Зейнолла серікқалиұлы сын және жауапкершілік бірінші мақала



Дата07.04.2022
өлшемі37,15 Kb.
#30151

ЗЕЙНОЛЛА СЕРІКҚАЛИҰЛЫ

СЫН ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Бірінші мақала

Әлдебір шығарма жайлы ақтарылып отырып адал, әділ пікір алысу тек қана автордың шығыс-кіріс балансын дұрыс есептеп шығару, мақаланың төрттен үш бөлігін құптама, қолпаштау сөздермен тығындап, қалған бір бөлігінде бірлі-жарым кемшіліктер төңірегінде бейжай, қалғып отырып ақыл айту, жаназа оқу емес. Әлдебір шығарма жайлы ақтарылып отырып адал, әділ пікір алысу – өнер адамының көркем туындысы арқылы аңғарылған терең де ойлы сырын, өзіндік дара бейнесін тап басу; авторға деген жарқырап көрінген сүйіспеншілік, махаббат; оның бар арман-мұраты жүзеге асуына көмектесіп, бүкіл жан дүниеңмен шығармасының мазмұн байлығына ену; тамаша өмір жырының нәрін бойға сіңіріп, ойсанаң, ақыл құдіретіңмен жүрегің жарылғанша қуанып, салтанат құру, рахатқа бөлену; өкінішті, жасық, алдамшы бір дүние ұсынған авторға өз ортаңның наразылығы мен көңіліңнін күйінішін айқара жайып салып, ашу-ызанды бар болмысыңмен ағыңнан жарыла, ақтарылып отырып айту.

Сөз жоқ, бізде жазушының әрбір жаңа шығармасы арқылы көрінген жалпы шығыс-кіріс балансын дұрыс есептеп шығаратын сырт бітімі бүтін, біркелкі әділ төреші сындар бар. Оларда сап түзеген пікірлер негізінен дұрыс беріліп отырғанына сіздің көбіне күмәніңіз болмайды. Шығарманың жетістігі жөнінде де, кемшілігі жөнінде де айтылған. Пікір пропорциясы сақталған. Сыншы тіпті жақсы бағалап отыр делік. Тек бір ғажабы, бұл мақалалардан кейін бәрібір сіз сол мақталған кітаптарды қайткенде де оқып шығуға құмартпайсыз, қызықпайсыз. Неге?

Байыптап қарасаңыз, бұлар әдетте пікір айтушының бүкіл сезім дүниесі, көңіл күйі төгіліп берілген отты, қызулы сындар емес екен. Керісінше, әлдебір құбылысқа өз көзқарасын аса бір салқын қандылықпен сүйкей салатын қайсыбір болбыр флегматик жазғыштардың түсіндірмелеріне көбірек ұқсаңқырап тұрады екен. Сыншы өзі мақтап отырған жазушы талантының қай қырын аңғарып, қай тұрғыдан, қандай ұстаныммен табынып отыр. Сезім күйі, көңіл күйі, алған әсері қандай? Өз әдебиетінің тағдырын ойлап, күйіп-пісіп тынышсыз толғануы, позициясы мақаласының әуенінен, пафосынан аңғарыла ма? Міне, біз көбіне осындай сұрақтар қойылған кездерде амалсыз күмілжіп қала береміз.

Жасыратыны жоқ, кейде тіпті әлдекімнің бір өнерпаздық сәтті сапарына шын жүрегіңмен қуанып, сол көңіліңді басымырақ білдіріп қойсаң да, жасық, жылымшы бірдеңе ұсынып, сеніміңді алдаған авторға ренішіңді аңғартып алсаң да, бұны саған табан астында күнә ғып тарта салатын, орынсыз жазғыратын, мақтау мен даттау мөлшерін бірінен бірін асырмай, таразының басын тең ұстауға шақыратын арада көлденең төреші біреулер де табылмай қалмайды.

Кез келген ақынға айтылып жүрген: әр шумақ жырыңнан белгілі бір сәттегі бүкіл болмыс-бітімің, көңіл күйің аңғарылып, қабақ кірбіңің, жүзіңдегі нұр, көкірегіңдегі от лаулап, жалындап жатса екен деген орынды талап енді тұп тура сыншылардың өзіне де арналатын кез жетті. Бұл жерде біз әрине, ешқандай дәлелсіз бос мадақпен жер-көкке сыйғызбай, біреулердің бөркін қазандай қылып бөстіріп, керісінше, келесі біреулерін тарпа бас салып жерлеп, әдеби атмосфераның ойран топырын шығарып жүру деген тәрізді сылдыр уағызға беріліп отырмағанымыз белгілі. Дәлелсіз мадақ пен дәлелсіз жазғырудың өрісі тар.

Ақтарылып отырып, жан дүниесін айқара жайып салып пікір айтқан адам – шын сырын бүкпесіз, қалтарыссыз шерткен адам. Адал көңілін, адал пікірін айтса – ол оның әдебиетті сүйгендіктен, айрықша бір жауапкершілікті сезініп айтқаны. Әділ айтса – ол шығарманы танығандығы. Сондықтан да біз оған сенеміз, қалтқысыз сенеміз. Ал оқушысын бұлай сендірген, баурап алып, қызуымен, жалынымен орап алып сендірген сын, әрине, тегін сын болмаса керек. Сыншының айқын, берік тенденциясы, эстетикалық сезімінің жетіктігі, көркемдікті тану, түйсіну қабілеті, білім парасаты, мәдениеті, дүниеге, өмірге көзқарасы, рухани жан сұлулығы, ұстанымы оты – бәрі бәрі қаз қатар тізіліп көрініп, жазушы мен сыншының шын мәніндегі туысқандық достығы, бауырластық бірлігі басталатын жер міне, осы болар.

Бізде әдебиетіміздің жетекші бір ұйымдастырушы, демеуші күші, ұйытқысы бола аларлық әдебиет сыны бар ма? Сын жанрының қазіргі халі бізді қанағаттандыра ма, жоқ па? деген тәрізді ызыңдап құлақ тынышын алған даудың бітетін кезі келді. Республикалық жазушылар съезі мен арнаулы пленумдарында жеке жанр ретінде әлсін-әлсін сөз болып, қазіргі деңгейі, дәрежесі, мүмкіндігі, мұқтажы туралы салмақты пікір айтуға жарап қалған, талайталай сүбелі монографиялық зерттеу еңбектері мен проблемалық мақалалар жинақтары бар, кадрлар қатары барған сайын көбейіп келе жатқан бүгінгі қазақ әдебиеті сынына енді нағыз биік мұрат тұрғысынан қарап, жанжақты талап қоймасқа болмайды.

Жылма жыл Ғылым Академиясы мен Жазушылар одағы бірлесіп өткізетін ғылыми конференцияларда сын туралы тіпті арнаулы баяндамалар жасалып, сын жанрында ғылым докторлары мен кандидаттарының, маман сыншылардың қалың бір тобы үзбей еңбектеніп келе жатқанына қарамастан, пікір логикасымен, от-жалынымен баурап алып сендіретін білімді, парасатты, талантты жүректен туған адал, әділ төреші сынға мейлінше мұқтажбыз.

Ақын әйтпесе бір прозаиктің қайсыбір алақол шығармасы жөнінде сын пікір білдіріп, қайтсе, қалай жөндесе ол ұлы шығарма болып шығатындығы жайында авторға ақыл айтқанда жақсы-ақ. Бірақ кейде сол айтылған ақылдың оннан бір бөлігін сыншы өз үлесіне неге қалдырмаған деген тәрізді ерсілеу ойға тіреле беретін сәттер де болады. Сындары алақолдық төңірегінде сөйлесудің айырықша жөні бар. Біреуді шеберлікке, мәдениетке, білімді, парасатты болуға шақыра отырып, сыншы өзіне өзі бір есеп беретін кез де керек шығар. Сондықтан да, біз бүгінгі әдеби сынымыздың көркемдік жанрлық бітіміне дақ салып, сын беделін түсіретін кемшіліктер, біздегі сын атмосферасына тән кейбір көңілсіз көріністер төңірегінде өз байқағанымыз, өз байымдауымыз тұрғысынан азкем сөз қозғап, сыншылар жұртшылығына ақыл айтушы адам ретінде емес, әдебиеттің жанкүйер көп оқушысының бірі ретінде ғана пікір алысуды жөн көрдік...

* * *

Жазушы Зейін Шашкиннің «Теміртау» романы төңірегінде ойласу ретінде 1961 жылы жарияланған М.Қаратаев, Б.Сахариев, Р.Бердібаев жолдастардың мақалалары шығарманың бітімі мен оның әдебиеттегі орны турасында біздің алдымызға біраз қайшы, дүдәмал ұғым тартты әрі бүгінгі күн тақырыбына жазылған романдар жайында әділ төрелік айтуға тиіс әдеби сынымыздың қазіргі жай жапсарын танытар көп шындықтың бетін ашты.



Аға сыншы М.Қаратаев «Теміртау» романын «әдебиетімізге өз жаңалығымен келген», «барлық жөнде тың, соны туынды» (?), «бұрын ешкім қозғамаған тақырып, ешкім көтермеген мәселе, ешкім көрсетпеген геройы» (?) бар асқан үздік шығарма ретінде танып, «стиль жаңалығы», жазушының «сюжет құру шеберлігіне», «адам өмірі мен характерінің терең шындығын ашқандығына» қатты қызыққанда қандай деректерге сүйенді?

Бізді бұл жерде ойландырған жайлар романды талдап, төрелік айтқан жолдастардың тек шығарма мазмұнын қайталаған және тұтас туындыны орынсыз бөле-жара қарап, қайсыбір жерлерде тіпті дәлелсіз бір тұжырымдар ұсынған пікір қайшылығы.

М.Қаратаев «Теміртау» романын даралайтын қасиет: ең алдымен ол проблемалық туынды деп бағалайды да, үш түрлі проблеманың (уақыт, еңбек, адам) қойылысын шығарманың тамаша жетістігі деп біледі. З.Шашкин өзін толғандырған: бүгінгі металлургияның болашағын ойлайтын жаңа адамдар мінезі мен қарым-қатынасындағы қайшылықтарды, олардың отбасына, достық, жолдастыққа деген көзқарастарындағы кейбір жұмбақ шешімі оңай табылмайтын армандай ізгі сырларды романында қалай бейнелей алды, қалай шешті?

Міне, мәселенің негізгі қыры, дәлірек айтқанда, шығарманың көркемдік қасиетін, бүкіл сулулық сымбатын айқындайтын басты шарты осы болуға керек еді. Амал не, талантты сыншы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып, «Теміртау» романының төңірегінде пікір алысуға ұйтқы болған «Уақыт, еңбек, адам» дейтін мақаласында өзі проблемалық туынды деп сүйсініп отырған шығармасындағы проблемаларға нақты тоқталмай, қандайда шығарма жөнінде айтса да қателеспейтін, бүкіл әдебиетке ортақ жайларды бір романның бойына таңып, мәселеге тым жалпылама келген. Сыншы көрсеткен үш проблема: уақыт, еңбек, адам – «Теміртау» романы ғана егжей-тегжейлі шешіп берген, шығарманың бүкіл рухынан салаланып, өріліп шығып, бұл романның өзіндік табиғатын анықтайтын, белгілі бір нақты мәселелер төңірегіндегі нақты проблемалар емес, ол «Теміртау» алуандас шығармалардың бәріне дерлік таңа беруге болатын, бүкіл әдебиетке ортақ шамадан тыс кең ұғымдар.

«Кім дос, кім қас, кім ақ, кім қара, әділдік қайсы, зұлымдық қайсы, іс-әрекеттің, мақсат-мүдденің дұрысы кәні, бұрысы кәні? Мұның бәрін анықтайтын, ажырататын уақыт», – дейді М.Қаратаев. Бұл толғам көкейге қонады-ақ, бірақ мақала авторы іле-шала роман кейіпкерінің «Уақыт – тарихтың сыншы-төрешісі, өмірдің арқауы. Уақыт деген мәңгі өшпейтін жасампаз күш» дейтін тәрізді жеке-жеке диалогтарына бола, уақыт проблемасын алға қойып, шешіп беру – З.Шашкиннің әдейі таңдап алған үш міндетінің біріншісі деп есептейді де, оны жазушының бірден бір дара мақсатына айналдырып жібереді. Осы жерде сәл ғана ойлана кетейік: сыншы мысалға алып отырған, Асқар жөнінде әділдік жеңуі үшін қажет болған уақыт – М.Шолоховтың Соколовы үшін де, Чухрайдың «Ашық аспан» фильміндегі Астахов үшін де қажет болмады ма?! Дәмеш пен Қайыр махаббатының сыналып, шынығуы үшін керек уақыт «Махаббат мұңындағы» Ләззатқа да бір кезде алтындай көрген Ниязы бақыр боп шыққандығына көз жеткізуі үшін керек емес пе еді?!

Бұл шығармалар ғана емес, тіпті қай дәуірдің әдеби мұрасын алмаңыз, әрбір көркем туындының қай қайсысында да адамдар бүгін түсіне алмағанын ертең түсініп, бүгін сүйдім дегенінен кейде тіпті түңіліп, бүгін жанын суытып, шошындырған құбылысқа күндерде бір күн бас ұрып жатады.

Кез келген көркемдік құны көңіл аудармайтын әңгіме, схемалардың өзінде де оқиға ешқашан бір-бірімен жарыса өрбіп, бір секундта басталып, сол секундтың өзінде тамамдалып жатпайтыны аян. Өйткені, әрбір оқиғаның даму табиғатының өзі белгілі бір мерзімді қамтиды. Бар қарым-қатынастың байланысып, шиеленісіп, шарықтап, шешіліп жататын өз жүйесі, өтер жолы бар. Ендеше М.Қаратаев жеке проблема ретінде қозғап отырған уақыттың дәл осы мағынада алынған мәні айрықша дәлел тілемейді. Ол З.Шашкиннің проблема ретінде алға қойып, шешіп берсем деген ниетінен тыс, тіпті бүкіл еркінен тыс, өзіненөзі іштей өніп, өзінен өзі көрініп жататын аксиома.

Абай өткен жолмен бүкіл қазақ халқының жарты ғасырлық шындығын терең бейнелеп берген Әуезов эпопеясы, буржуазиялық интеллигенция өкілінің 40 жылдық өмір жолын бар шымшытырық қарама қайшылығымен біздің алдымызға жарқырата жайып салған «Клим Самгиннің өмірі», әйтпесе күллі бала-шаға, үрім-бұтағы түгел көрінген Ругон Маккарлар отбасы туралы Э.Золяның 20 томдық романдар циклі қамтитын ұзақ уақыт таразысы алынып отырса бір жөн. Өйткені, бұларда адамдар қарым қатынасының шиеленісіп, шешімін тауып жататын уақыты минуттап, сағаттап, әйтпесе айлап, апталап емес, кезең, дәуір боп келеді. Осынау көсіліп жатқан байтақ дәуірлер жеке адамдардың ғана тағдырын шешіп бермейді, бүкіл бір қоғамның, бүкіл бір формацияның өн бойындағы өсіп-өрбу, өшіп-күйреу құбылыстарын түгел қамтып, қоғам шындығының даму беталысына, бағдарына куә болады.

