Xvііі ғасырдағы орыс тарихи ойының Қазақстан тарихын зерттеудегі теориялық-әдістемелік мәселелері



Дата07.01.2022
өлшемі24,06 Kb.
#17971

XVІІІ ғасырдағы орыс тарихи ойының Қазақстан тарихын зерттеудегі теориялық-әдістемелік мәселелері
ХУІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ-жоңғар қатынастарын ұлт зиялылыры М.Ж.Көпеевтің, Ш.Құдайбердиевтің, М.Тынышпаевтың, М.Дулатовтың, Ә.Бөкейхановтың күш-жігерлерін жұмсауы барысында дүниеге келген іргелі зерттеулерінің негізінде шынайы саралауға мүмкіндік туды.

Кеңестік тарихнамада Қазақстанды отарлаудың басталуы оның Ресейге “қосылуы” тұрғысынан пайымдалды. Кейбір авторлар мәселенің экономикалық жағына да, саяси себептеріне де мүлде тереңдеп бармай, оны тек қана сыртқы факторларына қарап, қосылу кездейсоқтықтан болды деп есептеді. Енді біреулері империяның отаршыл мүдделерін жақтап, жергілікті халықты менсінбеу, оны төмендету пиғылын танытты. Үшіншілері “қосылудың” прогрессивті салдарын іздеп бақты. “Жабайы, артта қалған” қазақ халқына мәдениет әкелген, шаруашылығын жақсартып, тұрмыс тіршілігін жандандырған отарлау саясаты деген тұжырымдаманы бекітуге жанталасты. Осындай бағыттарда патшалық биліктің құйтырқы саясатының бет пердесі бүркемеленіп, көптеген шығармалар жарияланды. Тек қазақ халқы өкілдерінің еңбектерінде бодандықты қабылдаудың шынайы тұстары ашып айтылды. Мәселен, қазақ ағартушы ғалымдары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин ұлы державалық шовинизмге қарсы өз пікірлерін білдірді.

Қазақстанның Ресей құрамына кіру проблемасы Ә.Бөкейхановтың еңбектерінен анағұрлым толық көрініс тапты. Ұлт зиялысы, Алаштың ардақтысы “Қырғыз өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері” атты зерттеуінде “қосылу”деген сөзді мүлде қолданбай, “жаулап алу”, “бағындыру” терминдері арқылы империяның боданына, отар елге айналудың алғышарттары мен себеп, салдарын түсіндіреді.29

Кеңестік кезеңде аталмыш мәселеге ерекше мән беріліп, бірқатар зерттеушілер оларды жан-жақты таразылауға ықылас танытты. Солардың арасында Т.Рысқұлов, Х.Досмұхамедов, П.Г.Галузо, Ғ.Тоғжанов, С.Меңдешев және т.б. бар. Әсіресе Ресей бодандығындағы қазақ елінің жағдайын, отаршылдыққа қарсы бас көтерулерді ғылыми тұрғыда терең зерттеп, ғылымға мол еңбек сіңірген П.Г.Галузо болды.30

Ұлт зиялылары Қазақстанның Рсей бодандығына өтуін сыртқы саяси жағдаймен байланыстырды. Жаулап алу қазақ бұқарасына күйзеліс пен тонаушылық әкелгендігін баса көрсетті.

Қазақстанның Ресейге қосылуының зерттеу қорытындылары 1970-1990 жылдары жарық көрген Г.Ф.Дахшлейгердің, Д.И.Дулатованың, Ж.Қасымбаевтың, І.Қозыбаевтың, И.Ф.Ерофееваның тарихнамалық еңбектерінде шығарылды31.

ХУІ-ғасырдың орта кезінен ХХ-ғасырдың басына дейінгі қазақ-орыс қатынастарының мәселелері отандық тарих ғылымындағы басым проблемалардың бірінен саналды. Мұндай басымдылықты қазан төңкерісіне дейінгі ұлыдержавалық шовинистік пиғылмен, кеңестік кезеңдегі коммунистік идеологияның ықпалынан туындаған құбылыс ретінде таныған жөн. Осындай құбылыстың нәтижесінде қазақ даласының Ресейдің айыр басты бүркітіне бағынуы “кіру”, “өз еркімен қосылу” тәрізді процестердің қалыптасуына алып келді. Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдауы, оның ішкі, сыртқы факторлары, Әбілхайыр ханның рөлі, қазақ жүздерінің империяға адалдығы жөнінде ант берулері, т.б. мәселелердің зерттелуі деңгейі айқындалып, осы проблемаға қатысты ғылымның жай-күйі көрсетілді.

Бодан болудың ауқымындағы казак отарлауы тарихын кеңестік кезеңде П.Г.Галузо ғана зерттеген болса, тәуелсіздік алғаннан кейін М.Ж.Әбдіров, Т.Б.Митропольская, В.А.Терещук проблеманы анағұрлым терең әрі жан-жақты қарастырып, тарихи шындыққа сәйкес тұжырымдар жасады.32

Отар аймақтағы қазақтар туралы олардың тарихынан, әлеуметтік құрылымынан, тұрмысынан, рухани өмірінен, салық төлеуі мен әдет-ғұрпынан бастап, алуан түрлі мәліметтер беретін жалпылама еңбектер, сондай-ақ қазақ қоғамының саяси, экономикалық жағдайының, құқықтық нормаларының, мәдениетінің жекелеген мәселелерін арнайы және терең зерттеген шығармалар тарихнамадан орын алады.

Отандық тарих ғылымында қазақ қоғамындағы әлеуметтік-шаруашылық мәселелері, соның ішінде орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуы, өлкеге капиталистік қатынастардың енуі анағұрлым терең зерттелді. Осы орайда Б.Сүлейменовтың, П.Г.Галузоның, Е.Бекмахановтың, Ц.Фридманның, Ә.Б.Тұрсынбаевтың, М.Х.Асылбековтың, Е.Ділмұхамедовтың, А.Нүсіпбеков- тың, Ж.Қасымбаевтың, Ж.О.Артықбаевтың, С.Игібаевтың33 және т.б. еңбектері жарияланды. Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі мәселелеріне Т.Ә.Төлебаевтың тарихнамалық зерттеуі арналды.34

ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың бас кезіндегі өлке халқының әлеуметтік- демографиялық ахуалы зерттелген бірқатар еңбектер отандық тарихнамаға қосылған айтулы үлес болды. Қазақ халқының ХІХ-ғасырдың соңы ХХ- ғасырдағы әлеуметтік-демографиялық жағдайының тарихнамасы тарихнамалық тұрғыда таразыланып, зерттелуге тиіс мәселелері анықталды.

Қазақтардың отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресі Отан тарихындағы айшықты оқиғалардың бірінен саналады. Озбыр отарлау саясатына қарсы даланы дүбірге толтырған ондаған ірі ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы зерттеушілер ықыласын өздеріне аударды. Сондықтан да тәуелсіздік жолындағы күрестердің баянын көрсететін арнайы зерттеулер жарияланды. Олардың авторлары А.Ф.Рязанов, М.П.Вяткин, Е.Бекмаханов ғылымға сүбелі үлес қосты35. Айта кетерлік жайт ғылымда әлі де болса осы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихнамасы кешенді түрде талданбай келеді.

ХХ-ғасырдың бас кезіндегі ұлт зиялыларының қалыптасуы, Алаш қозғалысы ғылымда тың деректер мен тыйым салынған құжаттардың жариялылыққа ие болуына байланысты жаңа қырынан зерттеліп, К.Нұрпейістің, М.Қойгелдиевтің, Д.Аманжолованың еңбектері дүниеге келді.36 Зерттеуші ғалымдар ұлт көшбасшылары болған Алаш зиялылары қазақ қоғамының дәстүрлі мәдениетімен тығыз байланысты еді, шын мәніндегі рухани ренессанстың ұйытқысы болатын. Олар ұлттық нәрсенің бәрін қызғыштай қорыды, діни фанатизмге, ұлтшылдық, нәсілшілдік және өзге де соқыр сенімдерге ұрынбады деген тұжырым түйіндеді.37 Жалпы ғылымда Алаш қозғалысына байланысты тиянақты шаралар атқарылды. Мәселенің тарихнамасы сараланып қана қоймай, деректері де талданып, бұрын жарияланбаған мұрағат құжаттары және өзге де материалдар жинақтар түрінде жарық көруде.

Кеңестік кезеңде отандық тарихнама ғылымы көптеген жаңа зерттеулермен толықты. Ғылыми еңбектер Қазақстанда кеңес өкіметінің орнауы мен нығаюы, индустрияландыру, аграрлық салада жүргізілген бірқатар реформалар, “мәдени революция”, т.б. тарихи оқиғалар, процестерге байланысты жарияланды. Алайда зерттеулердің басым көпшілігінде тарихи шындық көрініс таба алмады. Ғылымда маркстік-лениндік методология мен коммунистік идеологияның үстемдік алуына орай сараланған мәселелер таптық тұрғыда, социалистік саяси биліктің мүддесінде ақиқаттан алшақ зерттелді. Мұның өзі ғылымда таптаурын, сыңаржақ тұжырымдардың орнығуына жол ашты. Нәтижесінде тарихты жазу номенклатуралық биліктің тапсырысы шеңберінде әрі қатаң бақылауында болды. Дегенмен кеңестік кезеңде республикада тарихшы мамандарды дайындаудың деңгейі мен сапасы артты, ғылыми мектептер қалыптасты. Отан тарихы проблемеларымен кешенді түрде айналысатын арнайы зерттеу институттары құрылды. Осы орайда Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты тарихшы-зерттеушілердің көшбасшысы ретінде салмақты да салихалы ғылыми туындылардың дүниеге келуіне мұрындық болды. Қазақстан тарихының ежелгі дәуірінен “кемелденген социализмге” дейінгі аралықтағы тарихи процестердің баяны ұжымдық зерттеулер, арнайы монографиялар, ғылыми мақалалар, деректік топтамалар, т.б. түрінде жарық көрді. Отандық тарих ғылымының өзіндік мерзімді басылымдарын - хабаршы, жаршы тәрізді журналдарды шығарып тұру мүмкіндігіне қол жеткізді. Осылайша отандық тарих ғылымы дамып, тарихи білім толықты.

Көрсетілген кезеңде Қазақстан тарихын дәуірлеу мәселесі таптық тұрғыда бекітіліп, ол формациялық тұжырымдаманың аясына сыйдырылды. Алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленуші құрылыс, феодализм, капитализм, социализм деп аталатын бес дәуір замандарға, соңғылары кезеңдерге бөлінді. Мұндай кезеңдеменің кемшіліктері мен олқылықтары болғанымен ғылым оны берік ұстанды. Осындай дәуірлеуге байланысты қазақ тарихы ұлттық ұстанымдардан тыс азаматтық тарих тұрғысында зерттеліп, өткеннің саяси-басқару, әлеуметтік жіктелуі, бұқараның рөлі тәрізді мәселелеріне басты назар аударды.

Тарихи оқиғалар мен процестерді ұлттық тұрғыда қарастыру мүмкін болмағандықтан төл деректердің көпшілігі ғылыми айналымнан тыс қалды. Бұл бір жағынан қасақана жасалған саясат болса, екінші жағынан оның астарында халықты төл деректерінен айыру, соның нәтижесінде шынайы тарихынан жат ету пиғылы жатқан еді.

Зерттеу принциптері мен әдістерінің маркстік-лениндік методологияға бағындырылуы тарихи жағдаяттарды шынайы қарастыруға жол бермеді. Сондықтан да тарихшылар түрлі деректерді пайдаланғанымен саяси жүйеге тиімді тұжырымдар түйіндеуге мәжбүр болды. Осыған орай ғылыми тұжырымдар мен пікірлер бір арнаға тоғысып, балама көзқарастар білдіру мүмкін болмады.

Кеңестік кезеңнің жекелеген проблемаларының зерттелуі туралы айтатын болсақ, кеңес өкіметінің алғашқы аграрлық реформалары, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру, тың және тыңайған жерлерді игеру, тағы сол сияқты кейбір проблемелардың зерттелу деңгейі анықталып, бірқатар тарихнамалық зерттеулер жарияланды. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының тарихнамасын өз кезегінде тарихнамашы ғалым Г.Ф.Дахшлейгер арнайы зерттеп, елеулі еңбек жариялаған.38 Алайда зерттеуде жасалған тұжырымдардың қазіргі ғылым талаптарын қанағаттандыра алмайтындығы түсінікті. Сондықтан да отандық тарихнама ғылымы түбегейлі тарихнамалық зерттеулерге зәру. Тұтас бір кезеңді қамтитын тарихнамалық еңбектер дайындаудың әрі сол кезеңдегі тарих ғылымының дамуын анықтаудың, оны ары қарай жетілдірудегі маңызы зор. Сол себепті де ғылымда осындай проблемаларға назар аудару қажет. Ол үшін белгілі бір мәселелерді зерттеуде жаңа тарихи таным тұрғысында соны бағыттарды, тың көзқарастарды көрсету керек. Сонда ғана түрлі тұжырымдар мен пікірлерге тарихнамалық талдаужүргізу тартымды әрі ғылымды дамыту үшін ұтымды болады. Өйткені тарихнама ғылымы тарихи білімнің пайда болуы мен жинақталуына, тарихи ойдың дамуын зерттеуге, тарих ғылымының қалыптасуы мен алға жылжуына септеседі. Тарихнаманың міндеті - тарихи таным мен ойдың әртүрлі сатыларының заңдылықтарын ашу, ғылымда әлеуметтік тарихи ақиқаттың терең әрі жан-жақты көрініс табу үрдістерінің негізгі мазмұнын және әдістерін зерттеу.

Тарихнама - тарих ғылымының тарихын зерттейтін ғылым саласы. Сондықтан да ол үнемі тарихнамалық зерттеулер деген ұғыммен тығыз байланысты. Тарихнамалық зерттеулер белгілі бір дәуірде пайда болған тарихи таным бағыттарына тән және әлеуметтік функциялар атқаратын принциптердің негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар тарихнамалық зерттеулердің міндеттері тарих ғылымының даму сұраныстары мен қажеттіліктеріне байланысты айқындалады және қол жеткізілген тарихи таным мен тарихи ойдың деңгейіне, сондай - ақ зерттеу әдістеріне тікелей тәуелді болады.

Тарихнамалық зерттеулер ғылым ретіндегі жалпы мәселелермен тығыз байланысты. Тарихи танымның даму жолдарын бірізді қарастыра отыра тарихнамалық зерттеулер тарих ғылымының қозғаушы күштерінің, әртүрлі ғылыми мектептердің бағыттарының пайда болуының және ауысуының заңдылықтарын, олардың объективті шынайылықтың көрсеткіштеріне орай қалыптастырған тұжырымдамаларының, сол ғылыми ой-тұжырымдардың өз заманының қоғамдық өміріндегі, тарих ғылымын дамытудағы маңызын айқындауға мүмкіндік береді. Белгілі бір тарихи тұжырымдаманың әлеуметтік- тарихи тәжірибенің тезіне төтеп беруі туралы мәселені анықтаудың міндетін қойған тарихнамалық талдау тарихи зерттеулердің теориялық тәжірибесін қорытындылауға алып келеді. Тарихнамалық зерттеулердің тарих ғылымын дамыту үшін қажеттілігі тарихи танымның дамуы ережеге сәйкес бұрын ғылыми айналымда болған деректердің шынайылық дәрежесін сын тезінен, сонымен бірге жинақталған фактілік материалдарды жаңа ой елегінен өткізуді талап етеді. Фактілік материалдың үздіксіз өсіп отыратын өзара байланыстағы тарихи оқиғалардың буындары ретінде белгілі фактілердің тарихтың ағымында жаңа мән мен маңызға ие болғандығын байқау нәтижесінде объективті қажеттілігі арта түседі.

Осыған орай тарихнама зерттеудің мынадай негізгі аспектілерін иеленеді.

Біріншіден. Тарихи таным өзінің дамуының әрбір жаңа сатысында әлеуметтік қызмет атқарады әрі сол әлеуметтік функциялардың әртүрлі дәуірлерде жүзеге асырылуын анықтайды. Зерттеудің осы аспекті тарих ғылымы мен қазіргі кезеңнің өзара қарым-қатынастарын қарастыра отырып тарихнама тарихи танымның әлеуметтілігінің аса маңызды дерегін зерттейді, тарихи танымның тарихшының әлеуметтік позициясына тәуелділігінің қорытындысын шығарады.

Екіншіден. Теориялық-методологиялық принциптерді зерттеу әрбір тарихи ой-тұжырымның бағыттарына тән. Бұл үшін бір жағынан тарих ғылымы және екінші жағынан философия, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, теориялық жаратылыстану ғылымдары арасындағы байланыстарды ашу қажет. Алайда теориялық-методологиялық принциптерді зерттеу тарихшылардың белгілі бір мектептерінің жалпы теориялық пікірлерін жинақтап талдаумен шектелмеуі тиіс. Ол тарихи зерттеулердің теориялық-методологиялық ережелері мен тәжірибесін қолдануды талдауы қажет.

Үшіншіден. Тарихи еңбектердің деректанулық базасын, деректерді пайдаланудың сипатын, зерттеудің нақты әдістерін талдау. Тарихнаманы осы тұрғыда қарастыру зерттеудегі тарихи ойдың түрлі бағыттарына тән өзіндік әдістерін айқындауға, тарихи фактілерді орнату мен жүйелеуде әрбір ғылыми мектептің орнын анықтауға, тарихи зерттеудің методологиясының және әдістерінің өзара байланыстарын ашып көрсетуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден. Тарихи зерттеулердің проблемасын, оның дамуы мен кеңеюін талдау тарихи таным прогресінің аса маңызды көрінісін және белгілі бір тарихи дәуірдің әлеуметтік-экономикалық, саяси талаптарының көрініс табуын талдау.

Бесіншіден. Тарихи ойдың әртүрлі бағыттары және түрлі мектептер қалыптастырған ғылыми тұжырымдамаларды зерттеу. Тарихи тұжырымдамаларды талдау бір жағынан жарамсыз көзқарастардың жойылуы процесін дәйектеуге, екінші жағынан, тарих ғылымының дамуындағы сабақтастықты айқындауға, осы дамудың алдыңғы кезеңдердегі объективті шынайы нәтижелерін жаңа жағдайларда пайдалануға қолайлы мүмкіндік тудырады. Осындай негізде әртүрлі мектептер өкілдерінің тарихтың сол кезеңдеріндегі өзекті мәселелері бойынша күресі анық бейнеленеді.

Алтыншыдан. Тарих саласындағы зерттеу жұмысының түрі мен ұйымдастырылуын, оған қоса ғылыми мекемелер және мұрағаттар жүйесін, мамандар даярлау мәселелерін, баспа қызметін, тарихи тұжырымдарды пайдалану түрлерін, оларды насихаттауды зерттеу, т.б.

Тарихнамалық зерттеудің түрлі аспектілері бір-бірімен тығыз байланысты. Тек тарихнамалық материалдарды кешенді түрде зерттеу тарих ғылымы тарихының негізгі желісін және оны ғылым ретінде тұтастай көрсетуге, сондай-ақ жекелеген мәнді құбылыстарын ғылыми тұрғыда қайта жаңғыртуға жол ашады. Сонымен қатар тарихнамалық зерттеу заманауи көкейкесті мәселелерді белгілеп, оларды жаңа тарихи таным мен көзқарастар негізінде ғылым таразысынан өткізуге, тың еңбектер дайындауда жинақталған тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді. Тарихнамалық мәселелерді зерттеу қазіргі кезеңде зерттеушіден мәдениеттің жалпытарихи жоғары деңгейін, нақты тарихи материалды терең білуін, біліктілікті, сонымен қатар ғылымның методологиялық ұстанымдарын жан-жақты меңгеруін талап етеді.



Тарихнама тарихтың тарихын зерттейтін ғылым саласы ретінде өзінің алдына нақты мақсат-міндеттерді қояды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет