Байланысты: Қазақ әдебиеті пәнінен оқу мақсаттарына жетуге бағытталған тапсырма түрлері. Ниязбаева Д.А.
ШҚО Білім басқармасының Көкпекті ауданы бойынша білім бөлімінің "Қ.Аухадиев атындағы орта мектебі" КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Ниязбаева Динара Амангелдіқызы
Шеберлік сыныбы: Қазақ әдебиеті пәнінен оқу мақсатына жетуге бағытталған тапсырма түрлері
Армысыздар, құрметті шеберлік сыныбына қатысушылар!
Әлемде болып жатқан өзгерістер еліміздегі өзгерістердің де себепшісі болуда. Бұл ретте ол өзгерістер білім мен тәрбие беру жүйесіне де әсер етті. Республиканың жалпы білім беретін мектептерінде ұлттық білім беру жүйесінің мақсат-міндеттері жаңартылды. Оқу бағдарламасы, оқыту мақсаттары, оған бағытталған жұмыс түрлері сол өзгерістер туғызған үдеріс.
Қазақ әдебиеті пәні жасөспірімдердің қиялына қанат бітіретін, ұлттың өзіне ғана тән болмыс-бітімімен, рухани және әдеби байлығымен тәрбиелейтін пәндердің бірегейі.
Жаңартылған оқу бағдарламасына дейін біз үш мақсатты: білім беру, тәрбиелеу және дамыту деп жіктеген едік. Оқу мақсаттарының ауқымды, қолжетімсіз болғандығы белгілі. Бүгінде оқытудағы мақсаттар СМАРТ мақсатқа сай құрылып, ұсынылды. «Күтілетін нәтижеге болжам жасай отырып, соған жетудің нақты жолдарын қарастыру – барлық сабақ жоспарына тән бірыңғай талап» [1] деген еді Қ. Бітібаева. Ендеше, бір ізбен реттелген мақсаттар жүйесі арқылы құрылған тапсырмалар да оқушылардың білім деңгейлерін, дағдыларын дамытып, шығармашылық деңгейге жетуге бағытталуы қажет.
Мұғалімнің пәнге байланысты тапсырмаларды құрастыруы белгілі бір критерийлерге сүйенеді.
Жаңартылған оқу бағдарламасы пәнаралық байланыстар арқылы да оқушылардың білім-білік дағдысын қалыптастыруды көздейді. Осы орайда тапсырмалар құрылымына түрлі кестелер, мәтіндер, басқа да ақпарат көздері кіріктірілуі қажет.
Оқыту үдерісінде тапсырмаларды оқу мақсаттарына сай сыннан өткізіп, саралап беру – мұғалімнің мақсатқа жету жолының бірі. Сапалы құрылған тапсырмалар оқушының бір сабақтың ішінде алатын білім-білік дағдысының нәтижелі болуына әсер етеді. Әрине, тапсырмалар көзін оқулықтан да алуға болады, дегенмен барлық жағдайда оқулықтағы тапсырмалар оқу мақсатына сай келмей жатады. Осы ретте 9-сыныптың қазақ әдебиеті пәнінің оқу мақсаттарына сай тапсырма түрлерін ұсынамын.
9-сыныптағы оқу мақсаттарының бірі - 9.1.2.1 әдеби шығармадағы психологизмді анықтау.
Психологизм – көркем шындық пен өмірдің шынайы бейнесінің түйісер тұсы, көркем шығармадағы өмір шындығының кепілі – психология, соны жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы – психологизм -кейіпкер ойы мен іс-әрекетінің кереғарлығы, сана қақтығысынан тұратын көркемдік жүйе.
9-сыныптың оқу бағдарламасына сай, Бұқар жыраудың «Тілек» толғауындағы әдеби психологизмді анықтауда «Креативті матрица» әдісін қолдану тиімді болып шықты. Тапсырманы орындаған кезде оқушыларға Бұқар жыраудың шығармасына сай тың пікірлер айтуға жол ашылады.
Тапсырма: Бұқар жыраудың «Тілек» толғауын «Креативті матрица» арқылы талдаңыз. Әр қатардан бір нұсқаны таңдап, оларды өзара өмірде болуы мүмкін ықтималдылықпен байланыстырыңыз. Таңдауыңызды Бұқар жыраудың ойымен байланыстырып түсіндіріңіз.