«Барлық мәселе барлық тағдырды шешетін, барлық характер барлық сырды ашатын уақыт»,– дейді сыншы. Барлық билік, барлық төрелікті жалаң уақыттың бір өзіне ғана артып қойып, әрине, адамдардың өздері бұл кезде қол қусырып қарап отырмайтыны хақ. Өзі араласып, қарым-қатынасқа, реакцияға түскен құбылыстардың бір жағына шығу үшін, оны дұрыс байымдап, бағалай білу үшін, өлі денелердің емес, кеудесінде жаны бар, қаны бар тірі денелердің белсенді не бейжай әрекеті көрінетін шығар. Уақыт тек осы тірі адамдар тірлігін істеу үшін, ақ пен қараны өздері тікелей араласып танып алуы үшін мүмкіндік беріп, жағдай туғызатын болар.

М.Қаратаев сөз етіп отырған мағынадағы уақыт яғни ақ пен қараны ажырату үшін арада өтетін белгілі бір уақыт (бұл тек біздің заманымыздың ғана емес, Шоқан заманының адамдарына да: кім қас, кім дос, соны ажырату үшін керек болған уақыт) – мақала әуенінде бірте-бірте, шығарма бүгінгі тақырыпқа арналғандықтан, онан бүтінгі заман, бүгінгі уақыттың тарихи мәні сезіліп тұрады деген пікірге айналады. Бүгін түсініксіз тірлікті ертең түсінесің дейтін мағыналары уақыт пен үстіміздегі уақыт яғни осы заманымыз деген мәнді аңғартатын уақыттың арасында әрине, айырма үлкен.

З.Шашкин романының бір ерекшелігін әйгілейтін қасиеті деп ара сыншы уақыт проблемасын енді осы тұрғыдан дәлелдемек болса да, бұл салада да әдебиеттің жалпы қағидаларынан аса алмаған. «Теміртау» ғана емес, тіпті қай шығарманы алмаңыз, негізінен оны әйтеуір бір кәдеге жарайтын деп танитын болсақ, онда бүгінгі адамдардың қарымқатынасы, тіршілік-қарекеті, өмірі, еңбегі сөз болып жатса, қалайша біз онан осы заман, уақыт табиғатына тән жеке-жеке белгілерді сезбей қаламыз?

Әр дәуірдің бізге жеткен мұраларының қайқайсынан да өз заманының рухы, үні, әуені аз ба, көп пе, аңғарылып-ақ тұрады. Мұнысыз, жалпы көркем шығарма бола ма екен? «Теміртау» романынан үлкен әдебиетшінің екінші – еңбек проблемасын анықтауы да оңай-ақ: шығарма тың көтерушілер, механизаторлар өмірінен жазылған ба, жоқ, әлде ел шаруашылығының басқа бір саласындағы адамдар, айталық, мақташылар өмірінен жазылған ба, металлургтар жайлы роман ба, әлде құрылысшылар әйтпесе шахтерлер жайлы роман ба, – мұның қай қайсында болмасын, шығарма негізіне ең алдымен еңбек адамдары алынбақ (әрине, кімдердің өмірі басымырақ көрінсе, сонысына қарап қана біз, онда да шартты түрде: шахтерлер, металлургтар, т.б. жайлы деп атап жүрміз). М.Қаратаев көрсеткен өлшеммен қарасақ, бұл алуандас туындылардың бәрінде де адамдар негізінен еңбек адамдары болғандықтан, олардың қарым-қатынасы бүтіндей осы байтақ «еңбек проблемасының» аясына сыйып кете бермек. Ал, сонда С.Шаймерденовтің «Инені», З.Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повестерінің проблемасын қалай белгілер ек? Мұндағы адамдардың шаруашылығы оқу болғандықтан, оқу проблемасы деу керек пе еді?

Сыншының өзін сүйсіндірген еңбек проблемасы романда қалай шешілді? деген сұраққа жауабы да тым келте: «Теміртауда» өндіріс суреттері негізінен орынды берілген деп білемін» деп бір қайырады да, бірер абзацтық үзіндімен ойын шорт түйіп тастайды. Мұнан кейін автор: «Теміртау» романының үш тағанының бірі – адам. Бұл мұндағы ең түйінді мәселе, проблеманың проблемасы дейді. Ең алдымен, жалпы адамсыз көркем туынды бола ма екен?! Ал, өзі өмір сүріп жүрген уақыты, ортасы мен өзі тыныс алатын ауасы, рухани сүйеніп, материалдық игілік табатын еңбегінен тыс еңбек адамы бола ма екен?

«Теміртау» романының төңірегіндегі пікір алысуда «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Әдебиеттің асыл мұраты» дейтін мақаласында сыншы Р.Бердібаев не айтты? Мұның әрине, біз үшін аса бір көңілсіз жағы бар. Бір мақалада өзінен бұрын сөйлеген жолдастардың қайсыбір пікірлерін оңай-ақ мақұлдай салып, бірақ өзі оны не үшін қолдап отырғанын жете дәлелдеп бере алмай, жалаң қайталап шыққан авторға амалсыз көңілің қалады.

Ол жаңағы сөз болған М.Қаратаев көрсеткендей «Теміртау» романының үш түрлі проблемалық сипатын бүтіндей, түп орнымен дұрыс деп табады, бірақ оған өзінің тікелей қатысын, не үшін осыншама, сүйсіне қорғап отырғанын нақты себептермен ашып айтпайды.

«Сыншы М.Қаратаев жолдас «Уақыт, еңбек, адам» деген көлемді мақаласында романда көтерілген проблемаларға кеңінен тоқталған», М.Қаратаевтың «Теміртауды» – проблемалық туынды деуі дұрыс», «шығарманың проблемалық қызғылықты оқиғаларының сырын замананың ақиқат шындықтарымен салыстырып ашып, сыншы дұрыс істеген», «М.Қаратаев «Теміртаудың» оқиғалық-проблемалық маңызын дәл көрсеткен», т.б. Міне, Р.Бердібаевтың бағасы осылай тізбектеліп кете береді. Ол Қаратаев пікірлеріне іркілмей сенеді де, өз ойына салмақты дәлел іздемейді. Сөз болған проблемалар көркем шығармада қалай көрінді? қалай шешілді? деген тұрғыда емес, проблемалар негізі бүгінгі күннің өзекті мәселесі болғандығы үшін яғни бүгінгі тақырып басты нысанаға алынғандығы үшін оған қосымша түсінік беріп, терең талдаудың керегі жоқ деген сықылды, сыншы барлық нәрсенің бетінен қалқып, жүре соғып, өзінен бұрынғы байырғы сүрлеумен тарта береді.

Тек бірер жерде ғана ол мынандай бір пікір аңғартқан «Романның проблемалық маңызына көп көңіл бөлген сыншы шығармадағы характерлер жасалу шеберлігіне аз аялдаған. Осыдан барып сыншының жеке образдарға берген бағасы жеткілікті дәлелденбей келте кесім, қысқа қорытындыдай әсер қалдырады. Шығарманың тартыстық, оқиғалық, уақыттық сырын ашумен қатар, образдау мәселесін эстетикалық биік талаптар мұнарасынан дәлелдегенде жөн болатын еді». Байыптап қарасаңыз, осы пікірлердің өзінде логикалық қайшылық жатыр. Характерлер жасалу шеберлігіне қатыссыз, характерлер бітімінен тыс шешілген проблема қандай проблема? Егер мақала авторы шынында да романды тек тақырыбы үшін, ондағы проблемалардың қойылысы үшін ғана дәріптеп, ал образдау мәселесін эстетикалық биік талаптар мұнарасынан дәлелдей алмаса, сонда ол мақаланың құндылығы неде екен?

Р.Бердібаев мұнан кейін әлі де болса біздің шығармаларда өндіріс суреттері, өндірістік қақтығыстар дендеп жүр деп қынжыла еске алады. Тек «Теміртау» ғана емес, «Жол үстіндегі шайқас», «Ағайынды Ершовтар», «Іздеушілер» секілді романдардың да ахуалы осындай деп ескертеді (әрине, онда да дәлелмен емес, сөзбен ғана). Бірақ іле-шала: «Егер осы шығармалардағы өндірістік-проблемалық таластарды алып тастасақ, олардың төрт дуалы қатар құлар еді. Әрине, проблемалық туындылар да керек»,– дейді (мақалада барлық сөздердің астын сызған – 3.С.)

Ал енді түсініп көріңіз! Алып тастаса орны үңірейіп тұратын, шығарманың шаңырағын ортасына түсіретін проблема басы артық проблема бола ма екен? Проблемалық туындылар да керек дейді сыншы. Сонда Р.Бердібаевтың ұғымында проблема деген құбылыс тек өндірістік таластарға ғана қатысты болғаны ма? Өндірістік қақтығыстарға құрылған проблемадан басқасы проблема емес пе?

Р.Бердібаев «болашақта суреткерлеріміз адам жанын оның интеллектін көрсетуді бірінші кезекке қоюға ұмтылулары тиіс. Әрине, қазіргі шығармаларда адам характерін ашуға көңіл бөлінбейді емес. Бірақ, қалай дегенмен де, өндіріс даулары басым баяндалып жүр» дейді. Сөйтіп, тағы да дәлелсіз «Жол үстіндегі шайқас», «Ағайынды Ершовтар», «Іздеушілер», «Теміртау» романдарының басты кейіпкерлері арасындағы тартыстарды еске алады. Бірақ іле-шала қайтадан: «аталған романдардың қызықтырғыштық қуаты да осы проблемалық мәнділігінде. Біздің айтпағымыз: жазушылар шаруашылықтың түрлі мәселелерінен гөрі адам характерін мүсіндеуге көбірек зер салуы керектігін ескерту дейді.

Біріншіден, Р. Бердібаев бұл пікірлерімен тек о бастан белгілі жайларды ғана қайталап отыр. Екіншіден, жалпы мақала авторы позициясының солқылдақтығы осы жерде тіпті оның ақыр аяғында не айтқысы келіп отырғанын түсінудің өзін де мейлінше қиындатып жіберген. Сайып келгенде, «Ағайынды Ершовтардағы» Чибисов пен Орлеанцев, «Жол үстіндегі шайқастары» Бахиров пен Вальган, «Іздеушілердегі» Лобанов пен Потапенко, «Теміртаудағы» Дәмеш пен Мүсілім араларындары тартыстарды сыншы мақтап отыр ма, даттап отыр ма, біле алмай әуре-сарсаңға түсесің.

Р.Бердібаев мұнан кейін жалпы өз фамилиясына лайықсыз, оқушының құлағына ерсілеу қабылданатын тағы да толып жатқан тым ұшқары, асығыс пікірлер айтқан. Ол бір сәт классикалық әдебиет үлгілері – Обломов, ағайынды Карамазовтар, Анна Каренина жайлы романдардан шаруашылық проблемаларын іздеп, таба алмайды да, осы аталған бейнелердің белгілі бір шаруашылық проблемасына соқпай-ақ сом жасалуын бүгінгі заман тақырыбына, еңбек адамдарының өмірінен шығарма жазатын қазіргі жазушыларға үлгі ретінде ұсынады. Бұл жерде ескерер жай: ең алдымен, жалпы шығарманың кімдер туралы, қандай орта туралы, қай заманның шындығы жайлы жазылып отырғанымен есептесу керек. Олай болмаған жерде, көбіне көп дайын формуламен сөйлеп, барлық нәрсені бір қайшымен ғана қиған жағдайда, Анна Каренинаны Л.Толстой мартен цехына алып кіріп, забойда кен қопартып, жиналыста баяндама жасаттырмағаны үшін оны бүгінгілерге үлгі тұту әбден «заңды». Ал, қазір осындай өндіріс суреті, еңбек процесі деп жүргендерімізге жауап ретінде Мұхтар Әуезов қалай деген еді: «...менің геройларым мал да бағады, мақта да өсіреді, әйтеуір шаруашылық пен мәдениет құрылыстарының бәріне араласады», «...олар балалар бағын да, облыстың жеті жылдықтағы социалистік міндеттемесін де ойлайды. Бұл адамдар – заводтардың аудандық партия комитеті, обкомдардың, халық шаруашылығы советінің қызметкерлері, тың көтерушілер», «...көбі саяси һәм қоғам қайраткерлері. Оқиға-қаракет барысында олар жиналыстарда, конференцияларда сөйлейді, шаруашылық, саяси мәселелерді шешеді» («Қазіргі роман жане оның геройы»).

М.Әуезов бұл жерде жиналыста сөйлеп, жұмыс басында көлбеңдеген кейіпкерлердің жүріс-тұрысын есепке алып отырған жоқ, қайта ол керісінше, геройларым бәріне үлгіріп, бәрін тындырып жүретін әр алуан шаруашылық салаларындағы адамдар деп отыр. Бұл – оларды еңбегінен, тіршілік тынысынан бөліп қарауға болмайды деген сөз. Кейіпкеріңді жиналыста жөндеп сөйлетіп, іс басында, еңбек үстінде жөндеп көрсете алмадың, шеберлігің жетпеді деу орнына, неге сөйлейді, неге көлбеңдей береді деп жазушыны сыңаржақ кіналайтын жолдастарға әдейі айтылғандай.

Р.Бердібаев бірде сыншы Б.Сахариевтің әрбір көлемді туындыны бүкілодақтық әдебиет аясында алып қарайық деген ниетін сөз жүзінде құптайды, ал іс жүзінде Г.Николаеваның «Жол үстіндегі шайқас» романы мен «Теміртауды» салыстыра, өзінше қайсыбір төтенше ұқсастық, қайталаушылықтарды аңғарған Сахариевтің пікірлеріне қарсы шығып, бірақ бұл ойын байсалды дәлелдермен қорғай алмай, тағы да уағыз айтып кетеді.

«Орыс әдебиеті – жеке мәселе» дейді Бердібаев. Мұнысы бүкіл әдебиетті бір бірімен байланыста алып қарайық деген ниетті құптағаны ма, әлде оған қарсы шыққаны ма? Мұнан кейін Б.Сахариевтің «Таныс тағдырлар» дейтін мақаласындағы Бликинді Базаровпен, Вальганды Мүсіліммен, Тинаны Дәмешпен салыстырулар «ғылымға сүйенген, дәлелді зерттеушілік салыстырулар» емес дейді Бердібаев. Сыншының бүкіл мақаласындағы біздің іштей мән бере қарар бірақ жеріміз осы. Б.Сахариевтің жалпы позициясын, ұстанымын, мақаласының бағытын құптағанмен, шынында да, қайсыбір субъективтік тұжырымдары төңірегінде бірден шолақ қорытынды жасамай, біраз ойлана қарауға тура келеді. Ал Р.Бердібаев болса, бұлары «зерттеушілік салыстырулар» емес деп, әбден көзі жеткендей, бірден кесіп айтып, «Теміртау» романын сыннан қорғап отыр. Олай болса, «ғылымға сүйенген, дәлелді, зерттеушілік салыстыруларды» енді дәл осы жерде оның өзінен талап етуге біздің правомыз бар ма? Бар.

Егер біз әрбір көркем шығарманы бағалауда барлық жағдайда да тек қайсыбір ұқсастық өлшемімен келсек, онда бүкіл дүниежүзі әдебиетін кейбір ортақ белгілеріне қарап бірбіріне тікелей танып қоюдан танбас едік. Боккаччо, Вальтер Скотт, Дефо, Диккенс шығармаларында өзара ұқсас жайлар қандай көп. Шекспирдің әйгілі «Ромео және Джульетта» трагедиясының өзі Маттео Банделлоның XVI ғасырда жазылған бір новелласының сюжетінен туған жоқ па?!

Олай болса, бұл жерде Б.Сахариев ұқсастық туралы тоқталғанда осы жайларды ескере отырып, байыпты дәлел, деректерге сүйене сөз еткені жөн еді. Көзге қораш, көңілге қолайсыз «нормадан» тыс ұқсастықтарды нақты ашып беруі керек еді. Ал Бердібаев болса «Теміртауды» мұндай ауыр үкімнен арашалап алуды ойлаған, ендеше «Жол үстіндегі шайқасқа» ол енді несімен ұқсамайды, белгілі бір тағдырларды сомдауда, жеке қақтығыстар, шиеленістер шешімінде Зейін Шашкиннің өзіндік жаңалығы қайсы?

Міне, осы бағытта біраз шешіле сөйлеп, бұлтартпас қарсы деректермен Б.Сахариев тұжырымдарын жоққа шығарып, сыншының тиянақты бір пікір айтар жері осы емес пе? Амал не, Р.Бердібаев «Бір сюжеттің өзін түрлі авторлар өзінше пайдалана алатындары да ежелден мәлім» деп жалпылама кетеді, аталған нақты шығармада өзара ұқсас жайлар қалай пайдаланылған? Бұл турасында ләм демейді.

«Теміртау» романы – керек роман, өйткені басқа дүниелеріміздің жетісіп жатқаны шамалы. Нағыз жан жақты көркемдік бітімі үшін бағаланар шын мәніндегі үздік үлгілер туғанға дейін қажет мұқтажымыздың орнын басатын, аз болсын, көп болсын, туған республикамыздың әйгілі бір өндіріс ошағындағы болат қорытушы жандардың өмірінен алып жазылған тұңғыш перзент тек осы ғана екен. Қазақ әдебиетінде металлургтар жайын сөз ететін, олардың еңбегі, отбасы, жолдасымен қарым-қатынасының кейбір қырларын ашатын өзге мұндай шығармаларды атай алмайтын шығармыз. Бірақ мұнан, әрине, эстетикалық ләззат алудың айырықша үлгісі ретінде «Теміртау» – орыс оқушысы да, өзге туысқан халықтар оқушысы да қызыға, құмарта оқыр, металлургтар жайлы үздік роман деген ұғым тумаса керек. Бұл ретте «Дружба народов» журналының пікіріне қосылмасқа болмайды. Біз оны үлкен тақырыпқа жасалған бір қадам, қатардағы қабақ шытпай қарсы алар барлаушы әдеби құбылыстардың бірі деп қана қараймыз.

Одақ әдебиетінен бұрыннан белгілі қайсыбір шығармалар мен қазақ авторының жаңа туындысы адам тағдыры, мінез-құлық, характер қақтығысы, сюжеттік жүйесі жақыннан кейде әуендес жатса, ағайынды Ершовтар мен Орлеанцев жақтастарының арасындағы тартыс сыпаты Ораз, Дәмештер мен Мүсілім ниеттестерінің арасындағы тартыс саңылауынан сығалап тұрса, оқушы бұл төңіректе ойланбай өтіп кете алмайды. Тірлік былығына батқан Орлеанцевтің өмірбаяны, жеке тұрмысындағы бұралаң соқпақтар мен қоғамдық қонысындағы, еңбек жолындағы белестері Мүсілімнің де маңдайына жазған.

Біз Дәмеш басындағы махаббат сырына байланысты да жазушының жаңадан таныған, жас қыздың терең сезімдік құбылысын ашқан өзіндік қалам ізін аңғара алмаймыз. Бахирев, оның отбасы, бала-шағасы мен Тина көңіл күйіндегі ауыр шындық «Теміртау» романында Ораз, Ажар, Дәмеш қарым-қатынасының көрінісімен өзектес тұр. Дәмеш пен Қайыр арасындағы жастық сезімі де мейлінше жасанды, қоғамдық мүдде мен интимдік қатынастың қайшылығы бірбіріне қиянат жасауға дейін барады. Ал ұсақ-түйек, басы артық жиын-тартыстар қаншама.

М.Қаратаев айтқандай, «барлық жөнде тың, соны туынды» дейтін пікірге байыптап үңілсек, «барлық жөнде» деген ұғымның мағынасы көп, ол тек тақырып жаңалығымен шектеліп қалмаса керек, бүкіл көркемдік бітім тұрғысынан қаралатын шығар. Егер шынында да бұл роман ешкім көрсетпеген кейіпкерлі, барлық жөнде тың, соны туынды болып шықса, оны дәлелдеу үшін бүкілодақтық әдебиет шеңберінде салыстырып алып, «Теміртаудың» өз шоқтығын көтере дәріптеу керек емес пе?! Ал іс жүзінде М.Қаратаев та, Р.Бердібаев та олай істей алмаған. Олар «Теміртау» романының жалғыз өзін бөліп қараған да, асығыс бағалай бастаған.

Әдебиет сынында әділ сөз болған біраз прозалық сәтті шығарманың авторы, әсіресе соңғы жылдары белсенді еңбек етіп, бүгінгі күн шындығына батыл қалам тартып, өнімді жазып келе жатқан қабілетті жазушы ащы да болса әрқилы оқушы пікіріне құлақ аспай кете алмас. Біз бұл жерде «Теміртау» романын бүге-шігесіне дейін талдап, авторға бір ауыр үкім айтуды мұрат тұтпаймыз. З.Шашкин шығармаларының оқушыға тартар тәуір үлгілері мен кемшілік-кемісін саралап айтар байсалды сөз келешек күннің міндеті. Біз тек сыншылдық ой-пікіріміздің кейбір қайшылықтарына ғана тоқталдық.

Ал «Теміртау» романының төңірегіндегі пікір алысуға бұлай әдейі назар аударуымыздың себебі бар. Әдетте бізде бір шығарма негізінде бір әңгіме көтеріле қалсыншы, келесі сөз кезегін алған әдебиетшілер оны кеңітіп, ары қарай дамытып әкетудің орнына өз пікірлеріне өздері шырмалып, алғашқы қазықты шыр көбелек айнала береді, пікір алысу жалпы әдебиет жайлы құлашты әңгімеге ұласпай, орта жолда құрдым-бардым бітіп тынады. Тек соңғы сөйлеген адам ғана төреші боп шыға келеді. Біздің әдебиетшілеріміздің пікір таласында соңғы сөз кезегін алып қалуға айрықша ыждағаты да осыдан.

Қай жанр туындылары болмасын әділ бағасын алуға тиіс. Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты мен Жазушылар одағы бірлесіп өткізген ғылыми конференцияда да «Теміртау» айналасындағы әрқилы пікір жайында жартымды ештеңе айтылмады. Негізгі баяндамашы М.Қаратаев та, ал сын жөніндегі баяндамашы Р.Бердібаев екен. Ортада бір Б.Сахариев бар. Қайырылып келіп қашан да болсын, олардың айналдыра беретіндері сол. Бір айтылғанды әлсін әлі қайталаудан әдебиеттану ғылымы не ұтты?

Жарық көріп жатқан жаңа шығармалардың жетістік, кемшілік жақтарын әділ аңғартып, авторына дер кезінде жанашырлық көмек беру яғни орынды жерінде дәріптеп, орынды жерінде қынжылу дегеніміз, сайып келгенде, сәтті, қажетті мүлікті қолпаштап, шалағай, тұздығы жеңіл дүниеліктерді сынау – оқушыға нені жек көріп, нені сүюді түсіндіру деген сөз. Әрбір әдебиет сынының қадір-қасиеті де ең алдымен осынау игілікті міндетті қалай жүзеге асырып келе жатыр, сонысымен бағалануға тиіс.

«Қазақ әдебиетінің» 1962 жылғы 16 наурыздағы санында әдебиетіміздің ақсақалы, халқымыз қадір тұтатын аға жазушы С.Мұқановтың «Замандас туралы аңыз» дейтін поэмасы туралы Жәнібек Мұзафаровтың мақаласы жарияланды («Замандас туралы аңыз»). Сонда не айтты деңіз: «Замандас туралы аңыз» атты өлеңмен жазылған әңгімені үлкен мақсат тудырған үлкен жеміске балаймыз және аңызды заманмен бірге тыныстап, заманмен бірге ойланып, заман үніне құлақ асудың тәуір үлгісі деп білеміз», «аңыздағы адамдар өмірі де, адамдар жаны да бай, жанжақты суреттелген».

Сөз жүзінде әрине, аспанды жерге әкеліп қондыру да қиын емес. Тек оның артында жеткілікті қуаты – бір дәлелі жатса қандай жақсы. Тыртиған арық қырық сиыр, он ат, бес бие, үш түйе, жеті соқа, екі арба, он күрек, бес балға сияқты бір кездегі көңілсіз сайман-мүліктердің орнын енді рация, «медикалық аптечка», кітап, музыкалық аспаптар, клуб, қызыл отау, т.б. Байлықтың жаңа түрлері басқандығын тізіп айтумен ақын көздеген мақсатына жете бермейтін шығар. Бір кездегі жарлы-жақыбай, жұпыны шаруалардың өміріндегі ұлы өзгеріс, адамдар жанының рухани жаңаруы, колхоз тұрмысы, ақын тізіп санап шыққан телегей-теңіз байлық поэзия тілінде қалай ойнайды?

Міне, бұл мәселенің ең негізгі саласы. Ақындық шеберлік, ақындық биік мәдениет тұрғысынан қарап, сыншы бұған жауап бере ала ма? Жоқ.

Әдеби жылды қорытындылаған ғылыми конференция сияқты беделді жиынның үстінде де, бұл жерде де, біздің бүгінгі сынымыздың үлкен бір олқылығы айқын көрінді. Негізгі баяндамашы М.Қаратаев «Замандас туралы аңызға» соқпай кетті де, ал поэма жанры жайлы арнаулы баяндама жасаған Ә.Нарымбетов өте бұлдыр сөйледі, мақтады ма, даттады ма – белгісіз, ешқандай түбегейлі сөз қозғай алмай, асығыс өтіп жүре берді.

Бір кезде, шын мәніндегі, көркем туындыларымен бір адамның емес, қыруар қауымның зор сеніміне бөленген қалам қайраткері – ақынға деген махаббат, үлкенге деген құрмет бұлай болмаса керек еді. Әдебиеттің ортақ талабы араға да, балаға да бірдей. Сынның салмағы кәріге де, жасқа да тең түсуге тиіс.

Біз С.Мұқановтың колхоз жаңашылдары жайлы жазылған «Замандас туралы аңыз» поэмасын қынжыла қабылдадық. Бүгінгі поэзияға қойылар биік талапқа жауап бере алмайтын, жеке бір өмірбаяндық мәліметтер тізбелеп айтылып, жай баяндаулармен шектеліп қалған арзанқол дүние – бәріміздің өнеге, үлгі тұтатын көрнекті ақынымыздың қаламынан тууы өкінішті-ақ.

Шыққысыз кірсең тұрағы

Адам түгіл, малдардың,

(Сыртынан да ұнады,

Сарайындай хандардың).

...Сезбейсің мұрын жиырылар

Тезектің де иісін.

...Секілді бұлар ордасы

Хандардың емес, патшаның

Немесе

Күшігінен өсірген



Болды ұялас қос итім.

Кетпейді әлі есімнен,

Сол бір, екі дос итім.

Бірі ұрғашы, бірі еркек,

Еркегін қойдық «Шыңдауыл».

Ұрғашысын кеспелтек

Атап кеттік «Қырғауыл», –

деген тәрізді жеңілтек шумақтарға толы, көркемдік бояуы солғын шығарманы біздің қайсыбір әдебиетшілеріміз жаңашылдық поэма деп бағалап жатса, оған қынжылмасқа лажың жоқ.

Республикамызға есімі белгілі Нұрмолда Алдабергеновтің әуелгі нұсқада ақын шығармасының бас кейіпкері болуы тегін емес еді. Жылдар бойы Сәбит Мұқанов өзінің талай-талай сөздері мен қаламгерлік жоспарында осы адамның өмірінен оқушыларға тамаша хикая жазып ұсынуды алдына бір мақсат тұтатынын әлсін-әлсін қайталап келген.

Уақыт өте берді. Өлеңмен жазылған әңгіменің эпилогы да бітті, ақын жаңа туындысын газет бетінде жариялаттыра бастады. Міне, дәл осы кезде біз бір күтпеген уақиғаға куә болдық. Ізгі ісіне қарай бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған аса құрметті замандасымыздың адресіне шаруашылық басқару саласында елеулі кемшіліктер жіберді деп күтпеген жерден баспасөз бетінде ауырауыр сындар айтыла бастады. Жай ғана прототип емес, шығармада өз есімі, бүкіл өмірбаяны бұлжымай сақталған бас кейіпкердің өміріндегі бұл құбылыс ақынды да ойландыруы керек еді. Амал не, іс жүзінде бұлай болмады, жазушылық, суреткерлік ұстаным сақталмай, бәрі опоңай шешіле салды. Н.Алдабергеновтың есімі Ерболат Мергенов боп өзгертілгені болмаса, өзге жартымды жаңалық енбеді, поэманың бүкіл мазмұн жүйесі, рухы бұрынғы күйінде қала берді.

Шығарма қазіргіні сыпыра тізіп тамашалап, бірыңғай бояма салтанатқа құрылған. Бұл тұрғыдан – «Замандас туралы аңыздың» өлеңді әңгіме деп аталуы да кездейсоқ емес сияқты.

Ақынның ұнатып, сүйсіне жырлап отырған жағымды кейіпкерлері несімен жақсы деген сұраққа жауап іздегенде де біз көбіне мынандай қолайсыз шумақтарға килігеміз:

Қызартқан жоқ ерінің,

Қан жалаған қаншықтай.

Бұзбаған бояп көрігін,

Саздағы жылтыр шалшықтай.

«Қыз» я «ұлы» белгісіз,

Бұйралап шашын кеспеген.

Әр талы тегенге бергісіз

Жалғанып қасы өспеген.

Оңбайтындай тырналған,

Қоймаған тырнақ сүйритіп,

Қасын да тонап қырмаған,

Қалдырып қылдай бір-бір түк.

Жалғызақ, осы «Замандас туралы аңызда» ғана емес, үстінде европалық костюмі, омырауында университет белгісі бар қайсыбір жас прозаиктер мен ақындарымыздың шығармаларында да бұл сарындас ернін бояп, шашын бұйралатқан құрбыларына тыжырына қарайтын және мұнысын бір әдептіліктің, әдеміліктің эталоны деп білетін сыпайылық «мәдениетін» көргенде жүзің өртеніп, амалсыз жер шұқылайсың.

Быть нужно дельным человеком

И думать о красе ногтей.

Зачем бесплодно спорить с веком,

Обычай – деспот меж людей.

(«Евгений Онегиннен»)

Қанатты сөзге айналып кеткен бұл жолдарды бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлы Пушкин жазған. Ернін бояп, жұпар сеуіп, жүзін опалаған адам ақынның біз үзінді алған шумақтарындағы төбе шашыңды тік тұрғызар сұмдық теңеулерге лайық емес екенін түсінер кез жеткен болу керек.

Оқушы нашар шығарманы авторының үлкен еңбегі мен беделіне қарап ешқашан кешірмейді. Жасық дүниеге қарсы пікір – ең алдымен әдебиеттің есігінен әлі қарап үлгірмеген, әдебиет үшін әзірше келер-кетер пайдасы шамалы жандарға емес, әдебиетте белгілі орны, салмағы бар, өз фамилиясын, өз қаламын құрметтейтін, өзі үшін жауап бере алатын белгілі адамдардың өзіне жалынсыз қолтумалары төңірегінде көңілге алғанды бетке айтудан басталу керек.

Оқушы алдына дайындап берген сыбағасын талғамай жұта беру дәуірінен әлдеқашан өткен. Шалыс басқан әр перненің оғаш әуені оңай-ақ байқалып қалады енді. Ендеше, 20 мен 30 жастың арасындағы сақалды «балалардан» бірер көйлек бұрын тоздырып, бірер дәптер өлеңді бұрын жазған ағаларымыз көркем шығармасы мен әдеби мақаласының қай қайсысында болмасын, өздерінің әрбір сөз, әрбір сөйлеміне жауаптырақ қарауын қалар едік.

Сын беделін көтеру – тек нақты бір туындыларды әділ бағалап, әдебиет бағытын, бет алысын дұрыс байымдай білу мен айтылып кеткен талай-талай көңілсіз жайлардан құлантаза айығу ғана емес. Сын беделін көтеру сыншылдық пікіріміздің бүгінгі дәрежесіне тән қайсыбір тұрақты ұғымдарды қайта аунатып, әдебиет жұртшылығының кеңірек толғануына түрткі болар бір ойларға мегзеу арқылы да жүзеге асырылуға тиіс.

Осы күнге дейін бізде әлі де өлеңдегі ой туралы талай-талай қым-қиғаш пікірлер айтылып жүр. Ойды образ категориясынан бөліп қараушылар көп. Біреулер оны өлең түйініне, соңғы бірер шумақ, бірер жолдарға әкеп саяды, енді біреулер барлық өлеңнен ой талап ету қисынсыз, ойсыз да шын мәніндегі поэзия болады, олар бір ғана сезімге құрылып, әйтпесе таза сурет, табиғат көрінісі боп келуі мүмкін деп таласады.

Жас өспірімдерге, бөбектерге арналған өлеңдердің кейбіреулері сөздерді ойнату арқылы тіл жаттықтыру, тіл ұштау мақсатын көздеп, педагогикалық бір тәрбие құралы ретінде рөл атқарады. Бірақ бүкіл поэзияның айқындауыш сыпаты бола алмайды. Оларды біз балалар әдебиетінің өзгешелік бір ерекшелігіне жатқызамыз да тынамыз. Ал тек қана таза суретке, таза сезімге құрылған өлеңдер болады деп түсіндіруге тырысып жан ауыртатын жолдастар артық бір қиналғаннан басқа мәнді бір нәтижеге жете қоюы екіталай. Ой, образ, сезім – біз бұларды тек ойша, абстракты түрде ғана жіктеп, бір-бірінен бөліп қарай аламыз. Ал адамның жан дүниесіне байыптап үңіліңіз, бірінсіз бірі жоқ. Сізді ойлантқан, ыза қылып, әйтпесе шалқытып, жадыратып тәтті бір көңіл күйіне бөлеген құбылыс болмайды екен, қалайша сіз толқып, тебіреніп, асып-тасып төгіліп, сезіміңізді ақтара аласыз. Ешқандай ойсыз, әсерсіз туған сезім қандай сезім?

Сіз көлкіген бұлдыр, буалдыр сағымға қарайсыз ба, жоқ, әлде күн шуағына арқаңызды тосып, маужырап отырып, Алатаудың ақ шоқтығынан құпия бір сыр аңғарасыз ба, сылдырап аққан бұлақ, жүзін жел өбіп жайқалған балқұрақ – мейлі, табиғат көрінісінен қалап қандай сурет жасамаңыз, сізді сөйлеткен, сізді және солай сөйлеуге мәжбүр еткен астыртын күш бар. Құдіретті күш. Сіз соның өміріне бас иесіз. Ол сіздің көзіңіз түскен, аңғарған, ойша тоқталған құбылысыңыздан алған әсеріңіз, қуанып, не күйініп, көңіл күйге бөленіп, ой тұңғиығына берілуіңіз.

Поэзиялық туындыдан көркемдік бейнесі жасалып отырған адамның өмірбаянын талап ететін әдебиетшілерге де жауап осы жерден өз өзінен өріліп шығады. Образ-кейіпкерлердің тарихи адамдардың өмірбаянын, бастан кешкен оқиғаларын тек баяндап шығу ғана емес, образ өмір шындығының жазушы санасында бейнеленуі. Дәлірек айтқанда, поэма жанрындағы Құрманғазы, әйтпесе Ыбырай бейнесі дегеніміз – олардың жалаң өмірбаяны емес, Х.Ерғалиевтің халық композиторы Құрманғазы туралы, Ғ.Қайырбековтің ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы терең ой-толғамы, көңіл күйі. Поэмалардан тек қара өлең ұйқасына салып алып желдіртіп бір өте шығатын жалаң сюжетті ғана талап етпей, философиялық ой-тұжырым шындығын, ақынның өзі жырлап отырған өмір құбылысына, адамдар тағдырына тікелей араласып, біте қайнасуын, өзі тарапынан өз үкімі беріліп, іштей өсіп-толысуын, төгілген көңілкүйін, төгілген тілін, музыкалық ырғағын, сазын, мелодиясын талап етуіміз тегін болмаса керек.

«Құрманғазы», «Дала қоңырауына» кезінде әр алуан сындар айтылды. Бірақ оның басым көпшілігі прозаға танылар талап-тілектің бәрін поэзияға теліп, поэзияға ақындықтың өз өлшемімен келмегендіктен туған еді.

Поэмада ма, жоқ әлде қып қысқа лирикалық жыр шумағында ма, мейлі, қайсысында болмасын, біз бір ғана ақиқатты кесіп айта аламыз: поэзияда кез келген терең, сүбелі, салмақты ой образға айнала бермеуі мүмкін (бұл шеберлік мәселесіне қатысты), ал әрбір мүсінделген образ – сөз жоқ, ой...

Ой демекші, өткен жылғы лирика туралы пікір алысу бізге біраз сыр аңғартты. Әңгіме негізінен не туралы болып отырғанына қайсыбір әдебиетшілеріміз түсіне бермеген тәрізді. Пікір алысу беташары поэзияға ойдан басқа ештеңе керек емес деп, әйтпесе поязияға нелер керек деп, мәселені бүйірінен қоймағаны аян. Сөз бізде ойсыз өлеңдердің тым көбейіп бара жатқандығына қынжылудан басталып еді. Ойламаған жерден кеңесшілер көбейіп кетті. Негізгі әңгіме желісі сақталмады. Ойпыр-ау, өлеңге керегі тек ой ғана ма екен, сезім де керек деді біреулер, шындық та керек деді екіншілері, осының бәрі де керек деді үшіншілері.

Ғылыми конференцияда жасалған баяндамасында М.Қаратаев та лирика туралы бұл айтысқа әдейі аялдап, өз пікірін білдірді. «Мен де айтар ем: рас, осының бәрі керек. Бірақ бәріміздің жете айтпаған бірақ нәрсеміз бар, ол – тіріліктің керектігі. Осы ойды дәлелдеген Белинский өлі адам мен тірі адамды салыстырғаны бар. Өліде де, тіріде де барлық мүше түгел, бірақ айырмасы – тіріде бар көз нұры, жүрек лүпілі, дене жылылығы өліде жоқ. Поэзия да сол тәрізді. Ойға да, сезімге де, шындыққа да тірлік керек». («Жұлдыз», № 5 1962)

Бір қарағанда, осы пікірді іштей құптап, қосылып отырған сияқтысыз. Бірақ іле-шала өзіңізге өзіңіз еріксіз бір тосын сұрақтар қойғыңыз келеді. Өлеңде оқушыны қатты толғантатын терең ой бар екен, төгіліп ақын сезімі берілген екен, мұндағы айтылғанның бәрі жарқырап жатқан шындық екен, ал сонда бұл өлеңде тірліктің болмауы қалай? Өлең терең ойлы болса, өз ойын оқушы алдына тартқанда ақын өз сезімін, көңіл күйін тамылжытып жеткізсе, әрі осының барлығы шындық логикасына сай, нанымды, сенімді, әсерлі берілсе деп бүгінгі поэзиямызға қатал талаппен назар аударсақ, бұл біздің сонда өлеңге тірлік керектігін айтып отырмағанымыз бола ма екен? Жалпы, өлі ой, өлі сезім, өлі шындық дегеніміз не? Өлең ойдан, сезімнен, шындықтан жұрдай дегенде, апыр-ай, осы өлеңде неге «жалаң ой, құрғақ сезім, жадағай шындық» болмады деп опынған кімді көрдіңіз?

Ойды да, сезімді де, шындықты да бұлай бұлдыратпай, мұнарлатпай, асылы, оларды өз атымен жеке-жеке тірлік компоненттері деп қарау керек. Өлеңге жан беретін, тірлік әкелетін ақын таланты, ақын шабыты дегендеріңіз де көктен түспейді, осы тірлік компоненттерінің өн бойынан, ұзын ырғасынан аңғарылатын шығар. Мен былай сезіндім, олай сезіндім деп айту бір бөлек (бұл сезім емес), өзін ойлантқан, толғантқан құбылысқа қатысты өз көңіл күйін, сезімін тебіреніп отырып жеткізіп, оқушыны да сол өз басынан кешіргендей күйге бөлеу бір бөлек. Ендеше, ақын таланты, ақын шабытының дәрежесі – осы сезім-күйінің шынайылығына тікелей байланысты болмақ..

Бұл жерде өлеңге ұйқасырғақ та керек еді деп, тармақ, бунақ санап кету жараса бермейді. Ақын өз сезімін поэзиялық прозамен беріп отыр ма, жоқ, әлде жыр жолымен беріп отыр ма? Қалай болғанда да, біз мұны шынайы сезім десек, оның жүрегінің жалынын оқып отырып, ол қалай сезінсе, біз де солай сезініп толқысақ, тебіренсек, бұл ақын сезімінің ішкі ұйқас, ырғағы, интонациясы сақталып, әсерлі, мәдениетті жеткені. Іркіс-тіркіс берілген сауатсыз жолдар, мейлі өлең болсын, мейлі проза болсын, бізді бұлай баурап, билеп әкете алмас еді. Керісінше, ол жолсыз шоқалақ жермен сүрініп-қабынып жүріп келе жатқандай ырғап-шайқап, омақастырып, зықыңды шығарар еді, жаныңа түрпідей қадалар еді.

Бұл – шын сезім тек ақын жанынан ғана туатын сезім деген сөз. Ал құрғақ сезім, жайдақ сезім дегендеріңіз сезім емес, әйтеуір сезімге сыртқы түгі ұқсас бірдеңелер. Сын беделін көтеру сын қадірін түсірмеуден басталады. Сын беделін көтеруге ең алдымен сыншылардың өздері күш салуға тиіс. Әлдебір шығармасының сәтсіздігі үшін сыналған адам қатты қиналса да, сол сыналуын сынның өзіне деген достығы, туысқандығы, әдебиет жұртшылығының өзімен бірге қиналып, бірге қынжылуы деп білетін болса яғни сөз етуге тұрарлық, үлкен әңгіме туғызуға татитын бірдеңем бар екен деп ұғатын болса қандай жақсы.

Күнделікті баспасөз беттерінен біз біреуді біреу сынап, «айыбын» бетіне басып жататын талай-талай рецензияларды көріп жүреміз. Осылардың көпшілігі негізінен дұрыс боп шығады. Нашар шығарма, нашар жинақ. Рецензент әдетте тек осыны айтумен менің міндетім бітті деп ойлайды да тынады. Бір емес, бұл сияқты пікірлердің талайына кезігеміз. Ақыры мұндай өкпе-назға да құлағымыз әбден үйреніп кеткен. Түптеп келгенде мұнымен біз әдеби ұстанымға қай тұрғыдан назар аударып, жалпы әдеби атмосферамызға тән, жұртты толғандырар қандай мәселе көтеріп отырмыз, – осы жайында ойландық па екен?!

Қазіргі сыншылдық ой-пікіріміз қай бағытта бара жатыр, қай бағытта көрінуі керек еді? Бұл турасында да кең пікір алысу керек. Кейбіреулер тек көлеңке жағымызды ғана байқап қаласыздар, ал жақсылығымызды неге көрмейсіздер деп өкпе айтады. Дұрыс айтады.

Ұлы Белинский ұлы Пушкинді, Лермонтовты тапты. Ол «Бейшара жандардан» әйгілі Достоевскийді көре білген. Писарев, Добролюбов, Чернышевский мұраларының айқындауыш сипаты да ең алдымен міне, олардың осындай жақсылық жаршысы, қамқоршысы бола алғандығында еді. Бұл біздің бүгінгі әдеби сынымызға да үлкен жауапты міндеттер жүктейді.

Әйтсе де, жазушының жақсы дүниесіне шын жүрегіңмен қуанып, махаббатыңды бар дауысыңмен паш ету, ақтарыла айтып, өз аңғарған сырыңмен өзгелерді де ортақтастыру біз үшін алынбас бір асу еместігі аян. Жақсы шығарманы көрмей отырсың, бағалауға татитын дүниені бағалай алмай жатырсың деп қазақ әдебиет сынына пәлендей өкпе арту қиын болар. Апырай, осыған обал болды-ау, сыналмауы керек еді, сыналып қойды-ау деп те көп опық жей алмаспыз. Қайта, бізге не жетпейді? Сын жетпейді. Бұл әдебиетіміздің дәл қазіргі жағдайына тікелей қатысты. Жалпы бүгінгі әдеби шындығымызды таразыға тартып көрсек, жүрегің жарылғанша қуанып, мақтанып, шалқып, шарықтап айтар нәрсе тапшылау соғып жатыр, керісінше ренжіп, ызаланып айтпасқа амалың жоқ жеңіл-желпі, жасық, аяғыңа шырмауықша оралар арзанқол бірдеңелер баспасөз бетінде өріп жүр. Мұндай кезде, сөз жоқ, сын керек. Кемшіліктің бәрін айту керек, ашына айту керек.



Талант тазалығы үшін кім қалай күресті? Кім қалай күреседі? Бұл сұраққа назар аударудың мәні бар. Белинский «Гогольге хатын» тегін жазбаған. Гоголь трагедиясын еш жазушымыздың басына бермей-ақ қойсын. Әйтсе де, оқушыны ойлантпайтын, іш пысар ұсақ-түйек дүниеліктер ұсынып, уақытыңды ұрлаған авторға көңілшектік білдіріп, орынсыз сыпайыгершілік жасаудың бітетін кезі келді ғой.

Таланттар төбесіне таяқ ойнатып, үрей тудыратын, жігерін жасытып, тырнақ астынан кір іздейтін қазымыр, ұрда жық пасық сыннан біз арылдық. Мұны әдеби өміріміздегі бір жақсы көрініс деп білуіміз керек. Барды бағалап, қолда бардың қадірін біле бастаған сындар сөз жоқ көбейіп келеді. Бірақ сол тек сылап-сипар мәймөңке емеурінге айналып кетпесе екен. Тамыр-таныстық, көңілдестік қолпаштау емес, кәдімгі шын ізгілік, биік мұрат тұрғысынан айтылған әділ сын болса екен. Жауапкершілік, адамгершілік, инабаттық жауапкершілік әдеби сынымыздың негізгі қасиеті болсын.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет