Тәшімбай салтанат қуатбекқызы «Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІV ғ.) лексикасы



бет20/126
Дата23.02.2022
өлшемі0.97 Mb.
#26246
түріДиссертация
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   126
Дауыстылар үндестігі. Ескерткіш тілінде бірінші буында еріндік дауыстылар о, ө, ұ, ү екінші буында да сақталған: көңүл, бурун, үчүн, өлүм, қудуқ, қуртул, қуруқ т.б. Сондай-ақ сөздердің септік, тәуелдік, жіктік жалғауларын жалғанғанда да түбір сөздің ыңғайына қарай жалғау түрлерін қабылдаған. Яғни көзүм, сөзүм, көңлүм, көзүң, сөзүң, күчүм, сүйүнсүн деп жіктелген, сөзүн, йүзүн, йүзүңнүң деп септелген.

Ескерткіштен мысалдар келтірсек: Көңүл ширин сөзүңга болды Фархад 189 (Көңіл Шырын сөзіңе болды Фархад). Бурун он дедим, он бир болды 590 (Бұрын он деп едім, енді он бір болды). Сүйүнсүн банда Хоразми-Равани 620 (Хорезмидей пенденің жан-дүниесі сүйінсін). Меңа ´ишкың йолында қан көрүнүр 513 (Саған ғашықтық жолында қаным төгіледі).

Осы сөздерді қазақ тілімен салыстырғанымызда төл тілімізде бірінші буында еріндік дауыстылар о, ө, ұ, ү келіп, екінші буында езулік е, ы, і әріптері келеді. Мысалы, көңіл, бұрын, үшін, өлім т.б.

Қазақ тілінде сөздің бірінші буынында ерін дауыстысының (о, ө, ұ, ү) біреуі келетін болса, одан соңғы екінші кейде үшінші (өте сирек) буындағы езу «е, ы, і» дауыстылары кейде сөйлеуде «ө, ұ, ү» ерін дауыстыларымен үндеседі – комбинаторлық түрде алмасып айтылады: жүрек (жүрөк), көйлек (көйлөк), күрек (күрөк), т.б. [26, 91 б.].

Қазақ тілінде қосымшадағы дауысты сөздің соңғы буынына қарай екі түрлі жолмен – 1) таңдай үндестігімен (палаталь гармония), 2) ерін үндестігімен (лабиаль гармония) үйлеседі. Сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай қосымша дауыстылары да жуан-жіңішке болып талғанып жалғанатыны белгілі.

Мн жазба ескерткіші тілінде қазіргі қазақ тіліндегідей редукция құбылысы болғандығы аңғарылады: ағыз – ағзы, көңүл – көңли, оғул – оғлы. Жәдігерден мысал келтірсек: Кишиниң пакларға көңли тартар 521 (Кісінің шынайы пәктікке көңілі тартып тұрады); Көрүб гүл ғунчаниң ағзы ачылур 290 (Сені көргенде, гүл қауызы аузын ашады); Тағы от ичра Азар оғлын асрар 30 (Тағы от ішінде Азар ұлын аман сақтады).

Қазақ тілінде де сөздердің соңғы дыбысы қосымша басындағы дыбыстың әсерінен өзгеріп отырады: кітап-ы – кітабы, жап-у – жабу, терек-і – терегі т.б. Бұл құбылыс екі сөз аралығында да келеді: қап алады – қаб алады т.б.

Қазақ тілінде кейде сөздің екпінсіз буындарында (р мен н, у мен з, р мен қ, й мен н фонемаларының аралығында) ы фонемасы редукцияланады: орыныорны, қарыным – қарным, ауызым – аузым.

Мн жазба тілінің еріндік және езулік дауыстыларымен келген сөздердің қосымша жалғанған кезде бастапқы буындағы еріндік не езулік дауыстылардың қаншалықты буын құрамына қарай сақталғанын көрсетуге болады.

Езуліктердің сақталуы: ысырға, билик, кичик, тирик, йармақ, йаратқан, арслан, йаман, тикан; алғашқы буыны езулікпен басталып, келесі екінші-үшінші буындарда да бірыңғай езулік дауыстыларымен келген: келди, минди, белиң, ерниң, тишиң, йатқай, қылғай, тикансиз, қылсаңыз, тилиңиз, меңиңиз, башладым, кишиниң, тоғмағай, тапылғай т.б. Езулік дауыстылар бірінші буыннан бастап соңғы буынға дейін жалғасып жатады: алмаңызға, йақасында, арасында, олтырмағыл.

Езуліктердің үндесуі септік жалғауларында да көрініс тапқан: айға, байға, йаңақыңда, қашыңда, сайрарға, айаққа; жедел өткен шақтың -ти варианты: йетти, йитти, кечти, бичти; өткен шақ көсемшенің -иб жұрнағы түбір сөздегі езулік дауыстылардың ыңғайына қарай жалғанған; етиб, кетиб, алыб. Езулік дауыстымен келген қыл-, бер-, айт- секілді етістіктерге қылды, берди түрінде келеді; ІІ жақ бұйрық рай жасайтын формалар: -ғыл/қыл: қылғыл, өткен шақтық есімшенің оғыздық формасы -мыш/-миш: аймышларыдин.

Еріндіктердің сақталуы: басқы буында еріндік дыбыс келетін екі-үш буынды сөздердің екінші буыны көбінесе еріндікпен келген: көңүл, бурун, үчүн, узун, бойун, толун, қуруқ, улус; ілік септігінің жалғауының -нүң варианты қулуңнуң, йүзүннүң; тәуелдік жалғауының І және ІІ жағы қолум, көзүм, сөзүм, көңлүм, күчүм, бойуң, қулуң, өзүң, көзүң, сөзүң, йүзүң, бірақ тәуелдік жалғауының ІІІ жағы үндестік заңынан ауытқиды: өзи, сөзи, йүзи; есімнен сын есім жасайтын жұрнақтар: йүзлү; өткен шақ көсемшенің -үб, -уп жұрнағы: көрүб, түзүб, болуп, толуп, қонуп; үстеу: бүгүн; бұйрық райдың ІІ, ІІІ жақтық формалары: болсун, қутулсун, тутсун, сүйүнсүн; есімшенің келер шақ тұлғасы: булур, урур, турур, олтурур, көрүнүр; -ду/-ту (-ды/-ты) аффиксті өткен шақтың І, ІІ жақта: сундум, туттум, туттуң, унуттуң, уттуң.

Мн тіліндегі бүкіл сөздер мен оған жалғанған қосымшалар үнемі үндесіп келіп отырады деп айта алмаймыз. Ескерткіште еріндік/езулік болып үндесуі әлсіз түрде келген қосымшалар да жоқ емес: ІІ жақ бұйрық рай жасайтын -ғыл/-гил; болғыл, йетүргил, кетүргил, кечүргил; ауыспалы шақтың көрсеткіші -ар, -ур/-үр: кетар, өртар, қалур, билур, қылур, ачылур, сачылур, чықарур, берур, йарашур, ерүр, кетүр. Бұл қатарға ІІІ жақтың тәуелдік жалғауы мен ілік септігінің -ниң көрсеткішін қосуға болады.

Ескерткіштің басты ерекшелігі жазба тілде сөздер көбінесе шығыс септігінің -дин жалғауын тіркестірсе, -тин жалғауы бір-ақ сөзге жалғанған: йырақтин. Бұл септік жалғаулары өзінен бұрынғы дыбыстарымен үйлеспеген.

Қорыта айтқанда, дауыстылардың жуан не жіңішке болып үндесуі көп буынды сөздің алғашқы буынына қарай икемделген. Бастапқы буын жуан болса, келесі буындары да, оған жалғанған сан алуан қосымшалар да жуан дауыстымен келген, сондай-ақ бірінші буындағы жіңішке дауысты дыбыс өзінен кейінгі буындардың жіңішке болып келуін қадағалап отырған.

Орта ғасырда өмір сүрген қыпшақтардың тілінде жазылған «Мухаббат-наме» ескерткішін өзге де құнды жәдігерлердің тілімен салыстыруды орынды деп білеміз. Осы себепті Мн тілінің фонологиялық ерекшеліктері қыпшақ жазу мәдениетінен толық мәлімет беретін «Әл-Қауаанйин...» мәтінімен де салыстырылды. Ортағасырлық мәмлүк қыпшақтарының тілі туралы классикалық араб тілінде жазылған «Түркі тілінің толық жүйеленген ережелер жинағы» қолжазбасындағы ескі қыпшақ жазу мәдениетінің дауысты, дауыссыз дыбыстарының қолданылу ерекшеліктерімен, дауысты дыбыстардың үйлесімі, буын жүйесімен [32, 158-182 бб.] толық сәйкес келетінін байқауға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   126




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет