Туындысына шолу



Дата07.01.2022
өлшемі35 Kb.
#17809

АБАЙДЫҢ «СЕНБЕ ЖҰРТҚА, ТҰРСА ДА ҚАНША МАҚТАП»

ТУЫНДЫСЫНА ШОЛУ
1 курс студенті - Мекенова Аида Жандосқызы,

жетекшісі - Мукашева Асель Оразқызы

Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы

Шығыс Қазақстан өнер училищесі
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.

Абай
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Ақынның қай өлеңін алып қарастырсақ та сүбелі сөздерге толы, мағынасы терең, берері мол туындылар. Абайдың өмірі мен шығармашылығындағы өзекті тақырыпты танып білу үшін Абай өмір сүрген дәуірдің ерекшелігін жетік біліп, сонымен қатар, бүгінде сол замандағы мәселелердің әлі де өзектілігін жоймағандығын аңғарамыз.

Абай өлеңдерінің ішіндегі шоқтығы биік, адами қасиеттерді айнытпай бейнелейтін шығармалдарының бірегейі «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңі. Зерттеулерге сенсек бұл өлеңді Абай 1896 жылы жазған. Өлең - 3 шумақты, 4 тармақты, 11 буынды қара өлең түрінде жазылған. Мағыналық құрылымы жағынан ерекше, себебі әр шумақ екі түрлі күрделі ойдан түзілген. Әрбір алғашқы екі тармақта ақын әлдебір жағымсыз істен сақтандырып, тыйым салса, келесі екі тармақта сол жағымсыз істен құтылудың жолдарын ұсынады.

Жалпы мақтау, мадақтау адам жанына майдай жағатыны белгілі, алайда сол мақтау мен мадақтаудың артында не тұрғаны белгісіз. Қазақта «Жақсыны  мақтасаң сақтанады, жаманды мақтасаң шаттанады»

деген мақал бар. Мақтау дегеніміз - біреудің істеген ісіне,еңбегіне жоғары баға беру деген сөз. Мақтаудың бірнеше түрі бар, атап айтар болсақ:



  • асыра мақтау - үстемелеп, асырып мақтау, мақтаймын деп артық кету;

  • жорта мақтау - қулыққа басып, айламен, өтірік мақтау;

  • жөнсіз мақтау - ретсіз, орынсыз, қисынсыз мақтау.

Біздің өлеңіміз осы айтылған 3 мақтаудың ішіндегі екінші түріне жатқызуға болады. Себебі, жұрт қанша мақтағанмен шын ниетпен әрқашан бар ойын айтпайтындығын, адам санасында бір «есептің» тұратындығы белгілі. Жалпы мақтаудың 3 түрін алып қарасақ та, қорытындысы аса жағымды емес. «Мен өмірде мақтанбаймын» дейтін адамның өзі мақтанбайтындығына мақтанады. Жағымпаздық, мақтау мен даттаудың парқын ажырата алмайтындық, көзіңе күле қарап тұрып, бағасыз марапатын ет - жүрексіз, еріннің ебімен ғана қиыстырып сайрайтын сайқалдық немесе адам талғамай, кез-келген мақтаушының алдына қол-аяғымызды байлап, өзімізді тастай салуымыз – адам жанына серік қасиеттер емес. Алайда, соңында тәтті түс көргендей бар - жоғымызды ұмытып, ынты-шынтымызбен мақтаған кісінің жемі боп шашылып, жайрап жататынымыз белгілі. Абайдың өзгеге сенудің сан соқтыратындығы тек «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп айтуы тегін емес, әрбір адамды биік мұратқа бастайтын, сол мұратқа жеткізетін күш тек өз бойында екендігі айтылған. Тек шелектеп төгілген адал еңбектің терімен келген абырой ғана адамды биік шыңдардан көрсетеді. Мақсатқа, мұратқа, биікке адамды оның еңбегі мен ақылы ғана екі жақтап алып шығады. Сенім деген жақсы, бірақ сенімдірек дүниеге сенген дұрыс. Тым сенгіштік – аңқаулық, одан қалса надандық, Дүние қызылды, жасылды, қызықтырады. Әр нәрсеге қызыға берме, себебі өзіңде жоқтың бағасы өзгеде биік, қымбат болып көрінеді. Әркімнің айтқанына сеніп, шешім қабылдауға болмайды, өйткені әр адамның өз ойы, өз пікірі бар.  Адам, ең бастысы, еңбектенуге, яғни адам бір іске күш - қуатын, ақыл – ойын жұмсауға ерінбеуі керек. Өйткені жалқаулық, еріншек адамның өзін және өмірін тоздырады. Ал ерінбей еңбек етсең мақсатыңа, арманыңа жетесің. Адал еңбек адамды өзіне деген сенімділікке жетелейді, бақытқа, байлыққа жеткізеді. Еңбексүйгіш адам айналасына сыйлы, беделді.

Абай өлеңі - бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беріп, әр адам өз бойына парасат пен ерікті, ақыл мен білімді жұмылдыруды талап етеді.

Абай мұрасы – ізденіс пен ойланудың, кемелділік пен ізгілікті танудың  үлгісі. Өйткені, хакім ғұламаның басты мақсаты – адам болу үшін ненің жаман, не жақсы екенін көрсетіп қана қоймай, жаманнан жирендіріп, жақсылыққа бастау болу.



Қорыта келгенде ақынның мұраты – адамды рухани кемелдендіру арқылы қоғамды жетілдіру, елді ілгері дамыған мәдениетті елдер қатарына қосу.




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет