар,  жазушылар,  қоғам 
қайраткерлері 
айтып-жазып 
жатады. 
Мəселен, 
жазушы 
Несіпбек 
Дəутаевтың 
шығармаларынан  бүгінгі  билік  тізгінін  ұстағандар  мен  олардың  маңындағы  жалпаң-
жəдігөйлердің  сыйқын  жазбай  танисың.  Бұл-жазушы  шығармаларының  шындықтан 
туғандығы.  Мансапқұмарлар  мен  тоғышарлар,  олардың  құйыршықтары – нағыз  сыбайлас 
жемқорлардың өзі. Олардың іс-əрекеттері зығырданыңды қайнатады. Əрине, телеарналар да 
ел  ішін  жайлаған  кейбір  кесепаттардың  жойылғанын,  кейбір  жемқорлардың 
ауыздықталғанын халықтың көз алдында жайып салып көрсетіп жатады. Дегенмен, шынайы 
көркем  шығарманың  қуат-күші  уақытпен  санаспайды,  Дəутаев  шығармаларындағы 
кейіпкерлер – заманауи  кейіпкерлер,  жазушы  таланты  əділет  пен  əділетсіздік  арасындағы 
бітіспес  күресті  өзгеше  бір  қырынан  танытады.  Жалпы,  əдебиетте  бүгінгі  кейіпкер  жоқ 
демейік, Дəутаев шығармалары киноға да сұранып тұр (оралған ойды айта кетейін деп едім, 
кешірім етіңіз, оқырман). 
Сөз  мəдениеті  жөнінде  де  аз  айтылып  жүрген  жоқ.  Аудармашы  Бекболат  Əдетов 
«сұрқылтай», «құлағыңа алтын сырға» т.б көптеген сөздердің мағынасын мысалдармен терең 

174 
 
ашып, көпшілік талқысына салып, түсіндіріп, қолдану орнын айқындап, жалпы «сөз түзеуге» 
бар  күшін салып  жүргенін  білеміз.  Жақында  ғана  газетіміз  бетінде  «Желқазық»  айдарымен 
жарық  көрген  философия  ғылымдарының  докторы  Бақытжан  Сатершиновтың  «Қазақтың 
құны  қандай,  қазақта  адамның  құны  қандай?»  атты («Қазақ  əдебиеті»,  № 1-2 (3427) 16.01. 
2015) адамгершілік құндылықтар жөніндегі мақаласы да көпшілікке ой салды деп ойлаймын. 
Ғалым  ғылым,  өнер,  əдебиеттегі  арзанқолдылықты,  даңғазалықты  мін  етеді.  Шынында, 
рухани  мəдениетімізде  плагиат  өрістеп  өркештенсе,  мəдениет  өсе  ме,  шынайы  рухани 
құндылықтарсыз  өркениетке  қалай  жетпекпіз?  Плагиатты  əлемиленудің  салдары  деп 
сыныққа  сылтау  іздемей,  əлемиленудің  жетістіктерін  дұрыс,  қажетіне  сай  адамгершілікпен 
пайдалансақ озық елдерден қазақтың несі кем? Осындай кем-кетігімізді айтып, тезге салып 
отыратын, ел қамын, ел мəдениетін ойлайтын азаматтар мен игі жақсылар көп болса деймін. 
Көш  сонда  түзелер.  Күнбе-күн  экономикалық-мəдени  өміріміз  қарыштап  өсіп  келеді. 
Тəуелсіздік  алғанымызға  да  ширек  ғасырға  жуық  уақыт  болды, 2030 бағдарламасын  меже 
етіп,  өркениетті  елдермен  терезе  теңестіруге  де  ұмтылудамыз.  Ел  тыныштығы-басты 
байлығымыз екенін ұмытуға болмайды. 
Рас, кіршіксіз ештеңе болмайды дегенмен, біз сөз мəдениетіне келгенде, ылғи қаға беріс 
қала  беретін  бір  жайларды  сөз  етпекпіз.  Қарапайым  оқырманды  айтпағанда,  сөз 
мəдениетінен  хабары  бар  деген  ғалымдарымыз  бен  сыншыларымыз,  жазушыларымыз, 
əсіресе мерейтойлық мақалаларында, ғылыми еңбектерінде кейіпкерінің аты-жөніне ғұлама, 
ұлы,  қаған,  көрнекті,  белгілі,  танымал,  атақты,  сөз  зергері  т.б  сияқты  эпитеттерді  орынды-
орынсыз  тіркеп,  асыра  мақтауды,  даңғаза  жағымпаздықты  əдетке  айналдырып  барады. 
Əсіресе,  бұндай  жағымсыз  дағдылар  жоғары  оқу  орындарында,  қоғамдық  басқа  да 
мекемелерде  өтетін  мерейтойлық  конференцияларда  өріс  алып  келеді.  Тіпті,  қазіргі  əдеби 
сынның қазіргі салмақсыздығының бір шеті де осындай құлықтармен шектесіп жатса керек 
(дегенмен, ол басқа əңгіме!). Орынсыз атақ қосқанын бетке айтсаң, атын атап жазсаң, біздің 
ағайын «жау көреді», орыс, еуропа халықтары ашық айтқанды ұнатады, асыра мақтау олар 
үшін масқаралық, бұл – асқан мəдениеттің белгісі. Əлемдік мəдениеттен үйрену көптік етпес. 
Мəселен, ағылшын жұрты сізбен танысқан сəтте есіміңізді құлағы дұрыс шалмай қалса, біз 
сияқты  «естімей  қалдым,  кім  дедіңіз»  демейді, «кешіріңіз»  деп  қана  қымсынады,  сол  кезде 
сіз есіміңізді қайталауға тиіссіз. Бұл- олардың ұлттық мəдениетіне тəн əдептерінің бірі.  
Əңгімемізге  қайта  оралайық,  мəселен,  əл-Фарабиді  ғұлама  дейміз,  осы  қатарға  Ахмет 
Байтұрсыновты,  Əлкей  Марғұланды  тағы  басқа  шын  мəніндегі  ғұламаларымызды  қосуға 
болады,  Абай,  М.  Əуезов  секілді  ұлы  тұлғаларымыз  да  бар.  Ал,  кез-келген  ғылым 
докторларын, жазушылар мен қоғам, өнер қайраткелерін ұлы, көрнекті, ғұлама деп дəріптеу 
орынды ма, шындыққа сай ма? Шындығында, данышпан, ғұлама, ұлы деуге лайықты ғалым, 
жазушы, ұлы тұлғалар бір ғасырда бір туады емес пе? Ұлы адамдар өмірін зерттеушілердің 
айтуынша,  ұлы  дарын  ешкімге  ұқсамайтын  тұлға,  табиғат  ерекше  жаратылған  перзенті, 
олардың  туындылары  дүниені  өзгертеді,  адамзатқа  бақыт  əкеледі.  Ал,  осы  күні  сіз  бен  біз 
ұлы,  ғұлама  атап  жүргендердің  атқарған  ісі  алдыңғы  аталған  ұлы  тұлғалардың  еткен 
еңбегіне, қалдырған өнегесіне теңдес пе, алдымен соны ойланып көрдік пе, жазарман қауым? 
Арнайы академиялық титулдар (дəрежелер) бар, мемлекеттік марапаттар бар. Рас, академикті 
академик немесе көрнекті тұлға деуге əбден болады, ал ұлы деуге негіз болу қажет. Мəселен, 
қазақ  тау-кен  инженериясының  негізін  қалаған  академик  Қаныш  Сəтбаевты  ұлы  тұлға  деп 
тануымыздың  жөні  бөлек  екені  ақиқат.  Бүгінде  кейбір  ғалымдарымызды  ұлы,  көрнекті, 
ғұлама, тіпті белгілі, танымал демей-ақ, ғылыми дəрежесі, ғылыми атағы бойынша атасақ та 
жеткілікті  емес  пе?  Елбасының  өзі  айтқандай,  ғылыми  дəрежелер  берудің  науқандық 
«штампқа  айналған»  кезеңінің  «жемістері»  бұған  да  риза  болмас  па  екен?!  Жоғарыдағы 
керемет  эпитеттер  телінген  тұлғасына  лайықты  болса  құба-құп  дер  едік.  Солардың  ішінде 
көрнекті  (выдающееся)  деген  сөзді  кез-келген  ғалым,  жазушыға  телиміз.  Орыс  халқы 
«көрнекті» деп дəріптеуді А.Н. Веселовский, М.Бахтин сияқты ғалымдарының, М. Шолохов, 
В.  Распутин  сияқты  жазушыларының  үркердей  тобына  ғана  лайықты  көреді.  Мысалы,  біз 

175 
 
көрнекті  жазушы Ғ. Мүсіреповті  көбінесе сөз  зергері  деп  атаймыз.  Ал,  енді жақыннан  бері 
осы  бір  сирек  талғамымызды  өзгелерге  де  албаты  тели  бастадық.  Белгілі  деуге  тұрарлық 
жазушы,  ғалым,  өнерпаздарымызды  танымал  деп,  тіпті  одан  да  асырып  көрнекті  деп 
жүргенімізге  не  жосық?  Жə,  сонда  танымалы  қайсы,  белгілісі  қайсы,  көрнекті  деп  кімді 
айтпақ  керек  дейсіз  ғой?  Оны  бекітіп  қойған  ештеңеміз  жоқ,  қалауыңыз  білсін,  бірақ 
даңғазалыққа бой алдырмай аздап бағамдай алсақ, басымыздан бағымыз таймас еді? 
Мысалы, жазушы қауымы туралы айтар болсақ, мен оқырман ретінде О. Сəрсенбаев, Ə. 
Сараев секілді жазушыларды белгілі жазушы, тіпті кейбірін жазушы деп қана танимын, ал І. 
Есенберлин секілді тұлғалар сөз жоқ көрнекті, біртуар жазушылар, М. Мағауин, Д. Досжан 
секілді  əлем  халықтарына  танымал,  көп  оқылатын,  тіпті  көрнекті  деуге  лайықты 
жазушыларымыз  да  бар.  Мен  оларды  сараптан  өткізуден  аулақпын,  тек  мысқалдай  мысал 
болса  деймін.  Əркімнің  талғамы  əртүрлі  дегенмен,  кемеңгерді  де  кемерден  асырмаған  жөн 
болар. Асыра мақтаудың əсерінен өз орнын білмей, «мен сондай екенмін» деп астамшылыққа 
бой алдыратындар қай жерде де бой көрсетіп қалатыны белгілі жайт. Сондықтан аузымыздан 
шыққан сөзге абай болып, əркімді, əр құбылысты өз атымен атау да сөз мəдениетіне қатысты 
болса керек. 
Бүгінде өнер сахналарында «жыпырлаған жасанды жұлдыздар» көбейді, солардың бірін 
белгілі  жүргізушінің  «эстрада  гауһары»  деп  атағанын  естідік.  Режиссерлер  бір  мезет  неге 
ойланбайды,  эстрада  гауһары  деген  əдемі  эпитетті  Роза  Рымбаева  сияқты  санаулы 
саңлақтарға телісе жарасар еді? Сондай даңғазалықтан жиренесің.. Қазір кім болса сол əнші 
ғой  деп  қолды  сілтеп  көзжұмбайлыққа  салатын  уақыт  емес,  қоғамдық  ұйымдар  тарапынан 
қай  саладағы  келеңсіз  құбылыстарға  да  тежеу  салатын  уақыт  жеткен  сияқты.  Өйткені 
мəңгілік  ел  болудың  талаптарына  сай  өмір-салтымызды  жаңғыртып,  сөз  мəдениетін 
жетілдіруді  көздеу  қажет-ақ.  Өйткені,  бұл  айтылған  мəселелердің  қайсысы  да  рухани 
мəдениетімізге сын болса керек.  
Əлеуметтік  өмір-тұрмысымыздағы  қарым-қатынаста  дағдыға  айналып  кеткен  бір 
келеңсіздік – жайы.  Əрине,  орыстілді  мекемелерде  қызметтестер  арасында  қарым-қатынас 
ресми  екенін  бəріміз  білеміз.  Қызметтегі  қарым-қатынастарда  бір-бірін  «ағай», «апай»  деу 
қазақтілді  мекемелерге  тəн.  Бірақ,  сол  біздің  ағайын  орыс  көршісіне  «Нина  Петровна»  деп 
қиылып тұратынын қайтерсің? Өйткені, көршісі əу баста өзін солай таныстырады, олардың 
ұлттық мінезі алыстан сыйласуды жөн көреді. Ал, біздің қазақтілді мекемелерде балабақша 
мен мектепті былай қойғанда, жоғары оқу орындарында осы уақытқа дейін қызметтестер бір-
бірімен ресми қарым-қатынастарда «ағай», «апай» деген жалпақ сөздерді қолданады. Жаман 
сөз  емес,  жалпы  атау,  жақындықты  білдіретін  жылы  сөз,  құлағымыз  да  əбден  үйренген, 
көшеде, үйде, қолдануға болады. Ал, бүкіл өмір-тұрмысымыз əлемдік стандартқа бейімделіп 
жатқан  қазіргі  кезеңде,  мəжілістерде,  түрлі  жиындарда  сөйлегенде,  мекеме  басшыларымен 
немесе  əріптестерімізбен  ресми  қарым-қатынастарда  немесе  мерейтойлық  мақала  жазғанда 
«ағай», «апай»  деп  қайрылу  қызмет  этикасына  жатпақ  емес.  Тіпті,  бұндай  жалпы  үлгідегі 
қарым-қатынас  мекеме  басшысы  мен  қызметкер  арасындағы  лауазымдық  шекке  де 
(субъординацияға)  да  нұқсан  келтіреді  деген  ойдамыз.  Кейбір  мекеме  басшылары 
қызметкерлердің  бір-бірімен  қарым-қатынаста  «мырза», «ханым»  деген  сөздерді 
пайдалануын  талап  ететінінен  де  хабардармыз.  Біздің  ойымызша,  бұл  да  дұрыс  емес.  Бұл 
сөздерді  қызметте  емес,  театрда,  той-думандарда,  көшеде  жəне  тағы  басқа  қоғамдық 
орындарда  қолдану  жарасымды.  Шетелдіктер  қоғамдық  орындарда  «мсье», «мисисс»  деп 
қайрылады ғой. Ал, Австрия еліне іссапармен барып қайтқан біздің университеттің ағылшын 
тілінің  оқытушысы  Насихат  Өтемғалиева  қала  мэрінің  қабылдауында  болғанын,  ол  өзін 
Штефан  деп  таныстырғанын,  солай  атауды  сұрағанын  айтып  таңғалдырған  еді.  Тіпті  əлгі 
Штефан ақ жағалы əкімге емес, тынымсыз еңбек үстіндегі қарапайым адамға ұқсайды екен. 
Дегенмен,  əр  елдің  салты  басқа.  Біз  олай  ете  қоймаспыз.  Десек  те,  қызметте,  ресми 

176 
 
орындарда  бір-бірімізді  «ағай», «апай»  дегенді  қойып,  сондай-ақ  жоғары  оқу  орындарында 
студенттердің өз ұстаздарын «ағай», «апай» деуін тоқтатып, ресми қарым-қатынасқа көшуін 
талап  еткен  жөн.  Мысалы,  Анарбай  Сағиұлы,  Сəлима  Əбдіраманқызы  деудің  еш  сөкеттігі 
жоқ.  Мектептерде  бұл  мəселені  бастауыш  сыныпты  бітірген  соң  біртіндеп  жолға  қоюға 
болады,  себебі  оқушы  осы  кезеңде  қалыптаса  бастайды.  Тілі  де  дамиды.  Ұстазының  аты-
жөнін  айта  алатын  дəрежеге  жетеді.  Тағы  бір  есте  болатын  бір  жай:  жоғары  мектеп 
оқытушыларының дəріс үстінде немесе басқа уақытта студенттерге «балалар» деп қайрылып, 
«қарақтарым,  шырақтарым»  деп  айналып-толғанып  жатуы  да  қазіргі  студент  пен  оқытушы 
арасындағы ресми серіктестік қарым-қатынасқа сəйкес келмейді.  
«Дəстүрдің  де  озығы  бар,  тозығы  бар»  дегендей,  кейбір  əдет-дағдыларымыздан 
арылатын кез келген сияқты. Өйткені, жер бетінде халықтық мəдениеті əлем жұртшылығына 
танылатын, ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, биік ұстайтын, толқын-толқын ұрпақ өсіріп 
мəңгі жасай беретін өміршең ел болу оңай емес. Сондықтан, еліміздің əрбір саналы азаматы 
қоғами  қарым-қатынастарда  сөз  мəдениетін  сақтап,  өнегелі  елдің  ұрпағы  екенін  əрдайым 
есте  ұстар  болса,  мəдениетіміз  бен  өмір  салтымызға  нұқсан  келтіретін  кемшіліктер  де 
азайған болар еді. Жаңаруға жанымыз құмар қауымбыз ғой, көкейде жүрген көп ойдың бірін 
тарқаттық, жөнсіз сөге көрмеңіз, оқырман! 
 
М.Б. Үмбетаев, 
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, 
филология ғылымдарының кандидаты 
 
ХАЛЫҚ АҚЫНДАРЫ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ МƏҢГІЛІК ЕЛ – АЗАТТЫҚ ИДЕЯСЫ 
 
ХVІІ–ХІХ ғасырларда өмір сүріп, сол дəуірлердегі оқиғалардың куəсі болған қазақ пен 
қырғыз  ел  ақындарының  соңында  қалған  əдеби  мұраларына  көз  жіберсек,  халық  басына 
түскен зор қайғы, қабырға қайыстырған қасіреттердің негізінен агрессияшыл, өз жері аздай, 
өзге елдің жерін күшпен тартып алуға құмар, ниеті жаман көршілердің қанды жорықтарынан 
туындап жататындығын талассыз аңғарамыз. Бұл пікірімізге дүниежүзілік тарихта дəлел көп. 
Халық  бастан  кешкен  ондай  алмағайып  ауыр  кезеңдерге  қазақ-қырғыздың  импровизатор 
ақындары  қайырсыз  қайғылы  заман,  қысқан  заман,  кер  заман,  тар  заман,  зар  заман,  ақыр 
заман  деп  ерекше  даралап  көрсету  мақсатында  алабөтен  айдар  таққан.  Сөйтіп,  ақын-
шайырлар  қалың  бұқара  тағдырындағы  қанды  қиыншылықтарды  ой-санаға,  рухқа  түскен 
салдары ұзаққа кететін, жазылуы екіталай шипасы жоқ дерттей, тозақтай, түнектей шақтарды 
өздерінің өлең-толғауларына арқау еткен, сонысымен кейінгі ұрпаққа баға жетпес мағлұмат 
қалдырған.  Көз  көрген  тарихты  бейнелі,  образды  түрде  баяндап  айтудың  тамаша, 
қайталанбас көркем үлгілерін жасаған. 
Мысалы,  тым  араға  бармай-ақ,  қазақтардың  ХVІІ–ХVІІІ  ғасырларда  Жоңғар 
хандығының  шапқыншылығына  ұшыраған  кезінде  шығарған  “Ақ  табан  шұбырынды,  Алқа 
көл сұлама” атанған мұңлы күндерді еске түсіретін өлеңінде мынандай жолдар бар: 
Мына заман, қай заман: қысқан заман, 
Басымыздан бақ-дəулет ұшқан заман. 
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды, 
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман. 
 
Мына заман, қай заман: бағы заман, 
Баяғыдай болар ма тағы заман. 
Қарындас пен қара орман қалғаннан соң, 
Көздің жасын көл қылып ағызамын… 
 
Мына заман, қай заман: қай-қай заман, 

177 
 
Ұл айырылған атадан дай-дай заман. 
Бауырынан айырылған жаман екен, 
Күн бар ма екен көрісер есен-аман [1, 33-б.]. 
Жау  басынған  халықтың  мұң-наласын,  төгілген  көз  жасын  бұлайша  тұла-бойды 
шымырлата,  сай-сүйекті  сырқырататындай  суретті  сөздермен  жеткізу  поэзия  əлемінде  өте 
сирек кездеседі. Бұл – мазмұнына пішіні жарасқан ғажап өлең. Көз алдымыздан апыр-топыр, 
асығыс  жөңкілген,  жан-жағына  қарауға  мұршасы  жетпей,  ізінен  шаң  борап,  жанталасқан 
көштің  жанды  елесі  өтіп  бара  жатады.  Басынан  бақ-дəулеті  ұшқан  бақытсыз  адамдар  легі, 
анадан  қыз  айырылған,  атадан  ұл  айырылған, “Қаңтардағы  қар  жауған  қыстан  жаман” 
қысылтаяң шақтың күңіренген қаралы күйі құлағымызға естіледі. “Баяғыдай болар ма тағы 
заман”  деп,  бейбіт  тыныштықта  сүрген  дəуренді  аңсаған  аналардың  аңыраған  үні,  қазақты 
есеңгіреткен  дүниеде  теңдесі  жоқ  трагедияның  аумақ-ауқымдылығынан,  көкіректі  қарс 
айырған түпсіз тереңдігінен хабар аламыз. Əрі туған елге, жерге арналған сүйіспеншіліктің, 
отаншылдық  сезімнің  соншалықты  сыршыл  қаяу-мұңының  алау  жалыны  шарпып,  үміт 
сəулесі  жалтылдайды.  Бұдан  көкірек  кернеген  шер-мұңын  поэзия  тілінде  мұнша  əсерлі 
жеткізген қазақ халқының қасірет-қайғысының да сұлулығына қайран қаламыз. Жəне де бұл 
трагедиялық өлеңнен қазақ ұлтының жауға бас иіп, табанға түскісі келмейтін, бостандықты 
жан-тəнімен  қалайтын  қайсар  қайраты,  өр  рухы  атойлап  тұр.  Жауға  деген  бітіспес  кек 
көрінеді. 
Осы 
азаттық 
идеясы 
халқымыздың 
əр 
алуан 
жанрдағы 
көркем 
шығармашылықтарына да өзек болып тартылған. 
Жоңғар-қалмақ  шабуылының  тұтқиылдан  басталып,  қазақ  үшін  апатты  сипат  алғаны 
жəне сол тұста ел тізгінін ұстаған хан-сұлтандар мен дуалы ауыз би-шешендердің, қолбасшы 
батырлардың  бас  біріктіруде  атқарған  қызметтері  халық  ақындарының  өлең-дастан, 
толғауларында жақсы сақталған.  
Қарапайым  шаруа  баққан  қалың  бұқараның  жанқиярлық  табандылығы  мен  жеңіс 
жолындағы 
сіңірген 
еңбегі, 
ақырында 
ақталған 
маңдай 
тері 
əдеби-тарихи 
шығармашылықтарда  барынша  айқын  бедерленген.  Бесік  жырынан  бастап,  ерлік 
дастандардың, терме, айтыстардың да бір маңызды тақырыбына айналған. Сайып келгенде, 
бесік тербеткен əже, аналардың сəби жұбатқанда əндететін екі-үш ауыз өлең сөздерінде бірде 
қалмақ, бірде жау, бірде дұшпан делініп аталатындар сол шапқыншы Жоңғар мемлекеті еді. 
Ондай  бейуақта  ыңылдаған  бесік  жырларынан  дұшпанның  бетін  қайтарып,  бостандыққа 
жеткізетін батыр ұлдарға зəрулік пен азаттыққа жетер күнді көксеген арман сазы білінеді: 
Тебінгіден тер өткен, 
Қанжығадан қан өткен. 
Қарағай басын қайырған, 
Қалмақтан жылқы айырған. 
Айыр қалпақ киісіп, 
Ақырып жауға тиісіп,  
Батыр болар ма екенсің? 
Қарағай найза қолға алып, 
Жауға тиер ме екенсің? 
Қашқан жаудың артынан, 
Түре қуар ма екенсің?! [2, 39-41 бб.]. 
Бірақ,  қалай  десек  те  трагедияның  аты  трагедия.  Тұтас  бір  халықтың  жойылып  кете 
жаздауына  апарып  соққан,  əрине,  агрессияшыл  Жоңғарлар  екендігін  тарихи  зерттеу 
еңбектері  растайды [3, 211-278]. Мұндай  жойқын,  зұлмат  дауылы  азынаған  азалы  заманға 
“Елім-ай!”  өлеңінде  “қысқан  заман”, “бақ-дəулет  ұшқан  заман”, “дай-дай  заман”  деп  ат 
қойған. 
ХVІІІ  ғасырдың  аяғына  дейін  жалғасқан  жүз  жылдық  тарихы  бар  ел  басындағы  осы 
зарлы  күй  ХІХ  ғасырда  одан  əрмен  қарай  ұзара  түсті,  нағыз  зар  заманның  түр-тұлғасы 
тұтастай  көріне  бастады.  Жоңғар  шапқыншылығынан  зорға  құтылған  қазақ  халқының  енді 
оңтүстік-шығысынан  аса  қатерлі  қытайдың  Цин  империясының  қауіпті  қарасы  мен 

178 
 
мұндалады.  Біресе  Жоңғар,  біресе  Цин  империясы  түрінде  төбесінен  қара  бұлтша  төнген 
басқыншылық  соғыстардан  аман  қалудың  жолын  жанталаса  іздеген  қазақтың  сол  уақтағы 
хандары  мен  сұлтандары  солтүстіктегі  көршісі  Ресей  патшасына  үміттене  қарады.  Қайта-
қайта  елшіліктер  аттандырып,  Россиямен  арада  əскери  одақ  құрудың  келісім-шартын 
жасасуға  күш  салды.  Сөйтіп,  сырттан  болуы  мүмкін  соғыстарға  бірлесіп  тойтарыс  беру 
жолдарын ойластырды. 
Жүз  жылға  дерлік  созылған  Жоңғар  шапқыншыларына  қарсы  күресте  ұлы  даланың 
азаттық  жолындағы  қимылдарына  бірде  бір  рет  көмек  қолын  созбаған,  тек  қана  аңысын 
аңдып, қазақ пен қырғыздың сыртқы жаудан мейілінше көп қырылып, əбден əлсіреуін күткен 
солтүстіктегі бұзық ойлы көршіден жақсылық көреміз деушілік амалсыздықтың ісі еді. Тура 
осыған  ұқсас  саясат  ұстанған  Қытай  аждаһасы 1758 жылы  қазақ  хандығынан  таяқ  жеп 
шыққан  Жоңғарияны  тып-типыл  етіп  талқандап  жіберді  де  Тарбағатай-Алакөл,  Қаратау-
Талас, Шу жəне Алатау-Балқаш өңірлеріне сұқтана көз тікті. Міне, осындай пұшайман халде, 
шарасыз  кезеңде  кіші  жүз  ханы  Əбілхайыр  орыс  мемлекетімен  өзара  əскери  көмек  беруді 
көздейтін келісім-шартқа қол жеткізді. Ал, орыстар үшін ұлы патша саналатын Петр бірінші 
тұсынан  бермен  қарай  олардың  ең  тəтті  арманы - жалпақ  жатқан  қырғыз-қайсақ  мекенін 
қайткен  күнде  де  іс  қылып  жаулап  алып,  оның  аржағындағы  Үндістанға  шығу  болатын. 
Олардың  бұл  арам  ойы  осылайша  оп-оңай  шешіле  кетті.  Əскери  көмек  беруді  сылтау  етіп, 
орыстың  əйел-еркегі  аралас  патшалары  əбден  титықтаған  қазақ  хандарын  бірінен  соң  бірін 
дегеніне күшпен көндіре бастады. Күш болмаған жерде үй, сарай салып беріп, алтын-кеміс 
шашып алдарқатты, арқадан қағып, шапан жапты. Шынында да қазір ойлап қарасақ, шығыс-
түстіктен аузынан от шаша жылжыған қызыл жалды айдаһардан гөрі, солтүстіктен алаңғасар 
қалыпта талталақтап келе жатқан қоңыр аюдың далалықтардың көзіне əп дегенде момақан-
монтаны көрінуі ғажап та емес! Мұның үстіне күн өткен сайын əл бермей, күш алып, араны 
ашыла түскен патшалық Россияның ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарымен мұздай 
қаруланған  əскеріне,  жаңаша  соғыс  жүргізу  өнеріне  қазақ  пен  қырғыздың  қарсы  қояр 
дəнемесі  де  бола  қойған  жоқ-ты.  Əрі  үздік-создық  сан  жылдарға  ұласқан  Орта  Азиялық 
хандықтардың  шабуылдарынан,  əрі  өздерінің  ішіндегі  алауыздық  пен  бақталастықтан, 
тақталастықтан  əбден  қажып,  есі  шыққан  күйдегі  хан-сұлтандар  да,  қарашоғыр  еңбекші-
малшы халық та үмітсіздікке бой алдырды, орыстың өктем  
билігіне  бірте-бірте  мойынсұнды.  Тіпті,  базбіреулері  орыс  үкіметі  берген  мансап, 
көрсетілген  қолпаштауларға  сүйеніп,  бірін-бірі  мұқатуды  шығарды.  Ал,  əр  жер-əр  жерден 
көрінген наразылықтар мен толқулар толық жеңіліске ұшырап жатты. 
Қазақ  елінің  алғашқы  ұлттық  толқулары  отарлаудың  ең  бірінші  жанға  батқан 
аймақтарында, атап айтқанда, Батыс Қазақстан мен Солтүстік-шығыс Қазақстан өлкелерінде 
өрттей лаулады. Мəселен, ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы Қазақстанның батыс аймағын түгелдей 
шарпыған  Сырым  Датұлының,  Исатай  Тайманов  пен  Махамбет  Өтемісұлы-ның,  Жанқожа, 
Досан батырлардың көтерілістері аяусыз жаншылды. Ең əйгілі, аса зор ауқымдағы Кенесары 
Қасымов  бастаған  азаттық  қозғалысы  ХІХ  ғасырдың  орта  шеніне  дейін  созылады.  Қазақ 
халқының  дəстүрлі  хандар  билейтін  мемлекеттік  жүйесін  сақтап,  тəуелсіздікті  сөзсіз 
орнықтыруды  мұрат  тұтқан,  орыс  отаршылдығына  қарсы  бағытталған  бұл  қозғалыс  аса 
қасіретті жағдайда сəтсіздікке ұшырады. Сəтсіздікке душар болатындай мықты себептері де 
бар  еді.  Себебі,  Атырау-Астраханнан  бастап,  Алтай-Өскеменге  дейінгі  мыңдаған 
шақырымдық  қазақ-орыс  шекарасының  өнбойында  Ресейлік  əскери-соғыс  бекіністері 
салынып  тасталған  болатын.  Бір  жағы  Атырау-Астраханнан  басталып,  екінші  тұсы  Омбы-
Семей  өңірлерін  қамтыған  империялық  қару-құралы  сай  жыртқыш  əскер  қазақ  даласын 
қаусыра  құшағына  ала  алға  қарай  өңмендей  ұмтылды.  Осы  орасан  зор  кеңістіктегі  қазақ-
қырғыздар  тарапынан  болған  көтеріліс,  қарсылықтардың  бəрін  отаршыл  империя  тегіс 
тұншықтырды,  атты-асты,  үрейі  ұшқан  бай-манаптарды,  сұлтан,  төрелерді  алдап-арбады, 
қоныс-жай тұрғызып берді, əскери шен-шекпендер үлестірді. 
1847-1848  жылдары  бүкіл  ұлы  даланы,  қырғызды  толық  тепкісіне  түсірген  Ресей 
жаулаушылары  ақырында, 1864-1865 жылдары  Ташкент,  Бұқара,  Хиуа,  Самарқанд  секілді 

179 
 
Орта  Азияның  шаһар-мемлекеттерін  талқандап  бағындырды.  Сонысымен  тек  қазақ-қырғыз 
жерлері ғана емес, бүкіл Кіндік Азияның бірден бір əмірші қожасына айналды. Бұл - қазақ, 
қырғыз,  өзбек,  түркімен,  тəжік,  т.б.  ұлт-ұлыстар  үшін  шыққан  күні  батып,  соңғы  үміті 
үзілгенмен бірдей еді. 
Сөйтіп, бас еркінен айырылған қалың елдің мұң-зары күннен-күнге үдей берген. Артта 
қалған жайлы тұрмысты, жайбарақат өмір қызығын көксеген жұрттың сарғайған сағынышы, 
күйінішті  зары  неше  алуан  əфсана-аңыздар  мен  өлең-толғаулардың  басты  тақырыбына 
айналды.  Қазақ  поэзиясында  бұл  тақырыпты  алдымен  көтерген  Дулат,  Мұрат,  Шортанбай 
сынды ақындар болды. Шортанбай Қанайұлы өзінің “Зар заман” атты өлеңінде: 
Зар заман, зар заман, 
Зарлап өткен бір заман. 
Сөздің басы – бисмілла, 
Біз айталық, сіз тыңда… 
Мына заман қай заман? 
Азулыға бар заман, 
Азусызға тар заман. 
Тарлығының белгісі: 
Жақсы – жаннан түңілген, 
Жаман – малдан түңілген, 
Мұның өзі-зар заман. 
Зарлығының белгісі: 
Бір-бірлерін күндеген, 
Жай-жайына жүрмеген 
Мұның өзі – тар заман. 
Тарлығының белгісі: 
Мұсылманнан хал кетті, 
Тəңірім болғай демесін… 
Орыс – бүркіт, біз – түлкі, 
Аламын деп талпынды, 
Орыстан қорлық көрген соң, 
Отырып билер алқынды [4, 10-12 бб.], –  
деп  торыққан.  Ұлттық  поэзиямыздағы  осы  сарындас  ақындардың  əдеби  мұраларына 
назар  аудара  келіп,  академик-жазушымыз  Мұхтар  Омарханұлы  Əуезов  былай  деген: “Зар 
заман деген – ХІХ ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің 
аты.  Шортанбайдың  өлеңі  ілгергі,  соңғы  ірі  ақындардың  барлық  күй,  сарынын  бір  араға 
тұтастырғандай  жиынды  өлең  болғандықтан,  бүкіл  бір  дəуірде  бір  сарынмен  өлең  айтқан 
ақындардың  барлығына  “зар  заман”  ақындары  деген  ат  қойдық.  Бұл  ақындардың  дəуірі - 
жоғарыда  айтқан  тарихи  дəуірді  туғызған  дəуір.  Зар  заман  ақындарының  алғашқы  буыны 
Абылай  заманынан  басталса,  арты  Абайға  келіп  тіреледі.  Сондықтан,  қазақтың  тарихымен 
салыстырсақ, зар заман дəуірі толық жүз жылға созылады” [5, 192-б.].  
Асылында,  адам  баласы  басына  күн  туып  тарыққанда,  үміті  үзіле  торыққанда  зар 
илейді. Жан-жағын қарманады, қолға ілігер тым құрыса тал-шыбық іздейді, оны таппайды. 
Содан  көкірегі  қарс  айырылып  қайғырады,  күңіренеді,  бір  кездегі  бейқам  күндерді  ойлап, 
уайым  шегеді,  аһ  ұрады.  Кіріптарлыққа  түсіріп,  шерменде  қылған  уақытқа  қарғыс  айтады, 
бұл жағдайдың түп себептерін іздейді, салдарына күйзеле ой жібереді. Ақырында олар күллі 
кесапатты  əкелушілер  жат  жұрттық  отаршылдар  деген  тоқтамға  келеді.  Міне,  осындай  зіл 
батпан ойға түскен ақындар қазақ поэзиясында Дулат, Мұрат, Шортанбайлар болса, қырғыз 
поэзиясында  Қалығұл,  Балық,  Арыстанбектер  екендігі  байқалады.  Олар  қазақ,  қырғыз 
елдерінің басындағы кер заманның, тар заманның, зар заманның дүние қарап болардағы ақыр 
заманнан несі кем дейтін қорытынды түйген. Ақыр заманның көріністері мен белгілерін атап 
шыққан. Мысалы, Шортанбай: 
 

180 
 
Сөйлеген сөзі жалған-ды, 
Шайнаған асы арам-ды. 
Кім мұсылман, кім кəпір,  
Бір Аллаға аян-ды. 
Дос кісіге қас қылсаң, 
Өз бойыңа жаман-ды. 
Атасы ұлға нанбайды, 
Көңіліне қуаныш қылмайды. 
Уəліден кетті керемет, 
Патшадан кетті ғаділет. 
Ақыр заман таянды! 
Бұл асылық асқан заманда, 
Ұл туады атаменен егесіп, 
Қыз туады анаменен теңдесіп. 
Баласы кетті тыюдан. 
Масқаралар таймайды, 
Жас сыйласып тұрудан [4, 13-б.], – десе, 
 
Қалығұл: 
 
Азиздер айтып кетиптир, 
Ақыр заман болжолун. 
Ак азирети пайғамбар,  
Адам ата баш болуп, 
Акыр заман кишиси,  
Илгери өткен адамдан, 
Башка болот деп айтқан… 
Акыр заман адамы, 
Бакыл болот деп айтқан. 
Ақыр заман адамы, 
Алым болот деп айтқан. 
Аяттық сөзүн бек тұтпай, 
Залим болот деп айтқан. 
Аганын тилин ини албай, 
Кыйын болот деп айтқан. 
Биринин тилин бири албай, 
Жайыл болот деп айтқан. 
Қапыр менен аралаш, 
Ошондо, айыл конот деп айтқан [6, 27-б.], – дейді. 
Қазақша аудармасы: 
 
Ақыр заман болжалын. 
Ақ əзіретті пайғамбар, 
Адам ата бас болып, 
Ақыр заман кісісі, 
Ілгері өткен адамнан, 
Басқа болад деп айтқан… 
Ақыр заман адамы, 
Бақыл болад деп айтқан... 
Ақыр заман адамы, 
Алым болад деп айтқан. 
Аят сөзін ұстанбай, 

181 
 
Залым болад деп айтқан. 
Ағаның тілін іні алмай, 
Қиын болад деп айтқан. 
Бірінің тілін бірі алмай, 
Жаһил болад деп айтқан. 
Кəпір менен аралас, 
Осындай, ауыл қонад деп айтқан.) 
 
Қорыта келгенде, аталған шығармашылықтардан өткен ғасырлардағы қазақ пен қырғыз 
халықтарының өзгерген дүниеге көзқарасы, оған берген бағасы көрініс тапқан. Əдепкіде ел 
ішінде  орын  алған  оғаш,  сорақы  қылықтарды  санамалап,  сарнай  зарлаған  Шортанбай, 
Қалығұл  сияқты  ақындар  сол  келеңсіздіктердің  бара-бара  мүлде  бас  бермей,  тереңдей 
түскендігін  көріп  қайғырған.  Бейнелі  түрде  осының  барлығын  ақыр  заманның  белгілеріне 
ұқсатқан.  Өзегін  өкініш  өртеген  Шортанбай  Қанайұлы  мына  заманда  жалған  сөйлеушілер, 
арамды адал көретіндер, досына қастық қылатындар көбейді, бала атаға қарсы шығып, қыз 
анаға  қарсы  шығып,  жасы  үлкенді  сыйламайтын  масқаралар  пайда  болды, “Ақыр  заман 
таянды” десе, Қалығұл Байұлы өз кезегінде қырғыз ішіндегі жайсыздықтарды термелеген. Ол 
өз  түсінігі  тұрғысынан  “Ақыр  заман  адамы  бақыл  болот”,  арамға  əуес,  ниеті  бұзықтардың 
кесірінен  “Эгин  өнүп,  чөп  чыкпай,  такыр  болот”,  заман  ақыр  боларда  өнегелі  сөзге  құлақ 
аспайтын,  білгенін  жамандыққа  жұмсайтын  залым  оқығандардың  молаятындығын, 
“қапырменен аралаш” өмір басталатындығын болжаған. 
 
Пайдаланылған əдебиеттер: 
1. Жұмалиев Қ. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ əдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1967. – 434 б. 
2. Қазақ халқының ауыз əдебиеті (Хрестоматия). – Алматы: Мектеп, 1977. – 234 бет. 
3. Златкин И.Я. История Джунгарского ханства. – М.: Наука, 1983. – 332 с.  
4. Шортанбай. Толғаулар, айтыстар, дастан. – Алматы: Айқап, 1993. – 80 б. 
5. Əуезов М. Əдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б. 
6. Калыгул Бай уулу (Элге кенен тараган ырлар жыйнагы). – Бишкек: Китеп, 1992. – 48 б. 
 
Т. Мұқашев, 
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті,  
филология ғылымдарының кандидаты 
 


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   27


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет