Теориялық конференция материалдары


ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ РУХ



жүктеу 2.24 Mb.
Pdf просмотр
бет22/27
Дата28.12.2016
өлшемі2.24 Mb.
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ РУХ 
 
Ұлттық рухты қалыптастыруда қазақ əдебиетінде жыраулар поэзиясының алатын орны 
ерекше. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде былай 
ой  түйеді: «Халық  рухының  ұшқыны  ақындардың,  сазгерлер  мен  айтқыш  абыздардың 
жүрегінде  тұтанып,  жалындай  бастады.  Асан  қайғы,  Шалкиіз,  Бұқар  жырау  сияқты  бұл 
дəуірдегі  ұлттың  шығармашылығында  шынайы  қазақ  руханияты  қалыптасып  дамыды» [1, 
275-б]. 
Жыраулық  поэзия – ұрпақтан-ұрпаққа  жеткен  сөз  өнеріміздің  асыл  мұрасы,  дамыған 
ұлт  əдебиетінің  ғажап  көркемдік  белгісі.  Ə.  Тəжібаев: «Жырау – сөз  жоқ,  ақын.  Ақын 
болмай,  жұрт  қадірлейтін  жырау  атану  мүмкін  емес.  Ақындығы  күшті  жыраулардың 
жалынды  жырлары  үнемі  жаңғырып,  кейінгі  ұрпаққа  сиқын  бұзбай  көрікті  күйінде  жетіп 
отырады. Ал, жыраулық-ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дəстүрлі саласы» 
[2, 224-б.], – деп  жыраулық  дəстүрді  əдебиетте  орны  бөлек  жеке  сала  ретінде  алып 
қарастырады. 
ХV-ХVIII  ғасырлардағы  жыраулар  поэзиясы – өмірді  танытушылық,  философиялық-
дидактикалық  мағынасы  мол  мұра.  Ақын-жыраулар  өлең-жырларымен,  өнегелi iсiмен 
халыққа белсене қызмет етiп, ел ұйытқысы, тəлiм-тəрбие мектебiнiң ұстазы бола бiлдi.  
Жыраулар ел болашағын жырлауы тұрғысынан дараланып келген, сол дəуірдің ой-сана, 
əдет-ғұрыптық,  тілдік  шаруашылық,  тарихи  көріністерін  суреттеген.  Бұл  жөнінде  Х. 
Досмұхамедов  былай  дейді: «Қазақтың  жеке  өмірінің  барлық  сəттері – туғаннан  бастап 
өмірден  озғанға  дейін,  сондай-ақ  тұтас  халықтың  немесе  жеке  рудың  қоғамдық  өміріндегі 
барлық  оқиғалар  халық  əдебиетінде  жырланады» [3,15-б.] – деп  ой  түйсе,  Е.Ысмайлов: 
«Жыраулар өмірдің ұсақ мəселесіне аз араласып, көбінесе, заман-дəуір, өткен мен келешек, 
адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып 
отырған» [4, 42-б.].  
Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы – туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің 
бірлігі, бүтіндігі. Асан қайғы: 
«Ай, хан, мен айтпасам білмейсің, 
Айтқаныма көнбейсің. 
Шабылып жатқан халқың бар,  
Аймағын көздеп көрмейсің 
Қымыз ішіп, қызарып, 
Мастанып, қызып терлейсің. 
Өзіңнен басқа хан жоқтай, 
Елеуреп неге сөйлейсің», – деп ханның мінін бетіне айтып, орда маңында болып жатқан 
келеңсіздіктерді, елінің қараусыз қалғанын батырып айтады. Одан əрі халқына жайлы қоныс, 
ырысты жер іздеген абыз жырау:  
...Тіл алсаң іздеп қоныс көр, 
Желмая мініп жер шалсам, 
Тапқан жерге ел көшір, 
Мұны  неге  білмейсің!», – деген  ақылгөй  сөзі – сол  елінің  қамын  ойлаған  жүрек  сөзі. 
Сол сияқты Қазтуған жырау да: 
«Қайран менің Еділім, 
Мен салмадым, сен салдың, 
Қайырлы болсын сіздерге 

190 
 
Менен қалған мынау Еділ жұрт!.. – деп еңіреп өткен. Қазтуған жыраудың бұл толғауы 
өзінің рухани қуатын, идеологиялық мағынасын əлі жоғалтқан жоқ. Бұл туынды өзінің елге 
деген, туған жерге деген патриоттық рухымен, ғасырлар бойы халықты жігерлендіріп келді.  
«Еділдің бойын ел жайлап,  
Шалғынына бие біз байлап, 
Орындықтай қара сабадан 
Бозбаламен күліп, ойнап, 
Қымыз ішер күн қайда!» – деп Доспамбет жырау армандаған, 
«Ауылдан топыр үзілмей,  
Ошақтың оты өшпесе,  
Май жемесе қонағым... 
Он кісіге жараса,  
Бір  кісіге  асқан  тамағым», – деп  Ақтамберді  жырау  еліне  ырыс,  молшылық  тілеген, 
бейбіт, тыныштық өмірді қалаған. 
Жыраулар  поэзиясы  еліне  деген  ыстық  сезімге  толы.  Олар  сол  еліне  жалынды 
жырларын  арнаған,  халқын  сол  елі  үшін  қызмет  етуге  үндеген,  керек  болса,  жанын  пида 
етуге  шақырған.  Халқы  үшін  қан  майданда  шайқасқа  түсіп,  елін,  жерін  сыртқы  жаудан 
қорғаған  əйгілі  халық  батырларының  ерліктерін  де  жыр  еткен.  Мысалы,  Тəтіқара  жырау 
толғауында: 
«Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт, 
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт. 
Найзасының ұшына жау мінгізген  
Еменəлі  Керейді  Ер  Жабайды  айт», – деп  батырлардың  ержүректілігін,  батылдығын 
жыр еткен. 
Шалкиіз жырау ерлер жаудан да, сойдан да тартынбайтын, батырлығы басынан асқан 
жігерлі жандар.  
Ғаділ төре ел бастар, 
Шешен адам сөз бастар,  
Аға жігіт ел бастар, 
Шешен  адам  сөз  бастар, – деп  ер  жігіттің  ерлікпен  аты  шығатынын,  нағыз  батыр 
қиындыққа шыдап, ел үшін күреске шығу керектігін айтады.  
Ақтамберді жырау:  
...Қоңыраулы найза қолға алып. 
Қоңыр салқын төске алып, 
Қол  қашырар  ма  екенбіз, – деп  өзінің  замандас  жас  ұрпағын  табандылыққа,  ерлікке, 
жауға батыл аттануға шақырады. 
Ал  Бұқар  жырау  өз  заманының  басты  идеологы  болды,  толғаулары  сол  тұстағы  маңызды 
мəселелерге  арналды.  Сол  тұста  ерекше  ерліктерімен  көзге  түскен  Қаракерей  Қабанбай, 
Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жəнібек, Сіргелі Тілеуке тағы басқа батырларды ханның 
сенімді  серіктері, «қазақтың  абырой-арына  бар  күшін  сарп  қылған»  ел  қорғаны,  əйгілі 
батырлары, асыл азаматтары тұрғысынан жырлады. Жырау Абылай ханның 
Қалмақты қашырдың. 
Алатаудан асырдың. 
Қазаққа жер кеңейттің, 
Дұшпаныңды кеміттің, – деп жау қашырған қолбасы, батырлығы мен көсемдігін, өзгеге 
үлгі  боларлық  істерін  жырлады.  Сонымен,  халқымыздың  ауыз  əдебиеті  ұрпақ  тəрбиелеуге 
өлшеусіз үлес қосты жəне əлі де үлес қосып келеді. Ақын-жыраулардың поэзиясы, олардың 
ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғырту идеясы қазірдің өзінде де өз күшін жойған жоқ. 
Елбасымыздың  «Егер  біз  мемлекет  болғымыз  келсе,  өзіміздің  мемлекетіміздің  ұзақ 
уақытқа  меңзеп  құрғымыз  келсе,  онда  халық  руханиятының  бастауларын  түсінгеніміз  жөн. 
Оған  барар  жол  халық  даналығының  негізінде  жатыр.  Қазақта  мынандай  мақал  бар: «Жеті 
атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» [1, 267-б]. 

191 
 
Сондықтан  жыраулардың  бай  мұраларын  қазіргі  жастардың  пайдаланатын  тəлімдік 
құралы  етіп,  оларды  елін,  жерін  сүюге,  құрметтеуге  баулып,  адамгершілік  қағидаларының 
басты ұстанымы екендігін жастар санасына сіңіру қажет.  
Ұрпақты  ұлттық  рухқа  тəрбиелеу  тұрғысынан  жыраулар  мұрасы  өз  мəнділігін 
жоғалтпақ емес жəне ақын-жыраулар толғаған жырлар арқылы олардың бойына патриоттық 
сезімді қалыптастыруымыз қажет.  
Тағдыр талайымен, көп бейнет-азаппен жеткен тəуелсіздігіміз баянды істермен толыға 
түсуде.  Елбасы  Н.Ə.Назарбаев  Қазақстан  халқына  жыл  сайынғы  Жолдауларының  бірінде 
былай  деген  еді: «Біз  алдымызға  анық  та  айқын  мақсат  қойдық – біз  жақсы  өмір  сүргіміз 
келді,  біз  еркіндікке  ұмтылдық,  біз  бəрінен  бұрын  балаларымыз  бен  немерелеріміздің 
лайықты өмір сүруін қаладық». Міне, осы ұлы мақсаттарға бүкіл ел азаматтары ғұмырының 
біраз жылдарын арнады. Еңбегіміз еш кеткен жоқ, біз бүгінгідей биікке көтерілдік, төрткүл 
дүние таныған, əлем мойындаған елге айналдық. Бұл ұғымның астарында елдің ертеңі үшін 
атқарылған  қаншама  жанкешті  істер  бар,  жұдырықтай  түйіліп,  елді  көркейтуге  жұмсалған 
өлшеусіз  еңбек  бар.  Тəуелсіздік  тұғырын  бекемдей  түсудің  ұлы  мұраты – елдің  бүтіндігін 
келер замандарға жалғастыру, өркениеттің асқар белестеріне өрлеу болмақ.  
 
Пайдаланылған əдебиеттер: 
1. Назарбаев Н.Ə. Тарих толқынында. – Алматы, 2003. 
2. Тəжібаев Ə. Жылдар. Ойлар. – Алматы, 1976.  
3. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. – Алматы, 1998. 
4. Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы, 1956. 
5. Бес ғасыр жырлайды. Том 1. – Алматы, 1984.  
 
Е.М.Солтанаева, 
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, филология 
ғылымдарының кандидаты 
 
ЕЖЕЛГІ ЖƏНЕ ОРТАҒАСЫРЛАР ƏДЕБИЕТІНДЕГІ  
ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ЖƏНЕ «МƏҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУ 
ЕРЕКШЕЛІГІ 
 
Кез  келген  ұлттың  ұлттық  идеясы  хронологиялық  шекарасы  жағынан  этностың 
қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс болары белгілі. Дəл қазақ халқына қатысты қолданар болсақ, 
ұлттық  идеяны  ХҮ  ғасырдағы  қазақ  хандығының  құрылуынан  бері  іздестіруіміз  керек. 
Алайда,  халық  санасында  ұлттық  идеямен  пара-пар  елдік  идеялар сонау ежелгі  кезден  бері 
болары  ақиқат.  Ұлттық  идеяның  негізі  ретінде  елдік,  халықтық,  қағанаттық,  хандық, 
мемлекеттік идеяларды қарастыратынымыз да сондықтан.  
Əдебиетіміздің тарихына үңілер болсақ, елдік идеялардың бастауы, көзі ретінде ежелгі 
түркі əдебиетін көреміз.  
Белгілі  қоғам  қайраткері,  академик  М.Жолдасбеков  былай  дейді: «Біздің  тарихтан  да, 
Құраннан да білетініміз мəңгілік тек Аллаға тəн. Алладан басқа жер бетінде, аспан астында 
мəңгі  ештеңе  болмайды.  Бірақ  бізге  адаспай  жүретін  идеология  керек.  Қазақтың  ендігі 
ұлттық  идеологиясы  осы  «Мəңгілік  ел»  деп  ойлаймын. 2050 жылы  біз  «Мəңгі  ел»  бола 
саламыз  деп  ешкім  кесім  жасай  алмайды.  Елбасы  оны  айтып  отырған  жоқ.  Қазақтың  түпкі 
арманын  меңзеп  отыр» [1]. Ендеше  халықтың  сан  ғасырлық  арман-тілегі,  мақсат-мүддесі 
көрініс тапқан əдебиет тарихына барлау жасап көрелік. 
Профессор Қаржаубай Сартқожаұлы «Мəңгі ел» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи 
журналында: «Мəңгілік  ел — түрік  жұртының  данагөйі,  үш  бірдей  қағанның  кеңесшісі 
болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» – екендігін жазған [2, 20-21 бб.]. 

192 
 
Расымен  де, «Тоныкөк», «Күлтегін»  жырларының  басты  тақырыбы  даңқты  қолбасшы 
Күлтегін  мен  ақылгөй  дана  қарт  Тоныкөк  өміріне  арналғанымен,  басты  идеясы  түркі 
халқының елдігі, бірлігі, ынтымағы.  
Тарихшы, 
мəдениеттанушы, 
əлеуметтанушы 
мамандар 
үшін 
өте 
қызық 
проблемалардың бірі ескерткіштердегі мемлекет болып, ел-жұрт құрап, халық болып ұйысу 
мəселесі. Жырда: 
Жауын бейбіт етті, 
Тізеліні бүкітірді,  
Бастыны еңкейтті. 
Əкем қаған сөйтіп ел-жұрт құрап, 
Ұша барды, – делінген. 
Əкесінің орнына таққа отырған баласы: 
Түркі халқын көркейте түсті, 
Көтерді. 
Кедейді бай қылды.  
Азды көп қылды [3, 14-б.]. 
Академик  М.Барманқұлов  өзінің  «Хрустальные  мечты  тюрков  о  квадронации»  деген 
еңбегінде  «азды  көп  ету»  мəселесі  туралы,  яғни  халық  болып  бірігудің  əлеуметтік  жағын 
қарастырып былай дейді: «Да, прежде всего тот, что народ в те далекие времена понимался 
не как генетически чистое явление, а как сообщество, единое своими устремлениями. 
Названия  «канглы», «тюрк»  или  «монгол»  понимались  не  как  совокупность  людей, 
которых  отличают  «чистые  чресла»  или  «чистое  семя»,  арутюхм  по  древнетюркски,  а  как 
совокупность  племен  и  народов,  объединенных  едиными  помыслами,  единым,  возможно, 
статусом» - десе, тағы бір жерінде «Единство целей, а не единство крови обуславливало, как 
правило, название империи и стран», – дейді [4, 14-б.].  
Яғни мемлекет құрап, халық болып ұйысудағы басты нəрсе ортақ мүдде, ортақ аңсар, 
бір  мұраттың  болуы  керек.  Ал,  керісінше  болған  жағдайда,  ел  елдігінен  айырылатын 
жағдайы бар. Жырда елдікке қауіп тудыратын тағы бір себеп ретінде ел басқарушының жеке 
басының қасиеттері: біліксіздігі, жалтақтығы көрсетіледі.  
Сондай-ақ  елдікті  сақтап,  мемлекеттің  атақ-даңқын  шығаратын  ерлердің  ісі,  яғни 
Күлтегіннің шабуылдары оқыған адамның жүрегінде намысын отын жанып, мемлекеті үшін 
мақтаныш  сезімін  ұялатады.  Бұл  жағынан  келгенде  жырдың  қазақтың  батырлық 
эпостарымен ұқсас келетін тұстары мол. Ежелгі дəуір əдебиетінің зерттеушісі Н.Келімбетов 
бұл  туралы  былай  дейді: «Күлтегін», «Тоныкөк»  жырлары  өзінің  идеялық  мазмұны, 
композициялық  құрылысы,  көркемдік  бейнелеуі  жағынан  қазақтың  ерлік  пен  елдікті 
жырлаған қаһармандық жырларының алғашқы үлгілері болып табылады» дейді. 
Расымен,  жырдың  баяндау  тəсілінде,  идеялық-көркемдік  тəсілдерде,  жекелеген 
суреттеулерде  қазақ  бастырлық  эпостарымен  композициялық,  көркемдік-идеялық, 
философиялық  аналогиялар  өте  көп.  Мəселен,  Култегіннің  жиырма  жеті  жасындағы,  отыз 
жасындағы, отыз бір жастағы ерліктері баяндалады. 
Мұндай  тəсіл  қазақ  халық  ауыз  əдебиетінде  де  қолданылады.  Мəселен, «Ер  Тарғын 
жырында»  Ақжүніс  ару  өзін  Тарғын  батырдан  тартып  алып  кетпек  болған  Қартқожақ 
батырға  қайырыла  сөйлегенде  оның  бес  жасынан,  алпыс  бес  жасына  дейінгі  істерін, 
ерліктерін тізіп айтып береді.  
Қырық бес жасқа келгенде, 
Қырым деген шəһəрдің 
Жел жағына қаласың, 
Ық жағына панасың. 
Қырдан қиқу төгілсе, 
Елге таман үңілсе, 
Мың кісіге бір өзің 
Шошынбай жалғыз барасың, 

193 
 
Кəне шыққан мүйізің? [5, 55-б.]. 
Ақжүніс  ақылды  əйел.  Ол  Қартқожаққа  бірден  жоқ  деп  келіспесе,  батыр  қиқарлыққа 
басы,  қызды  өңгеріп  əкетуі  мүмкін  еді.  Бірақ  ол  Қартқожақ  батырдың  əрбір  жасындағы 
ерліктері мен істерін тізуіндегі басты мақсаты, тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйінін шығару. 
Яғни  батырдың  дəуреннің  өткенін  көрсету,  соны  Қартқожақтың  өзіне  түйсінту  еді.  Батыр 
сөзге тоқтап, «Менен озған дəурен екеуіңе құтты болсын!» - деп бата беріп шығарып салады.  
Бұл  тəсіл  қазақ  термелерінде,  қазақ  поэзиясында  да  жиі  ұшырасады. «Он  сегіз  бе? 
Болғанбыз  он  сегізде», «Ой-хой  жиырма  бес», «Пай-пай  жиырма  бес», «Отыздан  асып 
барамын», «Мен  биыл  дəл  қырықтың  бесеуінде», «Елуге  келдік,  кеткеніміз  жоқ  дана  боп» 
секілді  əр  жастың  өз  ерекшелігін  сипаттайтын,  соңында  адам  өмірінің  мəні  туралы  түйіп 
айтатын өлең, толғаулар бар. Əр толғаудың соңында өмірден түйген түйін, авторлық пəтуа 
жатады.  
Күлтегін  жырында  да  батырдың  əр  жастағы  ерліктерін,  істерін,  шайқастарын  жырлай 
келе өмірінің соңына дейін айтылуы, осы үрдістің бастауы. Ол жырда былай берілген: 
Маңы қорғанында қыстап, 
Жазына Оғыздарға қарай 
Əскермен жылжыдық. 
Күлтегін бек – бастаушымыз, құтымыз. 
Күлтегін Өгсіз ағын мініп, 
Тоғыз ерін шанышты. 
(Бірақ олар) орданы бермеді, 
Шешем қатын, (онан соңғы аналар) 
Жеңгелерім, келіндерім, ханымдар 
Өзім қайғырдым. 
Тағдырды тəңірі жасар,  
Адам баласы бəрі өлгелі туған.  
Мұндағы «Тағдырды тəңірі жасар,  
Адам баласы бəрі өлгелі туған» [3, 16-б.], –  
деген сөйлемдер – бұл авторлық пəтуа, авторлық шешім. Дəстүрлі философиялық түсінікте 
«Адам  баласының  барлығы  өлгелі  туған»  деген  тұжырымнан  туындайтын  екі  түрлі  өмір 
салты  бар.  Бірі,  Гамлетше,  адам  баласы  ақыры  өлу  үшін  туатын  білсек,  онда  əрекет  ету 
əбестік, деп болбырлыққа салыну. Таным əрекетті шектейді деген пессимисттік өмір салтын 
ұстану.  Екіншісі,  керісінше,  қамшының  сабындай  қысқа  ғұмырда  артыңнан  мəңгілікке 
болмаса  да,  өлмес  дүние  жасау,  ұзаққа  сақталып  қалатындай  іс  тындыру  дегеннен  туатын 
оптимисттік өмір салты. Қазақта «Не өлмейді?» деген ойтолғау да сол түсініктен туған. 
Күлтегін  жырының  авторы  осы  екінші  ұстанымның  адамы.  Йоллығ  тегін  істің  адамы. 
Біріншіден,  ол  Күлтегіннің  өлемес  ісін,  яғни  түркі  халқы  үшін  түн  ұйықтамай,  күндіз 
отырмай,  өліп-тіріліп  жерді  ұлғайтып,  кедей  халықты  бай,  аз  халықты  көп  еткенін  кейінге 
баяндап  беріп  отыр.  Баяндағанда  да  жай  айтыла  салу  емес,  жырдың  нақты  адресатын  атап 
айту  бар.  Мəтіндегі  «Түркі  халқы,  өкін!»  немесе  «Түркі,  оғыз  бектері,  халқы  тыңдаңдар!», 
«Түркі халқының қазіргі бектері, Таққа кіріптар бектер, Сендер жаңылғышсыңдар ғой?!» деп 
қарата айтылған сөздер бар. Яғни адресат айқын. Ол түркі халқы, өз жұрты, өз ұрпағы үшін 
қажет ақпарат бұл. Ақпарат болғанда да, елдік, ерлік рухы сақталған ақпарат.  
Екіншіден,  Йоллығтегін  өлмес,  мəңгі  сақталар  дүниелерді  тере  келе  «ғалымның  хаты 
өлмейді, жақсының аты өлмейді» - деген халық нақылын жақсы білген. Сондықтан да:  
Ел болғандарыңды да мұнда бастым, 
Жаңылып, кешкендеріңді де мұнда бастым, 
Барлық сөзімді айтармəңгі тасқа бастым, – дейді.  
Йоллығтегін мəңгі сөзін өз жырында бірнеше рет қайталап айтады.  
Көңілдегі сөзімді айттым, 
Он оқ ұлдарына, таттарға дейін, 
Бұны көріп, біліңдер, 

194 
 
Мəңгі тас қалаттым – деп тағы бір қайтара қайталайды. Қай жерге мəңгі тас қалдыруды 
да Йоллығтегін қарастырған. 
(Бұрын) бұл аялдама болса, 
Қазір де аялдама жер болса, 
Сол аялдама жерге 
Мəңгі тас қалаттым, жаздырдым [3, 17-б.]. 
Бұл  жерде  тағы  да  адресатқа  ақпаратты  толық  жеткізу  ойы  тұр.  Йоллығ  тегін  үшін 
маңызды  нəрсе – Күлтегін  өмірін,  оның  ерліктерін  паш  ету  арқылы  ерлік,  батырлық  рухты 
дəріптеу, елдің бірлігін, ынтымақ, берекесін насихаттау, ел болу идеясын көтеру.  
Орхон  жазба  ескерткіштерінде  басты  идея  түркі  елінің  ел  болу  идеясы  жатыр. 
«Күлтегін», «Тоныкөк»  жырларында  «түрк»  сөзінің 46 рет  қайталанып  отыруы  тегін  емес. 
Автор  түркі  мемлекеттінің  гүлденгенін,  көркейгенін  көксеп  отыр.  Түркі  халқы  үшін  түн 
ұйықтамай, күндіз отырмай, өліп-тіріліп жерді ұлғайтып, кедей халықты бай, аз халықты көп 
еткені баяндайтын автор түркі елінің атақ-даңқты (Түркі халқының атақ-даңқы өшпесін деп), 
бай  (кедей  халықты  бай  еттім),  көп  (аз  халықты  көп  еттім),  тату,  бейбіт,  көркем  (түркі 
халқын  көркейте  түсті)  ел  болуын  қалайды.  Күлтегін  мəңгілік  ел  болуды  көксеп  отыр. 
Йоллық  тегін  үшін  мəңгілік  ел  атамекенмен  байланысты  ұғым.  Елдік  бұл  туған  жермен 
байланған түсінік. Жырда: 
Өтүкен қойнауында отырсаң,  
Мəңгілік елдігіңді сақтайсың сен – деген жолдар осының айғағы. Йоллық тегін үшін де, 
Күлтегін үшін де түркі жері, түркі суы қасиетті. Күлтегіннің қазіргі ұрпақтары аңсаған мəңгі 
ел  болуыдың  түп  негізі  осында  жатыр.  Атамекен  түсінігі  тарихи  даму  барысында  туған 
жерге,  өскен  елге  ауысты.  Жəне  осы  трансформация  қазіргі  қазақ  поэзиясынан  да  көрініс 
тапты.  
Сондай-ақ  жырдағы  шайқас  үстіндегі  суреттеулер,  батырдың  сəйгүлігін  суреттеудегі 
қолданылатын сөздік қолданыстар қазақ батырлық жырларымен ұқсас келеді. Н.Келімбетов 
өзінің  «Ежелгі  дəуір  əдебиеті»  атты  оқулығында, «Ежелгі  түркі  поэзиясы  жəне  қазақ 
əдебиетіндегі дəстүр жалғастығы» атты зерттеулерінде осыған байланысты терең мағыналы 
талдаулар  жасаған.  Дегенмен,  ең  басты  ұқсастық,  Орхон  ескерткіштерінде  де  батырлық, 
ерлік, елдік пафос қазақ бастырлық жырларында да көрініс тапқан. Осы тұрғыдан келгенде, 
бұл туындыларды – ерлік істер арқылы елдікті танытатын шығармалар деп атауға болады. 
VІІ-VІІІ  ғасырдағы  əдеби  жəдігерлерден  «Қорқыт  ата  кітабынан»  да  осындай 
жанкештілікті көруге болады. Қорқыт идеясы енді түркі кеңістігінен əлдеқайда кең, əлемдік, 
жалпыадамзаттық  форматқа  көтерілген.  Қорқыттың  өз  шығармаларына  кіріспес  бұрын 
Қорқыт атымен байланысты аңыздардың өзінің философиялық мəніне көз жіберейік.  
Тарихи  деректерден  бөлек,  аңыз  бойынша  Қорқыт  есіміне  қатысты  қазақ  арасында 
кеңінен танымал, тылсым əңгімелер көп. Қорқыттың туылуының өзі аңыз. Ол туыларда күллі 
əлем  күңіреніп,  үш  күн,  үш  түн  бойы  қараңғылық  басып  тұрған.  Ел-жұрт  үрейленіп, 
қорқыныш сезімі билеген соң, Қорқыт деп қойған дейді. 
Академик,  философия  ғылымдарының  докторы  Ғарифолла  Есім  Қорқыт  сөзінің 
шығуын  түркілік  дүниетаныммен  байланыстырады.  Яғни  түркілер  үшін  маңызды 
концептілер қатарында құт сөзі де бар. Мысалы, құтты білім. Қорқыт бұл азан шақырылып 
қойылған есім емес, халықтың қойған лақаб есімі. Қорқыт есімі шын мəнінде Курқұт болуы 
мүмкін деген болжам жасайды. 
Ғ.Есім  болжамымен  келісуге  болады.  Себебі,  шын  мəнінде  түркілік  дүниетаным  үшін 
аса  маңызды  концептілерінің  бірі  «құт»  концепті.  Ол  тек  бақыт,  жақсылық  деген  нəрселер 
ғана емес игілік, ізгілік деген ұғымдармен де сабақтас. Қазақтың кез-келген жақсы іске құтты 
болсын айтуы, сол жақсылықтың ғұмырлы болуына деген ізгі тілек. Құт сөзі береке сөзмен 
қосарланып  айтылуы  да  тегін  емес.  Аз  болса  да  берекесін  берсін  деп  айтылады.  Яғни  кез-
келген заттың шын мəніндегі материалды жүзеге асуы, даруы бұл құт. Білімінің шын мəнінде 
жүзеге  асуы,  даруы  бұл  құт.  Оның  іс  жүзіндегі,  практика  жүзіндегі  көрінісі  құт.  Қорқыт 

195 
 
есіміндегі қыт құт деп ауыстырылуында қисын бар. Ал құт алдындағы Кур емес, Қор болса 
қисынды. Яғни құттың қоры деп толықтыруға болады Ғ.Есімнің болжамын. 
Қорқыт  есімімен  байланысты  аңыздардың  бір  парасында  Қорқыттың  ажалдан  қашуы 
туралы көп айтылады.  
Ғ.Есім өзінің «Қорқыт философиясы» туралы зерттеуінде: «Қорқыт, ажал философиясы 
емес,  өмір  философиясы  туралы  айтып  отыр.  Мұндай  проблеманы  кезінде  у-шу  қылып 
Ницше  жазған. «Жизнь  построена  на  предпосылке  веры  в  нечто  устоичивое  и  регулярно 
возвращающиеся».  Ол  «вечное  возвращение»  деген  ұғымды  ұсынған, «в  конце  концов  все 
должно быть так, как оно и есть и так оно и было» дейді.  
Ол «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген тұжырымды адамның шарасы, шамасы деген 
түсініктермен байланыстыра қарастырады. Қорқыттың драмасы адам шамасынан асып кете 
алмағаныдығынан туындаған деп түсіндіреді.  
Ғ.Есім: «Қорқыт  екі  проблеманы  көтерген  ғұмыр  проблемасы,  ол  мəңгілік  проблема 
жəне  өмір  сүру  проблемасы,  ол  тұрмыстық  өткінші  мəселе.  Өткінші  өмірде,  шынында  да, 
қайда барсаң Қорқыттың көрі деген тікелей өлімге, ажалға қатысты мəселе емес. Бұлай деп 
түсіну тым қарадүрсіндік. Бұл аңыздық вариант. Адам ажалдан қорқып өмір сүрмейді. Адам 
ажалды  ойлап  қайғырмайды,  ол  өзінің  көп  іске  дəрменсіздігіне,  əрекетінің  шектеулігіне, 
мына  өмірге  су  сияқты  сіңіп  кете  алмауына,  қапаланып,  қайғырады. «Қайда  барсаң, 
Қорқыттың көрі», «қайда барсаң бір қайғы көру деген өзіңнің дəрменсіздігіңді көріп, сезіну, 
адамның өз шарасынан, болмысынан шыға алмауын сезіну» - деп қорытынды шығарады [6]. 
Қорқыттың  ажалмен  күресін  М.Əуезов: «Ажалды  тоқтату  мүмкін  еместігін 
мойындағысы  келмеген  Қорқыт  Ата  жұрттан  безіп,  айдалаға,  табиғат  аясына  кетеді,  бірақ 
таулар  да,  жазықтар  да,  ормандар  да  оған  өлім  күтіп  тұрғанын  айтады.  Содан  қорқып 
шырғайдан  алғашқы  қобызды  жасап,  жер  бетінде  бірінші  болып  күй  тартады.  Сөйтіп 
өлмеудің амалын өнерден табады», – деп жазады [7, 14-б.]. 
Расымен,  Қорқыттың  ажалмен  күресіп,  мəңгі  өмірге  ұмтылуы,  оған  мəңгілік  мұра 
болып  қалар  істер  тындыру  арқылы  жетуі  адам  рухының  өлместігіне  деген  сенімнен 
туындаған. Бұл Қорқыттың аңыздық келбеті.  
«Қорқыт  ата»  кітабындағы  көптеген  кейіпкерлер  өмірден  алынған  тарихи  тұлғалар. 
М.Əуезов: «Қорқыт жырындағы жойқын алыптардың ұлы ағасы – Қазанбек, Қазан алып, ол 
Қорқыт  хикаясы  мен  «Оғыз»  дастанының  жарқын  бейнесі.  Оның  қасында  ерген  алып 
достары Байбөрінің ұлы Бамсы (Берік) Бұйрық, өз інісі Қаре-Көне, оның баласы Қара-Бодау, 
баласы Ораз алып, əзірейілмен алысқан жойқын алып Домрул, Төбекөзді өлтіретін асқан ер 
Бисат,  Қазылық  қожа  ұлы  ер  Жүгенек,  Қаңлы  қожа  ұлы  туралы  (Тураналы),  Үйсін  қожа 
балалары  Екрек,  Секрек,  жұртқа  үлгі  беріп,  нақыл  сөз  айтқан  жырау  Қорқыт  ата,  ұйытқы 
болған кемеңгер ойшылдар Баяндыр хан, Дерсе хан, оның ұлы Бұқаш. Қорқыттың дастанына 
негізі  сюжет  болған  тарихи  адамдар  осылар», – дейді [7, 18-б.].  Яғни  оғыз-қыпшақ  елінің 
тарихта  болған  барлық  бектерін,  алыптарын,  көсемдерін,  шешендерін,  ақындарын, 
батырларын, күйшілерін тілге тиек ету арқылы олардың істеріндегі үлгі боларлық тұсты алға 
тартады. Бұл кейіпкерлердің тарихи негізі мықты деген сөз. 
Осындай  тарихи,  шыншыл  негізі  мықты  ортағасырлық  ескерткіштердің  бірі 
М.Қашқаридің  «Диуану  лұғат  ит-түрік»  шығармасы.  Автордың «...олардың  шаһарлары  мен 
далаларын  түгел  кезіп  шықтым.  Түрік,  түркімен,  оғыз,  жігіл,  яғма,  қырқыздардың  сөздері 
мен  сөйлеу  мəнерлерін  зерттеп,  қажеттісін  пайдаландым» – деуінде  шығарма 
шынайылығының, тарихилығының алғышарты жатыр [8, 9-б.]. 
Шығарма ортағасырлық дəстүрге сай алдымен Алланың атымен басталады. Автор одан 
кейін  өз  мемлекеті  туралы  сөз  етеді.  Онда  ол: «Мен  Тəңірдің  гүлденген  мемлекетті 
түркілердің  топырағында  жаратқанын,  өмір  біліктерімен  сол  топырақты  ғажайып 
өрнектегенін көрдім» – дейді [8, 9-б.].  
Қашқари  өз  сөздігінде  «Түркі  жұрты», «Түркі  елі», «Түркі  жері»  тіркестерін  жиі 
қолданылады.  Ол  түркілердің  жақсы  қасиеттерін: «Оның  үстіне  түріктер  көркемдік, 
сүйкімділік,  жарқын  жүзділік,  əдептілік,  жүректілік,  үлкендерді,  қарияларды  құрметтеу, 

196 
 
сөзінде тұру, мəрттік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие», – деп тізіп айтады. 
Автордың осындай бағалауларынан түркі жұртына деген үлкен сүйіспеншілігін көреміз жəне 
осы түркішілдік идеяны өз шығармашылығына өзек еткенін байқаймыз.  
М.Қашқари  түсінігінде,  елдің  мəңгілік  болуы  оның  тілімен  байланысты.  Себебі  тіл 
ақпаратты тасымалдаушы, өңдеуші, сақтаушы құрал. Сондықтан да кітабының алғысөзінде: 
«Мəңгілік  ескерткіш,  əрі  таусылмас  əдеби-көркем  мұра  болып  қалсын  деген  ниетпен  түркі 
елдерінің  сөздігін  жасап,  кітапқа  «Түркі  сөздерінің  жинағы»  деген  ат  қойдым» – деуі  тегін 
емес.  
Орыс  ғалымы  А.Н.Кононовтың  айтуынша  Махмудтың  диуанды  жазуының  негізгі 
мақсаты  түркі  тілінің  мəртебесін  жоғары  көтеріп,  оның  араб  тілінен  ешқандай  кемдігі  жоқ 
екендігін  дəлелдеу  болған.  Қашқаридің  өз  айтуынша  «Мақсатым – талаптанушыларға  тура 
бағыт көрсетіп, болашаққа кең жол ашу. Ниеттес жандарды мəңгілікке риза ету», –дейді.  
«Сөйтіп  бұл  кітапты  ұрпақтан-ұрпаққа  халықтық  мұраны  қаз-қалпында  жеткізу 
мақсатымен қиянға қанат қағып, əсемдік əлем – мəңгілік өмірге біржолата жолдама алды», – 
дейді. 
Көріп  отырғанымыздай  мəңгілік  ұғым-концепті  Қашқари  түсінігінде  тілмен,  əдеби-
көркем мұрамен, ризашылықпен, өмірмен байланысты. Мəңгілік – халық ұғымында қасиетті 
нəрсе.  Тек  əсем,  əдемі,  таза  адал  нəрселер,  өнер-білім  ғана  мəңгі,  рухани  мұра  екендігі 
сөздіктің алғысөзінен көрінеді.  
Расымен, А.Қыраубаеваның ежелгі жəне ортағасырлардағы əдеби мұра туралы зерттеу 
еңбегі  «Ғасырлар  мұрасы»  деп  аталған.  Ал  мұра  бұл  рухани  құндылық.  Əдебиеттанушы 
ғалым  Г.Піралиева  өзінің  «Қазақ  əдебиеттануы  жəне  ұлттық  идея»  атты  зерттеу  еңбегінде 
«Шындығына  келгенде  автор  айтып  отырғандай  ешқандай  саясатқа  көнбейтін,  заманына 
ілеспейтін нағыз ұлттық идея, ұлттық мүдде мен мақсат – осы ұлттық құндылықтарда жатыр 
емес пе?» – дейді [9, 18-б.].  
Яғни  ұлттық  мүдде  мен  мақсат  негізінде  ұлттық  құндылықтар  жатыр  деуі  əбден 
орынды. М.Қашқаридің түркі тілдерінің сөздігі ұлттық салт-дəстүрдің қордаланған жинағы. 
Сөздікте  бірнеше  жерде  Түріктер  үшін  қастерлі  ырым-тыйымдар  мен  салт-дəстүрлерді, 
адамдардың  ата  кəсібін,  тұрмыс-тіршілігін,  еңбегін,  кəсібін,  əдет-ғұрпын  көреміз.  Олардың 
наным-сенімін  көрсететін  түлі  тұрмыс-салт  жырлары:  оның  ішінде  бəдік  өлеңдер,  сыңсу, 
жоқтау, естірту, жар-жар, тойбастар, бақсылар сарыны, тойбастар өлеңдер бар.  
Сондай-ақ  автор  сөздігінде  берер  ғибраты  мол  мақалдарды  іріктеп  беріп,  түркі 
жұртының  дүниетанымындағы,  салт-дəстүріндегі,  дүниені  сезінуіндегі  сол  мақалдардың 
мəнін ашып түсіндіреді. Бұл түсіндірулер авторлық дүниетанымды, ұлттық яғни түркілік діл 
(менталитет)  тұрғысынан  жасалған.  Мəселен, «Түлкі  өз  ініне  үрсе  қотыр  болар»  деген 
мақалдың  мəнін  М.Қашқари  өз  жұртын  жамандағандарға  өнеге  үшін  айтылады  деп 
түсіндіреді. Яғни түркілер үшін өз жұрты əрқашан да қастерлі, қасиетті. 
Сонымен, түркі халықтарына ортақ мəдени мұралардағы елдік идеяның жəне мəңгілік 
ел идеясының көрініс табуының 5 негізгі тұғыры бар екен.  
Олар:  тіл,  дін  (немесе  ата-бабалар  рухына  болсын,  Тəңіріне  болсын,  Аллаға  болсын 
сенім),  діл,  тарих,  кеңістік  немесе  ата-мекен  концептілері.  Олардың  əрқайсысы  ежелгі 
дəуірден  бері  жалғасып  келе  жатқан  əдеби,  рухани  мұраларымыздың  барлығынан  көрініс 
тапқан.  
«Күлтегін» жыры: 
Биікте көк Тəңірі,  
Төменде қара жер жаралғанда, 
Екеуінің арасында адам баласы жаратылған – деп басталса, «Диуани-лұғат –ит түрік» 
шығармасында  алдымен  Аллаға  мадақ,  содан  гүлденген  түркі  мемлекетіне  сауап  айтудан 
басталады. Яғни екі шығармада да сенім мəселесі бірінші орынға қойылғаны көрініп тұр.  
Ежелгі  əдеби  мұралар  үшін  мəңгілік  ел,  ең  бірінші  атамекенмен  байланысты  ұғым. 
Елдік бұл туған жермен байланған түсінік. «Өтүкен қойнауында отырсаң, Мəңгілік елдігіңді 
сақтайсың сен» – деген жолдар осының айғағы.  

197 
 
Мəңгілік ел болу үшін тілі де мəңгі болуы керек. Мұны М.Қашқаридің «Диуани лұғат 
ит түрік» еңбегінен туған ойларды таразылай отырып, парықтадық.  
«Қорқыт  ата»  кітабында  да, «Күлтеген», «Тоныкөк»  жырларында  да,  М.Қашқаридің 
еңбегінде  де  тарихи  негіз  бар.  Яғни  ұлтық  идеяның  өзгеру,  даму  барысын  бақылау  үшін 
тарих  беттеріне  көз  жүзіртеміз,  тарих  толқынында  халық  үшін  қажетті  құндылықтар 
іріктеліп шығып отырады деген сөз. Біз зерттеуімізге нысан етіп алған əдеби жəдігерлердің 
барлығының  авторы  алдымен  өз  халқының  ділі,  дүниетанымы  тұрғысынан  қарастырып, 
ойларын сабақтаған.  
Осы бес ұғымның бірлігі ұлттық, елдік идеяны анықтайтынын зерделеуге болады.  
 
Пайдаланылған əдебиеттер: 
1.  Жолдасбеков  М.  Тəуелсіздік  тағылымы:  Тарихи  сөздер,  мақалалар,  сұхбаттар. – Астана: 
Күлтегін, 2012. – 480 б. 
2. Mangi El. халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы. – Алматы: Pride Print, 2013. — 
108 б. // 
http://e-history.kz/kz/contents/view/2416
  
3. Ежелгі дəуір əдебиеті. Хрестоматия. – Алматы, 1999. – 180 б. 
4. Барманкулов М. Хрустальные мечты тюрков о квадронации. – Алматы: ОФ «БИС», 1999 – 
416 с. 
5. Ертарғын // Батырлар жыры. http://aldiyar.kz/attachments/  
6. Есім Ғ. Қорқыт // 
http://alemadebiety.kz/?p=2208
  
7. Əуезов М. Шығармалары. – Алматы: Алатау, 2012. – 512 б. 
8. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі (Диуани лұғат ит-түрік) – Алматы: Ана тілі, 1993. – 192 б. 
8. Піралиева Г. Қазақ əдебиеттануы жəне ұлттық идея. – Алматы, 2015. – 180 б. 
 
А. Актойкенова, Х. Набиев,  
магистранты Казахского национального университета  
имени Аль-Фараби 


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет