Төлеген Рахымжанұлы Өлеңімнің өзегі



Pdf көрінісі
бет1/13
Дата07.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#3600
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Төлеген Рахымжанұлы
Өлеңімнің өзегі – 
Өр Алтайым
Өлеңдер
Алматы
«Раритет»
2014

3
   
       
Өлеңдер
* * *
Тегершігі өмірдің тоқталмайды,
Қуалайсың арманың – көк торғайды.
Шоқ тұтанса тұтанар күл болғанша,
Күл тұтанып қайтадан от болмайды.
Сағым болып жас күнің қайқаңдайды,
Ұлғайған шақ талғам мен жай таңдайды.
Солған тамыр бойымен қан жүгірмес,
Қураған гүл қайтадан жайқалмайды.
Көздің жауын алатын кереметтей,
Мен сонда да дүниені керек етпей,
Шыр айналып өлеңді шыға алмадым
Отқа түсіп кететін көбелектей.
Орып айтар орамға тіс батпайды,
Көрікті ойды көбік сөз қыспақтайды.
Құрық ұстап, бұғалық тастасам да,
Асау өлең жалынан ұстатпайды.
Туған жер – Катонқарағайым
Көкшені көрмей-ақ өтейін,
Баянға бармай-ақ кетейін.
Туған жер – Катонқарағайыма
Тезірек жетейін.
УДК 821.512.122-1
ББК 84 (5Қаз)-5
Р 24
Қазақстан Республикасы
Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша жарық көрді  
Рахымжанұлы Т. 
Р 24        Өлеңімнің өзегі – Өр Алтайым: Өлеңдер/Төлеген Рахымжан-
ұлы. – Алматы: Раритет, 2014. – 224 б.
ISBN 978-601-250-210-7
Ақын  Төлеген Рахымжанұлы өмірінің соңына дейін ұстаздық ете жүріп, 
өмірін  өлеңмен    өрнектеп  өткен  жан.  Кіндік  қаны  тамған  топырағында 
шәкірт  тәрбиелеп,  жұртының  қалаулысы,  Қаратай  елінің  қадірменді 
шежіре  қарты,  қабырғалы  жампоз  ақыны  атанды.  Әр  жылдары  жарық 
көрген  «Ағажай  Алтайдай  жер  қайда»,  «Туған  жер,  сені  жырлаймын», 
«Буырқанған Бұқтырма», «Асылдарым» атты өлеңдер жинақтары  арқылы 
оқырман қауымға кеңінен таныс. Ұсынылып отырған «Өлеңімнің өзегі – 
өр Алтайым» атты жыр жинағы ақынның әр жылдары жазған таңдамалы 
өлеңдерінен құрылған.
УДК 821.512.122-1
ББК 84 (5Қаз)-5
© Рахымжанұлы Т., 2014
© «Раритет» баспа компаниясы, 2014
ISBN 978-601-250-210-7

4
   
5
   
Дүниеде жер де көп құнарлы,
Дүниеде тау да көп мұнарлы.
Сол жерлер, сол таулар Катондай
Қандырмас құмарды.
Жапырақ жайқалған орман бар,
Қыраттар аумаған қорған дәл.
Еліне қайтқысы келмейді,
Бұл жақта болғандар.
Өзгеше көрікті бар шыңнан,
Сүмбіле Мұзтаудай шаншылған.
Қайтадан армандап қайтады
Арманы таусылған.
Туған жер, көркіңе бас ұрам,
Катонға жетуге асығам.
Айналып кетейін тауымның
Арғымақ тасынан.
Көкшені көрмей-ақ өтейін,
Баянға бармай-ақ кетейін.
Өзімнің Катонқарағайыма
Тезірек жетейін.
Өзгеше жарасып үнемі, 
Күні де жарқырап күледі...
...Осында тыныстап тұрғандай
Алтайдың жүрегі.
Өлең құдайы, сөз патшасы
Абайдың туғанына 150 жыл толуына
Доңыз жылы – Тоқсан бес – биыл кірген
Жақсылықпен көп елді сүйіндірген.
Үлкен-кіші мереке толып жатыр,
Бәрін санап шығу да қиын бірден.
Жолаушыға қазақтың жері – бекет,
Басынбасын өңмеңдеп еліме кеп.
Әз Жәнібек, Кереймен құрған дербес
Бес жүз отыз жыл бұрын мемлекет.
Бабам қашан қала сап, қоғамданған,
Боздап жатыр көбейіп содан да арман.
Бұтарланып бірнеше губернияға,
Отарланып патшаға бодан болған.
Кедергіге кездесіп талай тынған,
Кемелденген асыл ой көп айтылған.
Даналығын қазақтың қорытындылап
Айту үшін данышпан Абай туған.
Қара өлеңнің Абайды сойы десек,
Шарт болар ма үйлесім бойына есеп?!
Даналықтың үлгісі – әр шумағы,
Әр тармағы мақалдай ойы кесек.
Олқы түссе жолатпай шиыра теп,
Ойсыз сөздің дегендей күйі мәпет.
Абай қалай қиюын жымдастырған,
Сөз батпанын балуандай иіп әкеп?
Шырқау ойдың топта озған боз дарасы,
Даңғыл жолда ап-айқын көзқарасы.
Дана бар ма қазақта одан өткен,
Абай – өлең құдайы, сөз сарасы?!
Қуаң тартып әркімнің өз бақшасы,
Әр дәуірдің ескіріп тозды ақшасы.
Ескірмейтін дана кім одан асқан,
Абай – өлең құдайы, сөз патшасы?!
Жалаң айтпай ойының желең түбін,
Түсінетін болдық па терең тілін?!
Мазмұны мен маңызын орай тастап,
Абай қалай өзгерткен өлең түрін!

6
   
7
   
Өнер – өлшем, ақынға ғылым – қазы,
Айтқан шындық – ақиқат ұранпазы.
Қай-қай жағын қалдырмай қамтып айтқан
Абай – қазақ ойының білімпазы.
Өз сөзінде ақыл-ой, бар ұстамы:
“Мыңмен жалғыз неліктен алысқаны”.
Қайталанса, мың жылда бір туатын
Абай – қазақ халқының данышпаны.
Бәйтерекше жайқалар жас талшығы,
Дариядай көлдетер тас тамшыны.
Оқи берсең, биіктеп шырқап кетер,
Абай – қазақ сөзінің асқар шыңы.
Айту қиын түгесіп, қозғап бәрін,
Көтере алмай қайқаңдай сөз батпанын.
Енді мүлде жараспас созбақтауым,
Абай өзі жеткізген өз мақтауын!
Қазақ десем, ойымда Абай тұрар
Өтежан Нұрғалиевқа
Қайран жұртым. Қазағым. Ұлы Абайым.
Ұлы күнге ортақ боп тұр ағайын.
Жеке дербес өрбісе данышпан ой,
Сөз түсірген сызаттан сыналайын.
Қалың елім. Қазағым. Дана Абайым,
Ойын қуған, ой қуам, баладайын.
Жетпей жатқан даналық өлшеміне 
Бөлшек болсам, қолдар ма дала дәйім?!
Қайсар халқым. Қазағым. Жаса, Абайым!
Сен нұсқаған бағыттан бас алайын.
Орқаш-орқаш ойлардың тоғысында
Кедір-бұдыр тегістеп қашалайын.
Сайран елім. Қазағым. Ән Абайым,
Сөз бен сазды әдіптеп саралайын.
Сан жағынан қисынын билік білер,
Сандал жанға санат пен сана уайым.
Қайран халқым. Дидардай айна Абайым,
Ой қазығың жібермес, байланайын.
Синтетика жылмағай заманында
Сенің шидем күпіңді аймалайын.
Қоңыр үнің құлақта сазген екпін
 Мұхтар Әуезовке
Күзде келіп, өмірден жазда кеттің,
Алпыс төрт жыл жасадың, аз демекпін...
Дауылпаздай өр еді шешендігің,
Қоңыр үнің құлақта сазген екпін.
Тағдыр қоймай, қазаққа керексең де,
Тартылыс күш өрісі ерек сенде.
Диқан қолың ғажайып құнарлы еді,
Шыға келер құлпырып нені ексең де.
Адам жанын зерледің нәзіктікпен,
Туындылар солай дер жазып біткен...
Тұлпардайын бір тері алынбаған
Шабатындай көсіле жазықтықпен.
Кемеңгердің өмірін таса деме,
Танысамыз мұрамен аша келе...
Пайғамбардай халқыңа боп аттандың
Пайғамбардың жасынан аса бере.
Шаң көмілер пікірлер қара дүрсін,
Айтылуда жүректен ақ, әділ сын...
Прозаның Бас абыз ақынысың,
Драмада тағы да Баһадүрсің!!!

8
   
9
   
Ғылымның да самғаған талмас құсы,
Қара қылды қақ жарған алмас кісі.
Лекцияңа шәкірттер қаптаушы еді,
Қазірде де Бас ұстаз – ең бастысы.
Сом бейнесі әнеки, көрінді асқақ,
Кейінгі ұрпақ даңғыл қып жолыңды ашпақ...
Келешегін қазақтың көтеруге
Бара жатыр алыптар тобын бастап.
Тумысынан тегінде асылдық бар,
Бас шұлғытқан әлемді басымдықтар...
Мың жылдықты өлшеуіш етпеу керек,
Миллион жылға ұласар ғасыр – Мұхтар!
Тумысынан біте өскен кемелдік бар,
Асыл ойды зиялы ел кенен құптар...
Қазақ көркем ойының жиынтығы –
Таудай биік, теңіздей терең Мұхтар!
Тумысынан бойында жаңалық бар,
Абыз тектес ақылман ағалық бар...
Ғасырларды ғасырмен жалғастырған
Адамзаттың ортағы – дана Мұхтар!
Көзтаразы: асқар тауым – Мұхтар,
Сөз де рас, дастарханым – Мұхтар.
Қасиетін әлемге ашқан ұлтымның
Саз бен назы, бас қалқаным – Мұхтар.
Данышпаннан танысқаным – Мұхтар,
Ғарыштардан ары ұшқаным – Мұхтар.
Адамзатты сиқыр сөзбен баурап ап,
Ағыстардан табысқан үн – Мұхтар,
Көп сүйсінген көнем аты – Мұхтар,
Шөп исінген өлең аты – Мұхтар.
Кешегіден Бүгін озып Ертеңге,
Өткір сүйген азаматым – Мұхтар.
Мыңды ұйытқан кемеңгерім – Мұхтар,
Тұңғиықтан тереңдерім – Мұхтар.
Жаралғандай биігінен Әлемнің,
Ылғи ұтқан, кенелгенім – Мұхтар.
Үнің құлаққа жағымды,
Тілің ұнатқан ағынды.
Сөзің алыстан тереңдер,
Өзің – данышпан, кемеңгер.
Сахариев Баламер ағаға
Өзен жағалап, өзегім талып,
Алдымды орап ақ сағым мұнар.
Ар жағын қалай сеземін танып,
Жұмбаққа жұрттың аңсары құмар?!
Көз жетер жерден Баламер аға
Сәл қоңыр үні құлаққа жетті.
Қайта құрылып қала мен дала:
“Туды ма, Төлеш, сұрақ қажетті?!”
Ауыздан сөзді айта алмай қалдым,
Ұшты да күйлі жоғалып елес.
Ішінде жүріп бал таңдайлардың,
“Қайта құру, – дейтін, – жаңалық емес”.
Құрылып қайта жатыр-ау жалған,
Еліріп тұр-ау ереуіл аттар.
Құтылса деген тоқыраулардан
Тілек пен ниет келеді қаптал.
Қаптаған сұрақ жауабын күтіп,
Білсең де дұрыс айта білу бар,
Домалақ арыз, жаланы түтіп,
Жариялылық пен қайта құрулар.
Үзілдің ерте, Баламер аға,
Айтулы сыншы – мүбәрак ерім.

10
   
11
   
Қарамай қазір бәле-жалаға,
Қысылмай еркін сынар-ақ едің!
Теңселіп жатыр Бұқтырма тасып,
Жонданған өркеш, толқындар асау.
Тыныштық күймен күлкі матасып,
Тылсым табиғатпен жарқыра жасау.
Дәл он жыл өтті, сағындым, аға!
Әңгіме шертіп көсілуші едің.
Айналып кетіп әнің мұраға,
Тарихта қалдың есімің сенің.
Өзен жағалап, өзегім талып,
Өкініш күймен тамсанып кенен,
Өркендер ме екен кезеңің танып,
Өткір сын керек, жар салып келем?!
Дұрысы – Қалиханмен мақтанғаным
Қалаға, кемеңгер жас – алпыстасың,
Бұл шақта ақшам алыс, талтүс басым.
Мол болсын ішкі тартыс шығармаңда,
Өзіңмен өмірде ешкім тартыспасын.
Мұзтаудай биік көрем шоқтығыңды,
Нақыштап көркем сөзбен соқтың үлгі.
“Мені айт” деп кезек күтпей таласады,
Қырық жыл өзің жазған көп туынды.
Тауысам санап айтып қайсыбірін,
Әр сөздің сан құбылған айшығы мың.
Данадай жаза білген шұрайлысын,
Арадай таба білген сай шырынын.
Қылығың – таза мөлдір сәби таңы,
Ұлығым, сөзің қандай салиқалы?!
Өлеңнің Тұманбай мен Қадырындай
Қарасөздің Әкім мен Қалиханы!
Өнбейді архив іздеп ақтарғаным,
Айтар ма қан-сөлі жоқ ақпар бәрін?!
Мадақтап жарытпаспыз Қалағаңды,
Дұрысы – Қалиханмен мақтанғаным!
Ақсудан “Қатын”
*
 жаққа бет түзеді
Әзіл өлең
“Қоңыр күз еді” деп тез кеп қойғаным,
“Менің ағаларыммен” көп тойладым.
“Бұқтырма сарынына” елтіп жүріп,
“Тұйыққа” тіреле ме деп те ойладым?!
Аралар “Қараорманды” ұғып қандық,
“Ақсу – жер жаннаты” екенін біліп алдық.
Ақсудан “Қатын” жаққа бет түзеді,
Шындыққа шеберлікті кіріптар ғып.
Болған соң лауреат озық атың,
Жазбайды Қалихансыз сөзін Әкім.
Басталып Алматыдан, Топқайыңға
Өлеңі Тұманбайдың созылатын.
Эссесі, сценарий, драмасы,
Сәулетті, көркем сөздің мұнарасы.
Дәмештей жеңгемізбен қоса ағарып,
Бүгінде алпысқа кеп тұр ағасы.
Туған жердің түтіні
О. Бөкейдің 50 жылдығына көзі тірісінде жазылған
Кейін шығар бастапқы соқпақ мәні,
Болған дейді жасында көп тақпағы.
Туа біткен киелі қасиетің
Шыңғыстайды мекен ғып тоқтатпады.
* Қатын – өзен аты.

12
   
13
   
Қысылса да жөн-жосық сұрап батпай,
Балаң сауал балуанды тұр аттатпай.
Алып кетті-ау әулие қасиетің
Аудандағы газетке тұрақтатпай.
Ұшса қанат қатаяр, ширайды екпін,
Нөсер болып төктің ғой, құймай кеп бір.
Күллі қазақ құшағын аңсадың да,
Өскеменге тағы да сыймай кеттің.
Алматының түк етпес шығыны алаң,
Мінсіз жетсін таланттың шыңына аман.
Көтерілсең “Мұзтаудың” биігіне,
Шырқау жолың басталған “Шұғыладан”.
Оқырманың қабылдар сыйдай көріп,
Адамдарың ажарлы бидай көрік.
Алтай жақтан басталып, Алматыға
“Сарыарқаның жаңбыры” құйды-ай келіп.
Берік шыдам қабат кеп желең төзім,
Билеп алған асқақ, ой терең сезім.
Байқап көрдің бейімдеп әңгімеге
Ұлы Абайдың құбылтып өлең сөзін!
Саған риза туған жер топырағы,
Өрнекті сөз өрмектей тоқылады.
Көркемдіктің шабытты ақынысың
Қара сөзің өлеңдей оқылады!
Балуан тіл бір олай, былай келіп,
Еркін ойға тәуелсіз ұнайды ерік,
Ана сөздің үңіліп тарихына,
Қара сөзге көрікті шырай беріп.
Жігіттейсің сен әлі сырбаз өңді,
Тума талант таңдамас тура жолды.
Төрт түліктің төресін тәптіштеген,
Тарлан тартқан әңгімең “Бура” болды.
Таптаурынға салмайсың белгіліні,
Қатарыңның өзіңсің ең мығымы.
Сезімін де дәл беріп, түйсігін де,
Суреттедің адамша “Кербұғыны”.
Тоқырауда тұсалған матаулы ер ең,
Тері алынбай толғанған ақаулы ерен.
Тоңмойынды дойырмен сұлатқан соң,
Тоғышарға ұсынған “Атау-керең”.
“Текетірес” болғандар қайдан да оңар,
Титықтаған қай кезде жайлау қонар?!
Тұрмыс билеп ой-санаң күйзелген соң,
Тіршіліктің “Бәрі де майдан” болар.
Әр сөзінде ойнақ сап астарлы ұғым
Түсіндіріп тағдырдың басқалығын.
Уыз сезім оралмай өтіп кетті,
Балалық шақ “Қайдасың, қасқа құлын?!”
Тілін білдің долының шайпау, қотыр,
Сыншы халқың сырыңды байқауда отыр.
Ар-ұяттан аттаған пенде болса,
Еске салды құдайын “Сайтан көпір”.
Жастайыңнан дәстүрге мәншіл едің,
Алай-дүлей іштісің – әнші керім.
Елестейді көзіне оқырманның
Асанәлі – Бекежан “Қамшыгерің”.
“Көк тайынша” қайырар күйісті ептеп,
“Тортай мінер ақ боз ат” қиыс беттен.
“Өз отыңды өшірме”, “Қар қызымен”
Туған жердің түтінін иіскеп кет!!!
“Үркер” туа ашық қой қашан аспан,
Өркен жайған тамырсың “Жас алаштан”.
Жарқыраған “жұлдызың” биіктесін,
“Қазақ әдебиетінде” жаса дастан!

14
   
15
   
Жасын ойнап жатқандай соны шақтан,
Кезінде де мөлдірсің “Терісаққан”.
Қаламыңнан ұдайы сөз бастадың,
Қолбасшыдай көрейін сені саптан!
Ақын сыры
Ақын шынын айтқанда, қызық көріп,  
                                                               болма таң,
Әр өлеңді жазғанда тұмса болып толғатам.
Жайшылықта тоқжарау бедеудеймін кәдімгі,
Бірақ мені сынайтын сапар ұзақ, жол қатаң.
Көріне алмай жатырмын, қиыр жайлап, 
                                                              шет қонып,
Жазғаным да ондаған әлденеше бет болып.
Ар жұлдызым – айтқаным, ұялмайтын күн туса,
Қолжазбаммен өзімді орап-орап, кет көміп!
Сырқаттанып келемін өлең деген дертпенен,
Шабыт менің пырағым, сайлы қылып ерттеген.
Тындырғам жоқ бір істі шығатындай көңілден,
Артық болды уәде, ауыр екен серт деген!
Өнер жолы, не деген тайғақ едің, қиын ең,
Сыр тыңдаймын қайтадан сыбызғының күйінен.
Жұдырықтай жүрекпен толқып тағы түйілем,
Түлкі болса тақырып, қыран болып шүйілем.
Жолсыз суыт келемін тау арасы сүрлеумен,
Домбыраның ішегіндей күмбірлейді жыр-кеудем.
Кетсем кейде сүрініп, қалсам бірде адасып,
Сағынысып қауышам сыбызғылы күндермен.
Әлі келе жатырмын бір жығылып, бір тұрып,
Намысыма қызынып, алға қарай ұмтылып.
Көкірегімде жарқылдап ойнап жатыр найзағай,
Түйме бұлт жоқ аспанда, болса дағы түн тымық.
Біз қандаймыз, қазақтар?
Қазақтар-ау, дәл қазір біз қандаймыз,
Қару алсақ қамалды бұзғандаймыз...
...Өліп жатып күндейміз өзімізді,
Өзгелерден неге өстіп қызғанбаймыз?!
Қазақтар-ау, дәл қазір біз қандаймыз,
Ішпей жатып, масайып қызғандаймыз.
Өзімізге көрсетіп төрешілдік,
Өзгелерге неге өстіп сызданбаймыз?!
Қазақтар-ау, қазақтар, біз қандаймыз,
Жолы қайсы нарықтың сызғандай біз?!
Шала-шарпы, жарымжан өсек естіп,
Қауым елге жеткенше ызбаңдаймыз.
Өзге жұрттың бақытын қызғанбаймыз,
Түсі бөлек нәсілге сызданбаймыз.
Өзімізден жамандық артылмайды,
Жақсылықпен тағы ешкім шарпылмайды,
Қазақтар-ау, қазақтар, біз қандаймыз?!
Құдайға наз
Мынау сараң дегізбей, анау жомарт,
Алакөз боп екі жақ қарау нәмарт.
Жұмақ-тозақ сапары қатар түсер,
Әмір ием, маған жүк талаурап арт!
Мынау түзік дегізбей, анау бұзық,
Намыс жоқтап жүргендей таралғы үзіп.
Ішпей-жемей масайып, топ-тоқ болып,
Құдіретіңе, Тәңірім, қалам қызып.
Мынау жалқау дегізбей, анау пысық,
Қалмасыншы көңілге жамау түсіп...
...Бірдей жүріс бәріне бермедің бе,
Жететіндей мәреге жарау пісіп?!

16
   
17
   
Мынау мықты дегізбей, масаң анау,
Жарқырата алар ма тасаны алау?!
Сыбағасын қылдай ғып бөлмедің бе,
Бәрін өзің түрлеген Жасаған-ау?!
Мынау ойсыз дегізбей, санатты анау
Бабы бірдей емес пе талап-қалау?!
Ақыл-ойды тең бөліп бермедің бе,
Сырт пішінін ұқсатқан Жаратқан-ау?!
Сахариев Мұхтар ағаға 
Құйылма шежіре едің, Мұхтар аға,
Құр сөзді айналдырған құтханаға. 
Қасыңда тайлақтайын тайраңдаушы ек,
Қажырлы нар жолында жүк қала ма?!
Шертуші ең әңгіменің не түрлісін,
Қатарлап бір аңыздың жеті үлгісін.
Көзіме елестейсің бұрынғыдай,
Өткенді айтып отырған секілдісің!
Іріктеп мәндірегін, маңыздысын,
Қызықтың қыздырмалап тамызғысын,
Тағы да баяғыдай әңгімеге
Қызықтырып отырған тәріздісің.
Ұшырған шежіренің мият құсын,
Артыңда ілігің бар – тұяқтысың.
Өзіңді қоршап алып тыңдағанда,
Әңгімең сарқылмайтын сияқтысың.
Тумысы жаратылған өлең тістей,
Арнаңнан ақтарылдың мол Ертістей.
Мынау жалған дүниеден өте шықтың,
Өзіндік биіктіктен төмен түспей.
Ғасыр тоғысы
Жиырмасыншы ғасырдың ескі етігін,
Киіп алып, қарашы ес кетуін.
Ес шығатын жөні бар, өйткені мен
Жиырма бірінші ғасырдың эстетімін.
Жиырмасыншы ғасырдың жоқ сөйлемін
Айтайын деп қарашы көп сөйлеуін.
Көп сөйлейтін жөні бар, өйткені мен
Жиырма бірінші ғасырды көксеудемін.
Жиырмасыншы ғасырдың сылқым таңы,
Жаңа мода іздетіп бұлқынтады...
...Шидем мен тон қабаттап киген өлең
Сол жиырма біріншіңді де құлпыртады.
Шипажай
Тауды көрсең шың-құздарын мұз басқан,
Шипа сумен жаңбырлатқан сүзгі аспан.
Мына менің туып-өскен Алтайым,
Көркін жырлап бере алар ма жүз дастан?!
Шыңды көрсең, мөлдіреген шыныдай,
Аңыз болған жұмбағы мол, сыры бай.
Мына менің Алтайымның Мұзтауы –
Күн нұрымен жарқыраған жыр ұдай.
Өзен көрсең Мұзтау жақтан басталған,
Таудан құлап, құлағандай аспаннан.
Мына менің сарқырама – Бұқтырмам –
Катон бойын жалғыз өзі жастанған.
Көз тойғысыз таулы өлкеме қарасаң,
Бастау көрсең, қасиетті орасан.
Мына менің шипажайым табиғи –
Рахманов қайнары осы – Арасан.

18
   
19
   
“Шұбартөс” шақырады
Жолым түспей жүр ме осы бекер менің,
Осы ғана болды ма жетер жерім?!
Торқасқаға тағы да қарғып мініп,
Шұбартөстің үстіне кетер ме едім?!
Шұбартөстің үстіне шығар ма едім,
Күш-қуатым жетер ме бұған менің?!
Қансонарда Шұбартөс қарауылым,
Не болмаса шарт сынып құлар жерім.
Былтырғыдай тағы да шалқып-күліп,
Торқасқаның айылын тартып мініп,
Қансонарға, Кеңесбек, аттанар ма ек,
Ат тұяғы ақ қарды тарпып тұрып?!
Қара қостан жөнелсек ұзап тағы,
Көкжиектің көрінбей сызаттары.
Келіп қалды-ау қараша, қансонарды,
Қалыңдық қып күйеуге ұзатқалы.
Серік қып аңшыға тән әнді берік,
Таутекеге ит қосып, аңдыр едік...
...Ойхой, шіркін, олжалы оралған соң,
Айтар ек-ау таусылмас әңгіме ғып.
Тау үстінде жел – самал, ауа – сайын,
Дәрі болар дау сайын, дауа сайын.
Құрыстаған денемді жазу үшін,
Кеңесбек-ау, ат қайда, тау асайын?!
Сары алтындай шапанын жамылды алап,
Сәтте өзгеріп кетердей дамылдап ап.
“Шұбартөске” барайық “Қазақ жолмен”,
Көп жүреміз “Ирекпен” қабырғалап.
Күз көркіне дұрыстап қарайықшы,
“Шұбартөсте” тыныстап алайықшы.
Мылтықты қой, екеуміз күздігүнгі
Соңғы шыққан гүл ұстап алайықшы.
Күз салқыны қыза ма, от бере ме,
Қыздырмаса орынсыз өкпелеме?!
Нәзіктікті әлпештеп өту үшін
Жеткізейік сол гүлді көктемеге.
Біз де бір сәт жасарып қызынайық,
Жыл маусымның тұрғанда күзі байып.
Ойдағыны ірікпей дер кезінде,
Сөйлеп қалу керек қой біз лайық.
Тағдыр бізге тәуелді төзді делік,
Ұстау керек сол үшін сөзді берік...
...Жер-дүниеге тағы бір қарайыншы, 
“Шұбартөстің” үстінен көз жіберіп. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет